Садық Смағұлов. Әруақтармен емес, ақымақтармен арпалыстым
Абылай ханның арманын іске асыру жолында орыс отаршылдарының зеңбіректі, мылтықты алып күштеріне қарамай Кенесары хан қайтпас қайсарлық танытты. Қазақтың рухын көтеріп, көзсіз батырларын алға шығарып, 10 жыл аттан түспей, ажалына қарсы тұрып өлімге басын тікті. Кенесарыдай ұлы ханымыздың туғанына - 210 жыл, ақжолтай-қолбасшысы, Ағыбай батырына да - 210 жыл, азуын айға білеген жас батыры Наурызбайға да - 190 жыл толып еске алып отырмыз. Жамбыл жыраудың «етегінен тартқан иттердің кесірінен» жеңілгеніне бармағымызды тістей отырып, кімдер екенін анықтағымыз келіп еді. Біздің де етегімізден тартып, тілге тиек етер дәлелі жоқ сөзбен, зәрін бетке шашқан әпенді техника ғылымының кандидаты Әбіл БҮРЛІБАЕВ «Abai.kz» порталында « Аруақпен арпалысу - арсыздық!» деген атпен (http://old.abai.kz/content/ebil-b-rlibaev-aruakpen-arpalysu-arsyzdyk ) мақала жариялады. Жауап жазуға тура келді.
Ей, Әпендім!
Абылай ханның арманын іске асыру жолында орыс отаршылдарының зеңбіректі, мылтықты алып күштеріне қарамай Кенесары хан қайтпас қайсарлық танытты. Қазақтың рухын көтеріп, көзсіз батырларын алға шығарып, 10 жыл аттан түспей, ажалына қарсы тұрып өлімге басын тікті. Кенесарыдай ұлы ханымыздың туғанына - 210 жыл, ақжолтай-қолбасшысы, Ағыбай батырына да - 210 жыл, азуын айға білеген жас батыры Наурызбайға да - 190 жыл толып еске алып отырмыз. Жамбыл жыраудың «етегінен тартқан иттердің кесірінен» жеңілгеніне бармағымызды тістей отырып, кімдер екенін анықтағымыз келіп еді. Біздің де етегімізден тартып, тілге тиек етер дәлелі жоқ сөзбен, зәрін бетке шашқан әпенді техника ғылымының кандидаты Әбіл БҮРЛІБАЕВ «Abai.kz» порталында « Аруақпен арпалысу - арсыздық!» деген атпен (http://old.abai.kz/content/ebil-b-rlibaev-aruakpen-arpalysu-arsyzdyk ) мақала жариялады. Жауап жазуға тура келді.
Ей, Әпендім!
Әпенділігіңді жазғаныңнан көріп, жағамды ұстадым. Салиқалы ой толғап, сараптап, ақ адал сөзіңді жазбадың. Кандидаттық тектіліктен, ғылыми ұстамдылықтан мақұрым екенсің. Егер менің жазғанымды бабама жабылған «жала» десең, «Өгізді мүйізінен ұстап» дегендей бұлтартпас дәлелдер келтіріп жазбадың ба? «Қонақтардың» сөзін малданып малтаңды езіп мылып кеттің. Өзіңді білім деңгейімен, ақыл парасатымен он орап алатын қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, әдебиетін зерттеп, сөзін жұптаған марқұм Ақселеу Сейдімбектің артынан топырақ шашып «трайбалист», елге қамқор бола алмады дейсің. Сонда сен кімге қамқорсың? Сыпатай бабаңа «қамқор» болып, «батыр, би, сәуегей әулие» жасап сағызыңды шайнап жүргенің белгілі болды. «Сатқын» деген сөзді мен бірінші қолданып отырған жоқпын. Әкесі өріп берген сегіз өрме қамшыны жауға жұмсамай, ұрлыққа жұмсап ер жетіп араны ашылды. Өзінің кіндік қаны тамған жалайырлардың жерінде қырғыздармен бірігіп жылқы ұрлаудан жабысқан сатқындық, бетіне басылған таңба болды. Сен маған жолдаған нотаңда бабаң Сыпатайдың қай орыспен соғысып, кімнен ұлттың азаттығын қорғағанын, қай қоқандықтан жерін азат еткенін, би болып қай қыстауды, қай жайлауды мекендегенін, шешен болып Бөлтірікпен белдескенін айта алмай байбалам салып отырсың. Сайда саны, құмда ізі жоқ адамды, «батыр» деп көсеу ұстаған бабаңды ақтауға да негіз таппай қиналып өтіріктен өсек құрап отырсың. Бөгенбай батыр да жас кезінде тақымы кеппес ұры болған. Ел басына күн туған кезде қол бастап батыр - қолбасшы болған. Сенің атаң бұл дәрежеге жете алған жоқ. Қырғыздардың «түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған» қолшоқпар ұрысы болды. Ұлттың азаттығы үшін жаудың тілеулесі болған құда-құдағи, нағашы, қайын жұрт деген дәнекерлікке жүрмейді. Сенше, қырғыз жау емес, қарсы жақ деп сыпайлайсың. Сыпатайшалап сенің де бүйрегің қырғыздарға бұрып тұрған секілді. Тексіздік деген осыдан шығады.
