Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3138 0 пікір 18 Қаңтар, 2012 сағат 04:30

Сағат Арынұлы. Рушылдар Ұлы Абай аруағын қорлауын қояр емес

Атырау қаласынан шығатын, өзін тәуелсіз басылым санайтын «Алтын орда» газетінің 2011 жылғы 23 санында Астанадағы тілшісі Р.Әшееваның «Асымызды ішіп, аяғымызды тепті деген осы!» деп аталған, айтарынан айғайы басым мақаласы жарияланыпты. Оның діттегені қазақ десе қимасы қышып, әлде нені сылтау етіп кемсітуге, қалайда кінә тағып мазақтауға жұлқынып тұратын, әйтпесе іші өтіп кететін орыстардың саржағал-шовинист жорналшыларының көргенсіздіктерін мінеп, сынау ғой. Мұнысы дұрыс.
Бірақ, газеттің айғайы ойбайға ұласып ұлы Абайға тіл тигізіп, мұқатқаны қалай? Мұны біліксіздік демеске болмайды. Атап айтсақ, тілші: «57 жыл өткеннен кейін театрдан Абай есімі өзгертілді» деп алақайлайды. Сонша қуанатындай не болыпты? Естімеген елде көп деген осы да. Жөргегінде шайтан иектеген тараздақ рушылдардың кесірінен көп жылдар бойы оң шешімін таппаған бұл мәселенің нақты үкімі қисық-қыңыр болатынын «Алтын ордадағы» сәуегейлер қайдан біле қойды екен?
Міне, ғажап! Олар Жамбыл облысы басшыларының (бұрынғы әкімдері С. Үмбетов пен Б. Жексембиннің және қазіргі Қ. Бозымбаевтың) құлақ сартсытқан өтірігін жерден жеті қоян тапқандай малданған мәдениеттің вице-министрі А. Бөрібаевтың немкетті сүйкей салғанына имандай сеніп, Тараздағы драма театрына марқұм, халық әртісі А. Тоқпановтың есімі берілді деп ұялмай ел-жұртқа жариялады.

Атырау қаласынан шығатын, өзін тәуелсіз басылым санайтын «Алтын орда» газетінің 2011 жылғы 23 санында Астанадағы тілшісі Р.Әшееваның «Асымызды ішіп, аяғымызды тепті деген осы!» деп аталған, айтарынан айғайы басым мақаласы жарияланыпты. Оның діттегені қазақ десе қимасы қышып, әлде нені сылтау етіп кемсітуге, қалайда кінә тағып мазақтауға жұлқынып тұратын, әйтпесе іші өтіп кететін орыстардың саржағал-шовинист жорналшыларының көргенсіздіктерін мінеп, сынау ғой. Мұнысы дұрыс.
Бірақ, газеттің айғайы ойбайға ұласып ұлы Абайға тіл тигізіп, мұқатқаны қалай? Мұны біліксіздік демеске болмайды. Атап айтсақ, тілші: «57 жыл өткеннен кейін театрдан Абай есімі өзгертілді» деп алақайлайды. Сонша қуанатындай не болыпты? Естімеген елде көп деген осы да. Жөргегінде шайтан иектеген тараздақ рушылдардың кесірінен көп жылдар бойы оң шешімін таппаған бұл мәселенің нақты үкімі қисық-қыңыр болатынын «Алтын ордадағы» сәуегейлер қайдан біле қойды екен?
Міне, ғажап! Олар Жамбыл облысы басшыларының (бұрынғы әкімдері С. Үмбетов пен Б. Жексембиннің және қазіргі Қ. Бозымбаевтың) құлақ сартсытқан өтірігін жерден жеті қоян тапқандай малданған мәдениеттің вице-министрі А. Бөрібаевтың немкетті сүйкей салғанына имандай сеніп, Тараздағы драма театрына марқұм, халық әртісі А. Тоқпановтың есімі берілді деп ұялмай ел-жұртқа жариялады.
