Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3057 0 пікір 5 Қаңтар, 2012 сағат 05:13

Қажымұқан Ғабдолла. Мың мен Жалғыз

...Кешегі кеще қалмақтан ғасырлар бойы зәрезеп болған кекті қазақ: «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап!» - депті...

Жалғыз сөзі - жаралы жауынгерге жан бітіріп, бір елге ұран болуға жарайтын халқымыздың адуын кеудесі мен қанжар тіліне кім оғын атпады, кім шоғын баспады?!.

Қазақтың жүздеген жылдарда тапталмаған кеудесіне, ондаған ғасырларда жат болмаған тіліне тәуелсіздік табалдырығында туылған жаһанданудың жарымжан ұрпағы -  жатты жармастырып, бөтенді басындырып қояды, деп кім ойлаған?!.

Тұрпаты тіленгіш, рухтан жұрдай, қуыс кеуде, компьютербасты балалардың елінің ертеңі мен жерінің желкені үшін тым ерте топырақ құшқан қаһарман ата-бабаларымыздың әлімсақта қурап қалған ғазиз сүйектерін солқылдатып, қайта-қайта аударып-төңкеріп, рухтарына тыным таптырмай, қарша бораған қарғыс пен намысты тілгілеген нәлеттің астында қалдырарын кім білген?!.

***   ***   ***

...Егер еркіндіктің жиырма қысында батыр бабаларымыздың жандарына жәннаттың төрін шынайы тілеп, Хақтың рақымынан сауға сұраған жалғыз қазақ болса, ол - қазақтың қайсар ақыны, ұлттың ұлағатты ұраншылы Мұхтар Шаханов.

...Кешегі кеще қалмақтан ғасырлар бойы зәрезеп болған кекті қазақ: «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап!» - депті...

Жалғыз сөзі - жаралы жауынгерге жан бітіріп, бір елге ұран болуға жарайтын халқымыздың адуын кеудесі мен қанжар тіліне кім оғын атпады, кім шоғын баспады?!.

Қазақтың жүздеген жылдарда тапталмаған кеудесіне, ондаған ғасырларда жат болмаған тіліне тәуелсіздік табалдырығында туылған жаһанданудың жарымжан ұрпағы -  жатты жармастырып, бөтенді басындырып қояды, деп кім ойлаған?!.

Тұрпаты тіленгіш, рухтан жұрдай, қуыс кеуде, компьютербасты балалардың елінің ертеңі мен жерінің желкені үшін тым ерте топырақ құшқан қаһарман ата-бабаларымыздың әлімсақта қурап қалған ғазиз сүйектерін солқылдатып, қайта-қайта аударып-төңкеріп, рухтарына тыным таптырмай, қарша бораған қарғыс пен намысты тілгілеген нәлеттің астында қалдырарын кім білген?!.

***   ***   ***

...Егер еркіндіктің жиырма қысында батыр бабаларымыздың жандарына жәннаттың төрін шынайы тілеп, Хақтың рақымынан сауға сұраған жалғыз қазақ болса, ол - қазақтың қайсар ақыны, ұлттың ұлағатты ұраншылы Мұхтар Шаханов.

...Әу баста-ақ, Мұхаңның таңдайына қазақтың тарыдай бағы жылбысқа қандай жабысып туылған тәрізді. Қай заманда да ұлттың басына күн туып, қылыштың өткір жүзі қыл мойынға тақалып, аждаһа ажалдың азуы көрінгенде ғана қазақтың нағыз наркескен жанашыры атойлап алға шығады.

Дастархан басында тәтті шоколад жеп, күрең шәй ішкен тоғайған пейілмен әркім-ақ «халқым» деп, өзеурей алады. Оттың басында, ошақтың қасында «Отан» жайында кім-кім де көсілтіп-көбіктетіп көкезулік көрсетеді...

Сөз бен істің құны - айтылуы мен істелуінде емес, оның қай жерде айтылып, қалай атқарылуында жатса керек. Жауға бармай, қылышыңды тасқа шапқаннан не пайда?

Үйінен шықпай, төбеге телміріп; дала көрсе, бұтының астынан бас көтере алмайтын жігерсіз ездердің қадым заманнан сатқындық сорпасына семірген сабалақ-күшіктері осы күнде «ширығып», екіжүзділік реңкіне икемделіп те алды. Бес тиындық құны жоқ жалған-тірлікте құлқынының құлына айналып, елін сатып, жерін саудалап, тілін таптап, дінін тәрк еткен опасыздық - кешегі ездердің бүгінгі сарқыты...

