Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5612 0 пікір 30 Қаңтар, 2012 сағат 09:55

Тұрсын Жұртбай. «Сөзі де – ақ, өзі де - ақ» - Міржақып Дулатов (жалғасы)

1929 жылы І/І күні тергеуге алынған Міржақып Дулатовтың жауабының хаттамасы.
"Мен, 1885 жылы Торғай обылысының Торғай уезінің Сарықопа болысына қарасты №1 ауылда тудым. (Бұл қазіргі Қостанай облысының Наурызым ауданы). Ата-анам мал шаруашылығымен айналысқан, ортадан төмен дәулеті болды. Анамнан емшектегі кезімнен айырылдым, ал әкем 12 жасымда қайтыс болды. Ауыл мектебінде 2 жыл оқыған соң, 1897 жылы Торғай қаласындағы 2 кластық орыс-қазақ мектебіне түстім де, оны 1901 жылы бітіріп шықтым, одан кейін Қостанай қаласындағы бір жылдық мұғалімдік курсты 1902 жылы тәмамдадым. 1902-1904 жылдың арасында (аздаған үзіліспен) Торғай уезінде мұғалімдік қызмет істедім. 1904 жылы сонау Қытай шекарасынының түбіндегі Семей облысының Зайсан уезіндегі ауылдық мектептердің біріне ауыстырылдым, онда 1907 жылға дейін болдым...", - деп басталады.
Бұдан кейін өзінің "ұлтшылдық көзқарасының" қапыптасуына тоқталады. Өзге хаттамаларға қарағанда Міржақып Дулатовтың анкеталық-өмірбаяндық жауаптары машинкаға басылған. Майталман журналист Жақаңның - Міржақыптың өзі басты ма, жоқ, тергеушілер тасқа түсірді ме, ол жағын ажырата алмадық.

1929 жылы І/І күні тергеуге алынған Міржақып Дулатовтың жауабының хаттамасы.
"Мен, 1885 жылы Торғай обылысының Торғай уезінің Сарықопа болысына қарасты №1 ауылда тудым. (Бұл қазіргі Қостанай облысының Наурызым ауданы). Ата-анам мал шаруашылығымен айналысқан, ортадан төмен дәулеті болды. Анамнан емшектегі кезімнен айырылдым, ал әкем 12 жасымда қайтыс болды. Ауыл мектебінде 2 жыл оқыған соң, 1897 жылы Торғай қаласындағы 2 кластық орыс-қазақ мектебіне түстім де, оны 1901 жылы бітіріп шықтым, одан кейін Қостанай қаласындағы бір жылдық мұғалімдік курсты 1902 жылы тәмамдадым. 1902-1904 жылдың арасында (аздаған үзіліспен) Торғай уезінде мұғалімдік қызмет істедім. 1904 жылы сонау Қытай шекарасынының түбіндегі Семей облысының Зайсан уезіндегі ауылдық мектептердің біріне ауыстырылдым, онда 1907 жылға дейін болдым...", - деп басталады.
Бұдан кейін өзінің "ұлтшылдық көзқарасының" қапыптасуына тоқталады. Өзге хаттамаларға қарағанда Міржақып Дулатовтың анкеталық-өмірбаяндық жауаптары машинкаға басылған. Майталман журналист Жақаңның - Міржақыптың өзі басты ма, жоқ, тергеушілер тасқа түсірді ме, ол жағын ажырата алмадық.
М.Дулатов (жалғасы): "Сауатымның төмендігінен, білімімнің жетімсіздігінен, шәкірттік жылдарымның Торғай мен Қостанай сияқты түкпірдегі қалада өткендігінен, сондай-ақ ауылда бес жыл жүріп қалуым жалпы саяси мәселелермен танысуға және онымен айналысуыма мүмкіндік бермеді, сондықтан да сол кезге дейін мен саяси тұрғыдан алғанда сауатсыз болдым, патша үкіметімен күресетін саяси партиялардың бар екендігін тек Байтұрсыновтан ғана естідім. Мен тұрған қиыр шеттегі Зайсан уезіне 1905 жылғы революциялық қозғалыстың жаңғырығы өте әлсіз естілді, соған қарамастан патшалық құрылымға деген жеккөрінішті сезімім оянды, өйткені патша үкіметінің қазақ халқына істеген күнделікті тіршіліктегі әділетсіздігі мен зорлық-зомбылығын байқай бастадым.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

1907 жылы мені Омбы уезіндегі ауыл мектебіне ауыстырды, 1908 жылы жаз айында халық мұғалімдеріне арналып Омбы қаласында ұйымдастырылған бір жарым айлық ауыл шаруашылық курсына тап болдым. Осы курста оқи жүріп Омбы қаласындағы почта-телеграф чиновнигі Кухтеринмен кездейсоқ таныстым, ол мені социал-демократиялық партияның үйірмесіне алып барды, өкінішке орай үйірме жұмысына ұзақ қатысуға мүмкіндігім болмады, екі-ақ рет қала сыртындағы орманда өткен астыртын жиналысқа қатыстым. Ауылға кетуге тура келгендіктен де аталған үйірмемен байланысымды үзіп алдым.
