Пайғамбар деген кім?
Абайдың «толық адам» іліміндегі «кәміл мұсылман», «хакім» және «әулиенің» кім екенін бұрын жазғанбыз. Енді осы сатының ең жоғары деңгейінде тұрған «пайғамбар» туралы сөз қозғамақпыз. Олардың айырмашылықтарын білудің өзі өте маңызды мәселе. Неге? Себебі, олардың адамзат қоғамындағы алатын орны мен рөлін, қадір-қасиеттерін біліп алмай Абайдың «толық адам» концепциясын түсініп, оны өмірде қолдану мүмкін емес. «Толық адам» – Абай іліміндегі рухани жаңғыру шыңы, оның нысанасы. Ендеше бұл нысананың қандай екенін анықтап біліп алуымыз керек.
Ислам қағидасы бойынша, пайғамбар – Алла тағаланың елшісі. Пайғамбарлар – Жаратушы мен адамзаттың арасын байланыстыратын хабаршылар. Пайғамбардың адамзатқа келу себебi мен мақсатын Абай былай деп түсiндiредi:
Замана, шаруа, мiнез күнде өзгердi,
Оларға кез-кезiмен нәби келдi.
(«Алланың Өзі де рас, сөзі де рас»)
Абай отыз сегiзiншi қара сөзiнде Алла тағаланың жаратқан болмысы ешбір кемшілігі жоқ үйлесімді, бұл әлемде әркімнің бақытты өмір сүруіне барлық жағдайдың барын түсіндіреді. Бiрақ уақыт өткен сайын замана (уақыт), адамдардың iс-әрекеттерi (шаруа) және олардың болмысы (мiнез) өзгерiске түсiп, қоғам өмірі бұл үйлесімділіктен ауытқыйды. Себебі – адамзат нәпсінің ықпалымен әуелгi берiлген рухани бiлiмдi ұмытып, имандылық жолын бұрмалай бастайды. Қоғамда надандық бойлап, рухани жұтаудың әсерінен адамдар азып-тозу жолына түседі. Адамзат құлдырауы тіпті бүкіл әлем өміріне қауып төндіруі мүмкін. Сондай жағдайда мейiрiмдi Жаратушы адамзатты тура жолға түсіру үшін Өзінің елшілерін жібереді, Абай сөзiмен айтқанда, «Оларға кез-кезiмен нәби келдi». Нәбилердің (пайғамбарлардың) әкелген бiлiмi – ақиқат, мiндетi – адамды имандылық жолына түсіру. Осылай жер бетіндегі өмір қайта үйлесімді қалыпқа түседі.
Әрбiр пайғамбардың әкелген бiлiмі халықтың тұрмыс жағдайы, салт-дәстүрі, санасы, тіршілік жағдайлары, тiл өзгешелiгi, тағы басқа заман мен уақыттың ерекшелiктерiне байланысты әртүрлi тiлде, немесе түрлi құлшылық жолымен берiлуі мүмкін. Бірақ олардың барлығының міндеті ұқсас – адамды имандылық жолына салу арқылы көкiрек көзiн ашып, бiр Құдайға бағыттау. Бұл – Алланы танудың мәнісі, сыртқы көрінісі. Бiрақ тағриф Алла (Алланы түсiну) мақсаты өзгермей, сол қалпында қалады. Оның себебi – күллi мақұлық өзгерсе де, Алла мәңгiлiк, Ол ешуақытта өзгермейдi. Алланы түсінудің мақсаты, яғни Оған деген сенім (иман) – Алланы танудың, яғни діннің ішкі мәні. Себебі, мәңгілікті Аллаға сенім, Оны тану – әрбір жанның негізгі ниеті мен мақсаты болып табылады. Алланы тану – жан қасиеті. Сондықтан, барлық жан иелері Жаратушыны іздеп табуға ұмтылады. Бірақ өздерінің бір Мәнді іздеп жүргендерін әркім түсініп-сезіне бермейді.
