Жұма, 29 Наурыз 2024
Өнер 9121 6 пікір 29 Желтоқсан, 2020 сағат 15:20

Асанәлі Әшімұлы: «Жазығымыз» – тірі жүргеніміз

Биыл «Атаманның ақыры» кинокартинасына 50 жыл толды. Таспаланғанына жарты ғасыр уақыт өтсе де, әлі күнге көрермендерін жоғалтқан жоқ. Толықметражды, екі сериялы, детектив жанрында түсірілген тұңғыш қазақ көркем фильмі. 1920-21 жылдардағы Қазақстан мен Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр аймағындағы тарихи оқиғалар жайлы баяндалады. Атаман Дутов бастаған ақ гвардияшы­лардың әркеттері сипатталған. Дутовтың бандасын жою туралы операция дайындалады. Оны орындау чекист Шадияровқа жүктеледі. Ол атаманның штабына еніп, әбден оның сеніміне кіріп алып, өз басын қатерге тіге жүре, берілген тапсырманы абыроймен орындап шығады.

Басты рөлдегі Қасымхан Шадияровты кино және театр актеры, КСРО-ның және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов сомдаған. 1972 жылы осы фильм үшін А.Михалков-Кончаловскийге, Э.Тропининге (сценарий авторлары) және А.Әшімовке Қазақстан мемлекеттік сыйлығы берілді.

Таяуда осы фильмнің және «Қыз Жібек» кинокартинасының құрметіне ҚР-ның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазақ киносының алтын қоры» сериясымен пошта маркаларын айналымға шығарды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Асанәлі Әшімовті миллиондаған көрермен ықыласына бөленген «Атаманның ақыры» көркем фильмінің түсірілгеніне 50 жыл толуына орай құттықтады.

Біз де «Шадияровты» құттықтай барып, жақсы сұхбат құрдық.

Түске дейін – Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнадым

– Асанәлі аға, бұл кинокартина біз жарық дүниеге енді келіп жатқанда түсіріліпті. Жарты ғасыр өтті!

– Енді бүгін сұхбат алып отырмыз дейсің ғой?!

– Дәл солай, аға! Бұрынырақта берген бір сұхбатыңызда «түске дейін – Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндерім басталды» депсіз. Біз де әңгімемізді «Атаманның ақырынан» бастасақ. Дәстүрлі сұрақ: бұл картинаға қалай келдіңіз? Сонда бұл фильм «Қыз Жібекпен» қатар түсірілген болды ғой?

– «Атаманның ақыры» қазақ тарихындағы детектив жанрындағы тұңғыш фильм болса,«Қыз Жібек» – тұңғыш тарихи фильм. «Қыз Жібекті» түсіру – тұтас бір кезең ғой. Ол кезде Мәскеу жаққа қараймыз. Қаржы солардан. Оған дейін бізге тарихи фильм түсіруге рұқсат бермеген. «Қыз Жібекті» әуелі Шыңғыс Айтматовтың беделімен қырғыздар түсірмек болған. Мәскеуден рұқсат та алып, жоспарға енгізген. Біздің «Қараш-қараш оқиғасын», «Көксеректі» де түсіріп жүрген сол қырғыз режиссерлері ғой. Өздерінде жөнді тарихи, салмақты материал жоқ, сондықтан біздің шығармаларға қызыға береді. Бірақ айту керек, ол тұстағы қырғыз режиссерлері мықты болды.
Содан бұл картинаға өкімет араласып, Димекең (Дінмұхамед Қонаев): «Біздің фильмді неге қырғыздар түсіруі керек?» – деп намысқа тырысып, тартып алғандай болды. Рөлдерге сынақ басталып кетті. Қыз Жібектің рөліне 500-дей қыз түсуге ынта білдірген. Бәрі бірдей экранға түспесе де, сурет арқылы сынаққа түскендер өте көп болды. Бекежан рөліне Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Кәукен Кенжетаев, Әнуар Молдабеков және мен «таластық». Бәсекелестерім – кілең мықтылар. Сосын театрға келіп, цехтан костюм мен дулығаны таңдап киіп, қазіргі тілмен айтқанда, кастингтен өтуге бардым. Ықыласым аса жоғары, осы рөлде қалайда ойнағым келеді.

