Қазақ тілі аудармашылар түзелгенде тұғырға қонады
Олай дейтінім осы шалағай аудармашылар қолынан шыққан дүниелер кесірінен қазақ тілінің өрісі оңбай тарылып тұр. Қазақ тілін біраз адамнан артық білем-ау деп жүрген жандардың өзі, өз тілінен жиренетіндей жағдайға жеттік. Яғни жеткізді. Мысалы осы қалтафон мәзірін алайықшы. Біраз уақыт телефоным қазақшада тұрды.
-«Патриотпын ба?»,»қазақ тілі-қазақ тілі!» деп айта берем бе, онда өзімнен бастайын дегем өзімше. Кейін амалсыз орысшаға ауыстыруға тура келді. Себебі біреу ғана. Түсініксіз. Сәл миыңды қоссаң түсініп аласың сөз жоқ. Бірақ тіл еш қиыңдық туғызбау керек қой. Судағы балықтай сезінуің керек қой қолданыстағы тілді. Яғни автоматты түрде бәрі зырылдап тұруы керек. Жооқ. Екі ауыз сөзден кейін тұтығасың да қаласың. Банкомат мәселесі де сол. Мен ылғи қазақ тілін таңдаймын. Бірақ кейде, әсіресе күрделі операция жасайтын кезде амалсыз орысшаға ауысам. Барып бір-екі кнопканы басып ақша шешіп алу бір басқа. Ал карта толтыру, реквизиттерін алу, ақша аудару, төлемдер жасау сынды дүниелерде көзің сүрінеді. Ал ең сорақысы көптеген банкоматтар Ғ, Ң, І, Ө, Ұ, Ү деген қазақ әріптерін цифрмен беріп есіңді шығарады. Құдды үкімет тарапынан қазақ тілінің адымын аштырмау мақсаты көзделгендей боп тұрады кейде. Бұны бір деп қойыңыз.
Мен көп дубляж жасаймын. Аудармашылар түгелге жуық мені ұнатпайтынын сезем. Бұл жұмсақ айтқандағым. Тіпті жек көрулері де мүмкін. Өйткені көп аудармаға қарсылық танытам. Тұнып тұрған калька, тұнып тұрған сауатсыздық. Көп жағдайда әңгімені көбейте бермей өзім автоматты түрде аударып, оқу үстінде түзеп кете берем. Бірақ қашанғы өйте берем?
Қашанғы аудармашылармен, редакторлармен қырылыса берем? Қашаңғы сүйкімнен айырыла берем???
Неге мен?! Неге мысалы С.... емес, неге Н..... емес. Ал олар жүйкесін сақтайды. Сүйкімін кетірмейді. Жұмыс берушімен де керіспейді. Келесі жолы кімді шақырады дубляжға? Әрине соларды. Айналасымен «қырылысып» жүретін мені не қылсын. Кейде осыларды ойлаймын да, «құрысын бәрі, қояйын осыны, менсіз де көсегесі көгерер осы тілдің, мен де ел қатарлы бергенді оқи салып сүйкімді боп жүре берейінші» деймін де... анау Керекуде мыңмен жалғыз алысып «жынды» боп жүрген Руза апамды еске алам да, ұзаққа бара алмай қайта бас көтерем. Ол бәлкім әлсіздігім болар. Бәлкім сабырсыз шығармын. Мүмкін мінез шығар білмеймін. Бірақ мен өйте алмайды екем. Осындайда Әлихан атамыздың: «ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» дегенін өзіме қабылдап, өзімді-өзім жұбатып қоям. Біздің аударма фильмдерді көп жанның көрмейтіндері де содан ғой. Балапандағы балалар дүниесі тіпті сорақы. Оны бала түгілі ересек те түсінбейді. Әйтпесе қаншама дүние аударылып жатыр. Қаншама қаражат құйылып жатыр. Бәрі зая!
Енді әжеп аюандар деген не сөз?
Бұл фантастические тваридің қазақшасы екен. Мұндай мысалдарды келтіре берсең сия мен қағаз, жүйке мен шыдам жетпес.
Сосын кино атауын қазақшалауды жөңге келтірмесек болмас. Сөзбе сөз аудара бермей мүлде басқаша неге көрмеске. Мисалы плохие парни навсегда дегенді, әрқашан жаман жігіттер демей есі дұрыс альтернатива табуға болатын шығар. Құран емес қой енді бір әрпіне қиянат келтіруге болмайтын.
