Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3291 0 пікір 20 Наурыз, 2012 сағат 05:59

Қажығұмар Шабданұлы. Ажал аузында (жалғасы)

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ

АЖАЛ АУЗЫНДА

I

Құдіретті "тергеушім", өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Ли Шиянжаң кеткен жылдың жазында Нұрасыл авдокаттығын қоя қойды, тіпті үлкен көшеге де бармай, жаяу саудагерлігін қала сыртындағы жол аузында жүргізді. Біздің үй қоныстанған шет Орқашар тауы мен Жайыр қазақтарының қалаға кірер жолы еді. Бұл жолмен тері, жүн, ішек сатуға айдалған қой-ешкілер өтіп жататын. Жаяу саудагерлер соны тосатын да, кең балақ сахаралықтан сатып алып, ірі саудагерлерге апарып өткізетін. Ал ірі саудагерлер оны жиып апарып Соу-син торгіге[1] немесе шекарадағы совет сауда пункттеріне өткізіп, базар-дүкендерін жайнататын. Нұрасыл сол ұсақ алыпсатарлығын шеттей істеп, ертелі-кеш жол аузында отыратын болды. Бұл жазда патентсіз саудагерлердің алып сатуына тыйым салынды. Жол аузында отырушылардың көбеюі содан еді. Ал, Нұрасыл патенті бола тұра шеттеп алды. Жолдан сатып алған нәрселерін апарып өткізеді де, өзі бармай басқа біреуге патентімен беріп өткізіп жүрді. Жол аузында отырып-отырып, біздің үйге кіріп келген бір күні әкем сұрады бұл жайын:

- Нұрасыл, сен неге бұғып жүрсің осы?!

АЛТЫНШЫ БӨЛІМ

АЖАЛ АУЗЫНДА

I

Құдіретті "тергеушім", өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Ли Шиянжаң кеткен жылдың жазында Нұрасыл авдокаттығын қоя қойды, тіпті үлкен көшеге де бармай, жаяу саудагерлігін қала сыртындағы жол аузында жүргізді. Біздің үй қоныстанған шет Орқашар тауы мен Жайыр қазақтарының қалаға кірер жолы еді. Бұл жолмен тері, жүн, ішек сатуға айдалған қой-ешкілер өтіп жататын. Жаяу саудагерлер соны тосатын да, кең балақ сахаралықтан сатып алып, ірі саудагерлерге апарып өткізетін. Ал ірі саудагерлер оны жиып апарып Соу-син торгіге[1] немесе шекарадағы совет сауда пункттеріне өткізіп, базар-дүкендерін жайнататын. Нұрасыл сол ұсақ алыпсатарлығын шеттей істеп, ертелі-кеш жол аузында отыратын болды. Бұл жазда патентсіз саудагерлердің алып сатуына тыйым салынды. Жол аузында отырушылардың көбеюі содан еді. Ал, Нұрасыл патенті бола тұра шеттеп алды. Жолдан сатып алған нәрселерін апарып өткізеді де, өзі бармай басқа біреуге патентімен беріп өткізіп жүрді. Жол аузында отырып-отырып, біздің үйге кіріп келген бір күні әкем сұрады бұл жайын:

- Нұрасыл, сен неге бұғып жүрсің осы?!

- Бұқпасқа болмайтын сияқты, Жәке... Базарға түсіп әдемілігімді көрсетпей-ақ, бес-алты шикі өкпемді амандықпен асырайын дегенге келдім. Сіздің қорқақтығыңыз маған да жұға бастады.

- Жүзіңді көрсетуден неге қорқасың?

- Көрінсем-ақ әдемі екен деп Үрімжіге ала жөнеле ме деймін. Бірдеме ойлай алатын, әдемі сөйлей алатын адамдарды "құрылтайға" шақырып жатыр ғой үкімет.

- Е-е-е, - деп соза күрсінді әкем, - біздің елдің заңшылы, жауап қайтарары жалғыз сен ғана болып қалып едің. Енді Дәмештерді сүйрей жөнелсе үн шығармай шұлғи беретін болғанымыз ба!?

- Мұң тыңдап, аққа жақ боларлық үкімет Дөрбілжінде қалмай барады ғой. Бір дауға барып, әділдік сұрастыра қалсаң, "е, сен де әдемі екенсің, жүре ғой құрылтайға" дейтін заман болып қалды. Үкіметтің бір басы - мұң тыңдағыш, сүйкімдірек бас еді, сірә, ол жанама бас болса керек. Дулығалы дүлей бас соны кеміріп жеп жатыр. - Өнер алды... қысқан, өгізге туған бұзауға да тумасына кім кепіл. Балаларымды бағайын!

- "Алты саясаты" әлі айтылып жүр ғой, неге түңілдік сонша?

- Алты саясатты апамның маңдайшасына асып, әлгі дулығалы аю ғана қалды ғой, онысын орындап қанша жарытар дейсің... Жә, енді Биғазыңызды маған қосып беріңіз! Малайлықтан гөрі менің кәсібім сәл тәуірлеу. Ең болмағанда, қожайынға қоқаңдатпай, еріктірек істейтін кәсіп қой. Оған қарызға бір сома тауып берейін де, қасыма ертейін!

- Сенің кәсібің ғайыпты күтетін кәсіп қой, шырағым. Ғайыптан түсе қалғанда да ең алдампаздарың ғана ала аласыңдар. Қазір ол жас, тапқан пайдасы алдамшылық үйрену ғана болып, оның үстіне зиян тарта қалса қарызын қайтарта алмай қан тышамыз ғой. Сауда түбі "борыш", михнат түбі - "ырыс" деген, қазірше осы алал жалшылығымен ғана жүре тұрсын! Әйтеуір қазір байлар аз болсын, көп болсын, тоқтамды еңбекақыны мүлде жеп кетпейтін болды ғой.

- Мұң тыңдаушылар мүлде жоғалғанда, байлар мұртын тағы тікірейте қоймаса!.. Сонда да ойлап көріңіз, Жәке! - деп шықты Нұрасыл, - Биғазы еті тірілеу, жігіт болатын бала еді, қабырғасы жастай қайысып, жасып жүргендей көрінген соң жаным ашып еді. Қайсынымыз қарызданбай күн көріп жүр дейсіз, көппен бірге көрмей ме!

Әкем Нұрасыл кеткен соң, ойлана қараған шешеме сөйледі:

- Патент алуға да ақша керек, оны алған соң еш нәрсе өндірмесе де ай сайын бажы төлей береді, ал патенті жоқ саудагерлердің күнін итке берсін, бәйбіше, қала ішінен киімі түзу біреу шыға келсе, сақшы мен бажыхананың тәйниі деп қорқып, бұта-бұтаға тығыла қашады.

Осыдан екі-үш күн өткен соң тәйниге ұқсаған бір ұйғыр жігіт келді біздің үйге. Нұрасыл біраз саудалық бақал-мәліш алып, жайлауға шығып кеткен екен. Жол бойында отырған алыпсатарлардың тым-тырақай қашуынан ол жігітті біз де тәйни деп біліп едік. Шекшие қарап, шерте басуынан, тіпті "шенді агент" сияқты көрінді. Үйге кірмей, екі бүйірін таянған бойы екі ешкіміздің қорасына барып үңілді.

Шағын қаланың қандай адамы болса да бір-біріне түс таныстау келеді. Ол - мен көріп жүрген Абылахат дейтін мырза - сері қасапшы болатын. Үлбіреген жібек көйлегіне дақ түсірмей, сымының қырын сындырмай, тіпті қасапшы екенін де білдірмей, көбінесе шертигендер арасында жүретін. Ұйғыр тілінің ұяңырақ дыбысты жұта сөйлейтін әдетімен, "Әбілат" деп атайтын өзін. Әбілат бұрынғыдай айқұлақтанып, төне қарады қораға. Онда Жайыр тауынан түн қатып келген бір таныс уақтың бес-алты қойы қамаулы еді. Агенттің көзі қызарып кеткенін көріп, мен сескене қарадым оған.

- Ей, мына қой кімдікі? - деді. Әкем үндемей қалды да, жауапты шешем қайырды:

- Таудан келген бір таныстың қойы.

- Иесі қайда?

- Үйде ұйықтап жатыр.

- Шақырыңыз!

Шұғыл бұйрықтан тіксініп қалған әкем тұра ұмтылып барып шақырып шықты.

- Мына қойларыңызды сатамысың, ей? - деп Әбілат қонағымызға адырая қарады. Өзі қой сатып алуға келгенін біліп, мына қоқаңдауына қорланыңқырай қалдым мен. Бір жеңін киіп, бір жеңін кие алмай қалқақтай шыққан момын қазақ:

- Сатамын... Тұяғы сексен сәріден! - деді.

- Не деп тұрсың... Ол қайдан келген нарық?!

- Тақсыр, бұл таңдап әкелген қойларым, көріп тұрсың, бәрі семіз, құнан қойлар!..

- Құнан қойға да базардың нарқы бар!.. Ең жоғарғысы қырық сәрі, білемісің! Бір-ақ сөз, тұяғы отыз сәріден, беремісің, жоқ?!

- Тым төмен, тақсыр! Отыз сәріге мұндай қойды сатқанша айдап қайтқаным жақсы!

-  Ей, сен, қайдан келдің?

-  Жайырдан.

- Қайда жүрсің?

-  Дөрбілжіннің шеті шығар?

- Ә... Бұл, сенің тауың емес, Дөрбілжін, нарықты өрлетсең пал салынады, ұқтың ба?.. Мен сені сынап қою үшін дәл бағасынан артығырақ айттым. - Сатамысың, жоқ?!

- Жоқ, тақсыр, сата алмаймын. Мұның екеуі ғана өзімдікі, басқасы ағайындардың аманат қосқан малы, алмасаңыз өз еркіңізде ғой.

- Менің алатын еркім бар... Үкімет бағасымен алуға қақылымын. Қадірің барда сат, артығырақ баға айтып тұрмын. Шығарып айдап апарып, ақшаңды ал!

- Жоқ, сатпаймын!

- Қойды біреудікі дейсің ә, сен. Саудагер екендігіңді біліп тұрмын, патентің қане!

- Патек дегенің немене, тақсыр-ау?! - Малшы күлімсіреп таңдана қарады, өзіңде жоқ, ұятты аспап сұрағандай ұғып еді.

- Сауда қылатын белетіңді шығар, көремін! Сен саудагер болмасаң мұндай қымбат баға шығармайсың!

-  Бұл саудагер емес, - дедім мен, - таулық мал баққан адам!

- Сен тыныш тұр! - деп Әбілат маған едірейе қарап тастап, малшыға әкіреңдей жөнелді,-патент жоқ па?!. Жүр, айда қойыңды, сақшыға барасың!.. Қанша қымбат айтсаң, соншалық пал төлеп сатасың. Үй иесі сен де жүр, сатпақ болған бағасына куә боласың!

