Жексенбі, 3 Тамыз 2025
Абай мұрасы 232 0 пікір 3 Тамыз, 2025 сағат 17:52

Семей – «Ұлылар мекені» деп неге аталған?

Ұлылар мекені – Қазақтың мәдени астанасы болып саналатын Қазақ әдебиеті мен өнерінің озық үлгілерін тудырған мәңгі өлмес туындыларымен үн қосқан Семей аймағы тарихқа бай мәдениеттің нағыз ордасы. Ұлт руханиятының қайнар көзіне айналған Семей – топырағын түртсең сөйлеп қоя беретін «Ұлылар мекені» аталуына себеп болған қайталанбас дарындар, ұлы тұлғалар, таланттар өскен өлке. Тарихи деректерге сүйене сөйлер болсақ төмендегідей тізбек айқындала түседі:

1. Қаракерей Қабанбай батыр қол бастаған, Әулие билер руханият ұясын қалаған, ұлт қайраткері Тана мырза елге тұтқа болып, Кегенбай би сөз бастаған, Әнет баба, Құттыбай, Боранбай Ақтамберді, Дулат, Абай, Шәкәрім, Мұхтарлер өнердің сан қырынан ұя салған әдебиет пен мәдениет, руханият дамыған киелі топырақ.

2. Семей — Алаштың жүрегі, еліміздің рухани астанасы. Алаштың туын тіккен алтын бесік. Семейде Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған көптеген алаш қайраткерлерінің еңбек еткені баршаға мәлім. Семейдің Алашорда автономиялы үкіметінің астанасы болғаны, қаланың сол жағалауы 10 жыл бойы, нақтырақ айтсақ, 1917 жылдың наурызынан 1927 жылдың қыркүйегіне дейін ресми түрде Алаш қаласы атанған. Алаш қайраткерлері Семей жерінде өмір сүріп, ағартушылық қызметпен айналысты. Алаш қайраткерлерінің ағартушылық идеялары жүзеге асты.

3. Семейде 1871-1917 жылдар аралығында апта сайын жарық көрген «Семипалатинский листок» газеттері қазақтан шыққан тұңғыш журналист Әлихан Бөкейхановтың публицистикалық алаңына айналды. Сонық нәтижесінде көптеген ақпараттық басылымдар мен журналистер өсіп шықты. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтардың көтерген мәселелері басылымдардың беделін арттырды.

4. Семей – ән атасы Әміре Қашаубаевтың (1888 -1934) отаны. Қазақтың атақты әншісі, актер әрі музыканты. Таңдайына бұлбұл ұялаған ел мақтанышы тұңғыш рет 1925 жылы Париж аспанын әуелеген әнге бөлеп, дүниежүзіне ұлттық өнеріміздің құдіретін паш еткен алпауыт әнші Әміре Семей облысы Аралы ауданының тумасы.

5. Алаштың даңты желаяғы, қазаққа тұңғыш Олипияда жүлдесін алып келген Ғұсман Ситықұлы Қосанов (1935ж.- 1990ж) Семей облысы Абралы ауданының тумасы. Алматы жеңіл атлетика мектебінің түлегі, ұлтымыздың жүгіруге емес, күресуге бейім халық болса да, жүгіру өнерін өзге ұлт өкілдері алдында әлемге танытты.

6. Қазақ сахарасында өнердің сирек кездесетін түрі – цирк өнері Семей топырағында түледі. Бет-ауыздарын түрлі-түсті бояумен бояп, аяқтарына ағаш байлап, атпен жарысып, түрлі қимыл әрекеттерімен елді күлкіге қарқ қылатын күлдіргі «Ағашаятар» тұңғыш Семей жерінен шыққан. Оның алғашқысы Жармадан шыққан ағашаяқ - Назар Жүндібайұлы (1818 -1898ж.) Жұрт «Назар Ағашаяқ» деп атаған. Екінші Ағашаяқ - Берікбол Көпенұлы (1861-1932 ж.) қазақтың аты аңызға айналған әнші-домбырашысы, талантты өнерпаз. Семей облысы, Абай ауданы, Мұқыр ауылында туған. Ағашаяқ әншілік, күйшілік, ақындығының үстіне биші, жүйрік, спортшы, әрі күлдіргі болған.

7. Семей – Алаштың алғашқы білім ордасы. 1903 жылы ашылған Семей мұғалімдер семинариясы Батыс Сібір оқу округіндегі халық мектептерін мұғалімдермен қамтамасыз етті. Семинария 1920 жылы Халыққа білім беру институты, 1922 жылы педагогикалық техникум, 1937 жылы педагогикалық училище, 1992 жылы педагогикалық колледжі сынды құрылымдық кезеңдерді басынан өткерді. Алаш қайраткерлерінің, ұлттық білім мен ғылымның іргетасын қалаған оқу орнында әр жылдары білім алғандығы, оқытушылық қызмет атқарғандығы жалғыз оқу орнының ғана емес, тұтас еліміздің игілігі болып келеді.

8. Семей тарихының жарқын беттері қаланың мәдени – рухани өміріне тың өзгерістер әкелген орыс демократтарының есімдерімен тығыз байланысты. Ғасырлар тоғысында, яғни 1878 жылы Семей жерінде Е.П.Михаэлистің басшылығымен далалы өлкені ғылымның сан-саласынан зерттеудің негізін қалаған ең алғашқы қоғамдық мекеме Облыстық Санақ комитеті ірге көтерген. Санақ комитетінің жанында өзінің шағын кітапханасы болған.