Ешқандай сыртқы мәдениетпен байланысы жоқ, өз бетіңше біліміңді жетілдіруге кітапханасы жоқ ауылда ұзақ тұрғандықтан да, орыс тілін мүлдем ұмыта бастадым, қалалық мектепке ауысу туралы бірнеше реткі ұмтылысым сәтсіз аяқталды. Сондықтан да 1909 жылы ауылдағы мұғалімдікті тастап Петропавл қаласына ауыстым, онда халық сотында іс жүргізуші болып істедім. Сонымен қатар шәкірт қазақтар оқитын Хасен Пономаревтің жеке меншік мектебінде сабақ бердім.
Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткізуге болмайтын: губернаторлар мен ояз бастықтарын былай қойғанда, озбыр урядниктің алдында қазақ елі дірілдеп, қалтырап тұратын. Олардың адам шыдамайтын қорлықтарына төзді. Бұған можантопай шенеуінік-тәржімашылар мен болыстардың алым-салығы, зорлығы, парақорлығы, жалған арыздары қосылды. Қазақ әйелдері күң есебінде өмір сүрді. Құнарлы жерлер тартып алынып, ешқандай есепсіз қоныстандырушыларға берілді. Ал қазақтардың өздерін ен далаға қуып тастады. Патша өкіметі мектеп ашуға ұмтылмақ түгіл, керсінше, өз қаражатымен оқытатын қазақ мектептерін ашуға рұқсат бермеді. Мектеп ашуға ұмтылғандарды (мысалы: Қосшығұлов, Науан қазірет т.б.) Якутияға жер аударды. Тұрғындарға медициналық көмек көрсету деген ұғым мүлдем жоқ болатын. Сондықтан да қазақтар орыс біткеннің бәрін, оның қандай адам болғанына қарамастан, жек көрді. Соған орай: «Сары орыстың бәрі орыс», «Орыстан досың болса - қасыңда қара балтаң болсын» - деген мәтелдер шықты. Ұлтаралық қайшылық қолдан жасалды және оны өздері қасақана ушықтып отырды. Егерде қоныстанушы орыс мұжығының аты жоғалса, оны міндетті түрде көрші қазақ ауылынан өндіріп алды. Патшаның сотынан қазақ өрттен бетер қорқатын. «Оттан, судан сақта, Құдай, орыстың сотынын сақта, Құдай» - деп құдайға жалбарынатын. Соттан еш әділдік болған жоқ, олар жалған арызға сенді. «Орыс шынға нанбайды, өтірікке нанады» - деген қазақ мәтелі содан туды. Алым-салық пен қарашығынның салмағы кедейлердің мойнына түсті. Бірнеше жүз мал иесі мен он-он бес қарасы бар кедейге бірдей салық салынды.
Қазақ халқы, міне, осындай тұңғиықтың ішінде өмір сүрді. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты бұрын-соңды болып көрмеген қарқынмен жүргізілді. Осының бәрін көре тұрып,  өзімнің білімімнің аздығына қарамастан бойымдағы қабілетімді езілген, қорланған халқыма жұмсағым келді. Ол жылдары бізде жазба әдебиет жоқ болатын, ал күнделікті баспасөз туралы айтуға да болмайтын. Сондықтан да мен баспасөз арқылы ойымды жеткізуге ұмтылдым. 1910 жылы «Оян қазақ!» атты өлең кітапшам жарық көрді. Ол аз уақыттың ішінде екі рет басылып шықты. Сонымен қатар «Бақытсыз Жамал» атты хикаятым жарық көрді. Бұл кітаптар татар баспаханасында басылды, біздің төл баспаханамыз әлі жоқ болатын. Бұл кітаптар қазақ арасына кеңінен тарап кетті, ішіндегі өлеңдерді жаттап алды. Сол кезде қазақ тұрғындары арасында революциялық әдебиеттің пайда болғаны туралы жандермерия басқармасына арыз түсті. 1911 жылы: үкіметке қарсы идеяны насихаттағаным үшін және патшаға баспасөз арқылы тіл тигізгенім үшін бір жыл қамақта отырсын, - деп үкім шығарылды. Алдын-ала жүргізілген тергеу мерзімін қосқанда екі жыл түрмеде жаттым. Осыдан кейін менің атым қазақ арасында кеңінен танымал болды, жоғарғыдан басқа сіңірген еңбегім жоқ еді.