Мал иесі аңтарылып тұрып қалды да, күңкілдей жауап қайырып әкем тайқыды:

- Саудаңда ісім жоқ, шырағым, өз жұмысыма кеттім! - деп шығып жүре берді.

- Қарағым, қой алушысың ғой сен, - деп шешем тігіле қарады Әбілатқа, - оншалық қорқытпай-ақ саудалассаңшы! Саудада зорлық жоқ қой!

- Сіз үкімет заңын білмейсіз, ана, араласпаңыз, менің
бұл іс туралы міндетім бар! - бұл сөзімен Әбілат тәйни екенін түсіндірсе де, маған шешемнің сөзі демеу болып, тиянақ тапқандай болдым. - Жүр айдап, жүр! - деп Әбілат малшыны итермелей түсті, малшы жалынышпен қарады оған:

- Менің баратын не жұмысым бар, тақсыр-ау? Сатушы сәл қымбатырақ та айтар, алушы әуелі төмендете бағалап, келісе алмаса өрлете түсіп, ақырында келісуші еді ғой! Мұсылмансың, қарағым, иман ағзамның жолы сол емес пе еді! Сақшыға бармай-ақ қоялық, өзің біраз өрлеп көрші қане!..

- Қорықпаңыз, - деп малшының иығынан түртіп қалдым мен, -қойды бұған сатпа!.. Жүр, барсақ барайық сақшыға!.. Бұл сенің қойыңды қорқытып алмақшы ғой, қаншалық тәйни болса да көріп алайық, жүр кәне!

- Жүр! - деп Әбілат малшыны алдына итеріп түсірді де, мені қолымнан ұстай алды, - жүр, сенің де батырлығыңды көремін!

- Мені айдайтын ақың жоқ! - деп қолымды серпіп шығардым, - өзім-ақ барамын!.. Сенің міндетің не екенін мен де көрмекпін, жүр өзің!

Мендей екеу келетін ұзын Әбілат, қол жұмсай алмай ырқындағы малшыны айдап ала жөнелді. Әбілаттың өзін айдаған тәрізденіп мен оның соңына түстім. Әбілат жол-жөнекей маған құқай көрсете, заңын да түсіндіріп сөйлеп келеді. Жауабына мен де жауап қайырғаныммен, жүрексініп, құқайына құқай көрсете алмай келе жатыр едім.

-  Сен ұғып қой, - деді базарға таяй бере, - ұры саудагерді үйіңде сақтап, алған малын қораға жасырып отырыпсың! Сақшыға барғанда мұның қылмысын жасырушы болсаң, өзің бірге қамаласың! Сен таныс оқушы болғандығың үшін, құтылу жолыңды ескертіп қояйын, бұл өзінің саудагер екенін айтып, шығарған әлемде жоқ нарқына куә бол, мақұл ма!.. Оқушы ұры жақта емес, үкімет жақта болуға тиіс!

- Әлбәтта! - дедім мен. - Оның сөзіне де, сенің қылмысыңа да куә боламын!

- Менің не қылмысыма куә болмақсың?! - деп ол атыла қарады маған.

- Отыз сәріге бермесе түрмелетіп, пал салдыратыныңды, міндетің бар екенін айтып қорқытқаныңды ғана айтамын. Тәйнилігіңді айтып, біреудің малын тартып алмақсың! Бұдан басқа үлкен қылмысыңды, осылай қорқытумен қанша адамның малын жегеніңді білмеймін, рас емес пе!.. Ал мынаның қылмысы - "сексен сәрі" дегені, сен айтқан отыз сәріге бермегені, мұны да қалыстықпен айтамын!..

Әбілат қыңқ етпейтіндей қампиып, екі қолын қалтасына салды. "Қылмыстарын" айтқанда малшы ғана қинала қарады маған. Көзімді қысып қойсам да қыбыжықтай берді.

- Ей, қалқам, - деп қайырыла қалды бір кезде Әбілатқа, қайтадан саудалассақ қайтеді?

- Қой, қой, ақсақал, малыңды қорқытушыға сатпайсың! - деп қолымды қатты сермедім мен, - енді осыған сатсаң шын қылмысты боласың!

Менің малшыға ашулануыма бір-екі рет қарап қойған Әбілаттың бәсеңдеп қалғаны байқалды, мұнан соң үндеспедік. Суы жаз шыққалы бірнеше жерден буылып, тартылыңқырап қалған Емілдің аттамаларынан аттадық. Айдаушы баяулау басты аяғын. Еңкейіп бара жатқан жалынды күн, "енді қайсының қорқар екенсің" дегендей сынай үңіліп тұрған тәрізді. Аспан әлденеден қауіптенгендей, демін ішіне тартып тына қалыпты. Алдыңғы жағымыздағы көкжиектен қою қара бұлттың түксиген қабағы көрінеді. Ашуы ішіне сыймай көңілді шаңытымен зәрленіп келе жатқан долы сияқты. Сол қаһардан қаймыққандай қарлығаштар да шыр қағып, зыр қағып әуелеп барады.

- Тез жүріңдер! - деп енді мен айдаушыға айналғанымды білдірдім, - тергеуші қайтпай тұрғанда сөйлесіп алайық!

Ағардың батыс жақ қабағына шыға бере Әбілат күреңіте "бұйырды":

- Қайтыңдар! Бағана мұсылмандығыңды айтып едің шал, мұсылманды мұсылман қаматқан болмас, амал жоқ... Кештім!

Ол басын төмен салып кете берді. Ауыр қинаудан жаңа құтылғандай күрсінген малшы маған қарап тұра қалды. Тәуекел деп түйілуім ғана болмаса, менің де туталақай болып келе жатқан кішкене жүрегім бар ғой, сақшы мекемесіне кіруден белгісіз қорқынышпен іштей сескеніп келе жатқандығымнан мен де тұрып қалдым. Әбілаттың сонша қомсынғанына қарай, менің де бір қорлап қалғым келді:

- Ей, Әбілат, тоқташы! - дедім мен, "Әбілат" сөзін нақтылап айттым. Қайрыла қалды ол, - жасың қанша үлкен болса да "аға" деген сөзді мен саған қимаймын, сенің атың Әбілат екенін білемін, ұяң дыбысты жұтып қоятын әдетіңмен «Абылқаттан», «Әбілатқа» айналып қалғансың. "Әбілат" бізше албасты деген сөз. Адамның қабағына қарап басатын албастысың! Бұл атыңды осы жолы мықтап дәлелдедің. Момын малшыны жұтып алмақ болдың ғой! Мұсылмандыққа қарап "амал жоқ" демедің, албасты болғандығың үшін ғана амалың құрыды, осыныңды ұмытпа!

Оның беті шыдамай жүре тыңдады, үнсіз кетті.

- Япырмай, пәледен құтылғаным рас па! - деді шал. - Жас болсаң да ерлікпен құтқардың-ау мені!.. Сен болмасаң жарым бағаға тіпті соның бергеніне разы бола салатын едім. Қасқырдан аман қалған үш қойдың біреуін саған-ақ сыйладым, қарағым!.. Өркенің өссін!

- Жоқ, аға, рахмет!.. Ерлік емес, өзім де селкілдеп
тәуекелмен әрең келе жатқанмын.

Сақшыға бұл даумен барудан Әбілат тәйнидің өзі қорыққандығына қарап, мен "үкіметтің әділдігі» әлі бар екен деп түсіндім. "Мұң тыңдайтын жанама басын негізгі дүлей басы жеп" жатқанымен, әділетті әлі де жемеген сияқты көрінді. "Бірақ әділет желінбеген болса, құрылтайға осындай Әбіләттарды неге шақырмайды?! Елсадықтарды алғанша осыншалық зорекер құтырғандарды алса, шын әділдік сол болмас па еді!.. Алты саясаттың парақорлықты-жемеңгерлікті жоғалтқаны қайда, керісінше мұның тәйни болып асқаны қалай?! Есіктей кеудесі мен тастай жүрегі қалай сақталып жүр, бұған кім бу берді?! Бірақ, мұндайды буландырып қойған үкіметтің өзі десек, сақшыға таянғанда бұл Әбілат неден қорықты?!

Бұл кезде мен тәйниліктің үкімет құпиялығы екенін, бұл құпиялықты әшкерелеп қоюшыны, қаншалық ардақтысы болса да, үкімет қатал жазалайтынын білмейді екенмін. Кейінірек, расында Әбілаттың саяси тайни екенін, ол осы зорекерлікті, өзінің тәйнилігін әшкерелей жүргізгендігін, сол қылмысын менің дәл жеткізбек болғандығымнан қорыққанын ұқтым!

Өзім жаңа көріп келе жатқан жақсылықтың жаныштала бастауымен қатар бұзықтықтың қайта бас көтере түскені осыдан төрт-бес күн өткенде тағы да анығырақ байқалды.

Жаздық демалысқа босағаннан бері қала ішіне кірмеп едім. Клубта тағы бір жақсы кино қойылатынын күн бата естіп, жеткенімше кино басталып кетіпті. Ішінен бекітілген. Есік ашылмаған соң баспалдақтан енді түсіп, қашуға бет алғанымда екі ханзу бала клубтың бір жағынан шыға келіп, арт жағына: "хаса-хаса!" деп айқай салды. "Қазақ" деген сөзі екенін ұғып, аңтарыла қарадым. Соның арасында ересек-ересек ханзу оқушылары тұс-тұсымнан шығып қоршап кеп алды. Кейбірінің қолында шоқпар, кейбірінің қолында тас бар, не деп қаудырласып, не үшін ұрмақшы болғандықтарын түсінбей есім шықты. Қия бассам салып жіберетіндей. "Зу", "тупи"[2] деген сөзді жамыраса жаудырды. Бәрі де жер жамбылдың иен, қараңғы жағын нұсқайды. Жан-жағыма қарап, ара түсетіндей ешкімді көре алмадым. Дөрбілжіндегі жалғыз электр жарығы жайнап тұрған жер еді. Бәрі түсі таныс екен. «Тупи» дегенін түсінбесем де, "зу" дегенін толық білем ғой, таңбасын өзім биыл үйренген "жүр" деген сөз емес пе? Неге жүремін, не қылмысым үшін айдайды!.. Бірақ, жүрмесем ұруға кезеліп тұр. Шоқпар да - тас, тас та - тас, қаша жөнелсең ешқайсысы оңай тимейді. Қарсылассам тіпті қаттырақ тиюі хақ. Жалғызбын ғой! Онан да жүр деген жағына жүрейін. "Қазақ" деді ғой, қазақ болғандығым үшін ғәзер болса бір-екі шапалақ ұрар. Қол көтермей қойсам одан артық ұра бермес, жазығым жоқ емес пе!

Қазақша тілді жақсы білетіні белгілі біреуіне жазықсыздығымды білдіре қарадым:

- Ей, сабақтас, мен не қылдым сендерге, ешкімге тиіспеген едім ғой?! - менің қазақша сөйлегенім шам болса керек, екі жұдырық қатар келіп тиді. Боқтап, итермелеп сүйрей жөнелді сөйтіп, ешқайсысы қазақша тіл қатпай ханзуша тілдеп, түйгіштеп әкетіп бара жатса да, лажсыз тағы да қазақша сөйледім. Бұл жолы үнім қаттырақ шықты, - мен бәріңді танимын, жазықсыз ұрмандар мені!