Сынақ кезінде оң жамбасыма келетін үзінді берілді. Ғабит Мүсірепов менің ойынымды көріп: «Бекежан мынау ғой!» – депті. Сөйтіп, жұлдызым жанып шыға келдім. Қуанышымда шек жоқ.

Жалындап тұрған жастық кезең. 31-32-дегі кезіміз ғой. Бойдағы күш-қуат асып-тасып тұрған шақ. Оған дейін Бекежан рөлін опералық театрдан көріп жүргенім бар, сондықтан асқан ықыласпен кірісіп кеттім. Бірақ режиссермен келісіп алдым. «Мен Бекежанды ел аузындағы дөрекі, ұрда-жық, қарақшы бейнесінде емес, бір басында ақылдылығы да, аңғалдығы да бар, жерін сүйген ақ жүрегі, елін қорғайтын білегі бар нағыз дала серісі етіп көрсетем», – дедім. Режиссер келісті. Маған бұл рөлді ойнауда толықтай еркіндік берілді.
Бір күні Шәкен аға Аймановтан хабар келсін. «Атаманның ақыры» фильмінің сценарийі бекітіліп, оған актерларды іріктеу басталғанда: «Басқа кейіпкерлерде шаруам жоқ. Қасымхан Шадияровтың рөліне даярлап отырған адамым бар. Ол – Әшімов», – деп комиссия жиналысында отырып алыпты. «Арманым болған Бекежан образына қолым енді жеткенде, бұл қиын болды ғой?..» – деймін Шәкеңе артық сөз айта алмай күмілжіп. Шындығын айтқанда, екі рөлді қалай алып жүремін деп шамалы тартындым. Маған әзірге беймәлім Қасымханнан гөрі Бекежанға көбірек көңілім ауып тұр. Сонда Шәкең: «Ақымақ болма! Шет елдің артистері бір уақытта төрт фильмге қатар түседі. Осы фильм маған жүктелгенде, басты рөлде мен сені көрдім. Қалған әңгімені кейінге қалдырайық», – деп әңгімені қысқа қайырды. Келіспеске шараң жоқ. Ол енді Шәкең ғой!

Сөйтіп қос фильмнің қос кинорежиссеры – Сұлтан Қожықов пен Шәкен Айманов менің «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақырындағы» мәселемді шешуге кірісті. Арнайы жұмыс кестесі жасалды. Ең бастысы, өзара түсіністіктің болуына көп көңіл бөлінді. Сосын түске дейін – Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндерім басталып кетті.

Қызуқанды рөлден салқынқанды рөлге енудің өзі бір ғанибет еді!

– Екі картина бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі кезеңді баяндайды. Бір күнде бір образдан шығып, екінші образға ене кету қиынға соққан жоқ па?

– Қиынға соққан жоқ. Қайта екі рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды. Қызуқанды рөлден салқынқанды рөлге енудің өзі бір ғанибет еді! Екі рөлге де асығып тұратынмын. Бойымда не бар, соның бәрін аяусыз бердім, жанымды салдым. Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қасымхан оңайлау берілетін. Қызуқанды Бекежанның мінезін сәл сабасына түсіре қойсам, Қасымханның характерін дәл ұстап аламын. Өйткені, Қасымхан – әр қадамын аса сақтықпен жасайтын ақылдың адамы. Әйтпесе ол барлаушы болып, мемлекеттік деңгейдегі маңызды тапсырманы орындай алар ма еді. Ал керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның жан-дүниесіне ену қиындау тиетін. Оған өте сақ чекист сияқты ұзақ ойланып отырсаң, қате қадам жасамауға тырысамын деп қарайлай берсең, аңғалдау батырдың бейнесінен мүлде аулақтап кетер едің.

«Атаманның ақырында» да маған толықтай еркіндік берілді. Негізгі партнерым – Шәкеңнің өзі. Үлкен, ірі пландарда Шәкеңнің өзі кадр сыртында менімен «сөйлесіп» отырады. Шәкеңді алдауға болмайды. Жанымыз лүпілдеп, әр дубльді табиғи ойнауға тырысатынбыз. Актердің жүрегі өз кеудесіне сыймай лүпілдеп ала жөнелсе, сол жерден бір нәрсе шығады деген сөз. Солай болды. Екі фильмді де экранға абыроймен алып шықтық қой.

