Қазақстан билігі «хабрис синдромына» шалдыққан
Жуырда «Harvard Business Review» журналында «Эго-көшбасшылықтың ең үлкен жауы» деген мақала шығыпты. Қызықты, әрі пайдалы зерттеулерге тола мақала екен. Бұл мақалада біздің көптеген басшылар мен шешім қабылдаушыларға ортақ қателіктерді көз алдыңа кинода көріп отырғандай бейнелейді және оларды ғылыми тұрғыдан түсіндіреді.
Адамдар мансап биігіне көтерілген сайын өз эгосына тойынып ортадан алшақтай бастайтынын аталған мақалада кезең-кезеңімен түсіндіріледі.
Бастық болып бос кеңістікке (вакумға) кіріп, басқаларға сөмкесін көтертіп, жалбақай жағымпаздардың ортасында түскен кез-келген адам біраздан соң «хабрис синдромына»( “hubris syndrome” ) шалдыға бастайды екен. «Хабрис синдромына»( “hubris syndrome” ),-деген бұл терминге Ұлыбританиянлық невропатолог Дэвид Оуэн мен Дьюк университетінің профессоры Джонатан Дэвидсолар: «көптеген жылдар бойы лауазым күшіне арқа сүйеп, жалған жетістікке тәуелді болу»,-деп анықтама беріпті.
Адамның мансабы неғұрлым жоғары болған сайын оның ықпалы да соғұрлы басым болатыны аян. Мансап иесін оның айналасындағылар мұқият тыңдайды, айтқанының барлығын дерлік қабылдайды, тіптен болсын-болмасын орынсыз айтылып қалған әрбір әзіл-мысқылына да ішегі қатқанша күлетін болады.
Ал эго-ға байланған өзімшіл бастық алдағы уақиғаларды болжау қабілетін жоғалтады, мінезіне үлкен өзгерістер кіреді және ол өз ортасының, достарының және әріптестерінің құндылықтарына қарсы келе бастайды, айналасындағы адамдарға жетекшілік ету қабілетін жоғалта бастайды, басқару тізгінін қолынан сусытып, жанындағы жарамсақтардың сөзіне ере бастайды.
Сол кезде адамның эгосы, өзімшілдігі, тәкаппарлығы және «түк көрмей, білмей жүруі» дәл нысанаға ілінген аңға ұқсай бастайды дейді. Эго өскен сайын нысана ұлғайып, қоршаған ортаға бейімделуге осалдық танытып, басқалардың жеміне айналады. Өйткені ол адамның мінез-құлқын, көзқарасын, іс-әрекетін алдын-ала болжау өте оңай болады.
Тәкаппарлар мен қозықарындылар (біздіңше лақ текелер) әрдайым өзгелердің жемі болушы эгосынан болып өз нәпсісінің құрбаны болады екен.
Олардың арт жағында әрқашанда көзге көрінбейтін ойыншылар ойнап тұрады, оның эгосын басқарып, итті бауынан босатқандай оның нәпсісін біртіндеп босатып отырады.
Әсіресе мансаптыдан келетін ең үлкен қауіп - басқаларды тыңдаудан қалады. Мен ғана барлық жетістіктер мен жақсылықтардың авторымын деп ойлайтын оның мінез-құлқы, қарым-қатынасы өрескел бұзылып, ерекше өзімшіл болады, айтқан сынды қабылдау түгілі тыңдай алмайтын халге жетеді, әрі бұл мінезін жанындағыларға жұқтыра бастайды.
Мұндай жағдайдағы адам басқалардың, немесе бұрыңғы өткендердің қателіктерінен сабақ алу мүмкіндігін жоғалтады және өзінің айналасына тұрғызып алған қабырға арқылы ол басқаларды бағалау, құрметтеу, жақсы көру, мадақтау немесе шабыттандыру қабілетін де жоғалтады.
Сондықтан көп ұзамай өзін әлемнің орталығы екенмін деп ойлап, кез-келген өтірікке сенеді. Бұл кезең мансап буының шектен шығу синдромының соңғы сатысы болып табылады және дәл осы кезеңнен бастап басқаларды қуғын-сүргінге салу, айыптау, жақтырмау және ешкімге сенбеу т.с.с «ауру белгілерін» қабылдай бастайды.
Соның салдарынан бір кезде бірге жүрген әріптестерін, достарын, қарым-қатынастағы мәдениетін, дәстүрлер мен көзқарастарын жоғалтады. Осылайша, даналық көзін шел басқан ол адам негізгі мәселені үлкен фонда көре алмайды, ең қауіптісі- ол өз қалағанына ғана сенеді, өзі қаламаған істің болуы мүмкін екендігін қабылдамайды.
Күтпеген кішкентай жетістік, күтпеген жоғары жалақы, жақсы кеңсе, жалған күлкілері сізді бірден бұзып, сіздің сау миыңыз сіздің эгоңызға желінеді. Мұны болдырмау үшін, жағымпаздар мен жалаушылардан тезірек арылыңыз!
Мен жетістікке жеттім деп алғаш ойлаған сәттен бастап сіз «хабрис синдромының»-ның ( “hubris syndrome” ) алғашқы сатысындасыз.
Жалпы Қазақстан билігі толықтай хабрис синдромына шалдыққанын мойындағаны жөн!
Амантай Тойшыбайұлы,
Mazhab.kz діни-танымдық порталының Бас редакторы
Abai.kz