Дүйсенбі, 4 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 10209 27 пікір 23 Қыркүйек, 2020 сағат 13:35

Қазақты қорлап құтырдым, кешірім сұрап құтылдым!

ҚР Бас прокуратурасының назарына

Кешеден бері әлеуметтік желіде әлдебір шовинист, арандатушының видеосы таралып жатыр. Видеода ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан әумесер қазақ ұлтын ілікке алғысыз етіп жамандайды. Тіпті оның кейбір сөздерін айтуға ауыз бармайды. Кейін оның Кирил Божко деген Қостанай облысы, Рудный қаласының тұрғыны екені белгілі болды.

Кеше ғана қазақ халқын қолдан жасағандай ауызына келгенін айтып отырған Божко бүгін кешірім сұрап, видео жариялапты. Алғашқы видеоны жазғанда мас болғанын айтып, мүләйімсіп отыр.

Біздің елде осындай жағдай сәнге айналған секілді. Өзге диаспораның қағынған бір өкілі мемлекет құраушы ұлтты кемісітіп сөйлейді немесе ұлттық құндылықты қорлап видео түсіреді. Бұған дейін алдымен ауызына келген арам ойын жариялап, кейін жылап-сықтап кешірім сұрағандар аз емес. Сондай-ақ, қазақтың қара домбырасын сындырған, Үш бидің ескерткішіне өрмелегенкиіз үйді қорлағандар да видеоүндеу жариялап, кешірім сұраған.

Ең өкініштісі, осылардың бәрі бір ауыз кешірім сұраумен жазадан құтылып кетті. Жаңды жауапкершілік арқалаған жоқ. Біздің жалтақой билік өзге ұлт өкілдері заң бұзса, заңдық жауапкершілікке таруға асықпайды. Тіпті заңда мұндай әрекетті жазалауға мүмкіндік беретін арнайы бап дайын тұрса да...

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 174-ші бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздырғандарды жауапқа тарту көзделген. Онда «азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiне» қол сұғуға болмайтыны анық жазылған. Егер адам қандайда бір араздықты қоздыру үшін әрекет етсе, не болмаса сол әрекетке шақырса, онда ол аталған бап бойынша жауапқа тартылады. Заңда солай жазылған.

Осы бапқа сай талай азамат істі болып, сотталған. Бірақ темір торға қамалғандардың көбі өзге ұлттың «ала жібін аттағаны» үшін жаза арқалаған өз қаракөздеріміз. Мақұл, қылмыс жасаса, заң бойынша жазалануы тиіс. Бірақ заң бәріне ортақ. Қылмыс жасағандардың бәрі ортақ заңмен жазалануы керек. Өзгелерге «бірлігіміз жарасқан көпұлтты ел екенімізді» білдіру үшін мемлекет құраушы ұлттың мүддесін аяққа таптай беруге болмайды. Қазақ ұлтының ар-намысына тиіссе елдегі өзге диаспора өкілдері де қатаң жазаға тартылуы керек.

Қазақ халқын қорлайтын, ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiне тіл тигізетін мұндай әрекеттерге тоқтау қою үшін заң қатал жұмыс істеуі керек. Заңды бұзғандар кешірім сұрады деп жауапкершілктен босатуға болмайды.

Тұтас ұлтты кемсітіп, ұлтаралық алауыздықты қоздырғандар үшін кешірім сұрау жеткіліксіз. Жаңағы азаматтардың бәрі заң бойынша жауапқа тартылуы керек. Қазақстан азаматы өз әрекетіне Қазақстан заңы бойынша жауап беруі қажет!

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 888
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1130
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1083