95 жылдың алдында жарық көрген журнал
XX ғасыр басында қазақ тарихы жаңа саяси кезеңдерді бастан кешті. Алғашқы ұлттық баспасөздер, жаңаша мектептер пайда болып, ұлттық қозғалыстардың қалыптасуына серпін берді. Алашорда үкіметі таратылған соң, Алаш зиялылары ағартушылықпен айналысып, ғылым-білім ісіне баса мән берді. Алғашқы қазақ оқулықтары мен оқу құралдарын шығару ісіне белсене кірісті. Ғылым мен білім істерін дамытуды мен жүйелеуде қолға алған шараларының бірі білім-педагогикалық журнал шығару ісі еді. Сөйтіп 1919 жылы Ордадан «Мұғалім» журналы жарыққа шықты. Бірақ журнал жоғарыдағы жалпыұлттық талаптарды толық қанағаттандыра алмады. Тек 10 саны ғана шығып тұралап, тоқтап қалды. Ендігі кезекте жаңа ғылыми-педагогикалық журнал шығару ісі күн тәртібінде тұрды. Бұл мәселе 1924 жылғы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде де көтерілді. Ұзақ дайындықтан соң 1925 жылы «Жаңа мектеп» журналы өмірге келді.
Журнал шығару ісінің біразға дейін кешеуілдеу себебі жайлы алғашқы сандарында былай дейді: «Біз «Жаңа мектепті» шығарамыз деп уәде еткенімізге көп болған. Мектеп, оқу, оқыту мәселелеріне арналған оқу кемесериатының журналы шығады дегенде оқытушылардың құлағы селт ете қалды: әр жерден жазылу ақшалар, хаттар, телеграмдар үсті-үстіне қардай жауды» деп алғысөздерінің бірінде журналдың жауапты басқарушысы Молдағали Жолдыбайұлы атап өтеді.
«Жаңа мектептің» үзбей жазып отыратын жазушылары қатарында Ахмет Байтұрсынұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Елдес Омарұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Міржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллин, Телжан Шонанұлы, Бейімбет Майлин, Біләл Сүлейұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Есқали Мұқанұлы, Біләл Малдыбайұлы, Әлімхан Ермекұлы, Мұқтар Саматұлы, Мұхтар Әуезов, Мұқтар Мырзаұлы, Әлихан Бөкейхан қатарлы бір топ қазақ білімпаздары тұрды. Негізгі құрамы Алаш зиялылары еді. Олардың негізгі мақсаты оқу үрдісіне жаңаша леп, өзгерістер мен реформалар әкелу болды. Сол мақсатта журнал «Бас мақала», «Білім-педагогике», «Отантану», «Сын», «Ресми бөлім» сияқты бірнеше тақырыптық бөлімге бөлінді.
«Жаңа мектеп» журналының алғашқы екі саны тегін таратылып, үшінші санынан бастап ж а з ы л у ш ы л а р ғ а ж і б е р і л д і . Жауапты басқарушысы –Молдағали Жолдыбайұлы, бөлім басқарушыларына Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Біләл Сүлейұлы, Телжан Шонанұлы қатарлы азаматтар жауапты болды.
Алғашқы сандарында ел мұғалімдеріне, оқытушыларға мынадай үндеу жариялады: «Қалың мұғалім мен жәй оқытушыларымыз танысу үшін «Жаңа мектептің» №1, 2 тегін жіберіледі. №3 бастап ақылы болады. Оқу бөлімдері барған №1, 2-ді мектебі мен мұғалымдарына тез тегін таратуын өтінеміз. Журнал әзір екі айлық, октабырден бастап айлық болып шығарылмақ». Жылдық бағасы – мұғалім үшін 2 сом 50 тиін, жәй оқушыға 3 сом болып белгіленді. ...Қазақ оқытушылар журнал арқылы өзара шығармашылық байланыс орнатып, оқу-білім жұмыстарын бірлікте жүргізетін орта қалыптастыруды көздеді.
