Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4114 0 пікір 16 Наурыз, 2012 сағат 07:22

Әмірхан Балқыбек. Хабаршы (жалғасы)

Көрiнiс

Терезем картасындай

Құйындар әлемiнiң.

Осынау көрiнiсте

Бiр мұң бар,

Әдемi мұң.

 

Тоңғам ба,

Жаурағам ба,

Жылытсын демiм ненi?

Көз салсаң

Аула маңай

Мөлдiреп көрiнедi.

 

Ойына не келдi екен,

Беймезгiл алқынды үнiм.

Ұқтым ба қас-қағымда

Сұлулық салқындығын.

 

Кiм бiлсiн,

Ренжiтiп алды ма

Бала батыр,

Қысқы кеш,

Қарды кешiп

Қыз бала бара жатыр.

 

Осынау көрiнiсте

Бiр мұң бар - әдемi мұң

Терезем картасындай

Құйындар әлемiнiң.

9.12.2001 ж.

 

Саған да соны тiлеймiн

Келместен қойдың күттiрiп,

Суық кеш, желдiң өтiнде.

Өртенiп жатқан кеудем бе?

Өртенiп жатқан бетiм бе?

 

Табаннан ылғал тұр өтiп,

Таусылып төзiм қалмасын.

Көнбеуге бiрақ, амал жоқ,

Табиғат басқа салғасын.

 

Түстi еске

Ауыл,

Пеш түбi,

Анамның алақаны да.

«Тоңдырды-ау, алыс

жол мынау,

Ауыр боп балапаныма».

 

Дейдi ме

Дауысы анамның

Ызғырық боран iшiнен.

... немесе боран уiлiн,

Iшiмнен солай түсiнем...

 

Әйтеуiр,

Жаны тұр ашып,

Көрiнiс

Терезем картасындай

Құйындар әлемiнiң.

Осынау көрiнiсте

Бiр мұң бар,

Әдемi мұң.

 

Тоңғам ба,

Жаурағам ба,

Жылытсын демiм ненi?

Көз салсаң

Аула маңай

Мөлдiреп көрiнедi.

 

Ойына не келдi екен,

Беймезгiл алқынды үнiм.

Ұқтым ба қас-қағымда

Сұлулық салқындығын.

 

Кiм бiлсiн,

Ренжiтiп алды ма

Бала батыр,

Қысқы кеш,

Қарды кешiп

Қыз бала бара жатыр.

 

Осынау көрiнiсте

Бiр мұң бар - әдемi мұң

Терезем картасындай

Құйындар әлемiнiң.

9.12.2001 ж.

 

Саған да соны тiлеймiн

Келместен қойдың күттiрiп,

Суық кеш, желдiң өтiнде.

Өртенiп жатқан кеудем бе?

Өртенiп жатқан бетiм бе?

 

Табаннан ылғал тұр өтiп,

Таусылып төзiм қалмасын.

Көнбеуге бiрақ, амал жоқ,

Табиғат басқа салғасын.

 

Түстi еске

Ауыл,

Пеш түбi,

Анамның алақаны да.

«Тоңдырды-ау, алыс

жол мынау,

Ауыр боп балапаныма».

 

Дейдi ме

Дауысы анамның

Ызғырық боран iшiнен.

... немесе боран уiлiн,

Iшiмнен солай түсiнем...

 

Әйтеуiр,

Жаны тұр ашып,

Осынау кездiң дәл маған.

Кетсем бе қармен жарасып.

Сезiмнен мендiк аумаған.

 

Күтiп-ақ тұрмын,

Сүйем ғой.

Суық жел, боран өтiнде.

Өртенiп жатқан сезiм бе?

Өртенiп жатқан бетiм бе?

 

Келмесең келме, жүр есен,

Ретi жоқ тiптi үрейдiң.

Өзiме ненi тiлесем,

Саған да соны тiлеймiн.

 

Жалындап жатқан пеш түбi

Жылы орын,

Жайлы төсекте,

Өзiңе ғашық бiр адам,

Қайтты деп аман есепте.

 

Бұрқасын болсын

Мына түн,

Айналсын соңы құйынға.

Оранған жанға сезiмге

Борандатып жүру бұйым ба?!

Этюд

Жетпекшi ед жердiң шетiне,

Жiбермеген-ау жол аппақ.

Кiп-кiшкене көлдiң бетiне,

Қалыпты аяз қонақтап.

Тыныштық

Беймәлiм жүк артып жондарға,

Тұр мүлгiп тау, су да, орман да.

Туған жер төсiнде не жетсiн,

Бiр мезгiл ойланып алғанға.

 

Айырылысу

(Павел Васильевтің «Мұхан Башметовтың өлеңдерiнен» топтамасынан)

II

Орыс қызы! Кеткенiң бе шынымен!

Кеткенiң бе бұрылмастан арқаңа.

Сүйiктiңе, оны қайдан бiлiп ем,

Әлде үйiңе, қайдан бiлем оны мен,

Әлде бәлкiм беймәлiм жақ тарта ма...

 

Өткелде анау толқын жуған көбiк кiл

Бәрiн шешiп жол екiге айырылды, -

Кете бардың абыройды төгiп бiр,

Қарғыс атқыр - қайтарғым-ақ келiп тұр, -

Қарғыс атқыр, ер едiм ғой айбынды.

 

Арғымағым ренiштен мынадай

Шыңғырмақ едi жiбермедi ауыздық.

Ол күтедi жарқырар деп шырадай

Жалына өзiң таққан лента-тамыздық.

 

Не iстеу керек? Қалай етсем? Бiлмеймiн

Кең даланы меңiреу мұң тұр басып.

Шоқ-шоқ дей ме, намыссыз деп тiлдей ме

Жерге түскен кезқұйрық құс сұлбасы.

 

Жалғыз көршiм сол ғана ма... сенбеймiн

Өлтiрсем бе? Кiнәлi ме ол бiрақ,-

Одан көрi неге өзiм өлмеймiн,

Екi қолым бұрымыңда қалтырап.

 

Өзiмдi өзiм өлтiргенде күдiктiң

Бiрақ шешiп сауалы мен жауабын.

Тыныштықты табарымды шын ұқтым,

Бiрақ сенi қайдан, қалай табармын.

 

Қайраттымын - қарғыс атсын қуатты!

Ерде тiкпiн - қарғыс атсын ердi де!

Кеттiң алып жаныма сеп шуақты,

Үмiт оты шынымен-ақ сөндi ме?!

 

Сезем бiрақ кетуiңнiң себебiн,

Сол үшiн де өртенемiн ұяттан.

Қамшыдайсың арқаға уын себетiн,

Ру ара араздықты оятқан.

 

Сондықтан да бет түзедiң батысқа,

Басқа желге омырауың төседiң...

Қатысың не бiрақ ондай шатысқа,

Қайта оралсаң, жаным, бәрiн кешемiн.

 

Өр едiм мен, ездiк ермен ойнар ма,

Көп үшiн де ерекпiн деп ойлайтын!

Мың сан құрым жұрт жиналған тойларда

Бұқаларды жығып салып тойлайтын.

 

Қызғаныштан айналғанда жауға дос,

Өрекпитiн жайым барды он есе.

Көншiмейтiн көкпар тартсам делебем,

Ақсақалдар ер екенсiң демесе.

 

Даңғой басым, қане, қашан шаршап ең,

Жiгiт едiм сезiмi ұшқыр, тiлi өткiр.

Сүю жайлы шығарсам да қанша өлең,

Құшағыңда қалай қалам, бiлмеппiн.

Айғырлардың кiсiнеген үнiне

Байталдардың құмығыңқы үн жауабын,

Екi ортада сезiм оты жанарын

Естiп, көрiп жүрсемдағы күнiге,

Сезiнбеппiн тырналардың тырауы

Екендiгiн қоштасар сәт жылауы.

 

Арамызға үшкiл тырна тiзбегi

Тұр қадалып, тағдырымыз бұл ендi...

Мұқан, Мұқан! Заң қатал ғой бiздегi,

Қалай елге көрсетесiң төбеңдi.

 

Иә, иә, ән боп желпiп өттiң сен,

Сұңғақ, әсем һәм аяулы қалпыңда.

Қызарушы ең ұялып не көп күлсең,

Мазақтаушы ең ойға батып жөткiрсем,

Одан бiр сәт кемiген жоқ даңқыңда.

 

Құюы алтын жүзiгiңнiң көзiнде

Жатушы едi-ау күллi ғалам өртенiп.

Сол жүзiкте бiр сыр барын сезiнсе

Жаным қоя беретұғын дерт емiп.

 

Бәрi есiмде! Еске алуға жоқ күшiм!

Күн өтуде естелiкпен ғана тек!

Жаным рас ендi маған жоқпысың,

Көзiңе ұқсас едi-ау, шiркiн, ана-ау көк.

 

Көңiлде мұз... Туған ауыл шетiне,

Келiп тұрмын. Қан жылайды жүрегiм.

Қалай қарайым туған-туыс бетiне,

Қайран ауыл, саған қалай кiремiн?

 

Мiне, бiр қыз бара жатыр су алып

- Амансыз ба? - дейдi.

Шындық мұнысы

Жылы сөзге жан сезiмiм тұралып,

Кеттi атқақтап жүрегiмнiң ұрысы.

 

...Тағдыр тезi тағы қанша созылар,

Қаракөз-ай, халiмдi шын сездiң бе?

Жан-жүректi жылататын кезi бар,

Кейде осылай тiлегi iзгi сөздiң де...

Сапар

Ана жерде мола болған деседi,

Мына жерде қала болған деседi.

Мына бел мен ана белдiң арасы,

Жер бетiмен сағым-аңыз көшедi.

Жүрегiңдi жалғайтұғын мәңгiге,

Жол бойына таусылмайды әңгiме.

 

Түйсiнуге туған жердiң кеңдiгiн,

Сезiнуге бабалардың ерлiгiн,

Сыр қылуға қошқыл исiн жусанның,

Жыр қылуға мұзарт шыңның өрлiгiн

 

Шарлау керек тауын, қырын, бөктерiн,

Көру керек жазын, қысын, көктемiн

Туған жердiң!

 

Кешегi күннiң оқиғасы

Өткен күндер оралмайды қайтадан,

Бар болғаны сағынғаннан айтам ән...

 

Күнi бойы көз сүзсем де бақылап,

Көгермедi кеше үсiген жапырақ.

 

Көгермедi, кешегi күн бесiнде

Оның соңғы дем алғаны есiмде.

 

Қай қауымнан, дiнi қандай, сұрама,

Жаназасын жел шығарды ғұлама.

