Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4912 0 пікір 25 Қаңтар, 2012 сағат 04:49

Ардақ Нұрғазыұлы. Шеңбердің сыртындағы ара

Өзге әңгіме, повестерімен салыстырғанда Оралхан Бөкейдің «Атаукересінің» орны бөлек. Себебі, бұл жазушының тұрақсызданған дүниеге алғаш беттеуі еді. Жазушы бұл жолы да баяғы әдетіне басып Алтай тақырыбын ортаға алып шыққанымен, өзі аяқ басып тұрған дүниеге кешегісінен басқаша қарауға тиіс болған. Қоғамтанушылар бүгінде «адамзат қоғамы бірнеше мың жыл бойы өгіз аяңмен жылжып келіп, неге XVII ғасырдан бастап бірден ұшқан құстай дамыды?» деген сұраққа жауап іздеуде. Бұл сұраққа бүгінде түрлі жауап бар. Соның бірі  - XVII ғасырдан бастап Еуропа елдері капитализмге аяқ басты немесе тауар айырбасымен шындап айналыса бастады. Бүкіл қоғам осы айырбасты өзек етіп қайтадан жасақталды. Соның нәтижесінде қоғам бүгінгідей күн сайын өзгерген даму жолына түсті. Қоғамтану мен әдебиеттану саласында біраз зерттеушілер «модернизм» (жаңару) деген атауды  XIX ғасырдың орта тұсынан бастап пайда болған шығармаларға телігенімен, оның түпкі қайнарын  жоғарыдағы түбірлі өзгеріс кезеңіне апарып тірейді. Бұл таным бойынша дүниені өзгерткен - жүйелі жүрген тауар айырбасы. Енді бір тұрғыдан келсек, капитализм деген күнбе-күн өзгеру, жаңарып отыру, ескімен күн сайын қоштасу, т.б.  Жиып келгенде, тұрақсыздық.  Міне, осы себепті, XVII ғасырдан бастап қоғам барды сақтау мен жаңарудың айнымас әрі аса қатал тартысына түсті деуімізге болады. Бұл тартыста дәл бүгінге дейін капитализм жеңіп келеді.

Өзге әңгіме, повестерімен салыстырғанда Оралхан Бөкейдің «Атаукересінің» орны бөлек. Себебі, бұл жазушының тұрақсызданған дүниеге алғаш беттеуі еді. Жазушы бұл жолы да баяғы әдетіне басып Алтай тақырыбын ортаға алып шыққанымен, өзі аяқ басып тұрған дүниеге кешегісінен басқаша қарауға тиіс болған. Қоғамтанушылар бүгінде «адамзат қоғамы бірнеше мың жыл бойы өгіз аяңмен жылжып келіп, неге XVII ғасырдан бастап бірден ұшқан құстай дамыды?» деген сұраққа жауап іздеуде. Бұл сұраққа бүгінде түрлі жауап бар. Соның бірі  - XVII ғасырдан бастап Еуропа елдері капитализмге аяқ басты немесе тауар айырбасымен шындап айналыса бастады. Бүкіл қоғам осы айырбасты өзек етіп қайтадан жасақталды. Соның нәтижесінде қоғам бүгінгідей күн сайын өзгерген даму жолына түсті. Қоғамтану мен әдебиеттану саласында біраз зерттеушілер «модернизм» (жаңару) деген атауды  XIX ғасырдың орта тұсынан бастап пайда болған шығармаларға телігенімен, оның түпкі қайнарын  жоғарыдағы түбірлі өзгеріс кезеңіне апарып тірейді. Бұл таным бойынша дүниені өзгерткен - жүйелі жүрген тауар айырбасы. Енді бір тұрғыдан келсек, капитализм деген күнбе-күн өзгеру, жаңарып отыру, ескімен күн сайын қоштасу, т.б.  Жиып келгенде, тұрақсыздық.  Міне, осы себепті, XVII ғасырдан бастап қоғам барды сақтау мен жаңарудың айнымас әрі аса қатал тартысына түсті деуімізге болады. Бұл тартыста дәл бүгінге дейін капитализм жеңіп келеді. Дүние үздіксіз өзгеру үстінде. Капиталистік қатынас адам баласының табиғатындағы бұрын көзге түсе бермеген жаңа характердің бетін ашты. Бұл дегенің адам баласының болмысы кешегісінен күрделене түскенін аңғартады. Бұндай өзгеріс өнер адамын әсте бейжай қалдырмайды. Соның ішінде жазушы да бар.