Шелкунчиктің шақылдақ екенін жаңа білдім. Елді жынды қылмай-ақ басқа ат тап. Көп қой ондай мысал.
Мысалы орыстар
Граф Монте Кристоны - Узник замка Иф деп шығарды. Граф Монте-Кристо деп қалдыруға да болар еді. Өйткені ол есім-сой. Ал «Қасым» фильмін олар «Без право на выбор» деді. Аты да, заты да орысша боп шыға келді. Орыс үшін не ол Қасым деген? «Касым что это такое» дейді олар. Тіпті фильм сол күйі Қасым боп барса көрмейді де олар. Кино Қасым Қайсенов жәйлі, солай қалдырса да болады, бірақ орекеңдер өйтпейді. Өйткені олар еркін көсіледі. Жасқанбайды олар біздің байғұстар секілді.
«Көксерек» әрбір қазаққа түсінікті. Бірақ орысқа емес. «КОКСЕРЕК» дей ме олар? Жоооо!
«СЕРЫЙ ЛЮТЫЙ» жасап алды. Атын да, затын да түсіндіріп тұр. Біз неге осындай еркіндікке бара алмаймыз? Ұлт үшін! Болашақ үшін! Келер ұрпақтың санасыз болмауы үшін! Миллион мысал келтіруге болады.
Қазір эмоциям ерік бермей қалшылдап отырып көп нәрсені еске түсіре алмай отырмын. Әйтпесе уақытымды аямай «төгетін» едім осы жерге. Амал жоқ.
Хош бұны 2 деп қойыңыз.
Мен киноға да түсем.
Оппаааа! Бұл сала енді... өртеніп-ақ тұр.
Қазақ сериалдары мен фильмдерінің 90 пайызы орысша жазылады дегенге сенесіз бе? Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы!
Ең алғашқы фильміміз «Амангелдіден» бастап, кешегі Қаллеки ойнап шыққан «Песнь Абая» да орысша жазылған. Бұл содан қалған үрдіс. Құлдық қамыт, мойнымызда қалған.
Енді ойлап көріңіз. Таза фольклор мен этнографияға құрылған дүние болса да, ол орысша жазылса бітті дей беріңіз. Ол жерде қазақша аты-жөн, жағрафиялық атаулар, тіпті салт-дәстүр де көрініс беруі мүмкін. Бірақ ең негізгі нәрсе ҚАЗАҚЫЛЫҚ ЖОҚ! Қазақы рух, болмыс, өзек жоқ!
Болса да өз деңгейінде емес. Сенбесеңіздер түгел қазақи актерлер ойнаған Песнь Абаяны көріп шығыңыздар. Көз жеткізесіздер. Енді осы жазылған 90 пайыз нәрі жоқ (қазақылық жоқ) дүниені, дүбәрәлау аудармашы тәржімаласа, оны сауаты мен қазақылығы шамалы актер ойнап шықса не болады?
Дүрыс айтасыз! Қазіргі кино шығады. Ешкім көрмейтін, ешкім түсінбейтін бірдеңе. Кино түзелсін десек алдымен тіл түзелуі керек. Сонда киноң да көріліп, киноң да ақталатын болады. Маман кіріскен дүние көзге көрініп тұрады. Бір ғана мысал, Ұларбек редактор болған Абай жолын көріңіздер. Режиссурасы мен ойынында шаруам жоқ, ал ТІЛ ҚАНДАЙ?!
Міне сондықтан кино атаулыға Ұларбек секілді жандарды тарту керек. Олар калькадан ада оралман болса тіпті жақсы. Мен біраз кино мен сериалда дубляжағы тірлігімді жасағам. Түзеймін, күзеймін, сөзге кеп қалам, бірақ дегеніме жетпей қоймаймын. Әнуар деген бір режиссер інім, өзі сәл орысшалау болса да былай деп еді.
«Аға фильм чисто на казахском, все играют на казахском, но когда говорите вы, мне все понятно становится, почему?» деп еді. Өйткені мен өз текстімді өзім жасап алам, сценарий бойынша жазылғанды оқымаймын деп едім, басқалар неге өйтпейді демесі бар ма. Не айтарымды білмей иығымды қиқаң еткіздім.
Шынында да неге өйтпейді?!?
Сіз де иық қиқаңдатып отырған шығарсыз.
Иә, ол айтуға ғана оңай.
Бұны 3 деңіз.