 

Соқыр ажал ылғи-дағы өстедi,

Кеуiп қалған кәрi бұтақ «Хош-ш-ш» дедi.

 

Тамыз-ғұмыр түстi сөйтiп табанға,

Ендi жәннат мекен болар оған да?

 

Жазғы қардай қиын боп тұр сауалым,

Сауалымның қайдан табам жауабын.

 

Дiлi көктем, туа дегдар болмысы,

Сыпайыма серiк болар хор қызы?

 

Өз ойыма өзiм сенгiм келедi,

Өйткенi оның мiнсiзтiн-дi өлеңi.

 

Шабыты да, керек болса ерегес,

Мұхамедтiң шабытынан кем емес.

 

Бауырымның ауа өндiрiп, нұр емген

Перiште жан екендiгiн бiлем мен.

 

Көк өскiн боп у жұтқаны болмаса,

Қызық көрiп жарытқан жоқ ол аса.

 

Санаң жетсе, түйсiнiп ал атырап,

Перiштенiң бiр бейнесi - жапырақ!

 

Жаны адалдың сөзiн айтып ел-жерге,

Ендi арбасын сүйреп кеттi ол да өрге...

 

Өткен өттi, оралмайды ол қайтадан,

Бар болғаны сағынғаннан айтам ән.

 

Шәмбi туралы баллада

iнiм Нұрсұлтанға

 

Бұрында да тұрмаған-ды жұтынып,

Тiршiлiгi қазiр тiптен жұпыны

Қарсы алды ауыл ақын ұлын будақтап,

Мың үйiнiң мұржасының түтiнi.

 

Хал-жағдайын бiлу үшiн бауырдың,

Жиналатын әдетi ғой ауылдың.

Әр қиырдан сыр тартып-ақ отыр ем,

Шығатұғын көңiлiнен қауымның.

 

Мiнезiн кiл қыңырлықтан құраған,

Кенет iнiм жасы төртке құлаған,

Бұл көкемнiң көргенi көп дедi ме,

Қызып кетiп қызық сауал сұраған:

 

- Әжемiздiң ашатыны пал кiлең,

Үш құмалақ түседi ылғи алдымен.

Кеше бiрақ сiздi шайдан көргенбiз,

Шыққаныңыз рас па, аға, шәмбiден?..

 

Ар жағында қалып қойған көп белдiң,

Еске түстi балалық шақ, өткен күн.

Осынау бiр лебiзiнен iнiмнiң,

Исi аңқыды-ау қарлы қыста көктемнiң.

 

Еске түстi сағынғаным ауылды,

Сағынғаным мына мiнсiз қауымды.

Қайғы-мұңға көнтерiлеу жүрегiм,

Осы жолы қуаныштан ауырды.

 

Отарба да әрең тартар ойымды,

Сол ойды һәм көтере алар бойымды

Үйге келiп тiктедiм мен,

бiлгесiн

Бiздiң ойды бiлген бала ойынды.

 

Алғашқыда ырым ғой деп күлiп ем,

Кейiн бiлдiм тамырласын дiлiммен.

Туған ел-ай, ақиқатты тұспалдап,

Айтқызатын сәбиiнiң тiлiмен!

***

Шаруаның баласы болсам да,

Шаруаға қырсыздау өсiп ем...

Киелi жерлерге қонсам да,

Неге осы ылғи да кешiгем?

 

Бiр iсiм бiр iспен жымдаспай,

Бәрiнен кешiгiп жатқаным.

Тiрлiгiм төсекпен мұңдастай,

Көрмеймiн таң күлiп атқанын.

 

Көрсем деп, шыным сол,

асығам,

Бәрiбiр кешiгем нелiктен?

Бәрiн де бастардай басынан,

Өмiрге әлде ерте келiп пе ем?

 

Әлде кеш келдiм бе, бәрiнен,

Сондықтан құр қалып

жүрмiн бе?

Айырылған нәрiнен, әрiнен,

Солғаны тиедi гүлдiң де.

 

Кешiгем ойларға, тойларға,

Алғашқы қарларға кешiгем.

Кешiгем қазына қойнауға,

Жаны iзгi жандарға кешiгем.

 

Кешiгем бақтарға шуақты,

Қадiрлi кешiгем досыма.

Кешiгем ашуға бұлақты,

Жоқ, әлде, шын өмiр осы ма?

 

Киелi жерлерге қонсам да,

Келелi iстерге кешiгем...

Шаруаның баласы болсам да,

Шаруаға қырсыздау өсiп ем...

***

Жастық шақ соғардай қайтып бiр

Өзiмдi келсе де алдағым,

Гүлдеген өрiк тал айтып тұр,

Шашыма ақ кiрiп қалғанын.

 

Айтып тұр көркiмен сездiрiп,

Менен де бiраз қыс өткенiн.

Тағынған ақ гүлiн көз қылып,

Бұрымы көгiлдiр көктемiм.

 

Не көрiп, өмiрден не бiлдiм,

Ол жайлы айтпауға қақым бар.

Сәттерiн жырлаған көңiлдiң,

Менсiз де аз ба екен ақындар.

 

Мен мұны ұғынып отырмын,

Өткендi қайталап не пайда?

Одан да жаңа өлең оқырмын

Әулие бағбан атайға.

 

Атай-ай, өрiк тал әдемi

Әсерлер сыйлады жаныма.

Анау бiр қызылкөз пәленi

Бекер-ақ қосыппын қаныма.

 

Мен ендi көктемдi өрiк тал

Түсiндей қайтадан ағарам.

Бойымнан нәрiмдi өрiп бар,

Қайтадан ағарам, жаңарам.

 

Жастық шақ соғардай қайтып бiр

Өзiмдi келмейдi алдағым.

Өйткенi өрiк тал айтып тұр,

Шашыма ақ кiрiп қалғанын.

Анаға хат

Жырменен жауламақ ғаламды,

Ақынның жайын шын кiм ұғар?

Ойыннан шаршаған балаңды,

Ендi ой да шаршатар түрi бар.

 

Анау жыл кетiп ем албұртып,

Ол жайлы қызыма айттың ба?

Мен емес, немерең сағынтып,

Кеш болды, базардан қайттың ба?

 

Тағы да суық үй баяғы,

Тағы да от жағар өзiңсiң.

Соны ойлап жүрегi жаралы,

Балашың қалайша көз iлсiн.

 

Тiрлiкте тауқымет бiтер ме,

Ол жайлы мен де ендi ойланам.

Шырқасам өзiңе жетер ме,

Кеудемдi кернеген қайран ән.

 

Сезем ғой, сондықтан сұранам,

Анашым, өтiнем күрсiнбе.

Қызымды жұбатып жылаған,

Өзiң де жұбанып жүрсiң бе?!

 

Жол қайда тартуға төтелеп,

Қыс өтсiн, көктемде жетермiз.

Алыстан сағыныш жетелеп,

Бiздер де, келiнiң екеумiз.

 

Ұлың ем арманын арқалап,

Қарамай жол тартқан талайға.

Қай жаққа тартып тұр оң қабақ,

Анашым, аман бол, жарай ма...

***

Таң бозарып атады, күн қызарып батады,

Бояуларда осынау ешкiмнiң жоқ шатағы.

Туған жердiң киесiн қанатына қондырып,

Күз қайтқан құс көктемде қайта келiп жатады.

 

Ғажап екен сезгенге табиғаттың мақамы.

Ал бiзде ше? Баяғы сол түрткi, әлi сол ойын:

Маза бермей жатады

әлдекiмнiң атағы,

әлдекiмнiң сақалы,

Маған батса, ей, Дүние, тек сол жерiң батады.

 

Автопортретке штрих

Бұл халық па, бала халық бұл әлi,

Ақындықты жындылық деп ұғады,

Еркелiгi ессiздiк боп шығады,

Батырлығы көзсiздiк боп шығады.

 

Айт дегенге айтар ем-ау, айтар ем,

Осы халық өзiм десем, қайтер ең?

 

Бұл халық па, дана халық бұл әрi,

Ұлылығы Абай болып тұр, әнi.

Ақындықты адалдық деп ұғады,

Батырлықтан жаралдық деп ұғады.

 

Тамағымды кенеп қойып егер мен,

Сол халықты менмiн десем, сенер ме ең?

1999 ж.

 

Шiлде

Толқытып жастардың күлкiсi,

ҚазМҰУ-ым, қастерлi қалашық.

Көгiңде қалықтап жыр құсы,

Тұрсың ба жазыңмен жарасып.

 

Оңтүстiк оғыздар елiнен,

Сонау жыл жол түсiп бағыңа.

Мен саған шiлдеде келiп ем,

Шiлдеде кеткенмiн тағы да.

 

Бәрi де жеңiл ме өткеннiң?!

Шулатып Жетiсу аймағын.

Мен сонда-ақ сезiнiп кеткенмiн,

Жерде де қол жетпес ай барын.

 

Тағы да оянып жатыр ма,

Сол сезiм кеудемде шым-шымдап.

Онда аңғал, ендi естi батырға,

Бiр ару күледi сыңқылдап.

 

Күл, қалқам, күлкiңмен жебегiн,

Жаралы ақынның жүрегiн.

Тiлiн де таба алар жебенiң,

Мен саған Жiбек деп сенемiн.

 

Несi бар тiл мен жақ жаңылса,

Үлгi алып өрiмдей өреден.

Елiмнен Төлеген табылса,

Мен мұнда Шеге боп келер де ем.

 

Ал қазiр жалғызбын, тағы да,

Жанымда жабырқау мұңым бар.

Сендер сәл сабырды сақтаңдар,

Сендер сәл дамылдай тұрыңдар.

 

Тағдыры ұштасқан аңызбен,

Түгендеп не жайсаң жүздерiн,

Өтейiн орталық дәлiзбен,

Еске алып өткен күн iздерiн.

 

... Япыр-ау, мына есiк таныс қой,

Таныс қой, көзiме тым ыстық.

Таныс қой және де алыс қой,

Не деген ұзақ бұл тыныштық?

 

Ашсам ба, жол әлде ашпасам,

Ашпасам арманда қалам ба.

Не айтам онда анау балаға,

Не айтам қалаға, далаға?

 

Өрiң не, қарсы сап ағынға,

Жанымды шөлге де сүйреген.

Сонау бiр бозбала шағымда,

Осында бiр қызды сүйген ем.

 

Сүйген ем... әлi де сүйемiн,

Не опа сүйгендi жасырып.

Сол кезден жаныма түйгенiм,

Сүюдiң соңы өрт, басы үмiт...

