Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2821 0 пікір 20 Наурыз, 2012 сағат 11:58

ENGLISH — КҮЛЛI ӘЛЕМНIҢ ТIЛI ЕМЕС...

...Көшеге шықсам, осыдан жиырма жылдай бұрын қолыма тиген белгiсiз басылымның сарғайған бiр жапырақ қиындысы көз алдыма келедi. «Әлемде екi ұлы тiл бар, бiрi - ағылшын тiлi де, екiншiсi - орыс тiлi» деп жазылған едi онда. Кәдiмгi кириллицамен қазақ тiлiнде дәл осы бiр ауыз сөз ап-айқын жазылған. Оның қандай басылым екенiн, авторы кiм екенiн бiле алған жоқпын. Бәлкiм, бiлсем деген қызығушылық ол кез менде болған да жоқ. (Әрине, жан-жағын толық танып бiлмеген баламын ғой мен онда.) Бiрақ кеңестiк саясатты дәрiптеген кейбiр сөйлемдерiне қарап, оның сол кездегi идеология тудырған пiкiр екенiн аңғарғаным анық. Сонда «неге «ұлы тiлдер» қатарында менiң ана тiлiм жоқ?» деген тосын сұрақ туды санамда. Сол мұң екен, iшiмдi қызғанышқа ұқсас бiр от шарпып ала жөнелдi...

* * *

...Көшеге шықсам, осыдан жиырма жылдай бұрын қолыма тиген белгiсiз басылымның сарғайған бiр жапырақ қиындысы көз алдыма келедi. «Әлемде екi ұлы тiл бар, бiрi - ағылшын тiлi де, екiншiсi - орыс тiлi» деп жазылған едi онда. Кәдiмгi кириллицамен қазақ тiлiнде дәл осы бiр ауыз сөз ап-айқын жазылған. Оның қандай басылым екенiн, авторы кiм екенiн бiле алған жоқпын. Бәлкiм, бiлсем деген қызығушылық ол кез менде болған да жоқ. (Әрине, жан-жағын толық танып бiлмеген баламын ғой мен онда.) Бiрақ кеңестiк саясатты дәрiптеген кейбiр сөйлемдерiне қарап, оның сол кездегi идеология тудырған пiкiр екенiн аңғарғаным анық. Сонда «неге «ұлы тiлдер» қатарында менiң ана тiлiм жоқ?» деген тосын сұрақ туды санамда. Сол мұң екен, iшiмдi қызғанышқа ұқсас бiр от шарпып ала жөнелдi...

* * *

Сол қызғаныш менiң бойымда әлi де бар. Бiрақ ол бүгiн қызғаныш емес, бейне күйiнiшке, ренiшке, уайымға айналып кеткен. Оған себеп: «Үш тiлдi ел боламыз» деп балаларын жаппай ағылшынша оқытуға көшкен орыс тiлдi отандастарымыз... Орысшадан көз аша алмай жүрiп, ағылшын тiлдi атауларға көмкерiлiп қала берген қалаларымыз... Бiр жиынын толық мемлекеттiк тiлде өткiзуге шамасы келмей жатып, «қазақстандық бренд», «қазақстандық ноу-хау» деп бiр ауыз қазақша баяндамасының өзiн бөтен (ағылшынша) сөзбен былғап жүрген шенеунiктер... Тiптi, кейбiр жиындарымыздың орыс және ағылшын тiлдерiнде өтiп жүргенi, мемлекеттiк тiлiмiз - қазақ тiлiнiң «үш тiлдi» елдiң ең бейшара тiлi болып қалып бара жатқаны да жасырын емес қой...

Сонда... шынымен орыс тiлi мен ағылшын тiлiнiң «ұлы» болғаны ма? Шынымен, бала күнiмде қолыма түскен газеттегi тұжырымның ақиқатқа айналғаны ма? Тәуелсiз елмiз деп отырып, отаршылдар тудырған идеологияны өз қолымызбен жүзеге асыра бастағанымыз ба?..

Орыс тiлiне дау жоқ. Ол - Қазақстанның ресми жағдайда мемлекеттiк тiлмен тең дәрежеде қолданылатын бiр тiлi. Және оның мемлекеттiк тiлдi мiсе тұтпай, үстемдiк етуi Қазақстанда қалыптасқан этнодемографиялық ахуалға да байланысты болғаны анық. Көз ашқалы орыс тiлiн игерiп, сол арқылы ғана нан тауып жеуге болады деген түсiнiк миларына сiңiп қалған шенеунiктерiмiз қазақ тiлiне әлi құлықсыз. Демек, орыс тiлiнiң әлi күнге өз «күшiн жоймай» отырғанын түсiнуге болады. Ал айдаладағы ағылшын тiлiне не жорық?..

Мәселеге кеңiнен зер салуды жөн көрдiк.

 

116 мемлекеттiк тiл бар

1953 жылы ЮНЕСКО сарапшылары «мемлекеттiк тiл» мен «ресми тiл» деген екi ұғымның аражiгiн ажыратып алуды ұсынды. Нәтижесiнде мемлекеттiк тiлге «мемлекеттiң саяси, әлеуметтiк және мәдени тұрмысында интеграциялық қызмет атқаратын әрi сол елдiң мемлекеттiк символы болып саналатын тiл» деген анықтама берiлдi де, ал ресми тiл дегенiмiз - мемлекеттiң заң шығару, сот билiгiн жүзеге асыру және ең бастысы - басқару салаларының тiлi ретiнде танылды.

Алайда, әлем елдерiнiң тiл мәртебесiне қатысты ұстанымдары бiркелкi емес. Мәселен, Австралия, Эритрей, Люксембург, Швеция, Тувалу сынды елдерде «мемлекеттiк тiл» ұғымы мүлдем жоқ. Оларда ресми құжаттар жұртшылық қалауына қарай әр тiлде, яғни барлық қолданыс тiлiнде дайындала бередi. Ал АҚШ-та заң жүзiнде мемлекеттiк статус иеленген тiл жоқ, тек бұл ұғым белгiлi бiр әкiмшiлiк аумақтарға ғана тән заң жүйелерiнде кездеседi.

Тағы бiр қызық жағдай, әлемде қос тiлдi, үш тiлдi, тiптi, төрт тiлдi мемлекеттер де бар. Мәселен, Еуропаның Андорра атты елiнде каталан, испан және француз тiлi мемлекеттiк тiл болып бекiтiлген. Бельгияда - француз, нидерлан және немiс тiлi, Швейцарияда - немiс, француз, италия және ретороман тiлi, Сингапурда - тамил, ағылшын, қытай және малай, Шри-ланкада - тамил, сингал және ағылшын, Африканың Ботсвана елiнде - ағылшын және сетсвана, Джибутиде - араб және француз, Зимбабведе - синдебеле, шона және ағылшын, Сейшол жағалауы елiнде креол, ағылшын және француз тiлдерi мемлекеттiк тiл саналады. Мұндай жағдай Австралияда да бар.

Нақты статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде 116 мемлекеттiк тiл бар екен. Бұлардың арасында «мемлекеттiк тiл» атты мәртебесiн ресми тiл, аз ұлттар тiлi, сонда-ақ ұлтаралық (немесе халықаралық) қарым-қатынас тiлi деген статусы бар тiлдермен бөлiскендер де баршылық. Көбiнесе ондай жағдаят тәуелсiздiгi тұғырына мықтап бекiмеген немесе әлi де бодандық бұғауында бұлқынған елдердiң тiлiне тән болады.

 

Ағылшынша бiлмегендер аттан түсе ме?

«Мемлекеттiк тiл» статусын алып, әлемге ең көп тараған тiлдердiң бiрi - француз тiлi. Өйткенi, ол - бүгiнде өз туы, гимнi, шекарасы, қысқасы, өзiндiк мемлекеттiк атрибуттары бар 26 елдiң мемлекеттiк тiлi. (Әрине, олардың арасында екi, үш тiлдi мемлекеттер де бар). Ең көп мемлекеттiң тiлiне айналған екiншi тiл - араб тiлi. Араб тiлi ұзын-саны 23 мемлекеттiң Конституциясында негiзгi тiл (немесе негiзгi тiлдерiнiң бiрi) ретiнде бекiтiлген. Ағылшын тiлi бұл тiзiмде үшiншi орынды алады. Яғни, әлемнiң 19 елiнде ол мемлекеттiк тiл мәртебесiн иеленген. Ағылшын тiлiн мемлекеттiк тiлi етiп алған жиырмасыншы мемлекет - АҚШ. Алайда, ол АҚШ-тың Конституциясында бекiтiлмеген. Ол тек осынау алып мемлекеттiң дәстүрлi тiлi ретiнде кеңiнен қолданылады, сондай-ақ кейбiр штаттарында ресми тiлдердiң бiрi саналады. Бұдан әрi испан тiлi 18 елдiң, португал тiлi - 10, немiс тiлi - 7, орыс тiлi - 7 (бұрынғы КСРО құрамында болған тәуелсiз мемлекеттердi қоса есептегенде. Оның iшiнде Қазақстан да бар. - Н.Б.), италия тiлi 5 елдiң мемлекеттiк деңгейде, ресми қарым-қатынаста қолданылатын тiлi болып мойындалады.

Жаһандану дәуiрiнде қанатын кеңге жайып келе жатқан ағылшын тiлiнiң жай-күйiне тереңiрек тоқталсақ, Солтүстiк Американың сегiз елiнде мемлекеттiк тiл болып бекiтiлген ағылшынша Канадада француз тiлiмен тең дәрежеде қолданылады. Ол тек Латын Америкасының бiр мемлекетiнде ғана үстемдiкке ие, ал қалған мемлекеттердiң бәрi жаппай испанша сөйлеседi.

Еуропа елдерiн алсақ, ағылшынша - Ұлыбританияның ғана мемлекеттiк тiлi. Ирландия мен Мальтада бұл тiл екi тiлдiң бiрi ғана.

Австралия құрлығының Жаңа Зеландия, Австралия, Фиджи сынды мемлекеттерiнде ағылшын тiлi мемлекеттiк тiл де, кейбiр елдерде екi тiлдiң не үш тiлдiң бiрi. Ал Азия мен Африка елдерiнде ол ағылшындар отарлаған елдердiң ғана мемлекеттiк тiлi болып отырғаны белгiлi.

Демек, белгiлi бiр халықтың тiлi өзгелерге отарлау саясаты арқылы таралып, зорлықпен таңылады екен. Француздың да, арабтың да, испанның да, немiс пен орыстың да тiлi солай, басқыншылық жолмен тараған. Ақиқатын айтқанда, кез келген халық өзiнiң даму дербестiгiнен айрылып, басы бодандыққа түскен кезеңде ғана өзiнше сөйлеу еркiнен айырылып, басқыншы елдiң, яғни отарлаушы ұлттың, жат-жұрттың тiлiн қабылдайды. Ырықсыздық соған мәжбүрлейдi. Ал, бiрақ атақ-даңқы жайылған, әлемге танылған Қазақстан ағылшындардың, ағылшынтiлдiлердiң отары емес қой. Ендеше ағылшын тiлiн көкке көтерердей қазақ елiне не күн туды?

 

Француздар неден қорғанады?

Ой тiзгiнiн босата қарасақ, дүние жүзiнде 6000 тiл жойылу алдында тұр деген БҰҰ дерегi еске түседi. Бұған қоса ай сайын 2 тiл қолданыстан шығып қалып жатады дейдi бiлгiштер. Тiлдiң жойылуы - ұлттың жойылуы. Сондықтан да, ұлттығын сақтап қалуды мұрат еткен әр халық өз тiлiнiң келешегi үшiн күресе бастады. Ресеймен тегi бiр, туыстас ел бола тұра Украина өз тiлiн отаршыл орыстың тiлiнен арашалауда. 26 елде мемлекеттiк мәртебе иеленген тiлдерiн француздар ағылшын тiлiнiң ықпалынан қорғаумен келедi. Бұл тұрғыда Франция парламентiнде, тiптi сөз арасында ағылшын тiлiн қолданғаны үшiн айыппұл салу шарасы да жолға қойылған.

Айта кететiн жәйт, әлемге кеңiнен тараған, ықпалды елдердiң тiлдерi өзара бәсекеге түскен сыңайлы. Өйткенi, жаһандану дәуiрiнде жер жаһанды бiр заңдылыққа бағындырғысы келгендердiң әлем халықтарын бiр тiлде сөйлетуге тырысатыны да түсiнiктi. Бұл тұрғыда ең алдымен БҰҰ-ның жұмыс тiлi саналатын алты тiл, яғни ағылшын, араб, француз, қытай, испан және орыс тiлдерi ауызға алынады. Әсiресе, ағылшын және француз тiлдерi Еуропалық кеңестiң қызметi барысында да текетiреседi.

 

Әркiмнiң тiлi - өзiне ұлы

Тағы да сол баяғы тiркес ойыма оралады. «Әлемде екi ұлы тiл бар, бiрi - орыс тiлi де, екiншiсi - ағылшын тiлi»... Бүгiнгi бiздiң қоғам бұл қағиданы жоққа шығарып отырған жоқ. Тiптi Астанамыздың өзiнде кейбiр мекемелер (мәселен, Ана мен бала ұлттық орталығы) өз жиналыстарын орыс және ағылшын тiлiнде өткiзе бастады...

