Мұхтар Шерім. Алдар Көсе алдай береді... (басы)
(Жиырма сериялы телекомедия)
БІРІНШІ СЕРИЯ
1. АЛДАР ЖӘНЕ ӘКІМ
Алдар Көсе ұйықтап жатып, тырқылдап күлді. Сосын қабырға жаққа аунап түсіп, тағы да тырқылдай күлгені... Түс көріп жатыр. Түсінде ауылдың атқа мінерлері жарыс өткізіп жатыр екен дейді. Аудан әкімі мінберде тұр екен дейді. «Жемқорлардың құрметіне «желке тістеу» жарысын өткіземіз!»-деп шірене сөйлегенде, шалбары шешіле жаздайды. «Кімнің желкесін тістеуіміз керек?», «Желке тістеген деген не пәле?», «Әйелімнің желкесін тістесем болады ма?», «Жануарлар желкесін тістесек рұқсат па?», «Тісім қышып тұр еді, жақсы болды ғой...»-деген дауыстар жан-жақтан жамырады. «Шуламаңдар! Өз желкесін өзі тістеген адамға мемлекет бюджетінен бір қап пісте, жиырма төрт теңге, бір уыс тұз, бір шелек көмір, жүз қой, екі ешкі, бір есек беріледі. Оған қоса жемқорлар құрметіне шығарылған медальдар мен ордендерді де марапатталушылардың желке тұсына тағамыз!»-деген аудан әкімі мінберден түсіп жатты. Шағын алаңқайға ауыл әкімі мен атқа мінерлер шығып, қарапайым халықты ығыстырып жіберіп, өз жеклкелерін өздері тістеуге кірісті.
(Жиырма сериялы телекомедия)
БІРІНШІ СЕРИЯ
1. АЛДАР ЖӘНЕ ӘКІМ
Алдар Көсе ұйықтап жатып, тырқылдап күлді. Сосын қабырға жаққа аунап түсіп, тағы да тырқылдай күлгені... Түс көріп жатыр. Түсінде ауылдың атқа мінерлері жарыс өткізіп жатыр екен дейді. Аудан әкімі мінберде тұр екен дейді. «Жемқорлардың құрметіне «желке тістеу» жарысын өткіземіз!»-деп шірене сөйлегенде, шалбары шешіле жаздайды. «Кімнің желкесін тістеуіміз керек?», «Желке тістеген деген не пәле?», «Әйелімнің желкесін тістесем болады ма?», «Жануарлар желкесін тістесек рұқсат па?», «Тісім қышып тұр еді, жақсы болды ғой...»-деген дауыстар жан-жақтан жамырады. «Шуламаңдар! Өз желкесін өзі тістеген адамға мемлекет бюджетінен бір қап пісте, жиырма төрт теңге, бір уыс тұз, бір шелек көмір, жүз қой, екі ешкі, бір есек беріледі. Оған қоса жемқорлар құрметіне шығарылған медальдар мен ордендерді де марапатталушылардың желке тұсына тағамыз!»-деген аудан әкімі мінберден түсіп жатты. Шағын алаңқайға ауыл әкімі мен атқа мінерлер шығып, қарапайым халықты ығыстырып жіберіп, өз жеклкелерін өздері тістеуге кірісті.
Қайран, қазағым-ай, байлық дегенде, абыройсыз келген атақ дегенде, алдарыңа жан салмайсыңдар-ау... Әсіресе ауыл әкімінің ауызы қисая ашылып, басын желке тұсына бұрғысы-ақ келеді, өз құйрығын өзі тістеп, шыр көбелек айналған ит сияқты айнала берді, айнала берді... Жиналған жұрттың ішек сілесі қатып күлгені бар, босқа жүрген иттердің адамдарға қарап, үргені бар, бұл өзі қызық болды. Тірі пенденің өз желкесін өзі тістей алмайтынын білсе де, аудан әкімі қызықтап тұрған, кенет өзі де аузын ашып, көздерін жыпылықтата, басын иығы тұсына бұрды... Болар емес, сосын қолымен желке тұсын ұстап, «әй-и!» деп жерге шырт түкірді. Бір кезде:
- Мен өз желкемді тістей аламын!-деген дауыс шықты. Жұрт жапа-тармағай, дауыс шыққан жаққа қарады. Қараса, жұпыны киінген, басында тақиясы бар, жыртық шапанын жамыла салған жігіт ағасы келе жатыр екен.