Сөзіміз дәлелді болу үшін бір тарихи дерекке жүгінейік. Атақты Есім ханға екінші рет опасыздық, сатқындық жасаған Ташкент билеушісі хан Тұрсынды өлтірердегі шайқаста Үйсіннің Сүлеймен батыры Қатаған тайпасындағы өзінің құдасы Айырылмас батырмен жекпе жекке шығады. Ел мен жердің, Есімханның намысы туыстыққа, құда-жекжаттыққа қаратпады. Қайратына шыдатпай найзамен түйреп жер қаптырды. Құба қалмақ тұсында қазақтың барлық батырлары қалмақтың небір сұлу қыздарын қос-қостап алған. Кенесарының шешесі де қалмақтың қызы. Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Баян батырдың да бірнеше қатындары да қалмақтың қыздары болған. Тіпті, Жәңгір ханның өзі қалмақтан қыз алып Әз Тәукедей ұл туғызып қазақтың ханы жасаған. Сыпатайдың шешесі осы аталған хандардың, батырлардың әйелдерінен әулие ме? Жаулық ниет білдірген соң шабу керек емес пе? Қырғыз қазақтың ата жауы болған. Тек қана Абылай ханның «Жайыл қырғынын» есіңе алшы. Тірі қалғандарын Қарқаралыға айдап келіп «Жәй қырғыз», «Бай қырғыз» деген екі рулы ел жасаған. Әлі де бар. Жамбыл жырау жырлаған Саурық батырды да өлтірген қырғыздар емес пе? Жойлып кететін соғысқұмар елді октябрь ревоюциясы - Совет Одағының құрылуы сақтап қалған.
Арқадағы мұсылман дінінің алтын діңгегі Құнанбайға да тіл тигізіп Кенесарымен соғысты, өлтіре жаздаған соң, Ұлы жүзге қашып келді деген дерек те келтіресің. Ондай өсек тарих таразысына түспеген. Даланың ауызекі тарихында жоқ. Сарыарқа аңызының білгірі, жазушы Кәмел Жүністегі ондай әңгімені жерде қалдырмас еді. Тек Кенесарының ағасы Саржан дендеп кірген қарулы орыстарға, оларға қорғаныс қамалдарын салдырмауға қарсы шықса да зеңбірек пен мылтықтан қашты. Соның белгісіндей «Саржан қашқан» деген боз жотаның бар екенін жазады. Саржанның асқан мерген екенін тілге тиек етеді. Қашып келе жатқан Саржан қолын жау санап алдынан шығып тоқтатқан Қаракесек-Керней Бодық батыр садағын кезенгенде Саржан төре бірінші кезекті сұрап алады. Кіндік тұсынан дәлдей атылған жебе Бодық батырдың қорамсағындағы жебені жапырып, қиратып кетеді. «Саржан қапы кетпеу керек еді» деп тірі қалғанына қуанған Бодық батыр «кезек менікі» дегенде «қорамсағыңда сау оқ болса мені атарсың» дейді Саржан. Айтқандай қорамсақта сау жебе қалмапты. Бодық батыр аттан түсіп сәлемдесіпті.
Құнанбай Кенесарының ұлт-азаттық қозғалысына қатыспаса да адам күшімен, малмен, ақшамен көмектесіп отырды. Орыстармен алыстан сыйласып тілін, білімін, техникалық өнерін үйренуге құлықты болды. Отырықшылдыққа бейімделіп, малға жем-шөп дайындауды орыс қарашекпенділеріне тапсырып, ақысын төлеп жалдап отырғаны Мұхтар Әуезов шығармаларында бар. Құнанбайдың Кенесарымен соғысқаны рас болса, Мұхаң «Хан Кене» пьесасына кіргізер еді. Немесе «Хан Кенені» жазбас еді. Құнанбай-Кенесары соғысы Мәшүр Жүсіп жазбаларында да кездеспейді. Өсекшілерге арналған «жағыңа жылан жұмыртқаласын» деген қарғыс бар. Дауаларын қарғыс берсін. Абылай әулетінің де Шыңғыс бастаған ұрпақтары білімге ерте ұмтылды. Шоқанды оқытты. Мектептер салдырды. Одан біз кемдік көріп отырған жоқпыз. Шоқанмен мақтанамыз.
Ей, Әпендім!