Түрме мерзімі біткеннен кейін 1913 жылдың басында Орынбор қаласына келдім. Дала генерал-губернаторының пәрменімен қазақ өлкесінен шеттетілген Ахмет Байтұрсынов сонда тұратын. Мен келердің алдында ғана Байтұрсынов «Қазақ» газетін шығарыпты. Мен редакция хатшысы болып орналастым. Басылым қаржысы өте аз, әркімнен жиналған 450 сом ғана бар екен. Газеттте екеуміз ғана істедік. Менің күні-түн жұмыс істеуіме тура келді. Хаттарды жолдау, көшіру, мақалаларды қорыту, қатесін түзеу, теру, тарату істері толықтай менің мойныма жүктелді. Газет аптасына бір рет шағын көлемде шығатын. Газеттің таратушысы міндетін де мен атқардым: бір жылдың ішінде газет Павлодар, Омбы Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Түркістан, Шымкент, Әулие-Ата, Ташкент және т.б. қалаларға тарады. Газетіміз көпшіліктің ықыласын аударды, сөйтіп патша әкімшілігі де көз сұғын қадай бастады. Аз уақыттың ішінде 3-4 рет қатарынан 300-ден 3000 сомға дейін айып салды. Қазақ газетінің әр саны шыққан сайын жанашырларымен қоса жауын да көбейтті. Өйткені газетте болыстардың, шенеуніктердің, тәржімашылардың, атқамінерлер мен байлардың парақорлығы, кедей-кепшікті тонауы ашық сыналып жазылды. Газет жұмысымен қоса мен Байтұрсыновпен бірігіп бастауыш мектептерге оқулық құрастырдым. Сол кезде біз құрастырған оқулықтар осы күнге дейін пайдаланылып келеді. Оның кейбіреулері кеңес өкіметі тұсының өзінде он рет басылды.
Сол кездегі қазақтың оқыған қызметкерлері қазақ газетінің айналасына топтасты. Өйткені бұдан басқа мәдени және қоғамдық саяси ошақ болған жоқ. Көпшілікке танымал осындай газетте істеу менің атымды қазақ ішіне бұрынғыдан да кең таратты. Оның үстіне әшкерелеуші мақалалардың көбін мен жаздым».
Сондай әшкерелеуші мақаланың бірі - шәкірттерді қорлаған миссионер мектеп директоры мен он бір-он екі жасар жап-жас бала Дінмұхемд Әділевті «Омбының көшесінде жылатып қалдырған, жамандыққа ерте үйір болып, жазықсыз жас талапкердің жолын бөгеп, күйе жаққандарды» әшкерелген «Балаларға жұққаны» («Қазақ», 1913 ж., № 28) атты мақала. Ол мүсәпірлікке түскен баланы арашалап, қайтадан оқуына орналастырып, содан кейін қалың жұртқа:
«Бұл неден? Әлде үйренген үлгісі. Қазақ бірінің үстінен бір домалақ қағаз берсе, қулық-сұмдықпен бірін-бірі ақсатса, өнерлі жігіт атанады, ондай іс қазақ назарында ұят емес, мақтан. «Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы. Жаңа өспірім, көкөрім, Бейне колдың саласы. «Балам закон білді» - деп, Қуанар ата-анасы. Ойында жоқ олардың, Шариғатқа шаласы. Орыс тілі, жазуы - Білсем деген таласы. Прошение жазуға, Тырысар келсе шамасы. Ынсапсызға не керек, Істін ақ пен қарасы. Нан таппаймыз демейді, Бүлінсе елдін арасы. Ыждаһатсыз, михнатсыз, Табылмас ғылым сарасы. Аз білгенін көпсінсе, Көп қазаққа епсінсе, Кімге тиер пайдасы? Орыс теріс айтпайды, Жаман бол деп оларды. Қаны бұзық өзі ойлар, Қу менен сұм боларды. Орысқа қалар жаласы, Бұл іске кім виноват? Я Семейдің қаласы, Я қазақтың даласы? Ойында жоқ бірінің, Салтыков пен Толстой. Я тілмаш, я адвокат, Болсам деген бәрінде ой, Көңілінде жоқ санасы... (Ибраһим Құнанбайұлы)... Болар іс болды деп қоймай, биылдан соң болса да Дінмұхамед Әділевке гимназияға кіруіне тоқтату болмасын, нақақ жаладан айрылсын деп, Мұстафа баласын директорға апарып, айыбын мойнына алдырып, ана баланың тазалығына сендіруге сөз байланды. Дінмұхамед Әділев гимназияға келер жылы кіруге Омбыда қалды. Міне, қырдағы бәленің, дауы мен жаланың балаларға да жұққаны», - деп ашына сұрақ қойды.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Енді сол «жас бала да ер жетіп», адвокат емес, тілмаш емес, партизан болып оралып, өзімен қоса оны да, оған қоса бүкіл қазақ елінің көсемдерін де түрмеде телміртті.