Екі күннің бірінде екі қатынның бірінің ез табуы қалыпты жағдай. Ал, ұлтының табанындағы шөгірді тісімен шығаратын от жүректі, күн кеуделі, дауыл рухты оғлан қалың қазақтың жүздеген жылдарғы берекелі батасымен ғасыр аралап қана дүниеге келеді. Қайран, жұртым, мұның өзін көп көріп, барды бағалай алмай, жақсыны саналай алмай, оғланына ор қазады...

Бәрібір, ұлтының ыстығына күйіп, суығына тоңатын бірбеткей батылдық пен ерен ерлік анық арыстардың ғана маңдайына жазылған тағдыр!..

***   ***   ***

...Сексенінші жылдардың басында Мұхтар Шахановтың есімі және оның бөлекше сарындағы уытты да қуатты жырлары маңғаз таулардың тасемшегін идіріп, байсалды бұйрат құмдар мен бойжеткен кербез төбелердің қол тимеген қойнын қытықтап оятып, қазақтың сайын даласында желдей есіп, ауыл-ауылды андыздап өтіп, әрбір іңкәр жүректің құпия қуысын пана қылды...

Мұқаңның отты өлеңдері тәтті ұйқыдағы ауылды суық су шашқандай шошытып оятып, артынша сексеуіл шоғының қызуындай буынға түсіп, балқытты-ай дерсің...

Қазақ сілкініп, сергіп сала берді...

Шахановтың арыны қатты рухты жырларының асау толқындары жалынды жүректердің дүрсілін үдетіп, тынышын қашырды.

Орыстың оспадар «әлдиі» алдап-сулап ұйықтатқан елдің нарау тартқан намысының тамырына, кенеттен, қызуы күшті қан жүгіріп, жаңбырдан соңғы жауқазындай лап ете түсті...

Ғасырлар аттап, жылдар қаттап, өзгенің болмысына бойұсынып бара жатқан Қазақ Елі ата-бабасынан тарқайтын тарау-тарау тарихының бар екендігін, жалған қаза болған күні маңдайы тиетін мынау қара жердің атам заманда өз бабаларының ат ойнатқан киелі топырағы болғандығын түйсінді...

Қазақты келте мылтығымен қорқытып дәніккен, «Көнбіс елге көсем болған» Кеңес үкіметі өр кеуде, ер мінезді Мұхтар Шахановтың айтқанына көніп, айдауына жүрмейтін бөлек болмысынан қатты шошынды...

***   ***   ***

...Осыдан тура 29 жыл бұрын, яғни, 1982 жылы орыс тілін аспандағы күнге балап, басқа тілді күлдей таптаған Кеңес үкіметі қазақтың бірбеткей ұлы, бірегей дарыны, жаңа кейіптегі адуынды Махамбеті - Мұхтар Шахановтың таланты алдында бөркін шешуге мәжбүр болды. Осы жылы қазақ әдебиетінде, оның ішінде, қазақ тілді ақындар мен жазушылар арасында тұңғыш Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын Мұхтар Шаханов иемденді.

Өзге ұлттан үретін иті мен сығатын битін де қызғанатын ормандай орыстың мұндай жоғары дәрежедегі сыйлығын сұрап та, сатып та алу мүмкін емес еді. Соқыр көріп, саңырау тыңдай алатын бұл шындық орыстың өктем заманында еш бұзылған емес. Саны көп, сиқыры мәлім өзбектің өзі де мұндай марапатты сыйлықты қанжығасына байлауды армандай да алмаған.

Мұндай несібені, тек, Мұхтар Шахановтай поэзияда қайталанбас құбылыс туғызып, ешкімге ұқсамайтын қуатты жырларымен өнердің талапай тартысында оқ бойы оза шапқан хас таланттар ғана тартып алатын.

Мұның өзі қай тілге аударылса да, Мұхтар Шаханов өлеңдерінің жасампаздық жалыны суымай, шалқар шабыты кемімейтіндігінің айқын айғағы болатын.

Бұл кезең - Мұхтар шығармашылығындағы тебінгісі енді ғана терши бастаған бесті тұлпардың алғашқы айналымдағы арыны сияқты су төгілмес жорға жүрісі еді. Шаханов өзінің алғашқы өлеңдер, балладалар мен поэмалар жинағы «Бақыт», «Ай туып келеді», «Қырандар төбеге қонбайды», «Сезім патшалығы», «Ғашықтық ғаламаты» атты кітаптарымен көрініп, қалың оқырманның назарын тың ой, дара талғамдарымен өзіне аударды. Ақынның асқақ таланты қазақ тіліне бақайшығына дейін қарсы адамдардың жасық жігерлерін құмдай езіп, бордай үкті...