- Ұрсақ қайтесің, міне!.. Мә, қазақ, саған!.. Міне тупи! - десіп енді бәрі қазақша сөйлей төмпештеп келе жатты. өлтірмеген жағдайда да естен тандыра соғатындығы былай шыға бере түсінікті болды. Адам бар жерден аулақтаған сайын таяқ қатая да, жиілей де түсті. Ешкім жоқ, дүлей қараңғылыққа сіңіп бара жаттым. Бір топ дүлей жыртқыштың қолында бекер өлгенше менің де қарманғым келеді, бірақ, ешқандай лаж жоқ: тосыннан сілкіп қолымды босатып алармын-ақ, бірақ, мына қараңғыда тас табыла қояр ма, қолдағы қаруларының бірін оңайлықпен қайсысы қарызға бере қояр. Мен жер сипалап бірдеме тапқанша, жер жастандырар. Соғысудан гөрі қаша жөнелу қолайлырақ сияқты, аяғымның біраз жеңілдігі бар еді. Сол оймен өз еркімше бағынғансып, елпектей бердім.

- Қайда апарасыңдар, өзім барайын, қолымды қоя бер! - деп екі қолымды да сілкіп шығарып, алдыларына түстім. Ең үлкен екеуі екі қолыма қайта жармасты да дедектете жөнелді.

Жер Дөрбілжіннің теріскей бір бұрышында жарлауыққа жақындай бергенде:

- Биғабілмісің, ей!... Биғабіл! - деп айқай салды артымнан біреу. Бәрі жалт қарады, құтқарушы періштем шақырғандай дереу: «мен» деп қуанышты үнмен жауап қайырдым. - Үй, қайда барасың?!

Дауысының қарлыға шығуынан тани қойдым, біздің шығыс шеттің Ғарыпбек атты «қыран сарысы» екен. «Жаңгүдейлерге» көбірек жалданғандықтан ханзуша жақсы сөйлейтін, әрі қалаға белгілі жұдырықшы еді.

- Мыналар ұрғалы айдап барады! - дедім мен жан дауыспен.

Ақырып жіберіп, тұра жүгірді. Ата-аналарын дәл өздерінше, өз тілімен сыбай ұмтылғанда, тым-тырақай қаша жөнелді әлгілер, лезде ғайып болды.

- Үй, сен олардың алдына түсіп, неге елпек қағып барасың? -деді Ғарыпбек қолымнан ұстай алып, - иен қараңғыда өлім іздеп барамысың! Ешкім көрмейтін жерде өлтіре салмай ма! Екінші былай қолға түссең, жарық жерден, не адам бар көшеден шықпай жатып ал! Ұрғыш болса адам көретін жерде ұрсын, өлсең адам бар жерде өл, сонда ғана дерегің табылады.

Мен қатерлі кемшілік өткізгенімді енді түсініп, Ғарыпбектің қатал сөгісін мойындай бердім.

- Сіз қайдан көрдіңіз, аға?

- Олар жабыла итермелеп клуб қақпасынан алып шыққанда, мен Төрт көше жақтан келе жатып көргенмін. Кім екендіктеріңді танымасам да, әйтеуір бір төбелес қой деп, жеделдей басып жеткенімше, сені сыртқа қарай бұрып ала жөнелді. Жүгіріп келіп бұрылыстан тыңдай қалсам, сенің үнің естілді. Енді бұл жаққа кеште жалғыз келуші болма, ұры-қарақшы, сотанақылар көбейіп қалды.

- «Тупи» деген не?

- Қарақшы, банды деген сөзі. Тупи деді ме?

- Ие, "хаса", "тупи", - деп айдады. - Біз қарақшы аталдық па енді?!

Ғарыпбек ашуымен мырс ете түсті.

-  Алтайдағы қазақтан "банды" шығыпты дейді. Қазақ болған соң бізді де соған сындырғаны ғой!..

"Баңды" жайын кеңіте сөйлей еріп, Ғарыпбек мені үйге шейін жеткізіп салды. "Жаңа Шиянжаңның" көп барып тұратын мектебінің оқушылары шынымен осылай тәрбиеленгені ме?!" деген ой құрыстап алды мені. Есімхан көтерлісінен аман қалған Оспандардың көбейіп, енді Көктоғай, Шіңгіл аудандарын түгел "бандыға" айналдырып алғанын естідім. Бірақ, оларға біздің не ортақтастығымыз бар еді. Олар "банды" болды деп бізді "банды" деп атаса, әділетсіздіктің ең сорақысы сол ғой! Елсадықтарды әлде соның себебінен ұстады ма екен!.. Олай болса Керім Шиянжаң мен Құсайын қазақ емес қой, ал Ли Шиянжаң тіпті ханзу емес пе!.. Жоқ, олардың ұсталу себебі басқа. Бірақ, қалайда Алтайдағы "бандыға" бізді қосып жазалау, тек осындай бұзық балалардың ғана ісі!"

Сол оймен олардан ертеңіне-ақ кек алмақ болдым. Содырлардың бұл қылығын өз көшеміздегі "жайындарға" жеткізіп едім, олар "содырларды" тыныштандыру қимылына қыза қатысып, жар үстіне түгел келіп жатысты. Бірақ, сол күні біз де әділеттіктен жазып қалыппыз: менің өшім, әрине, барлық ханзу баласында емес қой, жазаға түнгі содырлыққа қатысқандар ғана тартылуы керек еді. Суға кірген соң "жайындардың" көзі тұнып кетіп, бәрін "жұта" берді. Мен көрсеткендерді анықтап айыра алмай "жұтты", соғыс майданындағы жауынгерлерді "хақ жау", "нақақ жау" деп таңдап соғу өзі үшін қатерлі де болмай ма. Соғыста қарсыдан келгеннің бәрі қас. Сол жағдайда жаппай соғылды.

Өзім бір жауымды анық танып, дәл үстіне секіріп түсіп едім, суға толық тойдырмақ болып соны ғана үш рет "сыйлап" шыққанымда, бүкіл көлдің пырылдап-шиқылдап ұлар шуға айналып болғанын бір-ақ көрдім. Жарға шыға салып құлап, танылып қалмау үшін кенереден сығалай қарасам, өз жазалағанымнан басқаның бәрі нақақ сабақтастар сияқты көрінді. "Өш алмай, обал арқалап шығыппын-ау!" деген кейіспен жар үстіндегі құмайтқа аунай кеттім. "Жайындардың" бәрі батпақ сауыт киіп алғандықтан, ханзу сабақтастар олардың ешқайсысын танымай, улап-шулап киімдерін көтере-көтере жөнелді. Алысырақ барып, киімдерін кие тұрып, жабыла боқтық жаудырды да кете барды. Көпшілігінің жансақ жазаланып кеткені анық екен. Енді мұнан соң жаппай жазалау жүргізбей, анық танылған содырларды ғана баптауға келістік.

Менің ең негізгі нысанам, түнде өзім жалынып айтқан, қазақ тілі бар содыр еді. Тәтті жалынышыма қатты жұдырық қайтарған ғой ол, соның келуін тосып, жарды көп жастандым, келмей қойды. Сол ғана емес, тіпті ханзу балалардың көбі келмейтін болды. Жалыға-жалыға жар үстінде Жәкен екеуміз ғана қалдық бір күні.

Тауға көп құйған нөсердің тасқыны келіп, Емілдің суы аса молайған күні еді. Түске көтеріліп қалған күн ашық, ыстық болса да, түндегі жаңбыр қалдырған дымды лептен болса керек, су бойына ешкім келе қоймай, құлази бастадық. Құтырған тасқын біз жақтан жар қабырғасын арс етіп қауып, шап етіп жалап өтіп жатты. Терең иірім шыр-көбелек иіріліп, аш айдаһардай шиқ-шиқ жұтынады. Жүз толғанып, мың бүктеліп, жолбарыстай ыршыған сарғыш толқындар қарсы жақтағы қалың шым бөгеуді үздіксіз басып, жұлқылап жатыр, тіпті кеміріп жеп барады. Өзен ашуымен қайнап кетті.

Көзіккен содырым келмей менің де кегімді қайнатты. Есіме түскен сайын менің де ашу-ызам осылай жұтынып, осылай құтырып жатты. Ол мені соққылап қана қоймай, бейуаз ханзу сабақтастарға соқтықтырып, өзімді содырға айналдырды ғой!.. Осылай дағдарып толқынға төніп жатқанымызда, әр үйдің суын тасып күн көріп жүрген Жарбол дейтін жынды келді суға. Ол жынды болғанымен ешкімге соқтықпайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын. Тек өзінен-өзі айқай салып, бар сөлекет әуенімен "өлең айтып", бақылдап, барқылдап, шаңғырлап жүретін ауысқан адам еді. Ешкімге пайдадан басқа зияны жоқ, адал еңбегімен жаққандықтан, кірген үйінен тоя ішіп, тоя жеп жүретін қайғысыз-қамсыз, тоқ жынды Жарбол жардай жалпиған семіз де кесек денелі болатын.

Сол жынды айқайлап келіп, екі шелегімен иін ағашын біздің қасымызға қоя салды да, шешіне бастады. Жардың тоған шығарылған төменгі жақ оймауытындағы суға құлай өскен үйеңкінің түбіне жыртық көйлегін тәптіштеп бүктеп қойып, кенеп дамбалын арт жағына лақтыра салды.

- Жарбол, түспе!.. Малту білемісің, ей Жарбол?! - деп шошына сұрады Жәкен. Жарбол үн қатпай аяғын салбыратып жағаға отыра қалды. Мен қатты айқайлап әрең қараттым.

- Жарбол!.. Жарбол!.. Түспе! Түспе! Қарашы өзің бұл су терең, бойыңнан асып кетеді, өліп қаласың!

- Е... Кімдей, сендер түскен суға мен түсе алмаймын ба!

-  Біз малту білеміз, сен білуші ме едің? - деп Жәкен қайта сұрап үлгіре алмады. Жарбол сырғып түсіп, бақыра ұмтылғанымен, салбырап тұрған үйеңкі бұтағына қолы жетпей қалды. Басы бір батып, бір шығып, пырылдай жөнелді. Тулаған сайын, бері қарай ұмтылған сайын ары кете берді.

Дүлей шыңырау Жарболды жалмап тартып, жұтып барады, мен Жәкеннің қолынан тартып қолқалай түстім. Ол күшті де ең жүйрік сушылымыз еді.

- Ұстап алса жібермейді. Өзімен бірге өлтіреді,
түспеймін!.. -  деп біржолата бас тартты!

- Мен де түсейін, екеуміз екі қолынан ұстайық!

- Жоқ, екеумізді де өлтіреді!