Журналды сапасын өсіру, көркейту ісінде елдегі оқытушыларға үміт артып, жігер беріп, сенім артты. Қазақ халқының өзге жұртпен теңесуі үшін білім-ғылым істері алдыңғы қатарда болуы керек екенін еске салды. Сабақ оқытудан басқа ел тұрмысын зерттеуге, ел шаруашылығын заманға лайық түрде өзгертуге міндеттеді. Мектеп ішінде бала оқытудан басқа, мектеп програмасын түзеу үшін аудан тұрмысын зерттеп материал жинау, соның ішінде қазақ мұғалімінің мойнындағы зор міндет сауатсыздықты жою жұмысына белсене кірісуін еске салды. Негізінен шаруашылық пен кәсіп, денсаулық мәселелері, халықтың рухани қазынасын жинақтау жұмыстарына қалың қазақ оқытушыларын тарту керек екенін, оқытушылардың да белсенді болуға шақырып, оларға сенім артты.
1, Шаруашылық пен кәсіпкерлікке баулу. «Сауда – осалды күшті жем етуде. Кәсіп жемістері (айталық – ері-терсек, жүн-жұрқа, ет, сүт, май тағы сол сиақтылар) іріп шіріп жатыр. Мал баққан қазақ сияқты Швецария сүттен жасаған ауқаттармен жер жүзін асырап отыр. Қазақ сиырының терісі Германия барса бір теріден 5 түрлі былғары жасап сатады. Терінің көк етінен желім жасап сатады. Жүннен қырып алып әдемі қалпақ жасап сатып, қалпақ сатқан ақшаның жартысымен терінің әуелгі құнын толтырып алып, басқасының бәрін пайда етеді» - деп, Еуропаның озық техникалырын айта келіп: «Ала арқанмен шындыған сынық арба қазақ елінің мәңгі-бақы еншісіне тиген жоқ!» («Жаңа мектеп».№2.1925) -деп, бұл іске бас болу үшін инженер, агрономдардың жетіспейтінін олардың шаруасын уақытша болса да, оқытушылар қосыны басты міндет ретінде атқаруды, жаңа тұрмысқа бейімделу ісіне тартуды көздеді.
2, Халық денсаулығы мен жұқпалы ауырудан сақтану. Надан ел нас болады. Қазақ елінде настық көп. Настық неше түрлі ауыруларға себеп. Бұларды емдейтін, бұларды түсіндіріп ауырудан сақтандыратын доғдырлар. Доғдыр қазақта жоқ. Бар доғдыр даланы, қазақ ауылын бұл қасіреттен құтқару жалғыз – ғана мұғалімнің қолынан келеді. Мұғалімдігінің үстіне қазақ мұғалімі ауылда емші болуы да керек.
3, Халық рухани байлығын жинақтау ісі. Қоғам тұрмысын зерттегенде үш дәуірге бөліп зерттеуге тура келеді: қазіргі күйі. Екінші өткен уақыттағы күйі. Үшінші болашақтағы тұрпаты еді. Сондықтан қоғамның өткен өмірінде зерттеу керек болды. Мәдениетті елдердің өткен өмірі жазба тарихтан, әдебиетінен, өлең-жыр, күй сазынан көрінетіні белгілі.
Бұлардың барлығы ауыздан ауызға көшіп жыртылып жамалып жүр. Бұлардың барлығын жинау, өңдеу, тасқа бастыру керек. Үкімет иә оқу кемесериаты мұны жинап ала-алмайды: қазақ елін, Еділден Алтайға дейін шашылып жатқан елді аралап ескі сөздерін, ән-күйін жинап алу мұғалімдерден басқаның қолынан келмейді. Мұғалім Қазақстанның өткен өмірі құрастырып жарыққа шығаруға міндетті.
Бұл бәлелерден қазақ бейнетқорлары оянбай, шаруасын тірілтбей, өз тағдырына өзі қожа болмай тұрып құтылып болмайды. Ояну үшін оятушы керек, үйретуші керек, басшы-көтермеші керек. Қазақ даласында бұл жұмыс бұтіндей оқытушының мойнында болуы керек дейді.
Санай берсек қазақ оқытушыларының жұмысы таусыларлық емес. Қорытып айтқанда – қазақ даласында жаңа өмірдің, жаңа тұрмыстың, қылтылдап, ұшы көрініп келе жатқан жаңа әлеуетшілдік жұртшылықтың тетігі ауылдағы оқытушылардың қолында. Болашақтағы жақсы ат та жаман ат көбіне-ақ оқытушыларға міндеттеп, зор сенім артты.
