Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4160 0 пікір 8 Ақпан, 2012 сағат 05:54

Бек Датұлы. Бит

Wikipedia анықтамасы: Бит (лат. Anoplura-pediculus) - ұсақ эктопаразиттер тобының бір түрі. Биттің ауыз құрылысы жанды нәрсенің терісін тесіп қанын соруға өте ыңғайлы. Биттің белгілі бір түрі бір немесе бірнеше жанды-жануарда ғана өмір сүре алады. Адамның биттері (лат. Pediculus humanus) қышыма және бөрткен секілді аурулардың тасымалдаушысы болып табылады. Бүкіл әлемге таралған.
Masa.kz анықтамасы: «Бит» (халықаралық атауы. Aрамтамақ-мәңгүрт) - жемқор мәңгүрттер тобының бір түрі. «Биттің» жүйке құрылысы қандастарының терісін теспей-ақ қанын соруға ыңғайластырылған. «Биттер»  үнемі мемлекеттің, халықтың есебінен өмір сүреді. «Бұқараның биттері» (халықаралық атауы. Сатқын мәңгүрттер) бодандық және алауыздық секілді аурулардың таратушысы болып табылады. Қазақ арасына жиі таралған.
Абай: Бұл биттің атасы тер, анасы кір,
Шыққан соң өз денеңнен өзіңді жер.
Masa.kz: Бұл биттің атасы коммунизм, ашкөздік анасы,
Көздерін шел басып, рухсыздықпен уланған санасы.
Битпен күрестің жалғыз тәсілі: Сығып тастау.
Құрметті оқырман!

Wikipedia анықтамасы: Бит (лат. Anoplura-pediculus) - ұсақ эктопаразиттер тобының бір түрі. Биттің ауыз құрылысы жанды нәрсенің терісін тесіп қанын соруға өте ыңғайлы. Биттің белгілі бір түрі бір немесе бірнеше жанды-жануарда ғана өмір сүре алады. Адамның биттері (лат. Pediculus humanus) қышыма және бөрткен секілді аурулардың тасымалдаушысы болып табылады. Бүкіл әлемге таралған.
Masa.kz анықтамасы: «Бит» (халықаралық атауы. Aрамтамақ-мәңгүрт) - жемқор мәңгүрттер тобының бір түрі. «Биттің» жүйке құрылысы қандастарының терісін теспей-ақ қанын соруға ыңғайластырылған. «Биттер»  үнемі мемлекеттің, халықтың есебінен өмір сүреді. «Бұқараның биттері» (халықаралық атауы. Сатқын мәңгүрттер) бодандық және алауыздық секілді аурулардың таратушысы болып табылады. Қазақ арасына жиі таралған.
Абай: Бұл биттің атасы тер, анасы кір,
Шыққан соң өз денеңнен өзіңді жер.
Masa.kz: Бұл биттің атасы коммунизм, ашкөздік анасы,
Көздерін шел басып, рухсыздықпен уланған санасы.
Битпен күрестің жалғыз тәсілі: Сығып тастау.
Құрметті оқырман!
Бұл бит-сірке туралы ғылыми мақаланың дәйектемесі емес, «биттік» жасап отырған бір әріптесіміздің, жо-жоқ, кешіріңіз «биттеп» кеткен тұтас бір редакцияның биттей ғана ойын - шалдыр-шатпақ мақаласымағын сіздерге ұсынбас бұрын енгізіп жатқан кіріспеміз. Себебі әлгі мақаланың аяғына қарай автор былай деген:
«Алыста жүрген ағайындарымыздың мен ана облысқа бармаймын, мына облысқа ғана барамын деп мұрын шүйіруін, квотадағы жеңілдіктерді пайдаланып елге келіп алып, ізінше кері кетіп қалуларын тек осы айтылғандармен ғана түсіндіруге болады. Обалы не керек, мына жерге үйрене алмадым, бұрынғы тұрып келген жеріме қайтпасам болатын емес, деп келген мемлекеттеріне қайта кетіп қалған кейбір ағайындардың өздері де шындықты мойындапты. Жаңа жерге бірден үйренісіп кетудің ауыр тиетінін, алғашқы кезде біраз проблемалардың ұшырасатынын түсінеміз. Робот сияқты жұмыс істейтін кейбір шенеуніктердің алыстан келген ағайындарға салқын қарайтынынан, кейде себепсізден-себепсіз әуре-сарсаңға салып қоятынынан да хабардармыз. Ондай келеңсіздіктермен жергілікті тұрғындар да аз ұшырасып жатқан жоқ. Бірақ, халқымызда «Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа» деген сөз бар емес пе...»
