«Тіл мәдениеті» ме, «сөз мәдениеті» ме?
Әдетте «тіл мәдениеті» мен «сөз мәдениеті» терминдері бірінің орнына бірі қолданылып жататытын жиі байқаймыз. Дұрысында бұл екі атаудың мағыналық, қызметтік жүгі бір ме, зерттеу міндеттері бір ме, өзара айырмашылықтары бар ма деген сауал туады.
«Тіл мәдениеті» мен «сөз мәдениеті» ұғымдарының мазмұнында, қарастыратын мәселелерінде ұқсастық болғанымен, айырмашылық жоқ емес. Айырмашылық «тіл» («язык») мен «сөз» («речь») ұғымдарына байланысты туындайды. Айта кетерлік жайт, ХХ ғасырдың басында Ф.де Соссюр тіл және сөз ұғымдарын ажыратып, екеуі бір бүтін емес, екеуінің зертеу объектілері, ерекшеліктері екі басқа екенін анықтайды. Осы ілім бойынша қазақ тіл білімінде де тіл мәдениеті және сөз мәдениеті саласы ажыратылып қарастырыла бастайды.
Қазақ тіл білімінде тіл мәдениеті пәнінің зерттеу объектісі мен мақсат-міндетерін айқындаған ғалымдардың алғашқыларының бірі – М.Балақаев болса, тіл мәдениеті ілімінің теориялық әрі практикалық мәселелерін әлеуметтік-қоғамдық сұранысқа сәйкес зерттеген ғалымдардың қатарына Р.Сыздық есімін ерекше атауға болады. Ал тіл және сөз мәдениетін айырмашылығын, оның коммуникативтік, прагматикалық, лингвокогнитивтік, лингвоэкологиялық, этикалық аспектілерін, сонымен қатар ғылыми-nеориялық негіздерін алғаш рет қазақ тіл білімінде айқындап берген ғалым – Нұргелді Уәлиұлы.
Профессор Н.Уәлиұлы «тіл мәдениеті» ұғымы орыс тіліндегі «культура языка», ал «сөз мәдениеті» ұғымы «культура речи» ұғымымен парапар екенін көрсетіп, тіл мәдениеті «дұрыстық» мәселесін қарастыратын сала екенін нақтылады. Тіл білімінде «дұрыстық» ұғымы ортология деп те аталады. Ортология – норма туралы ілім. Қазақ әдеби тілінің тілдік нормасы әртүрлі құралдар арқылы анықталады. Мысалы, жазу нормаларын кодификациялайтын ортологиялық құралдарға «Орфографиялық сөздікті», әртүрлі орфографиялық, пунктуациялық анықтағыштар мен ережелерді, ал ауызша сөз мәдениетін көтеретін ортологиялық құралдарға «Орфоэпиялық сөздікті», «Орфоэпиялық анықтағышты» т.б. жатқызуға болады. Сондай-ақ тіл білімінің барлық салалары (фонетика-фонология, лексикалогия, ономастика, стилистика, терминология т.б.) бойынша жасалған сөздіктер, ережелер, академиялық сипаттағы еңбектер – тіл мәдениетін көтеретін базалық құралдар. Тіл мәдениеті көптеген ғылыми-практикалық мәселелерді қамтиды. Тіл қолданысындағы уәжді, уәжсіз ауытқуларды нормалау үшін олардың дұрыс болуға тиіс базасын айқындайды. Тіл мәдениеті өзегі – норма. Норма тілдің жүйесі мен құрылымына, заңдылығына иек артады. Ал сөз мәдениеті – сөздерді орынды, өз мағынасына сәйкес қолдану, сөйлемдерді дұрыс құрастыру, емле ережелерін сақтау, яғни сауатты жазу, әдеби тілдің әр жанрына сәйкес стильдік бірліктерді дұрыс қолдану, әдеби тілдің грамматикалық, лексикалық, стилистикалық, орфоэпиялық, орфографиялық нормаларын меңгерумен қатар, бейнелеуіш, көріктеуіш құралдарды, амал-тәсілдерді қарым-қатынас жасаудың мақсаты мен мазмұнына сәйкес қолдана білу дегенді білдіреді. Түйіндей айтқанда, сөз мәдениеті тіл біліміндегі әр сала бойынша жинақталған білім бойынша іске асады. Мысалы, фонетика саласы бойынша – сөзді дұрыс айту үшін орфоэпиялық заңдылықтарды білу шарт. Сөйлеуде буын үндесімі мен дыбыс үндесімі дағдысын қалыптастыру керек. Жалпы айтқанда, сегментті (фонетика-фонология) және суперсегментті (интонология, акцентология) бірліктерін жөнімен қолдану.
Лексикология бойынша айтатын болсақ: а) әр сөздің мағыналық реңктері бойынша қолдану. Кез келген сөздің (бейтарап сөздер басқа) реңктік сипаты болады. Айталық, адамға немесе жануарларға байланысты айтылатын сөз, деректі не дерексіз затқа байланысты айтылатын сөз, жалпы не жалқылықты білдіретін сөз т.б. Мысалы, мекендейді сөзі жануарға, ұлт немесе этносқа қатысты айтылады. Ал жеке адамға қатысты бұл сөз қолданылмайды; ә) мәндес (синоним) сөздерді орнымен қолдану (тәртібін, қолайын, реттілігін ескеру). Мысалы, адамның жасына байланысты айтылатын жасар, жастағы, жасқа келген, жасаған деген синонимдік қатарлардың қолданымдық нормасы әр басқа. Адам жасының бірден жиырмаға дейінгі кезеңін сипаттағанда бір жасар, он екі жасар, жиырма жасар деуге болады, ал қырық жасар, сексен жасар деп қолдану – нормадан жөнсіз ауытқу. Отыз бен елу-алпыс жас аралығындағы адамдарды елу жастағы, елуге келген деп, жас шамасы едәуір ұлғайғанда, тоқсан жасаған, жетпіске келген деп айтқан дұрыс деп саналады; б) тұрақты тіркестердің құрамдық компоненттерін (сөздерін) қысқартпай не өзге сөзбен ауыстырмай, мәтіндегі орнын тап басып қолдану; в) термин сөзді өз мағынасы мен дефинициясына сәйкес қолдану; г) көне, сирек қолданылатын сөздердің мағынасын анық білмей қолданбау; ғ) сөздің денотаттық, коннататтық, сигнификативтік мағынасына сәйкес қолдану т.б.
Синтаксис бойынша – ауызша және жазбаша тілдің жүйесіне сәйкес синтаксистік құрылымдарды және сөздердің байланысу амалдарын дұрыс қолдану.
Морфология бойынша – жалғау мен жұрнақтардың негізгі сөзге беретін реңктік мағынасын ескеру т.б.
Қорыта айтқанда, тіл және сөз мәдениеті ұғымдары – парадигмалық (тіл мәдениеті) және синтагмалық қатынастағы (сөз мәдениеті) қарым-қатынас үшін қажетті қолданыстарды зерттейтін сала. Қазіргі кезде сөз мәдениеті пәнінің өрісі кеңейіп, лингвоэкология, когнитивті лингвистика, этнолингвистика сияқты салалармен тығыз байланыста қарастырылып, мәдени-ұлттық кодты ашу, яғни жабық кодты, ашық кодқа айналдыру мәселесімен байланыста қарастырылады.
Әміржанова Н.С,
ф.ғ.к. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі
Abai.kz