- Әй, сен кімсің?-деп сұрады аудан әкімі.
- Ассалаумағалеййкум, қалың елім, қазағым!-деп Алдар Көсе оң қолын кеудесіне қойып, басын иді,- мен Алдар Көсе боламын!
- Алдар Көсе?
- Баяғы заманның Алдар Көсесі ме?
- Ой, өзіміздің бүгінгі Алдар Көселеріміз де жыртылып айырылады! Шенеунік Алдар Көселер жүдә көп!
- Ойбай-ау, бір депутат Алдар Көсені «мөщеннік», алаяқ, балаларымды бұзады деді емес пе? Бұл сол Алдар ма?
- Алдар алаяқ емес! Ол тек байлар мен алаяқтарды ғана алдайды! Кедейлердің кегін алып беруші!
Осылай шуласқан жұрт Алдар көсеге таңырқай, әрі іш тарта қарасты. Ауыл әкімі Алдардың жанына келіп:
- Фамилияң кім?-деп сұрады.
- Менде фамилия жоқ...
- Мүмкін, сен шпион шығарсың?
- Жоқ, мен сатқын емеспін!-деген Алдар Көсе шапанының ішінен кішігірім ғана еліміздің көк байрағын суырып алып, төбесіне көтерді. Участкелік полиция инспекторы жетіп келіп:
- Мүмкін терроршы шығарсың? Артынып-тартынып, Ауғанстаннан келдің бе?-деп қолын қайыра бастап еді, нөпір халық инспекторды жұлқылап, шетке алып кетті.
- Тимеңдер!
- Алдар Көсе - халықтың Алдары!
- Желкесін тістесін де, сый-сияпатын алсын!-деген дауыстар шығып жатты. Аудан әкімі қолын көтерді:
- Шын мәнінде Алдар Көсемісің?
- Ия. Шайтанды да, сайтанды да алдаған Алдармын.
- Жарайды, өнеріңді көрейік, бізді де алдап, өз желкеңді өзің тістеп көрші!-деген аудан әкімі мойнындағы қып-қызыл галстугын түзеп қойды. Алдар Көсе ортаға шығар алдында, шетте тұрған сиқыршы танысына көзін қысып қойды. Үстіне сиқыршылар киімін киген анау болса, басын изеді. Сол екен, жұрттың көздері байланды да, Алдар Көсе ауыл әкімінің жанына келді. Қалтасынан қайшы шығарып:
- Кешіріңіз, бір тал шашыңызды қырқып алсам...-деп сұрады.
- Неге менің шашымды? Мен ауыл әкімімін...-деп міңгірледі ауыл әкімі.
- Кешіріңіз, лауазымды қызметкерлердің шашынң көмегімен ғана басымды желкеме бұра аламын,- деді Алдар Көсе жымиып.
Ауыл әкімінің көздері «твист» билеп, аудан әкіміне қарады. Аудан әкімі: «Айтқанына көне ғой...» дегендей, басын изеді. Алдар Көсе оның желке тұсындағы шашынан қиқалап тұрып, қайшымен бір уысын кесіп алды. Ауыл әкімі ыржалақтап, желкесін сипалап тұр. Бір кезде Алдар Көсе ауыл әкімінің шашын өзінің желке тұсына тастап жіберіп еді... О тоба... Басын 180 градус артына бұрды. Жұрттың көздері алақандай болып, ішектерін тартысты. Әсіресе, ауыл әкімінің аузы ашылып қалыпты... Бір «өсекші» шыбын аузына кіріп, ызыңдап, қайта шықты. Аудан әкімі көздерін жұмып, қайта ашты. Полиция инспекторы тершіген маңдайын сүртіп жатты. Алдар Көсе болса, ернін жиырма сантиметрдей созып, желке тұсын шөп еткізе сүйіп, артынша оңдырмай тістеп алды... Бұл кезде оқшау тұрған көз бояушы танысы жұрттың соңынан қолдарын ербеңдетіп тұрған еді...