 

Япыр-ай, бұл қандай сиқыры,

Ашылған есiктiң өзi ме?

Бiр тәттi түс көрген ұйқылы,

Сенбесем, сенсем бе көзiме.

 

Тағы да сол ару жымиып,

Қозғалсам, кеудеме құлардай.

Қарсымда нұр болып құйылып,

Көркiмен көзiмдi тұр арбай.

 

Шынымен тартылып барам ба,

Тылсымдай демiне тым ыстық.

Не деген баянды бақыт бұл,

Не деген ғажап бұл тыныштық!

 

Көз салып осынау кейпiме,

Әлi де мың тұрып, мын құлар.

«Апайдың танысы-ау» дейдi де,

Күледi студент құрбылар...

 

Аманда пәк сезiм жұлдызы,

Таусылмас махаббат дастаны.

Елiмнiң бiлiмпаз ұл-қызы,

ҚазМҰУ-дың қиялшыл жастары.

 

Сол жанды көре алар күнiге

Сендердей бақытты ұрпаққа,

Мың бояу түр қосып үнiме,

Арман не, оқысам жыр жатқа.

2000 ж.

Ауылда

Көшелер дейдi ме кеш жарық,

Кеудемде тербелiп өлеңiм.

Өткен күн сәттерiн еске алып,

Ауылды аралап келемiн.

 

Ақын боп, шатаққа жақын боп,

Кеткенде дейсiң деп оңар кiм.

Момын ұл болуға мақұл боп,

Мен бүгiн қайтадан оралдым.

 

Армысыз аталар, әжелер,

Аулалар ақын ұл кiрмеген.

Және де түп-түзу көшелер,

Мен ғана түп-түзу жүрмеген.

 

Тұр ма ауыл, ойыңа елестеп,

Салған ұл сайранды бағыңда.

Басбұзар бұзақың емес пе ем,

Балауса балалық шағымда.

 

Алғаусыз арманды қуам деп,

Ауырлап кеттi ме ойларым.

Бiр басқа болар деп күнәм көп,

Мен қазiр бәрiн де қойғанмын.

 

Елге аян естi ұл екенiм,

Һәм ояу кеудемде намысым.

Мен саған оралдым, мекенiм,

Тәу етер Меккем деп жан үшiн.

Қош айтып кеткенмен мұңайтып,

Балдәурен сәттерi бал қылық.

Жанымды жатқандай тыңайтып,

Санамда қайтадан жаңғырып.

 

Сынаққа ап шырт етпе төзiмдi,

Сөзi өтiп тұрғандай дәуiрлеп,

Еске сап беймаза кезiмдi,

Бiр күшiк үредi шәуiлдеп.

 

Күшiк-ай, шын танып үрдiң бе?

Сол төбет, шамасы, көкең-ау.

Сезiмнiң бағасын бiлгенге

Бұл да бiр естелiк екен-ау.

 

Онда мен ессiз ем, аңғал ем,

Арман ем аяқтан тұрмаған.

Сол кездер үйретiп жатыпты-ау,

Ақындық мiнездi бұл маған.

 

Қабаған иттерден қашпайтын,

Өзiм боп бұл маңның батыры.

Әдемi ойларға бастайтын,

Ана үйдiң қызғылттау шатыры.

 

Сол үйде әдемi қыз барды-ау,

Қыз барды-ау өзi де қызғалдақ.

Сол үйге қиялым жүз барды-ау,

Күнiге қақпасын жүз барлап.

 

Бар әлi бас сипар атам да,

Ол кезде не ұғып, не бiлем.

Шәлкестеу шартпа-шұрт шақарға,

Сол бiр қыз жұмбақ боп көрiнген.

 

Сол бiр қыз... не деген момын ең...

Қаншама қарасам тоймайтын.

Көздi алар көкала добымен,

Аулада алаңсыз ойнайтын.

 

Бiлдi ме... мен бе әлде қорланған,

Бiр тәттi ой кетердей жырақтап.

Осынау беймәлiм қорғаннан,

Шықпаушы едi ол бiр аттап.

 

Арандар апта не айына,

Иттiкпен келдi ме қоштасқым,

Тентектiк қалды да жайына,

Сол үйдiң итiмен достастым.

 

Ертпестен бiрге ойнар достарды,

Қырандай қиырды шолатын,

Бұл менiң ең алғаш жоспарлы,

Жасаған тiрлiгiм болатын.

 

Қолда нан... беремiн күнiге,

Төбет те қалғандай көндiгiп.

Доспыз ғой, халi жоқ үруге...

... Әлде мен алдым ба сендiрiп.

 

Бiр күнi... жоқ әлде бiр заман,

Құрбы қыз көрiнбей көп кеттi.

Онда мен көшеде зырлағам,

Онда мен бiлемiн мектептi.

 

Күттiм бе, жоқ әлде күтпедiм,

Бiлмеймiн, ол жағы жоқ есте.

Қоңырау күмбiрiн күту де,

Балаға алданыш емес пе.

 

Кезiм ғой iсiм жоқ бұрыммен,

Бәрi де жадымда өрулi.

Кiнәм не, сол қыздан бұрын мен,

Ұмытсам итке нан берудi.

 

Үресiң шәуiлдеп, жазған-ау,

Мiнi не бейтаныс кiсiнiң?

Бiр өкпе сол кезден қалған-ау,

Мен сенi түсiнем, күшiгiм.

 

Шатақшыл ақыннан қашпайтын,

Өзiңсiң бұл маңның батыры.

... Әдемi ойларға бастайды,

Ана үйдiң қызғылттау шатыры...

2000 ж.

 

Сырлы Өзенмен қоштасу

Көгiн де, даласын да,

Көзiме көшiрер ме ем.

Осы өзен жағасында,

Ата-анам өсiп-өнген.

 

Жыр жазар қауырсын ем,

Қалайша ауырласын.

Маған осы осы маңға,

Жөн едi-ау бауыр басу.

 

Мүсiнi бала қайың,

Бұрымы бұрау бұрым.

Сүйсем-ау қарапайым,

Ауылдың бiр аруын.

 

Қол созбай ерден гүлге,

Табар ма бақ қазақты?!

Сол ару талай түнге,

Тарттырса-ау тәттi азапты.

 

Қымыз бен қырмызының,

Иiсi араласқан.

Жатсам-ау қыр қызының,

Бал төсiн таба алмастан.

 

Бар ма амал, бiрақ олай,

Болмайды, сезедi iшiм.

Жолшымын соққан жолай,

Мынау бiр кезең үшiн.

Солқылын шер кеуденiң,

Басуға жетер ме әлiм.

Сағым боп келген едiм,

Сағым боп кетем тағы.

 

Шығамын ертең жолға,

Сырлы өзен түсiнесiң.

Қаздарың салып хорға,

Жылқылар кiсiнесiн...

2000 ж.

 

Естелiк

Жүректе жазылмас жарасың,

Қайтейiн, қайран жоқ,

көнем де.

Деп едiң - ұлы ақын боларсың,

... Құл болып кеттiм мен өлеңге.

 

Сен маған жерiмдi сүюдi,

Үйреттiң өзiңдi сүйдiрiп.

Үйреттiң ел үшiн күюдi,

Некемдi өлеңмен қидырып.

 

Тауға да, тасқа да сыр аштым,

Қырлардың гүл демiн

жырладым.

Көлдермен хал-жағдай

сұрастым,

Белдердiң бөлiстiм сырларын.

 

Солар ғой өлеңнiң өзегi,

Өндiрдей өлеңнiң өзi де.

Туған жер өлеңнiң өз елi,

Екенiн алдым мен сезiне.

 

Ақынмын ел бiлген бағасын,

Жаным-ай, көрiпкел ме

едiң шын!?

Жүректе сыздаған жарасың,

Көкейден кетпейтiн шерiмсiң.

 

Азғантай наз да бар бұл менде,

Күлкiлi-ау, әйтсе де күлмегiн.

Менi ақын етудi бiлгенде,

Сүюдi қалайша бiлмедiң?..

*       *          *

Көргенде қыз бейне өлеңдi,

Сөз табу қиын-ау ақынға.

Мен сенi сүйемiн дегендi,

Жанарым айта алмай жатыр ма?

 

Жанарың... анарың... тамағың...

Мүсiнiң тал шыбық бұралған...

Қаншама құмарта қарадым,

Шыға алмас болсам да

құмардан.

 

Ұрлана зер салдым қаншама,

Қылығың тауысып төзiмдi.

Болғаны-ау өзiңдей ханшаға,

Ұрлатып алмасам өзiмдi!

 

Күттiрме, кешiкпе, кел ендi,

Көрiктiм құшуға жаралған.

Қалайша ала алам мен ендi,

Көзiмдi көзiңе қамалған.

 

Көргенде қыз бейне өлеңдi,

Сабыр да қалмайды-ау ақында.

Жаным-ау, сүйемiн дегендi,

Жанарың әлi ұқпай жатыр ма?..

 

Боранды түн әңгiмесi

Сүйкiмдiсiң, сүйдiресiң, сүйесiң,

Бұл жайында айта алады жел кiмге?

Ойымда не, оны өзiң де бiлесiң,

Бiле тұра, дейтiндейсiң келдiң бе?

 

Сыртта боран азынап тұр, азынап,

Табиғаттың бұл қай тағы мазағы?

Кеудемдегi күнәлi ойдың сазын ап,

Әлде әлдекiм ән айтуда азалы.

 

Қабағымда қар еридi жылынып,

Бiр аңсау жас жанарыңды жуады.

... Мен ... мен мұнда келгенiм жоқ

тығылып,

Боран... боран... бәрiне де кiнәлi.

 

Шешiн дейсiң, шешiнбеуге бола ма,

Шай iш дейсiң, iшiледi шай-дағы.

Отырамыз құлақ түрiп далаға,

Әңгiме боп қайдағы мен жайдағы.

 

Дегендейiн жетер, шаршап қалдым ғой,

Қарлы боран ұйлыққанда қорада.

Түседi еске құмар сезiм, албырт ой,

Түседi еске келгендiгiм қонаға.

 

Асықпастан сен де төсек саласың,

Жорта өкпелеп қала кеткен ағаға.

Ара-тұра әзiлдеген боласың...

Бейне менi балайтындай балаға.

 

Өп-өтiрiк күйiнесiң, күйесiң,

Ол жайында айтады екем мен кiмге?

«Ойымда не, оны өзiң де бiлесiң,

Бiле тұра - дейтiндейсiң, сендiң бе?»

 

Сәлден кейiн шам сөнедi, бiлем мен,

Сәлден кейiн басталады тәттi азап.

