Дәурен Қуат. Нұртөре және біз едік
Кеш естіп, кем мән беріп, кешігіп жүретін әдетіммен еңсегей бойлы ер жасы - елуге келген аға-дос, әріптес-ұстаз, білікті бас редактор, белгілі публицист Нұртөре Жүсіп жайлы айтпақпын. Нұрекең елуге былтыр келіп қойыпты. Мейлі ғой, елубірге дейінгі елу - Нұртөренікі. Қала берді қадірлі сөзімізді біз неге адамның мерейтойында ғана айтуымыз керек? Мәртебелі адам - мерейтойсыз да мәртебелі. Оның үстіне «осындай жасқа келіп едім, мен туралы бірдеме демейсіңдермеге?» біз білетін Нұртөре мырза да зәру емес. Хош, сонымен негізгі әңгімемізге көшейік.
Кеш естіп, кем мән беріп, кешігіп жүретін әдетіммен еңсегей бойлы ер жасы - елуге келген аға-дос, әріптес-ұстаз, білікті бас редактор, белгілі публицист Нұртөре Жүсіп жайлы айтпақпын. Нұрекең елуге былтыр келіп қойыпты. Мейлі ғой, елубірге дейінгі елу - Нұртөренікі. Қала берді қадірлі сөзімізді біз неге адамның мерейтойында ғана айтуымыз керек? Мәртебелі адам - мерейтойсыз да мәртебелі. Оның үстіне «осындай жасқа келіп едім, мен туралы бірдеме демейсіңдермеге?» біз білетін Нұртөре мырза да зәру емес. Хош, сонымен негізгі әңгімемізге көшейік.
1996 жылы мен сыншы-әдебиетші Бақыт Сарбалаевтың еларалық «Қазақ елі» газетінде тілшілік қызметте едім. Редакциямызға күн аралатып әртүрлі басылымдар келіп тұрады. Арасында «Жас Алаш» газеті де бар. Жалпы «Жас Алашқа» творчество адамының мінез-құлқы, табиғаты тән. Кейде жасып, жүдеп, ұнжырғасы түсіп жүреді. Кейде көкке шапшиды. Сол кез - «Жас Алаштың» жүдеулеу кезі. Екі бетінде екпеттеп екі мақала жатады. Етек-жеңі болса да олпы-солпы. Бала жастан серік тұтқан аяулы газетіміз еді - амал жоқ, ашамыз да жабамыз. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде «Жас Алаштың» беті жыбырлай бастады. Қиып түсетін қысқа материалдардың қарасы жиірек көзге шалынып, тақырыбы бұрынғы тар кезеңнен біртіндеп асып жатты. «Жас Алаш» - журналистердің жаңа легімен бірге оқырман қауымның жаңа буынын жасап отыратын газет. Байқаймын, газеттің саркідір сақа оқырмандарының қатары жастармен, жас болғанда уайымшыл, ойлы, сергек жастармен көбеюге бет алыпты. Ниеттес, пікірлес жігіттер қайда барсақ та қолымызда шиыршықтала бүктелген «Жас Алашты» ұстап баратын болыппыз. Талқылап, таласатынымыз да - «Жас Алаштың» тақырыбы. «Қазақ еліндегі» қаламгер ағаларым да: «Ой, несін айтасың, «Жас Алаштың» бағы қайта жанды! Екі тізгін бір шылбыры мықты редактордың қолына тиді», - деп отыратын-ды. Содан бір күні «бұл не керемет екен» деп салып ұрып «Жас Алашқа» барайын. Танитыным - «Әдебиет және мәдениет» бөлімінің меңгерушісі Роза Қараева. Жанарының оты рентген сәулесі сияқты ет пен теріңді қойып сүйегіңді сүзіп өтетін Роза көзіме көзін қадап аз отырды да, жетелеген күйі бас редактордың кабинетіне сүңгітіп жіберді. Төрдегі қаракер жігіттің Нұртөре екенін бірден