Ал, А. Бөрібаевтың маған жолданған әлгі хатында дәлел ретінде келтірілген мына бәлдубатпағына көңіл аударалық: «...Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша облыстық партия комитетінің Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумына жолдаған Жамбыл облыстық драма театрына Абай есімін беру туралы 1945 жылғы 13 маусымдағы ұсынысының негізіндегі құрылтайшы құжатымен қайта рәсімделіп, осы театр Абай есімімен аталып кеткен екен. Алайда, кейін театрға Абай есімін беру мәселесі белгіленген тәртіппен заңдастырылмағандықтан, Жамбыл облысы әкімдігі театрдың атауынан Абай есімін алып тастауға мәжбүр болады» (11.01.2005 жылы №5 қаулысы), деп ата жауын мұқатқандай ентігеді.
Дулаттың тұқымы болмаған соң, Абай аруағына қарсы өре тұра келген, күні кеше  марқұм болған Ә.Исақ бастаған рушылдар бұрын Абай есімін беруге ешқандай құжат болмағандығына ант-су ішіп, қарғанатын еді. Ал, облыстық әкімшіліктің анықтамасында Жамбыл облыстық партия комитетінің ұсынысымен Абайға театр есімін беру туралы құжат дайындалғаны тайға таңба басқандай жазулы тұр. Содан соң көзге шыққан сүйелдей бадырайып көрініп тұрған заңсыздық - ешқандай құқықтық өкілеттілігі жоқ облыс әкімінің қаулысымен Абай есімін театрдан белден басып алып тастағаны сұмдық емес пе?
Газет редакциясы, материалды ұсынған тілші осындай былықтарға көңіл бөліп, тараздық салбөксе шіренбайларды батыл айыптауы тиіс еді. Амал не, жабулы қазанның қақпағы ашылмады. «Алтын орда» газеті: «Абайдың есімі өшірілді» деп жүрегі жарыла сүйінші сұраған мақаласында мәжіліс депутаты, белгілі қоғам қайраткері Нұртай Сабильяновтың Абай есімін Жамбыл облыстық қазақ театрына қайтартып беруге байланысты ел үкіметі басшысы К.Мәсімовке қойған сауалында айтылған маңызды дәлелдер мен дәйектерге ешқандай мән бермей, Абай аруағын қорлаушы күнәһарлардың шашбауын желпілдетіп бағыпты.
Тек бұл емес. Абай есімінің Жамбыл облыстық қазақ драма театрынан заңсыз алынып тасталғандығы туралы талай жылдан бері республикалық газеттерде («Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Азат», «Тасжарған», «Қазақстан», «Жас қазақ үні», «Алтын ғасыр», «Үш қоңыр» және т.б.) үзбей қайта-қайта мәселе көтеріп жүрген мені де «Алтын орда» іле кетіпті. Бұл қалай?  
Бұған қоса рушылдықтың қолқаны ататын иіс-қоңысына мұрындарының сорасы кеппестен бой үйреткен тараздық шенеуніктердің қазақ халқының мақтанышына айналған әлемдік тұлғаның аруағына қасақана жасалған масқара әрекеті туралы алтынордалықтардың ақиқатты ашып айтуға батылы жетпепті. Ең болмаса, қолдарында көптеп сарғайып жатқан менің осы мәселе туралы сын мақалама көз қырында салмапты.
Бұл жөнінде арнайы хабарласқанымда газеттің бас радакторы Н. Қабылов ат-тонын ала қашты. «Ол біздің шаруамыз емес» деп дүңк ете қалудан әріге бармады. Абай аруағын қиянаттан қорғауға, шындықтың сойылын соғуға шіркіннің жүрегі дауаламады. Оның мұндай жалтақпайлығын бұрын да байқаған едім.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін Жамбыл облыстық қазақ драма театрынан Абай есімінің 60 жылдан кейін неге алынып қалғанына және мұндай қасыкөйлікке кімдер кінәлі екеніне тағы бір рет тоқтала кету орынды болмақ.