- Суда адамның жалаңаш денесі тайғақ болмай ма!.. Жабыла жармасқан жиырма қолдан сытылып шығатын ең ғой, осының бір қолы сөз бе саған!

-  Жоқ, мұның қолы сол жиырма қолдан да қиын!..

Әншейінде өте көңілшек Жәкен көнер емес. Өлімнің өзіне де тасбауыр болып алғандай, қатая түсті. Су астында оқтай тез атылушы еді. Басымен арғы жағынан бері қарай бір сүзіп өтсе де жағаға жақындар еді деп қатты ділгір болдым. Су Жарболды, Жарбол суды жұтып, өлім мен өмір әлем-тапырық алысып жүр. Соңғы минут болса керек, Жарбол басын судан кідіре бір рет шығарғанда, шыдай алмай атылып түстім. Ылай болғандықтан су асты бүгін өте қараңғы екен, арт жағынан келіп әрең таптым. Балтырынан құшақтап көтеріп едім, екі білегімнен шап беріп ұстай алды, сыртынан көтергендігімнен онысынан қорқа қоймадым, судан басы шыққаны байқалды, аса тереңге әлі де жетпеген екен, үйеңкі жаққа екі-үш рет адымдап апардым да, бар қауқарыммен итере серпіп тастап, су бетіне шықтым. Бір дем алып қайта сүңгідім де, және солай жылжытып апарып серпідім. Енді екі рет осындай өніммен жылжытуға шыдасам, жындының қолына үйеңкі бұтағын ұстатуға болатын сияқты. Балтырынан үшінші рет көтергенімде, ол қолымнан ұстамай, төбеме қолын тіреп, шашымды шеңгелдей көтерілді. Шашым қысқа болатын, мұның қаупі тым аз сезіліп, бұл жолы алға недәуір өндіре жылжытып апарып шығып едім, үйеңкі бұтағының астына барып, бырғылдағаны көрінді. Жан алқым қайта сүңгіп барып көтергенімде, қолы мені қармады. Бұтақты ұстағаны білінген соң алыстамай, дәл артынан шықтым. Бұтаққа қос қолымен мықтап жабысып, артына қарап тұр екен. Бедірейген бойы маған қадалған көзі қыбырсыз төніп қалды. Мені бас салып жегісі келген қаһарлы жыртқыш тағыша кірпік қақпаған суық көзі ту сыртымнан өтіп барады. Өлім үрейі соншалық ызғарлы болады екен, өзімнің де әлім құрып, басым зеңгіп кетіп еді, маған атылатындай кейпінен сескеніп, алыстап барып, су үстіне шалқалай жаттым. Жәкен әлі міз қақпай қарап отыр екен. Бұл отырысына ызам қайнап кетті:

- Ей, шошқа, тарт қолынан! - деп айқайлап жіберіппін. Ол үнсіз ширап келіп, Жарболдың қолынан тартып шығарып алды. Рақымсыздық онда мүлде жоқ сияқты еді, артынан байқасам, тосын көрсеткен адамгершілік бейнесінен намыстанғандай, өзінің де есі шығып кеткендей көрінді. Судан шыққан соң әлгі қатты тіліме тіл қайырмады, сары жүзі қып-қызыл болып төмен қарап қалды. Жарболдың басын төмен қаратыл, етпетінен жатқызып қойыпты. Оның аузынан су төгіліп жатыр.

- Кешір, Жәкен! - дедім мен. - Сәл үлкендігіңе қарамай тілім тиіп кетті. Қасындағы адамға өлім қаупі төнгенде, мынау отырысың жақсылығыңа үйлеспеген соң ішіме сыймай кетті.

- Мен кешірмейтін не бар? - Ол төмен қараған бойы баяу қайырды жауабын. -  Сен кешір, қорыққанымнан есім шығып кетіпті!

- Сен неден қорықтың?! - деп қалшылдап отырып күлдім мен. Жәкен онан сайын қызарды:

- Жарбол сені ұстап алса, еріксіз түсем ғой... Екеуің бірдей жабысқанда менің нем қалар, бәрібір өлдім дедім мен... Сен өте қатерлі іс қылдың, мына дәу құшақтап алса тыпыр етпей өлетін едің! Бір жынды үшін сап-сау басың кете жаздады!

- Біреуді тұншықтыр десе, он-он бесін бірақ қиқылдатар едің ғой... Құртуға бар, құтқаруға жоқ болғаның ба, қалай?!.

Жәкен суда біреуді қолынан тартып жабыстырып алудан аяғынан тартып батыра салу оңай екенін дәлелдеп отырғанда, көше жақ тапыр-тұпыр етіп, көп адам шыға келді:

-  Кім кетті суға?!.

-  Аман қалып па?!.

- Кім шығарды? - десіп сұрасып жатты келіп. Әкем де
ентіге жетті. Жәкен болған жайды жасырмай бәрін айтып, қатерді маған таман қаптата сөйледі.

Әкем судың пиғылына үн-түнсіз қарап, тұнжырап тұр. Киініп, басын көтеріп отырған Жарболға кейбіреуі ұрысып жатты. Есіне толық келіп қалған Жарбол да бой берер емес.

- Мені судан шығарған сендер емес, ақырма! Әне, Жаппар атамның баласы! Ол ұрысқан жоқ қой, әуелдесең ұрған да жоқ, әне, өзінен сұра! - деп аузынан көбігін шаша бақылдап кетті.

-  Сен суға өзің ғана кетіп қоймай, балаларды өлтіре жаздадың, енді түспе суға!

- Құдай сақтаған екен!

- Мынадай суда тұрмақ, жай жүргенде адамның жүрегін ұшыратын мына дию ұстай алса, аюға түскен қаршығадай балада не қауқар бар, тырп ете аламай кеткені ғой!.. Рас сақтаған!

- Кешірер өмірі, көрер қызығы бар ғой алдында, өмірің ұзақ болсын, балам! - деді бір қарт. Әкем бұл алғысқа да қарамай, суға үңілген бойы тұнжырай түсті. Сөзінен қызық күтетін біреу Жарболды айналдырды:

- Ей, Жарбол, сені қалай шығарды мына бала?

- Балық мені жегелі жүр екен деп қорықтым. Аяғымнан жұтатындай болды... Бірақ тістемеді, мына құйрығымнан көп түртті... Шашынан білдім, балықта шаш жоқ сияқты болатын... өгіз сияқты айдап шығарды.

Қарық болып қуанып отырған Жарболдың шашыран сөзіне көпшілік ұзақ күлді. Маған алғысты көздерімен қарасты. Мен қаншалық аңдысам да әкемнің райынан жылыну шырайы байқалар емес, бірақ, ашу да жоқ тәрізді, көзі жасаурап, анда-санда бұлт ете түскен шықшыт сүйегі ғана азуын қатты басып қалғанын байқатады. Мынау рақымсыз тасқын аяулы баласын жұтып кеткендей-ақ дағдарулы тұр.

Мен алдыңғы жылы бұл кісінің таяғынан көшеге жалаңаш қашып шыққанымда төгілген абыройымды осы жолы қайта бүтіндеп жиып алғанымды көптің алғысынан біліп, көңілденіп отыр едім. Байқасам, сол бір масқара болған кезімде қатты күлген қыз-келіншектер де келіп тұр екен. Сол күннен бері оларға ұялмай қарағаным бүгін ғана болар, кешірім алған қылмыстыша жүзімді алғаш рет аша қарадым.

Әкем қасыма келіп, "жүр үйге!" деп күбіре ете түсті де, бұл жолы алдына салып қуаламай, қолымнан жетектеп қайтты.

- Жәкең енді қамайды оны! - деп қалды арт жағымыздан біреуі. Бұл болжалдың шындығы іле-шала дәлелденді. Былай шыға бере әкем:

- Осы суға енді келсең аяғынды қырқамын, - деді жалғыз-ақ. Осы кесімнен соң сәті түскенде ғана, тым сирек келе алатын болдым да, кегімді қайтара алмай қалдым.

Әділетті "тергеушім", бұл тараудан сіз менің әлемде жоқ ерекше қылмыскер екендігімді көріп отырсыз. Жындыдан қорықпайтын адам жоқ, өйтетіні, ол заңға бағынбайтын содыр емес пе. Мен сол содырды судан жан сала құтқарып, сау адамды жан сала тұншықтырған содырмын. Жындыны өрге сүйреп, сауды көрге итеру адам баласы өткізуге тиісті қылмыс па!

II

1940 жылдың күзі күңгірттеніп түйіле жетті. Мектепке қайта жиналғанымызда қою қара түтін мен боз түтек қаптаған суреттер сынып қабырғаларына көп жапсырылғанын көрдік, өңкейген сұры киінген неміс, сары киімді тапал жапон әскерлері бейнеленген суреттер тіпті ойран-асыр. Жалаңдаған, өрт түтеген улы газ, қараушыны тітірететіндей тым суық көріністер сол екі фашизмнің дүниеге өрт шашып жатқанын көрсетеді. Бәрі де Совет Одағында басылып шыққан аса айқын суреттер. Біз құтырған ит көргендей тіксіне қарасып жүрдік соларға.

Өзіне тартып, көп үңілетін келбетімен кенелтетін бір ғана сурет - Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин суреті мектептің ең тұңғышы - біздің алтыншы класқа ғана ілініпті. Алдына жиі келіп, көп үйіріліп, қараса бердік соларға. Кейінгі екеуі маған бұрыннан көзі таныс, өз семьямыздың атасындай көрінді. Алдыңғы екі қарияны бір-бірімізден көбірек сұрасып, сабаққа кірген мұғалімдерге де олар туралы сұрауды көбірек жаудырып жүрдік. Бірақ, біз қанша көп сұрағанымызбен мұғалімдерден қайтатын жауап тым келте болды. Олар атын ғана айтып беріп, кейбірі "жақсы адамдар", "үлкен ғалымдар" деп қана кетеді. Солардың арасында Үрімжіден оқып келген біреуі ғана тартыңқырап айтса да, тап басар жауап айтқандай            болды: "бүкіл дүниедегі кедейлердің көсемі. Кедейлердің жоғын жоқтап, көп кітап жазған ғалымдар!"

Ли Шиянжаңның лекцияларында көбірек аталған кісілер осылар екенін білген соң, сонда мысалға алған сөздерін еске түсіруге тырысып көріп едім, көкейіме толық қонбады. Өзім көріп жүрген көп жұмбаққа ойыстым. "Бұл кісілерді жақтайтын, көп айтатын Ли Шиянжаңды, Елсадықтарды неге ұрлап әкетті екен?! Олар ашық айтушы еді, қазір мұғалімдер бұл кісілердің атын атауға да тартынып жүргені несі?!. Таныстыруға шынымен тартынса, мектептің ең төріне неге шығарды?"

Осы сұрауды қасымда отырған Бексапаға қойдым бір күні:

- Бұл кісілердің жақтаушылары мен мақтаушыларын түрмеге тығып, өзін биікке көтергені қалай?

