Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2880 0 пікір 10 Ақпан, 2012 сағат 08:26

Гүлзина Бектасова. ТОПТАП СЫЙЛЫҚ ҮЛЕСТІРДІ

Жуырда Жазушылар одағында 42 ақын-жазушыға Халықаралық Алаш сыйлығы берiлдi. Естуiмiзше, биылғы жылғы сыйлық төрт жылдың топтамасы. Төрт жыл бойы жарық көрген шығармаларға берiлдi десек те, бiрден 42 қаламгерге сыйлық беру, естiген құлаққа бiртүрлi естiледi екен. Мәселе сыйлықтың берiлгенiнде емес. Тек, сыйлықты осылай оңды-солды тарата беретiн болсақ, онда сыйлық атаулының қадiрi қашпай ма деген қауiп те. Бiздi мазалайтыны да осы.

Жуырда Жазушылар одағында 42 ақын-жазушыға Халықаралық Алаш сыйлығы берiлдi. Естуiмiзше, биылғы жылғы сыйлық төрт жылдың топтамасы. Төрт жыл бойы жарық көрген шығармаларға берiлдi десек те, бiрден 42 қаламгерге сыйлық беру, естiген құлаққа бiртүрлi естiледi екен. Мәселе сыйлықтың берiлгенiнде емес. Тек, сыйлықты осылай оңды-солды тарата беретiн болсақ, онда сыйлық атаулының қадiрi қашпай ма деген қауiп те. Бiздi мазалайтыны да осы.
Әдебиетке сыйлық берілгені абзал. Әдебиетке болғанда, әдебиет иесіне емес, көркем шығармаға. Қазақ поэзиясына айтар өкпе жоқ. Қазақ поэзиясы құлаштап даму үстінде. Ал қазақ прозасында елең еткізер дүние бар ма? Соңғы жылдары «қазақ прозасы тоқырау үстінде» дейтіндер көп. Әдебиетте тоқыраудың болуы жаңалық емес. Қазақ әдебиетінің тарихында бір жылдары әдебиеттің шарықтау шегіне жетсек, бір жылдары төмен құлдилаған сәттер аз болмаған. Ол уақыттың көшіне, заманның ағымына байланысты туындағаны да белгілі. Әрине, қазақ әдебиеті мүлдем құрдымға кетті деп, түбегейлі жоққа шығарғымыз да жоқ. Бүгінгі қаламақысы мардымсыз әдебиетте там-тұмдап болса да, көркем шығармалар дүниеге келуде. Сол «там-тұмдап» келген дүниеңізді оқитын бүгін оқырман жоқ. Не жетпейді, не сын көтермейді. Кеңестік кезеңде дүниеге келген әрбір шығарманы «өлтіре» сынайтын арнайы сын бөлімі жұмыс істепті. Сол өлтіре сыналған сыннан шыққан дүние ғана оқырманының қолына жетіп, қоғамнан өзіне лайықты бағасын алатын болған. Ал, бүгінде ше? Кәсіби сын бар ма? Кәсіби сыншы да, сынға лайықты шығарма да жоқтың қасы. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дегеніміз осы. Ендеше, осындай «тоқырауда» тұрған әдебиетте «Алаш» сыйлығына лайықты шығармалар қалай туды? Төрт жыл бойы жиналып, топтастырылды дегеннің өзінде, сыйлықты осылай қолдан үлестіре салу - онсыз да берекесі кеткен әдебиеттің берекесін одан әрмен қашырған жоқ па? «Алаш» сыйлығының әуелдегі басты критерийі қандай еді? Қазіргісі қалай? Оған бүгінгі қаламгердің өзі жауап берсін... Біз осы сауалымызды қаламгерлеріміздің өзіне тастадық.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы:

- 1991 жылы Одаққа хатшы болып бардық. Бірінші хатшы Қалдарбек Найманбаев. Сол кезде біз әдебиет қандай болу керек деген тұрғыда, сыйлықтың мәнін өзгертейік деп, «Алаш» сыйлығын ойлап тапқан едік. Бұған дейін әдебиетте салалық сыйлықтар беріліп келген. І.Жансүгіров, М.Әуезов, М.Мақатаев атын¬да¬ғы сыйлықтар болды. Осының бәрін атын өзгертіп, бір ғана сыйлық берейік деп шештік те, «Алаш» сыйлығын ұйымдастырғанбыз. Сол жолы Қалдарбек Найманбаев қолдап, бұл сыйлықтың белгілі бір шартын дайындадық. Алғаш рет 1992 жылы бір топ жазушыға берілді. «Алаш атындағы сыйлық» деп бердік.
- Халықаралық «Алаш» сыйлығы деп бірден аталмады ма?