Енді қолданыстағы сөздер не дейді, соған бір назар салсақ.
Кез-келген қазақпын деген адам, еш қысылмастан
ЖК, ЦОН, ОБСЕ, КНБ, МВД, МАГАТЭ, ООН, КПП, АП, ШОС, ПРЕСС СЛУЖБА, тб қаптаған абревиатураларды айтып кете береді. Неге? Өйткені өте ыңғайлы. Оған қоса ПОВОРОТНИК, ЗВОНДА, ПУЛЬТ, БАЛКОН, РЕСТОРАН, деген секілді сөздердің кейбірін күніне талай мәрте айтып жүреді. Енді неге өйтетінін өздеріңіз салыстырып көріңіздер
ЖК-ТҮК
ЦОН-ХҚКО
ОБСЕ-ЕЫҚҰ
КНБ-ҰҚК
МВД-ІІМ
МАГАТЭ -АҚХА
ООН-БҰҰ
КПП-БӨП
АП-ПӘ
ШОС-ШЫҰ...
Қалай екен? Тілің сынып, демің жетпей, тұтығып тынасың, ә.
Неге сөзбе сөз орыстан аудара бермей өте ыңғайлы баламасын таппасқа. Мысалы орыстардың өздері МАГАТЭні МААЭ демейді ғой. Негізі басты әріптерді алсақ солай шығуы керек.
Международное агентство по атомной энергий деген сөз ол. Тіпті МАПАЭ болып шығады. Бірақ орыстың терминкомы орыс үшін жұмыс жасайды.
Яки тілге жеңіл жүрекке жылы тиіп
Теп-тегіс, жұмыр келтіреді айналасын.
Ал біз ше?
Атом қуаты бойынша халықаралық агенттікті АҚбоХА десең болмай ма не? Немесе АҚБХА.
Ыңғайлы да икемді! Мысал үшін айтып отырмын.
Орыстар МААЭ демей агентстводағы АГ дегенді қосып ыңғайлы, ықшамды қылып алды ғой әнеки.
ЖК ны Тұрғын үй көмплексі демей ақ ТК дейік. Ж-ның орнына Т-ны қоя сал, бітті шаруа. КПП, КНБ, АП, қандай ыңғайлы ә. Мысалы мен КНБны ҚауіпКом дейтін едім. Ұлттық дегенді айтпай ақ қой тегі, онсыз да түсінікті. Ауыз екі сөзде ҚауіпКом де. Айтуға да жеңіл, ыңғайлы.
БҰҰ-ООН.
Орысша неге ыңғайлы? Өйткені қос дауысты қатар келсе де үндестік мәселесіне қатты қарайды. Олар сәл ыңғайсыз болса өздеріне икемдеп алады.
БҰҰ деп буылмай ақ, БҰЙЫМ дей салуға болмай ма? Бұйым басқа мағына да береді ғой десе БІРҰЙЫМ де! ООНға ғана қарасты айтылатын сөз боп қалыптасып кетеді.
АП-Администрация Президента.
ПӘ-Президент Әкімшілігі.
ПӘ деп баланы қорқытқандай болмай ПӘК дейік. Онда тұрған не бар. Олар да мәз боп жүреді ПӘКтің пәк жігіттеріміз ғой деп)). Қысқасы мұндай мысалдың да мыңын келтіруге болады.
Бұл 4.
Татақтар қайдан шықты?
Аспантататақ, жертатақтарды айтам. Жан-ашымастық, дүбәрәлық, сауатсыздықтан шықты. Кім көрінген келіп, ең қиын һәм күрделі ғылым ТІЛГЕ ауыз салды. Қазақша қырық, орысша он сөз білетіндер аударуға кірісті. Маған салса орыстың САМОВАРЫН САМАУЫР жасап алған секілді поворотникті ПӘУӘРӨТНИК жасап алу керек. Қоңырауға "шалма" тастамай-ақ, телефонды "ұрып" соқпай-ақ ЗВОНДАны қалдыру керек. Бұл туралы толық оқығыңыз келсе, Жәнібек Сауданбекұлының мақаласын қараңыз.
«Әрине, баяғыда «қазақ тілінің көсегесін көгертпеді» деп кеңестер одағын кінәладық. Енді, міне, коммунистік идеологияның темір қамытынан құтылып тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл болуға таянғанда да, қазақшаны керек етпейтін тұтас бір буын қалыптасып үлгеріпті. Мұны ұлттық трагедия деп байбалам салмай-ақ қояйын, бірақ бұл мемлекеттің тұтастығына төнуі мүмкін үлкен қауіп екенін өзіңіз де жақсы білесіз деп ойлаймын.