- Олардан қорқады! - деді ол сыбырлап қана, - алты саясатпен фандиқұй ұйымы тұрғанда, көрініс үшін болса да көтермей ме, Совет Одағынан қорықпай ма...

Байқасам, биыл сабақтастардың көбі саясатшыл болып алыпты. "Ыр" дыбысын "и" дыбысына, кейде "ыл" дыбысына айналдырып сөйлейтін Ораз атты сақау сабақтасымыз "Шынжаң газетін" қолынан тастамай, тіпті сабақ уақытында да оқиды. Сабақ аралығындағы демалыстарда мұғалім шығып кетісімен соның орнына барып тұра қалады да, газеттен тапқаңдарынан лекция өтеді. Ол өзі соқталдай денелі жігіт болып қалса да, сақау сөйлейтін себебі жалқы, ерке болғандығынан екенін әлі күнге алынбаған ұзын айдары әшкерелеп тұратын. "Мұғалім болып, бас киімін үстелге тастай салғанда, түйіп қойған айдары шашылып кетіп, ду күлдіріп жүрді.

- Енді Ояз әпенді сабақ өтеді дейді сендейге, - деп газетін стөлге жая салады ол, - тағы да дүние ахуалы жайында сөйлеймін. Биғаділ, түй!.. Қалитаға шық!

Қабырғаға ілінген үлкен қаританың жазуы славян әріпінде болғандықтан, оған өзінің тісі батпай, «мұғалімдігін» пайдаланып, маған бұйырды.

- Дания қайсы? Чехословакия қайсы! Енді Польшаны көйсет! Ойныңа оти! Көйдіңдей ме, балалай, и? Дания мен Чехословакияны Гимания фашисти жұтып алды. Гитлей өңешін енді Польшаға созды, Совет Одағы оған қайсы болып «так-так» айтып жати.

- Германияның өзі қайда тұр, мұғалім, көрсетші! - деген сұрауға:

- Биғабіл, көйсетіп қой, балалайға! - деп тағы да маған бұйыра салды.

- Мұғалім, өзің көрсетші, оқушыларың қате көрсетіп қояр!

«Тыныш отиыңдай! Ол қате көйсетсе, мен түзеймін! Оти.... Гимания деген сол. Дүниежүзілік биінші соғыста жеңіліп құлған сол қанқұйлы Гитлей таққа шыққан соң қайта құтиып, бүкіл Еупаны ойландап басып жеп жати! Дүниені жұтпақ!

- Гитлер деген қайсы мемлекет?

- Балалай, тым надан екенсіңдей! Гитлей, Шеңбилен, Шейшіл, Уазвеит дейді білмесеңдей, мен қайтіп оқытамын сендейді! -деп шыға берген Ораз қайта қайырылып тұра қалады. - Сендей басқа мұғалімдейге мұндай сұрақ қоймасыңдай ғой! Өңшең дү....лыт аяқ!... Айналып кеп менің айдайымды ағайтқанша Гитлейді Нәбиолла молдадан сұяп ұқсаңдай болмай ма! Молда айтып жүйетін қазияилей сол Гитлейдің дәл өзі!

Менің артымдағы партада отыратын Өмірбек дейтін сабақтас, Оразға бір қоқайдың дерегін көрсетіп еді, Бексапа құбыжықтың дәл өзін алдына қоя қойды:

- Олай болса, Гитлер құдайдың періштесі болғаны ғой!

- Хазірейілді де Гитлер тектес лағнат көрдің бе, Ораз әпәндім, осының пәтуасын молдадан сұраймыз, тұра тұр!

Нәбиолланың алдында қорыққанынан намаз-дұғаларындағы «ыр» әрпінде «ыр-ыр-ыр» деп күштеп оқитын Ораз, осы сөздер шыққанда үдірейе қалып еді:

- Ағатайлай, басқасына айтсаңдай да молдаға айтпаңдай! - деп столдан тайқай берді, - енді мұндай сөзді сөйлемеймін.

- Басқа мұғалімдер де дұрыстай қоймас бұл сөзіңді, Гитлерді хазірейіл сияқты құдай тағаланың өзі белгілеп қойған періштесі деп ақтап, пәк қылып көрсетпексің ғой!

- Жоқ, басқа мұгалімдиге айтатын патуам бай, олай тіл біледі ғой.

- Қандай патуаң бар?

- Балалай, мен енді сендейге соны түсіндейін, молдаға айтпасандай болғаны! - деп Ораз "мұғалім" столына қайта келді, - мәселенің шындығын ойлап көйіндейші! Ешкімге жазығы жоқ жақсы адамдайды өлтигенге, кім болса да - біз "қаншеи", "қанқұйлы" деп ат қойсақ, күнә болай ма еді? Қане айтындайшы!.. Болмаса "күнә болады дегендейін қол көтейші қане!.. Ә, міне, ешқайсылайың қол көтеймедіңдей ғой, демек күнә болмайды. Ендеше адамзат жайлағалы ғазияилдің өлтиген жазықсыз адамы аз ба! Өздейің көйген өлім - қазалайды ғана ойлап көйіндейші! Ол қай қашан жазықсыз, өз еңбегімен ғана күн көйетін еңбекшилидің жетім-жеси қойғансыз адамдайдың жанын көп алып жүймей ме, жеменгей байлайға аз тиіседі. Олай болса, ғазияилдің Гитлейден қай жеиі кем?! Меңіше, пайқы бию ғана: Гитлей көзге күйініп келіп, тайыс-түйіс дауыс шығайып атады да, ғазияил күйінбей келіп үндемейтін мылтықпен атады. - Ораздың бұл сөзіне сүйіне күліскен көпшілік сабақтастар хазірейіл туралы айтылған кінәға талас айтысты. Кейбірі тіпті даурыға жөнелісті.

- Хазірейіл тек тағдыры біткен адамның ғана жанын Алланың бұйрығы бойынша алмай ма? Ал Гитлер кімнің бұйрығымен қырады?

- Соғыста тағдиы біткен адам ғана өлді дисек, Гитлей де құдайдың бұйлығы бойынша ғана өлтие алады.

- Сен сақау не деп былжырап тұрсың, хазірейіл ыңғай кедейлерді алады дегенің қай сандырақ! Байлар өлмей ме!

- Өледі ғой, өледі, бияқ, аз өледі, - деді Ораз тағы да, - оқыстан, қиыншылықтан өлетіні тіпті аз!

- Ыңғай байлар ғана өлсе, қыбың сонда қанбақ қой! - деп Мәкен көк көз ұзын мойнынын соза түсті, - хазірейіл байлардың жанын алса, Гитлер байларды ғана қырса қанішер аталмақ емес қой!.. Ей, сақау, байлар соншалық неңді алды сенің?!

Қуанышқан бұл сөзден куат тауып іле зекірді:

- Құдайдан безіп шоқынған екенсің!.. Айдарыңды жұлып аламын, отыр былай! - Ораздың күлкілі әрі ойлы сөзін қызыға тыңдап отырған біздің жақ, зекірушілерді мықтап тойтарды.

- Жә, мырза, сенің мүйізің не ғып сырқырай қалды?! - деп алдымен Өмірбек мысқылдай күлімсіреді. Сөйтсе де, қара торы толық жүзі сәл сұрғылт тартыпты. Қиялзат араға ашық түскендей рай білдіре шектеу айтты:

- Жаңағы айтқаныңдай, құдайдың бұйрығынсыз сен де оның айдарын жұла алмайсың!

- Қане, жұлып көрші, өз мойның жұлынсың! - деп Жәкен дүрсе қоя берді.

-  Құдай мен олардың періштесі сендерге ғана тән капитал емес, бізге де ортақ қой, елден ерек сендердің нелерің күйіп кетті деймін! - деп Өмірбек тағы да мысқылды ажар көрсетті. Етті сопақша көзі күлкімен жұмылып, көлденең сызықтай көрінді енді.

- Тек, олай демендер, сөз саптауларына қарағанда бұлар сол жаналғыштардың ерке немелері болса керек! - деп Бексапа көсіп жіберді. Бүкіл сынып болып күлдік. Көп қолдауға ие болған Ораз енді күле сөйледі:

- Жігіттей, менің айдайымды жұлу оңай, өзім де құтыла алмай жүймін, бияқ, сендей өздейің менің пікиімді жақтап алып, айтынан боқтағандайың қалай?!

- Қашан жақтадық? - деп Мәкен бастатқан бірнешеу өре тұрды.

- Алғашында кесетіп айтқан сөз естеріңде бар ма? - деді Бексапа, олардың мұғалімдерге айтып қоюынан Оразды сақтағысы келді, - ол: "ешкімге жазығы жоқ, жақсы адамдарды өлтіргенге - кім болса да, біз қанішер деп ат қойсақ күнә бола ма!  - деп сұрады ғой, біз оған күнә болады деп тойтарыс бере алмадық. Бәріміздің жақтағанымыз сол емес пе. Сендердің біреуің тойтарыс берсеңдер сөйлер ме еді! Мұның сондағы кесеткені бай да, кедей де емес, "ешкімге жазығы жоқ жақсы адамдарды өлтіру күнә бола ма, болмай ма, ол күнә деп аталса, әрине, оны өлтірген адамды қанішер деп атауға болады. Ал, енді біз осыны айтқан Ораздың өзін қанішерге  айналдырып, айдарын жұлып  алсақ  кім болғанымыз...

- Сұрау да, жауап та Гитлер жайында ғой, - дедім мен, - бұл жерде байдың жанын алғалы бақыртып басып отырған ешкім жоқ. Ораз жай байды емес, жемеңгер, сойқан байларды айтты. Сендер өздеріңді өздерің әшкерлеген жанша, зұлымдарға болысып шырылдамасаңдар да болар! "Тақия тастамақ ойнаса, таздың басы қышиды". Сендердің бастарың сап-сау емес пе еді, неге қышиды сонша?!

- Ешкімге жазығы жоқ адамды ғана емес, тіпті жазығы бар адамдарды да күнәсіне лайық қана жазаламай өлтіре қалса, ол қанішер аталмай ма? Ал хазірейілге келсек, ол періштені тіпті құдай тағаланың өзі де жан алмайды деп ақтаған емес. Жаратушының өзі хазірейілді "жан алғыш" деп жарияламаса, оны көрмеген Ораз байғұс қайдан білмек. Оған түс шайысудың жөні тіпті жоқ!..

Ораздың қылмысын осылай жуып-шайып, егесті бұл жолы бассақ та, ертеңіне молда келіп бас салды:

- Ораз, не айттың кеше!.. О, дө... ырт аяқ, шық былай!

- Оны ақтағандарды да шығарыңыз! - деп қалды Мәкен. Нәбиолла бізге тиіспей Оразды ғана шығарып тұрғызып қойып, тергей жөнелді. "Алла тағаланың періштесін шоқыншық Гитлерге, ия юзма-юздей жойытқа ұқсатқанына қатты қаһарланды ол кісі. "Кәпір", "шоқыншық" деп зекіре берді. Ораз да тайынар емес:

- Молдаеке, сіз, хаз.. айылды әмсе жан алатын, Алла тағаланың жан алғыш жендеті деп үйлеттіңіз ғой. Одан басқа істейтін жақсы қызметін естімеген соң, Гитлей нақ сондай екен деп түсіндім. Әгәй жақсылығын үйлетсеңіз Гитлейге ұқсатпас едім!

