Сайлау Байбосын. Осы жұрт Ғылманиды біле ме екен?
ХХ ғасырда жасап өткен ұлт зиялыларының ішінде өзінің лайықты бағасын алып, халыққа бар бітім-болмысымен таныла алмай келе жатқан тұлғалардың бірі-Сәдуақас (Сәкен) халфе Ғылмани. Оның кім болғанын аз сөзбен түйіндеп айтар болсақ: Қазақстан мұсылмандары қазиатының қазиы (1952-1972), ғұлама дінтанушы, қоғам қайраткері, ақын, ағартушы-күрескер, аудармашы, фольклоршы. Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының алқа мүшесі болған, «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, Ел аузынан жиған-тергендер» (би-шешендер сөзі) жинағын даярлаған. Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен уағыздарды да әзірлеген. Әйгілі шығыс дастаны «Кәлилә мен Димнаны» қазашаға аударған. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен әл-Фараби шығармаларын тікелей араб тілінен қазақшаға аударуға атсалысқан. Олжабай Нұралыұлы екеуі Л.Толстойдың «Адамның ақыл парасаты» атты еңбегін өлеңмен аударған. Ең батысы,110 мыңға жуық сөзден тұратын арабша-қазақша түсіндірме сөздік құраған. Өкінішке орай, өзінің жерлестері мен жақын танитын қайсыбір адамдар және дінге қатысты орта болмаса, былайғы жұрт Сәкен Ғылманиды біле бермейді.
ХХ ғасырда жасап өткен ұлт зиялыларының ішінде өзінің лайықты бағасын алып, халыққа бар бітім-болмысымен таныла алмай келе жатқан тұлғалардың бірі-Сәдуақас (Сәкен) халфе Ғылмани. Оның кім болғанын аз сөзбен түйіндеп айтар болсақ: Қазақстан мұсылмандары қазиатының қазиы (1952-1972), ғұлама дінтанушы, қоғам қайраткері, ақын, ағартушы-күрескер, аудармашы, фольклоршы. Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының алқа мүшесі болған, «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, Ел аузынан жиған-тергендер» (би-шешендер сөзі) жинағын даярлаған. Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен уағыздарды да әзірлеген. Әйгілі шығыс дастаны «Кәлилә мен Димнаны» қазашаға аударған. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен әл-Фараби шығармаларын тікелей араб тілінен қазақшаға аударуға атсалысқан. Олжабай Нұралыұлы екеуі Л.Толстойдың «Адамның ақыл парасаты» атты еңбегін өлеңмен аударған. Ең батысы,110 мыңға жуық сөзден тұратын арабша-қазақша түсіндірме сөздік құраған. Өкінішке орай, өзінің жерлестері мен жақын танитын қайсыбір адамдар және дінге қатысты орта болмаса, былайғы жұрт Сәкен Ғылманиды біле бермейді. Оның себебі, шығырмалары кеңес уағында әдеби айналымға түсіп, ақын ретінде танылған кісі емес.Өлеңдерінен басқа, діни тақырыпқа жазған тәрбиелік-танымдық еңбектері, аудармалары мен арабша-қазақша сөздігінің өзін жарыққа шығара алмаған. Екіншіден, ол уақытта мешіт төңірегіндегі адамдарға біз тек діни уағыз айтып, аят оқитын молла деп қана қарағанымыз тағы бар.
Сәкен Ғылмани жоғарыда айтқанымыздай, тек ислам ілімі мен сара сөздің ғана көрнекті өкілі емес, сондай-ақ, «замана күйісінен жаңылған» аласапыранды уақытты көзімен көріп, топас саясаттың тоқпағын жеп, трагедиясын басынан бір кісідей кешіп, «соқтықпалы соқпақтан» өткен тұлға.
Осы арада бірер ауыз сөзбен Сәкен халфенің қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсек. Ол кісі1900 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданының Малтабар ауылында туыпты. Арғы аталары башқұрт елінен Арқа жеріне келген діндарлар екен, кейін Ереймендегі қанжығалы ішіне «естек» деген бір ата боп біржола сіңісіп кеткен. Бұл жөнінде халфе өзі:
«Бабамыз башқұрт ұру, түрік заты,
Еуропалық Бұлғаның дәмін татты.
Гүберне Самар деген-зор бір шаһар,
Үйезге қарайтұғын Бүгілме атты.
Ауылды Деніс деген мекен етіп,
Тағдырдың басқа жазған бәрін күтіп.
Ғази атты атадан тарап өскен,
Сегіз туыс қатардан бәрі ержетіп.