9. Ертіс жағасынан орын тепкен Семей қаласының орталығынан 1883 жылы тұңғыш жаңа кітапхана ашылды. Оны ұйымдастырушылар Абайдың досы орыстың саяси жер аударылып келген интеллигенттері – Е. П. Михаэлис бастаған А. А. Лентьев, Н. И. Долгополов, П. Д. Лобановский, Северин, С. С. Гросс тәрізді саяси жер аударушылар еді. Семей өңірінде ашылған тұңғыш кітапхананың өмірге келуі Абай есімімен тығыз байланысты. Қазақстандағы ең алғашқы кітапхананың бірінші оқырманы - Абай Құнанбаев болды.

10. Семейде 1887 жылдың 21 қарашасында «Бастауыш білім беру қоғамы» ашылып, Санкт- Петербор, Омбы, Том сияқты Ресейдің ірі қалалары мен Семейдегі оқу орындарында білім іздеген жастарға демеушілік қолдау жасады. Сонымен қатар Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне және қоғамдық кітапханаға қажетті қаржылай көмек көрсетіп отырған. Гоголь атындағы кітапханада ақысыз оқу залын ашып, мерзімді басылымдарға жазылуды ұйымдастырған.

11. Семей – тұңғыш музей ұйымдастыру орталығы болған. Тарихи-өлкетану музейі – Қазақстан және Батыс Сібір музейлерінің ішіндегі ең ірі ғылыми және мәдениет орталығы болды. Оның негізі 1883 жылы 11 қыркүйекте Семейде(ескіше) қаланды. Оның алғашқы ұйымдастырушылары болып белгілі зерттеуші ғалым Е.П.Михаэлис, П.Е Маковецкий, Н.И.Долгополов, А.А.Леонтьев, П.Д.Лобановский т.б.жер ауып келген келген зиялылар музей ісін дамытуда жарқын істердің ұйтқысы болды. Комитет мүшелері өлкеде географиялық, этнографиялық және экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, көптеген мәліметтер жинастырды. Сонымен бірге, ұлы ақын Абай Құнанбаев та осы алғаш құрылған тарихи-өлкетану мұражайын ұйымдастырушылардың бірі болып, мұражайға Н.Долгополовпен бірге 60-қа таяу экспонаттар жинап өткізген.

12. Семейде қазақ мұғалімдері мен оқушы-жастар бірлесіп,1913-14 жылдары “шығыс кеші” деген атпен ойын-сауық кештерін ұйымдастырды. Ұлттық театр өнері тарихында мәні зор ойын-сауықтар қатарында 1914 ж. Н.Құлжанова ұйымдастырған Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына арналған алғашқы әдеби, этнографиялық-музыкалық кеш, «Біржан мен Сара айтысы» сияқты ойын-сауық кештері болды.

13. Семей өлкесінде қазақ театры тарихындағы тұңғыш қойылым 1917 жылы Ойқұдық жайлауында Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен сахналанды. 1917 жылы жас семинарист Мұхтар Әуезов ауылына демалысқа келгенде Ойқұдық жайлауында өзінің алғашқы пьесасы «Еңлік – Кебекті» қойып, өзі суфлер болғаны туралы қазақ театр тарихы саф өнердің сахарасы Семейден ауызданған өнердің ұлы көшінен бастау алғанын ұмытқан емес.

14. Семей – Қазақстан футболының отаны. Қасиетті қарт Семейде 1912-1913 жылдары Қазақстан аумағындағы «Нептун», «Олимп», ССК, «Спорт», «Феникс», «Марс» секілді алғашқы футбол командалары пайда болған. Ал солардың басында «Ярыш» - түркі тілдес жастардың тұңғыш футбол командасы тұрды. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Омарханұлы Әуезов (1897-1961) те «Ярыш» футбол командасының құрамында доп тепкен.

15. Семей – қазақ балет өнерінің хас шебері - Болат Ғазизұлы Аюхановтың(1938-1922 ж) отаны. 1967 жылы Кеңес одағы тарихында тұңғыш рет «Жас балет Алма-Ата» хореографиялық миниатюралар ансамблін құрып, оның тұрақты жетекшісі, педагогы, орындаушысы және концертмейстері болды. Б. Аюханов қазақ композиторларының музыкасына 40-тан астам балет қойылымын қойды, оның ішінде КСРО-ның Кремль сарайы мен Үлкен театрының сахналарында, Канадада, Францияда, Англияда, Швейцария, Кубада, Финляндияда, Швецияда, Түркияда, Мароккода, Сирияда, Иорданияда, Үндістанда, Италияда, Болгарияда, Германияда, Польшада, Венгрияда, Иракта, т.б. балетін сахналады.

Қазақстан қалаларының ішінде көне қала болып есептелетін және тарихи келбетімен ерекшеленетін Семейдің осындай талант сыры, мәдениет тарихы бар. Қаладағы әр тарихи ғимараттардың шертер сыры, берер мағлұматы өте мол, ғажайып тарихи мәдени ошақтар күні бүгінге дейін халықтың баратын рухани мәдени ортасы саналады. Алаш арыстарының ізі қалған, біртуар перзенттердің үні қалған, қазақ руханияты тамыр жайған Ұлылар өлкесінде қазақтың бойтұмарына айналған Ұлы ақынның он күндігі тойланып жатқан тұста Семей тарихын біле жүргеніміз жөн.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

0 пікір