Иә, көшіп келген қандастарымыз ешқашан қаптаған «иттер» мен өзіңіздей «биттерге» өкпелеп Отанына опасыздық жасамайды. Оған олардың бойындағы ұлтшылдық, мемлекетшілдік сезімдері, «жаным - арымның садағасы» дейтін табанды намыстары жол бермейді.
Сонымен, назарларыңызға аяқ астынан «иттер» мен «биттер» туралы әңгіме қозғатқан «Егемен Қазақстан» газетінің 2-ақпан күнгі санындағы мақаланы ұсынамыз. «Биттерге» неге налып отырғанымызды Сіз түсінсін деп. Әйтпесе, әу бастан Егемендікті елемеген, Асыл сөзді үлкен қаріппен, бас әріппен жазуға арланған, бұрынғы қандықол коммунистердің қолынан бүгінгі «биттерге» рухы тазармастан өтіп кеткен, алжыған газеттегі арзан сөзді өзімізге баспас едік. Дегенмен, биліктің ауызын ашқанда көмейін көру үшін «аға газетті» ақтарамыз. Өйткені, бұл газет биліктің үні ғой.

"Маса-ақпарат"

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ. Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?

Қазақ елінің тәуелсіздік алуы республикадан тысқары жерлерде жүрген отандастарымыздың ата-жұртқа оралуына кең жол ашты. Егер деректерге жүгінер болсақ, 1991-2011 жылдар аралығында 221,3 мың отбасы немесе 860,4 мың қандастарымыз Қазақстанға келген екен.
1993 жылдан бастап келушілер үшін жыл сайынғы квота белгіленуі де атамекенге оралам деушілер үшін қолайлы жағдайлар туғызды.  Өйткені квотаға енген оралмандарға жәрдемақылар мен өтемақылар түрінде, соның ішінде тұрғын-жай сатып алу үшін де, қосымша әлеуметтік көмектер көрсетілді, жаңа орынға көшіп келуіне байланысты кеткен шығындары қайтарылды.
Егер алғашқы жылдары Қазақстанға қоныс аударушылар қатары бірнеше мың отбасын ғана құраса, 2005 жылы иммигранттарға бөлінген квота 15 мың отбасына, ал 2009-2011 жылдары 20 мың отбасына дейін жеткізілді.
Осындай әңгіме үстінде қай мемлекеттерден келгендер көбірек екен деген қызығушылық сауалдың туатыны да заңды. Егер ондай сұраққа жауап іздеп көрер болсақ,  оралмандардың 60,5 пайызының Өзбекстаннан, 10,4 пайызының Моңғолиядан, 12,4 пайызының Қытайдан, 7,8 пайызының Түркімен-станнан, 5,3 пайызының Ресейден келгенін атап көрсетер едік. Ал қалған 4 пайыз өзге елдерден келгендерді құрайды.
Елге оралған қандастарымыздың облыстар бойынша орналасуына көз жүгірткен кезде мынадай көріністі байқауға болады. Оралмандардың 24,3 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына, 18,2 пайызы Алматы облысына, 13,3 пайызы Маңғыстау облысына, 7 пайызы Жамбыл облысына қоныстанған. Осы сандарды ой елегінен өткізе отырып Қазақстанды Отаным деп келген бауырларымыздың 60 пайыздан астамының төрт облысқа ғана қоныстанғанын көруге болады. Оның сыры неде?
Енді өткен жылы елге келіп атбасын тіреген туғандарымыздың ел өңірлері бойынша орналасу жағдайына назар аударып қарайық. 2011 жылы республикаға шетелдерден 43960 адам немесе 14850 отбасы қоныс аударған. Осы ағайындардың 6700-і Оңтүстік Қазақстан облысын, 5217-ісі Маңғыстау облысын, 3648-і Алматы облысын, 3516-сы Жамбыл облысын, 2429-ы Шығыс Қазақстан облысын өздеріне тұрғылықты жер ретінде таңдаған. Бұл жерде «таңдаған» сөзі әншейін айтыла салып отырған жоқ.
