Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзгелер 6753 3 пікір 5 Қараша, 2020 сағат 15:58

Қытайдың бағыты өзгере ме?

Қазан айының 26-29 күндері Пекин қаласының «Жингши» қонақ үйінде Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің 19 съезінің 5 пленумы өтті. Жыл басынан коронавирус құрсаулап, АҚШ-пен қарым-қатынасы ұшыққан, Индиямен жанжалдасқан Қытай коммунистік партиясы екі оттың ортасында қалды десек артық айтқандық емес. Сондықтан да болар әлемдік сарапшылар бұл пленум белгіленген күннен бастап түрлі-түсті бал ашып, болжамдар жасады.

Әсіресе, бұл күні әлемдегі екінші экономикалық державаға айналған Қытайдың тағдыры, бағыт-бағдары, ішкі-сыртқы саясаты біраз кісілерді ойландырса керек. Қалыптасқан дәстүр бойынша Қытай компартиясының кезекті съезінен кейін жыл сайын орталық комитеттің пленумы өткізіледі. Бірінші пленумда партияның кадрлық құрылымы қаралады, екінші пленумда мемлекеттік құрылымдар ретке түседі, үшінші пленумда экономика мәселесі қаралады. 1978 жылы әйгілі 11-съездің үшінші пленумында Дэнь бастаған билік өкілдері таптық күрес, жалғасты төңкеріс жасау, әлемге төңкеріс тасымалдау сынды солшылдық бағыттан бас тартып, бүкіл күшті экономикалық құрылысқа аударып, реформа жасап, есікті айқара ашты. Сонымен бүкіл Қытайдың бет-бейнесін өзгертті. Төртінші пленумда партия құрылыс талқыға түседі, бесінші пленумда болашақ жоспарлар қаралып бекітіледі, әр келешек ізбасарлар талданады. Осы реткі пленумда «он төртінші 5 жылдық жоспар» сарапқа салынды. Сонымен бірге үш жылдың алдында он тоғызыншы съезде Си Цзиньпинь ортаға қойған «2035 жылы кемеліне келген социалистік мемлекет құру жоспары» тағы да дәріптелді.

2012 жылы Қытай компартиясының он сегізінші съезінде билікке келген Си секретарь біртіндеп бар билікті өз қолына шоғырландырды. Сыртқы саясатта Қытайдың экономикалық табысына мастанып, әлемге сес көрсетті «Бір белдеу – бір жол» жобасын дүниеге алып келу арқылы, әлемдік тәртіпті қайта қарап, Қытайдың позициясын нығайтуды көздеді. Әуелі Жапониямен, одан кейін Индиямен шекаралық жанжалдарға барды. Әсіресе қазір Индиямен соғыс өрті шырпы тартса болды, лау ете түскелі тұр. Дың ақсақалдың қырық жылға таяу жүргізген барлық күшті экономикаға жұмсап, бетегеден биік, жусаннан аласа жүру саясаты адыра қалды.

АҚШ-пен арадағы басталған сауда соғысы біртіндеп экономикалық, дипломатиялық жанжалға ұласты. Соңы АҚШ Қытайдың Сан-Францискодағы консулын жапса, Қытай АҚШ-тың Чэңдудағы консулын жапты. Сан-Францискода қытай диаспорасы ең көп шоғырланса, Чэңду қаласы батыс оңтүстік пен батыс солтүстікті жалғап жатқан стратегиялық маңызға ие қала. Әрі Тибетпен Шыңжаң Пекиннен кейін осы қаладан қана виза алады.

Ішкі саясатта Мао заманына жақындай түсті. 1958 жылы асыра сілтеуден кейін екінші шепке шегінген Мао 1966 жылы «Мәдениет басқару группасын» құрып орталық саяси бюро мен орталық секретариатты биліктен шектетсе; Си реформаны тереңдету комитеті, ауыл шаруашылығын басқару комитеті сияқты көптеген комитет құрып премьер министр Ли Кэцянның ықпалын әлсіретті. Осы аралықта жемқорлықпен күресті сылтау етіп бір орталық саяси бюро мүшесін, орталық әскери комитеттің екі орынбасар төрағасын, Ху Цзиньтао орталық аппаратының бастығын қамтыған 400-ден астам министр орынбасарынан жоғары партия, үкімет, әскери, мемлекеттік кәсіпорын шенеуніктерінің қолына кісен салды. Тибет пен Шыңжаңға саяси лагерь орнатып әлем халықтарының қатаң айыптарына ұшырады.