М.Дулатов (жалғасы): "Сөйтіп, әйгілі 1916-жыл келді. Күтпеген жерден 19 бен 43 жас арасындағы қазақ азаматтарын майдандағы қара жұмысқа алу туралы 25 июнь күнгі жарлық шықты. Қазақ тұрғындарының арасында толқу пайда болды. Қостанай мен Орал уездерінде болыстарды өлтіру, почтадағы, ауылда тұратын орыс хатшыларының қолындағы, почта бекеттері мен жәмшіктердің қолындағы тізімдерді тартып алу, оларды қатын-баласымен бірге кепілдікке алу сияқты оқиғалар орын алды. Пушкамен және пулеметпен жарақтанған жазалау отрядтары қырға шықты. Губернаторлар оқиға болған жерге келді, түрмелер адамдарға толды. Ақтөбе қаласына келген Торғайдың вице-губернаторы халық алдына шығып сөйлеген сөзінде:
«Бірде-бір қазақ тірі қалмаса да патшаның жарлығы орындалады», - деп ашық айтты.
Осының барлығын көріп, ең бастысы қазақ халқының шарасыздығын көріп тұрып, біз тұрғындарға қарсылық көрсетпеу туралы кеңес бердік. Өйткені күш тең емес еді. Қазақ даласы қанға боялатын. Қазақ елін қайта түзеле алмайтындай зобалаң күтіп тұрды. Қазір кейбір жолдастар: қазақтың ұлттық зиялылары көтерілісті бастауға дәрменсіз болды, олардың өздері патша үкіметінің құйыршығына айналып, солармен бірігіп кетті, - деп сөгеді. Менің ойымша, сол кездегі жағдаймен жақсы таныс адам және нақты шындыққа көзі жеткен адам бұлай демес еді. Ақиқатына көшкенде біз қауіп-қатермен бетпе-бет келгіміз келмеді.
Ел ішіндегі бұрқ ете қалған көтерілістер қарудың күшімен басып-жаншылды, жаппай тізімге алу және майданға жіберу жұмысы басталды. Сол кезде қазақ газетінің редакциясы қара жұмысқа алынған қазақтарға көмектесуді қолына алды, барлық қазақ оқығандарына қай жерде қазақтар қара жұмыста жүрсе, сол майданға барып, бұратаналар бөлімін ашып, оларға қызмет көрсетуге шақырды. Оқығандар, олардың көпшілігі «халық мұғалімдері», бұған белсене ат салысты, соның нәтижесінде Минскі қаласындағы жер жөніндегі одақтың жанынан бұратана бөлімі ашылды.  Мен Минскіге бәрінен кеш келдім. Ақпан төңкерісінен бір күн өткен соң Москвадан Минскіге жүріп кеттім. Онда көп болғаным жоқ. Ленинград арқылы (онда бірер күн болдым) Орынборға наурыз айында қайтып оралдым».
Ақпан төңкерісінен кейін қара жұмысқа алынған қазақтар иесіз қалды. Армия қолбасшыларының оларды киім-кешекпен, тамақпен, жол қаражатымен, көлікпен қамтамасыз етуге мұршалары да жоқ еді. Аштық пен анархияның қыспағында қалған адамдарды майдан шебінен үлкен қалаларға әкеп, билет алып беріп, поезға мінгізіп, еліне қайтару жұмыстары, майдан шебіне өз еріктерімен барған осы, алаш азаматтарының ұйымдастыруымен өтті. Қазақ, қырғыз, өзбек, бурят, қалмақ сияқты халықтың өкілдерінің өз ырзалықтарын білдіріп жазған естеліктері аз да болса бар. Әрине, алаш азаматтарының аттары онда нақты аталмаған.
М.Дулатов (жалғасы): "Мен бұрын ешқандай саяси партияға мүше болғаным жоқ. Ақпан төңкерісінен бастап «Алаш» ұлттық партиясы құрылғанға дейін де ешқандай партияға кірмедім, менің ойлау қабілетім қазақ халқының мүддесінен әрі асып кете қойған жоқ. Бұл менің білімсіздігім мен қоршаған ортаның әсерінің нәтижесі шығар. Қазан төңкерісіне дейін мен Орынборда газет жұмысымен айналыстым, өйткені Байтұрсыновтың газеттен басқа жұмыспен айналысуына, соған көп уақыт жұмсауына тура келді. Мен сырттай Торғай облыстық комитетінің мүшелігіне сайландым, кейіннен ол біріккен азаматтық басқарма деп аталды. Газет жұмысының қарбаластығына байланысты комитеттің немесе азаматтық басқарманың жұмысына белсенді түрде араласа алмадым. Өзімнің жолдастарыммен бірге уақытша үкіметті қолдадым, Россияның бұдан кейінгі тағдырын тек қана құрылтай мәжілісі шешеді дегенге сендім. Сондықтан да осы ұранмен қызмет істедім. Құрылтай мәжілісі қазақ ұлтының өзін-өзі билеуіне мүмкіндік беретініне сендім. Мамыр айында облыстық комитеттің тапсырмасымен Торғай және Омбы қалаларына іссапармен жүріп кеттім. Торғай қаласында Торғай уезі өкілдерінің 1916 жылғы оқиғаның зардаптарын жою туралы кеңесі өтіп жатыр екен, ал Омбыда Ақмола облысының съезі өтті. Ақмолалықтардың құрылтайының құрамы ала-құла екен, өкілдердің көпшілігі кертартпалар (молдалар, байлар, атқамінерлер, бұрынғы шенеуініктер), ал революциялық көзқарастағы жастар мен мұғалімдер азшылық екен. Көптеген мәселелер бойынша біздің арамызда келіспеушіліктер болды, құрылтай айтыс-тартыспен өтті. Молдалар мен байлар мені құрылтайдан қуып шыққылары келіп: «Жоғалсын!» - деп айғайлады. Бұл құрылтайға қазіргі коммунистердің ішінен Байділдин мен Саматов және басқалары қатысты».
