Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5481 0 пікір 20 Наурыз, 2012 сағат 07:05

Тұманбай Молдағалиев. Жігіттер, Қазақстанға қайтпайсыңдар ма?

Бүгін - әйгілі ақын, марқұм Тұманбай Молдағалиевтің туған күні. Дәл осы күні тұма жырдың туын қолынан түсірмей ұстаған ғажап шайыр дүниеге іңгәләп келіп жатыпты. Тұмағамызды жұрт «лирик ақын», «махаббат жыршысы» деседі. Алайда, ақынның сезімтал жүрегі ұлт мәселесінде, алыстағы бауырларды аңсап, уайымдаған сәттерде, қазақтың ұлы тұтастығын қамыға ойлағанда үнсіз қала алмапты. Төмендегі өлең жолдарынан соны бек аңғарасыздар.

«Абай-ақпарат»

Американдық қазақтың жырлары

(Бірінші жыр)

 

Қазақстандағы сағынамын мен бір жерді,

Сол жерде өткен жұлдызды, жылы түндерді.

Құла тай мініп, құлдырай шапқан балалық,

Бақытты кезін, жақұтты кезін кім көрді.

 

Қазақстандағы сағынамын мен бір үйді,

Еске алсам оны жүрегім жайлап жылиды.

Сол үйде маған анашым байқұс тіл қатып,

Даладан келсем, құшағын жайып жымиды.

 

Сол үйде маған әкем де келіп қасыма,

Алдағы күнге ақылын айтқан асыға.

Сол үйден кеттім қанды соғысқа аттанып,

Қоштасып үнсіз сүйікті қарындасыма.

 

Мен кете бардым, жолыма қарап ол қалды,

Ұзатқан үйден ұмытам қайтіп жолды әлгі.

Ұмытам қайтіп анам мен қамқор әкемді,

Бүгін - әйгілі ақын, марқұм Тұманбай Молдағалиевтің туған күні. Дәл осы күні тұма жырдың туын қолынан түсірмей ұстаған ғажап шайыр дүниеге іңгәләп келіп жатыпты. Тұмағамызды жұрт «лирик ақын», «махаббат жыршысы» деседі. Алайда, ақынның сезімтал жүрегі ұлт мәселесінде, алыстағы бауырларды аңсап, уайымдаған сәттерде, қазақтың ұлы тұтастығын қамыға ойлағанда үнсіз қала алмапты. Төмендегі өлең жолдарынан соны бек аңғарасыздар.

«Абай-ақпарат»

Американдық қазақтың жырлары

(Бірінші жыр)

 

Қазақстандағы сағынамын мен бір жерді,

Сол жерде өткен жұлдызды, жылы түндерді.

Құла тай мініп, құлдырай шапқан балалық,

Бақытты кезін, жақұтты кезін кім көрді.

 

Қазақстандағы сағынамын мен бір үйді,

Еске алсам оны жүрегім жайлап жылиды.

Сол үйде маған анашым байқұс тіл қатып,

Даладан келсем, құшағын жайып жымиды.

 

Сол үйде маған әкем де келіп қасыма,

Алдағы күнге ақылын айтқан асыға.

Сол үйден кеттім қанды соғысқа аттанып,

Қоштасып үнсіз сүйікті қарындасыма.

 

Мен кете бардым, жолыма қарап ол қалды,

Ұзатқан үйден ұмытам қайтіп жолды әлгі.

Ұмытам қайтіп анам мен қамқор әкемді,

Ұмытам қайтіп батагөй асқақ шалдарды.

 

Қазақстандағы сағынамын ұзақ бір бақты,

Жар сөзін естіп,

жаныма менің қымбатты

шапағат маған сол жерде жауды көгімнен,

махаббат алғаш ұялып маған тіл қатты.

 

Қазақстандағы сағынамын мен бір суды,

Білмеуші ем онда ренжу менен ұрсуды.