«Атаманның ақыры» «Қыз Жібектен» кеш басталғанымен, бір жылға жетпей, 11 айда түсіріліп бітті. Бұл кино саласының сол кездегі өлшемімен бағалағанда рекордтық көрсеткіш болатын. Осыншалықты қысқа мер­зімде көркемдік деңгейі биік классикалық туынды түсірудің негізгі кілті – өз ісі­нің нағыз маманы атанған кіл мық­ты­лардың топтасуы болды. Фильмді қойған кинорежиссер Шәкен Аймановтан бастап, ассис­тенті – Қуат Әбусейітов, операторы – Асхат Ашрапов, композиторы Еркеғали Рах­мадиев бастаған шын дарындар фильмге мәңгілік ғұмыр сыйлады.

– Жоғарыда айтып кеткеніңіздей, «Қыз Жібекті» о баста қырғыздар түсіреміз депті. Ал «Атаманның ақырына» ұйғыр ағайындардың «таласқаны» рас па, аға?

– «Атаманның ақырындағы» Қасымхан Шадияров – өмірде болған адам. Қасымхан Шанышев деген татаршатыс қазақ. Жалпы, бұл фильм Димекеңнің тапсырысымен түсірілген. Сол жылдары «Известия» газетіне Шадияров туралы бір мақала жарияланып, Димекеңе Шәкең жолығып қалғанда, «Мынау киноға сұранып тұрған дүние екен» дейді.

«Атаманның ақыры» түсіріліп біткенде, Димекеңе Шанышевтың алыс туыстары келеді. Татар ұлтынан. Иә, ұйғырлар да «бұл біздікі» деген жағдайлар болған. Дутовты өлтірген Шадияров емес, ұйғырлар деді. Олардың алға тартқан уәжі – Шанышевтың жанында жүрген оң қол, сол қолдары ұйғыр болған. Махмуд Қожамияров деген ұйғыр оң қолы болған. Дутовтың басын кесіп алып, қап­қа салып әкелген сол болуы керек. Ал негізгі операцияны басқарған – Шанышев. Ол байдың баласы болған. Байдың тұқымысың деп қудалаған соң ол осы операцияны мойнына алған. «Қиын операцияны жасап, сіздердің алдарыңызда өзімді-өзім ақтаймын» дейді. Операцияны өте сәтті ұйымдастырады. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін «бұл бәрібір байдың баласы, дос бола алмайды, сенуге болмайды» деп ізіне түскен соң тау арқылы қырғыз еліне қарай қашқан. Содан із-түзсіз кеткен.

– Фильмнің 90 пайызы Өзбекстанда, 10 пайызы Қазақстанда түсіріліпті. Неге?

– Ол тұста электр сымдары мен асфальт жолдары жоқ кентті немесе қаланың бір бөлігін табу қиынның қиыны еді. Фильм оқиғаларындағы ХХ ғасырдың 20-жылдарына тән көріністер сонау алыстағы Хиуадан табылды. Сөйтіп фильм кадрларының біраз бөлігі Өзбекстан жерінде түсірілді. Хиуа шаһарындағы орталық базар, керуен сарай, қамал қабырғалары картина желісімен үйлесе кетті. Ал өзімізді алатын болсақ, Алматыдағы көне шіркеу төңірегі мен Жаркенттегі Уәлібай мешітінің аумағында, Кеген, Нарынқол маңайында да біраз эпизодтық көріністер түсірілді.

– Шадияровта бір дубльда-ақ сәтті орындап шыққан эпизодыңыз есіңізде ме? Ал ең қиын соққан көрініс қайсы? Жалпы, кейін «қап, осылай ойнағанда ғой!» дейтін «әттеген-айлар» болды ма?

– «Әттеген-ай» кез-келген актерда болады. Бәрі біткен соң, өзің де көрермен ретінде қарап отырғанда, «қап-ай, мына тұсын кішкене осылай ойнап жібергенде, әне бір қимылды былайша жасағанда» деген секілді ойлар келеді, әрине. Бірақ ол да дұрыс емес. Көрерменге ең алғаш жол тартқан картина әрқашан бірінші болып қалады.