Қытай билігі үш үлкен топтан құралады. Әуелі Си бастаған «бекзадалар» тобы. Сидың әкесі байырғы коммунист, бардам әулетте өскен бірақ өте солшыл емес оңшылдау адам. Мао заманында орталық партия комитетінің үгіт-насихат саласын басқарған, «Мәдениет төңкерісі» кезінде қуғынға түсіп, Дың заманында ақталып Гуаньдонг өлкесінің бірінші секретары болып реформа, сыртқа есік ашу саясатын бастаған адам еді. Қазіргі Шыңжың қаласын құрған кісі. Кейін премьер-министрдің орынбасары болды. «Бекзадалар» бүкіл мемлекеттің саяси-экономикалық құрылымын уысында ұстап отыр. Соңғы кезде Дың әулеті бастаған бірнеше әулетке тісін батырған соң бұл топтың ішіне іріткі түсіп Сиге ашық қарсы шыға бастады. Екінші топ қазіргі премьер-министр бастаған бұрыңғы төраға Ху Цзиньтаодың «комсомолдар тобы». Бұлар қызыл әулетпен көп қатысы жоқ, жоғары білім алып, қызмет баспалдағын комсомолдан бастаған партияның сенімді «қолбалалары». Үшінші топ, бүл күнде едәуір әлсіреп қалған Цзянь Цзиминьның тобы. Қазір бұл топтан бір ғана адам саяси бюроға кіріп отыр. Десе де бұл топ қаншама құдалауға түссе де, тамыры тереңге кеткен. Көзге көрінбесе де, жасырын күштері жетіп артылады.

Қатаң күзетте ың-шыңсыз, дау-дамайсыз өткен бесінші пленум жабылған кезде де жұрт күткен сенсациялық жаңалық болмады. Америкаға қарсы қатаң мәлімдеме жасалып, Тайванға сес көрсетілмеді. Осыдан бірнеше күн бұрын өткен Америкаға қарсы тұрып, Кореяға көмек беру соғысының жетпіс жылдығын еске түсіру жиналысында қаһарланаған Си бас секретарь кәдімгідей момақан. Болашақ ізбасардың да аты аталмады. Соған қарағанда кландар бір мәмлеге келе алмай, тарасқан сияқты. Тек екі күн өткен соң орталық партия комитетіне төте қарасты саясат зерттеу институтының директоры, саяси бюро мүшесі Ван Хунин (Wang Huning) аталмыш институтының басшылық қызметінен босағаны мәлім болды. Сонымен бірге Синьхуа агенттігі, халық газеті сияқты партияның «көз құлақтарының» да басшысы ауысқаны жария болды.

80-жылдары Фудан университетінің студенттерін Сингапурға бастап барып ашық пікір таласқа қатынасқан сол арқылы жұрт көзіне түскен Ван Хунин мырза бұл қызметте табан аудармай он сегіз жыл істеді. Он тоғызыншы съезде орталық саяси бюроның мүшесі деңгейіне өссе де директорлық қызметінен қол үзген жоқ еді. Ел арасында үш дәуірдің идеологы деген аты бар 1989 жылы Тяньанмэнь қырғынынан кейін билікке келген Цзянь Цзиминьның «үшке уәкілдік ету», Ху Цзиньтаодың «ғылыми даму көзқарасы», қазіргі Си бас секретарьдың «жаңа дәуірдегі Қытайлық ерекшелікке ие социализм идеясы» әрі «екі ғасыр жобасы» «бір белдеу - бір жол» стратегиясы осының бәрі бас идеологтың қол таңбасы болып табылады.

Қытайдың жазба тарихы басталғалы немесе Конфуций заманынан бері зиялы қауымның қоғамдық орны өте төмен болып келеді. Жауласқан жеті бектік заманда данышпан Конфуцийдың өзі мейірімді, опалы, ақыл-кеңес тыңдайтын билеуші іздеп шарқ құрған. Жолы болмай, меселі қайтқанда шәкірт тәрбиелеп ендігі арманын солардың жалғастыруын аманаттайды. Билік ауысқанда немесе орда төңкерісі болғанда зиялы қауым ең алдымен құрбандыққа шалынады. Арыға бармай Мао заманына келсек кезінде Маодың хатшысы болған, кейін идеологияға жауапты саяси бюро мүшесі Чэнь Бода өмірлік қамаққа кесілсе, Мао өлгеннен кейін идеологияға жауапты саяси бюро мүшесі Чжан Чуньцяо да алдыңғының аяғын құшты.