Жеңілгендіктен тым қатты шығып кеткен молданың дауысын естіген болса керек, ыңғай саясат сабағын өтіп жүрген Сәрсен мұғалім кіріп келді.

- Не себепті? - деп сұрауы-ақ мұң екен, молдамен жарыса сөйледі Мәкен. - Жазықсыз адам өлтіргенді қанішер десек күнә бола ма деген сөзді кім айтатынын Сәрсен мұғалім қайта сұрады да, Мәкен алдымен айтушыны да, артынан құптаушыны да, мықтап бекітушіні де қайталап айтып шықты. Атап, көзіктіре әшкерлегені - Бексапа екеуміз. Онын жақтастары қосарлана шауып, бастыра жөнелді бізді.

Мұғалім молдаға ым қағып, Оразды итермелей айдап шығып кетті де, біз жым-жырт отырып сабағымызға қарадық. Сол дін сабағы сағатында Ораз да, тіпті молданың өзі де қайтып кірмеді. Олар кешіккен сайын күдіктеніп отырып, үзіліске шыққанымызда мұғалім мен молданың мұғалімдер бөлмесінде жарыса ақырып жатқаны естілді. Біз кідіре алмай сыртқа шығып кеттік. Ораздың неліктен мұншалық тергеуге түскені бізге тым қиын жұмбақ болды.

Сыныпқа қайта кіріп едік, саясат сабағын өтеуге Сәрсен де келмеді. Қауіптене түсіп отырғанымызда, Бексапа екеуміз шақырылдық, мұғалімдер бөлмесінде сол екі тергеуші мен тергелушіден басқа ешкім жоқ екен. Ораз айдары додаланып жылап тұр. Толықша қызыл қоңыр жүзі ісініп алыпты. Мұғалімнің сарғыш көзі қып-қызыл, қылмыстыға атылатын оқ жыланша қарап қадалып отыр.

- Жақсы адамды өлтірушіні қанішер десек, күнә бола ма деген сөз қайдан шықты? - деп сұстана қарады ол бізге. Біз үнсіз ойланып тұрып қалдық. Шындығы әркімге аян осы бір "жазықсыз" сұрауды ғана қудалап отырғандығына іштей аңырыс бар еді.

- Осы сұрауды кім үйреткенін айтыңдар! - деп Сәрсен қузай түсті, - бұл өздерің шығарған сөз емес!

Алдымен кімнен естігендіктеріңді айтып берсеңдер болғаны, сендерде мәселе жоқ, қайтіп шығыңдар да сабақтарынды оқындар!

Мұғалім бұл сұрауды алдымен Оразға қойды. Бірақ, «мұның былай қоюында да ешқандай мәселе жоқ?» деп Бексапа Ораздың молдадан қорыққан жайын, өз сөзінін шындығын дәлелдеу үшін осы сурауды қойып, қорқытып отырған сабақтастарын мойындатқанын толық баяндап берді, - бірақ, осы сұраудың неліктен мұншалық тергелгенін түсінбей тұрмыз! - деп күлімсіреді.

Мұғалім қатулана түсті. Арық қызыл сары жүзі сұрланып, бұрыннан қызғыш тартып тұрған сарғыш көк көзі онан сайын қызарып, тұтанып кетті:

- Бұл сұрау осындай жай қалжыңда ғана туылған сұрау емес, мұндай сұраудың дәл қазіргі кезде туылуы тегін емес. Мұның саяси мақсаты, төркіні бар! Қағынған кексе біреуден шыққан сұрау. Осы сұраумен үкіметке халықты қарсы көтермек!.. Оны айтпасаңдар, өздеріңе жаман болады. Қашан иесін айтып бергенше, қамаласыңдар!.. Сендер ыңғай жақсы оқушысындар, қимай тұрмыз, шынын айтып құтылыңдар!..

- Мұғалім ағай, осы сұрауды үкіметке қаратылған сөз деп түсінесіз бе? - деп дір қақтым мен. - Біз сіздің оқушыларыңыз ғой, анықтап түсіндіріп беріңізші. Қай сөзінде мәселе бар мұның?! Шамданса, Гитлер сияқтылар ғана шамданатын сөз ғой! Адам қанын төгушіні, әсіресе, жазығы жоқ адамдарды қырушыны фашизм деп, қанішер демей не дейміз? Бұл сұрауға хазірейіл мысал болып кеткендіктен молдамыздан кешірім сұрармыз, бірақ, сіздін мұны үкіметке қаратып алатындығыңыз түсімізге кірмепті!

Сөйлеп тұрғанымда мұғалім молдаға қарап күлімсіреп еді. Менің дірілдеуіме күлген болар деп сезіп, сөздің соңында қатулана түстім. Бұл "жігерімнен" Ораз қайрат тапты білем!

- Мұғалім әбзи, сіз өзіңіз үкіметіңізді қанішей деп түсінесіз бе?!-деп қалды.

- Ей, сен сақау не деп тұрсың? - деп төне түсті мұғалім.

- Біз халықшыл үкіметіміздің қан ішкенін көйгеміз жоқ, мұғалім!.. Біз бұл сөзді үкіметке не үшін қаятамыз!..

Бексапа жайма шуақтап, кәріленген мұғалімді өзіне қаратып әкетті:

- Мұғалім, Ораз "ешкімге жазығы жоқ еңбекші адамды өлтірушіні айтып еді" ешкім тойтаруға болмайтын шындық болғандықтан, мұны бүкіл сынып болып мойындағанбыз. Сізге Мәкеннің баяндауында жансақтық болмаса, біз қалайша тергелеміз?!

Өзі іштей сынып қалған мұғалім, осы сөзден соң ұзақ түсінік беруге көшті. Түйірі түбіне түсіп кеткен бұл "түсінік" қаншалық сұйық болғанына қарамай, үңіле сімірдік. Қаншалық үңілгенімізбен де шындық оның берген түсінігінен көрінбей, "секіруінен" ғана табылды. Бас изектеп, өз мөлшерімізше бас иіп, әділ шындық тапқандай болып шықтық. Бұл сұрау үкіметімізге тұп-тура қаратылып қойылса, орнын тіпті мықтап тапқандай мығым сұрау екен. Сезікті тергеушіміз секірмесе, мұндай түсінікке жете алмас едік.

Сөйтіп, қанішерлерге тағы бір нақ қанішерді жалаңаштап тауып қосқандай болып, тергеуден табыспен шықтық. Тартқан жалғыз-ақ шығынымыз түскі тамаққа бара алмайтындай кешігіп босағандығымыз ғана болды. Бұл үшін Мәкендерге өшігіп шықтық. Ораздың демалыс уақытында жанама "мұғалімдігі" бұл тергеуден мұқала қоймады. Ертеңінде-ақ бір газетті әкеліп, мұғалім столының үстіне жая салғанда біз ду күліп едік.

-  Күлмеңде, балалай, бүгин жаңа сабақ өтеміз, - деп бастады да, Германия мен Совет Одағының жасасқан он жылдық шарты жайында сөйлеп кетті. Оқушыларға тың жаңа хабар екен. Бірі - соғыс өртінің ошағы, бірі - тыныштық ошағы деп аталып, тіктесіп қалып тұрған екі мықты мемлекет. Он жыл бойына соғыспау шартын жасасыпты. Мұны өзі қатынасып келгендей толықтап сөйлеп тұрған сақаудың шешен сөзі бүкіл қаласты өзіне тартып, ұйытып ала қойды. Шарт туралы хабарды аяқтата келе, - мизалай, бұдан сендей не түсіндіңдей? - деп ол Мәкендерге қарады, - Гитлей яс құтиған қаніши болса, соғыспау шаитына қол қоя ма, ол қаніши емес екен, деп ақтап түсінген шығайсындай-ау? "Мұны қанши десек күнә болады" деп молдаға тағы жеткізсендей енді мықтап қателесесіңдей! - Ораздың бұл сөзіне әріптестері де еріксіз күлісті. - Балалай, мен өзім газеттен оқып қоймеген қанишидейді кешеден бейі көзіммен көйдім! Нақақ күйгізетін өсекші жалақойлай да нақ қаніши екен. Қойытып айтқанда, мен анықтаған қанши, үшеу болды... Тойтеу демеңдей, ә, үшеу! - деп Ораз үш саусағымен анықтап көрсетті де, далаға шығып кетті. Бексапа екеуміз оның "төртеу демеңдер, ә!" деп нақтап ескертуіне қатты күлдік. Кешегі тергеуде түсінген қанішерді қосудан қорқып айтқан ескертуі еді. "Халықшыл көсем аталып тұрған Шың Сысайды "қанішер" атау үшін батырға да жан керек сияқты.

Ораз жағынан ол әлі қанішер деп жариялай коймаса да, аузын тағы да кере ашқанын сездік бір күні: 1941 жылы жазға салым, Шаган мерекесі қарсаңында "жасасын" тағы да борай жауып кетті. Керме қызыл ту мен қызыл плакаттар, ұрандар көшені әлем-жәлем бояп, көше үгітшілері жетістіктерімен "данышпандықтарды" сайрап кетті.

- Тағы да "құрылтайға" шақырады-ау! - деп калды Бексапа.

Елсадық кеткеннен бері аудандық қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымының басшылық қызметін орынбасар Шиянжаң Нұржан қосымша атқарып жүр еді. Ол ұйым мекемесіне катарлас отыратын бір ұйғыр байының жалғыз қызымен жақында ғана үйленген болатын. Сол алау-жалау ұранды күндердін бір кешінде үсті кенеппен жабылған кара машине оны үйінен алып кетті. Ерінің қайда кеткенін сұрай алмай қалған жас жұбай, түн бойына ұйықтамай тосып, келмеген соң ертеңіне аудандық үкіметке барып сұраса, "Үрімжіге" тосын бір мәжіліске "кеткендігі" ғана айтылыпты. Нұржанды жұмыспен іздеп үйіне барған ұйым қызметкерлеріне Гүлниса жеңгей: "құрылтайға" шақырып кеткенін айтып жылағанын естідік.

"Құрылтайға шақырылғандардың" көп екені, сол екі-үш күннің ішінде-ақ жайылып болды: Нұржанмен бірге Ташкенттен оқып келгендердің және олармен үйірлесіп жақын жүретін көзі ашық азаматтардың көбі-ақ кетіпті.

«Ташкенттен оқуға өзі бекітіп, өзі қамдап жіберген үкімет борлаған қойындай енді өзі соғымға жиып жатқаны ма?" деген күбірлер әр жерден естілді. Бізге бұл хабарлардың көбін жеткізген Ораз өзінің сақаулығы мен айдарын "құрылтайға" шақырылуға жасы толмайтындығының куәсі етіп күлдірді:

- Айдайым бай, тілім мынау, құдайга шүкишілік, бұл қанши қазише маған тиісе қоймас! - деді ол сыбырлап қана.