Ол кезде бір эпизод он-он бес дубльға дейін түсірілетін. Қазір ғой,бір, әрі кетсе екі дубль жасайды. Цифрлық технологияның жемісі. Ал ол уақытта пленкаға таспаланатын. Көбісінен ақау шығатын. Күрделі сахналар көп түсірілетін. Ол кезде бір-екі-ақ дубльмен шектелу деген мүлдем болмайтын. Алғашқы дубльда-ақ эпизодты сәтті ойнап шыққаныңмен, міндетті түрде бірнеше қосалқы, «страховочный дубль» дегендер болады. Өйткені, пленкаға сенім жоқ. Бірақ бәрібір де алғашқы дубль көбірек таңдалады.
Фильм бітіп, монтаждалып жатқанда, Шәкеңнің: «Бала, жақсы!» – деп арқамнан қаққаны бар. Риза болғаны. Өзім әлі көрген де жоқ едім киноны. Ондай кісілер мақтауға «сараң» келеді. Біреулер мақтауыңды әбден асырып, жер-көкке сыйғызбай көтеріп ала жөнелуі мүмкін. Ал Шәкеңнің қатты риза болғаны сол, жәй ғана «бала, жақсы» деуші еді…

Бәрін сағынамын…

– «Атаманның ақыры» – Шәкен Аймановтың соңғы фильмі.  Жұлдызды фильмін өз көрермендерімен көре алмай кетті…

– Фильмнің тұңғыш премьерасы Грузияда өтті. Сонда қазақ мәдениетінің күндері өткен болатын, соған апардық. Көрермен жылы қабылдап, біздің де көңіл-күйіміз көтеріңкі болды. Содан ары қарай Шәкең Мәскеуге пленумға жүріп кетті, ал біз елге, Алматыға қайттық. Әмина апай (Өмірзақова) бар, Мәжит (Бегалин) бар, бәріміз бармыз. Алматыға келгеннен кейін екі күннен соң қаралы хабарды естідік ғой, Шәкең қайтыс болды деген. Сөйтіп Шәкең «Атаманның ақырын» өзіміздің көрермендермен көре алмады.
Бірақ біз Мәскеуде «Кино үйінде» «Атаманның ақырының» арнайы премьерасын жасадық. Жаңа картинаның таныстырылымын жасау киногерлер арасында айнымас дәстүрге айналып кеткен заңдылық болатын. Сосын оны «Кино үйінің» мейрамханасында міндетті түрде атап өтетінбіз. Солай жасадық Шәкеңсіз. Бәріміз үстелден тұрып жатқанымызда мейрамхана меңгерушісі «енді мынау үстелге өтіңіздер» деп келесі есікке бастады. Екінші бір ұзын үстел тамақтан қайысып тұр екен. Сонда Шәкең Мәскеуге бір барған сапарында осы фильмнің ақыры премьерасы болады ғой деп, аста-төк дастарқанның ақысын төлеп кеткен екен. Әйгілі Донской (Марк Семенович) бар, Никита бар (Михалков), Одаққа танымал басқа да ірі-ірі кинорежиссерлар бар, бәрі риза болып жатты. Ал біз іштей үнсіз ғана егіліп қалып едік сонда… Мұндай мәрттік тек Шәкеңнің қолынан ғана келуші еді!

Шәкен аға әлгі өз қазағымыз айтып жүрген ағайынгершілік, жершілдік дегеннен «нөл» болатын. Әйтпесе өзінің ұлы да оператор болып жүрді. Басқа қазақ болса алдымен өз баласын көтеріп, соны алға тарта берер еді ғой. Өз қызы, менің әйелім Майраны да киноға түсіруіне болар еді. Әйелі де актриса болды. Мен өмірімде дәл Шәкеңдей ірі, кесек адамды көрген емеспін. Енді көрмеймін де. Ол – эталон!

– Әйгілі Шәкен Айманов дәл қазір осы жерде отырса, ол кісімен не жайында сөйлескен болар едіңіз?