***   ***   ***

...КСРО Жазушылар Одағы 1986 жылдың басында Мәскеудегі Әдебиетшілер үйінде Мұхтар Шахановтың шығармашылық кешін өткізуді жоспарлаған болатын. Қазақ әдебиетін өзге ұлттың құрмет төріне көтерген Мұхтардың бұл жеңісін орыстың классик ақыны, есімі күллі әлемге мәшһүр Евгений Евтушенко Мұқаңа арнайы телефон соғып, сүйіншілейді.

Осыған дейін одақтағы ұлт ақындарының ішінен тек Расул Ғамзатов пен Қайсын Кулиевке ғана көрсетілген мұндай айрықша құрметке қазақтың марқасқа жампозы Мұхтар Шахановтың балаша қуанбай, керісінше, аса бір тектілік болмыспен салқынқандылық танытқанына досы Евтушенконың өзі таң қалады.

1986 жылдың наурызына жоспарланған шығармашылық кешін Мұхтар Шаханов: «Кеш өткізетін көңіл күйім де, дайындығым да жоқ» - деп, мамыр айына қалдырады. Мамырда Мұқаң науқастаныңқырап қалып, кешті тағы да шегіндіріп, ақыраяғы желтоқсанға жеткізді.

Сол кездегі ұлт ақындарының ішіндегі тірі классиктердің көбінің қызығушылығын тудырған мұндай үлкен құрметті қайта-қайта кейінге қалдырып, кешеуілдеткен қазақ ақынының қылығына орыстың қарымды қаламгерлері түсінбей: «Шаханов неге сонша бәлсініп, шалқайып жүр. Мұндай құрметке қолы  жеткеніне қуанып, алып-ұшып жетпей ме екен, Мәскеуге?!.» - деп, наразылықтарын да білдірді.

Иә, ұлыорыстық сасық пиғылды шовинистер Мұхтар Шаханов сияқты қазақтың кеудесін ешкімге бастырмайтін марқасқасының табиғи тәкәппарлығы пен шынайы өрлігін түсіне алмай, дал болды.

Ал, М.Шахановқа керегі - Мәскеудің күлдібалам құрметсымағы емес, қазақтың намысы мен мүддесі еді. Қасиетті Арыстан Баб әулиенің киелі рухы мекендеген шерлі Шәуілдірдің аяқ астындағы кәкір-шүкірді елемей, алысқа қараған шабытты сайыпқыраны біреулер секілді құрғақ атаққа ұмтылмай, елінің ертеңіне елеңдеді...

***   ***   ***

1986 жыл... Мәскеу...

Бұл жылғы қыстың қабағы жылдағыдан қалыңырақ түйіліп, сүйегіңді сырқыратар ызғары айрықша өңмеңдеп тұрды.

Қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шахановтың шығармашылық кеші 19 желтоқсанның күні өтетін болды. Мұқаң «Кештің дайындық жұмыстарын жүргіземіз» деген Евгений Евтушенконың әдейі шақыртуымен Мәскеуге ұшып келді.

Ә дегеннен, Мәскеу қысының биылғы мінезі Мұқаңа мұздай тиді. Аспан сұрланып, аяз қаптаған көкмұз көшелер сұрғылт тартады. Әдетте, әдемі көрінетін алуан түсті Мәскеу ғимараттары қалың қар қымтанып, «кәрі құдаға» қырын қарайды...

Мәскеуде білім алып, қызметте жүрген қазақ азаматтары аз емес. Солардың бәріне: «Мұхтар Шахановтың жыр кеші желтоқсанның 19 күні өтетін болды» деген қуанышты хабар жетіп, жүректеріне ауылдағы анасының қаймақ құйған ыстық шайындай жылы тиді.

Кештің билеттері қолдан-қолға өтіп, кассалардың есігі таңнан кешке дейін қаз-қатар тізілген қазақтарға толды. Бірнеше күннің ішінде барлық билеттер сатылып кетті. Билетсіз қалып, білегін сыбанған жігіттер мен өкінген айнамкөздер де аз болмады. Бұл күндері Мәсеуде кездескен екі қазақтың әңгімесі Мұхтар Шахановтың кеші туралы болды.