Жамбыл облысында Абай аруағына қырын қарау сияқты теріс әрекет сол кездегі облыс әкімі С. Үмбетовтің қолдауымен орын алды. Соның «сара» нұсқауымен театрға алғашқыда атақты Сүйінбай ақынның есімін бергізуге жанталасқан туысы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Ә. Әмзеев болатын. Кейін бұлар Елбасынан қаймығып, алғашқы көзжұмбайлық райынан қайтса да, қалай да Абайды бұл театрға енді қайтып жолатпауға барын салды. Сондықтан марқұм, халық әртісі А.Тоқпановты лайық деп Алматыдан қол жинатты. Абыройсыздыққа дем берушінің рөлін халық әртістері Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұловтар қатырып «ойнады».
Осы жан төзгісіз кемшілікті облыс жұртышылғы тез арада түзетуді талап етті. Кәсіби жорналшы ретінде бұған менің араласуыма тура келді. Өткен уақытта республикалық газеттерге 8 рет мақала жаздым. Сонымен бірге, Президентке газеттер арқылы екі рет хат жазылды. Абай аруағын рушылдардың қиянатынан қорғауға облыс жұртшылығы да белсене атсалысты. Мәселен, Тараз қаласындағы соғыс және еңбек ардагерлері 2009 жылғы қарашаның 13-гі тікелей эфир кезінде Президент Назарбаевтан Абай есімін театрға қайтарып беруге ықпал етуін сұрады. Мұның алдында олар «Айқын» газетінде талап хатын жариялатқан-ды. Басқа да жеке адамдар бұл заңсыздықты болдырмауға ынталылық танытып келеді. Амал не, ешқандай нәтиже шықпады.    
Міне, осыған байланысты 2010 жылы шілденің 15-де ел газеті «Егемен Қазақстанға», оның президенті Сауытбек Абдрахмановқа «Бұлар Абайға неге қарсы? Немесе аруақтарды алалағанды қашан қоямыз?» деп аталған көлемді сын мақаланы (мұрағаттан алынған үш дәйектемемен қоса) электронды пошта арқылы салып жібердім.
Бұл материалымның «Егеменде...» жарық көретініне сенімді едім. Өйткені, иманды болғыр ағамыз Қасым Шәріпов редактор болған сонау жылдардан бері бұл газетке қатысым бар. Кейін зейнеткер болсам да одан қол үзбей, тәуелсіз Қазақстанның қол жеткізген  табыстары туралы талай мақалалар жаздым. Газеттің жанашыр насихатшысы, ел арасында таратушысы әрі белсенді тілші-авторы ретінде марапатталып, газеттің бірінші бетінде суретім мен мақалам жарияланды.   
Көп ұзамай Сауытбекпен телефонмен сөйлестім. Неге екенін білмедім, менің аты-жөнімді естісімен әріптес інім есен-саулық сұрамастан бірден дөрекілік танытты. Айтқанымды тыңдар емес, кішінің жасы үлкен ағаға ізетін ұмытып: «Ондай майда-шүйдеге менің уақытым жоқ» деп зірк ете қалып, телефонды үзіп жіберді. Апыр-ау, мұнысы несі? Абай аруағын көзге ілмегені қалай? Осы жасымда талай мықтыны көріп едім, бірақ мына Абдрахмановтай «крутойға» кездескенім осы жолы. Әлде өзі күн құрғатпай мақтайтын, қайраткерлігі күмәнді дөкейлері Абайдан артық па екен? Несімен?..
Редакцияға қайта-қайта телефон соғып әуре болдым. Сонымен әрең дегенде мақаламның бас редактордың орынбасары Ж.Солтиева да екенін білдім-ау.