Сол сегіздің біреуі біздің баба,
Шашқан ырызық тергізіп Хақ тағала.
Сарыарқаға дәм айдап кеткен шығар,
Тағдырдың айдауына бар ма шара?
Башқұрт, ноғай, түрік пен қазақ туыс,
Тарих жүзін көргенге-бәрі әшкәрә.
Бәрі ағайын, бірін де бөтендік жоқ,
Жаралан бір зат емес жеке дара»,-деп өзінің арғы түбі Бұлға (Волга) бойынан, Самара шаһары жағынан екенін білдіреді. Ғази деп отырған арғы бір аталары Уфада мүфти болған екен дейді кейбір жазбаларда.
Тағдырдың айдауымен Ереймен жеріне келген Сәкеннің үшінші атасы Мұхамедияр ел ішінде Сарымолла атанып, үйлі-баранды болып, кейінен Ерейментау өңіріннің «указной молласы» атанып, сол елдің бір сыйлы адамына айналады. Сарымолладан Ахмет, Сәлмен, Рүстем атты үш ұл дүниеге келіп, оның Сәлменінен-Ғылман, Шапақ, Рахметолла атты үш бала тағы туады. Осы Ғылман-Сәкен халфенің әкесі. Бір айта кетерлігі, қазір Сәдуақас Ғылмани деп жазылып жүргенімен, Омбыдан бері қарайғы ел іші бұл кісіні Сәкен халфе деп біледі, Өзінің есімі жайлы халфе 1970 жылдары бір фотосуреттің сыртына мынадай өлең жолдарын жазған екен:
«Мен қария-сексен асқан ақын Сәкен,
Еркелетіп атапты солай әкем.
Шын атым азан айтқан-Сағирақадыр,
Мекенім Ерейментау өсіп-жеткен»-дейді. Осыған қарап бұл кісінің шын есімі Сағирақадыр болып, ата-анасы, ел іші еркелетіп Сәкен деп кеткен-ау деп түйдік.
«Ештен-кеш жақсы» дегендей, осы Сәкен Ғылмани секілді ескерусіз қалған ерен тұлғаға кейінгі 4-5 жылда тарихшылар мен дінтанушылардың, әдебиетшілердің назары шындап ауа бастағанын қуана байқап жүрміз. 2005 жылы арабтанушы Мұхит Салқынбайдың жетекшілігімен Ғылманидың арабша-қазақша сөздігінің бір томы кітап болып жарық көрді. Былтырғы жылы белгілі алаштанушы ғалым, «Алаш» мәдени және рухани даму институтының директоры Дихан Қамзебекұлы Сәкен Ғылманидың соңында қалған поэзиялық мұрасын жиыстырып, алғы сөз жазып, кітап етіп шығарды. Осы шаруаның барлығы «ғалымның хаты өлмейтіндігінің» іс жүзіндегі дәлелі және «ғылманитанудағы» алғашқы қадамдар десе де болады. Жоғарыда атқарылған шаруалардан басқа, өткен қараша айының соңында Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да Сәкен Ғылманидың шығармашылық мұрасын жан-жақты зерделеуге бағытталған «Тұлға және ғұлама құбылысы: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыппен ғылыми конференция ұйымдастырылғанын да айта кеткіміз келеді. Аталмыш басқосуда сөйлеген белгілі ғалымдар Серік Негимов, Тұрсын Жұртбаев және Еуразия университетінің дінтанушы, мәдениеттанушы ғалымдары С.Төлеубаева, О.Темірбеков, К.Тышқан, Е.Шоқаевтар Ғылмани еңбектерінің бүгінгі діни адасушылық уақытта аса қажеттігін, оның түп-тамыры дала төсінде ондаған ғасыр бұрын орнаған ислам негіздерінен бастау алатынын, ал ол құрастырған арабша-қазақша сөздіктің жалпы ұлттық ғылымға қосылған құнды дүние екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп әңгімеледі.
Бір таңқаларлығы, Сәкен Ғылманұлы әрідегі Троицк мен Уфаға, тіпті іргедегі Қызылжарға немесе мына жақтағы Бұқарай-Шәріпке барып, үлкен діни білім алған кісі емес. Бар болғаны, Ерейментаудың Тойғанкөліндегі Ақтамақ халфе Ғосманұлы деген адам ашқан діни медреседе 6-7 жыл ғана оқыған. Бірақ туа-бітті табиғи дарыны иесі, зердесі зерек бұл адамның көзі жұмылғанша бір академияның жасайтын жұмысына пара-пар іс атқарған ғұламалығы мен қажыр-қайратына таңдай қақпасқа амалың жоқ. Бұл жөнінде Ерейментаудың тумасы, Сәкеннің өз замандасы Ақтан халфе деген кісінің: «Біз ғылымның есігін қос қолымызбен итеріп ашсақ, ол есік Сәкеннің алдынан өзі ашылатын»-деген сөзінен Ғылманидың табиғи дарынды, аса алғыр, көкірек көзі ашық адам екенін байқауға болады.
