Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5820 0 пікір 26 Желтоқсан, 2011 сағат 05:12

Серік Әбдірешұлы. Алдар көсе және Қамал Бұрханов

Сайтанның орнына Алдарды кінәләмаңыз, Қамал профессор!

Көзім көптен бері көптеген оқырмандар секілді  «Абай» сайтындағы мына пікірге түсіп жүретін. Соншалықты мән бермеппін. Бірақ дардай алаш зияткерінің бұл сөзі не екен деген ойдың жалт бергені рас-ты:

Бала деген ертегі кейіпкерлерін үлгі тұтуға лайық деп ойлайды ғой. Алдар көсе деген кім өзі? Ол алаяқ, алдамшы біреу. Оның үйретері - заң бойынша жазалауға лайық қылмыс - алаяқтық.
профессор Камал Бұрханов

Шынын айтсам, Қамал (ол кісі есімін бас салып қазақшалағаным үшін кешірер) ағамыздың бұл пайымы біраз жерге жетелеп, Алдар көсе туралы біршама нәрсені ақтаруға тура келді. Ол кісінің адам тентектерді жөнге салып болғандай, мифтік кейіпкерге тиіскені, өз алдына бір күлкі екен.Оның үстіне қазақ құндылығымен күрес астыртын да, ашық та болып жатқаны аздай.  Енді бірнеше ғасырлық ғұмыры бар әдеби-философиялық азығымыздан бас тартып, оны соттау қалды ма?! Әлде қызыл империя тұсындағы рухани құндылықты құрту мен бұрмалау аз болды ма, тұтушыларын қудалау кемдік етті ме?! Болмаса тәуелсіз елдің құндылығын сол қызыл санамен ғана өлшеу жалғаса бермек пе?!

Сайтанның орнына Алдарды кінәләмаңыз, Қамал профессор!

Көзім көптен бері көптеген оқырмандар секілді  «Абай» сайтындағы мына пікірге түсіп жүретін. Соншалықты мән бермеппін. Бірақ дардай алаш зияткерінің бұл сөзі не екен деген ойдың жалт бергені рас-ты:

Бала деген ертегі кейіпкерлерін үлгі тұтуға лайық деп ойлайды ғой. Алдар көсе деген кім өзі? Ол алаяқ, алдамшы біреу. Оның үйретері - заң бойынша жазалауға лайық қылмыс - алаяқтық.
профессор Камал Бұрханов

Шынын айтсам, Қамал (ол кісі есімін бас салып қазақшалағаным үшін кешірер) ағамыздың бұл пайымы біраз жерге жетелеп, Алдар көсе туралы біршама нәрсені ақтаруға тура келді. Ол кісінің адам тентектерді жөнге салып болғандай, мифтік кейіпкерге тиіскені, өз алдына бір күлкі екен.Оның үстіне қазақ құндылығымен күрес астыртын да, ашық та болып жатқаны аздай.  Енді бірнеше ғасырлық ғұмыры бар әдеби-философиялық азығымыздан бас тартып, оны соттау қалды ма?! Әлде қызыл империя тұсындағы рухани құндылықты құрту мен бұрмалау аз болды ма, тұтушыларын қудалау кемдік етті ме?! Болмаса тәуелсіз елдің құндылығын сол қызыл санамен ғана өлшеу жалғаса бермек пе?!

Біз - өзімізді өзіміз жатырқап, онсыз да өзін өзгеден іздеп отырған ұлтпыз.  Сол осалдық енді абсурдтық әрекетке айналып барады.Елде ғылыми атақтылар көп болса да, әдеби-фольклорлық қаһармандарымыз жете зерттелмегендіктен, зерделенбегендіктен, бүгінгі құндылыққа айналмағандықтан  қағажу көрмек түгілі, бүгінгі әуселеміз үшін рухани құндылықты кінәлайтын күйге көше бастауымыз - сол шарасыздықтан.

Рухани дені сау халық бүгінгі өміріне керек барлық жауапты кешегісі мен рухани құндылығынан табады.  Жасампаздыққа жұмылдыра алмайтын өкімет өз халқына соғыс ашатыны секілді, халық игілігіне айналдыра алмайтын элита рухани құндылықпен алысады! Бұл жайтты біз қызыл империя тұсында бастан кешкенбіз, біздің халық үшін жаңалық емес, «жаңалығы» сол - егемен ел болғанда елес қуу ауруының қайта қылаң бере бастауы!

