Ресейлік оппозиционер реанимацияға түсті. Ол уланған болуы мүмкін
Ресейдегі жемқорлықпен күрес қорының жетекшісі, оппозициялық саясаткер Алексей Навальный ессіз күйде Омбыдағы ауруханалардың біріне жеткізілді. Бұл туралы қордың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда бейсенбі күні таңертең Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан Навальныйдың жағдайы ұшақта нашарлаған. Осыған байланысты ұшақ шұғыл түрде Омбыға қонған, сол жерде оппозициялық саясаткерге жедел жәрдем көлігі шақыртылған.
Навальныйдың жанында болған Ярмыштың айтуынша, дәрігерлер оның улануы мүмкін екенін айтқан. Ярмыштың сөзіне қарағанда Навальный таңертеңнен бері шәйден басқа ешнәрсе ішпеген, сондықтан егер қастандық жасалса, әлдекімдер оның "шәйіне бірнәрсе қосып берген болуы мүмкін".
Baza басылымының хабарлауынша, қазір саясаткер токсикологиялық реанимация бөлімінде жатыр. Әлі есін жимаған. Дәрігерлер оны жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Дәрігерлер оның неден уланғанын әзірге нақты айта алмай отыр.
"Тайга.инфо" сайтының хабарлауынша, Навальный бірнеше күн Сібірде болған. Ол жақта жемқорлықпен күрес бюросының жетекшісі кезекті зерттеуіне материал жинаған болуы мүмкін. Ол әуелі Новосибирскіге аялдап, еріктілермен кездескен. Сол жақтан Томскіге ұшқан.
Былтыр шілде айында да рұқсат етілмеген акцияға қатысты деп айыпталып Мәскеудегі тергеу изоляторында қамалып жатқан кезде Навальный улану белгілері бойынша ауруханаға түскен еді. Ертесінде оны ауруханадан шығарған дәрігерлер оның ағзасында "улайтын заттар табылмады" деп айтқан. Ресми мәлімет бойынша, саясаткерде аллергия ұстамасы болған.
Ал Навальныйдың өзі ештеңеге аллергиясы жоқ екенін, оны уландыруы мүмкін екенін топшылаған. Ол тергеу комитетіне арыз түсіргенмен тексеру жұмыстары жүргізілмеді.
Abai.kz