Өмірім алға жылжыған сайын ақырын,

Сол суды ойлап, ішімнен үнсіз күрсіндім.

 

Қазақстандағы кетпейді естен бір тұман,

Кетпейді және көндірген бір қыз ырқына.

Қайтадан кері қайтам деп ойламаймын мен,

Бір жетсем аман, өзімнің туған жұртыма.

 

Екінші жыр

Жол түсіп дүниені араладым,

Үйрендім жүргіншінің бар амалын.

Тек қана туған жерге бара алмадым,

Сағындым анашымның орамалын.

 

Сағынып анашыма жете алмадым,

Қайтейін, нар тәуекел ете алмадым.

Алдымда ажал деген үкім тұрды,

Айналып сол үкімнен өте алмадым.

 

Дүниеден арман бар ма күліп өтсең,

Туған жер, көп шақырған құдірет сен.

Кеп жүрдім Түркістанның маңайына,

Деп жүрдім анашыма тірі жетсем.

 

Шай іштім Римнен де, Токиодан,

Дәм таттым нелер шыңнан, не қиядан.

Екінші анам болды Альмания,

Бақ іздеп ұзақ жүрдім бақи одан.

 

Сонан соң Штат келдім, нан іздедім,

Онда мен жортқан бөрі тәрізді едім.

«Жан ана, жаманыңды кешіре гөр,

мойныма аппақ сүтің қарыз» - дедім.

 

Сонымен жете алмадым мен еліме,

Өзімнің өзім жандым өлеңіме.

Ол маған ажалдан да қорықпастан,

Сендім мен іздеп, тауып келеріне.

 

Жыл күттім кездесуді, ай күттім мен,

Қалмайды бақыт кімнен, байлық кімнен.

Сатқынның анасы деп халық оның,

Бетіне түкірер деп қаймықтым мен.

 

Жетпесе мақсатына тынығар кім,

Мойындай бере ме осы мінін әр кім.

Сондықтан тірлігімнен хабар бермей,

Мұхиттың ар жағында жүріп алдым.

 

Анамды күндіз көрдім, түнде көрдім,

Балалық бар күндермен бірге көрдім.

 

Тоңсам да қазақ атын жоғалтқам жоқ,

Болсам да азаматы іргелі елдің.

 

Анамды таңда көрдім, кеште көрдім,

Көрдім мен ақ үйінен көшпелі елдің.

Өзіңе бара алмаған бақытсызбын,

Анашым, кешір мені, кеш, бөгелдім.

 

Қолыма жанталаста не ілінді,

Әйтеуір кеңге салдым пейілімді.

Кеш ана, кешір ана, жаманыңды,

Ертіп кеп көрсетермін келініңді.

 

Қойды ғой жақындатпай бір бәлекет,

Жетсем деп жасамадым не харекет.

Немере қыздарың мен ұлдарыңды,

Алдыңа қуантпадым ертіп әкеп.

 

Кеш, ана, астан-кестең дүниеде,

Жетпедім мен өзіңе - шын иеме.

Анамның жанын нұрлы ете гөр деп,

Бағыштап дұға оқимын әулиеге.

 

Батқан соң тіршілікте бір кінәға,

Арыла алмайды екен шіркін адам.

Батырдың анасы деп сені халық.

Қолпаштап жүрген шығар,мүмкін о да.

 

Үйрендім не түріне тәртіптердің,

Алдымнан бір шықпады бар күткенім.

Мен батыр бола алмадым, кешір, ана,

Одан да тірлігімді артық көрдім.

 

Өлмедім, қол көтеріп тірі қалдым,

Өкініш еткендеймін мұны да әр күн.

Осы күн ет үйренді барлығына,

Досымын көкірегінде мұңы бардың.

 

Сен енді жолға қарап алаңдама,

Жақсылық силамады жаман бала.

Алдыңда сенің ғана кінәлімін,

Қарыздар боп барамын саған ғана.