Ақынның әр кітабын қалт жібермей қадағалап, өлеңіне құрметпен қарайтын Қазақ теледидары мен радиосының төрағасы Ғаділбек Шалахметов те Мәскеуге арнайы ат басын бұрды. Өзінің құрмет тұтатын ақынының шаруаларына қолғабыс беру ниетімен ертерек келген Ғаділбек 17 желтоқсан күні аяқ астынан Алматыға қайтатын болды. Абыржыңқы көңілмен, асығыстау: «Алматыда жастар көтеріліске шығыпты. Мені Колбин іздеп жатыр» - деп, Шахановпен қысқа қоштасып, асығыс аттанып кетті...

...Дауыл алдындағы өлі тыныштықтай үнсіз мүлгіп, сілтідей тынған Кеңес халқы 1986 жылдың қаһарлы желтоқсанында Алматыда қазақ жастары наразылыққа шығып, 70 жыл халықтың еңсесін езген билікке қарсы көтеріледі, деп мүлдем ойламаған болатын.

Бірақ, әккі Кеңес үкіметі ерте ме - кеш пе, мұндай төтенше жағдайдың, әйтеуір, бір орын аларын алдын-ала болжап, «Метел» операциясын әзірлеп, көтерісшілерді қырып тастауға сақадай сай тұрған еді.

Алматыдағы қазақ жастарының көтерілісін Мәскеудегі Орталық телеарна желтоқсонның 18 күні хабарлады. Бұл күні Қазақстан Елшілігінің қонақ үйіндегі М.Шаханов жайғасқан бөлмеде Мәскеудегі қазақ жастарының он шақты белсенді өкілдері бас қосып, туған жерінде ту көтеріп, атқа қонып жатқан бауырларына қалай үн қосып, демеу беруге болатыны жайлы қызу пікірталас құрып жатты...

Мәскеу көшелері түкірік жерге түспейтін аяз, үйлердің терезелері мұздан «көз ашпай» қалды. Сырт киімін шешпестен сіресіп отырған жігіттердің кірпідей түйілген суық қабақтары мен Мұхтардың ой үстіндегі салқын жүзі Алматыдағы желтоқсан аязын аядай бөлмеге әкеліп тығып жатты. Бөлме ішіндегі әңгіме қаншалық қызу болғанымен, бәрінің дауысында белгісіз бір сақтық бар болатын.

Үй ішіндегі көңілсіз әңгімені есікті асығып ашып, абыржи кірген КСРО Жазушылар Одағындағы Қазақстанның өкілі Роллан Сейсенбаев бұзып жіберді. Р.Сейсенбаев өзіне үдіре қарап тұрған жігіттерге сәлемнің ишарасын жасады да, М.Шахановқа тіке қарап: «Бүгін КСРО Жазушылар одағының басшыларын КОКП Орталық Комитетіне шақырып, шұғыл жиналыс өткізді. Жиналыста сіздің жыр кешіңізді кейінге қалдыру жайлы тапсырма берді. КСРО Жазушылар Одағы Басқармасының жауапты хатшысы Ким Селихов жолдастың: «Билет түгел таратылып кетті. Жиналған қалың жұртқа не уәж айтамыз?» - деген қарсылығына: «Мұхтар Шаханов жол апатына түсіп, аяғын сындырып алды. Осындай лақап таратыңдар» деп бұйрық берді» деді де, күрсініп, отыра кетті.

Жазушылар одағының өкілі жеткізген бұл хабары бірсәт үрейлі, үнсіз тыныштық орнап, артынша күбір-сыбыр көбейіп кетті. Сосын, жауырынды келген қоңырқай жігіт орнынан түрегеліп, отты көзімен айналасын бір шолып өтті де, сүйікті ақынына бірінші рет тіке қарап:

- Егер Орталық Комитет сондай емеурін танытса, айтқанын істейді. Мұқа, «үшеудегілер» сіз мінген машинаға басқа бір машинаны соқтырып, аяғыңызбен бірге бүйрек-бауырыңызды да ездіре салудан тайынбайды. Сондықтан, біз сіздің қасыңыздан кетпей, қорғап жүреміз, - деп, мәселенің маңыздылығын да, кесімін де өзі айтты.

Бұл сөздерді шала есітіп, жүзі күреңденіп отырған Мұхтардың ішкі дүниесі әлем тапырық күйге түсіп, өзімен-өзі әлек болды. Шынымен, туған топырағында ғасырлар бойы ұйқыда жатқан жанартаудың оянғаны ма?

Жүрек түкпірінен көгершіндей ұшып шығып, жырларының әр тармағына қонақтаған ұлттық рух пен намыс шынайы өмірден, өз халқының бойынан, расында, табылғаны ма? Іздегені - табылғандай, өлгені - тірілгендей, ақыл-естен айырылып отырғаны осы...

