Үкімет жылуын сезбейтін ауылдар...
2017 жыл болатын. Біз ауыл, қала жастарына дәрістер оқып жүрдік. Тарбағатай ауданындағы Ақсуат, Қызылкесек, Көкжыра, Қарасу және басқа ауылдарға екі күн дәріс оқыдық. Келесі бағытымыз Қарқаралы аймағы еді. Тарбағатай ауданынан түс ауа шыққанбыз. Аягөздің жолына күн ұясына кірер сәтте жеттік. Қалаға қонуды ойлағанбыз, бірақ ақылдаса келе уақыт жоғалтпайық деп жолға шықтық. GPS-тен қарап, бір жол тауып алдық. "Не болса да нар тәуекел" деп, соған қарап Қарқаралыға қарай жүріп кеттік.
Ол бұрынғы Шұбартау ауданының территориясымен өтетін жол екен. Ана жол байғұс салынғалы бір смола иіскеп, жөндеу көрмегені көрініп тұр. Тас қараңғы болды. Біз бір түнекке кіріп бара жатқандай әсер алдық. "Алыстан бір ауыл көрінсе ғой" деп те ойлап қоясың. Жоқ. Біз, шұрық тесік жол, көліктің жарығы, қара түнек.
Біраз уақыт өткен соң, алдымыздан бір көлік шықты. Соны тоқтатып, "дұрыс бағыттамыз ба" деп сұрамақ болып едік, анау жылдамдығын барынша арттырып, кетіп қалды. "Қара түнде не істеп жүр, қарақшы ма" деп ойлаған болар.Оны да түсінуге болады.
Шұрық тесік жолмен келе жатырмыз. Адасып кетеміз-ау деген күдік басым. Жолдың кей ойылып қалған жерлеріне су жиналып, қамыс сияқты суда өсетін шөптер өсіп кетіпті. Ақыры бір ауыл көрінді. Ішіне кіріп едік, сөйтсек ол Баршатас деген ауыл екен. Бұрынғы аудан орталығы. Өзім ШҚО тумасы болсам да, Баршатасты бірінші естідім. Ұят әрине. Өкінішке орай Баршатастың кей жерлері соғыс жүріп жатқан Украина шығысындағы ауылдарға ұқсайды екен. Бос, тастанды үйлер. Халық аз, жұмыс жоқ екені көрініп тұр. Аудан орталығы болған дегенге сену қиын. Бір адам дұрыс бағытта екенімізді сілтеп жіберді.
Шұрық тесік жолға қайта түстік. "Бұл жол 1969 жылы Қытаймен қақтығыста салынған. Жалаңашкөлден кейін, соғыс болса танк, ауыр әскери техника жеткізу үшін" деді сол ауылдың тұрғыны. Рас-өтірігін білмедім.
Шұбартау кезінде малы көп аудан болған дейді әке-шешем. Геноцид (ашаршылық) жылдары мұндағы қазақ тұтас қырылып қалыпты. Аудан халқының аздығы мен ауылдардың сиректігі де содан болса керек. Бір қарағанда Баршатас өз күнін өзі көріп жатқан, үкімет жылуын сезбейтін ауылға ұқсады. Қазақстанда ондай ауыл қанша екен...
Асхат Қасенғалидың жазбасы
Abai.kz