Осы міндеттерді орындау мақсатында әр салаға қатысты мақалалар мен жазбалар да беріліп отырды. Мысалы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның көбінесе аударма кітаптарға сыны басылды. Олардың ішінде, Мағжанның «Төрт әңгімесі», Біләл Малдыбайұлының «Құрт ауруы», Ыбыраштың «Адам мен мақұлықтың тегі» т.б кітаптарға сыны берілсе, өзінің «Жарасын алдырған ана», «Қанды жауын», «Қара ханым» т.б аудармалары бар.
Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы 26 ақпаннан – 2 наурыз аралығында Бакуде болған Түркі құрылтайы туралы жазған «Түрікшілдер құрылтайы» мақаласы өте құнды дерек болып табылады. Сонымен қатар, «Дыбыстарды жіктеу», «Ана тілінің әдісі», «Жалқылау(айырыңқы) әдісі» т.б мақалалары кездеседі.
Жүсіпбек Аймауытұлының Джек Лондонның «Тексіз, телегей аттаныс» атты аудармасы (мұнда қытай болашақта экономикасы арқылы әлемге билік жүргізеді, кейіннен белгісіз ауру таралып, қытайлар жаппай қырылады деген көлемді шығарма –М.А) екі бөліп жарияланды.
Телжан Шонанұлының әр түрлі тақырыпта жазылған оннан астам мақаласы кездессе, Мағжанның «Жылқышының үйінде», «Өтірік өлең» сынды өлеңдері де басылды. Смағұл Садуақасұлының «Оқу істері туралы», «Күлпаш», Қошке Кемеңгерұлының «Парашылдар», «Жат тіл оқыту әдісі» сынды өз шығармалары мен ғылыми мақалалары бар. Жұмағали Тілеуліұлының денсаулық сақтау туралы «Жас бала тәрбиесі», «5-18 арасындағы баллар тәрбиесі (жазғы курс үшін)», «Баланың қолын жазуға жаттықтыру жолы» сынды танымдық жазбалары кездеседі.
Аймақтану мен шаруашылықты жүргізі бойынша жазған Қаныш Сәтбаевтың «Қарсақбай ауданының күйі», «Қарсақбай ауданының келешегі» мақалаларының құны да жоғары. Бұл жазбаларда ауданның жалпы аумағын сипаттап, болашқта қандай кәсіптерді жүргізуге болатынны анықтап берді. Сонымен қатар жазбалар арасында тарихи деректер де кездеседі. Мысалы, «Аудан халқы тегіс дерлік Найманның Бағаналы, Балталы таптарынан құралған. Бағаналының кей бір ауылдарында 2000 жылқы, 7000 қой, 300 түйе өрген кездері болған. 1920-1921 жылдарда Ұлытау ішінде белгілі қыпшақтан шыққан «Кейкі» дейтін жасақ орнатқан. Оны ұстауға Атбасардан неше рет салдат шығарылған». Осылайша, тарихи деректердің де ізін жалғап, оқырман санасына сіңіріп отырды.
«Жаңа мектеп» журналына қосымша ретінде 1926 жылы және 1927 жылы екі рет қазақша кітаптардың көрсеткіші басылды. «Көрсеткішті» құрастырушы: Мемлекет баспасының қазақ бөлімін басқарушы – Міржақып Дулатұлы еді. 1926 жылғы бірінші басылған көрсеткіш 2000 данамен шығып таратылса да тез таусылды. 1927 жылы басылған екінші көрсеткіштің алғы сөзінде былай дейді: «1926 жыл аяғына шейін не бар шыққан кітабымыз 273 атты екен. Сонан бері жыл жарымда 212 кітап шыққан. Сондықтан «Жаңа мектеп» тегін қосымша қылып оқушыларына «№ 2 көрсеткіш» беріп отыр». Бұл «Көрсеткішке» тек қазақ тілінде 1926 жылдың январынан 1927 жылдың юньіне дейін шыққан кітаптар кірді. Барлығы 212 кітап, 10 газет, 5 журнал. Мұның 71 іне сын берілген. Қалғанына сын берілмеген. Үйткені газет-журналдарда басқаларына сын берілмеген еді.
Журналдың 1926 жыл қаңтардағы №4 санында Іс жүргізетін басқарушы – Нұрымұлы қосылады. Авторлар қатары да Тоқай темір және Қамза Жүсіпбекұлымен толығады. Тиражы: 1000 дана деп көрсетілген.
