Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Тұлға 22551 13 пікір 15 Тамыз, 2020 сағат 15:10

Қайран Шәке!..

Бір күні     

1973-жылдың маусымы. Сазгер Шәмші Қалдаяқов екеуіміз Жазушылар одағының ғимаратына кіре бергенімізде Сыр-аға, ақын Сырбай Мәуленов,  қарсы ұшырасты. Біз  жарыса сәлем бердік. Сыр-аға:

- Ұзынды-қысқалы боп екеуің қайда келе жатырсыңдар? - деп кеңкілдеп күлді.

- Сыра-аға, біз сияқты есті жігіттер мұнда талтүсте қыз-қырқын іздеуге келмейді ғой, біз одан гөрі маңызды бір шаруамен "Қазақ әдебиетіне"  келе    жатырмыз, - деді Шәмші ойнақы үнмен.

- Солай ма? Дұрыс! Айтпақшы, сен ішкенді қойғаннан кейін жақсы әнді сиреттің, шабыт шақыру үшін анда-санда қағып тастап жүрсеңші! - деді Сыр-аға, тағы кеңкілдеп күліп, қолын Шәмшінің иығына артып. Шәмші маған қарап:

- Ғаба-Ғабеке, өзім періштедей көретін Сыр-ағаның азғырғанына иліксем бе екен, илікпесем бе екен?  - деп көзін қысып қалды.

- Құрысын! Илікпе! Көнбе! Қалжыңдағаным ғой! - деп Сыр-аға Шәмшіні құшақтай алды.

(Шәмші мені «Ғаба-Ғабеке» деп атайтын.)

***

Бірде  Шәмшіге:

- Шәке,  гәзет  тілшілеріне ұқсап бір сұрайыншы, әдемі әндерді  қалай шығарасың?  Нендей  құпияң бар?  - дедім. Ол  қырылдаңқырап сылқ-сылқ күлді де:

- Ғаба-Ғабеке, бұл...  композитор дегендерің, менің бірдеңе  білуімше, білуімше емес-ау, басымнан өткеріп жүрмін ғой, егер мені бөтен біреу көше бойында көре қалса: "Мынау жігіттің есі дұрыс емес шығар, күбірлеп, ыңылдап, қолын тербелтіп барады",  деп ойлар еді. Мен ондай ештеңемді сезбеймін. Бұл әуен іздеу дегенің, бақсы жынын шақырады сияқты  бірдеңе шығар, ал  арғы  жағын  өзің  жобалай  бер, - деді.

***

Шәмші мен  Әсет Бейсеуов,  ақын Сабырхан Асанов төртеуіміз әдетімізше әзіл-қалжыңымызды жарыстырып, күлкінің түндігін желпілдетіп отырған кезіміздің бір сәтінде сөз ыңғайына қарай мен:

- Ай, данышпандар, қайсысыңа  қандай орден, медаль қажет, кәне, айта  қойыңдар!  - дедім.

- Ғаба-Ғабеке, бір тақыр кедей шал өзіндей пақыр құрдасы үйіне келе қалғанда: «Саған тайлақ сойып берсем қайтеді?» деген екен, сен соған ұқсадың, - деп Шәмші әзілге шапшаң да жүйрік екендігіне бізді тағы бір тәнді етіп күлдірді де, сылқылын тежеп: - Сол пәлелердің маған көк тиынға  керегі  жоқ, дипломсыз  да  тірі  жүрмін  ғой? - деп және күлдірді.

- Бергенін  алуға  болады,  а  што, онда  тұрған  не бар, тек өзің сұрама, - деді  Әсет, көзі алайып.

- Өзім қатарлыларға бірдеңе беріліп жатқанда «не үшін берді екен?» деп сол кезде еріксіз ойланатын иттігім бар, бірақ артынша ұмытып кетем, оллаһи, қызықпаймын, қызғанбаймын, - деді Сабырхан, қоңқақ мұрынын бір көтеріп қойып.

- Ғаба-Ғабеке, сен  ше, өзің  ше? Осы отырғанымыздың арасында атқа да, атанға да мініп жүрген сенсің, иә, сен ше? - деп Шәмші мені тақымдай қалды.

- Шәке, жаңа өзің айтқандай, мен де «сол пәлелер» үшін тумаған қазақпын. Шынында кәперіме кіріп шықпайды, сап-сары божбан Сабырханша ойланбаймын да, - дедім.

Шәмші қызыл-қоңыр тақиясын оң қолымен бірер  қозғап  қойып, жымың-жымың  етіп, маған  қуақылана қарады да:

- Менің мына жеріме, - деп омырауын сипалады, - шірегенде бес-алты орден-медаль сияды, оның өзін де асты-үстілі етіп тақсаң, ал сен үшеуіңнің омырауларыңа бір-бір-бір шелек орден еркін сияр еді, амал не, кім беріп жатыр! - деді. Сол сәтте төртеуіміздің қарқылымыздан төңірек теңселіп  кеткен шығар-ау!..

Ай, аруақтарыңнан айналарындарым-ай!..

***

Мұндағы фотосуреттің сыры былайша: бір күні Шәмші, ақын Жұмекен Нәжімеденов үшеуіміз қаланың (Алматының) Мәдениет және демалыс саябағында серуен құрып  жүрдік. Бір мезетте Шәмші тоқтай қалды да, жанымыздан қиыс өте берген бозбала қазаққа:

- Әй, інішек, тым асығыс емессің бе, бері келші! – дед». Жігіт жалт қарап тоқтап, бізге келіп сәлем берді. Шәкең мен Жұмекеңе сәл таңданыспен кезек-кезек қарады. Әрине, таныды.

Шәкең мен ұстап жүрген фотоаппаратты нұсқай сөйлеп, жігітке:

- Мына ойыншықпен әуестігің бар ма? -деді.

- Бар, - деді жігіт, сыпайы  жымиып.

- Ендеше, Ғаба-Ғабеке, бере ғой. Үшеуіміздің сурет-бейнеміз, тарихта қалмаса да, үйдегі фото-альбомызда қалсын, - деді.

- Шәкең тарихи пікір айтты, - деп Жұмекен жымыңдады.

Шәмшіні ортаға ала суретке түстік. Бейтаныс інімізге рахмет айттық.

Содан соң Жұмекен:

«Кәне, екеуіңді мен түсірейін, бойларың бірдей ғой, құшақтасып тұра қалыңдар, - деп күлкі үйірді.

Ғаббас Қабышұлы.

(14. 08. 2020 ж.)

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061