Алайда, әр кезеңде осы өзгеруге қарсы тұрушы күштер болды.  Соның соңғы бізге таныс бір формасы - кешегі Кеңес қоғамы. Оралхан Бөкей бүгінде келмеске кеткен, капитализмге түбірлі қарсы тұрған сол қоғамда және оның шаңырағы шайқала бастаған тұсында жасады. Жазушының  «Атаукере» повесіне дейінгі шығармаларының барлығында дерлік кеңес қоғамының шалғай бір түкпіріндегі ауыл, сондағы адамдардың күнделікті тыныс-тіршілігі баяндалады. Ол ортада басты жетекші күш бар десек, ол - тұрақтылық. Тұрақтылықтың тасасында тәртіп тұр. Тәртіп дегеніміз -еркіңнен тыс әлдебіреулердің еркі бойынша қолдан жасалған жүйенің кесіп-пішуімен өмір сүру. Содан да онда уақыт дегенің тұрып қалғандай сезіледі. Сол тұрып қалған дүниедегі шағын сахнада адамдар тартысқа түседі, махаббат жырын шертеді, кектеседі, күледі, жылайды, ойланып-толғанады, жиып келгенде, өмір сүреді. Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасынан бастап осы қолдан жасалған шағын сахнадағы өмірдің берекесі кете бастады. Биліктің ұшар басында отырған адамдар сахнаның шымылдығын түсіруге бекіді. Онда да қай бір жетіскендіктен деймісіз, ұзаққа созылған түстің соңы үрейлі елестерге бой алдырғандай, қоғам моральдық, экономикалық күрделі қайшылықтардың батпағына мықтап батқаннан кейін, солай істемей болмайтын еді. Ал темір тормен бекітілген шекараның арғы жағында өмір басқашалау болатын. Анықтап айтуға тиісті түйін, онда қоғамның өзі үлкен сахна еді. Ондағы қоюшы режиссердің болмысы әлдеқайда күрделі болатын. Соған қарамастан екі дүние бір бірімен кірпік ілмей аңдысқан жау ғана емес, күні-түні тынбай алысқан бәсекелес те болды. Бейнелеп айтар болсақ, капитализм ұлы мұхиттағы ағысқа ұқсаса, социализмді анда-санда жолығып қалатын иірім деуге болады.

1992 жылы бір топ қазақ жазушылары (ішінде Оралхан Бөкей де бар) Қорғас шекара өткелі арқылы Қытайдың Құлжа қаласына сапарлап барған. Сондағы кездесуде оқырмандардың бірі жазушыдан «Ш.Айтматовтың шығармалары туралы  не айтасыз?» деп сұрайды. Сонда Оралхан Бөкей «Ш.Айтматов - аса байқағыш, тамыршыл жазушы» деп жауап берген екен. Жалпы кеңес қоғамында жолы болған жазушылардың дені тамырды дәп басатын ерекшелікке ие еді десек, артық айтқандық бола қоймас. Олар қоғамның тамыр соғысын жіті бақылап, әр шығармасында соған лайық жауап қайтарып отырған. Айталық, Ш.Айтматов «Ақ кемесін» әр кезеңде үш түрлі аяқталатын етіп үш түрлі жазды. «Боранды бекетін» араға жылдар салып «Шыңғысханның ақ бұлты» деп жаңа тараулармен толықтырды. Бұл уақыттың тамырын дәл басып, саясаттың ауылын дәл белгілей алатын адамның ғана қолынан келетін шаруа.