таныдым. Бірден таныстық. Бірден тіл табысып, бірден қызмет жөнінде келісіп, «Әдебиет және мәдениет» бөлімінің тілшісі болып, Қараеваның қарауына жіберілдім. Сөйтсем, Нұртөренің кадр таңдау саясаты осылай екен. Аз сөйлеседі, азын-аулақ сұрақ қояды. Бітті шаруа. Сен - «Жас Алаштың» тілшісісің. Өйткені, сұңғыла редактор сенің қайткенде «Жас Алаштың» есігін қағатыныңды алдын ала біліп, жазу-сызуыңмен сырттай танысып, есіміңе ен тағып қоятын көрінеді. Сол «айласымен» Нұрекең бар-жоғы екі үш айдың ширегінде «Жас Алаш» газетінде жаңа команда жасақтап үлгерді. Біздің алдымыздағы буын да шетінен сақпанын салмақтап ататын сайыпқырандар еді. Бірақ заман жаңа төлежіген жас талапты қажет етіп тұрған шақ. Ішкі цензурадан аман, Совет өкіметінің колхоз, совхозы мен партия тұрмысын жазып, қаламын қара сияға батырып малтықпаған толқын қазақ баспасөзінің бетіне тулап шығуы керек-тұғын. Қазақ журналистикасында сондай тың толқынның Толағайдай ағасы Нұртөре Жүсіп болды. Бүгінде есімдері азды-көпті танылып, интеллектуалдық орта мойындаған, қазақтың саяси-әлеуметтік, рухани-әдеби ойларының көшбасына іліккен Талғат Ешенұлы, Әмірхан Балқыбек, Дидар Амантай, Сәкен Сыбанбай, Роза Қараева, Айгүл Аханбайқызы сияқты жастар 1997 жылдары Нұртөре Жүсіп басқарған «Жас Алашта» топтасты. Баспасөзден қол үзбегенінде журналистиканың жұлдызына айналатын Абылай Сабдалин бауырымыз да әлгі дүбірлі топтың алысқа дүрбі салған оғыландарының бірі еді.
...«Көкте - Күн, жерде - «Жас Алаш!» Осындай ұранмен біз, жастар, жалаң қағып жұмысқа кірістік. «Жас Алаштың» әр нөмірі шыққан күн - мереке. Әр нөмірде - қоғамның буырқанған өмірі. Жаңа нөмір жария көрместен бұрын Нұртөренің кабинетіне жиналамыз. Жиналысымыз редакция ұжымының кезекті лездемесі емес, жалпы ұлттың сиязы сияқты. Айтпайтын, ақтармайтын мәселеміз аз. Бізді сөйлетіп қойып бас редактор бақылаумен ғана отырады. Орнықты ой, ұтымды ұсынысқа келгенде бас редактордың басы изеңдеп кетеді. Кейіннен аңдасам: бұл да бір тәсіл екен. Сонда Нұрекең жастар сөйлесін, сөйлеп үйренсін, азат ойға ұмтылсын, ешкімнен, ешнәрседен қысылмасын деп кеңдік жасап бағыпты. Себебі, саяси қысымдардың салдарынан қымтанып қалған қазақ ойы алғыр жастардың аузындағы пікірмен ашық алаңға шығуы қажет еді. Соны қапысыз ұққан бас редактор өндірдей жас ұл мен қыздың өзегін тырмалаған жайттың жарық көруіне мейлінше мүмкіндік беріпті. Нұртөре Жүсіптің «Жас Алаштағы» басшылығы қысқаша қайырғанда мынандай еді:
- Жазған мақалаңды албаты күзеп-түземейді. Жазу стиліңді өзгертпейді.
Бас редактордың бұнысы бізді еркін жазуға жетеледі. Жазу өнеріндегі қолтаңбамыздың қалыптасуына септігі тиді.
- Редакциядағы бөлімдердің іс-жоспарына жөнді-жөнсіз сұғынбайды. Басекең «қамшыны бас» деген соң әр бөлім өзін дербес редакция секілді сезінді. Бөлімдер арасында шынайы бәсекелестік пайда болды.