 

Ойламан мені халқым қарсы алар деп,

Келгенде қарындасым ән салар деп.

Өлмедім, кінәм менің осы, апа,

Өлмедім сені тірі көрсем-ау деп.

 

Несіне таптың, анам, таппас ұлды,

Ел тыныш, лапылдаған өрт басылды.

Әлі де тірі жүрмін, анам, анам,

Исем деп аяғыңа ақ басымды.

12.12.1990

Үшінші жыр

Жасқа жас қосқаным ба бар қылғаным,

Сүйіндім, саңғырладым, даңғырладым.

Шаштым мен оңды-солды аямастан,

Қазақтың қасиетті алғыр қанын.

 

Ішкенім, жұрттан ерек көп жегенім,

Өнетім кездерімде өнбегенім.

Мұңымды оятады ұйықтап жатқан,

Жынымды келтіреді кейде менің.

 

Жанатын кездерімде жанбағаным,

Тәттіні ішкен сайын қанбағаным.

Содан да бір өкінбей жүретінім,

Реттеп алатындай алда бәрін.

 

Жүрдім мен аспаным деп жат аспанын,

Ойласам кімдерменен отаспадым.

Уақытты қызық қуып өткізгенде,

Бақытты болам дедім - шатасқаным.

 

Сандалдым, санам байқұс ұқты нені,

Келмейді, бақыт ұзақ күттіреді.

Жылатып жан-жағыңды күлу үшін,

Кеудеңде соғу керек ит жүрегі.

 

Оттары тіршіліктің үйімде өшіп,

Бағы да кеткендей-ау биыл көшіп.

Поездан орта жолда түсіп қалған,

Отырмын жолаушының күйін кешіп.

 

Төртінші жыр

 

Сағыныштың түрмесіне қамалдым,

Сол түрмеде жан берісіп, жан алдым.

Теңіздегі бір жаңқадай мәңгіге,

Туған елдің назарынан жоғалдым.

 

Өшіп кеткен біздің үйдің шамы да,

Көшіп кеткен кемпірі де, шалы да.

Тосып көптен жүретұғын анашым,

Жолға қарап тұрма бүгін тағы да.

 

Несіне, апа, жаманыңды күтесің,

Ол болмайды енді саған құт есім.

Ұршығыңды иіре бер күн бойы,

Қой жүнін де әдемілеп түтесің.

 

Маған арнап көрпе жасап не сорың,

Болым-ау мен жазылмайтын кеселің.

Болдым-ау мен бітпейтұғын сағыныш,

Шатастырдың жылдардың да есебін.

 

Маған арнап тоқымқақты жасама,

Алданбайды, алдан күткен қосаба.

Сағыныштың түрмесінен шыға алмай,

Шалғайда өткен жалғызыңды кеш, ана.

 

Бесінші жыр

 

Менің мінер кезім еді-ау ат таңдап,

Аямастан қойды-ау өмір қақпандап.

Ұғар кезде бір қара көз өзімді,

Шығар кезде алдымыздан бақтан бақ,

 

Басталды бір соғыс деген сұрапыл,

Сұрамады ешбір жаннан бұл ақыл.

Қансырап мен жатыр ем ғой окопта,

Соның соңы қалай болды... тұра тұр.

 

Ат баққызды неміс маған, ат бақтым,

Еңсем түсіп, өлуге де шақ қаппын.

Айтатұғын ешкім болмай мұңымды,

Қайтатұғын жолдың жөнін таппаппын.

 

Сатқын деген басып тағдыр таңбасын,

Бұлт шалды ғой мен мекендер тау басын.

Көкем жауды тас-талқан қып оралды,

Деген сөзді айта алмадың, қарындасым.

 

Қарындасым, қара көзім, туысқаным,

Биігіңде қанат қағып ұшпадым.

Сенің бақыт тойыңа кеп, құшақтап,

Қолдарыңды қайта-қайта қыспадым.