Оралхан Бөкей «Атаукерені» жазуды қолға алған тұста дүние өзгере бастаған еді. Қолдан жасалған, кішкене сахнадан үлкен сахнаға секіру басталып кеткен болатын. Жазушының алдынан сонда бір сұрақтың шыққаны анық. Ол нені, қайсы сахнаны жазу мәселесі. Өйткені, жазушы санасындағы уақыт әуелгі сахнаны үлкейтіп жіберген еді. Арыдан келе жатқан орыс әдебиеті прозасының мектебінен шыққан Оралхан Бөкей тұрғысынан айтқанда бұл сұраққа тұшымды жауап беру оңайға соқпайтыны белгілі. Орыс әдебиетінде проза Лев Толстой мен Ф.Достоевский  шығармашылығы болып екі арнаға жіктелген. Кеңес қоғамы кезінде Лев Толстой ұлықталды да, Ф.Достоевский әдейі тасада қалдырылды. Уақыт өте келе кеңес әдебиетінің прозасы толықтай дерлік  Лев Толстой мектебінің түлектерінің қолына өтті. Қоғамды моральдық тұрғыдан бағалауды, тексеріп-тектеуді басты ұстаным ететін бұл мектеп басында Лев Толстойдың дін туралы түсінігін өз ішіне алған дүниетанымды өзек етсе, кеңес қоғамы кезінде оған «социалистік мораль» делінген саяси жаңа сападағы адам туралы түсінікке табан тіреу қосылды. Бұндай прозада жазушының дүниетанымы негізгі орында тұрады. Жазушы өзі ой қозғап, кесіп-пішіп, бағалап, қортындысын да өзі шығарады. Енді бір тұрғыдан айтқанда, жазушы мен қоғам бір дүние. Көп жағдайда жазушының шынайы «мені» қоғамдық «менінің» көлеңкесінде қалады. Бұған  Лев Толстой жақсы мысал. «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Арылу» романдарында жүздеген кейіпкер бар. Сол жүздеген кейіпкерді жазушы судай сапырып, таудай қопара отырып өзі жазып отырған дәуірдің үлкен кескінін жасаған. Бұл жағынан жазушының таланты мен дарынына айтар сөз жоқ. Алайда, жазушының осы кең құшағынан тыс өзге өмір жоқ па? Әлбетте, бар. Оның бір ұшығы сол Лев Толстой дәуірінің өзінде-ақ байқалған болатын. Айталық, Ф.Достоевский мүлде басқа дүниені жазды. Әсілінде моралдық құндылық аса күрделі, қатпарлы адам болмысында шағын ғана аумақты ұстайды. Одан тыс телегей-теңіз дүние жатыр. Моральдық құндылықты басты нысана етіп ұстаған жазушылардың дені шығармашылығының соңғы ізденіс кезеңінде барлығы дерлік дінге немесе «тәубеге келуге» барып саятын жолға түседі. Одан ары негізінен жол жоқ. Лев Толстойдың соңында «Арылуды»  жазуының себебі де осында. Бұл ерекшелік кеңес әдебиетінде де айна-қатесіз қайталанады. Партияның саясатын бетке ұстаған жазушыларды айтпағанның өзінде, әдебиетке өз ұстанымымен келді деген жазушылардың өзі де шырқап шыққанда адамгершілік пен қаскөйлікті шабыстырып келіп, моральдық тазалықты алға тартумен тынып жатады. Бұл жазушының дүниетанымы мен эстетикалық талғамы ақыр соңында оның мәтінге болған танымын белгілейтінін көрсетеді. Содан да кеңес жазушыларының дені мәтіннің жалаңдығынан кедейлік көргені белгілі.

Жоғарыдағы сұрақ қатал болғанымен, жазушы бәрібір оған жауап беруге тиіс еді. Өйткені, онсыз алға жылжи алмайсың. Оралхан Бөкейдің жоғарыдағы сұраққа қайтарған жауабын біз «Атаукереден» таба аламыз. Повесть былай басталған.

Ол Бек - Алқаға жылына бір рет міндетті түрде қатынайтын. Туған ауыл, ел-жұртын емешегі үзіліп сағынғандықтан емес (қай бір екі туып, бір қалғаны бар), жыл бойы табан ет, маңдай тердің құнын шығарып, ұшы-қиыры таусылмас шаруаның шалғайын қайыру үшін, етектегі елге - Үлкен жерге асығатын. Ал шаруа, басқаны қайдам, Ерік үшін қайта айналып орнына келе берер күн мен түн секілді мәңгілік қозғалыстағы, мәңгілік айналымдағы дүбірлі дүние, таусылмас қазына...