Жалпы, рухани құндылық халықты аздыру үшін емес, керісінше сауалту үшін дүниеге келеді. Аздыру үшін оның қажеті шамалы, есірген билік пен азғын адамдары қоздырған қоғам өзі-ақ, қылмыскерді де, алаяқты да ксерокстен шыққан көшірмедей көбейтеді. Оған ертегінің  «сканері» де, «принтері» де керек емес!

Профессордың аталмыш пікірі бұрын қағажу қалып, жете зерттелмей келген бұл мұрамызға еріксіз  әрі амалсыз назар аудартып отыр. Осыған орай, оқырман үшін бұл тақырыпқа үстіртін болса да зерделеуді бастан кештім. Бірінші аңғарғаным, Алдар көсе туралы баяндардың сайттарда, кейбір жинақтарда ертегі жанрына телінгенімен, әдебиетте «аңыз әңгіме» делінетіні. Оның нақты атауы орыс тілінде «притч» делініп, барынша дәл берілген деп есептеймін. Өкінішке орай, ол жанрдың қазақы атауы әлі жоқ. Ол да біздің бұл байлықты қаузаудағы осалдығымыз. Негізінде шығыс әдебиетінде жалпылама «хикая» аталып келген жанр осыған барынша жуық атау болса керек.

Электрондық энциклопедия - уикипедияда бұл жанр былайша анықталыпты:  Притчи - жай ғана мәтін емес, жай ғана әңгіме емес. Әрбір притч бірдеңе бере алады, бірдеңеге үйретеді, онда біз өмір сүретін Әлемнің кішкентай болмаса ірі ережесі сіңген әлдебір шындық бар, әлдебір сабақ бар.

Әбіл-Фарадж деген данышпан притчіні (http://pritchi.ru/id_1063) сананы сергітетін әрі жүректегі қайғы мен мұңды аластайтын әңгімелерге теңепті. «Олар азап шеккендерді жұбататын, жүректері қақ айырылғандар үшін дауа бәлзәм, ақылға иек артушылар мен күлдіргіні бағалай білетіндер үшін жолсерік болсын», - депті.

Десек те, Алдар көсе туралы притчілерді ертегі санаушылар аз емес екен, қыздың жүгіндей етіп, мына электрон өріске салып қойыпты: http://ertegi.ru/index.php?id=11&idnametext=316&idpg=1. Сапалы етіп орысшаға аударылған.  Бірақ, мұндағы мәтіннен өз басым ертегіге тән ерекшелікті аңғара алмадым. Дұрысын айтқанда, Алдар көсе хикаялары балаларға арналмаған. Ол материалдық деңгейден көтеріле алмаған ересек «балақайларға» арналған. Сонысымен де притчі! Сонысымен де ертегі емес!

Притчі  болса, балалар үшін емес, тәрбиесі мен санасы баланың деңгейінде қалмас үшін ересектерге арналады. Бірақ ертегінің бәрі де балаға арнала бермейді, онда адамзаттың ақыл-ой мәйегі мен өмір заңдылығы кодталған күйінде сипатталады. Ертегі - кодталған философиялық сюжеттер мен алгоритмдер тізбегі, ал притчі - мысалданған өміршең  маңызды үзіктер. Алдар көсе - өз заманындағы маңыздылығымен дүниеге келген қаһарман, ол маңызсыз болса, әлдеқашан ұмытылар еді. Ол - өз заманының шайтандарын да алдауға болатынын халыққа ұқтырып, оны оптимистік жолға жетелеген; алаяқ, ұры байларының, бүгінгідей ел байлығын ұрлықпен, әділетсіз түрде жекешелендірген Шығайбайларды, топастықты, тоғышарлықты шенеу үшін туылған. Сонысымен халыққа Алдар - ыстық, қадырлы әрі сүйікті кейіпкер. Оның кейбір кейіптері Қаңбақ шалда да бар, оны таратпай-ақ қоялық.