Солтиева не айтты дейсіз ғой? Жұмысының бастан асатынын, тіптен сіңбіруге қолы тимейтінін, алдында мыңдаған хат жатқанын әсірелеп ұзақ сонарға салды. Менің шыдамым таусылып, сөзін бөліп жібердім. Мақаланың ұлы Абай аруағын бірнеше жылдан бері қорлап отырған жамбылдық рушылдардың теріс қылықтары туралы екенін ескерттім. «Рушылдар» деп қадап айтқанымды жақтырмады. Материалымды әлі оқымасада «Абай туралы мәселені шешу оңай емес» деп қабақ шытты... Неге? Сәлден кейін бұл мақаланы Тараздағы газет тілшісі К.Сәттібайұлына жіберемін, сол оңай жолын табады деп бұлтарды. Мен бұған қарсы болдым. Өйткені, тілші бұл жағдайда әбден қанық. Ол облыстың бұрын-соңғы әкімдерімен әбден әмпей болып алған, шырық бұзғысы келмейді. Әкімдер еркелетіп қойған оның қазіргі есімі «Көсемчик» екен. Сол шіркін Жамбыл облысында «бәрі жақсы» деуден жалықпайды. Ол көп жылдан бері бір ретте сын мақала жазып көрген емес. Осындай «аса көрнекті еңбегі» үшін жыл сайын баспасөз күні - журналистер мерекесінде «бәйге» деген желеумен қомақты сыйақы алып дәніккен. Облыстың шалақазақ әкімі Қ.Бозымбаев өзін күн құрғатпай бөстіре мақтағаны үшін осы жақында оған автокөлік мінгізді. Жағымпаздықты жан қинамай мал табуға айналдырған тілші көк тиын пайда түспейтін Абайдан ат-тонын алып қашады.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Қысқасы, Солтиевамен тіл табыса алмадым. Ол рулас ағалары С.Үмбетов пен Ә.Әмзеевке қалай қарсы шықсын.
Газеттің президенті мен орынбасары мен сынаған бастықтарды қызғыштай қорғап, олармен тамыр-таныстық, туыстық қатынастарын үзгісі келмейді. «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық» деп ойлайды. Ұлы Абайдың аруағына арашашы болуды азаматтық борышым деп санамайды.
Солардың мейманасының асқаны соншалық, үй артында кісі бар екенін қаперге алмайды. Анда-санда бір «қой, дейтін қожаның, әй, дейтін ажаның» болмағанын-ау, шамасы. Сол себепті ойларына келгенді істеуді сөз бостандығы, демократия осы деп ұғынатын тәрізді. Бұдан жарты ғасыр бұрын «Егеменнің...» штаттан тыс тілшісі, кейін де белсенді авторы болған, ел-жұртқа танымал қаламгерді қасақана көзге ілмеу соны айғақтаса керек.
Көлемі газеттің бір бетін алатын әлгі сын мақала Солтиеваның оңды-солды шимайынан кейін әбден күзеліп, небәрі 80 жолдай ғана болып басылыпты. Қашанда айтқыш қазекем мұндайды «көңілсізден бірдеңесі жоқ бала туады» деп әжуалайтын. Дәл соның кері келді. Онда Абай аруағымен көп жылдан бері ақ тер, көк тер болып арпалысып жүрген «мықтылардың» ең болмаса біреуінің аты-жөні аталмапты. Осыған байланысты маған бірнеше адам телефон соқты. Бұлар Елбасының тікелей эфирі кезінде Абай есімін театрға қайтарып біреуді қолдаған соғыс және еңбек ардагерлері еді. Өздері үзбей оқитын аға газеттің қателікке ұрынғанына реніш білдірді. Менің қан-сөлі жоқ, азу тістері қағылған әлжуаз мақала жазбайтыныма әбден сенімді қариялар редакцияға қарсылық білдірген мақала да жазды. Бұған әрине, радакцияның  үндеместері жауап берген жоқ.
Саналы ғұмырымда ешкімнің үстінен шағым жазған емеспін. Кемшілікті бетке айтамын. Бір Алладан басқаға бас иіп көргенім жоқ. Әділдік жолын ұстанамын. Мынау Абдрахманов пен Солтиева мені абыройсыз іске итермеледі. Амалсыздан Президенттің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Д.Мыңбайға хат жазып, мақаланы салып жібердім. Толық мәтінімен «Егемен Қазақстанға» бастыруға ықпал етуді сұрандым. Мен жанжалдың, дау-дамайдың адамы емеспін.
