Сенбі, 23 Қараша 2024
3204 2 пікір 10 Қараша, 2020 сағат 13:00

Ауыл әйелдерін бизнеске жетелеген жоба

Алматы облысының Шелек ауылында тұратын Сағат Қабылбек қазақ әйеліне тән барлық қасиетті бойына сіңірген жан. Отағасының күтімі, балалардың тәрбиесі мен ошақ қасындағы істермен қоса ісмерлікпен де айналысады. Кестелеу, құрақ құрау, көрпе-жастық тігу оған әжесінен қанмен берілген қасиет екен. Бұл өнер қазір Сағат Қабылбектің негізгі табыс көзіне айналды.

2006 жылы Қытай халық республикасынан көшіп келген отбасына ата қонысына бейімделу басында біраз қиындық тудырды. Көрші елде ұстаз болып қызмет еткен Сағаттың мамандығы Қазақстанның білім беру жүйесіне жарамады. Сондықтан басқа кәсіпті меңгеруге тура келді. Ол 2009 жылы Шелектегі кәсіптік техникалық лицейдің тігіншілік курсын тәмамдады. Табысқа ұмытылған ауыл әйеліне «Еңбекші қазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры» қоғамдық ұйымы да жан-жақты қолдау көрсетті. Сағат Қабылбек АҚШ елшілігінің шағын гранттары аясында ұйымдастырылған «Ауыл әйелдерінің табыс мектебі» жобасына қатысты.

-Ол біздің орталықта бизнес жоспар құру, оған қаржылық талдау жүргізудің әдістерін меңгеріп психологиялық тренингтерді тыңдады. Бұл жобаға Шелек ауданының 4 ауылдық округінен қатысқан 38 әйелдің 10-ы жеңімпаз атанып, 250 мың теңгеден грант ұтып алды. Бизнесті бастауға мүмкіндік алғандардың қатарында Сағат та бар еді, - дейді «Еңбекші қазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры» қоғамдық ұйымының маманы және үйлестірушісі Зұмрад Исмаилова.

Осыдан кейін Сағат Қабылбек ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»-ның «Birgemiz Qamqor» жобасының 300 мың теңге қайтарымсыз грантын ұтып алды. Қаражатқа жаңа тігін машинасы мен басқа да қажетті құрал-жабдықтар алып ісмерлікпен айналыса бастады. Шебер қыз жасауын сәндеу мен 3D дизайды интернеттегі бейне роликтер арқылы меңгерді.

-Біз сияқты үйде отырған әйелдерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің маңызы зор. Мен оқу барысында кәсіп ашудың қыр-сырын меңгердім. Қорықпай бизнес бастауды үйрендік. Ең бастысы бойыңдағы үрей мен күдікті жеңе білу қажет екен. Қазір карантинге байланысты жұмыс азайып қалды. Дегенмен әрбір қиыншылықа бейімделіп тапсырыс қабылдап жұмыс істеп жатырмын", - дейді Сағат Қабылбек.

Қазір 49 жастағы ісмер әйел қолданбалы өнердің қыр-сырын қызына үйретуде. Карантин аяқталған соң «Ақбота» деген тігін шеберханасын ашуды жоспарлап отыр.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443