Бұл құрылтайдың егжей-тегжейі С.Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешуінде" толық "әшкерелене" баяндалғандықтан да тоқталып жатпаймыз.
М.Дулатов (жалғасы): "Содан кейін қазан төңкерісінің қарбалас күндері келіп жетті. Большевиктерден басқа саяси партиялардың барлығы да Қазан төңкерісіне қарсы болды, оны: төніп келе жатқан анархия, күні ұзақ емес, социализм идеясы Россияда жүзеге аспайды, құрылтай мәжілісінің қасиетті құқығына қол сұқты, - деп есептеді. Сондықтан да барлық жерде оған қарсы күрес ашты. Қазан төңкерісіне қарсы күрескен өзге партиялардың ықпалымен, қазақтың «Алаш» партиясын құрған қазақ ұлтының өкілдері, сол партияның мүшесі ретінде мен де, қарсы болдық. Саяси мәселелерді түсінуге келгенде қазақ ұлтшылдарының арасындағы ең хабарсызы мен едім. Мен көбіне олардан төмен тұрдым. Сондықтан да басшылық ұстанған ортақ бағытта жұмыс жүргіздім. Біздің кеңес өкіметіне қарсы күресіміздің басты мақсаты - қазақ ұлтының тәуелсіздігіне қол жеткізу еді.
Желтоқсан айында өткен жалпы қазақ құрылтайында «Алашорда» деген атпен қазақ автономиясы жарияланды. Үкіметтің төрағалығына Бөкейханов сайланды. Үкімет құрамында бес мүше болды. Мен үкіметтің құрамына кіргенім жоқ».
Иә, М.Дулатов үкімет мүшесінің ресми құрамына кірмегенімен де, құрылтайдың жауапты хатшысы ретінде барлық қаулылар мен хаттамалар,  құжаттар соның қолынан өтті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында ұйымдық-саяси мәселе қараған II құрылтайдың күн тәртібі бойынша:
«1. Сібір, Түркістан автономиясы мен Оңтүстік-Шығыс Одағымен арадағы қарым-қатынасты анықтау. 2. Қазақ облыстарының автономиясын құру. 3. Милиция. 4. Ұлттық кеңес. 5. Оқу. 6. Ұлттық қор. 7. Мүфтият. 8. Халық соты. 9. Ауылды басқару. 10. Азық-түлік қоры» - жөніндегі мәселелер талқыланды.
Ә. Бөкейханов баяндама жасаған алғашқы төрт мәселе - Қазақ автономиясы, милиция мен Ұлттық кеңесті құру туралы пікірлерді тұжырымдап, ұсыныс енгізу үшін 7 адамнан тұратын комиссия құрылды. Ең бір көкейкесті мұқтаждық оқу мәселесі жөніндегі М.Дулатовтың баяндамасы тыңдалып, бір ауыздан мынадай қаулы алынды:
«Бастауыш және орта білім беретін қазақ мектептеріне арналып қазақша оқулықтар құрастыру үшін 5 адамнан алқа құрылсын, комиссияға өзіне қажетті адамдарды шақыруға право берілсін. Алқа Орталық ұлттық кеңес орналасқан жерде жұмыс істесін. Алқа мүшелері оқулықтардан басқа: а) Ұлттық мектептерге арналған программа жасау, б) Мұғалімдерге жетекшілік ету, в) Балалар тәрбиесі туралы кітап шығару, г) Барлық қазақ мектептеріндегі халыққа білім беру жүйесінің тәртібін белгілеу, д) Қазақ тілінің жазу үлгісін реттеу, е) Пайдалы кітаптар мен кітапшаларды қазақ тіліне аудару - мәселесімен де шұғылданады».