Осы түнi айырылармын сiлемнен,

Жас келiншек құшағында шаққа қап.

 

Аппақ жастық қап-қара шаш жайылған,

Ащы жастың куә болса дәмiне,

Сезiмдердi тағатынан айырған

Боран... сосын түн кiнәлi бәрiне.

 

Ал әзiрге сезiкшiлсiң, сөгесiң,

Алды-ау боран деп мазасын елдiң де.

... Не болса да құшағында көрерсiң,

Ерiгiңдi қонағыңа бердiң бе?..

***

Сүйемiн сiздi қарындас,

Сүйемiн Сiздi, Сiздi де.

Деймiсiз сосын табылмас,

Сүйетiн жандар бiздi де.

 

Махаббат шығар ағартқан,

Ағарған болса самайым.

Бiздi де сүйдi қанша қыз,

Бiз-дағы сүйдiк талайын.

9.10.2002 ж.

***

Бiлмеймiн, алда не тұр күтiп...

Өлең деп жүрiп шын өлем бе?

Жыр жазам үрейдi үркiтiп,

Жұлдызым барына сенем де.

 

Деп едiң ұлы ақын боларсың,

Қоштасып бара атып мәңгiге.

Қимайтын күндерден, қарашы,

Қалғаны осы тек әңгiме.

2002 ж.

***

Көркiнен көзiмдi алмасым

Жат болып кеттiм деп жасқанба.

Сен жайлы айтары болғасын

Әдемi боп кеттi тастар да.

 

... Әлi күн әнiм боп келесiң...

Оянар сезiмдер көп менде,

Еске алып әз күндер елесiн

Сен жүрген жерлермен өткенде.

 

Сен жайлы естелiк аз айтпас

Есiк те мен талай телмiрген.

Батылым жетiп шын аша алсам,

Бақыттың бағына ендiрген.

 

Көкейде орын жоқ кiрбiңге,

Болсаң да жанымның әлегi.

Сен жүрген жерлердiң бұл күнде

Бәрi де, бәрi де әдемi.

29.10.2003 ж.

***

Жанымның жүзi ұқсас арайға,

Көркiне көп қарап тоймаймын,

Ол менi сүйедi қалайда

Өзiм де сүйдiртпей қоймаймын.

 

Жасы, рас, жас менен бiршама,

Тәнi де талдырмаш тамаша.

Арада сан бөгет тұрса да

Қиялдар боп алдым балаша.

 

Ол маған әзiрге күледi,

Ағалап тұрады өбектеп.

Аманда оның пәк жүрегi

Ойламан үмiтiм сөнед деп.

 

Деп пе едiм бұл кепке қалармын,

Қайтейiн, көңiлдiң күйi ғой.

Сезiмдi оятқан адамның

Сезiнбей кеткенi қиын ғой...

2003 ж.

***

Ол қазiр - көктемнiң өзiндей,

Ол қазiр - жастықтың желегi.

Жер-Ана толғатқан сезiмдей -

Гүл болып құлпырып келедi.

 

Гүлiмнен қошамет көрсем де,

Бақыттың таба алмай баянын,

Симайтын пендеуи өлшемге,

Өзiмдi мұңайып, аядым...

2003 ж.

***

Аманхан Әлiм ағаға

 

Өрт түскен өзегiме

Дауа не, бiлмегем бе?

Жеткен ем өзенiме

Жиде ағаш гүлдегенде.

 

Сырлы өзен арнасында

Жатқан шақ толып ағып.

Көп тұрдым жар басында

Қолымды кеудеме алып.

 

Осы ма табиғаттың

Бояусыз ғазалдары.

Ән салды айдынымның,

Ай мүсiн сазандары.

 

Кешiкпей күн де батар,

Қызылқұм нарттай жанып.

Неге уақыт мұнша қатал,

Мына әуен тоқтай ма анық?

 

Беу, неге бебеулейсiң

Бұрауы босаң көңiл?

Дегенге сенердейсiң,

Баянды осы-ау өмiр.

 

Қарап ем толы арнаға,

Үйiрiлдi көзiме мұң.

... Неге мен өзiмдi өзiм,

Жартыдай сезiнемiн?

*        *          *

«Не бастар не тапты ойланып,

Бiзсiз де жетедi ақымақ.

Жүрiңдер, жiгiттер, тойлалық,

Бiр шиша бақытты сатып ап».

 

Дегiм кеп тұратын бiр кезде,

Қоя ма жастықтың желiгi.

Неге үйiр боп алды мұң көзге,

Қажыр-күш нелiктен кемiдi?

 

Бұл күнде үй таппай адасам,

«Бақыттан» бас доптай айналып.

Төңiрек тас түнек, қарасам,

Тағдырым, барасың қайда алып?

 

Осы ма ед қазақтың ғұмыры,

Жырменен жұбатар жүрегiн.

Көзiмнен от қайда құрыды,

Неге мен өзгеше күлемiн?

 

Неге мен? Неге мен? Неге мен?..

Не деген көп сауал жауапсыз.

Мен бе әлде өзiмдi жерлеген

Жоқ әлде уақыт па сауатсыз?

 

Тағы да не таптым толғанып,

Бұл баспен онсыз да ақымақ?..

Беймәлiм сауалға байланып,

Бәрiбiр ойланам жатып ап.

27.04.2002 ж.

 

*                 *            *

Жастық шақ өттi ме, бiлмеймiн,

Жоқ ендi баяғы қызбалық.

Жерлерде жұрт сөзiн iлмейтiн

Болғаны отырам сызданып.

 

Бейнебiр мен емес секiлдi

Сонау бiр кездегi жас бала.

Сотқармен шекiссе не түрлi,

Бой бермес өзiнен басқаға.

 

Аязды даланы сағынып,

Боранда қар кешiп ойнайтын.

Әрдайым жүретiн қағынып,

Бiрақ та бәрiбiр қоймайтын

 

Сол бала өр едi ғажайып,

Өзi де өзгеден ерек-тi.

... Оты әлде қалды ма азайып,

Жоқ әлде басқа өмiр керек-тi?!

 

Ол бүгiн бәрiн де доғарған,

Мен десем бiреулер сенер ме?

О, қайдан табамын жоғалған

Қажеттi қызуды өлеңге.

 

Анам-ай бекер-ақ айтыпсың,

«Қызбалық жақсылық емес» деп.

Көтерем мен ендi қайтiп сын,

Күн кешсем iс емес, кеңес көп.

 

Өмiрден бiлгенiм, түйгенiм,

Бәрiбiр еркiңмен санаспас:

Қиратқын, күйдiргiн, күйрегiн,

Қызбалық көрде тек жараспас.

28.04.2002 ж.

 

Мәжнүн жырлары

(Қайыс ибн әл-Муллавахиден)

 

Ләйлi киген сәтен көйлек қос анарын сүйедi,

Мойынына оралады, денесiне тиедi.

Мен құшуым керек едi-ау, сол едi ғой мақұлы,

Қызғаныштан өртенемiн, қалай жеткен батылы?!

 

***

Ынтықтығым саған деген - шерлi жүрек, назалы жас,

Дәмге, тұзға қарамайды Мәжнүн болған жазалы бас.

Саған ғашық болып едiм, табынамын саған ғана,

Көктен көмек сұрамаймын, қол созбаймын

Құранға да.

 

***

Туған жер тамаша-ау таныса!

Даламда жаңбырға жуынған,

Көктемгi гүлдермен жарыса

Осында бiр кезде туылғам.

 

Қай заман ол гүлдер солғалы,

Гүл-тағдыр - тым қысқа

емес пе!

... О, сонда даламның жолдары,

Бастайтын жол ма едi

келмеске?!.

 

Жоқ, олай ойламан тiптi де,

Санада жарқ етер сауалдай,

Мынау гүл сезбейтiн түктi де,

Бiр гүлден сондағы тұр аумай...

 

Кел, гүлiм, тiл бiтір дөңеске,

Жырлайық туған жер даласын.

Мен кетсем кетермiн келмеске,

Сен бiрақ осында қаласың.

 

Сондықтан салып ап құндаққа,

Өзiмдi көргендей қайта бiр.

Болашақ бәйшешек ұрпаққа,

Мынау бiр жырымды айта жүр.

 

Қыс болып келетiн қар

басқан,

Ұры деп елемей уақытты.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан,

Туған жер гүлi де бақытты...

 

О, сонда тамаша-ау таныса,

Туған жер жаңбырға жуынған,

Жырымды гүлдермен жарыса,

Осында бiр кезде туылған!..

Экспромт

Қайтейiн, қалқам, кездестiң

(... Қызықтау жанмын өзiм де...)

Жырына Құдаш ақынның,

Ғашық боп қалған кезiмде.

23.01.2003 ж.

Өтiнiш

Қырларың, бауларың,

тауларың,

Шомылып жатқанда арайға.

Мендей де бiр ұлың болғанын,

Туған жер, ұмытпа, жарай ма?!

 

Ұмытпа жанымен сүйгенiн,

Тауыңды, қырыңды, бауыңды.

Көркiңдi көңiлiне түйгенiн,

Кезiңде дауылды, жауынды.

 

Өзiң ең өзегi жырымның,

Туған жер, ұмытып кетпегiн.

Өзiңнен аумаған бiр ұлдың,

Өзiңде өмiрi өткенiн...

*  *  *

Жия алмай есiн жүр өлең,

Кiм сүртер көздiң жаңбырын.

Айықтырғыштарға түнеген,

Тағдырым менiң, тағдырым!

4.01.2005 ж.

 

*  *  *

Осы бiр қыз әдемi ғой кекiлдi,

Әдемi ойлар кештiм көрiп не түрлi.

«Сүйемiн» деп зорға айтамын былдырлап,

Тiлi ендi-ендi шыққан сәби секiлдi.

 

Сәл шет кетсем жеткiм келер қасына,

Сүрме болып жағылғым бар қасына.

Ойлап па едiм әз сұлулық осындай,

Күннiң күнi сор болар деп басыма.

 

Жақындасам тағаттан түк қалмайды,

Ал ол болса жас баладай ойнайды.

Арбалам да қалам нәркес көзiне,

Қайтем, көзiм сұлулыққа тоймайды.

 

Бойы қандай, дәл ақ қайың секiлдi-ау,

Ойы балдай, тiл үйiрер секiлдi-ау.

Шайыр бiткен тамсанып сан жырлаған

Жұмақтағы үрдiң қызы секiлдi-ау.

 

Омырауы ғазиз далам сияқты,

Жет ендi деп ұйқымнан сан оятты.