№ 6 «jyrau-жырауың» сенен де өткен әпенді саңырау жырау екен. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей Кенесарының ерлігін, қазақ елі үшін істеген мақсат-мұратын бағалай алмаған әпенді-әпербақаныңның ой-түйсігі жоқ адам. Нақтылап айтқанда, микеще. Кенесары төре-сұлтандарды өлтірсе айтқаныма көнбедің, айдағаныма жүрмедің деп өлтірді. «Сол өлген адамдардың ішінде туыстарыңыз болса не істер едің дейсің»? Сауап болды дер едім. Ұлт-азаттық соғысы - киелі соғыс. Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев өлгенде сендер не істедіңдер? Жаңаөзендегі қырғынды айтсақ жан түршігеді. Не істедіңдер? Маған кеңес бергенді, ақыл айтқанды білесің. Билікке қандай ақыл айттың? 70 мың мүшесі бар «Азат» партиясы, оған «Коммунистер» мен «Алға» партиясын қос. Бәрі жабылып 1,5 пайыз дауыс алды соған сендер не істей алдыңдар?
Кенесары ханның өлгеніне 165 жыл толды. Жаңаөзендіктердің қайғы қасіретіне, оқ аттырған «бұйрықшылды» тапқызуға әрекеттенгендерге не ақыл айтасың? Жоқ, қолымыз қанға үйренді деп ертең де ата бер ме? Кенесарының қателіктерін білгіш екенсің бүгінгі биліктің ақымақтығы Сыпатайдың сатқындығынан кем бе? Жалаң сөзбен, жадағай әңгіме құрап Сыпатайдың сатқындығын бүркемелегенше сатқындықтың төркінін зерттемейсің бе? Ру арасындағы қайшылықты емес, қазақ-қырғыз арасындағы қайшылықты зерттеп зерделемейсің бе?
Ей, Әпендім!
Кенесары Меркеге Ұлытау, Торғай, Ырғыз арқылы келді. Бұхар ханынан жер сұраған жоқ. Рүстем төреден де жер сұрап, өтінген жоқ. Ол қоқандықтар билік жүргізіп отырған жерлердегі қазақтарды азат етуге қырғыздармен күш біріктіру үшін келді. Елшіліктер жіберіп пәтуаға шақырды. Ал олар қырсығына тартып, бірігіп ел боламыз деп келгендердің жылқыларын ұрлап әбігерлерін алды. Сыпатай кісілік көрсете алмады. Оның көрген-баққаны қырғыздарға қызмет жасап жылқы ұрлау. Саурық батыр жасаған кісілікті, қонақжайлылықты батырды батырша қарсы алуды білмеді.
Кенесары батыс өңірінен, Шекті жерінен оралғанда Билікөлде отырған Байзақ датқа күтіп алады. Қырғыздармен қарым-қатнас жасау үшін Меркі қаласын қоқандықтардан босатып алып, бекініс жасап, жан-жаққа елшіліктер жіберіледі. Қырғыз манаптарынан келген Қалиғұлды Кенесары құрметті қонақ етіп, сый-сияпат көрсетіп қырғыздарды бірігуге қол астына шақырады. Қалиғұл хан мен манаптар арасында бірнеше рет елшілікте жүреді. Осы сапарларында Наурызбай батырмен алғаш жүздескені, үйінде қонақ болғаны, оның бет бейнесі Қалиғұлдың сөзінен жазылып алынғаны белгілі.
Ей, Әпенді!
Кенесарыны тұқыртып көрсету үшін «сын сағатта сарбаздарын құтқарып қалудың орнына өзінің бас пайдасын күйттеді» дейсің. Күйттегені сол ма, өзі басын өлімге тігіп сарбаздарына қоршауды бұзып шығуына жарлық бергені. Сен Кенесары ауызымен жалған шешімдер шығартасың. «Барлық атты сойып, 20 атқа артып жаяу қашу керек» дегіздіресің. Өзіңде түйсік бар ма? Қашқан адамға 20 атқа артқан еттің керегі не? Аман шығып, Шоқпар даласына, Хантау жотасына жету үшін бір асым еттің де керегі жоқ. Ұлытаудан Созаққа бес күнде жеткен Кенесары аяқ астынан ақылынан адасып қалды ма?