Сөйтіп, «Алашорданың» оқу ісін ұйымдастыру шаралары «үкімет мүшесі емес» М.Дулатовтың қатысуымем тікелей жүзеге асты. Сондай-ақ, Құрылтайдың атына келіп түскен хаттар мен телеграммадағы көрсетілген төтенше оқиғаларды, шағымдарды талқылай келіп:
«1. Өзара партиялық (сайлау) бақталастықтарды жойып, бірігу туралы Үндеу жазу. Бұл Міржақып пен Ахметке жүктелсін. 2. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі жазалау отрядының зардаптарынан аштыққа ұшырап, қатын-балаларын ұнға айырбастап (бір пұт ұн 125 сом) жүрген босқындарға және Хиуадағы тоналған қазақтарға көмек көрсету үшін әрбір адамнан 1 сомнан садақа жиып, оны мұқтаждарға жолдауды жүктеді. 3. Ашыққандарға Ақмоладан астық жеткізу үшін Қарқаралы, Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездерінің қазақтары Әулие-Ата, Пішпек уездерінің қазақтарына жалақысына келісе отырып түйелерін беру сұралды. 4. Түркістан автономиялы уәлаятынан Жизақ уезіндегі анархиялық бассыздықтарды тоқтатуды талап етті. 5. Құрылтай жиналысына қатысу үшін Сырдария облысынан бір адамды сайласын деп телеграмма соқты. 6. Түркістан автономиялы өкіметімен келісе отырып, біртұтас қазақ автономиясына кіру туралы өтініштерінің қанағаттандырылуын қостады. 7. Түркістан автономиясына құттықтау телеграммасын жолдауға және Орынбор мүфтиінің тілегіне рақмет білдіруге келіссін», - деген шешім қабылдады.
Бұл мәселелердің барлығы да М.Дулатовтың қатысуынсыз өткен жоқ.
М.Дулатов (жалғасы): «Орынбордағы құрылтайдың өтуінен бірнеше күн бұрын Қоқанда Түркістан автономиясы жарияланды, оның құрамына Жетісу мен Сырдария облыстары кірді. Орынборда өткен қазақ құрылтайы: бұл екі облыс қазақ автономиясына қарауы тиісті, - деп шешті. «Алашорда» үкіметінің осы қаулысын жүзеге асырып, тиянақтап шешу үшін 1918 жылдың басында Түркістан қаласында  Сырдария облысы өкілдерінің мәжілісі шақырылды. Бұл кеңеске «Алашорданың» атынан үш өкіл қатысты. Соның біреуі мен болдым. Бұл кеңес Сырдария облысын қазақ автономиясының құрамына енгізу керек деп шешім қабылдады».
Бұл туралы Д.Әділев: «Екінші бүкілқазақ құрылтайынан кейін, 1917 жылы ғой деймін, Дулатов «Алашорда» орталық үкіметінің тапсырмасымен Түркістандағы қазақтарды «Алашордаға» қосу мақсатымен Түркістанға барған. Ол кезде Қызылорда, Жетісу облыстары Қоқан үкіметіне қарауды жөн көрген болатын. Дулатов Түркістандағы құрылтайда сөз сөйледі. Қожанов екеуі сонда танысқан екен», - деп көрсетті.
Сөйтіп, үшке бұтарланған қазақ елі мен жерінің тұтастығына ұмтылған алғашқы талқыға да М.Дулатов қатысты. Аса күрделі және шетін бұл мәселеге ХХІ ғасырдың басында ғана «неғылайынға» негізделген көп нүкте қойылды. Ал ол кезде бұл әлі шикі мәселе еді.
М.Дулатов (жалғасы): «Қаңтар айының аяғында кеңес үкіметінің қолына көшкен Орынбор қаласына келдім. «Алашордашылардың» ешқайсын Орынбордан таппадым. Сөйтсем, «Алашорданың» жетекшілері құрылтай бекіткен астанасы Семейге кетіпті. Ақпан айының аяғында не наурыз айының басында мен де Семейге келдім. Ол кезде Семей губерниясы да кеңес үкіметінің қоластында болатын. Онда «Алашордашылар» жартылай астыртын жағдайда жұмыс істеді. Ақпан революциясы тұсында ұйымдастырылған Семей қазақ комитетінде жұмыс істейтіндердің кейбіреуі кейін   облыстық Совдептің  құрамына кірді . Мен «Сарыарқа» газетіне қызметке тұрдым. Ол кезде Семейдегі «Алашорда» үкіметі іске кірісе алмады, кірісуі мүмкін де емес еді. Өйткені оның он бес мүшесінің 3-4-і ғана сонда болатын. Жергілікті өкімет «Алашордашыларды» қуғындай бастағанда мен қырға шығып кеттім», - дейді.
Осындағы «қыр» деген сөзде, кейіннен Шығыс Түркістан ислам республикасын құруға негіз қалаған үлкен саяси және идеялық астар жатыр еді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсында жазалау отрядтарының қырып-жоюына қатты ұшыраған Семей, Жетісу өңірінің қазақтары шет елге босып, ол жақта да қырғынға, тонауға ұшырап, ақыры ел ішіне аштық кіре бастаған еді. Оның үстіне ақ пен қызылдың ойраны қосылып, мал мен бастан сыпырылып қалды. Қиын-қыстау кезде қызылдардың қырғынына қарамастан «Алашорда» үкіметінің жоғарыдағы қаулысын орындау мақсатында «Аштарға көмек» комиссиясын құрып, исі қазақққа сауын айтты. М.Дулатовтың ұшқыр қаламы тағы да «алаштап!» ұран салды.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Мiржақып Дулатов "Абай" журналы арқылы исi "Алашқа!", - деген үндеу жариялады.