– Әрине, фильм туралы сөйлесер едік. Фильм деген енді Шәкеңнің «потологі» ғой. «Атаманның ақырынан» кейін ол кісі ұзақ дайындықпен Абайға келіп еді. Енді Абайды бастап кету керек болатын, арманы сол еді. Мәскеу сапарындағы бір жиында айтқан сөзі бар-тын: «Актерым дайын, енді Абайды түсіруге рұқсат берсеңдер», – деп. Шәкеңе қалайда береді ғой рұқсатты. Сол Абай туралы сөйлесер едік деп ойлаймын. Абайға да мені дайындап жүріпті. Шәкеңдей мастерден сондай үлкен баға алу, сенімінен шығу мен үшін үлкен бақыт еді. Шәкен – тума талант. Ол – дала академигі. Ол кино емес, басқа салада жұмыс істесе де одан сөзсіз академик шығады.

– Шәкен Аймановқа деген құрметіңіз әрбір сөзіңізден, үніңізден сезіліп тұр, аға! Осы күні тағы кімдерді жиі сағынасыз?

– Барлығын, барлық досымды сағынамын. Ыдырыс (Ноғайбаев), Нұрмұқан (Жантөрин), Фарида (Шәріпова), Әнуар (Молдабеков)! Партнерларым ғой… (шылымына қол созды). Солар бұл өмірден кетіп қалғаннан кейін мен де бір күнде театрдан алыстап, он жылға үзіліс жасап кеттім. Партнерларым жоқ деп солармен ойнаған спектакльдерімді ойнағам жоқ. Он жылдан кейін қайтып келдім.

Бәрі де түсіме кіреді. Шәкен жиі кіреді. Әзірбайжан (Мәмбетов) кіреді. Ылғи жақсы жағдайда енеді бәрі. Ояна кеткенде түсім екеніне қиналып қалатын сәттерім де болады.

Қазір «бір аптада» бір сериал түсіреді

– «Тұшынып көретін тарихи фильм жоқ. Ал сериал дегенді қабылдамаймын, ол – өнер емес» депсіз бір сұхбатыңызда. Қазір сонда «көк жәшіктен» не көріп жүрсіз?

– Қазір «бір аптада» бір сериал түсіреді. Ондай өнер болмайды. Ашығын айтқанда, кейінгі отыз жылда «мынау бір ғажап дүние екен» дейтіндей, жалт еткен бір актерлық ойынды көре алмадым. Мысалы, елдің аузында Бекежан, Төлегендер қалды ғой. Ал сериалдарда ондай айтулы рөл болмайды. Сериалдарда актер өзіне берілген мәтінін тарсылдатып айтады да шығады. Актермен жұмыс жоқ қазір. Режиссерлардың өзі шала. Қазір тез түсіруді, қомақты қаражат табуды көздейді көбісі. Ал ондай дүниелер халықтың, көрерменнің деңгейін түсіреді. Бәлкім, бір көруге жарайтын шығар, бірақ көңілде сақталмайды.

Өмірден өнер жасау керек. Ресейдің «Тракторист» деген комедиялық фильмі бар, күлесің, ой түйесің. Соны өнерге айналдырған. Мысалы, чекист туралы фильмді алайық, «анда барды, алып келді» дей салсақ, ол қызық болмайды. Оған жан бітіру үшін түрлі жағдайды қосу керек. Соған бару жолдары, қиналыстары, төбелесі сияқты жағдайлар қосылады. Далада келе жатқанда музыка ойнап тұр, бақытты, әйелі алдынан жүгіріп шығады. Әйелі осы уақытқа дейін мұны сатқын деп ойлайды. Чекист бара жатқан жұмысын ешкімге айтуға болмайды. Чекистер арасында «Халық батырын білуге тиіс емес, ал чекист халқын білуге тиіс» деген тәмсіл бар. Оның қалтасында не қаламсап, не қағаз болмауы керек. Ол болса ұсталып қалады. Бәрін жадында сақтауы керек. Оның бетінде ерекше белгі болмауы, тап-таза адам болуы тиіс. Міне, бізге осы сияқты мазмұны терең фильмдер керек.
Қазір хандар туралы кино түсіріліп жүр. Кілең шапқылаған аттар, толған массовка, болды. Қазіргіше айтқанда, экшн. Бірақ ішінде образ жасаған актерлар жоқ. Бәрі жалпылама. Актердан кейіпкер жасау керек. Ал кейіпкер жоқ. Яғни форма бар, мазмұн жоқ. Сосын келіп көңіліміз толмай жатады.