Көп ұзамай Астанаға жолым түсті. Осында бір аптадай болғанда Д.Мыңбайға жолығуға қанша талпынсамда ештеңе шықпады. Телефонды көтермейді, хатшысы міңгірлеп қайда жүргенін айтпайды. Ақыры сапарға кетті деген өтірікпен құтылды. Сондағы бір таныстан сұрап білсем, Мыңбай менімен жолыққысы келмепті. Өркөкірек, өресі тар адамға ел өміріндегі маңызды іс - саясаттың сеніп тапсырылғаны қалай? Абай жарықтық кезінде түңіле кекеп, көзге шұқыған: «өздері түзеліп біткен, енді елді түзерлігі қалған» нағыз керенаудың дәл өзі екен, бұл Мыңбай дегенің.
Нүрекеңе жақын жүрген адам ғой деп баспасөз хатшысы Б. Майлыбаевқа жазған хатым да зымзия жоғалып кетті. Соның мәртебесі жоғарылапты деп естідім. Не үшін?
«Егеменнің...» басшыларының көркеуделігі мені мұқата алмады. Әділдікті ту етіп ұстаған редакторлар баршылық қой. Солардың бірі белгілі қаламгер Гүлжанат Шонабай. Ол ешкімнен қаймықпай «Үш қоңырда» «Бұлар Абайға неге қарсы? Немесе аруақтарды алалағанды қашан қоямыз?» деген сын мақаламды ешбір өзгеріссіз толық күйінде жедел жариялады. Сонымен қатар, Елбасына арналған жария хатым да іле-шала сонда басылды. Бұдан соң олар  Шымкентте шығатын «Төртінші билікте» жарық көрді. Ұлы Абай аруағын қорлаған тараздық әңкүдік рушылдар кімдер екені осы материалдарда бұлтартпас фактілермен батыл әшекерленді.
Президенттің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Ә. Асқардан ұзақ күттіріп келген хат өздерін жауапты мемлекеттік қызметкеріміз деп кеуде көтеретіндерінің бет-бейнесі қандай екенін толық айғақтайды. Мен Әлібекті қазіргі талантты жазушылардың бірі деп санайтын едім. Жауырды жаба тоқиды деп күтпегенмін. Жамбылдық көрсоқыр рушылдарға әділін айтар, ықпал жасар деген үмітім ақталмады.
Ал оның «сараптама жасадық» дегені жалтармасы бос сөз. Егер ақиқаттың аулына ат бұрғысы келсе сонау кеңестік кезеңде  Абай есімі 60 жыл бойы облыстық қазақ драма театрының маңдайшасында неге жазылып қойғанына назар аударар еді. Бұған мойны жар бермепті. Дайын асқа тік қасық болуға асығып, Жамбыл облысы әкімиятындағылардың қисынсыз өтірігіне сене салыпты. Қызды қыздымен былай дейді: «облыстық қазақ драма театры өздерін бейресми Абай атындағы қазақ драма театрымыз деп атап, театрдың мөрі мен бұрыштамасына Абай есімін жазып алыпты». Бұл сөйлемнің дені сау емес, стлистік қателер өріп жүр. Мәселен, «өзін» деген «өздерін» болып жазылып, Абай екі рет, театр үш рет қайталанған. «Бейресми Абайы кім?» және «бейресми театр» деген не?
Тарихи шындықты бұрмалауға болмайды. Қылышынан қан тамған коммунистік заманда театрдың мөрі мен бұрыштамасына Абай есімін заңсыз батылы жетіп кім жаздыра алады?
Әлгі дәм-татуы жоқ көшірмесін Асқар мырза: «...ұлы Абай есіміне қатысты бұра тартушылық фактілері бар деген ұйғарымға дәйекті негіз таба алмадық» (астын сызған - С.А.) деп нығарлап аяқтапты. Мұнысы барып тұрған өтірік, «көрмес, түйені де көрмес» деген - осы.