 

Ән салмадым бір тебіреніп сол тойда,

Адасқан бұл ағаңды ойлап қартай ма.

Мен адастым, біздің шағын ауылға,

Адастырмай апаратын жол қайда?

 

Қайда сол жол, кетті ме үстін шөп басып,

Кездеспедік, жарты ғасыр кетті асып.

Жас-кәрімен сайран салып көктемде,

Достарыммен жүрмедім-ау құшақтасып.

 

Өмір қайда мағаналы, мазмұнды,

Мен қасыңда өткізбедім аз күнді.

Ағам тірі деп ойлайсың сендағы,

Балам тірі деп анашым көз жұмды.

 

Мен тірімін, тірі жүрген өлікпін,

Желге мініп неменеге желіктім.

Жерден, елден аулақ кетіп, адасып,

Жер ортасы жетпіске де келіппін.

 

Аласұрып жапа шеккен жаным-ай,

Мені күткен кәні көктем, кәні май?

Іздеп сені барам қалқам жуырда,

Жан көкеңді қалып жүр ме танымай.

 

Елге бастап мені бүгін мырза күн,

Алға тартты тіршіліктің бір заңын.

Бауырыма сені, қалқам, бір қысып,

Одан кейін көз жұмсам да ырзамын.

 

Биігіңде қанат жайып ұшпадым,

Мейлі, менің тағы алыстай түс, бағым.

Қарындасым, сені қыссам бауырыма,

Қайырымды қалқымды да қысқаным.

 

Айтпайыншы азабымды жолдағы,

Отым іште, өкініш те мол бәрі.

Мен барғанда көкешім деп алдымнан,

Өзің шықсаң, өзің шықсаң болғаны.

15-16 желтоқсан, 1990 жыл

***

Жігіттер, Қазақстанға қайтпайсыңдар ма,

Бабалар рухына бір жылы сөз айтпайсыңдар ма?

Сенетін болып бару үшін де алдағы келер жат ғасырларға,

Қарамаймыз ба топтасып алға.

 

Сендерді күтіп туған жер жатыр, білдің бе, батыр,

Келе беруге болады Қазақстанға бұл күнде батыл.

 

Бабалар жортқан жотаға шығып демалып біраз отырмайсың ба,

Даланы аңсап жүрміз дейсіңдер, жүрміз дейсіңдер, апырмай, шын ба?

«Келем деушіге құшақ та ашық, қабақта ашық» - дейді қазағың,

Қазағың айтқан осы бір сөзге құлақ қоясың ба, мақұлдайсың ба?!

 

Бақ іздеп, бауырым, бармадың қайда, арманың қайда ардақ тұтынған,

Қинамайды енді алдан шығып та, жаманшылықтар зарлап құтылған.

 

Қинамайды енді қайдан келдің деп, көздерін ешкім алартпайды да,

Бабаларға арнап оқысаң мейлі, оқи бер, бауырым, таң атпай дұға.

Босаға күтеді ылғи алыста жүрген өз перзенттерін,

Тасада тұрып сендерге ешкім енді мылтық кезеніп, оқ атпайды да.

 

Бақ іздеп әуре болмаңдар сендер, бақ деген баба мекені екенін,

Білмегендерге, «білмейсіңдер» - деп, қаттырақ айтып төте кетемін...

Тілімді сақтап, дінімді сақтап, ділімді сақтап жүрген қазақты,

Бауырым демей, қауымым демей, қалайша бөліп, бөтен етемін.

 

Қазақстанға қайтпайсыңдар ма, қайсар ұлдары, Асан қайғының,

Алдыңнан шығып күтем сендерді, күтем сендерді қашан, қай күні.

«Қазақпын!»- деген қасиетті үнге, қасіретті үнге кімде-кім болсын,

Арыстан үміт, алыста жүріп үніме менің қоса алмайды үнін!

