Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 6286 10 пікір 14 Желтоқсан, 2020 сағат 11:44

Сайлауға түсетін партиялар Никоновқа не дейді?

Қазір Ресейдің зомби жәшігі Орталық Азия елдеріне «Орыс әлемінің» патшалық және қызыл империя кезінде тамаша экономикалық-әлеуметтік өмір мен ілім-білім сыйлағанын жер-көкке көтере дәріптеуге кірісті. Бұл жанталасудың астарында көп нәрсе жатыр. Шындығында бүгінгі күні баршамыз бұрынғы «аға халықты» ұлт санасынан өшіретін ресей метрополиясы мен орталықазия елдері арасындағы жаңа қарым-қатынастың кезеңі басталғанына куә бола түсудеміз. 

Бірақ Орталық Азия елдерінің элитасы мен бұқарасының ұстанымы екі бөлек бола түсуде. Билеуші тап ортақ тарихтың кеңестік және тіпті патшалық кезеңдегі дәуірін өз елдерінде экономикалық, әлеуметтік және интеллектуалдық жақтан тамаша болды дегенге малдануда. Бірақ өткенде кеткен есе мен қорлықты есте ұстауды керек ететін посткеңестік, постимпериялық дәуір өз дегенін істеуде

Осы отқа май құйған кеңес-пәшес аярлығының дәлелі Молотов-Риббентроп  Пактісінің авторларының бірі Молотовтың немересі, ресей саясаттанушысы Вячеслав Никоновтың ресейдің Орталық 1 арнасының тікелей эфирдегі: «Қазақстан деген мүлдем болған жоқ, солтүстік Қазақстан тіпті жұрт тұрмаған құла дүз еді. Олар болды, бірақ сәл-пәл оңтүстікке қарай қоныстанды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан территориясы дегеніміз – Ресей мен Кеңестер Одағының тарапынан жасалған ұлы сыйы. Орталық Азияға қарата тап осыныдай түйткілді мәселелерді айта аламыз»! деген мәлімдемесі болды.

Міне осы сөзге қазақ саясаттанушысы Айдос Сарым өзінің Facebook парақшасында Ресейдің Мемлекеттік думасы мен «Единая Россия» партиясынан ресми түсінік беру мен жұрт алдында кешірім сұрауды талап етті. 

Онда: «Қазақтарға ешкім де, ешқашанда бір сүйем жерін сыйлаған емес. Тәуелсіз де, Егемен Қазақстанның бүгінгі аумағын қамтыған Барша жер – ата-бабаларымыздың қаншама ғасырлар бойы қаны мен терін төгіп жаулап алған киелі топырағы....

Өз атымнан және «Nur-Otan» партиясындағы әріптестерім атынан бұндай мәлімделерге жол беруге болмайды деп санаймын! Ресейдің Мемлекеттік думасы мен «Единая Россия» партиясы Никоновтың мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасқа зор сызат түсіретін қорлау мен өтірікке құрылған жалған тарихи мәлімдесіне қатысты ресми түсінік беріп әм жұрт алдында кешірім сұрайды дегенге сенімдімін» делінген.

Сонда, әсіреимперияшылдар өткенімізге күл шаша бермек пе?! Сайлауға түсіп жатқан партиялар Ресейдің Мемлекеттік думасы мен «Единая Россия» партиясынан ресей саясаттанушысы Вячеслав Никоновтың ресейдің Орталық 1 арнасының тікелей эфирдегі мәлімдемесіне қатысты өз наразылығын ашық білдіре ала ма!?

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1975