Осы қызды көрдiм дағы ес кетiп,

Ұмыттым мен ар намыс пен ұятты.

 

Жанарында Күн күлiмдеп, Ай тұнған,

Сол қыз менiң сұлулыққа бай тұлғам.

Көрiктiме кеудемде жан барында,

Шаршамаспын сүйемiн деп айтудан.

15.05.2005 ж.

АкроӨлең

Гүлдей көркем мына қыздың,

Үлбiреген жаны қандай.

Ләйлi оны сiңiлiм деп,

Нестан өзiн танығандай.

Ақ маңдайлы аруым сол

Зарықтырған ғашығым да,

Ғұмырыңның бойтұмары,

Аш құшақты, жасырынба.

*  *  *

Көз алдымда Аспен мен Жер арасы,

Арасында туған жердiң даласы.

Ауасын бiр жұтайыншы толғана

Жүрегiмнiң жеңiлдесiн наласы.

 

Туған жерiм ұмытпап па ақынын

деп сұрасам көбелектен ақырын,

Не дер екен қанаты гүл перiштем,

Не дер екен, жетер емес ақылым.

 

Ненi айтуда шегiрткенiң шырылы,

Ненi айтса да, ненi айтса да ол жыр ұлы!

Туған жерiм ұмытпаса болғаны,

Ұлын мынау түкке де жоқ жұғымы.

 

Қайта келдiм жылдар салып араға,

Жылдарды артып жүйкем менен санама.

Далам исi сенiң исiң екен ғой,

Балаң соны жаңа сездi, жан ана.

 

О, туған жер, көңiлiмнiң кеңдiгi ең,

Мен де өзiңде тамыр жайған өндiр ем.

Өзенiңнiң ағысымен сырласып,

Ағашыңмен дос боламын ендi мен.

 

Желiңменен жұп құраған жыр едiм,

Ол да бiр күн үзiлерiн бiлемiн.

Гүлдерiңе қуат беру үшiн де,

Түбiнде кеп топырағыңа сiңемiн.

 

Сонда ұғар ма келер ұрпақ, мекенiм,

Арасында емен, терек, жөкенiң,

Бұтақтары көкке қарай жайылған,

Бiр дiңiңнiң менiң қолым екенiн.

15.08.2006 ж.

 

Екiұшты тағдыр

Әкеме

Тiршiлiкке бейiмi жоқ ұлыңа,

Қазiр сенде болып жүр-ау аз өкпе.

Кiтап алып қаламақы пұлына

Екi-үш жырым басылғалы газетке.

Бала кездегi өлеңнен

 

Айтышу ең Омар Хаямды,

Оқушы ең жырын жатқа да.

Деушi едiң тек жыр баянды.

Басқаны, балам, мақтама.

 

Сағдимен сырлы мазалап,

Жәмимен жора қылып ең.

Хафиз боп бiрде ғазалдап,

Бедiл боп бiрде күлiп ең.

 

Ауылдың жайлы кешiнде,

Жұмекен дедiң жыр пiрi.

Сол бiр сөз әлi есiмде,

Есiмде әлi жүр тiрi.

 

Ақыннан елге қалары

Екi-үш жыр дедiң болғаны.

Жыр жазғын нөпiр қаралы -

Қалғаны соның жолдары.

 

Екi-үш жыр... жаздым, жазбадым?

Иемiн екi жинаққа.

Ақында басқа аз ба мұң?

Екi-үш жыр... менi қиналтпа!

 

Жоғалмас мәңгi жарқылы,

Сендердi жазбай кетем бе!

Екi-үш жыр... ақын тағдыры -

Екi ұшты тағдыр екен де...

2005 ж.

*  *  *

Анадай сәбиiн аңсаған,

Сәбидей қанбаған құмары -

Махаббат тiлiнде мен саған

Әлдене дегiм кем тұрады.

*  *  *

Ей-хей, менiң тағдырым, тартынба да алқынба,

Жас отыздан асқасын ажал үйiр ақынға.

Менде өмiрге көңiл қап, өмiр маған өгейсiп,

Өкiнумен өтем бе өксiк толып алқымға.

 

Не бiтiрдiм өмiрде, не көре алдым, не бiлдiм,

Мiне, тағы жатқаны күйi келмей көңiлдiң!

Басқа түгiм жоқ едi, тұс-тұсыңа шашылып,

Күлкiм менiң саф алтын, қай жерлерге төгiлдiң!

 

Жас отыздан асқасын ажал үйiр ақынға,

Осы бiр сөз тағдыр ма, тақап келе жатыр ма?

Әлi түк те айтқам жоқ, айта алғам жоқ әлi түк,

Туған жерiм және де анау бiр қыз қақында.

25.06.2005 ж.

*  *  *

Кеудемде бiр ағын жылжыды,

Сен оны түсiншi, өлеңiм!

Ұқпадым жапырақ сыбдыры

Не жайлы айтқысы келгенiн.

 

Мынау бiр ақ қайың анамдай,

Тұр ма әлде жанымды ұғынып.

Мен оны сүйер ем самалдай,

Жырымнан табылса жылылық.

 

Аман бол ақ қайың - анашым,

Менде бiр балаңмын жаны ақын.

Көңiлi тапқанда жарасым,

Жырлары бүршiгiн жаратын.

 

Жұлдыздар нұр шашқан жымыңдап,

Гүл болып құлардай табанға.

Кетем бе қайтадан түн ұрлап,

Қонақ боп келiп ем ғаламға.

 

Беймәлiм толқу бар санамда,

Бейдауа дiрiл бар ерiнде.

Мәңгiлiк жұлдыз боп қалам ба,

Жоқ әлде туған жер көгiнде?

 

Кеудемде бiр ағын жылжыды,

Сен оны түсiншi өлеңiм...

Ұқпадым жапырақ сыбдыры

Не жайлы айтқысы келгенiн.

25.06.2005 ж.

 

Хабаршы

Поэма

Қайсы маңда қай ауыл, кiм бiледi, Түн қара,

Түн қарада түсiп ем қара жолға мұңдана.

Ашуланып кетiп ем, басылмады ол-дағы,

Бұралаңдау себебi бұл маңайдың жолдары.

Жел кеулейдi етектен, елiм деп ем еңiреп,

Қыбырлаған мен ғана, селт етпедi төңiрек.

Селт өтпедi төңiрек, шаққа күлдiм зорланып,

Кететiндер әдетте кетедi ғой қорланып.

Жалғыз досым жел ғана, оның өзi әулекi,

Қызық қусам әкемнiң жетпес пе едi дәулетi.

Түн қарада түзiмде зорға жүрдiм тiстенiп,

Орға жықпай әйтеуiр қорғап жүрдiм, күш берiп.

Астымдағы атымның аты ғана ат деген.

Құстай ұшқаны болмаса қолға қонған бақ дер ем.

Өзегiмдi өрт қаулап, өр жолында бұралаң,

Жануармен жалы бар жортқаныма жұбанам.

Астымда ат, алдымда бұралаң жол, бұралаң,

Бұралаң жол, бетi боз құран далам тұр аман.

Әйтеуiр бiр мақтаныш, әйтеуiр бiр желпiнiс,

Ап келедi көңiлге жатқандығы ел тыныш.

Қанша ауылға бардым мен, қақтым қанша қақпаны,

Әлде суыт жүрiсiм. әлде өр тұлғам жақпады.

Ашылмады есiгi, бесiктегi ұлына,

Бермес пе едiм батамды серттi байлап жырыма.

Қайсы ауылға барсам да, меңiреу түн қап-қара,

Елiң болса меңiреу, тыныштығын мақтама.

Деген сынды иттерi қарсы алады абалап,

Өткiзбейдi төрiне төбеттерi табалап.

Қарсы алады итiмен, шығарып сап тағы да,

Абалану жоқ әлде ер жiгiттiң бағы ма.

Сұрар едiм, жоқ, әттең, ақсақалы бұл елдiң.

Ақсақалың жоқтығы қалмаған-ау киеңнiң

Деймiн iштей, ал сырттай не айта алам, не бiлiп,

Түндей ыза көңiлдi бара жатыр кемiрiп.

Ақыл айтар аға ада не ел берген бағам жоқ,

Түн қарада көп жорттым төккен терiм арам боп.

Жұбатады жалғыз жел, сыр тартады жаһаурап,

Тағы жортам содан соң аһау, аһау, аһаулап.

Астымда ат, алдымда бұралаң жол, бұралаң.

Оттай ыстық далада өрден ойға құлаған.

Өртенгенде құлап ем өрден ойға мен-дағы,

Ойдан өрге қайтадан шығатындай болмады.

Қондырмады бiр ауыл, қарсы алмады бауырлап,

Соның бәрiн бұл көңiл жүре бердi ауырлап.

Жалғыз қару мендегi намыс едi от қарыған,

Деп кесiп ем тар шақта ту астынан табылам.

Қайсы ауылға барсам да ит үредi абалап,

Тiлегiмдi тәрк етiп, жүрегiмдi жаралап.

Қатындары бұл елдiң бала емес ит таба ма,

Дедiм-дағы тағы да сiңiп кеттiм далаға.

Түн қарада түзбенен тарта бердiм туралап,

Тамырлы ағаш қураса, тiп-тiк тұрып қурамақ.

Құласам да орнымнан тiк құлармын түбi бiр,

Қаһарланып қайтемiн қара орманға құрығыр.

Қараша ауыл қырдағы қой-қорасын қорыған,

Жаны тыныш жатқанын жақсылыққа жорыған.

Ұйқың тыныш болсыншы, таң атқанын байқамай,

Көрер күнiң тағы да боп кете ме әрқалай

Деймiн iштей, ал сырттай не айта алам, не бiлiп,

Түндей ыза көңiлдi бара жатыр кемiрiп.

Тағы жорттым содан соң жанарымнан жас парлап

Көңiлiме тауды алып, сенiмiме аспанды ап.

Тағы жорттым, төбемде Ай жарысады атыммен,

Мәз шығар-ау, ол-дағы жарысқанға батырмен

Кiрiп бардым тағы да бiр ауылға төтеден,

Өзiм деген көңiлдiң бар өкпесiн көтерем.

Тағы бұрдым ат басын, қатты қақтым қақпасын,

Қонақ емес, сақтаса қарақшыдан сақтасын.

Шамы өшпеген сол үйдiң сенiп қақтым есiгiн,

Мен де өйткенi ұл едiм, ата қойған есiмiн.

Есiк ашты ақ бас шал - төрлет,- дедi, ер бала,

Бөлiсейiн барымды, бөлiсiлмес көр ғана.