«Елім» деп «еңіреп» жеткен қандастарымыздың республиканың облыстарын қоныстану жағдайына көз сала отырып нені аңғаруға болады? Ол -  алыс-жақын шетелдерден келген бауырларымыздың негізінен Қазақстанның бес-алты облысын ғана мекен етуді қалайтындығы. Ал, ол нені білдіреді? Ащы да болса айтайық, ол жаңа өзіміз атап өткендей, «еңіреп» жеткен бауырларымыздың Қазақстанға Отаным деп емес, осында бұрыннан тұрып жатқан немесе соңғы жылдары көшіп келген ағайын-туғандарын сағалап, күнелту үшін келетіндігін дәлелдейді. Бұл ретте тіпті қыр-соңымыздан қалмай қойған жаны сірі рушылдықтың да қылаң беріп жатқан болуы әбден мүмкін. Әйтпесе қазақ үшін, әсіресе, алыста,  жат жұртта жүріп туған елін аңсаған қазақ үшін ұлан-байтақ Қазақстанның кез келген түкпірі Отан емес пе? Жалпы, Отан деген асыл сөзді белгілі бір облыстардың шеңберімен ғана шектеп,  мына жер жақсы, мына жер жаман деп, атамекенді алалауға бола ма өзі. Олай болған күнде, ата-бабаларының кіндік қандары тамған қасиетті топырақты аңсап келген бауырларымыздың көксегендері не? Бәлкім олар біз мына Шымкент пен Жамбыл өңірі тәрізді күншуақты аймақтарда қолымызды жылы суға малып отыра берейік, ал ана, ауа райы қытымыр солтүстік пен батыстағылар бұрынғысынша өз күндерін өздері көре берсін деп ойлайтын болар? Олар сол өңірлерге үйренген, олар ата-бабаларынан қалған жерлер, сондықтан ондағылардың тұра беретініне еш күмән да жоқ. Мәселе онда емес, біздің айтпағымыз басқа. Атажұрт деп асығып келген, сағынып келген ағайындарымыз бойларында қазақтың қаны бар екенін, азаматтығын көрсетіп, тізесін енді тіктеп жатқан жас мемлекеттің қолтығынан демеудің орнына, жылы жерге тұмсықтарын сұғып бұғып отыратын болса, ондай қандастардан Қазақстанға не пайда? Елге жандары ашымайтын, келмей жатып талап қоятын қазақтарды шақырып, құшақ жая қарсы алу қаншалықты дұрыс деген сауал да осындайда туындайды. Біз бұл жерде тиесілі квотаны алып, соған сәйкес белгілі бір жеңілдіктерді пайдаланып, артынша келген жақтарына қайтадан қашып кеткен қазақтар туралы тіпті айтып та отырған жоқпыз. Ал, ондайлар жетіп-артылады. Міне, туған жерді сағынудың, құрметтеудің бір көрінісі.
Енді оралмандар әзірейілдей көретін еліміздің батыс және солтүстік облыстарына келер болсақ, бұл өңірлерде халық ежелден сирек қоныстанған. Сол сирек қоныстанған халықтың арасында қазақтар тіптен аз. Бұл - бір. Екіншіден, жұмыс күші де дәл осы облыстарда жетпей жатыр. Үшіншіден, жергілікті ұлт өкілдері санының аздығы аталған өңірлерде ана тіліміздің өркендеуіне де елеулі нұқсан келтіріп отыр. Осы айтылғандарды және кең-байтақ Қазақстанның барлық жерлерінің де қазақтар үшін Отан болып табылатынын ескере келгенде, алыста жүрген ағайындарымыздың біртұ-тас Қазақ елінің кейбір өңірлеріне мұрындарын шүйіре қарауын түсіну де, түсіндіру де өте қиын.
Осыдан оншақты жыл бұрын қызмет бабымен Германияда болған кезімде, егде жастағы неміс әйелінің әңгімесін естігенім бар. Бұл елдің де Қазақстан сияқты елге оралған өз отандастарын ықы-ласпен қабылдап жатқаны белгілі. Әңгіме де дәл сол мәселе төңірегінде өрбіді, яғни жаңағы кісіге Германияға оралып жатқан немістерге қандай жақсылықтар мен жеңілдіктер жасалуда деген сауал қойылды. Бұл сауалға әлгі неміс ұлтының өкілі сырттан келген немістерге неліктен жақсылық жасалуы тиіс, олардың бүгінгі Германияның өсіп-өркендеуіне қандай еңбектері сіңді. Жақсылық осы елді дамытуға үлес қосып жүрген немістерге жасалуы керек, ал енді ғана көшіп келіп жатқандардың бізге қандай да бір талаптар қоюларына құқылары жоқ, алдымен еңбектерін сіңірсін, содан кейін ғана талап қойсын деп жауап берді. Біз сияқты көлгірсуді, жылтыр сөзді білмейтін, өмір сүру тәжі-рибелері мол, салтына берік, өркениетке жеткен, сондықтан да әр нәрсені өз атымен атайтын неміс халқының өкілі осылай дейді. Дәлелімен келтірілген бұл сөзге қарсы дау айту қиын.