Кенесары қырғыздарға балалардың «атыспақ» ойынын ойнауға келген жоқ шығар. Дәлдеп айтқанда, «шешінген судан тайынбас» дегендей шындап соғысуға үш-төрт мың Дулат жігіттерінің басын қосып, бел шешіп «нар тәуекелмен» келген. Бір-ақ аяқ астынан Сыпатайдың «жиендігі» ұстап қырғыздың жыртысын жыртып, жігіттер арасына іріткі салып, соғыс басталар алдында майдан шұңқырынан Сыпатай бастап, Рүстем төре қостап туысы Байзақ датқаға да қарамай қашып кетеді. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей өзінің қырғыздарының найзасына түйреліп далада қалған жерінен Бөлтірік шешен тауып алады. Кенесары төрт жағынан қоршауда қалып, «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері болады. Қысқа ғана әскери кеңесте «шегіну» ұсынылады. Қайда шегінеді? «Хан басыммен қайда шегінемін» дейді Кенесары. «Ханның басын хан алады, қардың басын қар алады» Орман манап та, Жантай манап та тілге келсе мені өлтірмейді деген шешім қабылдайды. Сендер қоршауды бұзып шығуға күш салыңдар деген жарлық береді. Кенесары «қашып құтылуға» келісім бермейді. Осал тұстан қоршауды бұзып шыққан Ағыбай, Наурызбай бастаған батырлардың бір тобы аман есен құтылса, бір тобы Кенесары қасында қалған-ды. Қателік сол: Наурызбайдың албырттығы, қайта оралып Кенесары бармағының тістеуде кетуіне себепкер болады. Бұны алғашқы мақаламда жазғанмын. (Қиқарлар үшін қайталауға тура келді.) Кутузовтың Москваны француздарға тастап кетіп, күш жинап келіп жеңіске жеткенін еске алыңыздар.
Ей, Әпендім!
Әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановты қаралауда баяғы Айдарова мен Шойынбаевтан да асып түсіп алдыңа жан салмай тұрсың. Сүйінбай өлгенді ғайбаттамайтын әдетпен Батырбекке деген кекесінмен айтқан. Сыпатайды Әзіз Төле биге теңесе исі қазақта атақ-даңқы қалар еді. Е. Бекмахановтың Сыпатайдың атын атамауы рушылдыққа бөлінбегені, аз қазақты алаламағаны. Қол бастап батыр атағы шыққан болса, Е. Бекмаханов шындықты жазбай жасырып қалмас еді. «Другая часть во главе с бием Сыпатаем и Урестемом из рода Дулатов, изменила востанию и перешла на сторону врага» дегені мүлде қате пікір деп «көтерісшілерге опасыздық жасап, жауларға барып қосылды...» деп айтқанына кенеше жабысып күстаналайсың. Сатқындықпен қашып кеткені жауға көмектескені емес пе?
Ей, Әпендім, жау біреу-ақ. Ол - қырғыз емес пе еді? Сыпатайың қысылтаяңда «ажал апанына» Кенесарыны, өзінің туысы Байзақ датқаны тастап қашып кетсе, ол сатқындық емес пе? Сонда қалай, Е. Бекмахановтың дәлел, дерегі жоқ болады? Сыпатайдың елді алып кетуге елдің келісімі, шешімі себеп болды дейсің. Шешімді кім қабылдайды? Хан қабылдайды емес пе? «Кенесары қазақтың елі мен жерін, Абылай ханнан қалған, өзінің жекеменшігі деп есептеген дейсің. Абылай хан тәрізді елге қызмет ету емес, қайта елге не істесем де өз еркім деп санаған.» дейсің. Үйсіндер мұндай көзқарасты дұрыс деп санамаған. Дұрыс-ақ, қазіргі қазақ жері, қазақ байлығы, сатылып жатқан қыруар дүние кімнің еркінде? Үйсіндер неге үндемей отыр? Әлде, сатқындықтың жалғасы ма? Кенесарының басындағы басты трагедия қазір біздің басымызда. Сондықтан да болар елдің Кенесарының басын тауып денесіне қосуды армандап, іздеу салып жүргені. Ей, Әпендім!
Мақалаңыздың жалғасы Ұлы жүз болмаса Орта жүз бен Кіші жүз қараң қалатындай болып жазылған екен. Қиялыңнан шыққан қисынсыз қисындарға түгелдей жауап берсем газетке сыя қоймас. Кітаптан оқырсың. Патша әскері қазақ жеріне Омбы жақтан кіргені аян. Іле өзенінің күншығыс бетін жайлаған Жалайыр, Сарыүйсін, Ботпай, Сиқым, Жаныс, Шымыр, Шапырашты, Ысты, Албан, Суанды орыс әскері 1851 жылы бағындырды. 1852 жылғы тарихта «Ұзынағаш соғысы» болып қалған әйгілі соғыста сенің «батырың» Сыпатай мен Құдайберді Бәйетұлы екеуі өзіне ерген жігіттермен кіре тартып, қару-жарақ тасып, Калпаковскийге көмектесіп қарсы соғысқа қатысқан жоқ. Қатысса ерлік көрсетер ме еді?! Әй, қайдам? Қамшы өрген өрімшіден туған қырғыздың жиені не көрсетер қояр дейсің?! 1853 жылы қоқан билігіндегі Іленің оңтүстігіндегі үйсіндерді түгелдей бағындырып, 1854 жылы Верный бекінісін салды. Диханбайдан да, Тойшыбектен де рұқсат сұраған жоқ. 1856 жылы Алатау округін құрды.
