Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3370 0 пікір 30 Қаңтар, 2012 сағат 06:03

Дос Көшім. «Желтоқсан», «Шаңырақ», Жаңаөзен – өзгеріссіз қалған қоғам

«КЕЙБІР ЖАҒДАЙЛАРДА ҚАРУ-ЖАРАҚ ...ЛАЙЫҚСЫЗ ҚОЛДАНЫЛҒАН» ДЕЙДІ БАС ПРОКУРОР, соның салдарынан 17 адам ғана лайықсыз қаза тапқан....

Мойындауымыз керек, біздің қоғам сол қалпында қалды. Ол - «Тәуелсіз Қазақстан» деген сөз тіркесінен не жаңа мемлекеттік құрылымдардан емес, сол мемлекеттің жауапты адамдарының ресми сөздерінен анық көрінеді екен. Өткендегі Қазақстанның Бас прокуроры А.Дауылбаевтың Жаңаөзен қанды қырғынына байланысты сөзі бәрімізді де осындай ойға жетелегені анық. (http://old.abai.kz/content/bas-prokuratura-zhanaozen-okigasyna-bailanysty-zhana-melimdeme  ) Бас прокурордың сөз саптасы «Желтоқсан» көтерілісі мен «Шаңырақ» шайқасындағы мемлекеттік айыптаушылардың сөздерін толық қайталады. Әрине, деректер мүлдем басқа, бірақ деректерді беру жолы, жазықсыздарға кінәні үйіп-төгіп, жазықтыларды ақтап алуға тырысуы сол қалпында қалған. Мүмкін, 1986, 2007 және 2011 жылдары осы сөздерді айтқан, жазған адамдар бір оқу орнынан шыққан болар...

«КЕЙБІР ЖАҒДАЙЛАРДА ҚАРУ-ЖАРАҚ ...ЛАЙЫҚСЫЗ ҚОЛДАНЫЛҒАН» ДЕЙДІ БАС ПРОКУРОР, соның салдарынан 17 адам ғана лайықсыз қаза тапқан....