"Алты алашқа аян, 1916 жылғы 25 июнь жарлығы әлегiнен Жетiсу облысындағы қырғыз-қазақтың басына қиямет-қайым күндер туды. "Жiгiт бермеймiз" деп қарсылық қылғаны үшiн оққа ұшып, қаншасы өз жерiнде бiр қырғын көрдi. Басшы адамдары дарға асылды. Рақымсыз үкіметтiң қарулы әскерiне қарсы тұра алмай көбi Қытай жерiне босты. Мал-мүлкiнiң көбi орыс әскерiнiң қолына олжаға түстi. Көршi мұжықтар жау болып, тал түсте таланды: өлтiрдi, адамын байлап, малын айдап алды. Босқанда айдап көшкен мал-мүлiктен жолшыбай айырылды.
Жаяу-жалпы, үйсiз-күйсiз Қытай жерiне жеткенде қар жауды, қыс түстi. Онда жанашыр жақын таба алмай жанталасты. Аштан өлiп бара жатқан соң қалмақ, қытайға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бiр шелек бидайға шықты. Бойжеткен қыздарын, жас келiншектерiн қаны қара қалмақтар қатынданып кеттi. Аш-жалаңаш, ауызына не түссе соны жеп, қайда болса сонда жатып, неше түрлi дертке ұшырап тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естiр құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегi бастан кешкен қызық дәурен көздерiнен бiр-бiр ұшты. Мыңдап айдап, жүздеп сапырып шалқыған байлар бiр үзiм нанға зар болды. Әлпештеп өсiрген балалары телмiрiп көрiнгеннiң көзiне қарап, мойнына дорба салып қайыршы болып кеттi. Бай-кедей, жас-кәрi, жақсы-жаманның айырмасы бiтiп, бәрi бiрдей сорлы болды. Бәрi бiрдей мұңды болды. Атадан - ұл, анадан - қыз, жардан - жар айырылды. Жүрек - қанға, көз - жасқа толды. Жетiм-жесiр ботадай боздады.
Жұрттықтан, тiршiлiктен күдер үзiп, бұл опасыз дүниеге қош айтысуға таянып тұрғанда бостандық туды. Бұл хабарды естiгенде жүректерi жарылғандай куанып: аh дүние, тым болмаса елге жетiп, алаштың ортасында өлсек, арман бар ма, - деп қайта шұбыра бастады.
Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлiм... Әлi жоқ, дымы құрыған сорлылар жаяулап қозы көш жерге жүруге жарамай, кез-келген жерде жығылды. Жығылғаны тұрған жоқ, өлгенi тiрiлген жоқ... Басы қасында болмаған, көздерiңмен көрмеген алаштың балалары, бiр минут көздерiңдi жұмып, қиялға салып қараңдар, сонда көргендей боласыңдар: бiреу тәлтiректеп аяғын баса алмай жығылып жатқан, бiреу аштықтан iсiнiп: қандай күнә, сұмдығымыздан мұндай күйге ұшыраттың құдай! - дегендей қимылдауға шамасы келмей көлге қарап жатқан, жолдың бiр шетiнде өлiп, өлгенiне рақаттанғандай, мәңгiлiк ұйқыға кеткен шалды көресiң. Жас баласын бауырына қысып, құшақтаған күйiнде өлген қатынды көресiң. Бұлардың мұндай халiне қайғырар ешкiм жоқ, тек қуанышпен ас пен тойға жиылғандай топ-топ қарға-құзғын, ит-құс өлгендердiң көзiн шоқып, етiн жеп, сүйегiн кемiрiп жатқанын көресiң. Бұл өлiктер құдайдың кең даласын сасытқан. Ық жағынан жан жүрерлiк емес, мұның иiсiн өзiң иiскегендей боларсың...
Мұның бәрi ертегi емес, болған iс! Кеудеде шыбын жаны қалғандары елiне жеттi. Бұлар не көрдi? Қора-қопсы ойран болған, қоймалары таланған, малдан адал қара қалмаған, жерiне егiн шықпаған, егiн салар жан қалмаған. Аяқ жетер жерде азық жоқ, азықты жерге жетер көлiк жоқ, көлiк болса - азық жоқ, қалың алаш алыста, қаны басқадан қайыр жоқ.
Тағы дағдарыс, ашаршылық, тағы өлiм...
Бостандық туды, жадырап жаз шықты, күркiреп күн шықты, бiрақ ол бишаралардың басынан қара тұман серпiлмедi, әзiрейiл қылышын қынабына салмады. Басы аман, малы түгел ағайын жеткiлiктi жәрдем бере алмады. Әрi-берден соң жұрт олардың халiн ұмытуға айналды.