Е. Бекмахановқа пәлеқорлықпен күйе жаққанда Айдарова мен Шойынбаев сенің қасыңда жіп есе алмай қалады екен. Ойыңа келгенді оттайтын заманда туғаныңа қуан. Е. Бекмахановтың «қорқып», «қашты» деген сөзіне кенеше жабысып «көпе-көрнеу әділетсіз қортынды жасады, пікірлері қате, тіпті өтірік» дейсің. Өмірінде соғыс көрмеген Рүстем мен Сыпатай қорқып қашпағанда неге қашты? Сандырақтаған адамдай сарсаң күйге түсіп М. Бекқожаевті куәге тартып «қашып» кеткен жоқ, «әскерді бөліп алып кетті» деп шыр-пыр боласың. Ол «сорық дейді, мен қырық деймін» деген мәтелге айналған сөзді қайталағандайсың. «Қашып кетті» мен «алып кеттінің» айырмашылығы не? Кенесарымен келісіп, ризашылығымен кеткен жоқ қой.
Ей, Әпенді!
Қазақ пен қырғызды арандатқан Жантай Қарабеков емес, сенің Сыпатайың. Сұлтанхан Аққұлұлын өсекшіге теңеп, ол келтірген дәлелді сөзді тәрк етіп Әлихан Бөкейхановтың Қалиғұл Әлібековпен де тілдескенін теріске шығарғандайсың. Сұлтанхан Аққұлұлы қырғыздарға жаны ашып отырған жоқ. Заманға байланысты «СОВЕТТІК КӨЗҚАРАСПЕН» қарап отыр. Жетесіз әпербақандар сенің «қонақтарың» мен саған сенсек, Кенесарыны халық жауы етіп, жиырма жылдық тәуелсіздігімізден бас тартып қолымызды төбемізге қойып Сыпатайдың соңынан еріп, қаңғып кетуіміз керек.
Ей, Әпенді!
Сенің сөзіңде пәтуа бар ма? Е. Бекмахановтың зерттеу еңбегінен келтірілген цитаталар «Үрістем төре мен Сыпатайды Кенесары өліміне қатысты» деген пікірдің қате екендігіне көзімізді жеткізді дейсің де, теріс айналып Сыпатайға қатысты тұжырымы үстірт, пікір, дәлелі жоқ, жел сөз деп қабылдап, Сыпатайдың Кенесарыны неге қолдамағанын ашып көрсетіп бере алмаған дейсің. Мен айтар едім, Е. Бекмаханов Сыпатайға сөзін шығын еткісі келмеген. Менің де Сыпатайда «бес бересі, алты аласым» жоқ. Аян Нысаналин мен Үміткен Сүйінішқызының көлдей-көлдей екі мақаласы Сыпатайдың сылдыр сөзбен мақтауын жеткізіп, батырлығын аша алмағанына ренжіп, сен сияқты біреулер «батырлығын» ашар, сабама түсірер деп қарсы мақала жаздым. Сен де солардың қатарында кеттің. Менің жазғаныма тікелей, дәлме-дәл жауап берген жоқсың.
Ей, Әпенді!
Кандидаттық біліміңді қонақ-қандендерше үргізбей, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп бытырлатып, әр шөптің басын бір шалып анау жаман, мынау жаман деп Е. Бекмахановтың етегіне жабысқанша, менің жағамнан алып жарапазаныңды әрі қарай жалғастырғаның жарасар еді. Менің «әлеуетім жетпей» жазып жатқан кітабымды «криминалный» етіп, ел қызығып оқитындай дәрежеге көтеруге көмегің тиер еді. Қазақ жеріне жабысып, тарихын қайта жазып жатқан жалғыз қытай емес, қырғыздардың да дәмесі бар екен. Тарихты бұрмалайтын бұралқылар енді бас көтеріп жатқан секілді. Сен Арғындарды Дулаттан таратсаң, қырғыздар сенен де асып түсіп, қазақтарды қырғыздан туғызып, «қырғыздар - жер бетіндегі алғашқы адамдар, қырғызстан осы планетадағы тіршіліктің бесігі» деп бөскен Сыпатайдың нағашысы Арыстанбек Абдылдаев Президент болғанда Планета Президенті болады екен. Құдай сақтап қалды.