1927 жылғы «Жаңа мектеп» журналының № 7-8 (22-23) сандырында ең қызықты және толық деректердің бірі - алғашқы қазақ қулықтары мен оқу құралдары туралы мәліметтер. Оқу камесариятының үндеуінде бұрын соңды зерттеушілерге кездеспеген кейбір деректер де бар. Мысалы, Абай Құнанбайұлы мен Сұлтанмахмұт Торайғырұлы шығармарының 10000 тиражбен бастыру мәселесі. Бұл 1927-1928 жылдарға арналған оқулықтар мен оқу құралдарын бастыру жоспарыныың ішінде жазылған. Оқулықтар мен оқу құралдарынан 1 миллион 220 мың тиаждық 88 кітап бастыру көзделген. Кітаптардың тізім, тиражы, баспа табағы кестемен жарияланған. Сонымен қатар кітап жазушыларға қойылатын талаптар жеке-жеке жас ерекшеліктеріне қарай берілген. Оқулықтардың саны мен бірге сапасы да арта түскенін байқаймыз. Соңында: «Оқу комиссары – Сайдалыұлы Асқат, Ілім қолғабысшысы – Шонанұлы Телжан» - деген, қолы бар.
Оқулықтардан мысалы: 1 інші басқыш мектептің құралдары – 19: (Әліппе суреті мен, 1 – 4 інші жылдық оқу құралы суреті мен, есеп құралы 1 – 4 інші жылдық, жаратылыстану, физикалық жағарафия, Қазақстан бастауыш жағарафиясы, қазақ балалары үшін орысша әліппе сүгреті мен т.б).
2 інші басқыш мектептің құралдары – 10: (Физика (шаруашылыққа байланысқан), геометрия 3 бөлімдік, химия 3 бөлімдік, екі бөлімді алгебра, Қазақстанның эконом жағарафиясы, С. С. С. Р. жағарафиясы, Ауропа жағарафиясы, Азия, Африка, Америка жағарафиясы, әдебиет қисыны т.б).
Аймақ тану кітаптары – 5: (Қазақстанның өндіріс күші, Қазақстанның өнерлі кәсібі, Алашорда туралы спаттамалар, Қазақстан жайындағы аймақ тану кітаптарының көрсеткіші т.б).
Көркем әдебиет – 5: (Абай Құнанбайұлының шығармаларының толық жинағы, Торайғырұлының шығармаларының толық жинағы, халық әдебиетінің жинағы т.б)
Бірақ бұл аталған кітаптардың кейбірі баспадан шықпай, оқырманға жетпей қалғаны белгілі. Бұл мәселелер – Алаш зиялыларының қудалануы мен істі болуына тікелей байланысты еді.
«Жаңа мектеп» журналының авторлар құрамы мен мақалаларда саяси түс ала бастауы 1927 жылы №6(21) санында жарияланады. Бұл кезде журналдың таралымы 5000 тиражға көбейді. Жауапты басқарушы: Кәрім Тоқтабайұлы, алқа мүшелері: Жолдыбайұлы Молдағали, Жүргенұлы Темірбек, Шонанұлы Телжан, Құлбекұлы Абдрахман болады. Жазушылар құрамы да жаңартылды. Аббасұлы, Есқызы, Жансүгірұлы, Жүргенұлы, Исаұлы, Қасымұлы, Құлжан келіні Нәзипа, Оразбайқызы, Мұқанұлы, Сайдалыұлы, Тоғжанұлы, Тоқтабайұлы т.б жазушылар қослды. Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан жазушылар қатарынан қысқартылып, өзге де Алашордаға қатысы бар жазушылардың жазбалары азайтылды. Соңында, Кеңес үкіметі бұл журналды да өзінің саяси мақсатында пайдаланатын негізгі үгіт-нәсихат құралы ретінде қатаң бақылауға алғаны белгілі.
Қазақ білімпаздары ғылым-білім мен ағартушылық ісіне ұйыса жұмыс жасаған алғашқы қазақ білім-педагогикалық журналы 1933 жылға дейін - «Жаңа мектеп», 1933 жылы – «Политехникалық мектеп», 1934-1938 жылдары – «Ауыл мұғалімі», 1939-1959 жылдары – «Халық мұғалімі», 1960 жылдан бастап – «Қазақстан мектебі» деп аталды.
Абай Мырзағали
Abai.kz