Нұртай СӘБИЛЬЯНОВ: МЕНІҢ СОТТАЛМАУЫМНЫҢ СЕБЕБІ, КЕШІГІП ҚОЛҒА ТҮСУІМ
- Депутат болғаныңыз бір басқа, кәсіпкер ретінде де есіміңіз белгілі. Осылардан бұрын ел сізді желтоқсаншы ретінде таниды. КГБ-ның кадрын қарасақ, арасында мегафон ұстап жүресіз. Сол кезде таспаға түскендердің дені аяусыз жазаланып, 5-6 жылды арқалап кете барды. Осындай зобалаңнан қалай аман қалдыңыз? Кім арашалап қалды?
- Депутат болғаныңыз бір басқа, кәсіпкер ретінде де есіміңіз белгілі. Осылардан бұрын ел сізді желтоқсаншы ретінде таниды. КГБ-ның кадрын қарасақ, арасында мегафон ұстап жүресіз. Сол кезде таспаға түскендердің дені аяусыз жазаланып, 5-6 жылды арқалап кете барды. Осындай зобалаңнан қалай аман қалдыңыз? Кім арашалап қалды?
- 1986 жылы Орталық Комитеттің шешіміне наразылығымызды білдіріп, алаңға шықтық. Ойымызды, пікірімізді айттық, күрестік, тірестік. Ұлттық мүддемізді көздеп, намысымызды аяққа таптатпауға тырыстық. Сол кездегі қазақ жастары өзінің рухы мықты екендігін көрсете білді. Көтеріліс кезінде қасымда жүрген азаматтар маған мегафонды беріп, төбелеріне көтеріп алды. Ешкімнен жасқанбай: «Осы алаңнан кетпейік, Орталық Комитеттің шешімімен біз келіспейміз. Басшы болар азамат халық арасында да бар» - деген өз ойымды ашық түрде айттым. Жігіттер мені көтеріп тұрғанда таспаға түскен болуым керек. Басқа да азаматтар сол күні жол-жөнекей, көшеден, алаңнан ұсталып кете барды. Ұсталғаннан кейін жазалау сойқаны басталды. Ұсталғандарға қаулы шығарып, түрмеге жауып, ісін сотқа жолдап жатты. Мен секілді алаңда кадрға түсіп қалып, оны фотосурет қылып шығарған соң, желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарды іздеу кезінде ЖОО-ға, зауыт-фабрикаларға жіберіп жатты. Сол кезде КГБ: «Суреттердің ішінен студенттеріңіз бен жұмысшыларыңыз болса көрсетулеріңізді талап етеміз», - десті. Желтоқсанның ызғары әлі басылмаған, ақпан айы болатын. Бұл уақытқа дейін мені ұстай алған жоқ. Бар болғаны, кадрдағы фотосуретпен тауып алды. Менің сотталмауымның басты себебі, кешігіп қолға түсуім болып отыр. Кейбір азаматтар «Ол кадрға түссе, неге жазаланбады?» деп жатады. Заңды сұрақ. Мені тауып алғаннан кейін 6-7 ай тергеумен болды. Іс-әрекетімнен қылмыс таппаған болуы керек, әлде істі ары қарай апара алмаған шығар. Қалай болғанда да ол кездегі жағдай басқа, саяси ахуал бөлек еді. Сондықтан менің халық алдында арым таза деп ойлаймын. Егер мен басқа іс-әрекетке барып, дұрыс сөйлемеген болсам, қасымда жүрген студенттер, курстастарым содан бергі уақытта маған қатысты жағымсыз әңгімелердің шетін шығарар еді. Сол кездері сабақ берген оқытушылар маған барынша көмектесіп бақты. Мысалы, Ұлан Сағынышұлы деген «Советтік құқық» пәнінен беретін азамат (Қазір судья болып жұмыс істейді - авт.) оңаша шақырып алып, жасырын түрде тергеуге дайындады. Бұрын тергеуші болып істеген кісі ғой, қандай шара қолданатынын, не деп жауап беру керектігін жіті түсіндірді. Деканымыз Кәкім Дүйсенбаев қолынан келгенше қорғап қалды. Солай бола тұра, маған қарсы студенттер атынан түрлі хаттар ұйымдастырыла бастады. Маған қарсы жазылған пікірлер болды. Тергеу кезінде көтеріліске қатысқан көптеген студенттердің тізімін көрсетті. Мен болсам, «бірде-біреуін танымаймын» дегеннен басқа ләм-мим деп жақ ашпадым. Тек өз ісіме жауап беріп, артық әңгіме айтқаным жоқ. көптеген жастар көтеріліс болғанда ұсталып, темір тордың арғы жағына тоғытылды. Алаңдағы барлық адамды соттау мүмкін емес еді. 15 мың адам көшеге шыққан болса, соның 99-ы ғана сотталды. Қалғандары әкімшілік жауаппен шектелді.