Бірақ Қазақстан мемлекеті де, қазақтар да алыстан келген ағайындарға мұндай тік мінез көзқарас танытып отырған жоқ. Керісінше, қандастарымыздың елге келуін жеңілдетуде және оларды жаңа жағдайларға бейімдеуде мемлекет тарапынан белгілі бір шаралар да қабылданды. Оралмандардың Қазақстан қоғамына тездетіп кірігіп кетулері үшін 2007 жылдан бастап олар көбірек қоныстанған Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында  және Қарағанды қаласында бейімдеу және кіріктіру орталықтары ашылды.  Бұл орталықтарда құқықтық мәселелер, мемлекеттік тілді, қажет болған жағдайда орыс тілін үйрету бағытында тегін ақыл-кеңестер беріледі, кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру жұмыстары жүзеге асырылады. Оның сыртында, әрбір облыста оралмандардың елге келгеннен кейінгі алғашқы уақыттарда тұра тұруларына жағдай туғызатын уақытша орналастыру орталықтары бар. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жергілікті атқару органдары оралмандарды тегін медициналық жәрдемнің кепілді көлемімен қамтамасыз етеді, мұқтаждарға мектептер мен балабақшалардан, әлеуметтік қорғау мекемелерінен орындар беріледі, жеке тұрғын үй саламын  және өндіріспен айналысамын деушілерге мүмкіндігіне қарай жер телімдері бөлінеді. Олардың  Қазақстанда тұрақты тұрулары және Қазақстан азаматтығын алулары үшін қарапайымдатылған процедуралар қарастырылған. Мәселен, азаматтық алу үшін өтініш берген кезде ол адамның Қазақстанда міндетті түрде бес жыл тұруы талап етілмейді. Өткен 2011 жылдың өзінде ғана 35617 оралманның, ал тәуелсіздік жылдары ішінде 757 мың қандастарымыздың, немесе 1991 жылдан бастап елге оралғандардың 90 пайызының  Қазақстан аза-маттығын алуы біздің бұл сөзімізге толық дәлел.
Осы орайда оралмандарды орналастыру мәселесін шешу мақсатында Қазақстанда «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданып, ол бойынша жекелеген тұрғын үйлер ғана емес, сонымен бірге бүтіндей бір ауылдардың тұрғызылғанын да айта кеткен орынды. Қазақстанды шынымен елім-жерім деп келгендер мүмкіндіктерінше осындай игіліктерді пайдаланып, еліміздің түрлі өңірлерінде еңбек етіп, жап-жақсы өмір сүріп жатыр. Осы айтылғанға шағын мысал ретінде Қостанай облысының Рудный қаласына Өзбекстаннан қоныс аударған қазақтардың Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігінде өздеріне жұмыс тауып, тұрғындарының 90 пайызға жуығы орыстілділер болып саналатын Рудный қаласында қалыпты тіршілік кешіп жатқандарын айтуға болады. Бәлкім жаңадан қоныс аударғандықтан тұрмыстарында белгілі бір проблемалардың да болуы мүмкін, бірақ «көш жүре түзеледі» деген мәтелді ескерсек, олардың да біртіндеп шешім табарына күмән жоқ. Жалпы, Қостанай облысына көшіп келген ағайындарды Қазақстанның егемендігін нығайтуға өзіндік дәрежеде үлес қосып жүргендер деп айтуға толық негіз бар.
Біріншіден, олар осындағы аса ірі кәсіпорын - ССКӨБ-ке жұмысшы болу арқылы жұмыс күшін сырттан іздемей, өз қандастарымыздың көмегімен-ақ мәселенің шешілуіне жағдай туғызып отыр. Екіншіден, тұрғындары 140 мың адам болатын Рудный қаласында кешегі кеңестік кезеңде небары 9 пайыздай ғана қазақтар тұрғандықтан қазақ мектебі мұнда мүлде болған емес. Ал бүгінде қалада төрт қазақ мектебі бар көрінеді. Бұл ұлттық салт-дәстүрлерден біржола қол үзіп қалуға жақындаған қала үшін үлкен жетістік. Ол жетістікке осы өңірді жатсынбай, елім-жерім деп келген оралман ағайындардың арқасында қол жетіп отыр.
Ертеректе білімді, көздері ашық азаматтармен әңгіме барысында осы біздің халықта патриоттық рух күшті деп айтудың өзі қалай болар екен деген бір екіұшты сауалдың тасталғаны есімде. Сонда әңгімеге қатысып отырғандардың бірде-бірі жоқ, олай емес деп қарсылық білдіре қойған жоқ, бәрі де айтылған пікірмен келіскендей сыңай танытты. Егер тереңірек ойлап қарасақ, патриотизм деген сезімнің өзі дербес мемлекеті бар халықтарда ғана болуға тиіс сияқты. Өйткені ондай сезім туған халқыңның бойындағы оны жер жаһанға танытқан ерекшеліктеріне, мемлекетіңнің әлем елдері арасынан өзіне лайық орын ала отырып, алға басқан қадамдарына деген мақтаныштың нәтижесінде пайда болады. Менің елім осындай, менің халқым  осындай, мен сол елдің азаматымын  деген ойлар адамның рухын көтеріп, көңілін асқақтатады.  Адамның бойын кернеген осындай зор мақ-таныш сезімі келе-келе өз Отанына деген патриоттық  сезімге ұласады. Мұның өзі бір жыл, екі жыл емес, ұзақ уақыттарға созылатын үдеріс. Әрине, мұндай қасиетті бойға сіңіру үшін адам өзінің туған елінде тұрып, өз халқымен қоян-қолтық өмір сүруі тиіс. Жай ғана өмір сүріп қоймай, сол елдің ыстық-суығын сол елде тұратын халықпен бірдей көруі керек. Осылайша елмен біте қайнасқан адам ғана сол елдің патриоты болуға қабілетті. Ал өмір бойы сыртта жүрген адамдар туралы олай деп айту қиынырақ. Қазақта «Тапқан әке емес, баққан әке» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасы адам қай жерде, кімнің қолында өссе, оған сол жер мен сол адам ыстық болады дегенді білдіреді.
Алыста жүрген ағайындарымыздың мен ана облысқа бармаймын, мына облысқа ғана барамын деп мұрын шүйіруін, квотадағы жеңілдіктерді пайдаланып елге келіп алып, ізінше кері кетіп қалуларын тек осы айтылғандармен ғана түсіндіруге болады. Обалы не керек, мына жерге үйрене алмадым, бұрынғы тұрып келген жеріме қайтпасам болатын емес, деп келген мемлекеттеріне қайта кетіп қалған кейбір ағайындардың өздері де шындықты мойындапты. Жаңа жерге бірден үйренісіп кетудің ауыр тиетінін, алғашқы кезде біраз проблемалардың ұшырасатынын түсінеміз. Робот сияқты жұмыс істейтін кейбір шенеуніктердің алыстан келген ағайындарға салқын қарайтынынан, кейде себепсізден-себепсіз әуре-сарсаңға салып қоятынынан да хабардармыз. Ондай келеңсіздіктермен жергілікті тұрғындар да аз ұшырасып жатқан жоқ. Бірақ, халқымызда «Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа» деген сөз бар емес пе...
Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, адамдардың да жаратылысы, мінез-құлықтары әртүрлі. Сондықтан жұрттың бәрін бір қалыпқа сыйғызамын деу қателік. Жоғарыда айтқанымыздай, сырттан қоныс аударып келген көптеген қандастарымыздың Қазақстанның солтүстік өңірлерінен өздеріне мекен тауып, еңбек етулері ол сөзімізге дәлел. Осы аз ғана мысалдың өзінен-ақ елге оралған отандастарымыздың бәрінің бірдей өздерінің атамекендеріне шекесінен қарамайтынын, аңсаған Қазақстанымыздың бір пұшпағынан орын бұйырғанына тәубе деп, өзге жұртпен бірге еңбек етіп, тыныш қана өмір сүріп жатқандарын аңғаруға болады.  Шынын айтсақ, Қазақстанда өмір бойы табан аудармай тұрып келген және елдің өсіп-өркендеуіне белгілі бір дәрежеде үлестерін қосқан қазақтардың да мынадай аумалы-төкпелі нарық заманында шекелерінің шылқып тұрғаны шамалы. Тыңдай берсең, олардың да ақтарып салар наздары аз емес. Өкпелерін қолдарына ұстап жүрген ағайындардың екі қолға бір жұмыс таба алмай дағдарған сол қандастарына да бір қарап қойғандары артық болмас еді. Ал енді, өз еліне өзі бұлданбайтын, өз еліне өзі қонақ болмайтын, мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті қанағат етіп, одан арғысын өз тірлігімен жалғастырып әкетіп жатқан ағайындарға қазақстандықтар да риза. Қарамыз көбейер еді, сондай ағайындар көбірек келсе екен деп тілейді...
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.
«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584