Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Аймақ 8611 16 пікір 12 Қараша, 2020 сағат 11:11

Отаршылар тілі Орта Азияда өзгеріске ұшырауы керек!

Кез келген империя тарған кезде өз тәуелсіздігін жаңадан алған бодан елге үш мұра қалады. Ол империяға қызмет еткен бюрократтық аппарат, отаршылардың тілі мен жазуына негізделген мәдениеті мен діні. Бұл мәдени-рухани құлдықтан ұлт болып айығу процесі не 30, не 50 жылға созылады.

Біз түп себебін білмегендіктен билік қазақша сөйлемейді деп зар қағамыз. ТМД-лық түркі мемлекеттері ішінде әзербайжандар ғана орыс мәдениеті мен тілінен түрік тілінің ықпалымен арыла алды. 

Енді өзбек тіліндегі мына үзіндіге көз салайық:

Ўзбекистоннинг коронавирус инфекцияли беморларни қабул қилиш ва даволаш протоколларини бузган нодавлат тиббиёт муассасалари лицензиядан маҳрум этилиши мумкин. Гап шу жумладан, осма уколлардан фойдаланиш ҳақида ҳам кетмоқда. Бу ҳақдаги ахборот республика Соғлиқни сақлаш вазирлигининг Telegram-каналида жойлаштирилган.

Үш сөйлемде 7 русизм (коронавирус, инфекция, протокол, лицензия, укол, республика және канал) бар. Бұл арқылы тілі десе жанын беретін өзбектердің де русизмдік тіл бұзарлыққа қалайша жол беріп отырғанына көз жеткіземіз.

Енді қырғыз тіліндегі мына ақпаратқа көз жіберейік.

«Орто-Сай» базарындагы өрттөн эки кабаттуу имарат күйгөн. Анын биринчи кабатында азык-түлүк, турмуш тиричиликке керектүү буюмдар, кийим-кечелер сатылган 8 контейнер, үстүнкү кабатында тигүүчү цех жайгашкан.

Қырғыз бауырлар да «контейнер» мен «цех» сөздерін өз тілдеріне бейімдеп жазуды ойларына алмауларын немен түсіндіреміз?! 

Бір сөзбен айтқанда үш туысқан тілдің кірме сөз қабылдайтын тілдік механизмдері 30 жыл бойы не билік, не зиялы қауымдары тарапынан мүлдем қарастырылмаған. Бұның себебін қазақ пен қырғыздай тілі айырланбаған өзағаңдардың латын жазуына енді ғана біржола көшуінің астарынан ұққандай боламыз. 

Орыс отаршылары сан ғасырлық араб жазулы мұрадан айырғаннан кейін көп диалектілі өзбек және оның қыпшақ диалектісімен жуықтас қазақтар зорлықпен мәдени-рухани құлдық қамытын киді. Жазу-сызуы қазақ төңкерісіне дейін болмаған қырғыздарға орыс тілші Игорь Батманов Ахмет Байтұрсынның қазақ жазуын өмірге әкелу тәжірибесін пайдаланып орыстанған ұлттық әліпбиін жасап берді. 

Ал, қызыл империядан құпия тапсырма алған лингвист ғалым Андрей Николаевич Кононов аярлықпен қазаққа жақын қыпшақ диалектісінде емес, ферганалық қарлұқ диалектісінде «жасанды» өзбек әдеби тілін өмірге әкелді. Осылайша, әуелі латынша, кейін кірілше жазудың кесірінен қазақ пен өзбек бірін-бірін түсініп оқудан мақұрым қалды.

Осылайша тілдері бір-біріне ханзу диалектілерінен де жақын, шағатай тілімен ортақ мұра қалыптастырған екі ұлт мәдени-рухани ажыратылды. 

Өзбектер латынға бізден бұрын көшсе де орыс тілді өзбекстандықтар үшін Яковлев әліпбиіне негізделген өздерінің латын жазулы орыс тілін қолдануларын мүлдем күн тәртібіне қойған жоқ. Қазіргі өзбек тіліне тән жергілікті ерекшелікке ие Орта Азиялық орыс тілі проблемасы көтерілген жоқ. Неге?

Үнемі президенттерін суша сапырып алмастыратын қырғыздар да Орта Азиялық орыс тілі мен латын негізді орыс жазуы туралы әлі күнге жұмған ауыздарын ашпауда. Неге?

Үш елдің элитасы да осы «мәдени-рухани» факторға қатысты әлі күнге Мәскеуге жалтақтаумен келеді. Өзбек, қазақ және қырғыз сөздері орыс тілді БАҚ бұрмаланып жазылып келеді. Неге орыс тілінде ұлттық тілде қалай айтылса, солай жазылмауы керек! Әлде бізге орыс рухани отаршылығының зәбіні өтіп кетті ме?! 

Ресей қаласын-қаламасын тарихи отанынан түп тамыры бөлектеу Орталық Азиялық орыс тілі өмірге келді. Осы тілде үш елдегі орыс тілділер сөйлеп жүр. Ал, осы тілде сөйлеушілер Ресей азаматтары емес, Қазақстаның, Өзбекстанның және Қырғызстанның тұрғындары өз қалауын деколонизация жүріп жатқан елдердің автохондарымен бірге Орта Азиялық орыс жазуының латын әліпбиіне негізделуін қолдауға тиіс. 

Еуропада Дат тілінде екі сөйлеу тілі бар. Норвегияда да солай. Әлем бойынша бұрынғы Британ отарларының да ағылшын тілінің бір бұтағы саналатын өз жазу мен сөйлеу тілі бар. Мәскеу Орталық Азиялық орыс тілі мен орыс жазуының дүниеге келуіне қарсылық жасамауы керек. Олар титулды ұлттарға тықпалайтын кремльдік орыс мәдениеті еш қызықты дүние емес, отар елдерде тұратын орыс тілділер өмірге әкелген мәдени-қоғамдық фактор бәрінен маңызды.

Орта Азияның саяси партиялары мен қозғалыстары бірігіп неге осы проблеманы көтермейді. Өйткені, біздегі орыс тілді әлеуметтік топ, жергілікті титулды ұлтпен өз тағдырын байланыстырып отыр. Сол тағдырдың бір ұштығы – латын жазулы Орта Азиялық орыс тілі. 

Орта Азиялық орыс жазуын өмірге әкелу және ұлттық тілдерді дамыған тілге айналдыру бағытындағы русизмнен арылу үшін күрес енді басталды. Үш елдің зиялылары мен саяси партиялары бірігіп, орыс тілінің көлеңкесінде қалып келе жатқан тілдердің көсегесін көгерту бағытында бірлесе жұмыс істейтін уақыт келді. Бұны тек алысты болжай алмайтындар ғана ұғынбайды. 

Үш түркі тілдес ел түрлі деңгейде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», өз орыс тілді азаматтарын латын жазуы арқылы титулды ұлтпен «бір ел – бір жазу» докториналық концепциясы арқылы жақындастыруы керек.

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052