- Желтоқсан оқиғасына қатысты ұйымдар жетіп артылады. Сондай бірлестіктер неге бірікпейді?
- Желтоқсанға қатысты ұйымдар қарасы өте көп шынында. Солардың басы біріккені дұрыс еді. Неге көп десеңіз, әрқайсысының өз пікірлері бар. Қосылуға ешқайсының ниеті жоқ. Бірі «біз сотталғанбыз» десе, енді бірі «анау неге сотталмады?. Себебі, қатысқан жоқ» деген секілді ой-пікір білдіруі мүмкін. Мені осы жағынан кінәлайтын азаматтар да бар. Бірақ қандай жағдайда да оның барлығы құжатпен дәлелденуі керек. Тағы біреуі «мен ортасында жүрдім. Маған жағдай жасасын» дегенді алға тартады. Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар тек желтоқсан айы жақындағанда ғана емес, жыл бойы жұмыс жүргізуіміз керек. Біз бәрін үндеуден бастаймыз. Әрқайсысының әрекеті үндеуге қол қоюмен шектеліп жатыр. Желтоқсанға қатысқан әр азамат бір-бірімізге кінә таққанша, бірігіп, заңды мәртебесін айғақтайтын Заң жобасын қабылдауға атсалысуыға тиіспіз.
- Қазір еліміз саяси науқанның алдында тұр. Сайлаудан кейін Парламент кемінде екі партиялы болса, қандай өзгеріс әкелуі мүмкін?
-Парламентте популизм, өзін көрсету, БАҚ алдында сөйлеп тұрып, жұмыс тобына келмей жататын жайттар жиі болады. Болашақта осындай жайттарды болдырмауымыз керек. Көппартиялы болу арқылы ой-пікірлер, көтерілер мәселелер, айтылар ойлар ашық болады. Өйткені әрқайсысының алға қойған мақсаты, сайлауалды бағдарламасы бар. Сол көлемде халыққа қызмет көрсетуге атсалысады. Осы жерде пікір қарама-қайшылығы тууы мүмкін. Мұндайда тек береке-бірлік қажет. Айналып келгенде, жұмыстың бәрі заң шығару процесін жетілдіруге, жандандыруға арналса дұрыс болар еді. Депутаттар бір-бірімен айтысып, түрлі ұсыныс жасауы мүмкін. Бірақ соның барлығы, сайып келгенде, дауыс берумен шешіледі.
- «Нұр Отанға» бірден-бір бәсекелес партия «Ақ жол» дейтін болдық. Ал «Ақ жолды» ауызға алсақ, құрамындағылардың дені қалталылар. «Нұр Отандағылардың» да қалтасы жұқа емес екенін айта кетуіміз керек. Депутат болу үшін қалтаның қалың болуы міндетті ме?
- Халық қалаулысы болу үшін білім, тәжірибе, халықпен жақын жұмыс істей білу керек. Депутатқа қойылар талап осы. Кейбір депутаттар бұрын кәсіпкерлікпен айналысып, басқа салада қызметте болған шығар. Ақшасы мол болып, соны көрсеткісі келуі мүмкін. Алайда Парламентке өткеннен кейін барлығының бағасы бірдей. Мәжіліс ой мен пікір, ұсыныс жасай алатын деңгейді талап етеді. Мойындаймын, бізде түрлі азаматтар бар. Әрқайсының қоғамда өзіндік орны болған соң, әр партия тізіміне қосып, «осы азаматтар болашақта депутат болса, халыққа адам қызмет ете алады-ау» деген үмітпен үміткерлікке ұсынуда. Сондықтан бұл жерде ешқандай партияның іскерлік беделіне, тізімдегі азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуімізге тырысуымыз керек. Қос партия арасында бәсеке - атқарылған жұмыстар.