Мұхтарды жыр кешінің өтпеуі алаңдатып отырған жоқ. Ол Алматыда алаңға шыққан қазақтың батыр ұл-қыздарының болашақ тағдырына алаңдап, байыз табар емес...

***   ***   ***

Мұхтар Шахановтың өмірі толассыз, кескілескен қайшылықтарға толы болды. Әр қадамын өрге басып, ағысқа қарсы жүзген ақын тағдыр жолында кезіккен кедергілерді тас-талқан етіп бұзумен келеді.

М.Шахановтың Мәскеудегі жыр кеші қатардағы кеш емес, шешуші кезеңдегі салмақты шара болға тиіс еді. Кештің белгіленген уақытына бірнеше сағаттар қалғанымен, жоғарғы жақ әлі рұқсатын бермеді.

Шыдамы таусылған ақынның досы Евгений Евтушенко КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, КОКП Орталық комитетінің хатшысы Яковлевке телефон соғып: «Бұл кештің бүгін өтетінінен қалың жұрт хабардар. Шетелден көптеген журналистер, белгілі адамдар қатысайын деп отыр. Сондықтан, мұны кейінге қалдыруға болмайды. Барлық жауапкершілікті КСРО Жазушылар Одағының қоғамдық негіздегі хатшысы ретінде мен өз мойныма аламын», - деп, төтесінен айтады.

М.Горбачевпен ақылдасқан Яковлев, ақыры, Мұхтар Шаханов кешінің өз уақытында өткізілуіне рұқсат берді. Сөйтіп, Кеңес одағының тарихында КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшелері, Орталық Комитеттің хатшылары, тіпті, оның бас хатшысы М.Горбачевтің тікелей араласуымен өткен ең үлкен саясиландырылған кештің шымылдығы дер кезінде ашылды.

А.Фадеев атындағы Әдебиет үйінің мың адамдық залына мың төрт жүз адам кіріп, көрерменнің көбісі отыратын орындық емес-ау, аяқ тіреп тұратын ұлтарақтай жердің бұйырғанына қуанған кеш болды, бұл.

М.Шахановқа қалың көрерменнің арасында Қауіпсіздік комитетінің 60-70 қызметкері үш-төрттен бөлініп, жайғасып алғаны туралы ақпарат жетті. Әдебиетшілер үйінің сыртында үш жерден күзет қойылып, билетсіздерді жолатпады. Әдебиетшілер үйіне жақын маңдағы Краснопресненская мен Баррикадная метролары «техникалық ақау болуы себепті» сылтау етіліп, жабылып тасталды.

Осыдан кейін-ақ, Мұхтар Шахановтың әрбір кеші нағыз ұлтшыл, отаншыл, тілін сақтаған, діні берік, рухы мұқалмаған қазақтардың бас қосатын Күлтебесі болып қалыптаса бастады. Өйткені, ақын шығармашылығының күллі өзегі өрлік пен намыстан, рух пен шындықтан таза түзілген болатын.

Мұның дәлелі Мәскеудегі атышулы кештен бастау алды. Көрермендердің ортасынан Ербол Байжарқынов деген қазақ жігіті М.Шахановқа гүл бермек болып сахнаға шығып, екі жүз елу адамның қолы қойылған Мәскеудегі қазақ студенттерінің КОКП Орталық Комитетіне батыл наразылық, қарсылық білдірілген Үндеуін оқи жөнелді. Залда қарапайым киініп отырған қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Ерболды сахнадан сүйреп түсіріп, алып кетті. Қауіпсіздік комитетінің қалың «қасқырлары» болмағанда, кім біледі, жыр кешінің аяғы екінші желтоқсан көтерілісіне ұласып кетуі де әбден мүмкін еді.

Кеш соңында КОКП Орталық комитетінің бір қызметкері М.Шахановқа: «Сіз Орталық теледидардағы «Время» хабарына Алматыдағы желтоқсан оқиғасын қатысқан бұзақы жастарды айыптап сұхбат беріңіз. Алаңға шыққандар кілең маскүнемдер мен нашақорлар, деп айып тағыңыз!» - дегенде, Мұхаң оған қолын бір-ақ сілтеді...

Осы күннен бастап, Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан оқиғасының» ақиқаты үшін ұзақ жылдарғы күресі басталды...

Осы сәттен бастап, қазақтың тірі жүрген жалғыз қас батыры егеулі найзасын қолға алып, ереуіл атына ер салды...

Осы сағаттан бастап, М.Шахановтың өліспей - беріспейтін, шатаспай - шегінбейтін, мойындатпай - мойымайтын ұлы жорығы басталды...