-  Шыңдубан атамызды "нақ қанішер" атауға шарты рас толды ма? - деп сұрадым.

- Әлбетте, мұның шаиты болмаса, Гитлейдің шаиты мүлде толмас!

- Қалайша?

- Меніңше, Гитлей өзіне бағынбағандайды, қайсы құял көтейгендейді құйтады. Ал, бұл "атаң" өзіне сеніп бағынғандайды да соғып жатпай ма! Ең жазықсыз, тіпті адамзат қоғамына пайдасы тиетін ыңғай саналы кісілейді тандап соғып жати, сенше қалай?

- Халыққа еш жазығы болмаса да, ол өзіне жазықты, өзіне қарсы деп танылған адамдарды ұстап жатқан болар. Және ешқайсысын өлтіргенін естімедік қой. Тексеріп-тексеріп, нақақтарын қоя берер.

- "Сенген сиылым сен болсаң, күйсегенінді... - деп Ораз қарқылдап күліп жүре берді, - осы кеткендейдің ешқайсының оган қайсылығын естімедім. Жұйт танданып жұй!

Мен Ораздың сөзіне қосып, Нұрасылдың тығылып жүрген жайын ескердім де, оның мұнысы білгерлік екен деп сүйіндім. "Ол үкіметке қарсы топ құрушы емес, күн көруші адам ғой". Солай болса да оның кәсіпті тығыла жүріп істеуі Ораздың пікірін дұрысқа шығарғандай. Бірақ, Нұрасылдың айтуынша, "күшті дулығалы бас мұң тыңдағыш басты кеміріп жатыр", ең дұрысы  осы болар. "Ұсталып жатқандар, халық мұңын тыңдағыштығымен дулығалы басқа қарсы сөйлеп, иә топ құрып әшкерленіп қалғандар шығар?!" деген оймен, Ораз тілдеп кетсе де өз пікірімде қала бердім.

"Құрылтайға шақырылғандар" кетісімен біздің үйді Қанипа шешеміз тойға шақырды. Дәмешті ұзату тойын жазға қалдырып жүр еді, тым тосын шақырды, бақсақ оның өзі сүйіп уәделескен жігіті де "құрылтайға шақырылғандардың" біреуі болып қалыпты. Ыңғай түнде әкететін қара машине келгенін білген сақ жігіт, қорасының артқы дуалынан секіріп түсіп, Шәуешектен осында Дәмештің үйіне келіп тығылыпты. Өзі бізге де сары сүйек жекжат келетін Әділбек дейтін жігіт еді. Ол «Соу-син торгте» қызмет істеп жүретін, шекараның іргесі Советке өтіп кетуге ең қолайлы жер болғандықтан, Дәмешті қимай, ала кету үшін келіпті. Әке-шешесі де, қайын енесі де қала тұрып, алдымен қатерде тұрған екеуін ұзатып салуға бекіп, той ырымын ердебе-сердебесіз тез өткізе салмақ екен.

Дәмештің жағдайы тіпті "құрылтайға" шақырылуынан да қатерлірек еді, Қанипа шеше жалданған қожайын Дәмешті өз баласына әперуге зорлай берген соң, Әділбектің бір шеттегі нағашысы Қанипаны көшіріп әкетіп, өз қасынан оған екі ауыз үй салып берген. Сонда да қызыл көрген қара құстай айналсоқтап, төніп жүргендер көп. Оны түрмеден құтқарушы ұйғыр-қазақ кепілдері де тұс-тұстан зіл тастап, біздің ел ақсақалдарын шырғалап-шырмап жүрген.

Бірақ, ол шалдардың шешендігі менің әкемнің мінезін ғана шеңгелдеріне сыйғыза алмап еді: "бір рет сатылып әрең құтылған Дәмешті, енді оның шешесіне де екінші рет сатқыза алмаймын! - деп шорт қайыратын әкем, - ол әкесінен жастай жетім қалып, көп сорланған бала, енді кімге барса да өзі келісіп, өзі барады. Балажандықты, "басын уақытында байлайтын" қамқорлықтарыңды өз қыздарыңа көрсет!"

Өзінің сыртынан талас-тартыстың көбейгенін біліп жүрген Дәмеш те түрмеден үйреніп шыққан батыл тілділігін жетілдіріп алып еді. Қатын үстіне сөз салушыларға: "ерлік-опалылығыңыз болса, үйіңіздегі әйеліңізге ғана болсын. Менің басымды ашқан - әйелдердің ерлігі еді. Ешқайсысына күндес болып, көз жасына қалмауға бекіп шыққанмын!" деп қайыратын.

Бұрын үйленбеген мырзаларға қайыратын жауабы тіпті шорт болған: "өзім байдан әрең құтылып шықтым, енді байға бармаймын!" дейтін.

- Түбінде біреуге барасың ғой, алдымен өз алдыңа келген менен аттап өтіп, басқа біреуге кететін болсаң: "ерді намыс өлтіреді" дегендейін, айықпас өштігім, аямас қастығым болады, бұл бекім сені ешкімге қимайтын адал жүрегімнен шыққан. Айтып қойдым, жақсы сөзіңді күтемін, ойлан! - деп
зәресін ала қорқытып шыққандарды да естіп едік.

- Жерге кірсең шашыңнан, көкке шықсаң аяғыңнан
тартамын, сәулешім, сені өзімнен басқа ешкімге қия
алмаймын! - деп бар ғашықтығын жендетінше аттанысқа
келтіріп шыққандар да болған. Сөйтіп, олардың қай-қайсысы да өз еркімен тимеген жағдайда әлсіздігін пайдаланып, Дәмешті алып қашу сыңайына да тым жақын жүрген. Тіпті олардың Дәмешті бірінен-бірі сырттай қызғанып, бірінің майлағанын бірі естісе, көз алартып қапысын тауып қағысып, соғысып жүргендерін де еститінбіз.

Бұл кезде жігіттік кәмелетке толық жеткен Бигелді ағамыздың жайын әке-шешеміз де ойласып көріп еді. Бірақ, ұлының ешкімнен қалыса қоймайтын мүсіні шешектің өрісіндей болып тоналғандығынан шектелді білем, Қанипа шешеге "күнекейіңді біздің күйік шекеге таңайық" деп айта алмады. Ал, Бигелдінің өз нысайына бақсақ, ол біздің ауыр тұрмысымызды бар өмірімен арқалап келе жатқан қақпыш торы сияқты, бас көтеріп, еш жайды ойлар емес. Дәмешті көре қалғанда қасірет пен дерттенген кішкене қарындасындай есіркеп, айналып үйіріледі. "Жабырқамай, еркін жарқылдап жүре бер, жарығым!" деп шәугімдей күсті қолымен оны әдемі басынан сипап, еркелеткенін көреміз. Ол екеуінің ауыздарынан бір-біріне түйіткілсіз-түйіншексіз "аға" мен қалтықсыз -  қамсыз "жарығым" ғана шығады.

Дәмеш басы ашылған соң бір жарым жылдан кейін табысқан Әділбек біздің үйге де сәлем беріп келіп, кетіп жүретін. Тілеуі қосылып сөз байласқанын әке-шешеміз де құптаған болатын. Бірнеше мықтының аңдуында тұрған Дәмеш қастықтан, сырттағы соқтықпалы сойқандардан көп сақтанды. Той ырымын жасырын өткізіп, ешкімді арандатпай Шәуешекке ың-жыңсыз кетудің орайын күте келіп, алдағы жазға тоқтатып еді. Енді, міне қос қабат  қатерлерден туған жеріне қайтып кетіп, бір-ақ құтылмақ болыпты.

Кештете келіп кірген әке-шешеме осы жайларын жарыса сыбырлаған Қанипа мен Әділбектің нағашысы: "той ретінде емес, әке-шешесі мен ағаларының батасын әперіп жөнелту" екенін де айтып сіңірді. Біздің үй мен Құрышбек, Нұрасылды ғана шақырыпты. Кейінгі төнген зорлық-зомбылықты сырттан шектеп жасқап берген осы екеуі еді. Ырым-тілеуге шақырған адамдары осы ең жақын тілеулестері ғана екен.

Құрышбек пен Нұрасылдың аяқ жағын ала, төмендей келіп отырып, ол екеуіне арақ құйған Әділбек басын төмен салып шіміріккендей, күрсіне сойледі:

- Той ырымы жөнінен осылай тілімізге күрмеу, бетімізге шіркеу түсіп отыр, ағалар!.. Сіздер бар жерде Дәмеш әкесіз де, ағасыз да емес қой, "жетім қыздың тойындай,, өткізбейік деп, көп тосып, ауасы ашығырақ күн күтіп келіп едік. Тап болған күніміз осы боранды түн       болды! - деп алып, өксіп-өксіп қалды жігіт. Аз кідіріп қайта жалғады сөзін, - бұл жетім қыздың тойы емес, желкесіне         мылтық төнген қашқынның қалып бара жатқан қимастарына өз жөнін айтып бата сұрай кетуі ғана. Кешіріңіздер бізді!

Шеше төсегінің аяқ жағында отырған Дәмеш те тұншыға жылап, солқылдап кетті. Үй іші жым-жырт, бөгіліп қалып еді.

- Жасымаңдар, балалар - деді әкем, - төніп тұрған қатерге карамай, үлкеннің разылық батасын ала кетуге осы шақыруларыңның өзі де жетеді!.. Мұндай кезде ырым-иба демей-ақ, Қанипадан сәлем тастап, үн-түнсіз кете берсеңдер де кешірер едік. Рахмет, Алла жолдарыңды оңғарсын, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар!..

- Жақсы жолға жабырқамай аттануларың ғана керек бізге, - деп қостады Нұрасыл, - жетім қыздың тойы емес, үлкен той осы. "Дәл қазір құрылтайдан аман құтылудан үлкен той да, ұлы қуаныш та болмақ емес. "Бетке шіркеу, тілге күрмеу" боларлық түк те жоқ, шырағым! Жетім емессіңдер сендер! Теңімен танысқан екеуіңе жақсы тілек айтып, батасын беріп отыр мынау жұрт. Қазір бұдан үлкен той бар ма! Жәкеңнің батасы Қызыр пайғамбардың батасы болсын!

- Солай, балалар, - деп Құрышбек те, Қуат та қоса
құптады, - ел кепілі - бірлік, той кепілі - тірлік. Тірі болсаңдар
талай той көрсетерсіңдер де, талай той көрерсіңдер де.
Сендердің армандап отырғандарың - әке-шеше, аға-
бауырларыңа үлкен той көрсету болса, біздің казіргі тілегіміз
өздеріңнің бас амандықтарың ғана, ұзағынан сүйіндірсін,
шырақтарым!..