 

Қазақстанға қайтпайсыңдар ма, айтпайсыңдар ма көргендеріңді,

Қуантпайсың ба, ұнатпайсың ба өзің келер деп құшағын жайып келген еліңді.

Сендер келсеңдер, ұлан асыр той болар  бағымыз асып, дәриямыз тасып,

Сол тойда шабар жаратып жүрмін қысы-жазы баптап көк дөненімді!!!

(«Америкамен бетпе-бет» циклінен алынды)

Алыстан келген бауырларыма

Алматыда өтетін

Дүниежүзі қазақтарының

құрылтайшыларына

Менің жерім мына жер - сенің жерің,

Жарасып тұр сол жерге келулерің.

Осы алқапта сенің де малың жатыр,

Жайқалып тұр шабылмай егіндерің.

 

Менің көлім мына көл - сенің көлің,

Сенің арқаң көңілге семіргенім.

Жоғалмасын, ағайын, жоғалмасын,

Жетем деген сол көлге сенімдерің.

 

Менің тауым мына тау - сенің тауың,

Ақбас шыңын алты ай жаз жуған жауын.

Жалғыз рет көрсең де тірлігіңде,

Мұмкін емес сол тауды сағынбауың.

 

Туы да бір ішетін суы бардың,

Әуреледі бұл жерден қуып әр кім.

Мына орман менікі, сен де соның,

Ағашынан үйіңе уық алғын.

 

Көрдің бәрін, көп түсті жан да азапқа,

Түскен кезі көп және ар мазаққа.

Тоғайдағы толғағыш құстар да ортақ,

Дүниені жайлаған бар қазаққа.

 

Мынау өзен менікі, ел күніге

Сүйінеді ұрпақтың ерлігіне.

Қимай кеткен сол суды аталарың,

Бетін жуып соңғы рет мөлдіріне.

 

Мынау теңіз менікі - сенікі ол да,

Ел ырысы дәл бүгін бекем қолда.

Әр бұтасы, ағашы туған жердің,

Ыстық тарта береді екен жолда.

 

Желбіреді көгімде міне туың,

Тұлпарым да дайын тұр мінетұғын.

Мынау үлкен мәңгілік қалаларда,

Үйлерің тұр көшіп кеп кіретұғын.

 

Келші, бауырым, кешікпей кір қатарға,

Меңіреуге меңіреу тіл қатар ма.

Мына тауда сенің де жылқыларың,

Жату керек шұрқырап күн батарда.

 

Жазым да ерек, биылғы күзім бөлек,

Алмам да ерек мол биыл, жүзім де ерек.

Мына көлде сенің де балаларың,

Асыр салып тал түсте жүзу керек.

 

Кел, бауырым, несіне жүрсің жырақ,

Ішің де ұнап тұр маған, сыртың да ұнап.

Сендердің де бір салған әндеріңе,

Бар таулары қазақтың түрсін құлақ.

 

Жеңдік біздер тіршілік күресінде,

Әні есіңде еліңнің, жыры есіңде.

Қай қиырға ұшсаң да қазақ болсаң,

Абайыңды еске алмай жүресің бе?!

 

Жастау болсаң жайқалып, жалындап ал,

Бақыт өзі кеп сонда қолыңды алар.

Қазақ болып туғаның рас болса,

Сарыарқаға сағыныш қаныңда бар.

 

Туған елсіз ешқашан көгермейсің,

Кім қашанғы бұғауға көнер дейсің.

Қазақ болып туғаның рас болса,

Алматыға бір келмей және өлмейсің.

 

Мүлгисің бе жырыммен ұшықтасам,

Қуатым деп Сыр суын ішіпті Асан.

Қазақ болып тудым деп айта көрме,

Алатаудың басына бір шықпасаң.

 

Оянады көңілден қайдағы арман,

Бақыт желі ескендей жайлап алдан.

Президентім бар менің елі түгел,

Ақ киізге көтеріп, сайлап алған.