***   ***   ***

Жаратқан Иеміз М.Шахановтың маңдайына ұлты үшін күресуді о баста жазған болуы керек, Мұхаң не істесе де, әрдайым поездың қос релісіндей, ұлт мәселесі қатар жүретін. Одан Мұхтар Шаханов қашып құтылмайтын және қашуға да талпынбайтын...

Тура екі жыл өткен соң, 1988 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан Жазушылар Одағының Пленумында Желтоқсан оқиғасы төңірегіндегі әділетсіздіктер туралы тұңғыш рет қаймықпай, қара қылды қақ жарып, жария айтқан Мұхтар Шаханов араға бір жыл салып, 1989 жылдың 6 маусымында Мәскеудегі Кремльдің Съездер Сарайында көптеген бөгеттерге қарамастан, «Арал проблемасын айтамын!» - деп, КСРО Халық депутатарының бірінші съезінің мінберіне алдарқатып шығып, тіпті, Бірінші хатшы М.Горбачевтың өзін жер сипатып, күллі кеңес аспанында найзағайдай жарқ еткен Желтоқсан оқиғасының шындығын жайып салды...

Шаханов сол отты найзағайдың жалынына өзінің күйіп кетуінің әбден мүмкін екендігін біле тұра, қазақ тарихынының жиырмасыншы ғасырындағы ең үлкен ерлікке бас тікті.

Шахановтың бұл жүректілігі - ғасыр басындағы аяулы Алаш зиялыларының ұлты үшін шыбын жанын оққа байлаған ерлігімен пара-пар қаһармандық еді. Егер осы кездегі саяси жағдай отызыншы жылдардағыдай қанжұтар қалпында тұрса, онда Шаханов бірінші түнде-ақ қамалып, Мағжан шеккен шердің дәмін татар еді.

Әйткенмен, парасатты Қадыр Мырза-Әлі айтпақшы: «Қазақ бәрін кешіреді, тек, тірі жүргеніңді кешіре алмайды» екен, Мәскеудің Кремльін күңіреткен Мұхаңды айдың күні аманында Есілдің сол жағалауына жаутаңдатып қойдық...

***   ***   ***

...1989 жылғы 6-маусым күні Кремльдің Съездер сарайындағы Мұхтар Шахановтың бүкіл Кеңестер Одағын дүрліктірген сөзінен соң, шұғыл түрде М.Горбачевпен алдын-ала келісілген, көрнекті ақын Қадыр Мырзалиев басқарған комиссия Алматыда құрылды. Желтоқсан оқиғасының нағыз шындығын ашуға құлықсыз тұлғалардың біразы тұмсығын тіреген бұл комиссияны әділетсіздіктің тағы бір қадамы екенін толық түсінген Шаханов баяғы көзсіз батырлығына басып, Горбачевтің алдын тағы да кесіп өтіп: «Комиссия құрамына желтоқсан оқиғасына тікелей кінәлі адамдар әдейі енгізілген: Бұл мәселеде шындыққа жету үшін тек КСРО Жоғарғы Кеңес мүшелері мен КСРО Халық депутаттарынан арнайы комиссия құру қажет» деп байбалам салып, қазақты жуас түйедей жүндеп үйренген Үкіметтің үрейін ұшырды.

Ұлтының болашағы үшін бел шеше кірісіп, бетінен қайтпаған батыр ақын мұнымен тоқтамай, академик Андрей Сахаровтың ұсынысымен Желтоқсан оқиғасын тексеретін, КСРО халық депутаттарынан арнайы комиссия құруды жақтаған хатқа 110 депутатқа қол қойдырып, М.Горбачевты тықсыра түсті. Сөйтіп, бірінші комиссияға қосымша 8 қазақстандық КСРО халық депутаттарын қосымша кіргізген, М.Шахановты тең төраға етіп бекіткен екінші комиссия дүниеге келді.

Барлық ақыл-ойы мен қайрат-жігерін Желтоқсан шындығының ашылуына арнаған Мұқаң бұл комиссияда да ұлтшыл, намысты  тұлғалардың тым аздығын бірден аңғарды.

Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесі бекіткен қаулының: «Егер комиссия қажет деп тапса, жұмысшы-эксперт тобын құруына болады» деген тармағын пайдаланып, Мұхаң жазушылардан, ғалымдардан, заңгерлерден, саясаткерлерден, қоғам қайраткерлерінен, ішкі істер саласының зейнеткерлерінен құрылған, жалпы саны 250 адамға жететін 8 жұмысшы тобын құрды.