- Ойбай, мойнына шарик қойып алған ба?!
- Немене болып кетті өзі?!
- Басы ғана бұрылып, желкесі қатып қалыпты!
- Беріңдер сыйлығын!
Осындай дауыстар әр жерден шығып жатты. Ауыл әкімі Алдар Көсенің жанына келіп, құлағына сыбырлай:
- Сен өзі адамсың ба?-деп сұрады.
- Адаммын.
Ауыл әкімі Алдардың бетін шымшып көріп:
- Өзінің беті сияқты...-деді.
- Кешіріңіз, әкім мырза, әлдекімдер сияқты халық алдында қара бет емеспін. Өзімнің бетім,- деген Алдар Көсе аудан әкіміне бұрылды:
- Әкім мырза, мен уәдемде тұрдым. Сый-сияпаттарыңызды...
- Алдарчик!-деді аудан әкімі жымыңдап,- тірі пенде өз желкесін өздері тістей алмайтынын біліп, ешқандай сыйлық тағайындаған жоқпыз!
- Мен тістедім ғой?
- Сен бізді алдап тістеуің керек еді...
- Сендер халықты алдаудан алдарыңа жан салмайды екенсіңдер!-деген Алдар Көсе халықты қақ жарып, жүре беріп еді, жұрт шулап қоя берді.
- Еңбегін елеу керек болар!
- Бізді қашанғы алдайсыңдар?
- Түйе болмаса да, түймеңді бер!
Аудан әкімі халық алдында беделін түсіріп алмас үшін:
- Әй!-деп дауыстады. Алдар Көсе бұрылды.
- Менің атым «Әй» емес, Алдар Көсе.
- Кешір, Алдеке, бері кел.
Алдар Көсе аудан әкімінің жанына келді.
- Мә, соткамды берейін саған. Қымбат сотка. Осыған да разы бол!-деді әкім. Алдар Көсе ұялы телефонды қызыға ұстап тұрып:
- Он мың теңге берсеңізші, бірлік салып алайын да...-деді.
- Мен бере салайыншы,- деген ауыл әкімі жағымпазданып, қалтасынан он мың теңге суырып берді. Сосын, былай оңаша алып шығып:
- Тәңір жарылқасын, сиқырлы қайшыңды маған сат, балама берейін, асаба еді, тойларда желкесін тістеп, ақша тапсын...-деп жалынғанда, жылап жібере жаздады.
- Жарайды, жесір қатын сияқты жылай, не болса соны сұрай береді екенсің. Не бересің?
- Анау тұрған су жаңа «Джипімді» берейін...
- Жарайды, келістік!
Екеуі қол алысып, әкім қайшыны, Алдар Көсе «Джиптің» кілтін алды. Жұрт тарай бастағанда сиқыршы мен Алар Көсе құшақтасып көрісіп, сосын бірін-бірі қытықтай күлісіп жатты...
Тырқылдай күліп жатып, Алдар Көсе оянып кетті. Аулада ит шабалана үріп жатыр екен. Төсегінен керіле тұрып, терезеден үңіле қарады. Қараса, үйіне қарай бір әйел мен еркек келе жатыр екен. Жылдамдата киініп, есік алдына шықты.
- Ассалаумағалейкум, Алдар Көсенің үйі осы ма?-деп сұрады еркегі.
- Сәлеметсіз бе ағай, сіз Алдар Көсе аға боларсыз?-деді әйелі.