- Экономика бөлімінің тілшісі әдебиет жөнінде жазып, әдебиет бөліміндегі «жас бөрі» саясат тақырыбында әлденені қозғаса, «қой» деген жоқ. Ақырында бөлімдерде адасып жүргендер арналы ағысын тапты.
- Редакциямыздағы авантюристер жасайтын «трюктердің» бәріне түсіністікпен қарады. Газеттің соңғы бетіндегі мақалалар (тегі, біздің оқырман қолына тиген газеттің ең соңғы бетінен бастап оқиды ғой) алдыңғы, алдыңғы беттегі сірескен дүниелер аяққы бетке көшті. Кейде оларды бас редактордың келісімінсіз нөмірден қағып та тастайтынбыз. Жиналыстарда жорта білмегенсіп Нұрекең: «Әлгі бір материалдар қайда кеткен?» - деп сұрап қояды. Біз жамырап «жарамады» дейміз. Сөйтіп, тұтас ұжым болып жарамсыз дүниелерді жау шапқандай қылдық. Ұжым жаман, жарамсыз, талғамсыз дүние жазбауға үйренді.
- Қазір ғой, журналистер үшін кез келген шенеунікті шенеп тастау - шекілдеуік шаққанмен бірдей. Тоқсаныншы жылдары атқарушы билік дегеніңіз жалына қол тигізбейтін арда күрең асаудың өзі еді. Соларды қазақ баспасөзінің тарихында алғаш ауыздықтағандардың бірі «Жас Алаш» болды. «Жас Алаш» саясат пен биліктегілерді қазақы пікірмен есептестіріп, сынға иліктірді. Көшеде көп қолданылатын тілмен айтқанда - «сындырды».
- Редакцияның айналасын «күл-қоқыстан», аспандағы ай мен күнді күнде көріп, күнде жазатын авторлардан тазартты. «Жас Алашты» жаз жайлап, жыл қыстаған жазармандар айқай-сүреңмен аттанып, ауа алмасты, бодандықтың тұсында бойын көрсете алмаған қаламгерлер бас редактордың кабинетіне жиі бас сұғып, бізбен де емен-жарқын араласып кетті. Нұрекең «Жас Алаштың» жап-жас ұжымын қазақтың оқымысты, парасатты, зиялы қауымының қатарына іліктірді.
Бас редактордың бағыланы бағбанға ұқсайды: газеттің әр қызметкерінің жандүниесін түлетіп, көңілін өсіріп, рухын көтеріп, еркелетіп, ақылдасып, ширықтырып, шынықтырып отырады. «Жас Алаштағы» Нұрекеңде осы қасиеттің бәрі де болды. Ұранымыз: «Көкте - Күн, жерде - «Жас Алаш» болса, сол ұранды ту еткен бір кездері Нұртөре және біз едік.
Уақытты уыста ұстау мүмкін емес. Уақытпен бірге бәрі де өзгереді. Ұмытылады. Нұртөренің тұсында «Жас Алаштың» жүзін жайнатып, алапатын асырған журналистер шоғыры да ұмытыла бастаған сияқты. Ештеңе етпейді. Мен ол «Жас Алаштың» ұлттық мазмұнын киелі сахнада бір-ақ рет қойылған құдіретті шығармаға ұқсатамын. Ол өз кезеңінің драмасын: трагедиясы мен комедиясын, трагикомедиясын әйгілеп берді. Енді біз - «Жас Алаштың» оқырманымыз. Кезінде өзіміз атой салған беттерді сағынышпен парақтап шығамыз. Нұрекеңді ойлап қоямыз. Елуге келіпті. Жоғарыдағы жолдарды, бірақ, елуге келген ердің құрметі үшін ғана емес, білікті бас редактордың өнегесі кейінгі ұрпаққа тәлім болар деген ниетпен жаздық. Қалағанын жұрт қабыл тұтар, қаламаса - сөз өзіміздікі. Жадымызға түйгеніміз бен білгенімізді айттық, жаздық, осымен тәмам әңгіме.
«Абай-ақпарат»