Пайғамбарлардың әкелген білімі ақиқат, жалпыға ортақ, Абсолюттi тануға бағытталған. Осылай діннің жаңа түрі пайда болады. Бiрақ уақыт ықпалы бұл ортақ бiлiмдi бөлiп, не болмаса жiктеп діннің түрлi ағымдарын тудырады. Сондықтан бүгiнгi күндерде дiн ұғымы бүкіл болмысты қамтитын Абсолюттiң белгiлi бiр көрiнiсiн ғана көрсететiн бiржақты түсiнiк болып қалды.
Пайғамбар әуелде бірден білінбей, өмірде қарапайым адам рөлін атқаруы мүмкін. Мысалы, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қырық жасқа дейiн ерекше көзге түспей, көпес ретiнде ғана өмір сүрсе, ал Иса пайғамбар жас кезiнде балташы болған. Будда мен Заратуштра патшаның отбасында дүниеге келiп, ханзаданың рөлiн атқарған. Осылай пайғамбарлар алғашқы бетте жетiлудiң әртүрлi деңгейiнде өмір сүрулері мүмкiн. Жаратушы уақыт келгенде оларды пайғамбар дәрежесiне Өзі көтередi. Олардың алғашқы рухани деңгейлері халықтың сол кездегi рухани деңгейiне сәйкес болуы мүмкiн. Болашақ пайғамбарлар сол халықтың iшiндегi ең жетiлген бөлiгiнiң арасында болады.
Кезінде пайғамбарлардың ерекшелiгiн Алла тағаланың Өзi ашады. Бұл ашылу пайғамбарларға үлкен сынақ ретінде беріліп, түрлi жолдармен болады. Пайғамбарлығы ашылғаннан кейiн олар Жаратушы көмегiмен ерекше рухани күш-қасиетке ие болып, басқаларды өзiне сендiрiп, оларды соңына ертуге мүмкіндік алады. Сөйтiп, Жаратушының жарлығын халық арасына тарата бастайды. Жаратушының ұлы жоспарын жүзеге асырудағы мiнсiз құралына айналады. Әрбір елші өзіне берілген хабарды мүлтіксіз жеткізетіні тәрізді, пайғамбар да Алла тағаланың бұйрығын мүлтіксіз орындап, Оның бергенін адамдарға мүлтіксіз дәл жеткізеді. Сондықтан пайғамбар сөзі күдік туғызбайтын ақиқат, талқылауға болмайтын тура жол. Оның сөзі – Құдай сөзі. Сондықтан, пайғамбарларды қарапайым адамдармен салыстыруға, не болмаса, керісінше, қарапайым адамдарды олармен теңеуге болмайды. Алланың елшісі рухани деңгейде, ал адамдар заттық деңгейде болғандықтан, оларды салыстырудың өзі үлкен күнә болып табылады. Пайғамбардың осындай жоғары дәрежесін түсінбегендіктен өмірде қоғам қайраткерлерін, көрнекті адамдарды пайғамбар дәрежесінде қабылдайтын жағдай кездесіп қалады. Мысалы, қазақтың белгілі билері Әйтеке би, Қазыбек би мен Төле биді тіпті Қазақстан Халық жазушыларының бірі оларды пайғамбармен теңеп, «Үш пайғамбар» атты кітап жазуы (1992 ж.) осының бір дәлелі. Әрине, жазушының мақсаты қазақтың көрнекті билерін дәріптеу болуы мүмкін. Қалай десек те, бұл келісуге келмейтін жағдай.
Халықты өзiне елiктiру үшiн пайғамбарлар кейде мистикалық (тылсым-сиқырлық) әрекеттер де көрсетедi. Мысалы, Иса пайғамбар су үстiмен жүру, суды шарапқа айналдырып жiберу, өлiнi тiрiлту, ауруларды жазу сияқты неше түрлi ғажайып қасиеттерi арқылы адамдарды таң қалдырып, соңына ерткен. Бiрақ материалдық тылсым-сиқырлық әрекеттер көрсету олардың негiзгi мiндетi емес. Олардың мiндетi – адамның ниетін Құдайға бағыттау.