Желтоқсан көтерілісі ауқымында Ішкі істер министрлігінің, Қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның, әскер күштерінің, жасақшыларға арнайы темір таяқтар әзірлеген зауыттардың жасаған заңсыздық әрекеттері мен жоғарғы билік басындағылардың әпербақандық қылықтарын зерттеген бұл 8 жұмысшы тобы бас-аяғы бір жарым айдың ішінде көптеген әділетсіздіктердің бетін ашты.

Мұхаңның өзі тең төрағалық еткен бұл комиссияның әр басқан қадамы биліктің қатаң бақылауында болумен қатар, оның тынышын кетіріп, құтын қашырды.

Ақырында, «жыланның аяғын санаған» саясаткерлердің бар «өнерін» салуымен бұл комиссия жабылып қалды. Ал, қазақты қойдай иіріп, қояндай үркітіп үйренген Кеңес билігі уақытша мақсатына жетті.

Желтоқсан шындығын бүкпесіз жеткізе бастаған комиссияның жабылуымен ұлт тарихындағы ұлы көтерілістің күйе жағылған күйінде қалуын ақиқат өлшемі мен азаматтық арына сидыра алмаған Мұхтар Шаханов алған бетінен қайтпай, шындыққа жетудің соны соқпағын іздеп, жаңа сүрлеуін салуға кірісті.

Мұхтар қазақ теледидарының белді журналисі Қажы Қорғановпен жолығып, ұлт тағдыры жолындағы ойлары ортақтасқан соң, Желтоқсан шындығын ашатын комиссия жөніндегі жағдайды қалың елге жеткізудің тиянақты жоспарын құрды. Қажы Қорғанов өзі жүргізетін телеарнадағы «Депутаттық канал» деп аталатын тікелей эфирге екі-үш депутатты шақырып, солардың біреуінің келмей қалуын сылтауратып, оның орнына М.Шахановты шығарып, ұлы мақсатқа жетпек болды.

Ұлты үшін күрескен асыл азаматтардың айы оңынан туып, бүкіл Қазақстанға тарайтын телеарнаның тікелей эфирінен М.Шаханов желтоқсан жайлы бар шындықты жайып салды. Темірді қызуында соққан Мұхаң келесі бір белгілі журналист, ұлтшыл азамат Құдайберген Тұрсыновтың көмегімен тікелей эфирдің тізгініне екінші рет қол жеткізді...

Мұхаңмен қайта оянған қазақ жастары екінші желтоқсанның пісіп-жетіліп келе жатқанын түсінді. «Мұхтар Шаханов бастаған қазақтың ұлтшыл азаматтары Екінші желтоқсан көтерілісін ұйымдастыруы мүмкін» деген зілді хабар төбесінен суық су құйғандай тиген М.Горбачевтың: «Жарайды, М.Шаханов Желтоқсан оқиғасын тексеретін комиссияны қайтадан құрсын. Қазақстан азаматтарынан қалаған адамын ендірсін, қарсы болмаймын» - деп, уәде беруіне тура келді.

Ұлтын қорлауға жол бермеген Мұхтар Шаханов Желтоқсан шындығын айқындау туралы комиссияны төртінші рет қайта құрғызып, оның құрамына Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Т.Бұрабаевты, заң ғылымдарының кандидаты, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті заң факультетінің деканы М.Сәрсенбаевты және осы университеттің доценті, заңгер Ю.Дуберман мен Советтік қылмыстық процесс кафедрасының аға оқытушысы Н.Жақсымбетовты, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы И.Тасмағамбетовты, Алматы сәулет-құрылысы институтының аға оқытушысы Н.Фокинаны, Қазақ КСР халық депутаты С.Әбдірахмановты, Қазақ КСР Президенттік кеңесінің кеңесшісі С.Қасымовты енгізді. Мықтылармен қатарын толықтырған бұл комиссия Желтоқсан көтерілісінің қанды сипат алуына кінәлі 44 адамды тізіп көрсетті.

Бірақ, кенеттен, Қазақстанның басшылығынан КСРО Халықтық бақылау комитетінің төрағалығы қызметіне ауысқан Г.Колбин М.Горбачевті 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасын тексерген комиссияның шешімін жоққа шығару, қорғау мақсатында КСРО Қауіпсіздік комитеті, КСРО Ішкі істер министрлігі, КСРО Бас прокуратурасы қызметкерлерінен арнайы комиссия құрғызуға көндіреді...

Бұл қадам - М.Шахановтың жүрегі тоқтағанша өшпейтін рух отына май құйғандай маздата түсті. Шындықтың аспанында бұлт тұрғызбайтын Шаханов дауылы қайта қозды.