Қазақ-қырғыз қырылып жатыр екен деп табиғат өзгермедi, тағы да қыс туды. Бишаралардың халi бұрынғыдан мың есе жаманға айналды. Бiр жылдың iшiнде өлгенi жүз мыңнан асты. Ендi бұл қыс талайын өлтiрген шығар. Қанша өлгенiн ақ кебiндей қар жасырып жатқан шығар. Мiне, қар кетiп, жаз шығуға айналды. Құзғын, қарға той қылар, ауа сасыр... Бiрақ адам баласы жан себiл екен: әлi өлiп бiткен жоқ көрiнедi, тiрiлерiне тамақ та табылып қалды дегендi естiп отырмыз, тiрiлерi өлгендерiнiң етiн жеп жатыр дейдi. Бұған алаш, иә қуанарсың, иә жыларсың, өзiң бiл. Жыласаң - ағайындығың. Бiрақ сенiң көз жасың ашқа - тамақ, жалаңашқа - киiм болмайды. Көз жасы көмекке жарайтын болса, өзгеден кенде болса да, олар көздiң жасынан, көңiлдiң қайғысынан кенде емес едi. Ағайынға, алаш, шын жаның ашыса, шын жыласаң - көмегiңдi көрсет, жылуыңды бер. Жайшылықтағы қайыршыға беретiн тиыныңды берме, рулы елiң өлiмнен қалғандай жылуыңды бер.
Жоғарыда айтылған оқиғаны Жетiсудың қазақ, қырғызы басынан кешiп отыр. Ендi бұл күнде Жетiсуға көршi Сырдария облысының қазағы ашаршылыққа, қырғынға ұшырай бастады. Бұл елде жаз егiн, шөп шықпай, қысқа қарсы малдары жұтап, шеттен астық келмей, келтiруге шамасы келмей, Жетiсудай болмаса да бастарына қараңғы күн туды. Шет жағасы бөтен елдерге ауып, бұлардың да адамдары сатылып, берекесi, елдiгi кетуге айналды.
Осы екi облыстағы аш, жалаңаш қазақ-қырғыз бауырларға жұрттан жеткiлiктi жылу жинап, рулы елiмiздi өлiмнен аман сақтап қалу мақсатымен Семей облысының "Алаш" қаласында қазақ комитетi hәм жастардың "Жанар" атты ұйымы басшылық етiп қауым жасады. 5 мартта қауым ортасынан iс басқаратын 5 кiсiлiк комитет сайлап шығарды. Қауымның бастығы Әлихан Бөкейханов, жәй бастығы Мұқаш Поштайұлы болды.
Комитет председателi - Мiржақып Дулатұлы, орынбасары - Жүсiпбек Аймауытұлы, хатшысы - Мұхтар Әуезұлы, қазынашы - Абдолла Есiркепұлы, тағы бiр мүшесi Абдолла Қоскейұлы. Мәжiлiсте 7 мың сомдай жылу жиылды. Комитет қазiр iске кiрiстi.
Саналы алаш!
Мына екi облыстағы бауырларымыздың жайы жоғарыда айтылды, бiз жұрт боламыз, өз тiзгiнiмiздi өзiмiз аламыз деп отырмыз: жұртымыздың бiр жағы мынадай жоғалғалы тұрғанда кiммен жұрт боламыз?! Кеше бiр облысымыз ойран болса, бүгiн екiншi облысымыз мынадай апатқа ұшырап тұрса, ертең үшiншi, арғы күнi төртiншi облысымыздың басына, сүйте-сүйте бәрiмiздiң басымызға мұндай халдiң келмесiне қандай көзiмiз жетедi?!
Тұтанған өрттi мезгiлiнде сөндiрмесек, ол өртке ертең бәрiмiз де шалынбаймыз ба? Шарпылмаймыз ба? Сонда бiздi кiм жұрт қылады! Онда бiз жұрт болмаймыз, жоғаламыз.
Мейiрлен алаш!
Рулы елiң қан жұтып тұрғанда сен май жұтпа!
Ата-аналар! Сендер балаларыңды еркелетiп маңдайынан сипап, күнге, желге қақтырмай отырғанда: өздерiңдей адамдардың балалары сатылып, көздерiне шыбын үймелеп, жетiмдiкте жүргенiн, бiр түйiр тамаққа, бiр жұтым сусынға зар болып, жылап отырғанын ойлаңдар! Сендердiң қатын-қыздарың алтын-күмiске малынып, бойларын түзеп жылы үй, жайлы төсекте отырғанда, олардың қатын, қыздары күңдiкте, аш-жалаңаш абұйырын жаба алмай отырғанын ойлаңдар!
Атқа мiнген азамат! Сендерге ел керек, жұрт керек болса басшылық қылып, алашты аман сақтау қамына кiрiсiңдер!
- Намыстан, алаш!
- Жiгерлен, алаш!
- Тас бауыр болма, алаш!
Мадияр".
(жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5560