Он тоғызыншы съезден кейін Қытайдың саяси бағытында солшылдық белең алды. Жаңадан сайланған жеті саяси бюро мүшесі алғашқы іс-қимылын Шанхай қаласындағы компартияның бірінші съезі өткен ескерткіш музейден экскурсиялаудан бастады. Коммунизмның атасы Маркстың 200-жылдық мерейтойын салтанатпен еске алды. Дүниежүзі саяси партиялардың конференциясы Пекинде өтті. «Әуелгі мақсатты ұмытпай, борышты есте берік сақтайық» деген ұран бүкіл Қытай халқының жарапазанына айналды. Жекеменшік, біріккен және шетел компанияларында партия ячейкасын құруды талап ету, ұжымдық меншіктің басымдығын баса дәріптеу, ауруханаларда бас дәрігердің орнына бас секретарьдың ролын күшейту сынды солшылдыққа құрылған бағыт-бағдар, іс-шаралар көбейді. Саны аз ұлттардың тіл жазуына, діни наным-сеніміне шектеу қойылды. Си Цзиньпинь идеясы партия жарғысына кіргізіліп, мемлекет төрағасының билікте он жылдан артық отырмау керек деген тармағы күшін жойды. Шетелдік және оппозициялық бағыттағы қытай сарапшылары осы істердің бәрінің артында бас секретарь Си мен оның командасы және идеологияға жауапты саяси бюро мүшесі Ван Хунин тұр деп есептейді әрі Си дара билігінің қалыптасуы Мао заманына қайта оралу, тарих дөңгелегін кері бұру деп баға береді.

Бас секретарь Сидың бұл әрекеттері жұрттың жүрегіне жол таппады. Ел іші-сыртында қатаң қарсылыққа ұшырады, әсіресе «бекзадалар тобы» ашық қарсылыққа шықты. Мемлекет төрағасының орынбасары, бейресми сегізінші саяси бюро мүшесі аталатын Ван Цишаньнің досы кәсіпкер Ren Zhengqiang «аңыздағы тыр жалаңаш сайқымазақ патша болғысы келеді әрі мақсатына жету үшін кім жолына көлденең тұрса соның соңына шамалып түседі» деп бас секретарьды атын атамай айыптаған үшін 18 жыл арқалап кетті.

Тақтан түссе де аттан түсе қоймаған кезіндегі партия, мемлекет, үкімет басшылары бастаған ақсақалдар жыл сайын тамызда Бэйдайхэ санаториясында бейресми кездесіп, мемлекет істері мен болашақ ізбасарларды талқыға салатын дағдысы бар. Соңғы үш реткі кездесудің бәрі Сиға тиімсіз болған. Жоғары да аталған үш топтың серкелері мен мүдделілердің бәрі өз араздықтарының бәрін жиып тастап «жуастан жуан шыққан» Сиге қарсы одақтасып тіл біріктірген. Тіпті бас секретарьды мерзімінен бұрын тағынан тайдырады деген қауесет шықты. Сонымен 19 съездің бесінші пленумы мәресіне жетті, құпиясы мол жасырын күреске әбден дағдыланған Қытай компартиясы саяси сарапшылардың жағымды, жағымсыз болжамдардың бәрін растамады. Азынаулақ кадрлық өзгерістен басқа елді елең еткізетін соны жаңалық болған жоқ. Көріністе секретарь Си айылын жиып, арғынынан қайтқандай көрінді. Әлде бұл дауыл алдындағы бір сәткі үнсіздік болар.

Тарихы ұзақ, мәдениеті бай, көп ұлттан құралған коммунистік жүйенің темір құрсауында кез-келген сәтте жарылуға даяр тұрған алып мемлекеттің тағдыры мен болашақ беталысы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Әсіресе, әлемге сүйкімі кетсе де күші мен қитұрқы саясатына сеніп, айналасына айбар шеккен екі алып империяның ортасында қалып, пүшайман күй кешіп, көп векторлық саясатты дәтке қуат етіп келе жатқан Қазақстан үшін Қытайдың бағыт-бағдарын ертерек пайымдап, көзірімізді дайындау тіпті де маңызды. «Көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып ал» деген ата-баба тәлімі енді ес қата ма, әлде орға жыға ма? Осы жөнінде көбірек ойлануымыз керек. Әсіресе, ішкі саясаттағы өзгеше ойлайтындарды өзара қырық пышақ қылатын ескі тәсіліміз қашанғы ес қатады. Мұны да бір ойлап қояйық.

Қорған Тұранұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364