- Ата,- дедiм, төрiне шыққаннан соң жайланып,

- Ермiн,- дедiм далаға қалып қойған байланып.

Қанша жорттым, даламнан кете алмадым кең мекен,

Елiм деген ерлерiн ел бiлмесе жөн бе екен.

Қанша ауылға кiрсем де елең еткен жоқ бiрi,

Шынымды айтсам бұл елдiң бақыр түгiл боқ құны.

Болар бала боғынан демеп пе едi арғы атам,

Өзiмдi-өзiм қарғайын, жатқа қалай қарғатам.

Керегi жоқ түгiңнiң, онсыз да өзiм түктiмiн,

Түктiлiгiм түк емес, күнiн кешсем күптiнiң.

Жер ошақта жатқан шоқ жылтылдады көзiм боп,

Тер боп ақты самайдан қысқан ашу сезiм боп.

Қазандағы қара су сорпа болмас құр қайнап,

Құр қайнақ су менiң де қос қолымды жүр байлап.

Қапалымын, ей, ата, өзгеге емес, өзiме,

Безiне алман елiмнен ел емесiн сезiне.

Соңғы сөздi айт, ата, орындауға серт берем,

Кең даладан осынау кет десең де кектенем.

- Балам,- дедi ақ бас шал,- далаң аман тұрғанда,

Момын халық бұл халық малдан басын бұрған ба.

Еркелейсiң елiңе елемедi деп менi,

Еленердей соншалық өткiзгенiң көп пе едi.

Не керегiн елiңе түсiнбестен таусылма,

Өзiңе өзiң өкпелер, өзiңе өзiң жаусың ба.

Момын халық бұл халық, бала халық тағы да,

Балалығы, кiм бiлсiн, соры ма әлде бағы ма.

Сәби сенiм кiм бiлсiн сезiм қуған, мал бағып,

Жатқан шығар бiр сәттiк тыныштыққа алданып.

Жалаң қылыш басында жалаңдасын демесең,

Бақ болатын далаңа жат боламын демес ең.

Жеке бастың наны емес, жеп жүргенiң ел қамы,

Жырың бiрақ жұлдыздың жылуындай болмады.

- Ата,- дедiм ақырын, - менiң де бар ақылым,

Сынаса жұрт осылай сынайды ма батырын.

Қанша ояттым болмады, оянбады жұлдызым,

- Жұлдыз сынды,- дедi шал, -

менiң де бар бiр қызым.

Тама берсе көк тасты теседi ғой тамшы да,

Сен де, балам, ат емес, талабыңды қамшыла.

Батыр батыр бола ма бауыр етi жылымай,

Құнын ұқпай қаңғырған ұрыншақтау ұлым-ай.

Ат артына мiнгестiр қызды мына, тастама,

Балалы үй базарлы баталы ұлға астана.

Қыз жымиды, жылуы күннен артық шынында,

Жар киесiн ақ бас шал балады ма ырымға.

Атқа қондым тағы да, алдымда жар, түн қара,

Түн қарада тағы да жолға түстiм мұңдана.

Астымдағы атымның аты ғана ат деген,

Құстай ұшқаны болмаса қолға қонған бақ дер ем.

Тағы жорттым түзiммен, төңiрегiм тас қара,

Жабырқаған жанымды жұбатпады жас бала.

Түн қарада тiк тарттым, көлеңкем де ермедi,

Ел дегенiм сорыма сортаң басқан жер ме едi.

Етем iштей шүкiрлiк, иттерi бар қабаған,

Иттерiне өкпелеп қасқыр болдым абадан.

Кiрдiм қанша ауылға, қақтым қанша қақпаны,

Әлде суыт жүрiсiм, әлде өр дауысым жақпады.

Ерлiгiмдi бұлдамай, есiгiнiң алдынан,

Қайтып жүрдiм оятпай төбеттерiн қалғыған

Қайтып жүрдiм, алдынан, айтып жүрдiм бұл жайды

Бұлдаса ер елiне өткiзгенiн бұлдайды.

Бұлданар ем, заманға зарымды айтып заң бұзбан,

Жұлдыздар да жоғалса жоғалмай ма жалғыздан.

Бiр жотада қалды жел жер бауырлап жайланып,

Қырға өскен көп гүлдiң қыз көркiне байланып.

Астымда ат, алда жол ойдан қырға өрлеген,

Өр көңiлге әрбiр қыр деп қоямын төр дер ем.

Атым менi, ал өзiм арманымды ауырлап,

Қалған бiр шақ қырдағы қарауылға ауылды ап,

Кiрiп бардым, баспана iздегеннен емес тек,

Арманыма астана асқақ әлем елестеп.

Тағы қақтым есiктi, сенiп қақтым тағы да,

Намысыма сендiм мен, қардан аппақ арыма,

Есiк ашты жас сәби ата қойған есiмiн,

Баталы ұлға аталы ұл есiк ашса несi мiн.

- Ұлым,- дедiм, қарашы, маңай бiткен түн қара,

Ұмытпа тек кешiкпей ататынын күн жаңа.

- Қызыр,- дедi апасы таң алдында ел кезген,

Қуан, балам, тағдырың қарайды ендi оң көзбен.

- Қыдыр, - дедi бала да, Қызыр дедi күллi ауыл

Күлiн қақты көңiлдiң жүрiп өткен бiр дауыл.

Ашу қысқан қос иiн салар демiн зорға алып,

Кеткен ұл ем о баста туған елден қорланып.

Қызыр дедi сол ұлды сақалы аппақ ана әлгi,

Өттi тағы бiр ғұмыр, ескi аңыз жаңарды.

Ендi бiлдiм, бұл халық естi халық екен ғой,

Ұйықтау емес, тiрлiгi үмiт ету екен ғой.

Түннен емес түнерген, нұрға толы таң алды,

Күнмен күткен жанына қанмен тарар хабарды.

1993 ж.

 

Сынған сәуленiң шағылысуы

 

Телепоэма

Қалилла Омарға арналады

 

I

Кiрiспе

Қазақтың киiз үйi. Көшпелi өмiрдiң сим­волы. Тек осылай ғана ма?

Ғалымдар үйiнде болған басқосуда ғұлама ағам қын­жылып айтты: - Тiптi атақты Тоинбидiң өзi жалпы адам­заттық мәдениеттер мен өркениеттер дамуын зерделегенде жасампаз түркi рухы туралы бiр ауыз сөз жазбаған көрiнедi.

Тарихшы жазбағанды суретшi жазады.

Сол сәт көз алдыма көне Шумер топырағынан табыл­ған тақтайша оралған. Онда қазақтың киiз үйi бей­не­ленген-дi.

- Иә, кәдiмгi киiз үй.

Арада бiрнеше мың жылдық өтсе де сыны бұзылмаған сол сұлу қалпы.

Тарихқа түзету енгiзген көнекөз суретшiге рахмет!

Жебiрей шалы «Тарих Шумерден басталады» дейдi.

Нұх пайғамбардың прототипi Зиусудраны сомдап, дала ұлы мен қала перзентiнiң достығын эпостық сарында баян еткен шумер дегендерiмiз кiм сонда?

Деректер «Алтай жақтан келген көшпелi халық едi» дейдi.

Тiл ұшында жаңа тұжырым:

«Тарих Алтайдан бастау алады» Кiм бiледi, көнекөз ақын «Бiлгемеш» эпосын алғаш рет әлдебiр тылсым күштiң құдiретiмен кiндiгi кеңiстiкпен байланысып жатқан киiз үйдiң iшiнде, терi бөстектiң үстiнде отырып жырлаған болар?

Бiз сауал жауабын бiлмеймiз. Тарихқа тiл бiтсе не айтар едi?

II

Көз алдыңда көшпелi тұлпарының айқыш-ұйқыш тұяқ iзi түскен әлем картасы. Сен бiр кезгi бабалар мұратын бүгiнгi дәуiр екпiнiмен жырлауға талпынасың:

 

Жорық сарыны

Әр жолы жесiр қаралы,

Әр жолы бiтеу жаралы,

Мұң-зарын керең есiтiп,

Көре алар соқыр жанары.

Көзiне жас ап құдай да,

Бас изер риза шырайда,

Жанымның жайын түсiнген,

Өлер ем өлең үшiн мен,

Қас батыр сынды майданда,

Атымның ауып айылы,

Басымнан бағым тайғанда.

Содан соң менi арулап,

Қояр едi қырдың төрiне.

Өлеңнен шапан жапқан ұл,

Осы едi деп көне елiне.

Басыма келiп иiлiп,

Тұрар едi-ау бастар салмақты,

Төгiлер едi ақындар,

Көңiлiнен ниет арнап бiр,

Төгiлер едi көз жасы,

Көрiнер едi жас өскiн.

Ардақтар едi-ау ақын деп,

Ата жауым да аты өшкiр.

Жатар ем солай жайланып,

Қыздырып қырдың шекесiн,

Сезiммен қиып ең iзгi

Аспан мен Жердiң некесiн.

Жарықта Күнмен қоңсы боп,

Түн болса Айға айналып,

Жатар ем, маза бермейдi

Жатқан қол ана сайланып.

Батысқа жазық даланың,

Саумалы болып құйылар,

Осынау қолдың жаны еркiн,

Екпiнi лептi күйi бар.

Қол барда көңiлiм торықпа,

Жар жырым тыныш жата тұр,

Батысқа бастар жорыққа,

Керек сол қолға баһадүр.

Бабалар өткен жолменен,

Батысқа бастап барам мен.

Жаулаймыз бiздер бiрақ та

Қылышпен емес, қаламмен.

Шығынсыз болмас бұл жорық,

Жан шықса шейiт емес пе,

Ақын ем, ендi амал жоқ

Батыр боп тудым демеске.

Аруағын елi ардақтап,

Ұлына қояр есiмiн,

Сүйегi батыр ұланның

Шет жерде қалса несi мiн.

Осылай жаным жеткенде

Шетiне өмiр көшiнiң,

Құдайдан емес, о, Өлең,

Сұрар ем сенен кешiрiм.

Қарақшыдай емес содан соң,

Жүретiн жалғыз жол торып,

Жұмаққа бiздер кiремiз,

Кiремiз қалың қол болып.

ҚАЗАҚТАР!

III

Түркi тұлпарының тұяғы қай тарапқа тартпады.Ауыздықпен алысып тұрып Қосөзеннен су iштi. Палестинаның тасты көшелерiнде түнгi аспандағы Айға қарап кiсiнедi. Сән-салтанатпен Римге кiрдi. Жылқы моласын қазақ даласының қай қиырынан да ұшыратуға болады. Солардың бiрi Қорғалжың маңында.

 

Жылқы моласы

Таңертең Париж қонағы,

Дайын тұр Мәскеу қонарға;

Ғаламның тоғыз торабы

Жатады ақын табанда.

 

Тартасың төте Пекинге,

Қол созым жерде Сеулiң.

Дауыл мен желдiң өтiнде,

Жатады өтiп өмiрiң.

 

Болсаң да бейбiт тiрлiктiң

Әлемге елшi солдаты

Күтедi қақпай кiрпiгiн,

Бiрақ та сенi Алматы.

 

Еске алып ақын көшесiн,

Парижде өзiң сандалған

Ұйқыға сосын кетесiң,

Әлдилеп тәттi жанды арман.

 

Ал мынау Мәскеу жерi ме,

Шарпылған талай жалынға.

Аспан көз ұлдың елi ме

Айналған жаны қайыңға?

 

Маяковский жатыр осында,

Есенин, Блок - ақындар

Басында құран оқуға

Мұсылманшалап та болсын

Хақың бар.

 

Жасырма, не бар ойыңда,

Арабшаңды да мұнда бiледi.

Жөкелi жолдың бойында

Жымиып Пушин күледi.

 

Бiрақ сен қазақ дiлiмен

Жаназа шертiп тұрасың...

Өзiнiң ана тiлiнде

Жыласа ақын жыласын.

 

Ақындарды сыйлау орынды,

Сыйлаған болды-ау жобасы.

Дейдi екен мына қорымды

Өзге емес «Қыздар моласы».

 

Тасады көңiл қыз десе,

Ақынға өзге не керек.

Рухани бауыр iздесе,

«Қыз моласы» десе шегелеп.

 

Қас-қағым сәтте табатын

Таксис те

Бөтен қалалық.

Мәскеуге барсақ, бауырлар,

Қорымға осы соғалық!

Мүлгiген ойлы қорым да,

Өмiрдей аты әдемi,

Серi ұлға көршi орында,

Сенiң де жатқың келедi.

 

Бiрақ та дала шақырар,

Шақырар сенi қайтадан.

Өз елiңде ақын ақын әр,

Кесесiн шабыт шайқаған.

 

Ұлы өмiр алдан күтедi,

Ауасы болып даланың,

Үстiрттiң болып түтегi,

Қиялы болып баланың.

 

Алматы сынды шаһарда

Екi-үш күн ғана аялдап,

Шығасың сосын сапарға

Далаға қарай аяңдап.

 

Күтедi сенi ауылда,

Меймандос халық бiр қауым.

Ырғақпен жеңiл, ауыр ма

Парыз сол елдi жырлауың.

 

Ордасы осы қыпшақтың,

Арғымақ аттар мекенi.

Бағзы заманның

қыр жақтан,

Кiсiнеген үнi жетедi.

 

... Кешiргiн, Париж, Мадрид,

Тас көшелерi думанды.

Билерiңе құйын жан ұйып,

Күтсең де қаншама қуманды.

 

Бәрiбiр елге тартады,

Даланың тентек немесi.

Осылай болған,

Болады

Ғасырларда да келесi.

 

Кешiргiн «Қыздар моласы»,

Мәскеудiң көгi рухты.

Сендерге де дала баласы

Тағзым ғып келiп тұрыпты...

 

Жолдары жұмыр жерiмнiң,

Арынға ерiк берiңдер!

Қуалап сайды-саланы,

Қорғалжың жаққа келiңдер!

 

Өткен күн. Жетсе батылы

Оны еске алмай бола ма?

Шығару керек ақының

Жаназа «Жылқы молаға»

 

Жау шапса жебе алғашқы

Тиетiн ақын, батырға

Болыпты мұнда оқиға

Жылқыға қарай атылған.

 

Қан қылып төсiн қыраттың,

Далаға аза шектiрiп,

Басында Жалманқұлақтың

Жатыпты жайрап тектiлiк.

 

Арғымақ барда даланың,

Өр ұлын жауы алған ба?

Жауыздар айла-амалын,

Жылқыға сапты салғанда.

 

Жайрапты жылқы ақындай,

Жайрапты жылқы батырдай,

Төрт жақтан зiкiр пулемет,

Тұрыпты дейдi сақылдап.

 

Жолдары жұмыр жерiмнiң,

Арынға ерiк берiңдер,

Қуалап сайды-саланы,

Қорғалжың жаққа келiңдер.

Келiңдер бәрiң жиылып,

Қасiретiн қырдың көрiңдер.

Әуен боп сосын құйылып,

Жаназасын шырқап берiңдер.

 

Жоқ бiзде «Қыздар моласы»,

Ақындар көршi жататын.

Болмаса «Жылқы моласы»,

Аяздай жанға бататын!

Кенет түйсiкке сәуле түседi. Сен көне гректердiң дала перзентiн неге кентавр деп атағанын ендi түсiнгендей боласың. Адам бейнелi, жылқы кеуделi жан. Бәлкiм жылқы жүректi.

Дала тарихында нағыз ақын жылқы жүректi болған. Батыр да солай. Жылқы жүректi. «Жылқы моласы» «Ақындар мен батырлардың» моласы.

Бұл мола, қазақ даласында Ақмола өңiрiнде, Қорғалжың маңында 1928 жылы пайда болды.

 

IV

Қазақтарды құрту жоспарлы түрде жүргiзiлдi. Жылқыға тиген қасiрет жылқымiнез халыққа төндi. Аузын арандай ашып жұт келе жатты. Қолдан жасалған жұт.

2,5 миллион адамның тағдыры. Бұл жұтта, бiр ғұмыр сөнсе, жұлдызы қоса ағады деген сөз рас болса, қазақ даласының аспаны жұлдыздарының тең жартысынан айырылды.

 

Жұт

Қаракөз арман қамығып,

Қызылкөз ажал құнығып,

Үмiт жоқ, мын сан қасiрет

Жүрекке кiрген сұғынып.

Сонау бiр жылы

Далада

Аштықтан

Жатты ел қырылып.

Бiр қадақ бидай -

нан үшiн,

Бiр шөкiм тары -

жан үшiн

Арулар түрiп етегiн,

Батырлар қиып

намысын.

 

Ұяттан Рух өртенiп,

Емшектен сәби

перiште

ақ уыз емес,

дерт емiп,

Күңiренiп шықты күй бiткен,

Домбыра шанақ түбiнен,

Дүниеге мынау шер төгiп

 

Берiлдi ерiк нәпсiге,

Қараған күнi тәспiге

Селкiлдек шалдар қутыңдап,

Бозбаладан ары, жыртыңдап

Айдаладағы ақ отау

Он екiдеге өрiм гүл,

Астында жатты

қырқылған.

Сыймаса өлiк далаға,

Сыймас боп кеттi молаға.

Басқаға тiл, жақ келмедi,

Келмесе жалғыз тобаға!

 

Таба алмай амал сасқанда,

Тiстедi тiлiн Аспан да.

Теңселiп кеттi таулар да

Көлеңке қырдан қашқанда.

Қайғыдан кеттi жарылып,

Дiл, дәтi берiк тастар да.

 

Кеудеден жанды, жырды ұрлап,

Жұлдыздар ақты мың-мыңдап.

Қол ұшын созу орнына

Тас қала жатты тың-тыңдап.

 

Қатыгез жандар қабағы,

Құзғын көзiмен қарады.

Даламның шеккен азабы,

Оларды түбi табады.

 

Сол үшiн сенi жек көрем,

Сол үшiн әлi кектенем,

Сортаңды жердiң баласы,

Далама келiп көктеген.

 

«Бәрi аман бiзде,

Тыныштық.

Түземдiктермен ұғыстық.

Идея үшiн, ой үшiн

Жатырмыз бәрiн дұрыс қып».

 

Даланың ұлын қорласа,

Өзге емес, ол да жолдас-ә.

Осылай жазды қасапшы,

Мәскеуге қағаз жолдаса.

 

Сезiммен бiр кез үсiген,

Бәрiн де бүгiн түсiнем.

Қыранға тұзақ құрыпты

Пиғылы қарау күшiген.

Көңiл айт, Мәскеу, Далаға,

Сол күннен қалған балаға,

Ашыққан қасқыр секiлдi

Қаймықпай кiрген қалаға.

 

Кешсе де бастан не күндi,

Болашағына сенiмдi,

Құттықтап қойсаң болады

Қазағым, туған елiмдi.

 

Иә, солай!

Бүгiн жарқын күн!

Ашылып бағы халқымның

Қонақтап жатыр кеудеге

Зар-қайғы емес,

Алтын мұң!

 

Алтын мұң!

Қандай әдемi.

Бұл халық деген себебi

Ұрпағы көкжал бөрiнiң,

Қазақтың қайсар өр елi.

 

Сенемiз келер заманға,

Жазылар толғау дастан мың.

Сөйлейтiн халық аманда,

Тiлiнде Тәңiрi Аспанның!

 

Бiр қадақ бидай -

нан үшiн,

Бiр шөкiм тары -

жан үшiн,

Бiрақта қайтiп жұбанар

Қиылған батыр намысы?

Қазақтарды құрту табанды түрде жүргiзiлдi. Жұтты мойындамағанды репрессияның қасап қолы күтiп тұрды.

V

Еске Мағжан оралады:

"Дала жұмбақ

Бала жұмбақ"

Ақын тағдыры да жұмбақ. Ресми түрде ақын қайтыс болған жыл 1938 жыл деп жазылады. Солай ма? Замандасы ақынды Қиыр Шығыстағы көп лагердiң бiрiнен ұшыратқанын баяндайды. 1938 жылдан көп кейiн. Тiрi ақын өлең жазбауы мүмкiн емес. Қайда Мағжанның соңғы өлеңдерi-i-i??? Тарих тағы да тiлсiз.

Көктем.

Ақ жауын

Табиғат поэзиясы тамаша кеш өткiзiп жатыр. Ол моласы белгiсiз әдемi де мұңлы ақын тағдыры туралы жырлайтындай.

Ақынның соңғы өлеңдерi. Бiр өлеңi. Ол қандай болуы мүмкiн? Сен iштей күбiрлейсiң.

 

Анаға хат

Кешiр, Апа,

Ұлың сенiң

Ұлының

ойын емес

Сөзiн айтса баланың.

Осы менiң шырқап салар бар әнiм,

Сенiмiм де -

Сәби пейiлi сананың

 

Кешiр, Апа,

Қоналқада бес күндiк,

Ақын болдым арыны мол,

ес кiрмес

Жанардағы жасты сүрткен

Жаратқан,

Деп сендiм де басымды да кестiрмес.

 

Кешiр, Апа,

Жанды жалған арбаса,

Ақын болып от кешкенiм далбаса.

Мен ешкiмдi алдағам жоқ,

өзге үшiн

Өзiмдi-өзiм алдағаным болмаса.

 

Қуан, Апа!

Көкке құмар көңiлiм,

Өлең болып өткiзуде өмiрiн.

Қос өкпемнен қысқанымен ащы тер,

Алдаған жоқ

Сәби пейiл сенiмiм.

 

Сүтпен сiңген қасиет

Сүйекпен шығады.

Қазақ өлеңi қасиетiнен айырылмаған жерде Қазақ ойына да шарлар кеңiстiк табыла бермек. Кiм бiледi? Бәлкiм адам баласының болашағы да осы кеңiстiктiң мазмұнымен айқындалатын болар.

 

VI

Ақ-қара деп алалап жатпайтын уақыт үшiн жарты ға­сыр қас-қағым сәт қана. Ал бiр ұлт үшiн дәуiрлеу ке­­зеңi болуы мүмкiн. Дәуiрлеуi дауылды тұсқа тап келсе ше?

Ғасыр басында қазақ халқы бәрiн туады - ақынды, батырды, дананы.

Өр халықтың жұлдызды сәтi iспеттi осы тұс пат­шалы Ресей екi жарым ғасырда митыңдап әрең жүрiп өткен жолды қазақ халқы отыз-қырық жылда басып өтуi мүмкiн екенiн байқатып едi.

Ақын ғылыммен, ғалым әдебиетпен айналысты. Қоғам қайраткерi психологиямен шұғылданды. Геолог тарихқа ден қойды.

Бұл табиғи эпостан тарихи эпопеяға өрлеу едi. Қазақ ойы қандай да бiр өркениеттермен терезесi тең бес қаруы сай тартыса алатындығын аңғартты.Бiрақ ақынды, батырды, дананы туған халық аңғыртты, ақымақты да туады екен.

Ақынның басын ақымақ алды. Батырдың түбiне аңғырт жеттi. Дананы дәлдүрiш мазақ қылды. Қазақ халқы саяси инквизицияны бастан кешiрдi. Табиғи даму жолынан ауытқыды.

Пайғамбар жасына келген жазушы ағам «мен Мiр­­жа­қып, Жүсiпбек, Мағжанды уақытында бiлген жоқпын, бiлгенде басқашалау жазар едiм ғой» деп күрсiнедi. Бiз де басқашалау жазар едiк, Аға. Ақын рас айтады. Эпос ерлерi екi жарым ғаырға кешiгуде. Болашақ эпопеяның кiрiспесi трагедиялық сарынмен жазылатындығы өкiнiштi.

Соңы қайырлы болғай! Тек рух алдында ғана тiзе бүгуге болады.

 

Соңғы жыр

Уа, Аруаһ!

Қалмасам да тұралап,

Бiздiң бастан ұшады ендi сiрә, бақ,

Ақының боп аңырайын соңғы рет,

Соңғы сөздi Тәңiрiмнен

Сұрап ап.

Жатыр жайлап өмiр көрдiм,

Өкiнбен.

Басым байлап өлiм көрдiм,

Өкiнбен.

Түз жұртында ақын болдым,

Өкiнбен.

Қыз-қырқынға жақын болдым,

Өкiнбен.

Сөзсiз мыңға татыр болдым,

Өкiнбен.

Көзсiз және батыр болдым,

Өкiнбен.

 

Өз елiм ғой,

Тұлпар түгiл есегi,

Озсыншы деп елеңдедi ес тегi,

Батқан күннiң атар таңы бар ғой деп,

Өкiнгем жоқ сатқанда да дос менi.

 

Төзiм шiркiн болмаса да темiрден,

Еш өкiнбей өту үшiн өмiрден,

Қаны қара жауыма да қасқайып,

Қарап тұрдым тауға құмар көңiлмен.

 

Тәңiр берген теңiмдi де тектi ғып,

Ару сүйдiм жанға рахат шектiрiп.

Шыбығымды қадап кеттiм және мен,

Қос алма тау, жатыр дала деп бiлiп.

 

Басты қылыш қаққанымен,

Есiмiм

Талайға әлi сұратады кешiрiм,

Бес күн жалған арман болды, амал не,

Ешкiмге тек тие көрме кесiрiм.

 

Бiттi бәрi,

Баяғыдай болмайды.

Өз iсiне жауапсыз жан оңбайды.

Басым ұшты, өкiнгем жоқ,

Тек, әттең,

Жендет қолы қалтырады - сол қайғы.

 

VII

Бiрде автокөлiк iшiнде келе жатып кездейсоқ әңгiменiң куәсi болдым.

- Репрессия жылдары қазақ зиялы қауымын түгелдей отап тастаған. Халық ендi-ендi жоғын түгендеп, еңсесiн көтеруде,- дедi әдемi бойжеткен.

- Рас. Бiрақ толыққанды ұрпақ жетi атадан кейiн ғана дүниеге келеді. Басқа басқа, биология ғылымының өзi осындай пiкiр айтуда. Яғни, келесi ғасыр бiздiкi болады. - Бойжеткен әңгiмесiн бозбала осылай түйiндедi.

Келесi ғасыр бiздiкi - қазақтiкi. Эпос эпопеяға ұласар ғасыр. Тiлге өлең оралған.

 

Эпостан эпопеяға

Ғажап ғасыр,

Адам ұшты аспанға,

Атом сынды бөлшектелдi дастан да.

Ғалам жайлы мол мәлiмет беруде,

Ғарыш жақтан қаңғып келген тастар да.

 

Бiр кез Жердiң екендiгiн домалақ,

Айтамын деп отқа түскен,

Обал-ақ!

Жаңа дәуiр,

Көкжиекке жол ашты

Ғылым тасы бүгiн өрге домалап.

 

Сана бар ма,

Санасы ояу жан бар ма?

Жұлдызда анау жымыңдаған заңғарда.

Бұл сауалдың iздеп жатыр жауабын

Адам миы таңдарды ұрып таңдарға.

 

Марстың да құпиясын ашар күн,

Жақын, жақын!

Жасампаз ел жасанғын...

Әлдебiр жан

Жұлдыздардың бiрiнен

Тапты дей ме Жерұйығын Асанның?!

 

Шынға айналса Асан шалдың арманы,

Аңызыңның түбi шындық болғаны.

Сенген бабам жұмаққа алып барад деп,

Кең даланың тарам-тарам жолдары.

 

Сенем мен де,

Болса болсын ертегi,

Ертегi ол - Отанымның ертеңi.

Бақытты өмiр орнатуға жер бетi,

Керек бiзге қиялдың да көркемi!

 

Керек бiзге жан-дүниенiң сұлуы,

Жүректердiң бiрiн-бiрi ұғуы.

Қай ендiк,

Қай бойлықтарда болса да,

Қол алысқан алақандар жылуы.

 

Түпсiз ғалам тұқыртқанда ақылын,

Өлiм демей, өмiр десе батыл үн.

Еш қысылмай,

Сарынымен эпостың

Жырлап берер оны дүлдүл ақының.

 

Әне, солай,

Сенiм барда жоқ күдiк.

Қоя алмаймыз жанды мұңға шоқтырып.

Керек болса,

Ең бiр қорқақ жанды да,

Жiберемiз қаһарман ғып,

Отты ғып.

 

Ай-һай! десең көңiл сайрап кетедi.

Келер ұрпақ салиқалы, жетелi

Жердiң бетi жаңалықтар мекенi

Десе,

Бiзге,

Мiне, сол да жетедi.

 

Сол үшiн де күресемiз күн демей,

Сол үшiн де күресемiз түн демей,

Соның бәрi мойындағы парыздай,

Ерлiк iске,

Барамыз біз,

Үндемей.

 

Ғарыш жақта адамзатқа ортақ ұл,

Шырқап жатса қазағымның өрт әнiн,

Есеп сызған академик ғана ма,

Сенiң де онда

Үлесiң бар шопаным.

 

Сен емес пе ең алғаш көктi барлаған,

Сен емес пе ең қиялыңмен самғаған.

Ертеңiңдi ойлапсың-ау сонда сен,

Ертегiсi шынға айналған жан бабам.

 

Адам ұлы кеңiстiктi жауларда,

Зымырандар көкке қарай зауларда,

Байқоңырын

Ай төрiмен жалғаған

Далам,

Сенiң

Құдiретiңе дау бар ма?

 

Аруақтым!

Тәңiрi елiм!

Қазағым!

Өзiң жайлы, болмас үшiн мазағың,

Басқа мақам керек емес,

Көнекөз

Эпостардың сарынымен жазамын.

 

Сенем соған,

Болса болсын ертегi,

Ертегi ол - Отанымның ертеңi.

Жер бетiнде бақытты өмiр жасауға,

Керек бiзге қиялдың да көркемi.

 

Көзiн тiксе тұңғиыққа, алысқа,

Ақ жол тiлеп азаматқа,

Арысқа,

Таңдап жүрiп ерлiктердiң ерлiгiн,

Оның өзiн саламыз бiз дауысқа.

 

Жұмаққа жол жер арқылы барарын,

Өр үнiңмен айттың халқым,

Нанамын!

Керек бiзге жырланғаны сенiмнiң,

Керек бiзге нұрланғаны сананың!

 

Мiне, осылай,

Шандып тастап шекенi,

Азамат ұл ертеңге еңбек етедi.

Қашаннан да сезiм алау,

Ойы өрт.

Бiздiң дала -

Шабыттардың мекенi.

 

Сөз соңында

Дiр еткiзiп жүрегiн,

Айтады ақын сол халқына тiлегiн.

Сенiкi деп

Бағым болса маңдайда,

Сенiкi деп

Бiлегiм де, бiлерiм.

 

Дала ұлы алға қадам басарда,

Не болмаса,

Зор жаңалық ашарда.

Той үстi ме, ой үстi ме,

Бәрiбiр

Толғана алар жүрегiнiң түбiнде,

Осы тiлек жату керек қашанда:

 

- Досым болсаң

Еркiндеп ен

бұл маңға,

Жауым болсаң

адасарсың тұманда.

Осы менiң

Құраным мен

Ұраным,

Қысылғанда қайыратын дұғам да.

 

Шежiре айтар қошқар тұмсық тастары,

Алпыс өрiм, тоқсан тарау дастаны.

Жер бетiнде

Қазақ дейтiн халық бар,

Сол халықтың ашық болсын Аспаны!

1998 ж. сәуiр.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434