Абай, Ғабит, Мұхтар және Оралхан

– Аға буынның жас буынға көңілдері толыңқырамай жататыны өмірдің заңдылығы іспетті. Ал өзіңіздің кешегі жас Асанәліге көңіліңіз тола ма? Қазір алдыңызда өмірге енді ғана қанат қаққалы тұрған бозбала Асанәлі отырса, оған бүгінгі абыз Асанәлі қандай кеңес айтқан болар еді?

– Қазақ сол «адам бол, жақсы жүр» дейді ғой қашанда.

– Тыңдар ма еді? Жалпы, өзі қандай бала еді, тентектік жасаған кездері болды ма?

– Тыңдайды ғой, қайда барады. Өте жуас еді. Бірақ колхоздағы ұлдардың атаманы болды. Әділетсіздікке төзбейтін, әлсіздерге болысып жүретін, ондай кездерде төбелесуге тура келетін сәттері де жиі болатын. Бірақ атаман екенмін деп сотқарлық жасап, жаман аты шыққан жері жоқ.

– Асанәлі аға, елсіз аралға кетер болсаңыз, өзіңізбен бірге қандай кітаптарды ала кетер едіңіз?

– Абайды алып кетер едім. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін қанша оқысаң да тереңіне бойлап кете бересің, әр оқыған сайын жаныңа бір нәрсе тауып отырасың. Ғабит (Мүсірепов) пен Мұхтардың (Әуезов) шығармаларын да ала кетер едім. Оралханның (Бөкеев) әңгімелері жақсы. Қай-қайсы да киноға сұранып тұр. Әттеген-ай, түсіретін адам жоқ. Соған ешкім бара алмай жатыр.

– Қазақтың қай мінезі бағы, қай мінезі соры?

– Менің күнделігіме түсірген бір афориз­мім бар, «Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деген. Қазақтың іштарлығы, көреалмаушылығы, күншілдігі – соры. Ал енді қанына сіңген қонақжайлық қасиеті, қолының ашықтығы, астындағы жалғыз атын түсіп беретін қайырымды мінезі ешбір ұлтта жоқ шығар.
Күні кеше Атырауда болып келдім. Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры ғимаратының алдында театр және кино актерлары Сәбира Майқанова, Нұрмұхан Жантөрин, Хадиша Бөкеева және маған арнап ескерткіш ашылды. Қоладан құйылған төрт тарлан! Бұл атыраулықтардың мәдениетке, өнерге, оның өкілдеріне, аға ұрпаққа деген құрметінің белгісі деп білемін. Осындайда кейде «тірі адамға ескерткіш қойылғаны несі?» дегендей айтылып қалатыны жасырын емес. Міне, әлгі айтқан іштарлық осы. Ал біз төртеуіміз ансамбль құрып жарасып тұрмыз. Жүрегіме қуаныш толды сол күні. Біз өнерде де, өмірде де бір жүріп едік. Сағынамын сол күндерді! Әлгінде айттым ғой, бұлар кеткен соң мен де театрдан кетіп қалған кезім болған. Оларды мен қатты жоқтағам. «Жазығымыз» – тірі жүргеніміз.

Бір қап ұн

– Арманның бәрі жүрегімізге бала шақтан орнығатыны ақиқат. Бала күнгі арманыңыз орындалды ма? «Райымбек Сейітметов екеуміз ұн сатқанбыз» деген оқиғаңыздың есіме оралып отырғаны. Арманға апарар жол да сол ұн сатудан басталды емес пе?..

– Біз әкесіз өскен ұрпақпыз. Әкеміз төрт жасымызда соғысқа кеткен. Бейнесі есімізде жоқ. Шешей наубайханада жұмыс істеді. Айлық деген жоқ, күнде жұмыстан қайтқанда жарты келі, бір келі ақ ұн алып келеді. Мен түнде барып көмектесемін. Бір жылдай жиған ақ ұны үлкен бір қап болды. Ақ ұн деген өте қат болатын. Райымбек екеуміз сол бір қап ұнды базарға алып шықтық. Сатуға. Бірге оқыған балалар көріп қоймаса екен деп тартынып, ұялып жүрміз. Ол тұста сауда жасау ұят болып саналатын. Қырсыққанда сол күні қатты жел тұрып, ұнның жартысы желге, жартысы бетке кетті. Абырой болғанда жылдам өтті. Сол бір қап ұнның ақшасымен келдік қой осы Алматыға.