Бұл сөздер қаяулы жандарды тез жадыратты да тез ширатты. Қалауы табылған қадірлестердің осы төрт-бесі ғана өткізіп отырған қалтқысыз шүңкілі - ұлы тойдай ұлан асыр сезілді маған. Барлық шырай ашылып, барлық ақ көңіл ақтарылып жатты. Нұрасылдың бәсең болса да әсем айтылып отырған өлеңі тоқтай қалған бір кідірісте Құрышбек Әділбекке бір сұрауды ашық қойып қалды.

- Шырағым, "кетер аяғың, кетпен таяғың" ғой, бір жайды ұқтыра кетші маған!.. Осы сендерді қара машинеге қалай тықпалап жатыр? Осы кеткендер не жазығымен кетіп жатыр?

- Аға, осы сұрауды мен де әркімге койып едім, - деп күлімсіреді Әділбек жұқалаң қызғылт жүзі тоқ қызылға айнала қалды. Бір жағынан еркін жығыла қоймаған кайратты қара шашын ұзын салалы саусағымен тарай қасып, шодырлау біткен кең мандайын уқалап-уқалап жіберді, - білсе осы білер-ақ деген нелер мықтылардан да сұрап көріп едім. Олар тіпті сол қара машинаға өздерінің де түсерін білмей жүріп, зырылдай жөнелгенін бір-ақ білді.

- Олардың Дубаңға қарсы ұйымдастырған тобын, иә, қарсы сөзін естіген жерің бар ма?

- Жоқ, мен олардың бірсыпырасымен алыс-беріс, барыс-келіс жасап, көп араластым. Білім іздеу талабым, кітап құмарлығым бар еді. Сол жөнінен мен олардың ішіне еніп, сыртынан шығатынмын. Үкіметке ешқандай қайшы ісін көлденең сөзін естімеппін!

Бұл сөзді домбыра шегін баса қойып тыңдаған Нұрасыл ширақ бір "Кеңес" күйінің толқынды ырғағын қағып-қағып жіберіп, домбырасын жүкке сүйей салды. Қушыкеш көзін сығырайта күлімсірегенде, ақ сұры жүзі түгел күлімсіреп келтелеу жуан мұрны таңырая қарады сөйлеушілерге.

- Ері жолаушы кеткенде сыртқы несібеден екі қабат болып қалған бір келіншек, күйеуі қайтып келіп тергеуге алғанда: "Осыған апа да таң, мен де аң-таң!" деп құтылған екен дейді. "Адалдығымды апам да біледі" деп ақталғаны ғой. Әділбек шырағым, сен де соның әдісін қолданып отырған жоқпысын! Ақтығыңды кеткен ағаларыңнан қалай сұраймыз енді! - дегенде үй іші ду күлді.

- Жоқ, аға, Шың Сысайға біздің қарсы ісіміз болған жағдайда да, ол сіздердің алдарыңызда масқаралы іс болмас еді, қайта халық алдында жүзіміз жарық болар еді. Енді кеткелі отырғанда сіздерден жасырып қайтпекпін, анығында сол кеткен ағалар да аң-таң, мен де аң-таң, нақақ кетіп жатыр.

- Олай болса, мұны неліктен деп ойлайсың! - деп Кұрышбек тағы да қуарлай түсті. Әділбек ойланып, соза күрсініп алды, оның алдыңғы сөзіне карағанда Ораз сақау маған тағы да "күйсегеніңді..." деп тілдегендей, оның пікірі толығымен қуатталғандай, Шыңдубанның "қанішерлігі" мүлде талассыз шындыққа айналғандай болып еді. Мен әлі де тал қармағандай тағатсыз ұмтыла тындадым.

- Бізде "ұрының арты қуыс" дейтін мақал бар ғой, - деді Әділбек, - орыс халқында осы мәндес бір мәтел бар екен: "мысық кімнің етін жегенін өзі біледі" дейді. Мен бұл "қырандықты" ұрыларда болатын осындай әсіре сезімталдық қасіреттен болар деп ойлаймын! Мұның ұрлығын бетіне кім басыпты? Ұрлығын жасыру үшін істеп жатқаны осы болса, бұл қарақшылығын қалай жасырмақ?! Ешкім бетіне баспаса да, көретін көзі барлардан, коммунизмшілдерден қорқады. "Қорыққан бұрын жұдырықтайды" Қазір тұп-тура халықтың көзіне жұдырықтап жатыр. Қарашықты ағызып, қарақшылығын жасырмақ. Сөйтіп, тапжылдырмай басып жатпақ болар. Екінші жақтан, Алтай көтерілісі Шың Сысайдың көзін көрдей қараңғы күмәнға толтырды...

Осымен сөз доғарыла қалды, жуан бір мырза тосыннан  кіріп келді де, Құрышбектің сұрауы үзіліп қалғандай болды.

Мәселе Шыңдубанның күмәнінен болып жатқан екен деп қана түсіндім де, Ораз сақауға айтқан өз пікірімде де шындық бар екен" дегенге қайта оралып, соны пысықтай түстім. "Күмәннан иман қашпай ма, күмәнмен ұстаған адамдарын тексеріп көрер де қоя берер. Мұндайды атақты қанішер қатарына қосуға болмас..."

Менің бейбіт ойым шорт үзілді, қыдырып келген мырза қызу екен, қыңыратқи жөнелді Нұрасылға. Нұрасыл оны өзінің жоғарғы жағына отырғызып, осы үйге "қонаққа" келіп отырғандықтарын білдіріп еді. Мырза алдына қойылған арақты қағып құлата салды.

- Мені кішкене балаша кәмпитпен алдамақсың ғой! - деп орнынан атып тұрды. Қара сұры жүзі қанын ішіне тартып, қиықша көзі қанталап, нақтылы қанды көздің өзі көрінді. Жуан денесі қалш-қалш ете түсті. - Баламын ба, әкемін бе, көрсетейін мен саған!..

Одан да қара сұрлау, ұзын бойлы Құрышбек те атып тұрып ұстай алды:

- Ой, Кәке, тасығаның ба, басынғаның ба мынауың! Шақырғаннан басқа жазығы жоқ, үй ішінің шырқын бұзбай бері шықшы өзің, әңгімелесейік! - деп босаға жолымен дедектетіп ала жөнелді.

- Бар сауданы бітістіріп жүрген сенсің, Нұрасыл, сөзім сенде! -деп қайырылғанда:

- Сөзің менде болса шықтым мен де!- деп күйген Нұрасыл ере шықты. Бәйкен екеуміз де шығып, арттарынан қарап тұрдық. -  Ал, Кәке, менде не сөзің бар, енді айтшы!

- Айтарымды айтып болғанмын, қолымды талай
қусырғанмын сенің алдыңда! "Жақсының алтын басы еңкейсе, жаманның боқты к...і теңкейеді" деп бүгін құйрығыңды қалай қисайтып отырғаныңды көрдім!.. Айып менде емес, кетісер кезеңге жетіппіз, кеттім!

Қанды көз қолын сілтеп тастап жүре берді, Құрышбек пен Нұрасылдың шақыруына мойын бұрар емес.

- Мен де айтып болғанмын! - деп Нұрасыл артынан дауыстап сөйлеп қалды, - сөз тоспауың - соның тосқауыл боларын білгендігің. Кетсең де сол жауабымды қайталап ойлай кет, айтып қойған соңғылыққа жақсы!

Үй іші үдірейісіп қалыпты. Бұл мырза - Дәмештің қыр соңынан қалмай жүрген қырғилардың біреуі екен. Құрышбек пен Нұрасыл қайтып кірісімен оның енді шатақ шығару үшін қол жиғалы кеткенін айтысты да тездетіп дастарқан жайысты.

- "Қашпақ болсаң зымыра" деп Нұрасыл күліп ап күрсінді, - аттанушыларды тез аттандырайық, қалғандарымызға не қылмақ!

Біз қайтып үйге кіргенше Қанипа мен менің әке-шешем де осы сөзге келіскен екен. Батаға сойылған қойдың еті алдыға шикілі-пісілі келді де, келте ғана "қосағыңмен қоса ағар" деген бата берілді.

Құйрық-бауыр асататын құдалық той да, "қоржын тойы", неке қияр да, ұзатылу тойы да, ау-жар, ән мен жыр да... Бәрі де осы батамен бітті. Әйелдер мұрнының шырылымен, тырс-тырс тамшы Дәмештің шиқ-шиқ өксік үнімен басқа дыбыс шығармай далаға шықтық. Әділбектің нағашысы ауланың бір бүйір қалтарысына прашкасын жегіп дайындап қойған екен. Шешемнің құшағынан өкси шыққан Дәмеш мені бауырына катты басып, еңіреп жіберді де, арбаға ұмтылды. Көз жасымды ыршытып қалып, қолтығынан мен де көтерістім. Өз шешесі мен кіші бауыры - Бәйкен де арбаға шықты. Олар Әділбек пен Дәмешті шекараға жақындатып салып, Шәуешекке кұдасының үйіне бара тұрмақ.

Тоя майланған арба сықырсыз сырғи жөнелді де, түн караңғылығына лезде сіңіп, ғайып болды. "Шытырманға кірген түлкідей қандыкөздің тұяғынан Дәмеш құтылды,, деп есептедім мен. "Енді шекарадан аман өтіп, жайыннан Әділбек құтылса..."

Менің көзіме енді тұңғиық мұхитта жыртқыш жайындардан қашқан қос шабақ елестеді. Мына шексіз қараңғы түн ол шыңырау мұхиттың дәл өзі іспетті. Біз - соның ең түбіне, есепсіз қатты қысымға түскен ұсақ жәндіктер сияқтымыз. Тісі ырсиған қалың мүйіз сауытты зор жыртқыштар бізге тұс-тұстан ауыздарын арандай ашып тұрғандай. Сол ауыздар бізді талшық етуге әдейілеп айтпаса да, өзіміз-ақ тап бола салатын сияқтымыз. Маңайдың бәрі ауыз болған соң, біріне түспей, қайда барып құтыларсың!..

- Қабыкен, жүр, қайтайық! - деді шешем, Дәмештердің артына қарап тұрып қалған маған.

- Жүр, тез жүр! - деп әкем артыма түсті. Сөйтіп, біз де қашып, үй жаққа жөнеліп бердік.

- Енді құтыратындардан құтылайық! - деп Нұрасыл мен Құрышбектер де тартып отырды.

Құрметті "тергеушім", біздің қорықпаған кісіміз, қашпаған күніміз бар ма. Сөйтіп, ың-жыңсыз ұрлап жасаған тойымызды жырсыз жылап өткіздік те, бет-бетімізге қаштық. Үйге қашып келе жатсам да, қанішерлерді бармақпен басып санап келе жаттым. Бұл тарауда қанішерлерді қаршадайымнан санап үйренгендігім әшкереленді. Бүгінді қойып, кешегі күндерде қылмысты санамай, қанішерлерді санай да алқымнан ала түсетін асқан содыр қылмыс қой!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Соу-Син торг - Совет - Чинцян сауда бірлестігі.

 

[2] Тупи -Қытайша. Қарақшы дегенді білдіреді.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407