Жамбылдық жазғыштар дайындап берген қойыртпақта үкіметтің 1995 жылғы 5-наурыздағы № 281 қаулысы деген негізге алыныпты. Бұл Ә. Қажыгелдиннің кезінде қабылданған қаулы екен. Айыпты саналып, қуғында жүрген адамның нұсқауын биліктегі мықтылар қашаннан бері орындайтын болған? Абай есімін театрға жаңадан беру жөнінде сөз болып отырған жоқ қой. Мемлекеттік бұл шешім 1945 жылы ақынның туғанына 100 жыл толуына байланысты жүзеге асқан болатын.
Қазақ халқын айықпас қасіретке ұшыратқан 1937 жылдың қанды зобалаңынан кейін бүкіл елде өкімет пен партия сенім көрсетіп, құрметтейтіндердің қатарында Абай Құнанбаев пен Амангелді Иманов және тірі жүрген Жамбыл Жабаев болатын. Міне, осы арыстардың есімдері облыстық партия комитеттерінің ұсынуларымен шаруашылықтарға, мәдениет ошақтары мен оқу орындарына ешбір кедергісіз берілетін. Сондықтан Жамбыл облыстық қазақ драма театрына Абай есімі берілмей қалуы мүмкін емес. Қазір менің қолымда Жамбыл облыстық партия комитеті бюросы мәжілісінің мұрағаттан алынған № 215 хаттамасының көшірмесі бар. Ол 1945 жылы 13 маусымда қабылданған.
Бұлтартпайтын дәлелдердің бірнешеуін келтіруге болады. 1974 жылғы Қазақ Совет Энциклопедиясының 4-томындағы 254-бетте: «Абай Құнанбаевтың 100 жылдығына орай 1945 жылы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына Абайдың есімі берілді» деп тайға таңба басқандай жазылған. Ал, ҚСЭ-ның анықтамалық құжат саналатынын есте ұсталық. Облыстық театрдың мұрағатта сақталуы бұйрық жазылған кітапшаларында да Абай атындағы қазақ драма театры делінген. Мұны тағы Қазақ ССР-ы Министрлер Советі жанындағы көркемөнер істері жөніндегі басқарманың театрдың жыл сайынғы репертуарын бекіткен бұйрықтарынан да көруге болады. Тек бұл емес, финанс-қаржы құжаттарында да солай. Бірақ «крышасы» мықты рушылдарға маңдайымен жер сүзе тағзым етуден ұялмайтын жалтақбайлар бұған иланатын емес. Әсіресе, мұның мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммедке тікелей қатысы бар. Ол әншейінде білгішсініп есіп сөйлегенде ауыздыға сөз бермейді. Амал не, аруақтың абыройын қорғауға келгенде үні шықпай құмығып қалады. Ата-бабасының ақсүйек діндарлығын да ұмытып кетеді.
Мақаланы жазар алдында облыстық әділет департаментінен алынған ресми құжаттан Абай есімін театрдан алып тастауға қаймықпай қаулы шығарған мықты анықталады. Ол Жамбыл облысы әкімінің міндетін жалған атқарушы ділі, діні бөлек А. Савченко екен. Мұндай маңызды құжатқа облыс әкімі С. Үмбетов қол қоюдан қорыққан. Ал, А. Савченко әкімнің «оққағары» деп текке айтылмаса керек. Осындай дүдәмал қаулыларға қол қойып, әкімді дау-дамайдан құтқару бірінші орынбасардың «хоббиына» айналғаны ел-жұртқа көптен мәлім еді. Қазір парламентте сенатор болып шіреніп отырғаны осындай «елгезектігінің» қайтарымы шығар. Әйтпесе, Савченконың қызмет бабында «қаттыны қайырып, жұмасақты жұмырғаны» шамалы.   
Сонымен, ұлы Абайдың кім екенін онша хабары жоқ, ең болмаса бір өлеңін тұшынып оқып көрмеген, бірақ жергілікті рушылдықтың «әліппесін» жаттап алған «төбесі тесік» сол сабазың әлгі қаулыға сойдақдата қол қойыпты. «Бұған ертең жауап беремін-ау» деген ойына кіріп те шықпаған. Робот-құлтемірдің рөлін атқарған соң оған бәрібір ғой.