Мойындауымыз керек, біздің қоғам сол қалпында қалды. Ол - «Тәуелсіз Қазақстан» деген сөз тіркесінен не жаңа мемлекеттік құрылымдардан емес, сол мемлекеттің жауапты адамдарының ресми сөздерінен анық көрінеді екен. Өткендегі Қазақстанның Бас прокуроры А.Дауылбаевтың Жаңаөзен қанды қырғынына байланысты сөзі бәрімізді де осындай ойға жетелегені анық. (http://old.abai.kz/content/bas-prokuratura-zhanaozen-okigasyna-bailanysty-zhana-melimdeme  ) Бас прокурордың сөз саптасы «Желтоқсан» көтерілісі мен «Шаңырақ» шайқасындағы мемлекеттік айыптаушылардың сөздерін толық қайталады. Әрине, деректер мүлдем басқа, бірақ деректерді беру жолы, жазықсыздарға кінәні үйіп-төгіп, жазықтыларды ақтап алуға тырысуы сол қалпында қалған. Мүмкін, 1986, 2007 және 2011 жылдары осы сөздерді айтқан, жазған адамдар бір оқу орнынан шыққан болар...
Ұмытпасам, 17-нші желтоқсан күнгі жарияланған ресми мәліметте 50 ғимарат (объект) қиратылды, өртелді делінген болатын. Ал сол күннен бастап Жаңаөзенге арнайы жасақтар енгізіліп, тыныштық орнағаны да хабарланған. Енді 25 қаңтарда тағы да Жаңаөзеннің тең жартысы қирап қалғанға ұқсайды. Бұл жерде не Бас Прокурор ереуілшілдердің бұзақылығына тағы бір бояуды қанығырақ жағуға тырысқан немесе 17 желтоқсаннан кейін іштері пысқан тәртіп сақшылары қарап отырмай 75 ғимаратты талқандап тастаған.
Бас Прокурор тағы бір сөзінде  «Олар атыс қаруын және суық қаруды, тас, таяқ және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді қолданған топтың шабуылына тап болды» дегенді айтты. Ал, 17-сі күнгі ресми мәлімдемеде «атыс қаруы» туралы бір ауыз сөз болған жоқ. Әрине, ертеңінен бастап үйлерді тінту кезінде қару-жарақтар табыла бастағанын кешегі сөздердің басы деп  білуіміз қажет. Мемлекеттің жауапты адамдарының келесі бір ресми мәлімдемесінде «жазықсыз құрбандардың басым көпшілігі ереуілші бұзақылардың қолданған қаруларынан»  қаза тапты деген сөз тіркесі орын алса - өз басым таң қалмаймын. Мүмкін, бұл сөздердің нақты дәлелі (қолдарына автомат, пистолет, мылтық ұстаған ереуілші топтың өкілдері) сот үстінде сол күнгі түсірілген бейнетаспадан көрсетілер...
Бас  Прокурордың айтуынша «Орын алған жағдайда полиция жасағы бірнеше рет алдын ала ескертіп оқ атқаннан кейін тәртіпсіздіктердің белсенді қатысушыларына табельдік қару қолданған». Егер телеарналардан сол қанды оқиғаның және адамдардың қаза болуының нақты дерегі көрсетілмесе, бұл сөздерге ешкім де көңіл бөлмес деп ойлаймын. Бірақ  қашып бара жатқан қарусыз адамдарға пистолетті шірене көздеп, желкелерінен атып жатқан тәртіп сақшыларын барша қазақ көргенен соң, бұл жолдар - қарапайым жала болып табылады.
Өкінішке қарай, «Қазіргі кезге жаппай тәртіпсіздіктердің 6 (алты) ұйымдастырушысы - Сақтағанов, Жарылғасинов, Ирмуханов, Досмағамбетов, Уткилов және Тулетаевалардың» ішінен мерекелік шараны ереуіл жасалып жатқан (ереуіл - адам құқығы мен еркіндігінің ішіне кіретін, конституциялық заңда көрсетілген құқық болып табылады. Егер ондай болмаған жағдайда, олар алаңда жеті ай емес, жеті сағат та отыра алмайды) алаңда өткізуге тырысқан, демек жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушының әкесі болып табылатын атқарушы биліктің өкілдерінің бір де бірі жоқ! Арандатушыларды көрсетпей, арандатылған адамдарды бұзақы етіп шығару - Бас Прокурорға абырой әпермейтін тәсіл. Тәртіпсіздіктің ең басты себебі де - алаңға мереке өткізу және сол мерекеге қарсы шыққандарды бұзақы етіп көрсету емес пе?
Бас Прокурор «Атап айтқанда, олар жаппай тәртіпсіздіктерге алдын-ала дайындалғандарын, осы мақсатта жастар тобын тартқанын, олар жанғыш құраммен бөтелкелерді әзірлеп, қолда бар заттармен қаруланғанын көрсетті» деп өз өзіне қарсы шығып отыр. Егер ереуілшілер  «алдын-ала дайындалса», «қолда бар заттармен» қаруланып не жындары бар. «Алдын ала қаруланған» деген сөз тіркесі «Шаңырақ» шайқасына қатысқан азаматтарды соттаған сот процесінде де да жиі айтылды, алайда, «егер оның  дайындалғанын білсеңдер, дер кезінде неге тоқтатпадыңдар» деген сұрақтан кейін ғана айыптаушылардың ауыздары жабылғаны есімде.
Меніңше, осы мәлімдемедегі Прокурордың аузынан шыққан ең ыңғайсыз сөйлем - «Тергеу полиция қызметкерлері бейбіт тұрғындар мен өздерінің өмірі мен денсаулығына шынайы қауіп-қатер төну жағдайында негізінен заңды әрекет еткенін көрсетті» деген тұжырым болды. Бұл жерде де бейнетаспаға жүгінетін болармыз. Егер бейбіт тұрғындардың шашынан жұлып, пышақтап, шоқпармен ұрып жатқан ереуілшілдердің нақты қимылдарын бейнетаспадан көрсете алмаса, Бас Прокурордың (егер намысы болса) өзіне өзі қол жұмсаудан басқа амалы қалмайды деп білемін. Жаппай тәртіпсіздік болған жағдайда ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бір емес бірнеше  суретке түсіріп, бейнетаспаға жазатын топтары болатыны белгілі («группа фиксации»). Сондықтан Бас Прокурордың кешегі айтқан әрбір сөзі бұлтартпайтын дәлелді қажет етеді.
Сөз бәріне де шыдайды деген анықтама бар. Сондықтан да болар, Бас Прокурор мырза АДАМДАРДЫ АТЫП ӨЛТІРДІ деген сөздің орнына «қаруды құқыққа қарсы қолданған» деген (Соның салдарынан олар өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, қаруды құқыққа қайшы қолданған, ол адам өлімдері мен жарақаттарына әкеп соққан) қазақ түсінбейтін жаңа сөз тіркесін пайдаланған.
Шетпедегі  жағдайда Бас Прокурор бұзақылар тәртіп сақшыларының өміріне қауіп төндірді деп айтуға  аузы бармаған болуы керек: «Бірнеше қайта алдын ала ескерту атулардан кейін полиция қызметкерлері қару қолдануға мәжбүр болды. 11 адам жараланып, 1 қаза болды». деп қысқа қайырыпты...
Мен, шынын айту керек,  осы мәлімдемеден бір ғана мәселені білгім келіп еді. Ол - халыққа оқ атуға кімнің бұйрық бергені. Менің күткен сұрағым жауапсыз қалды. Айтпақшы, «Шаңырақ» шайқасында отқа оранып қаза тапқан боздақ Бейсеновтың өліміне кінәлі деп танылған 4 жігіт сотталды. Демек 17 адамның қазасынан кейін кем дегенде 68 адам (полиция, атқарушы органның өкілдері) түрменің төрінен орын алады деп үміттенейік.
P.S.

Бұл мақаланы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қарсы жазылған пікір деп қалмаңыздар. Оның орнында кім де болса дәл осы сөздерді қайталайтыны даусыз. Бұл - биліктің мәлімдемесі.

Дос Көшім,
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550