Кенесарыны қаралаудан алдыңа жан салмай жан түршіктірер сілтемелер жасайсың. Бірер мысал келтірейін. «Кенесарыға байлыққа жету үшін қосылдым», «Кенесарыға қосылған адамдар бай болады екен деген соң туған-туыстарыммен көшіп бардым», «Кенесарының туының астына үйсіз-күйсіз жігіттер жиналған», «Кенесарының қоластында 1500 жасөспірім қазақ бақташылары бар», «аға сұлтан етіп сайламай, бұл атақты қарапайым биге бергендіктен келіп қосылдым», тіпті сорақысы, «Кенесарының кедейлігін, қарусыз екендігін көрдім. Олар зорығып өлген жылқының етін жейді, әрі киім киістері жұтаң... Олар әдеттегі байғұстар сияқты өмір сүреді...». Сұлтандардың көпшілігі «халық арасындағы ықпалын жойып алудан, байлығынан айырылып қалудан қорқып қосылған» дей келесіңде Ұлы жүзге келгенде жыртылып-айырыласың. Ал Ұлы жүз «Ресей отаршылдарына қарсы күресін, егеменді (ұлт-азаттық емес) қазақ елін құру идеясы үшін қолдаған», Ресей патшалығының «итаршысына» айналған қырғыз манаптарына қарсы жорығын қуаттаған» деп құйтырқы сезімдерге бөленесің. Ей,Әпендім!
Кенесарының жорығын қуаттасаң, Кенесары қолынан Сыпатай бабаң өмірінде соғыс көрмегендіктен қорқып, қашып кетті емес пе? Қай бетіңмен «патриоттық, мәрттік» деп мақтанасың? «Орта жүздің, Кіші жүздің кедей-кепшік, байғұстарындай баю немесе бай-шонжарларындай тоналамын» деп қосылмаған. «Ұлы жүзде кедей кепшіктер мейлінше аз, ал байғұстар болмады деуге болады» дейсің. Қалай-қалай бөсесің, қайран Әпендім. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» әр 10 үйсіннің 7-8-і өліп, бар малын айдап әкетті емес пе? (Х. Досмұхаммедов) Төле би екі баласын қалмақтарға аманатқа беріп жан сақтаса, Абылай хан білектің күшімен, найзаның ұшымен қалмақтардың ауыр салықтарынан босатып, азаттық әперген жоқ па еді?! Ол кезде сен сияқты техника ғылымының кандидаты жоқ. Техникалық өркениетке жеткеміз жоқ. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан да», одан кейінгі қалмақ жорықтарынан да Орта жүз де, Кіші жүз де мал-жаннан шығынға ұшыраған жоқ. Тарих беттерінде солай жазылған.
Ей, Әпенді!
Сыпатай бабаңның патша өкіметі тарапынан бірнеше рет марапатталғанын, әсіресе Кенесары өлімі үшін айырықша марапатталғанын мойындағың келмейді. Ер мойынында қыл арқан шірімес. Тарихи фактілерге жүгінсең мойындайтында күн туар. «Бақырып бай болмайсың» дегендей халық санасында қалыптасқан, сен үшін ашщы шындықты, құр байбалам салғанмен өшіре алмайсың. Шындық өшпейді, өрши түседі. Көзіңді жеткізеді. Сыпатай өзің жазғандай «патша әскерін қолдап, қару-жарағын тасымалдасып» Тараз, Сайрам, Ақмешіт, Ташкент қалаларын азат етуге қатысты дейсің. Қолына қару алып соғысқа қатысқан емес. Ондық, жүздік басқарып аттандап жауға шауып батырлығын, ерлігін көрсете алған жоқ. Колпаковскийдің Сұраншыға жазған хаты Кенесары өлгеннен кейін бес жылдан кейін «Біз сіздерді қорлатпаймыз, патша әскерін қолдаңдар» делінген. Кенесары хан Үрістем төрені, Сыпатайды тыңдамады деп ренжисің. Сыпатай Кенесарының кегін жоқтамай-ақ қойсын, нағыз қазақ болса, өзінің аталасы Саурық батырдың, Сұраншы батырдың кегін жоқтар еді. Есесіне Жамбыл жырау жырлап тарихта атын қалдырды. Сыпатайды жырламады.
Ей, Әпенді!
Кенесары-Наурызбай кегін жоқтаған Албан-Суандар Бұғы руының Боранбай манабын өлтіріп, малын талауға салды. Сен келтірген өлең Жамбыл жыраудың 1946 жылы шыққан толық жинағында жоқ. 1955 жылы қайта басылып шыққан жинағынан Жамбылдың Сыпатайға арнаған мір оғындай бірнеше өлеңдерін алдыртып тастап кіргізген өлеңдеріңнің сиқы төмендегідей. Түгел келтірейін ел білсін, оқысын, талқыласын. Жыраудың өлеңдерімен салыстырсын.
Барайын енді аяңдап Сыпатайға,
Айтпай оны кетпеймін тегі жайға.
Ұлы жүздің тірегі - батырым ғой,
Бір болмаған ығай мен сығайына.
Қайыры қарашыға сондай жақсы,
Қандырып сусындатып қант пен шайға.
Байлық, бақыт тек оның ерлігінде,
Ерлікпен ел намысын берді кімге?
Кімің бар Сыпатайдай төңіректе,
Арғымақ мінгізеді ат керекке.
Ерлігі мен жомарттығы жаннан асқан,
Пайдасы тиіп жатыр күнде көпке.
Кім мақтамас қайырымды ер Сыпатайды,
Дәулетімен ораған Алатауды.