Сауатсыз жазылған сол қаулыда былай делініпті: «Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 19-маусымындағы «Мемлекеттік кәсіпорын (дұрысы: кәсіпорындар - С.А.)» туралы №2335 Заң күші бар Жарлығына сәйкес «Абай атындағы Жамбыл облыстық драма театры» (Абай атындағы облыс жоқ қой. Дұрысы: «Жамбыл облысының Абай атындағы драма театры» - С.А.) коммуналдық кәсіпорынды Жамбыл облысы Әкімі мәдениет басқармасының «Жамбыл облыстық қазақ драма театры» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып аты өзгертілсін» деп жазылыпты. Бұл өзгертудің себебі туралы бір ауыз сөз жоқ. Ал, Президенттің  жарлығында театрдан Абай есімін алып тастау жөнінде нұсқау болмаған.
Айтылған дәлел-дәйектер Абай аруағын қорлағандардың кінәларын айғақтап, әділдіктің орнауына толық мүмкіндік береді деп ойлаймын. Алайда, бұл мәселенің байыбына баруға, шындық тұрғысынан зерделеуге Д. Мыңбай да, Ә. Асқар да және Б. Майлыбаев та құлық танытпады. «Сан айтсаңда қонбайды санасызға» дегеннің кері келді.
Сондықтан ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы А. Мусин мырзаға жүгінуге ұйғардым. Ол - ұлы Абайға қатысты біздің өтінішімізді мәртебелі Президентке жеткізетін шығар деп үміттенген едім. Амал қанша, бұл мықты да қазақтың маңдайына біткен кемеңгерді жақтырмайтындардың бірі екен. Сазарған қалпы, үнсіз қалды.
Кейбіреулердің екі жүзділігінде шек болмайтынына көз жеткізуге тура келді. Жақында «Жас қазақ үні» газетінің тұтас екі бетіне: «Абайды жастанып жатып оқимын» деген өтірігімен С.Үмбетов бүкіл елге жар салып мақтаныпты. Бұған енді не деуге болады?
Тек бұл емес, Жамбыл облысында Президенттің жарлығын орындамау үрдісі көптен бері жалғасып келеді. Ол кісінің тірі жүрген қайраткерлердің есімдерін мектептерге, мәдениет орындарына және көшелерге бермеуге үзілді-кесілді тиым салғанына қарамастан мұнда бұрынғы-соңғы басшылар ойына келгендерін істеуде. Мәселен, Астана төрінде тайраңдап жүрген, кезінде бес тапалдың бірі атанған жазушы Ә. Таразидың (Әшімовтың) есімі Жамбыл ауданындағы бұрынғы Куйбышев атындағы совхоздағы орта мектепке заңсыз берілгеніне талай жыл болды. Ол Алматыда туған. Жамбыл облысы туралы жарты парақ қағаз жазған емес. Соған қарамастан облыстық мәслихаттың хатшысы, принципсіз Ә.Әсілбековтің қолпаштауымен оның қанжығасына облыстың «Құрметті азаматы» деген атақ да байланды. Ал осы жердің түлегі, қазақ журналистикасы саңлақтарының бірі, көп жыл «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болған жорналшы-жазушы марқұм Сапар Байжановқа мұндай құрмет бұйырмады. Өйткені, ол тобықты екен, жағыпариясы келмепті.
Карл Маркс бүкіл әлемге есімі белгілі кемеңгер ғой. Сол кісінің атындағы Тараздағы қазақ орта мектебі патша заманында зорлықшыл болыс болған, елді тонау үшін баукеспе ұрылар ұстаған шымыр Керімбай дегенге тартып әперілді. Шешімді шығарған Тараз қаласының әкімі болып ең болмаса бір жыл жұмыс істемеген А.Түсіпов деген рушыл. Ал, республиканың оқу министрлігі бұл айтылған заңсыздықтардан мүлде бейхабар сияқты. Өйткені, облыстық білім басқармасының бастығы С.Құрманбекова бұл өрескелдікті айтпай жасырып отыр. Мұны аз десеңіз, Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерекесі қарсаңында тағы да Жамбыл ауданында ел-жұрттың жағасын ұстатқан сұмдық болды. Бұрынғы «Қаракемер» совхозындағы орталық көшелерінен Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың есімдері бір жолата өшірілген. Олар Орта жүз бен Кіші жүздің қыздары болғандықтан дәріптелуге лайық емес деп табылған. Осындағы дөкейлер бұл көшелерге өздерінің туыстарының аты-жөндерін жазып, бір апта дырдулатып тойлапты.