Пайғамбарлардың адамзат қоғамындағы рөлi, имандылықтың маңызы туралы Қасиеттi Құранның (2.36-37, 4.135, 4.149-151, 4.162, 40.78, 10.48, 14.4) сүрелерiнде анық айтылады. Қасиеттi Құранда дiндердi, олардың қағидаларын бiр-бiрiне қарсы мақсатта пайдалануға тиым салынады.
Соңғы екi жарым мың жылдың iшiнде Мұса пайғамбармен «Таурат», Дәуiт арқылы «Забур», Иса арқылы «Iнжiл», Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы «Құран» кiтаптары түсiрiлдi. Таза ниетпен оқып, таныған адамдарға бұл қасиеттi кiтаптардың арасында айтарлықтай өзгешелiктер жоқ. Төртеуi де адамның имандылығын толықтырады. Абайдың өзі бұл туралы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде «Көп кітап келді Алладан, оның төрті, Алланы танытуға сөз айырмас» дейді.
Пайғамбарлар туралы Абай отыз сегiзiншi қара сөзiнде былай деп жазады:
Бұл үш түрлi фиғыл Құданың соңында болмақ, өзiн құл бiлiп, бұл фиғылдарға ғашық болып, тұтпақты пайғамбарлар үйреттi.
Отыз сегізінші қара сөзінде Абай үш түрлi фиғылға адамның бiлiмiн, рақымдылығын, әдiлеттiлiгiн арттыруды жатқызады. Білім, рақымдылық, әділет заңын ұстану – бұлар әлемнің үйлесімді өмірінің кепілдері. Абайша рухани жаңғыру дегенiмiз – Құдайда бар осы үш қасиеттi адамның өз бойында керегінше жетілдіруі. Бұлар жан қасиетi болғандықтан, рухани жолда ғана жетiледi. Құлшылықты тұтпақты, яғни қалай iстеудi пайғамбарлар үйреттi. Бұл үш фиғылды дамытқанда адамның жанының тазаруына мүмкiндiк туады, яғни Құдайға қайтуға жол ашылады деген сөз. Данышпанның ойы бойынша, пайғамбарлар адам өмірінің негiзгi мақсаты болып табылатын осы жолды үйретедi.
Пайғамбарлар адамды әулие дәрежесiне көтере алады. Себебi олар өздерiнiң рухани күшiмен адамның қасиетін мүлде өзгертiп, тазартады да оған әулиелiкті береді. Сондықтан пайғамбарлардың негiзгi көмекшiлерiнiң барлығы әулиелер болған. Мысал ретiнде пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаhу ғалайhи уәсәлламның сахабаларын, Иса пайғамбардың апостолдарын, Будданың архаттарын келтiруге болады. Олардың көпшілігі Құдайға таза берiлген, имандылық жолында өмірiн пида еткендер. Пайғамбарлардың әкелген бiлiмi адамзатқа осындай рухани ұстаздар арқылы тарайды.
Пайғамбарлар мен әулиелердiң айырмашылықтары бар.
Бiрiншiден, пайғамбар болу – тек қана Құдай тағаланың берген әмiрiнен, ал әулие деңгейіне жету – рухани жолмен құлшылық арқылы. Біріншісі – Құдай тағаланың әмірі болса, ал екіншісі – адамның әрекеті.
Екiншiсi, пайғамбар өз дәрежесіне Құдай тағаланың бұйрығымен жетiлудiң қай деңгейiнен болса да бiрден көтерiле алады, ал әулиеге көтерiлу үшiн адамның біртіндеп эволюциялық рухани жетiлуi және Құдай тағаланың шапағаты, сонымен бірге, әркiмнiң өзінің үлкен ынта-жiгерi де керек.