Қанша халық аралап жүрсем-дағы,
Жалғанда көргенім жоқ ондай жанды.
Пай, пай! Ерлік пен батырлықты жырлаған, Өтеген, Саурық, Сұраншыны елге танытып толғаған Жамбыл жыраудың аузынан осындай өлеңді шықты деуге адам сене ме? Қай жырында Жәкең жарықтық «шәй ішкенін, ат мінгенін» жырлап еді?
Ей, Әпендім!
Қайта айналып соққан құйындай, қайта-қайта ұйытқып соғып Е. Бекмахановты қаралаудан жалықпайсың. Кенесарының өлімі Сыпатайдан емес, соғысты дұрыс жүргізе алмағандығынан дейсің. Кенесарының соғыс жүргізу тәсілін бүкіл Европа мойындаған. Қолында отты қарулары болса, ең үздік қолбасшы болар еді деп қызыққан. Сол Кенесарыны қырғыз қолынан өлмегенде, орыс әскерінің қолынан өлуі кәдік еді деп сәуегейсіп күстәналайсың. Өлімге басын тікпеген адам қолына найза, қылыш ұстап соғысқа аттанбайды. Сенің бабаң Сыпатай құсап тиіп-қашып ұрлық жасап, тамағын тойғызып, жасырынып жүріп, әр ұрлық жасаған сайын бір өледі. Қырғызыңның Сарбағыш руының манабы Әділ, жылқыға маза бермеген соң, Сыпатайдың бар жылқысын барымталап, өзін де байлап матап алып кетеді. Сыпатайды құтқару үшін Сұраншы батыр Әділ манапқа 1862 жылы екі рет хат жазып «өз еркіңмен бермейтін болсаң күш қолданамын» деп қорқытып Сыпатайды да, өзіне тиісті малын да қайтартып алады. Сол Сұраншыға Сыпатай не жақсылық жасады? Сайрамда қапияда қолға түскен Сұраншыға туысқандық көмек те көрсете алған жоқ. Ал Кенесары хан ұрлық жасатқан жоқ. 20 мыңға жеткен әскерін тамақтандыру үшін салық-зекет төлемеген байлардың, әсіресе, сұлтан, төрелердің малдарын қарындасы Бопай ханымға айдатып алып отырды. Ұлт-азаттық қозалысы жолындағы қаталдығы үшін күнәдан пәк. Байлығымыздан айырыламыз деген төре - өзінің туыстары Кенесары қозғалысын қолдамағаны рас. Бірқатары орыстың біліміне, техникалық өнеріне көңіл аударып өркениеттікке ұмтылды. Ал Кенесары дербестігін, жеке хандығын, терезесі тең мемлекеттігін сақтағысы келді. Сол жолда өлді. Бір-ақ рет өлді.
Ей, Әпендім!
Кенесарыны Кавказдың Шәміл имамымен теңестіруге келмейді дейсің. Шәмілдің ұстанған ұстанымы бөлек. Дінге берілген адам. Кенесарыда өлсең шәйіт боласың деген сенім жоқ. Кенесарының рухы биік. Егер жазатайым орыс әскерінің қолына түссе «...мен Ресейдің осындай алып ел екенін білгенде, бұлай соғыспас едім...» дегенді Кенесары айтпайды. Бәйбішесі Күнімжан тұтқында отырғанда да айтқан жоқ. Өз басына да «ажал қылышы» төніп тұрғанда да қырғыздардан кешірім сұрап басын иген жоқ. «Өз елінің еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында өзі жүргізген аса ауыр күресін баяндады. Сарыарқаның кең даласын, шайқаста қаза тапқан серіктерін еске алды.» Ал енді басымды шапсаң шаба бер, тек жанымды қинамай өз қылышыммен шап деген тілек орындалады.
Кенесары тұтқынға түсті дегенді естіп, Тезек төренің басшылығымен бірінші болып Албан-Суандар атттанады. Жолай Кенесарының өлтірілгенін естіп, кектеніп, жолдағы Бұғы руын шауып, Боранбай манапты өлтіріп, малын айдап әкетеді. Орман манап орыс әскерінің көмегімен Бұғы руының Ыстықкөл жағалауындағы бай жайылымдарын басып алу соғысында 1855 жылы қаза табады. Кенесарының киесі ұрған Төрегелді манап малы талауда, өзі қамауға алынады. Жантай манап та екіжүзділікпен орыс әскерінен пана іздеп «қырғыздарға сенгенше маған сеніңіз» деп сатылса да ажал тапқанын Жамбыл жырау «Сұраншы батыр» жырында баяндайды. Қырғыз манаптарын Кенесарының киесі ұрды деген - осы.