Мұхаң дереу КСРО Президенті М.Горбачевқа, КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А.Лукьяновқа ашық хат жолдады. Шындықты қорғап шыңғырған ақынның хаттары бірнеше ақпарат құралдарында жарияланды. КСРО халық депутаттарының төртінші съезінде М.Шахановпен ұзақ сұхбаттасқан А.Лукьянов Горбачевті теріс бағытынан қайтаруға уәде берді. Келесі күні А.Лукьянов М.Шахановқа хабарласып: «Жолдас Шаханов, Сіз жеңдіңіз. Қоғамға өзіңіз сияқты қайсар адамдардың қажет екенін тағы бір рет дәлелдедіңіз. Енді Сіз басқарған Парламенттік комиссия шешіміне Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің және Бас прокуратураның тұжырымы қарсы қойылмайтын болды. Осыған мен Михаил Сергеевичті көндірдім», - деп ағынан жарылды...

***   ***   ***

Жасыратыны жоқ, қазақта ақындар аз емес, таланттар да толып жатыр. Дегенмен, адамдығын ақындығына жығып бермегендер мен талантын таза қалпында сақтай алғандар бірен-саран ғана...

Қазақта шығармалары әлемнің 50-ден астам елдерінің тілдеріне аударылған, өлеңмен жазылған бірнеше романдары ЮНЕСКО-да дүркін-дүркін талқыланған, мұхиттардың мыңсиқырлы мүйісіндегі мәңгілік жұмбақ Жапония елімен бірге әлемдік деңгейдегі 20-дан астам халықаралық академиялардың, білім ордаларының академигі, докторы, профессоры атанған һәм ақын, һәм қайраткер жалғыз-ақ, ол - Мұхтар Шаханов.

Қазіргідей ойлаушы мен жазушының құны көк тиынға татымайтын тар заманда зиялы топты жарып шығып, зынданның күлімсі иісінен қаймықпай, қазақ ұлтының қамын (өзінің, баласының, отбасының нәпақасын емес) ойлап, мұқым қазақтың мәңгілік мүдделері жолында Желтоқсан ақиқаты үшін атойлы айқастарда басын ажалға тіккен де - Мұхтар Шаханов.

Табаны тартылып, құрдымға кетіп бара жатқан Арал теңізінің қасіретін әлемдік деңгейге алып шығып, дер кезінде дабыл қаққан да - Мұхтар Шаханов.

1926 жылдан бастап, 62 жыл бойы тойлауға тыйым салынған «Наурыз» мерекесін ұлтымызбен қайта қауыштыруға мұрындық болған да - Мұхтар Шаханов.

1989 жылы 22 қыркүйегінде Қазақстанда қазақ тілімен қатар, орыс тілі де мемлекеттік мәртебе алмақшы болған кезде өткірдің жүзіндей жарқ етіп белсеніп шығып, таң атқанша тыным таппай, әрбір депутатпен жеке-жеке сөйлесіп, әңгімелесіп, иландырып, ана тіліміздің абыройын сақтап қалған да - Мұхтар Шаханов.

Кеңес одағының «ақ дегені - алғыс, қара дегені - қарғыс» болып тұрған шағында шындықты шімірікпей айтып, кескілесе күрескен де - Мұхтар Шаханов...

Ақырында, Мұхтар Шахановтың күллі ғұмырының бағасы - бір замандағы жоңғар шапқыншылығынан қазақты аман алып қалған батырлардың ерлік дәрежесімен пара-пар. Бұрынғы батыр бабаларымыздың жасампаздығы бүгінде жалғыз Мұхтардың ғана қабағына түнеп, жүрегіне орныққан тәрізді...

Ажалдан қаймықпайтын, құрбандықтан қорықпайтын, байлыққа қызықпайтын, мансапқа құламайтын, тексіздікке төзбейтін, жемқорлықты жек көретін, ұлтына ұлтарақ болуға әзір нағыз адал перзенттік қадір-қасиет әзірше Мұхтар Шахановтан басқаның талайына табан тірер емес...

Қазақтың қайсар ақыны М.Шахановтың ұлт үшін тасты жарып, тауды тескен; отты жалаң аяқ кешіп, оқты жалаң төсімен тосқан ерлігі қалың қазақтың жадында мәңгілік сақталатын болады...

...Егер қазақтың қадым тарихында ұлылар қоныстанған құт-мекен болса, қазір олардың қатарына лайық жер басып жүрген жалғыз қазақ бар.

Ол - Мұхтар Шаханов!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572