Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3491 0 пікір 21 Қаңтар, 2012 сағат 14:02

Бейбіт Қойшыбаев. Білікті мұрағатшы еді

Бұдан он жыл ілгеріде дыбыс тұншықтырғымен жабдықталған тапаншадан атылған оқ Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, Орталық мемлекеттік мұрағаттың директоры   Марат Хасанаевтың өмірін үзіп жіберді...

Марат Жақсыбайұлының күллі саналы ғұмыры мұрағат саласымен байланысты болған еді. Ол 1974 жылы Мәскеу мемлекеттік тарих-мұрағат институтын (қазіргі Ресей гуманитарлық университетін) бітіріп келіп, еңбек жолын Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұрағатының ғылыми-техникалық құжаттама бойынша аға ғылыми қызметкері болып бастады. Содан бар болғаны бес жыл өткенде ол Орталық мемлекеттік мұрағат директоры және Бас мұрағаттық басқарма бастығы сынды жауапты мемлекеттік лауазымдарға дейін көтерілді. Мемлекеттік мұрағатты 1979 жылдан 15 жыл бойы үздіксіз басқарған Марат Хасанаев төрт жылдай үзілістен кейін кері шақырылып, сол лауазымына қайта тағайындалды.  Өйткені ол республикамыздағы бірден-бір  маман мұрағатшы, өз ісінің білгірі, мұрағат қызметін өркениетті заман талабына сәйкестендіріп, асқан біліктілікпен жандандыра алған ұйымдастырушы, ғалым-тарихшы және қаламы жүйрік публицист болатын.

Бұдан он жыл ілгеріде дыбыс тұншықтырғымен жабдықталған тапаншадан атылған оқ Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, Орталық мемлекеттік мұрағаттың директоры   Марат Хасанаевтың өмірін үзіп жіберді...

Марат Жақсыбайұлының күллі саналы ғұмыры мұрағат саласымен байланысты болған еді. Ол 1974 жылы Мәскеу мемлекеттік тарих-мұрағат институтын (қазіргі Ресей гуманитарлық университетін) бітіріп келіп, еңбек жолын Қазақ КСР Орталық мемлекеттік мұрағатының ғылыми-техникалық құжаттама бойынша аға ғылыми қызметкері болып бастады. Содан бар болғаны бес жыл өткенде ол Орталық мемлекеттік мұрағат директоры және Бас мұрағаттық басқарма бастығы сынды жауапты мемлекеттік лауазымдарға дейін көтерілді. Мемлекеттік мұрағатты 1979 жылдан 15 жыл бойы үздіксіз басқарған Марат Хасанаев төрт жылдай үзілістен кейін кері шақырылып, сол лауазымына қайта тағайындалды.  Өйткені ол республикамыздағы бірден-бір  маман мұрағатшы, өз ісінің білгірі, мұрағат қызметін өркениетті заман талабына сәйкестендіріп, асқан біліктілікпен жандандыра алған ұйымдастырушы, ғалым-тарихшы және қаламы жүйрік публицист болатын.

Білімді де қарапайым басшы, әдетте ұяң және ептеп тұйықтау көрінетін, бірақ жазуының уыты өткір асыл азамат, тарихшы-қаламгер Хасанаевтың баспасөз бетіндегі үні зор әрі өр шығушы еді. Оның публицистикалық ізденіс ауқымы өте кеңдігімен ерекшеленетін. Ол өзі басқарып отырған алып мұрағаттың мол қазынасын жақсы білетін және оларды өз орнымен тиімді пайдалана алатын.

Мәселен, мұрағат материалдарына сүйене отырып ол ұлы Абайдың өмірінің белгісіз сәттерін ашты. Шоқанның зиратының ашылу тарихын жазды. Ежелгі Түркістан мен ондағы қазақтың хандары, билеуші тұлғалары жерленген пантеон жайында қалам тербеді. Ол Алматыдағы Баум тоғайының жасалу тарихын және оны еккен бағбанның тағдырын жаңғыртты. Атақты саяхатшы Пржевальскийдің Орталық Азияға соңғы сапарының тарихы жайында әңгімеледі. Дүниежүзі бойынша палуандар сайысында ешқашан жауырыны жерге тиіп көрмеген, қартайған шағында, соғыс жылдары, ел аралап цирк өнерін көрсетіп, Отан қорғау үшін әскери ұшақ соғуға  арнап екі қап ақша жинаған ұлы Қажымұқанның советтік бюрократиядан өмірінің соңына қарай қалай жеңілгенін нақты мұрағаттық деректер келтіріп жазды.  Еліміздің өзге де атақты адамдары жайында да архив деректерін сөйлетті. Ол тіпті қазақ елі аспанында көрінген, танылмаған ұшпалы объектілерге дейін мұрағат қоймасында бар деректерді жарыққа шығарды.