Е. Бекмаханов Айдарова мен Шойынбаевтың т.б. арызымен Мәскеудің қыспағына түссе де, өзін ашық құрбандыққа шала отырып, Кенесарының, Ағыбай батырдың үлкен тарихи панорамсын жасап кетті. Кенесарының дүние танымы екеуміздікінен жоғары, екеуміздікінен ауқымдырақ. Сырым Датов, Тіленші Жоламанов, Исатай мен Махамбет орыс отаршылдарына қарсы күрессе, Кенесары Ұлы ханымыз Абылайдан қалған жер үшін күресті. Мемлекеттік үшін күресті. Сен жазғандай, «құрт-құмырсқа теріп жеп» өлмес күні үшін қырғыздармен де, орыс отаршылдарымен де соғысқан жоқ. Имам Шәміл құсап «жиһад» жариялмаса да, Имам Шәмілден артық істер тындырды. Өзінің «қасиетті соғысы» жолында басын бәйгеге тігіп, шейіт болды. Қазақ жерін түпкілікті отарлатпауға алғышарттар жасап өлді. Есімі қазақ халқы үшін ұранға айналды. Бүгінгі егемендігіміздің бастауы - Кенесары ханнан басталатыны сөзсіз. Сен оны мойындауың керек.
Ей, Әпендім!
Кенесары хатшысы Сейдақ қожаға жаздырып қалдырған құжатты-хаттарын оқыған сияқтысың. Орынбор әскери губернаторына жазған хатынан мәлімет келтіріп Кенесарының мақсат-мұратын анықтап, жеке басы үшін емес, бүкіл қазақ үшін алысып, арпалысып жүргенін жазасың. Сөйтесіңде, «өлген жылқының етімен» тамақтандырып қорлайсың. Бұл қай мазағың? Өзіңде ұят бар ма? Сыпатай ғұрлы тамақ тауып жей алмағаны ма?
Менің Есімхан, Жәңгірхан заманында өмір сүрген, әскерлерінің қолбасшысы бола білген Көкбөрі Керней бабам Тәңірге табынудан мұсылманшылыққа көшіп жатқан кезде, соғыс үдеп тұрған шақта, намазға жығылған сарбаздарына «Құдайға өзің үшін сен, жауыңды жеңу үшін алмас қылыштың жүзіне, ақ найзаның ұшына сен» деген екен. Мен қаламның ұшына, тілдің күшіне сенем. Бабам айтқандай, өз Құдйым өз жүрегімде, ар-иманым таза. Тағы қайталаймын, менің ешкімде «бес бересі, алты аласым жоқ». Құтырынып тұрған осы заманда сатқындықтың бетін ашқым келді. «Кенесары ардақты болса, Сыпатай да құрметті» деп Кенесарымен салыстырғаның қай сасқаның? Кандидат болып ғылыми тұжырым жасағаның осы ма? Екеуміздің мақаламызға пікір білдірген 100 ден астам «қонақтардың» 70-80 пайызы Сыпатайды сатқын деп есептейді. Ал, сен Сыпатайдың әруағына сыйынып «тілің күрмеліп, көзің алақтап қалсасың» деп қарғайсың. Ей, Әпендім, мен сыйынып отырған Кенесары ханның, Ақжолтай-Ағыбай батырдың әруағы Сыпатайдікінен кем бе? Онда олар несіне хан, несіне батыр? Кеңестік қазақстанның ұлы тарихшысы Ермұхан Бекмахановтың әруағы тақияңа тар келе ме? Әруақтардан қорқатын болсаң, осы ұлылардан қорық. Мен, сен құсап қарғыс тілемеймін.
Ей, Әпендім!
Маған ақылды көп айтып санамды ашқандайсың, есіме екі шалдың әңгімесі түсіп отыр. Айта кетейін. «Үйсіннің екі шалы кездесіп сәлемдесіп тұрыпты. Бірі - Сарыүсін, бірі - Шымыр. Шымырдың жетектеген төрт-бес жасар баласы бар екен. Шымырдың шалы баласына: Сарыүйсін атаңа сәлем бер депті. Сонда бала: Сарыүйсінді қыздан туған деп отырушы едіңдер ғой, қайтіп ата деймін» депті. Сол айтпақшы қайдағы бір қырғыздың жиеніне, батыр боп жау шаппаған, шешен боп дау шешпеген, би болып көш бастамаған адамға табынып «құрбандық шалып, жаздым-жаңылдым» деп кешірім сұрайтын не жөнім бар. Кісі өлтірген, ұрлық жасаған жағдайым жоқ. Осыған орай мына бір төрт тағанды да келтіре кетсем артық болмас.
Ей, Әпендім! ақылшы көп осы-ақ қиын,
Дүниеде ақыл айтқыш дос-ақ қиын.
Өгізден сүт сауам деп әуре болма,
Ақылдың пұты деген бес-ақ тиын.
Әрине, бұл өлеңді кім жазып отырғанын менің Әпендім біледі деп ойлаймын.
"Абай-ақпарат"