Осылайша біз Оралхан Бөкейдің бұрын-соңды кездеспеген су жаңа кейіпкеріне жолығамыз. Оның аты Ерік (ойланарлық есім). Жоғарыдағы мәтіннен шығарманың жалпы ауанын да байқауға болады. Жаңа шығармасында жазушы ақша табу үшін жанталасып өмір сүретін (мұнда ақша құмарлық дүниеқорлық болып көрініс берген), сол жолда ештеңеден аянып қалмай, барлық құндылық біткенді айырбастауға бар, айырбастап та жіберген жаңа заман адамының образын жасаған. Кеңес адамы әсте бұлай өмір сүрмесе керек еді. Еріктің бойынан алаяқ саудагердің барлық белгісін табуыңа болады: ол ақшаны жанынан артық сүйеді, өмірдегі бірден-бір құндылық сол деп түсінеді, жақын адамдарының өзіне ақшаның тұрғысынан қарайды. Жазушы осы кейіпкері арқылы келе жатқан жаңа қоғам мен адам туралы ой толғағысы келген сияқты. Ерікті шағын сахнадан үлкен сахнаға секірген кеңес адамының жиынтық көрінісі деуге әбден негіз бар. Жоғарыдағы мәтін жазушының прозада дәстүрге табан тірейтінін де аңғартады. Баяғы Лев Толстойдың сөз алысын мұнда да кездестіресің. Жұрттың есінде болса, «Анна Каренина» романы басталған жерде бір сөйлем бар. Ол «Барлық бақытты отбасының бақыты бірдей, ал бақытсыз отбасылардың қасіреті әр түрлі болады» дегенге жақындайтын сөйлем. Белгілі тұрғыдан айтқанда, орыс жазушысы дәл осы сөздің мазмұнын толық түсіндіру үшін көлемі кереқарыс роман жазған. (Лев Толстойдың  «Мен «Арылуды» романның соңғы тарауындағы дінге қатысты ойларымды толық түсіндіру үшін жаздым» деген сөзін еске алайықшы.) Шығармадағы осы сөйлемге романның кейінгі оқиғасы толық сыйып тұр. Бұл ерекшелік «Атаукереге» де жат емес. Жоғарыдағы повестің бастала салғандағы бір абзацынан біз шығарманың кейінгі беталысын анық аңғара қоямыз. Еріктің кім екені түсінікті болады. Ендігісі тек оқиғамен танысу барысы ғана. Жоғарыда аталған екі жазушы да өзі жазғалы отырған дүниені толық танып-біліп, қортындысын да шығарып алған ұстаныммен шығармашылыққа отырған. Айта кетерлік бір жағдай, «Атаукерені» Оралхан Бөкейдің «Арылуы» деп қараған жөн. Алайда, бұл жолы Оралхан Бөкей ертеректегі кеңес жазушылары сияқты (айталық, Астафьевтің «Балық патшасы» романындағы сияқты) шиеленіскен оқиғаның соңғы шарықтау тұсында жағымсыз кейіпкерін тығырыққа тірелгенде тәубесіне келтіріп тынбайды, қайта қосымша бір кейіпкер жасап, соны тәубеге келтіреді. Шығармада Ерік пен Таған бір адамның (жазушының десек те болатындай) екі келбеті сияқты рөл ойнайды.  Бұл ұстанымды да түсінуімізге болады. Ерік сияқты адамдардың тәубеге келу арқылы өзгеріп кетпейтіні, тіпті, олардың алдағы күндерде көбеймесе, азаймайтынын аңғартқан уақыт әлдеқашан жеткен болатын. Шығармада ерекше есте қалатын бір сөйлем бар, ол - Тағанның «Неге біз осы?...» дейтін монологы. Жазушы да, оқырман да осы сөйлемге өзгеше үміт артады. Жазушы осы сөйлем арқылы өзі аңғарған, алайда одан ары аршып жазуға  мүмкіндігі жоқ өлкеге қиял өрбітеді, ал, оқырман, «Атаукерені» оқыған әрбір жан өзінің дүниетанымы, эстетикалық талғамы, өмір кешуі, болмысы арқылы онымен үндеседі.

Осыдан кейін Тағанның «Неге біз осы?...» деген сөзінің аржағында не тұр деген заңды сұрақ туады. Меніңше, онда Оралхан Бөкейдің жазу мәнеріне - мәтінге сыймаған басқа әлем тұр. Айталық, Оралхан Бөкей үшін (оқырман үшін де) жаңадан төбе көрсете бастаған қоғам әсілінде тұрақсыз, сырын ішіне бүккен, жұмбағы көп, тың дүние. Сол тың, тұрақсыз дүние туралы алдымен үңіле ойланып, одан соң барып қортынды шығаруға тиіссің. Тіпті «қортынды шығару» дегеннің өзі ойланарлық, артық нәрсе. Мықтағанда өз түсінігіңді ғана айтасың десек, дұрыс болатын шығар. Оның орнына әсте өзіңде қалыптасып қалған көзқарасты таңбауың тиіс. Ал, Лев Толстойдың үлгісіне салып өзіңе шеңбер сызған екенсің, оған кірмей қалған әлемге енді сенің әмірің жүрмейді. Содан да «Неге біз осы?...» дегеннен кейін, Оралхан Бөкей еріксіз атының басын тартуға тура келген.

