Аспалы көпір «Азабы да» артта қалды

Орта Азияда теңдесі жоқ аспалы көпір Семейдің төрінен орын алып, мақтанышқа айналғалы да 25 жыл болыпты. Осы ширек ғасыр уақыттың екінші жартысында айтулы көпірдің күйі күйрей бастаған. Жол табаны ыдырып тіпті ыңыршағы шығып кетті. Соңғы сегіз жылда неше мәрте жөндеу жұмыстары да жүргізілді. Жөндеген сайын жүдей түскені де рас. Оның себебі ол жөндеу жұмыстарында тиісті технологиясы қолданылмады. Тайыншаның танауын жұдырықпен тескендей темірге асфальт жапсырып әуре болдық. Ауыр салмаққа шыдас бермеген асфальт әр жерден жирылып шодырайып қалды. Көпірдің бір басынан екінші басына жеткенше шопырлар шодыр мен кедірлерден біресе ырғып, біресе сырғып әуре болатын. Көлік тізгіндеушілердің бәрі бірдей сабырлы деймісің, тілі мен зіліне ерік беретіндер қаншама…
Япыр-ай, мақанышымызға айналған әп-әдемі көпіріміздің бұдан арғы жағдайы не болар екен деп алаңдап келдік. «Бұған жергілікті асфальт жарамайды, бәнеде-түген деген» әңгімелер де тарады. Айтса айтқандай, төсеген асфальттар сырылып табан темірлер жалтырап ашық қалды. Бұл көріністер біреуге азап, біреуге мазақ болғаны да шындық.
Таяуда, 1,5 ай бұрын аспалы көпірдің бір жағы жөндеу жұмысына жабылған кезде ел ішінен «әй, қалай болады екен, жөндегендерін көріп жүрміз ғой» дегендей, нәтижесіне сенер-сенбесін білмеген. Бірақ, бұрынғыдай емес бұл жолы қарқын мүлде бөлек болды. «Істің біткенінен емес, бастағанынан біл» дегендей аспалы көпірдің атшаптырым алаңындағы ескі асфальт түгелдей сүріліп тасталды. Облыс басшысы Берік Уәли жұмыс барысын өзі бақылап, қолданылатын материалдарды қолымен ұстап көрді. Көпшілік көңіліндегі күдік сейілді, тек аз уақыт кетпеліске шыдамдылық таныту ғана қалған. Солай болды да, бір айдың аржақ-бержағында аспалы көпіріміз алғашқы ашылу салтанатындағыдай теп-тегіс, түп-түзу болып шыға келді! Бұл өзі таңқаларлы жағдай, осы уақытқа дейін ешкім толыққанды қол жеткізе алмаған жетістік. Негізінде, бұл халық облыс әкіміне, облыс әкімі тапсырысты тиянақты орындаған мердігерге Алғыс айтатын күн! Барымызды бағалап, нарымызды даралай білсек несі айып? «Жол азабын жүрген белер» дегендей басқаны қойып сол көпірмен селкілдеп өтпеген сеймейліктер кемде кем шығар.
Иә, аспалы көпірдің арқасын жауар қылған жалғыз семейліктер емес, таранзиттік жол болғандықтан бұл жолақпен өтпейтін көлік жоқ. Жылына жеті жүз мыңдай техника қатынайды деп естідік. Оның қанша пайызы аса ауыр самақты екенін кім біліпті. Солай дегенмен, айналып келгенде бұл алып нысанның жауапкершілігі жергілікті әкімшілікке келіп түседі. Осы уақытқа дейінгі көпірге қатысты айтылған сын, көтерілген шу, жөндеуіне деген наразылықтың бәріне енді нүкте қойлса керек. Көзге көрініп тұрған нәтиже – Абай облысы әкімі Берік Уәлидің ел алдында берген уәдесінің іс жүзінде жүзеге асып жатқандығы. Бұл қатардағы жөндеу жұмыстарының бірі емес, тұрпаты бөлек көпірдің технологиясы да тым күрделі. Сол күрделі мәселеден іргелі нәтиже шығарған азаматтың алдағы істеріне де сәттілік тілеп қойсақ несі айып. Көпірдің «көзін ашқан» іскерік әлі де көп нәрсенің шырайын кіргізетініне үмітіміз мол.
Қайрат Зекенұлы
Abai.kz