Абайдың аруағын тәлкекке салған рушылдардың бетімен кеткені соншалық, енді Жамбыл әулиеге ауыз салды. Жазғышпын деп өңмеңдеп әкімқаралардың көзіне түсуді және солардың сарқытын ішуді өзіне үлкен мәртебе санайтын Арғынбай Бекбосын астаналық теледидар арнасынан Жамбылдың есімін біздің облыстың Жамбыл ауданынан аластау керек деп ойбай салғаны белгілі. Мұны естіген Ш. Мұртаза: «Мына есірік Жәкеңнің сақалынан садақа кетсін. Бірі кем қу дүние-ай!» - деп тебіреніпті дейді жұрт.
Ал, облыстың тұтқасын ұстап отырған шөпке тышарлар өздерін сынағаным үшін жынын құсқан жалақор Бекбосынды маған айдап салып, мені мұқатпақшы болды. Бұдан өткен арсыздық бар ма? Жамбыл кім? Бекбосын кім? Соны ажыратуға көздерін май басқандардың өресі жетпегені үлкен қасірет қой. Бұлар кімге жөн-жоба көрсете алады.
Шу ауданының мәдениет үйі 65 жылдан бері ұлы жыраудың есімін иеленген болатын. Облыстағы «көкелерінен» үлгі алған шулық рушылдар құжаты жоқ екен-міс дегенді желеу етіп Жәкеңнің атын өшіріп, соның ескерткішін де жермен жексен етіпті. Ел намысын жырға қосып насихаттап жүрген арқалы ақын Аяз Бетбаев бастаған шулықтардың сөзіне де ешкім құлақ асар емес. Таразда «Жамбыл» әдеби жорналын шығаратын, өзін классиктердің қатарынан көруге дәмелі жазушы Н. Дәутайұлы да бұған араша түспей бұғып қалды. Ал, аудан әкімі Қ. Жабағиев ештеңе болмағандай қыңқ етер емес. Жамбылдың «шаруасын» бітірген, енді мәжіліс депутаты болуға жанталасып бақты...                 
Мұндай келеңсіздіктерге тиым салуға облыс әкімі Қ.Бозымбаевтың мойны жар берер емес. Ол өзін дәріптетудің қызығына түсіп кеткені соншалық, облыстық «Ақ жол» газеті соның суретін нөмір сайын жариялайды. Ал, «Қазақстан-Тараз» телеарнасы әкімнің қызмет бабымен аралап жүрмін деген серуенін үзбей насихаттауды әдетке айналдырған. Абай есімін театрға қайтарамын деп бұдан екі жыл бұрын берген уәдесін ол сабазың енді қаперіне алар емес. Жөн біледі, басалқалық айтады деген М.Төлепберген де Абай аруағына арашашы бола алмады. Соның пәтуасыз жиындардан және өзінің сыбайластарына майлы шелпек ұстатудан қолы босамайды.
Қазақтың ынтымағына іріткі салатын сорақылықтар Жамбыл облысында толастар емес. Мұны көретін көз соқыр, еститін құлақ саңырау болғалы қашан.
Енді кімге айтамыз? Құдіреті күшті бір Алла бәрін көріп тұр. Ие, Раббым, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп бүкіл әлемге паш еткен адал құлың Абай аруағына өзің жар бола гөр. Соған қиянат жасап отырған қараниетті күнәһарларды бұ дүниеде ар азабымен, о дүниеде көр азабымен жазалап, сазайын тартқызғайсың. Аллаһу акбар!

Сағат АРЫНҰЛЫ,
Тәуелсіз жорналшы
Тараз қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583