 

Туым биік бүгінде, нуым да әсем,

Естілер шақ кетті өтіп үнім бәсең.

Қазақпын деп айпа сен, жан бауырым,

Алматыныны тірлікте бір көрмесең.

 

Қауқылдасып қалдық-ау, есендесіп,

Таңнан тағы тербетті шешем бесік...

Қарсы алуға дайын тұр бауырларың,

Өз жеріңе бәрің де келсең көшіп...

1992 жыл

ҚҰРЫЛТАЙҒА КЕЛГЕН БАУЫРЛАРҒА

Жолыңның бәрі бастап келді Абайға,

Қуанып күнмен ойна, желмен ойна.

Басыңа бір ауыр іс түсе қалса,

Қамқоршы президентім бар деп ойла.

 

Аңқиды жұпар исі бақтан гүлдің,

Осындай жерім бар деп мақтан, құрбым.

Сәлем бер Алматыға алдыменен,

Сонан соң аулына бар қарт Жамбылдың.

 

Бұл қазақ қысы-жазы ат баптайды,

Береді озған атқа мақтап бәйгі.

Барлық жол өзің жүрер, өзің көрер,

Аяулы Астанаға кеп тоқтайды.

 

Соққан жоқ бостандықтың бекер желі,

Қазақтың осы күні аты өрледі.

Астанам сұлу Есіл жағасында,

Төрт-бес жыл болды еңсесін көтергелі.

 

Күшін де, ақылын да аямайды,

Ерлердің еңбегін де бағалайды.

Қаланған әр кірпішін жас қаланың,

Президент бақытындай аялайды.

 

Қияға әкеледі бастап аңыз,

Қанатын еркін жайды жас қаламыз.

Мен көрген ай астында сұлу қала,

Осынау біздің жаңа Астанамыз.

 

Кетпейді жақсылықтың күні қашып,

Мейманға нұры жолдас, гүлі ғашық.

Асықпай бір көріп қайт Алматыны,

Аяңдап Алатаудың шыңына шық.

 

Бойыңды аялайды тербеп әнім,

Желі кеп аймалайды кең даланың.

Бір көрсең Алматыны,

екінші рет,

Көруге құмартарың елге мәлім.

 

Әр сәтің, әр сағатың өзіңе артық,

Тұрады сүйіспендік сезімі артып.

 

Ұшақтан қарсы алады қыздар сені,

Әнімен, биіменен көзді тартып.

 

Қазақтың әр ағашы ән салады,

Жүзіңді аймалайды таң самалы.

Ұшақтан қарсы алады Қара Ертісім,

Сұлу Сыр, Ақжайығым қарсы алады.

 

Жайнайды, құбылады дүние шіркін,

Жел айдап жөнеледі қоңыр бұлтын.

Қаларсың президенттің қолын алып,

Басыңда бағың болса, ол да мүмкін.

 

Қызықтар ұмытылмас жолдан көрген,

Тұлпарың су ішеді арман көлден.

Әнменен аялаймыз туысқан деп,

Құрметті аямаймыз қолдан келген.

 

Жолыққан жандай болып әпкесіне,

Көңілдің шығады ұшып көк төсіне.

Көргенді, естігенді тұт жадыңа,

Құрылтай құрметін де сақта есіңе.

 

Елімнің ат үріккен атағынан,

Өз белін тәУекелге ата буған.

Бауырым, Қазақстан саған да Отан,

Асыл ұл алыстамас Отанынан!

 

Білесің, дәл осынау кезеңде әсем,

Ақпайды бұрынғыдай өзен бәсең.

Көшіп кел Отаныңа,

өз анаңның,

Құшағын тағы да бір сезем десең.

 

Кетпесе мейірімнің көзі шығып,

Бой алып өседі әлі сезім шыбық.

Көшіп кел Отаныңа,

ата көңіл,

Алдыңнан қарсы алады өзі шығып.

2005 ж.

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407