- Халықаралық деген ат кейін берілді. Алғашқы жылы «Алаш» атындағы сыйлық деп аталды да, келесі жылдан бастап, халықаралық сыйлыққа айналды. Бұл жылдағы әдеби жетістіктер үшін берілетін сыйлық. Мемлекеттік сыйлықтан әдеби сыйлықтың ерекшелігі болуы керек қой. Бұл - таза әдеби шығармашылық деңгейінде бағаланатын дүние.
- Алғашқы жылдары бұл сыйлық қанша адамға берілетін еді?
- Дәл қазір есімде жоқ. Шамалы ғана адамға берілді-ау деймін. Көп болса, төрт-бес қаламгер болу керек. Қазір топтап берілетін болса, әрине қадірі түсіп кетеді.
- Бұл жолы төрт жылдығы топтастырылып отыр екен...
- Ол сыйлық қай жылдары жарияланған шығармаларға беріліп отыр, мәселе осында. Менің ойымша, қазір «Алашқа» қойылатын арнайы критерийлер жоқ сияқты. Өйткені қазір сыйлықтың атына қызығып, қаламгерлер өзі ұмтылатын сияқты.
- Соңғы уақытта сыйлыққа лайық шығармалар дүниеге келді деп ойлайсыз ба?
- Өзім қадағалап жүрмеген соң, бұған қалай жауап айтасың. Бірді-екілі дүниелер шығып жатыр. Сыйлыққа лайықты дүниелер шықпады деп айтуға тағы болмайды. Бірақ ол сыйлықты талдап, таразылап жатқан біреу бар ма? Бұрындары жыл қорытындысы болып, сол қорытындыда әдеби шығармалар талқыға түсетін еді. Қазір жыл сайын не жазылып жатыр деп қадағалаудан да қалдық. Қалай береді, қайтіп береді? Қырықтан астам шығарманы комиссия қалай таразылап үлгерді екен, маған осы түсініксіз. Жалпы, бұл сыйлық берілу керек. Берілгеніне қарсылығым жоқ. Тек, оны топтап, жинақтап беріп, сыйлықтың қадірін кетірмеген жөн.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, әдебиеттанушы, сыншы:
- Менің пікірімше, сыйлық деген ешнәр¬сені шешпейді және ештеңенің белгісін білдірмейді. Кеңес уақытының кезінде әртүрлі сыйлықтарға ие болып, сол арқылы өзіне жеңілдіктер жасаудың әдетіне айналып кеткен дүние. Сондықтан да әдебиетші болсын, жазушы болсын, сыйлық үшін шығарма жазбайды. Оның бағасын оқырмандар, яғни қарапайым жұртшылық береді. Сондықтан сыйлық адамның да, шығарманың да бағасын бермейді деп ойлаймын.
- Ендеше, біз неге жанталасып сыйлық алуға ұмтыламыз?
- Ол қалыптасып кеткен әдет қой. Қазір сыйлық алу үшін, ең жаман әдет, әркім өзі жүгіретін болды. «Мен мына сыйлықты алайын, мен ана сыйлықты алуым керек» дегенге баратын болды. Егер әлемдік сыйлықтарға қарайтын болсақ, өмір бойы сыйлықсыз өткен адамдар да бар. Абай, Шоқан, тіпті Мұқағалидың өзі сыйлықсыз кетті. Әрі олар «сыйлық алмадым» деп өкініп кеткен жоқ қой. Менің ойымша, сыйлық ештеңенің парқын анықтамайды. Тек қана белгілі бір адамдарға, елеу үшін берілетін жәй ғана әдеттегі дүние деп есептеу керек.
- Сыйлығын бұлдап, кеуде қағатындар ше?
- Ондайлар көп қой. Олар кеудесін қалай қағатын болса, әдебиетші ретінде де шығармашылық дәрежесі сол деңгейде деп ойлаймын.
- Демек, сіз сыйлықтың берілгеніне қарсы емессіз ғой.
- Тағы да қайталап айтам, сыйлық берілсе де, берілмесе де ештеңені шешпейді.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы:
- Сыйлықтың қадірі кетпей ме емес, кетті қазір. Мысалы мен алған кезде үшінші ретте әзер алдым. Екіншісінде, бір дауыс жетпей қалып секретариатта. Ол кезде Қалдарбек Найманбаев бірінші хатшы. Есенғали Раушанов, Халифа Алтай алған сол жолы. «Алаш» сыйлығы деген - Мемлекеттік сыйлықпен тең дәрежеде тұратын ұлттық сыйлық. Кейін әйтеуір, кеңес дейміз ғой, сонда құлап қалғандар ертесіне секретариаттан алып кете беретін болды ғой.