Медіреседен соң ел ішінде моллалық құрып, бала оқытып жүрген (мүмкін үлкен оқуға бармаққа қаржы жинағысы келді ме) жас Сәкен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне килігеді. Жазалаушы әскердің ел-жұртты қалай қан-жоса еткенінің куәсі болады. Бұдан соң іле-шала төңкеріс келіп, дала төсінде алмағайып күндер орнап, ақ қашып, қызыл қуған заман орнайды. Тағы да жазықсыз төгілген қан, тағы да шулаған ел, даланы шаңдатқан қарулы әскер. Қырғынға ұшыраған қалың елдің ішінде патша солдаттары атып өлтірген Сәкеннің өз ағасы Мұқан да бар еді. Бұл кезде оның ұстазы, әрі ақылшысы Ақтамақ халфеге ел ішіндегі есерлердің қолы тиіп, біржола Ақмолаға қоныс аударып кетеді. Осы аласапыранның аяғы 1928 жылғы кәмпескеге ұласып, оның соңы ел ішіндегі қожа-молла атанған адамдарды аяусыз қуғындауға жалғасады. Соның бірі-бұл кезде үйлі-баранды болған Сәкен Ғылмани еді. Амалсыздан бас сауғалап елден кетеді. Осы бір қасіретті күндер жайлы Сәкен Ғылманидың қызы, бүгінде 90-нан асып отырған Үкіжан апа былай деп әңгімелейді: «...Қысым күшейген соң, мешіт-медірессенің есігін жіппен байлап, үйімізден түк зат алмай, 1931 жылы 9 адам болып екі атпен ғана шыққанбыз. Ақмола қаласына келген күні екінті намазында әкемді ұстап алып кетті. Тамағымызға дейін тартып алды. Сол жереде 5 адамымыз аштан өлді. Анам да ісіп-кеуіп қайтты. Әкем 57 күн түрмеге қамалып қаллды. Анам марқұмды орыс зиратының жанына көмдік «ең болмаса балалары аман қалсын» деп бізді Жаңарқадағы туыстарымыз алып кетті. Әкем түрмеге түскенде қасында Мусимов Әбдікерім деген азамат болыпты. Сол қайтыс болғанда, Алланың әмірімен әкемнің бес уақыт намаз оқитынын біліп, иманы оянған түрме күзетшілері оны қайтыс болған кісінің құжатымен босатып жіберіпті. Мен ұзақ уақыт Әбдікерімқызы Мусимова болып жүрдім. Әкем де сол атпен елден қиырда жасырынып тірлік кешіпті».
Омбы жағына барып, бөтен біреудің есімімен бой тасалап жүрген Сәкен бірер жылдан соң ел іші тынышталды-ау деген кезде Ерейментауға қайта оралып, Еңбек деген ауылда ұсталық етіп жүрсе керек. Бірақ бұл да ұзаққа бармайды. Бір түні жанашыр біреу келіп: «Шамаң келсе қазір кет, әйтпесе құрисың» деген суық хабар жеткізеді. Тағы да түнделете жаяулап Омбыға тартады. Осындай аласапыранды тірлік 1946 жылға дейін созылған екен.
Кеңес өкіметі 1943 жылы исламға қабағы сәл жібіп, Ташкентте Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасын ашуға рхсат бергенін білеміз. Әрине, дінге бүйрегі бұрғандықтан емес, бұның артында үлкен саясат тұрған еді. Сәкен де 1946 жылы осы жақтан жылы хабар барғасын Омбыдан елге оралып, Ақмола мешітінің имамы болып орналасады. (Бұл қазіргі Астанадағы өзінің атындағы мешіт). 1952 жылы Қазақстан мұсылмандарының Бас қазиы, яғни аталмыш діни басқарманың біздің республикадағы өкілі болып тағайындалып, Алматыға қоныс аударады.