Екінші аңғарғаным, Алдар көсені жай ғана ойдан шығарыла салған қарабайыр кейіпкерлер санатына қоса қоюға да, ол туралы үстірт пайымдауға да әсте болмайды.Өйткені, Алдардың баскешпелерінде аса терең мифологиялық қайырымдар жетерлік. Оған  Ақыл мен Уақыттың қайсысының жасы үлкен екенінен хабардар етерлік хикметі аса терең  «Алдар мен жылан» баяны мысал.Мұндай ғибратты мол кездестіруге болады. Оған терең бойлау - бұл мақаланың мақсаты емес. Алдардың Жиренше ақылынан асқан даналығына да «Алдардың Жиреншеден даналығы қалай асты?» әңгімесінен куә боларымыз және бар. Бұл хикаяның сыры Даналықтан да ұлы пәктік екенін аңғартып тұр. Ал, Алдар - пәк кейіпкер.

«Алдар көсе мен Алаша  хан» баянында елдің асқақ басшысының өзі Алдарды қалай ардақтайтынын көреміз. Мұның бәріндегі пиғыл неде? Алдардың аляқтығында ма?  Жоқ! Оның адам ақылы бойламайтын адал адамға керек даналығында, Ақылдың  орынды қолданса, сұмдығы адамнан артатын  шайтанды да алдай алуында. Өйткені,  Адам баласына берілген сол ұлы қасиетті былыққан билік пен алдамшы байлыққа қол жеткізетін алаяқтыққа емес, қоғамға, жұртқа, Жаратқанның көлеңкесі болып табылатын халыққа пайда боларлық қару етуде екенін аңдатады. Және де Алдар көсені қылмыскер етіп танитын адамның да ақылы болатынына үлкен күдік тудыратынында. Өйткені, ол - адал ақылдың эталоны ретінде тарихи кейіпке айналған Қаһарман!  Алдар көсе қазақтан басқа туысқан түркілердің ешбірінде жоқ, сонысымен ол қазақтың ақыл мен пәктік өлшемін көрсетіп тұрған әлемдік деңгейдегі тарихи-мифологиялық Аңсар, Идеал!

Алдар турасында сөз қозғағасын, оның «туу» дәуірі турасына аз-кем тоқталуға тәуекел етейік. Оған Алдар көсе хикаяларының мазмұны мен мақсаты басты негіз. Тағдырлас, тарихтас басқа халықтарда бұндай қаһарманның кездеспеуі  - түркілік танымның Қазақ хандығы дәуірінде синтезделіп, изотериялық ілімді паш ететін сопылық идеологияның дәуірлеген шағына сәйкес келуінен болар. Алайда, Алдарды туындатқан материал бірнеше ғасырлық  секілді:  оның көселігі Наурыз мерекесінде бір күн елді билеуге құзыры болар басына қызыл телпек киетін ежелгі кейіпкерден де хабар береді. Оттың тағы бір ұғымы «ал» («алқызыл» сөзінің тегі) екенін ескерсек,Алдардың шынында да Уақыт-жыланнан (сақтар уақыт нышаны ретінде екібасты жыланды дәріптейді) да жасы үлкен екеніне көз жетеді. «Алдар» сөзінің «алдау» етістігінен гөрі, «отшыл» ұғымын беретін ескі семантикалық мағынасы көңілді көбірек тартады. Ендеше, Алдар тағдыры жеңіл-желпі қарап, жеңіл ойды жебей салатын жайтқа жатпайды.

Сондықтан оған тиісіп, Көсені нағыз алаяқтардың ішінен іздеп алас ұрудың жөні жоқ. Оның үстіне Алдардың ақылын киіп, алаяқ болған адамды кездестірмедік, бірақ оны білмей өскен не теріс танығандар арасында  алаштың байлығын талан-тараж еткен билік пен байлық иелері жетіп артылады.

Керісінше, алаштан алаяқ шықпас үшін, Алдарды шаң тимес ұлы кейіпкер ретінде Астананың басты бұрышына тас мүсінін қойғызуға бастама керек, Қамал мырза! Және оны бүгінгі ақылдың аласарып, адалдықтың кірлеген заманы тұрғысынан бағалап, күлкіге қалудың жөні тағы жоқ! Жұрттың назарын нағыз қылмыскерлер мен алаяқтардан басқаға аударып, айдаладан елес іздеу де абырой емес.

Серік Әбдірешұлы,  мәдениттанушы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341