Шешей: «Балам, Алматыға бар, кез-келген ит оқу болса да түс», – деп батасын беріп жіберді. Мені бұл мамандыққа Асқар Тоқпанов алып келді. Біздің елде актерлік кәсіпті онша құп көре бермейтін. Шешеме: «Ит оқу болса да түс деп өзің айттың ғой, бір ит оқуға түсіп келдім», – дедім, ол: «Оқи бер», – деді. Шешемнің бір ауыз сөзі маған солай дем берген. Міне, біз өнерге осылай келдік. Мен жұмысымды кинодан бастадым. Бірінші курста, 17-18 жасымда «Ботагөзге» түстім. Киноға түсем деп оқудан шығып қалып, біраз қиындық көрген кезім де болды. Сонда да қиноға түсуді тастамай, консерваторияны бітіргенше үш-төрт фильмге түсіп қалдым. Бұлар киноға түсудің әдіс-технологиясын түсінбей тұрған кездегі бастау ғой, бірақ бәрі менің пайдама шешілді. Жеп жүрген ақ наным адал.

Жалпы, мені осындай әлетке жеткізген, бағыттаған – үлкен әкем, әкемнің әкесі – Ысқақ пірәдар. Үнемі әппақ болып киініп жүретін. Әулие адам еді. Сол кісінің алдындағы парызымды қалай өтесем екен деп жүруші едім. Кейін ауылға сол кісінің атымен мешіт тұрғыздым. Сол күні қасиеті бар бір көріпкелдің айтуынша, мешіт төбесінде шеңбер пайда болып, айналасына атам, әке-шешем, жарым, балаларым да келіп тұрыпты, Ысқақ атамның жетегінде бір бала бар дейді. Келесі жылы Асанәлім өмірге келді. Ұлым – сол кісінің сыйлығы. Ысқақ атам мені талай өлімнен алып қалды. Мен ол кісіні жебеушім деймін. Әлі күнге шейін қолдап, қорғап келе жатыр.

– Ал жиырма жасында жесір қалып, сізге қарайлап, тұрмысқа да шығуды ойламаған анаңызға жасаған ұмытылмас сыйлығыңыз қандай?

– Оқу бітірген соң, шешемді осында көшіріп алдым. Сыйлығым – Майра. Екеуінің татулығындай ене мен келіннің ынтымағын көргем жоқ! Майра шешемнің алдына бар жылы-жұмсағын қойып, қас-қабағын бағып, бір кесе шәйін жылы қабағымен ұсынып, сыйласып өтті. Тіпті,шешей менен гөрі Майраны жақсы көріп кетті.

Он жылдай театрдан кеттім дедім ғой. Апама: «Алып жатқан айлығымыз жоқ, күн көріп жатқанымыз сіздің пенсияңыз», – деп көңілін көтеріп, күліп қоятынмын. Сонда мардымсыз ғана зейнетақы ғой сол. Соған әжептәуір қуанып қалатын, жарықтық!

Ана – ол жылылық. Ана – ол мейірім ғой. Мен осы жерге (офисін айтады) таңертең келіп, кешке қайтам.Күн аяқталар тұста үйге қайтуға асығып тұрамын. Баламды тезірек құшақтағым келеді, бүгін не тындырып, не қойғанын сұрап, әңгімелесуге асығып тұрамын. Шаңырағымда жылылық, мейірім бар. Үйдің шаруасына тіпті бас ауыртпаймын. Кіріс-шығысына да, тіпті сынған-бүлінген сантехникасына да алаңдамаймын. Бәрін жұбайым Бағдаттың өзі реттеп отырады.
Солай.

– Әдемі әңгімеңіз үшін рақмет, Асанәлі аға!

Түпнұсқа: «Қазақ әдебиеті» газеті

Сұхбаттасқан: Нұржамал Әлішева

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553