Заманның қиын-қыстау шағында соңына шам алып түскен ОГПУ тыңшыларынан бой тасалай жүріп, қағазы мен қаламын қолынан тастамаған Сәкен қандай қасіретті кезеңде де мойымай, кез келген сәтті өлең етіп қағаз бетіне түсіріп отырған. Бүгінде Сәкен Ғылманұлының өлеңдерін оқи отырып, оның өзінің өмір жолынан ғана емес, жалпы сол уақыттағы қоғамның тыныс-тірлігінен де талай мағлұматтар алуға болады.
Естуімізше «Кәлилә мен Димна» дастанын арабтанушы Мұхит Салқынбай Ғылым академиясының қорынан тапқан көрінеді. Бұдан басқа Сәкен халфе ислам дініне қатысты 42 кітіпша дайындап, өзге еңбектерімен бірге Ғылым академиясына тапсырған екен. Басқа да дүниелері өзінің іздеушісін күтіп жатқаны белгілі.
Ғылманидың ірі еңбегі-110 мыңға жуық сөзден тұратын арабша-қазақша сөздігі. Кезінде сан босағаны тоздырып, жарыққа шығара алмаған осы мұрасының бір парасы 2005 жылы бір том болып басылып шықты дедік. Еуразия университетінің кафедра меңгерушісі Самал Төлеубаеваның айтуынша баға жетпес бұл еңбек толықтай оқырмандар қолына тиуі керек. Сәкен араб сөздерін тек аударып қана қоймай, оның қалай оқылып, қалай пайдалану тәсілдерін көрсетіп, әдістемесіне дейін жазып кетіпті. Бұл оның араб грамматикасын жетік білгендігінің айғағы. Осы жөнінде халфенің тағы бір қызы Әминә апайымыз: «Әкем 1946-1966 жылдары бірыңғай сөздік жасауға отырды. Бұл-инемен құдық қазғандай еді. Қайтқанша соны түзетумен болды, тіпті каракасын қойып отырғанда дүниеден озды»,-дейді.
Ғалымның басқа да еңбектері жайлы Дихан Қамзебекұлы жоғарыда аталған кітаптың алғы сөзінде былай депті: (Дерек көздерінде «С.Ғылманидың «Діни педагогика» атты оқулық жазып, Махмұт Шалтуттың «Бейбітшілік пен соғыста» еңбегін және «Діни ғибраттар туралы түрлі мемлекеттерде шыққан заңдар» сынды құжаттарды аударғаны, сондай-ақ «Париж қаласынан сұрақтар» деп аталатын теологиялық дүние әзірлегенін айтылады. Әлбетте, жүйесімен іздестірілсе, ағартушының басқа да жазғандары табылуға тиіс».
Белгілі ғалым Ақжан Машани кезінде әл-Фарабидың қазақ жерінен шыққан ғұлама екенін дәлелдемекке кіріскенде, бүткіл Қазақстанда арабшадан аударатын адам табылмай, Сәкен халфеге жүгініп, ол «екінші ұстаздың» қажет болған еңбектерін қазақшалап, өлшеусіз еңбек сіңіргенін көп адам біле бермейді. Осыдан соң Машани Сәкенді «ғылыми жетекшім» деп атаған екен.
Сәкен халфе сонымен қатар ислам дінінің үлкен теоретигі болғанын айта кеткеніміз жөн. Олай дейтініміз, ол сол заманда-ақ уахабизм, салафизм секілді біздің дәстүрлі исламға жат ағымдардың жақсылық әкелмейтінін айтқан тұңғыш адамдардың бірі. 1943 жылы Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасы ашылып, оған Зияуиддин Бабаханов деген адам мүфти болыптағайындалады. Осы Бабаханов негізгі діни идеологиясы салафизм болып табылатын Сауд Арабиясында алған біліміне сүйеніп, Орта Азия елдерінде салафилік тұрғыдағы «таза ислам» орнатпаққа күш салады. Міне, осы кезде сол басқарманың Қазақстандағы өкілі, яғни қазиы және алқа мүшесі бола тұра, Сәкен Ғылмани бұған барынша қарсы болып, уахабшылар идеясын теріске шығаратын Мухаммад Махлуф деген кісінің «Құран сөздерінің мағыналарына жасалған ашықтама» атты еңбегін аударып, салафизмнің негізін салушы Ахмад ибн Таимия бағытының қате екенін көрсететін 21 түрлі дәлел келтіріпті.
Түйіндеп айтар болсақ, есімі жалпы жамағатқа жаңа ғана белгілі болып жатқан Сәдуақас (Сәкен) Ғылмани сынды тұлғаға бағыштап айтылатын пікірлер де, берілетін баға да және мол мұрасының халық игілігіне айналар күні де алда демекпіз.
«Абай-ақпарат»