Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 3615 9 пікір 6 Қазан, 2020 сағат 12:54

Неге қазақтың саяси белсенділігі төмен?

Әл-желіде қырғыз демократиясына сүйсініп қарайтындардың да, оны даттаушылардың да пікірін оқып шықтым. Рас, меніңше айырқалпақтардың демократиясын, олардың әділдік жолындағы арпалысын, саяси белсенділігін, елдің болашағы үшін жан алып, жан берісетін күрескерлігін мойындауымыз керек.

Бұл қасиеттер біздің қазіргі қазақ ұлтында жоқ. Біздің билік халықтан ықпайды. Саяси ұйымдар құрып, елдің көзін ашуға талпынатын тұлғаларды да, мүдделі топтарды да таба алмайсыз.

Саяси тұлғалардың бәрінің қадірі кеткен. Кетірген. Зиялы қауым бұғып қалудың шеберіне айналып алды. Олар өйткені екі тарапқа да (халық, билік) жағынғысы келеді. Айғайшылардың білімі шамалы. Олар тек саяси күрескердің образында жүрген әртістер ғана. Нақты бағдарлама, нақты идея жоқ болған соң, алаңға шығудан да опа таппайсыз. Мәселен, "кредитті кешіре ғой" деп кеңірдек жырту "демократиялық мемлекет болуға" талпыныс емес. Болмаса, интернеттің арғы жағында отырып алып, "ит айтақтау" да күрескерлік саналмаса керек.

Қырғызды айтамыз деп отырып өзімізге ойысып кеттік. Біз бұл күйге қалай түстік? Неге қазақтың саяси белсенділігі төмен? Неге өз құқығын талап ете алмайды? Себебі, қазіргі қазақ мемлекеті "Кітапхана" мен "Ақорда" иелерінің һәм соның айналасындағы жүзге тарта "тегі қазақ төрелердің" шексіз құқығын қорғау мақсатында ғана құрылған. Тәуелсіздік алғалы бері барлық жұмыс осы жүйені сақтап тұру мақсатында ғана жасалып келеді. Қырғызда осыған дейін бес рет "оқ атылған" болуы мүмкін, сол "бес оқ" үш президентті тақтан тайдыра салды. Ал қазақтың мәселесі "бес оқпен" шешілмейді. Бізде түбі бір "бомба жарылады"... Біріншіден сол бомбаны жармаудың жолы қазіргі жүйені сақтап қалу емес екенін жоғары жақтағылар түсінсе ғой дейсің.

Ескі жүйеге жабысқанның орнына таза ғылымға, білімге, заманауи технологияларды игеруге, ұрпақ тәрбиесіне, тым құрығанда осыдан он-жиырма жылдан кейінгі болашағымызға инвестиция салуға талпыныс жасалса ғой...

Рас, отыз жыл бойы билікті қорғап тұратын көзге көрінбейтін қамал тұрғызып тастадық. Ол қирайтын қамалдан қазақтың болашағына пайда бар ма? Әрине, жоқ. Сондықтан биліктің де, халықтың да ойланатын кезі жетті.

Қанат Әбілқайырдың жазбасы

Abai.kz

 

9 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052