- Қазақстандағы сайлауға сыртқы саяси күштер өз ықпалын тигізуі мүмкін бе?
- Бізде партияларды сырттан қаржыландыруға тыйым салынған. Сыртқы саяси күштердің араласуына жол берілмеуі керек. Жасырын түрде жүріп жатса, оны мемлекет жіті назарда бақылап отырады. Ал әрбір партия сырттан келетін қаражатқа емес, қолда барымен, өз күшімен жұмыс істегені абзал. Өйткені, бұл біздің тұрақтылығымызға, мемлекет қауіпсіздігіне өз әсерін тигізері анық. Содан кейін партия сайлауда емес, сайлау өткеннен кейін келесі сайлауға бірден дайындыққа кірісіп жатса еш ұтылмайды. «Қашан сайлау келеді» деп күтіп жүріп, уақыт жақындағанда белді бекем буу ешкімге жеңіс әкелмейді. Мен 1992 жылы алғаш рет Жоғарғы кеңеске депутаттық сайлауға түстім. Ол кезде жаспын, жолым болмады. Кейін 1999 жылы Мәжіліс сайлауына түстім. Онда да өте алғаным жоқ. Халықпен тығыз жұмыс істей жүріп, тек 2004 жылы Парламенттің үшінші шақырылымында ғана сайлауда таза жеңіске жеттім. Сол секілді әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бір сайлауда бірде-бір дауыс ала алмаған партия бес жылдан кейін билік партиясына айналып жатады. Біз болсақ, сайлауда бір-бірімізді сынауға бейімбіз де, жұмыс істейтін кезде көрінбей кетеміз. Сондықтан қай партия халықпен тығыз қарым-қатынаста болса, жұрт соған дауыс береді.
- Тығыз қарым-қатынаста болу керек дейсіз. Сіз қайбір жылдары сайлаушыларыңызбен соттасып, соңында жеңіп кеттіңіз. Істі неге сотқа дейін апардыңыз?
- Бұған дейін осы мәселе БАҚ-та бірнеше рет көтерілген еді. Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай аулының 3-4 азаматының менің сыртымнан жасаған іс-әрекеті «Жас Алаш» газетіне шыққаннан кейін өрши түсті. Ауданның бірқатар азаматтары аталған басылымға хат жіберіп, «Жас Алаш» газетіндегі мақаланы қолдаймыз, Сәбильянов аулымызға келген емес» деген мағынада мақала жарияланды. Содан кейін мен өзімнің ар-намысымды қорғап, оны теріске шығару үшін бірінші «Жас Алаш» газетіне, содан кейін ауыл тұрғындарына осыны сотқа жеткізбей-ақ теріске шығарыңыздар дедім. Өйткені «Жас Алаштағы» дүние шындыққа жанаспайтын, іскерлік беделіме нұқсан келтіретін әңгіме еді. Себебі, Тарбағатай аулында оған дейін төрт рет болғанмын. Ауылдың ауыз су мәселесіне керек қаражатты республикалық бюджеттен қарастыруға көмек қолымды создым. Енді оның жұмысы дұрыс жүрмей жатса, ол мәселе атқарушы органға қойылатын мәселе. Азаматтар кей жағдайда дұрыс түсінбей жатады. Жол жөнделмей жатыр, демек депутат келіп осы мәселені шешіп беруі керек деп ойлайды. Осыларға қатысты мен депутаттық сауал да жолдадым. Жұрт одан да хабардар. Негізінен белгілі бір топтың ұйымдастырған іс-әрекеті болды. Жұмыс істегеннен кейін халық алдында арымның тазалығын қалаймын. Кейіннен сотқа келгенде азаматтар кешірім сұрап, қалғандары: «Біз тек ақ қағазға қол қойдық. Хатты көргеніміз жоқ. Ауыз су мәселесі бойынша жазылып жатқан хат деп айтты», - деп мойындап, кешірім сұрады. Қалған төрт адам сотта менің депутаттық қызметіме қоятын талабы жоқ екенін айтып, кешірім сұрағаннан кейін бітімгершілік келісіммен аяқталды. Мақаланы газетке жариялар кезде менің де пікірімді басқан болса, мұндай дау тумас еді.