- Ия, Алдар Көсенің дәл өзімін. Ксеросы емеспін.
Күйеуі Алдардың жұпыны үйіне қарап тұрып:
- Миллионерлерді алдап жүріп, осындай жұпыны үйде тұрасыз ба?-деп сұрады. Сосын тағы:
- Көшеде келе жатып көрдік, үйіңіздің арты құлап қалыпты...-деп қосып қойды.
- Е, кеше қатты түшкіріп қалып едім, қабырғалары құлап қалды...
- Алдап алған дүниелеріңізді кедейлерге таратып береді екенсіз, сол рас па?-деп сұрады әйелі.
- Жапалақ жапа, дүние опа бермейді...
- Келесі ауылдың тұрғындары едік. Мынау жанымда жарбиып тұрған - менің ғана әйелім.
- Менің ғана әйелім?
- Енді... Жұрттың әйелі болып кетіп, бұзылып жатқандар жетеді деп жетісіп тұрғаным ғой. Көп балалы ана, мен оларға пана. Ауыл әкіміне жиған- тергенімізді беріп жүріп, мақта егу үшін жер сатып алған едік.
- Құтты болсын!
- Сол жері құрғыр құтты болмай тұр...
- Неге? Жеріңнің астында албасты жатыр ма?
-Ауыл әкімі жерімнің үстінен жер беріп, бір қытай кәсіпкеріне сатып жіберіпті...
- Әкімнің алдына барып жыладық...-деді әйелі.
- Ол не деді?
- Ол да бізбен бірге қосыла жылады...
- Қайта-қайта бара бермедіңдер ме?
- Бара жатқаннан, кеңсесінің алдына шығып алып, ботадай боздай береді.
- Неге жылайды екен?
- Сендерге жаным ашиды, бірақ амалым жоқ деп отыр,- деген әйелі орамалының ұшын көзіне апара берді,- Алдар аға, ауыл әкімін бір қатырыңызшы... Жерімізді алып беріңізші...
Алдар Көсе иегін сипалап, ойланып қалды. Бір кезде керегеде байлаулы тұрған атына ырғып мінді де:
- Кеттік!-деді.
- Біз... Біз автобуспен келіп едік... Қайтуға теңгеміз де жоқ...-деді әйел күмілжіп.
- Менің артыма әйелің, одан кейін өзің отыр!-деді Алдар Көсе...
- Жануардан обал болмайды ма?-деп сұрады күйеуі.
- Мына түрлеріңе қарасам, екеуің қосылып, елу кілә болмайтын сияқтысыңдар! Мінгесіңдер, атымның арқасына май жағып қойған жоқпын!
Аддар Көсе атын үйінің текпершегіне жақындатты да, өзі аттан түсіп:
- Жоқ, болмайды екен, айтпақшы, ия, атың кім еді?-деп сұрады.
- Кедейбек...
- Кедейбек, әйелің аттың алдына отырсын. Одан кейін сен мінгес, бірақ теріс қарап отыр, одан кейін мен отырайын...
- Бір-бірімізге қарап қаламыз ғой, Алдеке...
- Сонысы керек, ауылыңа жеткенше, әңгімелесіп барамыз!
Ол әйеліне қарады, әйелі кезеріп кеткен ернін жалады...
Х Х Х
Көздері қысыңқы, қазақша бір түрлі шүлдірлейтін қытай кәсіпкері кеңсесінде керіліп отырған ауыл әкіміне жетіп келді. Жетіп келді де, аяғына жығылды. Әкімнің көздері ағып түсе жаздап, орнынан ұшып тұрды.
- Ля мауо мырза, сізге не болды? Сізге не болды деймін?
- Анда... Менікі жеріме...
- Немене менікі жеріме?
- Жеріме барсам, бір ақ дамбал киген ақсақал егіп жүр...
- Немене егіп жүр? Мақта ма?
- Адам «егіп» жүр...
- Қалай қалай?
- Менің жеріме талас-талас болған еркек пен әйелді де «егіп» тастапты...
