Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5460 0 пікір 14 Наурыз, 2012 сағат 09:58

Қаржы пирамидасы

Ол қалай жасалады?

Соңғы 20 жыл бойы «МММ», «Телемаркет», «Тибет», РДС, «Хопер-инвест», «Смагулов және К0» және т.б. компаниялардың қаржылық іс-әрекеттері жөнінде ақпарат құралдарында аз айтылып жүрген жоқ. Осы және басқа да қаржылық құрылым­дардың әрекет аясына миллиондаған адамдар ілігіп, олардың барлығы дерлік маңдай терімен тапқан ақшаларынан айырылғанымен әлемнің әр түкпірінде пайда болатын үлкенді-кішілі халықты шығынға батыратын қаржылық құрылымдардың, дәлірек айтқанда, қаржылық пирамидалардың әрекеті азаймай отыр. 2011 жылы еліміздің әр жерінде ірілі-ұсақты оншақты қаржылық пирамидалар белсенді жұмыс жасады және күйреп те үлгерді.

Осы мақаланың авторлары Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Базарбек Мұқышевтің жетекшілігімен аталған мәселе бойынша бірнеше жылдар бойы зерттеулер жүргізіп, қазіргі уақытта «Қаржылық пирамидалар: эконо­микалық және математикалық талдау» атты ғылыми жобаны аяқтап шықты. Аталған жұмыс биыл оқушылардың республикалық ғылыми жобаларды қорғау конкурсына қатысады.

Ол қалай жасалады?

Соңғы 20 жыл бойы «МММ», «Телемаркет», «Тибет», РДС, «Хопер-инвест», «Смагулов және К0» және т.б. компаниялардың қаржылық іс-әрекеттері жөнінде ақпарат құралдарында аз айтылып жүрген жоқ. Осы және басқа да қаржылық құрылым­дардың әрекет аясына миллиондаған адамдар ілігіп, олардың барлығы дерлік маңдай терімен тапқан ақшаларынан айырылғанымен әлемнің әр түкпірінде пайда болатын үлкенді-кішілі халықты шығынға батыратын қаржылық құрылымдардың, дәлірек айтқанда, қаржылық пирамидалардың әрекеті азаймай отыр. 2011 жылы еліміздің әр жерінде ірілі-ұсақты оншақты қаржылық пирамидалар белсенді жұмыс жасады және күйреп те үлгерді.

Осы мақаланың авторлары Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Базарбек Мұқышевтің жетекшілігімен аталған мәселе бойынша бірнеше жылдар бойы зерттеулер жүргізіп, қазіргі уақытта «Қаржылық пирамидалар: эконо­микалық және математикалық талдау» атты ғылыми жобаны аяқтап шықты. Аталған жұмыс биыл оқушылардың республикалық ғылыми жобаларды қорғау конкурсына қатысады.

Қаржылық пирамида нарықтық қоғамда кең тараған құбылыс. Осы тақырып әңгіме болғанда Мавродидің МММ-і , америка олигархы Бернард Мэдоффтің қаржылық алаяқтығына байланысты сот процесі және т.б. оқиғалар еске түседі. Кешегі Көкшетау қаласындағы қаржылық пирамиданың ма­ңайындағы дүрбелең де әлі ұмытыла қойған жоқ. Дегенмен, осыларға ұқсас қаржылық құрылымдардың тұзағына ілінген адамдардың саны азаймай отыр. Қаржылық пирамидалардың құрылы­мы және іс-әрекеті әлі күнге дейін көпшілік үшін жұмбақ күйінде қалуда.

Халықтың ежелден айтып жүрген «Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады» деген даналық сөздері, нақ­ты айтқанда, адамдар­дың көп бөлігінің санасына әсер етпегені таңда­нарлық жәйт. Осы жерде мынандай сұрақ туады: неліктен мұндай қаржылық құры­лымдар пайда болады және адамдар неге олардың қармағына ілінеді? Мұның себебі төменгі жағдайларға тікілей байланысты.

Біріншіден, өкінішке орай, халықтың көп бөлігінің экономикалық сауаты сын көтер­мейді. Екіншіден, ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалар туралы айтылға­нымен, олардың іс-әрекетіне талдау жасалмайды. Үшіншіден, осы уақытқа дейін «адам­дардың еңбектеніп тапқан ақшасын алдай отырып иемденетін» қаржылық мекемелердің жұмысына ғылыми тұрғыдан мақсатты түрде экономикалық және матема­тикалық талдау жасалған жоқ. Төртіншіден, елімізде халықтың артық ақшасы орналасатын қор рыногы әлі де толыққанды дамымай отыр.

Ең бастысы, қаржылық пирамидалардың іс-әрекетінен тек адамдар ғана жапа шегіп қоймайды, сонымен қатар, сол елдің эконо­микалық жағдайы да төмендейді. Халықтың мемлекеттегі басқа қаржылық институттарға сенімі азаяды. Адамдар артық ақшаларын банктерге салуға, бағалы қағаздар сатып алуға асықпайды. Сөйтіп, кез келген елдің экономикасында үлкен рөл атқаратын инвес­тиция көлемі күрт азайып кетеді.

Әдетте қаржылық пирамидалар әлдебір үлкен пайда келтіретін жобаны қаржылан­дыру мақсатында адамдардың (инвестор­лар­дың) қолындағы артық ақшаларды жинақ­тайтын коммерциялық мекеме ретінде тір­келеді. Коммерциялық мекемелерге қаржы­сын құйған адамдар мен мекеме арасында салымшылардың алатын пайдасы жөнінде келісім жасалады. Егер жобаның пайдалы­лығы салымшыларға уәде еткен пайдадан аз болса немесе пайда жоқ болса, жаңа салымшылардың енгізген қаржысының бір бөлігі бастапқы салымшыларға уәде еткен пайданы қайтаруға жұмасалады. Мұндай жағдайда, белгілі бір уақыт өткен соң жоба банкрот болып жарияланады және кеш келген салымшылар қаржылық жағынан зиянға ұшырайды. Тәжірибеден пирамида күйре­геннен кейін барлық жинақталған ақшаның тек 10-15%-ы ғана жобаға қатысушыларға қайтатынын көруге болады. Өйткені, жинал­ған ақша тек жарнама мен ұйымдасты­рушыларға жалақы төлеуге және қаржысын басында құйған адамдардың ақшасы мен пайдасын қайтарып беруге ғана жұмсалады.

Дегенмен, қаржы пирамидаларының қоғам­дағы қаржылық қатынастарда ықпал­ды екенін және олардың алаяқтық іс-әрекеті тоқтамай отырғанын байқай отырып, осы феноменнің бірнеше әлеуметтік-психоло­гиялық себептерін аштық. Біріншіден, кез  келген коммерциялық қаржылық мекеменің (банктің, микрокредиттік ұйымдардың, акция сатушылардың және т.б.) пирамидаға айналып кетпеуі оны ұйымдастырушы­лардың ар-ожданының тазалығына тікелей байланысты. Екіншіден, пирамида қарма­ғына жеке адамдардың түсіп қалу ықтимал­дығы оның бойындағы экономикалық сауат­тылыққа тікелей байланысты. Экономи­калық сауаты аз адамдарда белгілі дәрежеде құмарлық психология болады. Олардың көпшілігінің «бұл қаржылық үдерісте менің ғана жолым болып қалар» деп ойлайтыны құпия емес. Үшіншіден, қаржылық пирамиданы ұйымдастырушылар әдетте «басты айналдыратын тәтті» сөз шеберлерінен, жасанды «оң» қасиеттері мол субъектілерден тұрады. Олар әдетте «аса мәдениетті», «ізгі­лік принциптерді ұстанушы», «халыққа қалтқысыз және жанкештілікпен қызмет етуші» және «тығырыққа тірелген адамдарды құтқарушы» ретінде көріне алады және осы «қасиеттері» көмегімен адамдарды біржола өздеріне табындырып алады. Кей­біреуінде гипноздық қасиеттер де болады. Төртіншіден, пирамида иелері әрбір адамның психологиялық ерекшеліктерін дөп баса отырып, оның ішкі дүниесіндегі жанын қинаған мәселелерін, қаржы төңірегінде қандай қиындықтарға ұшырағанын дәл аңғарады. Олардың «жемтігінің» көпшілігін қаржылық мәселеде жолы болмаған адамдар құрайды.

Адамзат тарихында көптеген қаржылық пирамидалар болған. Сырт көзге олардың құры­лымдары әртүрлі болып көрінгенімен олардың барлығының мақсаты біреу-ақ: неғұрлым адамдардың қолдарындағы ақшаны алаяқтық жолдармен иемдену және нанымды түрде банкротқа ұшырау

Ең бірінші қаржылық пирамиданы 1717 жылы Францияда қаржыгер Джон Ло құрған еді. Кезінде оның іс-әрекетінен Франция халқының бір бөлігі және экономикасы аса үлкен зардап шекті.

Саналы адамзат куә болған әлемнің әр түкпіріндегі түрлі-түсті және үлкенді-кішілі қаржы пирамидаларының ішіндегі гүлденудің шырқау биігіне көтеріліп үлгерген және күйрей отырып миллиондаған адамдардың тағ­дырын күйзелткен азаматы С.Мавроди ұйымдастырған «МММ» АҚ қаржы пирамидасы еді. «МММ»-нің қаржылық іс-әреке­тінен әртүрлі есептеулер бойынша 10-15 миллион салымшы жапа шекті. 50 адам өзіне өзі қол жұмсап өмірлерімен қоштасты.

Адамзат тарихындағы ең ірі қаржылық пирамиданы (ғасыр пирамидасы) 1960 жылы америкалық Бернард Мэдофф ұйымдас­тыр­ды. Оның 40 жылдық қаржылық іс-әрекетінен 3 миллион адам зардап шекті және 50 миллиард доллар қаржы үшті-күйлі жоқ болып кетті.

Қаржылық пирамиданың ең жаңа мысалы ретінде еліміздің Көкшетау қаласында 2011 жылдың сәуір айында пайда болған және 20 мың адамды тақырға отырғызған «КазРосИнвестПроект» ЖШС (Миллионерлер клубы) құрған қаржылық пирамиданы айтуға болады. Бұл пирамида өзі өмір сүрген 3 ай ішінде адамдардан 185 миллион теңге жинап үлгер­ді. Ал маусымның басында салымшылардан түскен арызды тексеруге келген қаржы полициясы қызметкерлері пирамида сейфінен 41 миллион теңге ғана тауып отыр. Қаржылық пирамиданың ережесі бойынша әрбір кассаға өткізген 100 теңгені бір айдан соң салымшы 400 теңге көлемінде ақша етіп алуы керек болатын. Мұнда бір айлық пайда 300 теңге болып отыр. Салымшы екі ай шыдаса фирмадан 1600 теңге алар еді. Ал егер салымшы 12 айдан кейін алса ол 412 х 100 теңге алар еді. Бұл ақша 1 677 721 600 теңге! Бір жылда 100 теңгенің 16 777 216 есе көбеюі, әрине, ақылға сыймайды. Экономистердің пайымдауынша, салымшыға инфляция мөлшерінен артық пайыздағы пайданы уәде еткен қаржылық меке­менің пирамидаға айналып кету ықти­малдығы әрқашан жоғары.

Қазіргі уақытта қаржылық пирамидалар ішкі мазмұнын сақтай отырып, сыртқы түр­лері өзгеру үстінде. Бұрынғы пирамидаларда адамдардан ақшаларын жалған жоба мен түсініксіз қорларға құю ұсынылса, бүгінгі күні халықты гүл өсіру, жалған зауыттар және кен орындарын дамыту, және т.б. псев­доматериалдық құндылықтарды жасауға ша­қы­рады. Гүл өсіру қулығын талдай кетейік. Алдымен адамдарға «гүл өсіретін компания» тұсаукесер жасайды. Компанияны ұйымдас­тырушылар ғалымдардың көптеген аурулардан құлан таза жазылып кетуге көмектесетін бірегей гүл тұқымын жасап шыққанын хабарлайды. Сонымен қатар, мұндай гүлдер біріншіден, өте аз, екіншіден, аса қымбат екенін айтады. Тұсаукесерге қатысушыларға осындай гүлді үй жағдайында өсіріп, үлкен пайдаға кенелуге болатынын айта кетеді. Ол үшін әрбір адам фирмадан $500-ға гүл тұқымының бір данасын сатып алуы керек және оны үш ай өсіріп алып келсе, фирма одан $1000-ға сатып алады. Сөйтіп, басында шамалы адамдар гүлді өсіріп алып келеді де, әрбір гүлге $1000 ақша алады. Ғажайып гүл туралы ақпарат лезде қалаға тарап кетеді де, гүлдің тұқымын $500-дан сатып алушылар­дың ұзын кезегі фирма кеңсесінің алдында пайда болады. Әрине, фирма ең басында гүл өсіріп алып келген адамдарға өз ақша­ларынан немесе кейінірек келіп гүл тұқы­мын сатып алғандар есебінен төлегені түсі­нікті. Ал гүл тұқымын жаңадан сатып алу­шы­лардың соңғы легі азая бастаған кезде фирма кассасына жиналған ақшамен қоса ұйымдастырушылар да жоғалып кетеді.

Жалпы, қаржылық пирамидадағы ұтыс мөлшері шығынға ұшыраған салымшылар саны мен олардың ұтылыс мөлшеріне тіке­лей байланысты. Пирамидада бір ғана қатал заң бар: бір топтың қалтасындағы ақшаны алып екінші топтың қалтасына салу. Басқа жақтан пирамидаға ешқандай қаржы түспейді.

Көптеген елдерде, сонымен қатар, Қазақ­стан­да да жоғарыда баяндалған әдіспен құры­латын қаржылық фирмалар мен компа­ниялардың іс-әрекеті алаяқтық ретінде танылып, заңмен қудаланады. Дегенмен, үлкенді-кішілі қаржылық пирамидалардың бірі күйреп жатса, екіншісі пайда болып жатады. Өйткені, түрлі игі істерді мақсат етіп күн сайын құрылып жатқан ондаған қаржылық фирмалар мен компаниялардың алғашқы қадамдарынан алаяқтықтың нышанын табу мемлекеттік қаржылық қадағалау құрылым­дары үшін өте күрделі жұмыс болып табылады. Демек, қаржылық пирамиданы тану, оның жұмысының әдіс-тәсілдерін нақты білу және оны басқа қаржылық құрылымдардан айыра алу мәселесін жеке адамдардың өздері ғана шешуі керек.

Барлық қаржылық пирамидаларды екіге бөлуге болады: көп деңгейлі және Понзи схемасы.

Алдымен көп деңгейлі қаржылық пирамиданы қарастырып көрейік. Бұл схемада әрбір жаңа адам (оны шартты түрде А деп белгілейік) алдымен пирамидаға кіру жарнасын төлейді. Осы жарнаның бір бөлігі оны пирамидаға алып келген адамның шотына (оны шартты түрде В деп белгілейік) түседі, екінші бөлігі В-ны кезінде алып келген С-ның шотына ауады және осы үдеріс дең­гейлер біткенше созыла береді. Жарна төле­ген соң А екі немесе одан да көп адамдарды қаржылық пирамидаға тартуы керек. Олар­дың енгізген жарнасының бір бөлігі енді А-ның шотына түседі.

Қаржылық пирамиданың бір түріне жататын Понзи схемасы қандай? Бұл пирамиданы 1920 жылы америкалық Чарльз Понзи құрған еді. Бұл схема бойынша пирамида ұйымдастырушы өзінің мекемесінің шотына адамдардың ақша салуын және аз уақыт ішінде осы ақшаларды үлкен пайдасымен иелеріне қайтарып беретінін жариялайды. Дәлірек айтқанда, салымшының 100$ ақша­сы бір айдан кейін 50%-ға (150$), екі ай шыдаса соңғы ақша мөлшері тағы 50%-ға (150$ + 0,5 х 150$ =225 $) артады. Бұл схема бойынша жарна төлеген салымшылар жаңа мүше­лерді іздемейді, тек ақша алатын күнді тосады. Понзи схемасына қатысқан әрбір салымшы өзі өткізген ақшадан көп ақша алуды ғана ойлады. Ал ұйымдастырушы салымшы­лардың пирамида шотына өткізген ақша­сының көп бөлігін иемденіп қалуға тырыс­ты. Осылайша бір жылдай өмір сүрген Понзидің қаржылық мекемесінің салымшы­ларының легі азая бастаған кезде оның қол астында жұмыс істеген бұрынғы қызметкер «Бостон пост» газетіне оның қаржылық іс-әрекетінің нақты мақсатын суреттеп берді. Газетті оқыған салымшылар өз ақшаларын тезірек қайтарып алу үшін Понзи мекеме­сінің кассасына лап қойды. Шоттағы ақша салымшылардың шамалы бөлігінің қаржы­сын қайтаруға ғана жетті. Ал Понзи болса темір торға қамалды.

Кейбір қаржы мекемелерінің қаржы пирамидасына айналу эволюциясын зерттей оты­рып олардың екі тобын анықтадық. Бірін­ші топ бірден қаржы пирамидасының принциптері бойынша құрылады. Мысалға «МММ» АҚ, 2011 жылы сәуір айында Көкшетау қаласында пайда болған «КазРос­ИнвестПроект» ЖШС (Миллионерлер клубы) және т.б. қаржылық мекемелер жатады. Екінші топқа жататын қаржы институттары өздерінің жұмысы барысында, ондағы кей­бір басшылықтағы адамдардың субъективтік іс-әрекеті негізінде біртіндеп қаржы пирамидасына айналады. Басында олар мемлекеттік заң аясында жұмыс істейтін компаниялар, қаржылық құрылымдар түрінде болады. Мысал ретінде атышулы Валют-Транзит банкті атауға болады. Үлескерлерді тақырға отыр­ғызған кейбір үй құрылысымен айналысқан компаниялар да екінші топқа мысал бола алады.

Бұл мақала қаржылық пирамиданың даму және күйреу үдерісін математикалық және компьютерлік модельдер көмегімен бейнелей отырып, заңды түрде тіркеліп, жұмысын бастаған қаржылық құрылымдардың қандай жағдайларда «қаржылық пирами­даға» айналатынын және жалған қаржылық іс-әрекетпен шұғылданатын қаржы құрылымдарының елдің экономикасы мен халыққа тигізетін материалдық және моральдық зиянын ашып көрсету мақсатын көздейді.

Айдана ҚАРАТАЕВА, Назгүл МҰРАТҚЫЗЫ,

Шәкәрім атындағы облыстық мамандандырылған

дарынды балаларға арналған мектептің оқушылары.

Семей

«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395