Үшiншiсi, пайғамбарлар Құдай тағаланың елшiсi болса, ал әулиелер – сол елшiлердiң түсiрген хабарын басқаларға жеткiзушiлер.
Төртiншiсi, пайғамбарлар адамзат қоғамында белгiлi бiр дiни ағымның негiзiн қалаушы, ал әулиелер болса – сол дiни ағымды нығайтып, өркендетушiлер.
Бесiншiсi, пайғамбарлар хабарды Құдай тағаланың Өзiнен алады, ал әулиелердің білім алатын негізгі көзі – қасиеттi кiтаптар және рухани ұстаздар, сонымен бірге, оларға білім жүрек арқылы да беріледі.
Міне, Абай ілімінен адамның рухани жаңғыруының осындай биігін көре аламыз.
Осы қысқаша шолудан «толық адам» сатысы бүкіл көпшілік көтерілетін дәреже емес, рухани жаңғырудың нысанасы ғана екенін көреміз. Бүгінгі біздің қоғамның рухани деңгейінде «Толық адам» идеясын оқу жүйесіне енгізуде осыны ескеру керек. Әйпесе, рухани жаңғыруымыз рухани қаңғыруға айналып кетуі әбден мүмкін. Бұл жағдайды мойындауымыз керек. Бүгінгі атеистік дәуірден қалыптасқан рухан мешеулік заманында халықты «толық адам» сатысы түгілі, имандылық деңгейге көтерудің өзі үлкен жетістік болып отыр. Имандылыққа көтерілу дегеніміз – өмірді бір үйлесімге келтіріп, қоғамды өркениеттің сара жолына салу деген сөз. Имандылық «жарым адамды» көтеріп, «адам» сатысына жеткізуге арналған. Сонан кейін ғана «кәміл мұсылман», яғни кәміл иманға жетіп, «Толық адам» сатысына көтерілуге болады. «Толық адамның» деңгейін нақты білмейтін болсақ, ертең жақсы қоғам қайраткерін «толық адам» деп атайтын боламыз. «Толық адам» мен жақсы адам бірдей емес, олардың айырмашылығы үлкен. «Толық адам» сатысына жеке адамдар болмаса, бүкіл қоғамның көтерілуі мүмкін емес. Бүкіл қоғам үшін осы ұлы идеяны қабылдап, жеке адамдарға оған көтерілуге жағдай жасауға, ең болмаса бөгет болмаудың өзі үлкен жетістік болып табылады.
Сөз соңында пайғамбарлар – жоғары әлемнен арнайы мақсатпен жiберiлген жандар екенін ескерте кетуіміз керек. Оларды қарапайым адам деп ойлаудың өзi үлкен күнә. Олар жер бетiнде қарапайым адам ретiнде өмірге келiп, өсiп-жетiлуi мүмкiн. Бiрақ олардың негiзгi мақсаты басқа, ол кейiннен бiлiнедi. Бұл деңгейге рухани жаңғыру арқылы көтерілу мүмкін емес. Пайғамбарлық тек қана Алла тағаланың құзырында. Ол – Алла тағаланың жіберген елшісі.
Осылай данышпан Абай бабамыздың адамның жетілу жолын толық бергенін көреміз. Бұл мол мұраны дұрыс түсініп, қолдана білу – қай заманда болса да біздің мақсатымыз, әрі ардақты міндетіміз болып табылады.
Пайғамбардың адамзат қоғамындағы орны, «толық адам» сатысындағы «кәміл мұсылман», «хакім» және «әулие» туралы, олардың бір-бірінен айырмашылығы мен рухани қасиеттерін жуырда жарық көрген «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты кітапта толығырақ бергенбіз.
Досым Омаров,
абайтанушы, теолог.
Abai.kz