- Түсінсем тісім сынып қалсын!
- Бірнеше балаларды да «егіп» тастапты...
Ауыл әкімі қытай кәсіпкерін алдына салып, жыртылған жазық жерге келсе, шынында, ақсақалды біреу белуарынан көмілген бірнеше адамның түбіне шелектеп су құйып жүр. Тіпті «өсіп» тұрған адамдарға тал жапырақтарын ұстатып қойыпты...
- Әй, шал!-деп айқайлады ауыл әкімі,- не істеп жүрсің өзің?
- Мен жәй шал емеспін...
- Енді кімсіз?
- Жер иесімін.
- Жер иесі - мына қытайлық.
- О, жаратқан ием, мына бала түсінбей тұр, мен үй иесі, орыстар айтатын «домовой» дегендей, «жер иесімін!
- Как, жер иесі?
- Орыстар айтатындай «землявоймын!»
- Не істеп жүрсіз деймін?
- Өз жеріме адамдар егіп жүрмін.
- Адам егілмейді, туылады!
- Сен мына оралман қандастарыңды көктетпеген соң, жерге егіп, өзім көктетейін деп жүрмін...
- Бұл менікі жер...-деп қалды қара қытай.
- Кешір қытеке, бұл қазақ жері, жесірімді алдың, енді жерімді тартып алайын дедің бе?-деген «жер иесі» етіктерінің табандарына пружина байлап қойған екен, жүгіре басып, жол жағасында тұрғандарға қарай секіріп қалғанда, ауыл әкімінің алдына топ ете қалды. Әкімнің аузы ашылып, қорыққанынан шалқасынан түсті. Екі қолын артына тірей, көткеншектей шегініп, орнынан тұрды.
- Сіз... сіз шынымен «домовойсыз» ба?
- «Землявоймын!» Осы жерде менің мүрдем жатыр! Ал сен екі сатып, екі жеп, ақша санап отырсың!
- Сеніңкіремей тұрғаным...-деп көздерін сығырайтты ол.
Бір кезде, «өй әкеңнің...» деген «жер иесі» оң қолын иығы тұсынан сол қолымен жұлып алғаны... Қарап тұрмай, жіберіп ұрғанда, жұлынған қолы ауыл әкімінің алдына топ ете түсті. Зәресі қалмаған ауыл әкімі:
- Ойбай, же-жерін қайтарып бе-беремін! Ертең келсін! Заңдастырып беремін!-деп жыларман күйде сөйлей қашты. Артынан албастыдай болып, қытай кәсіпкері қашып барады. Олар көрінбей кеткен соң, бос топырақтан сүйретіле шыққан Кедейбек «егіліп» тұрған әйелін құшақтай алды:
- Құттықтаймын, қатын! Жеріміз құтты болсын! Жер қазақтарға берілсін!
- Қытықтай бермей, мына шұңқырдан шығарсаңшы, отағасы!
Әйелінің сөзін тыңдар ол жоқ, Алдардың қасына келіп, оны да құшағына алды.
- Алдеке, сізге көп-көп рахмет! Оң қолыңызды шапаныңыздың ішіне жасырып, ағаштан жасалған жасанды қолыңызды жұлып алғаныңызда, жалмауызға да жан керек екен-ә, бұтына жіберіп қоя жаздады! Сізге қарыздармын, бірақ оны қалай қайтарармын...
Алдар Көсе басын оның кеуде тұсына қойып, бірдеңе жегендей болды. Сосын басын жұлып алып, жұтынды.
- Сізге не болды, Алдар аға?-деп шошып кетті Кедейбек.
- Ниетіңді нанға жағып жеп, көңіл көжеңе тойдым, бауырым! Маған осы да жетеді!-деген ол алысқа, тау бөктеріне қарай шаба жөнелді... Кедейбектің жанарынан қуаныштың жасы сорғалап тұр еді, қолын бұлғай, қимас көңілмен қала берді.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»