Сенбі, 12 Қазан 2024
Қоғам 7450 5 пікір 29 Қазан, 2020 сағат 11:04

Депутаттарға ашықхат жіберетін сайт ашылды

Қазақстанда азаматтардың депутаттарға тікелей сұрақ қоюына мүмкіндік беретін Salemdeputat.kz сайты іске қосылды.

Жобаны ұйымдастырған “Zertteu Research Іnstitute” қоғамдық қорының хабарлауынша, бұл сайт арқылы облыс мәслихатының не парламент мәжілісінің депутатына электронды ашықхат жіберуге болады.

Олардың айтуынша, азаматтар осы ресурс көмегімен мемлекет, облыс, қала, аудан немесе ауыл бюджеті туралы сауал қоя алады.

– Жоба мақсаты – сайлаушы мен депутат арасында нақты байланыс орнатып, сайлаушылардың бюджет мәселесі бойынша белсенділігін арттыру. Әр жыл сайын күзде депутаттар келесі жылға бюджет жобасын қарастырады. Біздің бақылауымыз бойынша, сол бюджет ақшасын қалыптастыратын салық төлеушілер бұл процеске қатыспайды. Бюджеттің өзі де солар үшін әзірленіп, қабылданады. Сондықтан бюджеттің салық төлеушілердің көзқарасы мен қалауын ескере отырып құрылуы керегін ескертеміз. Талқы кезінде депутаттар сайлаушыларының талап-тілегін білуі керек. Сондықтан азаматтар сұрақ қойып, пікірін, талабы мен өтінішін, айталық бюджетке қатысты сауалын жібере алуы үшін осы жобаны әзірледік, – дейді "Zertteu Research Institute" сарапшысы Ғалымжан Оразымбет Азаттыққа сұхбатында.

Жоба бастамашылары барлық облыс мәслихаттарынан депутаттардың электронды мекенжайын беруді сұраған.

– Мәслихаттардың 70 пайызы оң көзқарас танытты. Қарағанды, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарының мәслихаттары депутаттардың электронды пошталарын жеке бас мәліметі деп санады. Біз сайлаушылармен байланыс болуы үшін әсіресе цифрландыру дәуірінде мәслихат депутаттарының жұмыс және электронды мекенжайы нақты жариялануы тиіс деп санаймыз. Мәселен, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаттары депутаттардың электронды пошталарын сайттарында көрсеткен, бұл халық қалаулыларымен тікелей байланысуға мүмкіндік береді. Кейбіреулері мәслихаттың корпоративтік пошта мекенжайын берді. [Мәслихатта] "осы мекенжайға жіберіңдер, әрі қарай кімге жөнелтуді өзіміз шешеміз" деді, – дейді сарапшы.

Оразымбеттің айтуынша, депутат азаматтың хатына жауап бермесе, бұл оның "сайлаушы алдындағы ашықтығы мен жауапкершілігін" білдіреді.

– Азамат сұрағына жауап алмаса, демек депутат оның сауалына назар салмады деген сөз, – дейді сарапшы.

salemdeputat.kz сайты қолданушының алдымен ашықхат түрін таңдап, хабарламаны жазып, тізімдегі депутатты белгілеп, хатты оның атына жіберуіне мүмкіндік береді. Хат депутаттың электронды поштасына түседі. Жауап алу үшін хат жіберуші өз деректері мен электронды пошта мекенжайын көрсетуі тиіс.

Ұйымдастырушылар тақырыптық ашықхат жазу – сайлаушы сауалдарына депутаттың назарын аудартудың әлемде кең тараған үлгісі дейді.

Жобаға Құқықтық медиа-орталық, Factcheсk.kz, Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі (МИСК), "Социум-Зерттеу", "Медианет" және "Сорос-Қазақстан" қоры қолдау көрсеткен.

Қазір Қазақстанда мәслихаттар мен мәжіліс депутатымен хабарласу үшін сайлаушылар олардың қабылдауына жазылуы немесе мәслихат сайтында көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалуы керек. Бөлінетін уақыт шектеулі болғандықтан, азаматтар халық қалаулыларымен байланыстың нашар екенін, елді толғандыратын сұрақтардың көбі жауапсыз қалып жатқанын жиі айтады.

Abai.kz

5 пікір