Марат Хасанаевтың «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының жарғылық мақсат-мүддесіне орай жазған жұмыстары өз алдына бір төбе. Ол 30-шы жылдарғы алапат ашаршылық шындығын баспасөз бетінде елімізде бірінші болып көтерді. Аштық куәгері болған бір жас орыс қызының көз алдында бір түйір нанға зар боп бұралып өлген адамдарды көргендегі әсері, жан түршіктірер сырын түйген өлеңі мұрағат қоймасында сақталған екен, Мәкең соны 1988 жылғы ерте көктемде республикалық жастар газетіне берген мақаласында жария етті. Бұл қайта құру саясатының біздің елімізде де үстемдік құрып, жариялылықтың бел ала бастаған  шағы-тын. Содан бастап ол тарихи «ақтаңдақтарды» зерттеп, қалпына келтіру жұмысына белсене атсалысты. Саяси айыптаулар салдарынан тыйым салынған маңызды ғылыми еңбектердің қайта жарық көруіне атсалысты, оларға алғысөздер жазды. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған жекелеген республика басшыларының күрделі замандағы саяси портреттерін  жасады.

Марат 1986 жылғы Желтоқсан жайында да жазған болатын. Ол бұл кезеңнің еліміздің аса жаңа тарихында суайрық секілді айрықша орын алатынын атап айтқан еді. Жастардың бұл қозғалысының тамыры тереңде және ол, Хасанаевтың ойынша, орыстандыру үдерісінің тереңдей түсуі, ұлттық төл ерекшеліктің жойылуға ашық беталуы, қазақ тілінің қоғамдық-саяси қызметінің құлдырып төмендеуі, экологиялық проблемалардың шиеленісіп, өзектілігі арта түсуі секілді белгілі жәйттерден басқа, орталықтағы партиялық-мемлекеттік номенклатура күйттеген мүдделердің жергілікті басшылық пен халықтың көздеген мақсаттарынан алшақ   жатқандығында еді. Хасанаев аталмыш алшақтық Кеңес Одағы коммунистік партиясының басына Михаил Горбачев келгенде мүлдем ашық та айқын көрініс алды деп санады.

Айтпақшы, тап осы Желтоқсан тақырыбы оның өліміне себеп болды дейтін  пікір бар. Мәселен, тәуелсіздіктен кейін бірінші мәрте шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты Жасарал Қуанышәлин осыдан бірнеше жыл бұрын «Азаттық» радиосына берген сұхбатында  тергеу нәтижесіне, яғни Марат Хасанаев тонаушылық мақсатпен өлтірілген деген ресми анықтамаға сенбейтінін, оның саясат ауанымен атылғанына күмән  келтірмейтінін айтты.   Мұндай пікір, шынтуайтында, сол трагедия орын алған шақта да айтылып қалып жүретін. Ал Қуанышәлин өз сөзінде соған кейбір нақты мысал келтіреді.  «Хасанаевтың қайғылы қазаға ұшырауының аз ғана алдында маған онымен түрлі тақырыпта, соның ішінде Желтоқсан тақырыбы бойынша да сөйлесуге тура келген-ді, - дейді ол. - Бір күні, ұзақ ойланып барып, ол өзінде Желтоқсан оқиғаларының құпиясын ашатын, сөйтіп, бүгін беймәлім көп жәйтті білгізе алатын ерекше папка барын айтты». Сол құпия құжаттар ісқағазын, оның ойынша, күштік құрылымдарға қатысы болған әлдебіреулердің біліп қоюы ғажап емес. Осыған ұқсас ойды көп жылдан бері «Әділеттің» байырғы мүшелерінің бірі, ұзақ жылдар қоғамның атқарушы директоры болған Сәуле Айтмамбетова да айтады. Мәселенің шындығы уақыты келгенде анықталар  деп ойлаймыз.

Хасанаев жауапты қызметкер ретінде еліміздің 18-ші ғасырдың басынан қазіргі заманға дейінгі тарихына қатысты ашық та, құпия да құжаттарды жинақтаған ең ірі мұрағатты  басқарды. Ол архив ісі бойынша арнайы маманданған  бірден-бір басшы болатын. Әдетте көпшіліктің қызығушылығын кеңестік кезең қорлары тудыратын-ды. Өйткені тарихқа саясаттың қызметшісі ретінде қарайтын жүйе бұрын бұл қорлардың есігін жабық ұстаған еді. Ол «Әліби Жангелдиннің қызыл керуені», «Революционерлерге көмек берудің халықаралық ұйымы» құжаттары, 20-шы және 30-шы жылдарғы ашаршылық пен ұжымдастыру кезеңінің материалдары жинақталған қорлардың біртіндеп ашылуының басында тұрған-ды. Сонда аңғарғаны - ашаршылық пен ұжымдастыру дәуірі қорлары ұзақ жылдарғы құпия ұсталған кездерде «тазартуға» ұшыраған екен. Бұл әрекеттің сол замандардағы келеңсіз тірліктерінің ізін жасыру мақсатында қылмысқа барған әлдекімдердің қолымен жасалғаны күмәнсіз еді. Жазықсыз жандардың қанына былғанған, тарихтың талай көмескі бетін шыншыл деректермен толықтыра алатын құжаттардың солай жойылып, күзелгенін мұрағатшы өкінішпен аңдаған-ды. Осылар жайында ол уақытында баспасөзде әңгімелеген болатын. Жалпы ол еліміздегі ең үлкен архив қоймасын әділ тарих жазу үшін еңбек етпек зерттеушілер игілігіне қою жолында көп еңбек сіңірген қайраткер еді.

Бүгін біз бұдан тура он жыл бұрын қаныпезер оғынан қаза тапқан әріптесіміз, әділдік сүйген үлкен азамат, тарихшы-мұрағатшы Марат Жақсыбайұлы Хасанаевты еске алып, аруағы алдында бас иеміз.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562