- Сіз алған жылдары бұл сыйлықтың белгілі бір критерийлері болды ма?
- Белгілі бір критерийлері болды. Мәселен мен проза кеңесінде мүше болдым. Бұл кеңестің төрағасы Шерхан Мұртаза болатын. Ол өте қатал қарады. Балдық көрсеткіш болды, сосын жалпы шығармаға берілді. Қазір сыйлық адамның аты-жөніне, тамыр-таныстығына берілетін сияқты. Шерағаңның кезінде тек шығармаң бағаланатын. Мысалы мен алған жылы Жұмабай Шаштайұлы, Бексұлтан Нұржекеев құлап қалды. Аты белгілі, қолынан жазу келетін прозаиктер ғой. Баллдық көрсеткіш бойынша, сол кісілер ала алмай қалды.
- Алғашқы кездегі талап басқа болды дейсіз бе?
- Талап қатаң болды. Әсіресе, проза кеңесінде Шерағаң қатты қарайтын. Сондықтан бұл сыйлықты болашақта жалғастыратын болса, әдебиетке талапты қатты қою қажет. Ұлттық сыйлығымыз деген деңгейден түсірмеуіміз керек. Кешегі тізімді мен де көрдім. Ұзын-сонар тізім.
- Жалпы, сол тізімдегі шығармалардың көбі сізге таныс па?
- Шынымды айтсам, маған таныс емес.
- Демек, мұны жазушы қауым білмесе, оқырман мүлдем хабарсыз деген сөз ғой.
- Сыйлықтың Жарғысы болады ғой. Жарғы бойынша, шығарма талқыланып барып, оған дауыс беру керек. Қазір талқыланбай, қол көтере салатын сияқты. Сыйлық берудің жарғысы орындалмай отыр. Социализм кезіндегі әдебиетке қойылатын талап бүгін қойылмай отыр. Бұл да тәуелсіздіктің арқасы шығар. Аяқ-қолымыздан тұсау кетіп, еркіндікке шықтық қой. Бірақ проза кеңесінің басында Шерхан сияқты түсі сұсты, әдебиетке де сұспен қарайтын адамдар керек. Талап қоя білетін, сол талаптың үдесінен шыққан қаламгерлер сыйлықты алуға лайық деп танылған жөн.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ, жас прозаик:
- Бір сыйлықтың қырық екі (!) адамға берілуі Гиннес рекордтар кітабына енуге әбден лайық екен. Әлбетте, сыйлықтың дәл осылай берілуі сыйлықтың қадірін сай табанына түсіріп қана қоймай, «Алаш» атына түскен шіркеу екені сөзсіз. Егер сыйлықтың атауы басқаша болса, онда сөз басқа. «Алаштың» - ұлттың аты екенін естен шығармағанымыз жөн. Сыйлықты тағайындаушы тарап осы мәселені мықтап ойланғаны дұрыс. Бір сыйлықтың 42 адамға берілуі біздегі әдеби көркем шығармаларға деген көзқарастың қандай деңгейге түскендігін және қаламгерлердің өзін жазушы ретінде бағалауы, ұстауы адам ұяларлық деңгейге түскенін көрсетеді. «Алаштың» атындағы сыйлықты бұлай қорлауға болмайды. Әрі осы сыйлықты берген, алған азаматтар осы әрекеттері арқылы айбарлы «Алаш» атын қалай бағалайтындарын да көрсеткен секілді.
Екінші бір мәселе, біздегі қаламгерлер сыйлықты көркем шығарманың өлшемі деп түсінетін сияқты. Бұл - әрине, түбірімен қате, ескі түсінік. Сыйлық ешқашан әдеби шығарманың бағасы бола алмайды.
Біздің елдегі сыйлық алу мәселесінде бақталастық қана бар-ау деп ойлаймын. Себебі қаламгерлер бір-бірін тұқырту үшін, өзі «менен мықты» деп ойлайтын жазушының ішіне күйік салу үшін барын салып сыйлық алып жатады. Тағы бір жағы. Бұл - Кеңес өкіметінен қалған ескі ауру. Келесі бір кесірлі тұсы - көптеген сыйлықтардың немесе оның үлестірілуі қаламгерлердің рулық, жершілдік, топтық тартысы арасындағы көкпарға айналғандығы.
- Жалпы, сыйлықтың талаптарын өзгерту қажет сияқты. Сіз осыған қалай қарайсыз?
- Маған салсаңыз, әдебиет - сыйлықтар төңірегіндегі қалыптасқан психология мен дағдыдан арылуы үшін әдебиет саласындағы сыйлық атаулының баршасын белгілі бір уақытқа дейін алып тастау керек.
«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5597