Тiлдiң «ұлылығы» туралы айтқанда, алдымен тiлдiң әлемге қанат жайып, кеңiнен қолданылу жайына тоқталмасқа шара жоқ. Бұл өлшеммен қарағанда орыс тiлi былай тұрсын, ағылшын тiлi де «ұлы» бола алмаса керек. Олай дейтiнiмiз, бұл жағынан бiр жарым миллиард халқы бар Қытайдың, сол секiлдi Тайвань мен Сингапурдың мемлекеттiк тiлi болып табылатын қытай тiлiнiң алдына ешкiм түсе алмайды. Бұл қатарға халқының саны жағынан қытайлармен иық теңестiруге шақ қалған үндiлердiң тiлi - хиндидi де қосуға болады. Демек, орыс тiлi мен ағылшын тiлi «ұлы тiл» бола алмайды екен. Егер оларды «ұлы» дейтiн болсақ, қытай мен хинди тiлдерiн қайда апарып қоямыз? Сол секiлдi бүкiл Солтүстiк Америка мен Латын Америкасының басым көпшiлiгiнде, сондай-ақ Еуропаның да бiрқатар елiнде үстемдiк ететiн испан тiлi мен француз, португал тiлдерi неге «ұлы» емес?..

Ал қолданылу аясы тұрғысынан қарасақ, негiзi «өлi тiл» саналса да, бүкiл ғылыми терминологияның 80-90 пайыздық қорын құрап отырған латынша неге «ұлы» емес? Азияның бiрқатар елiне тараған, Қасиеттi Құранның тiлi, соңғы пайғамбар Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) хадисiнде «жұмақта сөйленетiн тiл» деп жазылған араб тiлi неге «ұлы» емес?.. Ал сөздiк қоры жағынан қазақтың тiлi орыс тiлiн он орап, ағылшын тiлiн «шаңына да жуытпайтын» бай тiл емес пе? Ендеше, қазақ тiлi неге «ұлы» емес?..

Этнограф-ғалым Ақселеу Сейдiмбектiң айтуынша, грамматикалық бiтiмi бойынша түркi тiлi - дүние жүзiндегi ең ұлы тiл. «Өйткенi, түркi тiлi - агглютинативтi тiл. - Бұл тiл түбiрден жасалатын тiл. Ол мыңдаған жыл бойы өзгермейдi. Оған дәлел осыдан он екi мың жыл бұрын кеткен Америкадағы үндiстердiң өздерi әлi күнге дейiн түркi тiлiнде сөйлейдi. Мысалы, орыс тiлiндегi «я» сөзi септелгенде «меня» болып өзгерiп кете бередi, ал бiзде түбiр қашан да өз қалпында сақталып қалады. Мысалы, қанағат дегеннен бiрнеше сөз шығады. Қанағаттану, қанағаттандыру, қанағаттандырылмағандықтарыңыздан, т.б. Осындағы соңғы сөз қаншама әрiптен тұрады, бiрақ түбiрi өзгерген жоқ. Бұл керемет емес пе?» - деп жазады ол.

Ал, сөздiк қоры жағынан алсақ, Ақселеу Сейдiмбектiң айтуынша, ағылшын тiлiнiң сөздiгiнде 443 мың сөз бар. Орыс тiлiнiң лексиграфиясына 143 мың сөз кiредi. Оның көбi түркi тiлiнен енген сөздер екен. Ал қазақ тiлiнде толық сөздiк бойынша 500 мыңдай сөз бар. Орыс не ағылшын тiлiндегi бiр сөздiң бiзде бiрнеше баламасы, яғни синонимi бар. Сондықтан, тiл байлығы, сөздiк қоры жағынан да әлемде қазақ тiлiндей ұлы тiл жоқ.

* * *

Тағы бiр дерек: настратика iлiмi бойынша, әлемдегi барлық тiлдiң атасы бiр делiнедi. Яғни, настратика тұжырымына сүйенсек, дүние жүзiндегi тiлдердiң бәрi әу баста бiр-ақ тiлден шығып, бiртiндеп тармақталған. Сөйте тұра, әр тiлдi адамзат баласының рухани, мәдени мұрасы деп қарасақ, Алла тағала жаратқан кез келген ұлттың, халықтың өз тiлi өзiне ұлы болуға тиiс.

Ендеше әр қазақ үшiн тек қана қазақ тiлi ұлы құбылыс, қымбат қазына болуға тиiс. Сондықтан, қазақ жерiнде өткен әрбiр жиында қазақтың тiлi асқақтап, қазақ топырағында, Қазақстанның қаласы мен даласында тек қана қазақ сөздерi сылаң қағып тұруы шарт.

Нәзира БАЙЫРБЕК

«Астана ақшамы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408