Қазір мемлекет құраушы қазақ ұлтының (яғни ана тілін білетін қазақтардың) мемлекеттік тілдің көгеріп-көктеуінен үміті үзіліп барады. Олар бәрінен шаршаған. Байбаламшылар шаршатқан. Елімізде қазақ тілінің проблемасы бар екені рас. Ол проблема қалайда даурықпай, дабырламай, эмоцияға салынбай сабырмен, салқынқандылықпен, байыптылықпен шешуіміз керек.
Ол үшін:
* Терминология мәселесі.
Қытай тілі ағылшын тіліндей бола алмайды. Себебі барлығын қытайшалап алған. Дүниежүзіне ортақ ғылыми терминологияның барлығының қытайша баламасы бар. Қытай тілінің бүгінгі бел алып бара жатқаны экономикасының күрт өрлеуіне байланысты болып тұр. Ал экономикалық көрсеткіштер ол құбылмалы дүние екені анық.
Терминология мәселесінде біз осы қытайдың жолына түсіп алдық. Біз бәрін қазақшалаудамыз. Сондағы жанталасып, дәлелдегіміз кеп жүрген нәрсеміз қазақ тілінің сөздік қорының молдығы. Ешкім кедей деген жоқ, бай екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Сонымен болды.
Якут тілінде қардың отыздан астам баламасы ғана бар екен деп естиміз, сол отыз балама орыстың жалғыз «снегінен» мықты болды ма? Жоқ. Демек, тілдің мықтылығы сөздік қорының көптігімен емес, қолдану аясының көптігімен есептеледі.
Біз дүниежүзіне ортақ ғылыми терминдерді де қазақшалап болдық.
Интернетті ойлап тапқан біз емес, роботты ойлап тапқан біз емес, ендеше, оларды қазақшалауға біздің моральдік құқымыз да жоқ. Интернетті – ғаламтор, роботты – құлтемір, клавиатураны – пернетақта дегеннен не ұттық? Қазақ тілінің көсегесін көгертеміз деп, керісінше, көрін қазып жатырмыз. Бұларды тастай қып, біз енді қазақ даласында өмірі болмаған зебра, жираф, пума секілді жануарларға ауыз салыппыз. Оларды да қазақшалап тастадық. Нәтижесінде өз тілімізден өзге түгіл өзіміз безерге айналдық».
Бұны 5 деңіз.
Қаншама атқарылар шаруа бар. Мемлекеттің бір жағына айғайлап-аттандамай-ақ шығысып жүрміз. Бірақ...
«Міне осы жұмысты ретке келтір, міне аудармашыларың, міне жұмысың» десе, мен өзім-ақ бәрін қоя тұрып осымен түбегейлі айналысып, біржақты қылып беретін едім. Бірақ өйтетін үкімет қайдаааа!?
«Ел болам десең бесігіңді түзе» дегенді дұрыс түсінсек талай дүниені ретке келтіріп алар едік. Біз соны буквально түсініп орнынан қайта-қайта қозғап сықырлатып алдық ау шамасы.
Бесік деген үлкееен ұғым ғой. Оған бәрі сыйяды. Оған күллі адамзат сыйғанда, тіліміз сыймай қалып па?
Бесіктегі бала тәрбиесі, бала тілі, бала рухы түзелу керек. Ал тәрбие түзелу үшін тәрбиені жеткізетін, оны ұғындыратын құрал ТІЛ түзелуі керек.
Құрметпен жасына жетпей қартайған Нартай Сауданбекұлы!
P.S. Осы оригинал сөзін сол күйі қалдырайықшы. Сосын ағымдағы жыл деген кез келгенді түзеп отырайықшы. Биыл деген қазақы төл сөзімізге.
Мен жалпы үкімет өзі тұсап отыр дегенге скептик едім. Бірақ осыншама уақыт өткен соң (30 жыл), Керекудегі Руза апаның тірлігін көрген соң, депутат пен министірлердің қазақшасын көрген соң ойымнан айнып барам. Тілге қарсы, ұлтқа қарсы бір зобалаң күш тұрған секілді жоғары жақта. Әйтпесе...
Нартай Сауданбекұлының әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz