Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2308 0 пікір 13 Қаңтар, 2012 сағат 13:20

Дәурен Қуат. Қаңтардың 15-інен кейін...

Қаңтардың 15-інен кейін, әрине, 16-сы. Әзіл үшін айтып отырған жоқпыз, расында солай емес пе? Сондай-ақ, 15-інен кейін Мәжіліс сайлауының нәтижесі туралы алғашқы ақпараттар да тарай бастайды. 16 қаңтардың біз үшін негізгі мәні де осында. 16 қаңтарда Жаңаөзен оқиғасына да ай толады.

Қаңтардың 15-інен кейін, әрине, 16-сы. Әзіл үшін айтып отырған жоқпыз, расында солай емес пе? Сондай-ақ, 15-інен кейін Мәжіліс сайлауының нәтижесі туралы алғашқы ақпараттар да тарай бастайды. 16 қаңтардың біз үшін негізгі мәні де осында. 16 қаңтарда Жаңаөзен оқиғасына да ай толады.

Саясат тақырыбында сайрайтын Ақсарайдың «бұлбұлы» Ертісбаевтың емеурініндегі сөзге сүйенсек, сайлауда «Нұр Отан» әдеттегідей бас бәйгені жеңіп алатын көрінеді. 2007 жылы парламенттің бір партиялы болуын жақтап, жағы талғанша жалпылдап сөйлеген Ертісбаев енді екі партиялы заң шығарушы органның жағына шығып қойыпты. Ертісбаев ен таққан екінші партия - «Ақ жол» партиясы болып отыр. Яғни, «Нұр Отаннан» артылған Мәжілістегі орынтақтар «ақжолдықтарға» тимек. Солай боларына осы жолдардың авторы да күмәнданбайды. Тіпті «Азат» ЖСДП мүшелерінің бірлі-жарымы да Мәжілістен төбе көрсетуі мүмкін. Себебі, ОСК үйтіп-бүйтіп қолайсыз үміткер, «Отан» партиясының қатарында жүріп парламентке барған, одан тәрте теуіп шығып кеткен Болат Әбіловты аластады. Қандай да бір ымыраға келіп, ырыққа көнуі қиын «қыз» - Гүлжан Ерғалиеваны да ептеп үміткерлердің есебінен айырды. Ендеше, «аса мәртебелі демократия ағзамның» құрметі үшін «Азаттан» айтқанға иліге алатын біреудің Мәжіліске өтуі ықтимал. Президент әкімшілігі мен «Нұр Отан» мырзалық танытса, «патриоттар» мен «коммунистрдің» де саяси партиялардың «сәнін» келтіріп, заң шығарушы органнан табылуы ғажап емес. Бұның бәрі әзірге болжам ғана. Ертісбаев екеуміздің болжамымыз десек те болады. Болжамның дұрыс-бұрыстығын 15-інен ертеңгі күн әйгілейтін болады. Неге десеңіз, біздің қоғам Ертісбаевтардың «ертегісіне» елітпейтін ерекше мінез тауып келеді. Сондықтан, нақты бірдеңе дей қою қазір оңай шаруа емес. Әйткенмен де, екі рет Жоғарғы Кеңесін, екі рет Мәжілісін мерзімінен бұрын таратып жіберген ел билігінің құзырында қол қусырып өмір сүріп отырғанымызды ескерсек, бесінші шақырылымдағы Мәжілістің берекелі іс тындырып, белгіленген межесіне жетер-жетпесіне күмән білдіреміз. Ал бұл болжамға жатпайды. Бұл - көзіміз көріп, көңіліміз айныған жайттардың жиынтығы. Міне, алдымызда сайлауалды науқанға қатысқан саяси партиялардың бағдарламалары жатыр. Таныс бағдарламалар. «Нұр Отандікі» «Нұр Отанның» нұрсыз кезінде жасалған бағдарламалар. Тек жылдары, сипырлары  ауысқан. 2017 жылға қарай Қазақстан қарқынды дамып кетеді екен. Сол қарқынды дамуға дайын болуымыз керек екен. «Нұр О»-ның бағдарламасындағы «нұрлы» жол осы ғана. Оның өзі «2012 жылдың желтоқсаны - ақырзаман» дегенге саятын сәуегейлердің сәуесі сияқты қорқыныш шақырады. Себебі, төртінші Мәжілісіміз де, Президент Назарбаевтың түсіндіруінше, ел экономикасының қарқынды дамып кетуіне байланысты мерзімінен бұрын тараған еді ғой.

- Елімізде индустрализациялау ісі қарқын алды. Кейінгі екі жылда жұмыс жасап бастаған 350 кәсіпорын экономикамызға қазірдің өзінде ықпал етуде. Және бұл өзі бүтін еліміз бен әрбір азаматымыз үшін үлкен шаруа болғалы тұр. Депутаттар «осынау игілікті игеру үшін парламентке жаңа заңдар қабылдайтын жаңа адамдар қажет» деді. Мен бұндай талапты кері қайтара алмадым, - деген-ді Назарбаев РИАН агенттігінің тілшісіне берген шағын сұхбатында.

2017 жылға жетпей мәжілісшілерміз әдеттегідей тегеурінді талап білдіріп «ойбай, бізді тарат!» десе, «тілалғыш» Президент тағы да солардың ығына жығылуы ықтимал.

«Патриоттар» атанғанымен парқы «нұротандық» Ғани Қасымовтың партиясы да бұрынғысын қайталаған. «Патриоттар партиясының бағдарламасында президенттік стратегиялық бағыттың басымдықтары анық байқалады. Патриоттар тұғырнамасының көптеген ережелері жалпылама мәлімдемелер мен партияның жалпы адамзаттық құндылықтарға деген адалдығы туралы пайымдаулардан құралған» деп жазады порталымыздың авторы Азамат Қырықбаев «Саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларына шолу» атты мақаласында (http://old.abai.kz/content/azamat-kyrykbaev-sayasi-partiyalardyn-sailaualdy-bagdarlamalaryna-sholu). Біздің бұған алып-қосарымыз кем.

ЖСДП кәсіпорындардың бәрін мемлекет меншігіне қайтару керек дейді. Дұрыс. Жөн-ақ. Алайда мүлікті мемелекет меншігіне қайтару қаншалықты мүмкін? Ол жағына «азаттықтар» аса бас қатыра қоймапты. Әйтеуір, көпке ұнау керек, елді елең еткізу керек.

«Ақжолдықтар» ұлт патриоттарымен бірнеше рет кездесіп, меморандумдарға қол қойғанымен ұлт тілегін, ұлт аңсарын бағдарламаларына енгізбепті. Міне, біздің айтпағымыз да, бар партияның бағдарламасынан іздегеніміз де - осы: ұлт тілегі, ұлт аңсары. Ұлттық мәселелер. Ұлт алдында беті қызармайтын партияларымыз, бірақ, «ұялмаған әнші боладының» керін келтіріп ұлып ән салып жүр. Анекдот тыңдаңыз:

Отағасы мектепте оқитын ұлының күнделігін тексеріп отыр дейді. Қараса, күнделік толы екі. Математика - екі, дене тәрбиесі - екі, география - екі, түгел  екі, тек ән сабағынан ғана бес. Сонда күйіп кеткен әкесі баласына:

- Әй, жарым ес, сабақтың бәрі екі, несіне жетісіп ән салып жүрсің?! - деген екен.

Сол кісі айтқандай, балдыр-батпақ бағдарламаларына қарамай, партияларымыз сорғалатып ән салуда. Ғани Қасымов, Жамбыл Ахметбеков журналистердің сауалына әндетіп жауап берсе, Дариға Назарбаева барлық арналарды махаббат пен сүйіспеншілікті дәріптейтін опералық әнге қойылған бейнебаянымен жаулап алды.

Ал елімізде жаңа жылдың алғашқы аптасында-ақ 6 мыңнан аса сәби дүниеге келді. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл көрсеткіш өткен жылғы осы кезбен салыстырғанда 10 пайызға артық көрінеді. Шілдехана Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Алматы облыстарындағы отбасылардың түңлігін желпінтіп жатыр. Яғни, сәбилер аталған өңірлерде көбірек дүниеге келгенге ұқсайды. Шараналардың «әні» қазақтың шаңырағында шырқалып жатқанын және ішіміз сезеді. Неге десеңіз, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облысындағы басым ұлт - жер мен ел иесі қазақ ұлты. Қостанай да тарап кеткен Торғай мен  тарихи отанына оралып қоныстанған ағайындардың есебінен қазақыланып қалды. Демек, Қостанайда  қоныс тойлары шілдехана, бесіктойларға ұласуда деп бек сеніммен айта аламыз.

Соңғы 3-4 жылда Қазақстандағы табиғи өсім жыл сайын 300 мыңға артып отырған көрінеді. Тәуба! Жаман емес. Осы алған беттен тоқтамай, құрсақ көтеруге қабілетті келіншектер толғатып, бесік тербете берсе, 2020 жылға қарай Қазақстан халқы 20 млнды алқымдайды дейтін болжамдар бар. 2009 жылғы халық санағы бойынша 16 млн.-нан асып, өз жерінде басым ұлтқа айналған (65 пайыз) қазақ енді бір екі-үш жылда мемлекет ішіндегі салмағын байқата түсетін болады. Қазақтың көбеюі әлеуметтік мәселелердің де көбеюіне әкеліп соғатынан ескертіп өткеніміз абзал. Өйткені, бүгінгі қазақ жартылай қалалық ұлтқа айналды. Ал қалаларда қазақ мектептерінің қарасы аз. Балабақша жетіспейді. Аурухана, емхана аздық етуде. Баспана қымбат. Жер сатылып кеткен. Тепсе темір үзетін жастар табысты еңбек ресурстарынан шетқақпай көруде. Жұмысшы күшін, мамандарды қайта даярлайтын кәсіптік-техникалық колледждер мен училищелер жоқтың қасы. Тізе берсек, мәселе көп.

Ендеше, билік партиясы, биліктің билігіндегі өзге де партиялар «2017 жылы Қазақстанның күш-қуаты артып, қабындап кетеді» деп қайдағы өтірікті соқпай, қарасы молайып келе жатқан қазақ шаруасымен айналысуы қажет. Басым ұлт бар тарапта да басымдық танытады. Билік алдымен осыны ескеруі керек.

Қазақстан парламенті өз тарихында екі мыңға жуық заң қабылдапты. Ол заңдардың арасында мемлекеттік, ұлттық мазмұны терең заңдардың бар екендігін жоққа шығару қате. Әсіресе, Тәуелсіздік туралы декларацияны, көрші елдермен шекараны делимитациялау туралы мақұлданған құжаттарды, т.б. бәрінен жоғары қоямыз. Әйткенмен де, өздері «қалталы парламент», «суперқалталы парламент» атаған заң шығарушы органға қаржылық топтардың лоббистері сұғынып, мүдделерге мүлтіксіз қызмет ететін заңдар  көбейген соң  жұрттың парламент пен «қалаулыларға» құрметі мүлдем кеміп кетті. Қазіргі қазақ халқы қоғамға, қоғамдық санаға сілкініс әкелетін пәрменді заңдардың қабылдануын күтеді. Ол - мемлекеттік тіл туралы заң. Ол -  тарихи атауын тасқа бастырып қойып жатқан жер суымыздың, елді мекендеріміздің отаршылдыққа кеткен есесін қайтаратын ономастика туралы заң. Ол - орыстілді БАҚ-тың байлығын еселеуден танбайтын Жарнама туралы заң. Ол - Империялық отарлау саясатының зардабын жою туралы заң. Ол...

Осы арадан тоқтайық. Ендігісін ойлы оқырман қоссын. Түйін ретінде айтарымыз: ұлттың дамып, жаңа сапаға өтуіне ықпал тудыратын заңдарды қабылдай алмаса, бесінші Мәжілісті Елбасы емес, елдің өзі жұдырықтай жұмылып барып мерзімінен бұрын таратып жібереді.

Иә, бәрі де қаңтардың 15-інен кейін басталады. Үкімет басшысы ауысады. Үкімет мүшелерінің құрамы жаңарады. Әкімдердің арасында да ауыс-түйістің болатыны даусыз. Құлыбаевтың «құрық салдырмай» шығуына қарағанда «Самұрық-қазына» әл-ауқат қорының тарауы  мүмкін. Батыстағы оппозицияның қатары жаңа «тұлғалармен» толығып қалуы да кәдік. Басқа да бас қатыратын жайттардың күн тәртібіне  шыға келуі ғажап емес. Мысалы, 16 қаңтарда ай толатын Жаңаөзен оқиғасын кім күтіп жүрді дейсіз?.. Қысқасы, 15 қаңтар күні сайлау өтеді, алайда, саясат салқындап, сабасына түседі деуге батылымыз жетпей отыр.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608