- Жалпы, өзіңізге қатысты жазылған мақалалардың барлығының даақ-қарасын ажыратып, әрісі ғаламтордағы өзіңіз туралы пікірлердің де кім жазғанын анықтайды екенсіз. Осы жағы рас па?
- Кей жағдайда журналистер хабарласып, «сіз туралы түген деген студент осындай пікір айтып еді. Сол бойынша хабарласып тұрмыз», - дейді. Содан кейін мен редактордан: «Ол қай жерде жазылған пікір, маған келіп айтсыншы», - деп телефон нөмірімді берем. Кейіннен байқасақ, ондай студент өмірде жоқ екен. Кейбір кезде осындай пікір қарама-қайшылық болу үшін, ойдан шығарып жазып жіберетіндер де бар. Былтыр «Азаттық радиосының» сайтына: «Мен Сәбильяновты таба алмай жатырмын. Тауып беруге көмектессеңіздер екен. Менің отбасылық жағдайымның нашарлығына байланысты ол кісіден көмек сұрайын деп едім. Оқуымның ақшасы төленбей жатыр», - деп Аягөз ауданының Баршатас ауылының қыз баласы пікір қалдырыпты. Пікірді оқып, көмекшім радионың сайтына: «Жаз бойы елді аралады. Баршатас ауылында болды», - деп, байланыс нөмірімізді көрсетіп, пікір жазды. Әлгі қыз оны оқып, бізге хабарласатын шығар деп едік, арада біраз уақыт өтсе де еш хабар болмады. Содан сегіз ай өткенде барып, қызымыз хабарласып, көмек сұрады. Сөйлесе келе, бұрынғы мән-жайды айтсам, «Мен ешқашан ол сайтқа пікір жазған емеспін», - деп отыр. Тіпті еш хабары жоқ. Осындай жайттарды кейбір журналистер әдейі ұйымдастыруға шебер.
- Сізді ел 2000 жылдардың басында айтыстың демеушісі ретінде таныды. Кейіннен сіз ол жақтан төбе көрсетпедіңіз. «Жүрсін Ерманмен келіспей қалыпты» деген қаңқу сөз де айтылды. Бірақ Тәуелсіздікке арналған айтыста сізді көріп қалдық қой ...
- Бұл турасында «Нұртай айтысқа қайта оралды» десек болады (күлді). Айтыс ұлтымыздың төл өнері болғаннан кейін, мүмкіндігіме қарай үнемі қолдау көрсеттім. Шын жүректен өнерді қадірлеп, дамыса екен деген ниет болды. Ақындар өз ойларын айтса екен деген ниетпен жасалған әрекет еді менікі. Соңғы үш-төрт жылда айтысқа демеуші болмағаным рас. Бірақ ол мен айтыстан жеріпкетті деген әңгіме емес. «Неге демеушіліктен кетті» десеңіз, айтыстың өткізілуіне байланысты Жүрсін аға екеуіміздің арасында біраз түсінбеушіліктер болғаны шындық. Ол түсінбеушілік екеуіміздің жеке мәселеміз болғандықтан, бір-бірімізге деген ешқандай өкпе-ренішіміз жоқ. Өткен жолы біраз азаматтар отырған жерде «Қателік жіберген болсам, кешірім сұраймын» депдім. Өйткені мен Жүкеңнен кішімін, жаспын. Оған арланбаймын. Болашақта, бастаған жұмысымызды тоқтатпай жалғастыра береміз. Себебі, бұл халыққа керек нәрсе. Жеке басқа қатысты бір-бірімізді ел алдында кінәлап жатсақ, ұят болар. Жырақтап кетсек те, айтысты құр жіберген кезім сирек. Менен көмек сұрайтындар өте көп, бірақ бәріне бірдей қолдау көрсету мүмкін емес.