Әлем әдебиетінде Лев Толстойдың үлгісінен басқаша шығарма жетерлік. Солардың бірі - АҚШ жазушысы Х.Мелвилленің «Моби Дик» романы. Бұл роман мұхиттың арғы жағындағы елге капитализм мықтап орныға бастаған  XIX ғасырдың орта тұсында жазылған. Халық келе жатқан заманның сірә не екенін, қандай кесапаты, қандай артықшылығы барын әлі біліп жетпеген тұс. Соған қарамастан, жазушы жаңадан келе жатқан қоғамдық түзіммін жан-жақты мүмкіндікте қарастырады. Бастысы, адам болмысының өзгерісі арқылы бағамдайды. Романда алып мұхиттың әміршісі  сияқты сырлы да қатыгез, дүлей ақ кит, сол киттің көзін құртуды өмірінің бар мақсат-мұраты қылған, одан басқа тіршілікті мүлде тәрк еткен кеме капитаны және басқа да образдар сомдалған. Сыншылар бұл образдарды сол дәуірдегі адам мен қоғамның жалпы тыныс-тіршілігін түсінудегі табылмас мәтін ретінде қарастырады. Ақ кит мұхиттағы дүлей күш, теңізшілер үшін айтқанда бас тарта да, жалтара да алмайтын болмыс. Ол «жақсы» не «жаман» деп моральдық бағалауға да келмейді. Бейне еркіңнен тыс келген капитализм сияқты. Бұндай бас сауғалай алмайтын қауіпке қарсы адам баласы не істей алады? Х.Мелвиллен, міне, осы сұраққа жауап іздейді. Төніп келе жатқан дүние обьективі болмыс болса да, оны қарсы тұрар жау санап, қандай бодау бергеніне қарамастан қарсы шығатын кеме капитаны сияқты адамдар болады. Енді біреулер ақ китті құдайдың қаһары деп қарап дінге мойынсұнады. Ал, китт таудай ет болады, «оны ұстап байитын болдық» деп жүрген адам қаншама. Жазушы ақ кит образы арқылы заман түртіп оятқан адамның алуан түрлі табиғатын ашады. Адам арқылы сол заманның келбетін көрсетеді. Бұл жерде жаңадан келе жатқан капитализмді ақ кит пен капитанның қатынасына теліп отырған біз - оқырман, әсте жазушы емес. Жазушы сол дәуірдің өз жандүниесіне ұйыған әсерін жазған. Заман мен орта әсер етпесе, жазушыда ондай образдар тумайтыны белгілі. Ал біздер сол образдан заман туралы ауқымды түсінікке ие боламыз, адам туралы толғанып, тіршіліктің арыдағы болмысына үңілеміз. Бұған салыстырғанда «Атаукередегі» «қауіпті будан аралар» қарапайым. Олар Еріктің жан дүниесінің көрінісі сияқты ортаға шығады. Шығармадағы кейіпкерлерді моральдық жақтан «жақсы» немесе «жаман» деп бөлуге орайластырылған моральдық-саяси өлшем сияқты сезіледі. Одан тереңдеп барсақ, жазушының жаңа төбе көрсете бастаған қоғамды бір жақты терістеу ойын байқаймыз. Бұл - «Атаукеренің» тарихи шектемелігі. Мүмкін, торда ұзақ қамалған құс ұзап ұша алмайды деген осы болар.

«Атаукеренің» соңы Еріктің сонаға айналып өзеннің ар жағындағы өзі құмартқан қызыл жаулықты қызға ұшып барып, иығына қонып, ақырында соның қағып қалған қамшысының ұшында өлумен аяқталады. Жазушы ақыры кейіпкерін өлтіріп тынады. Ал, маған сонаға емес, араға айналған Еріктер айналамда ұшып жүргендей елестейді.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555