- Сіздің алдағы уақытта қызметтеөсуіңіз мүмкін бе?
- Ол жағын білмеймін. Бірақ қандай жұмысты атқарсам да, ешкімге зиянымды тигізбей, таза істеуге тырысам. Біреулерге кей сөзім тиіп кетіп, менің жіберген сауалдарым ұнамай жатады. Біреуден аттап, тікелей Үкіметке сауал жолдап жатам. Сондай кезде мен туралы көзқарасы өзгеруі мүмкін. Былайша айтқанда депутат болғанға дейін де, кейін де мені билік тарапынан мемлекеттік қызметке шақырған ұсыныс болған емес. Экономика саласында жұмыс істеп жүрген бізге қызметке сұрану деген ой келмейді де. Кейбіреулер осы салада жұмыс істесем, соған лайықтымын деп ойлайды ғой. Депутат болдым ба - міндетімді адал атқару парызым. Бұл жаққа өтпей қалдым ба, қайтадан қаржы саласындағы өз жұмысымды жалғастыра берем. Егерде басқа қызметке тағайындап жатса, ойдағыдай атқаруға тырысамыз (күлді).
- Депутаттықтан кетіп мемлекеттің баспанасын тапсырғаннан кейін қайда тұрып жатырсыз?
- Әйелім, төрт баламмен әу бастан өзімнің жеке пәтерімде тұрамын. Депутат болғалы Үкіметтің үйін алмаппын. Кезінде 9 жыл жатақханада тұрдық. Бір бөлмеде 5-6 бала өмір сүрген кездеріміз болды. Жетім бұрышты да жағаладық. Ең алғаш рет электротехникалық зауытта экономист болып істеп жүргенде өз-өзіме 1992 жылы несие беріп, үй сатып алдым. Оның өзінде қолда бар ақшам аздық етіп, «Шұғыла» кинотеатрының алдындағы үйдің бесінші қабатынан зорға тапқаным бар. Бертінде бизнесім дұрыс жолға түсіп, жағдай едәуір дұрысталды. Алматыда 21 жыл, екі жыл Ленинградта әскерде болғанымды қосып есептегенде Семейде 21 жыл тұрыппын. Енді Астанада 21 жыл тұрсақ, зейнетке шығатын шығармыз (күліп алды).
- Отбасыңыздағы қара саны көңілге қонады екен, балаларыңыз туралы айтыңызшы...
- Үлкенім Әкежан - 17 жаста, Нұрлан - 14, Сара - 6 жаста, Аягүл 2 жастан асты. Қызығы сол, қызым Сара Парламенттің үшінші, Аягүл соңғы шақырылымында өмірге келді. Үлкен ұлым он бірінші сыныпта оқиды. Арасында ата-аналар жиналысына да өзім барып тұрамын.
- Депутаттардың дені шет елде демалып, шет елден киінеді деп жатады. Бұл мәселедегі сіздің талғамыңыз қалай?
- Әлі күнге дейін Парламент жұмысымен болмаса, егемендік алған жылдардан бастап демалыс үшін шет ел асқан емеспін. Керісінше, өзіміздің Алатау, Бурабай, Қапал-Арасан, Қатон-Қарағай, Алакөл секілді жерлерде отбасыммен 10-15 күн демалатыным бар. Бойым аласа болғаннан кейін маған киімдер шақ келе бермейді. Көбіне арнайы тіктіремін. Кей кездері қасыма әйелімді ертпей-ақ, Астанадағы дүкендерден сатып алам. Күнде жұмысқа бір костюм кию әдетімде жоқ. Оны айтасыз, жұмыс тобының отырысы алдында Парламент шаштаразына кіріп, шашымды бір жөндетіп алатыным бар.
Сұхбаттасқан - Жанкелді ҚАРЖАН