Нұрмұхаммед МАМЫРБЕК. «ЖЕР ЖОҚ» ДЕМЕ, БАЙЛАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
«Аспаннан киіз жауғанда, кедейге ұлтарақ та бұйырмапты». Әрбір қазақстандыққа 10 сотық жер алуына мүмкіндік беретін заңға қатысты қазақтың осы тәмсілі дөп келетіндей. Өйткені заң бар, бірақ басы артық жер жоқ. Жер бар-ау, алайда мемлекеттің емес, бай-бағландардың, құрығы ұзындардың қолында.
«Аспаннан киіз жауғанда, кедейге ұлтарақ та бұйырмапты». Әрбір қазақстандыққа 10 сотық жер алуына мүмкіндік беретін заңға қатысты қазақтың осы тәмсілі дөп келетіндей. Өйткені заң бар, бірақ басы артық жер жоқ. Жер бар-ау, алайда мемлекеттің емес, бай-бағландардың, құрығы ұзындардың қолында.
Жуырда ҚР Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттіктің төрағасы Қадырхан Отаров тұрғын үй салу мақсатында алынған жерлер игерілмесе мемлекетке қайтарылатыны туралы айтып, кезінде ұстағанның қолында кеткен жерлерге сұрау болатынын аңдатты. Анығы мұның барлығы Отаров мырзаның өз кәлласынан шығып отырған идея емес. Президенттің пәрменімен жүзеге асқалы отырған шара. Істі болып, басы дауға қалған агенттіктің бұрынғы басшысы Өмірзақ Өзбеков бұл тұрғыда не істегенін Құдай біледі, алайда, осы тапсырманы сиырқұйымшақтатпай дұрыс атқарса, Қадырхан мырзаның қадыры арта түсетіне бәсіміз бар. Бір қызығы, Мемлекет басшысының жерге қатысты тапсырмасы талай бай-бағланның ұйқысын қашырған сияқты. Олай дейтініміз, соңғы Уақытта: «Астана маңынан пәленше гектар жер сатамын», - деген хабарландырулар қаптап кетті. Бақсақ, сіз бен бізге бұйырмаған жер, кезінде құрығы ұзын қулардың иелігіне су тегінге өткен жер енді ашық саудаға түсіп жатыр. «Құқық қорғау органдары қайда қарап отыр?», - деп үстел тоқпақтап, кіжінгеннен пайда жоқ, өйткені бәрі де заңды, әзірше. Әзірше дейтініміз, түптің-түбінде игерусіз жатқан жер мемлекетке қайтарылатынын жоғарыда айттық. Бірақ жер иелері оған дейін жеткізбей, айласын асырмақ. Иә, біздің шенеуніктердің қулығына құрық бойлай алмайды. Өйткені, сол ашкөздікпен, қомағайлықпен қарпылған жерлердің иесін іздесеңіз, сайда санын, құмда ізін таппайсыз. Қай шенеуніктің атында гектар-гектар жер бар екен?! Декларацияда мін жоқ. Жалғыз ғана көлік, жері болса ұлтарақтай ғана, үйі болса өзіне ғана жететін үй. Болды. Басқа басы артық мүлік-мүкәмал таппайсыз, әуре болмай-ақ қойыңыз. Ау, мынау ат шаптырым жерлер кімнің қолында сонда? Жә, эмоцияға берілудің қажеті жоқ. Әйтпесе, жауабы жоқ сұрақ көп қой. Елорда халқы жылдам өсіп, көбейіп келе жатқандықтан, бұл мәселенің тіпті күрделеніп келе жатқанын Үкімет те, қала басшылығы да сезіп, біліп отыр.
Ресми мәліметтерге назар аударсақ, Астанада осы күнге дейін жер алу үшін 100 мыңнан аса адам өтініш берген екен. Бірақ қала басшылығы олардың барлығының өтініші қабылданбайтынын айтып отыр. Себебі, өтініш берушілердің саны жоспардағыдан төрт есеге артық екен. Бұл туралы қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің өзі жеке блогында айтқан болатын. «Біз барлығына бірдей жер бере алмаймыз. Иә, жер бар. Бірақ онда адамдардың тұруы үшін инфроқұрылым жоқ», - деді ол. Бұл жерде де түсініксіздеу жағдай болып тұр. Заңымыз бойынша 50-ге тарта тұрғын үйі бар елді мекенге Үкімет қажетті инфроқұрылым тартып беруге міндетті. Егер тұрғындарға баспана салуға жер телімі берілмесе, онда инфроқұрылым туралы сөз қозғаудың қажеті не? Жаңа Астана маңындағы жерлердің дені жеке азаматтардың қолына өтіп кеткенін айттық. Сол сөзімізге дәлел ретінде, алысқа бармай-ақ, бәріміз білетін «Крыша» деген сайтты алып қарасақ та жеткілікті. Мәселен, сайтта біреу Алматы ауданында 110 га жерді 550 000 АҚШ долларына сататыны туралы хабарландыру беріпті. Келесі бір азамат Сарыарқа ауданында 76 га жерді 250 000 АҚШ долларына саудаламақ. Ақшасы барлар үшін мұндай игерілмеген алқаптар басқа аудандарда да молынан кездеседі. Бәрін түгендеп отырмай, біз келесі бір жарнама берушіге хабарластық. «Қосшы елді мекенінде 200 га жерім бар. 130 мың АҚШ долларына беремін. Бөліп бер десең, бөліп берейік. Тұтас алам десең, тіпті жақсы. Тұрғын үй салуға өте қолайлы жер. Жолдың бойы, әрі су, жарық, басқа да қажеттіліктердің барлығы бар. Алам десеңдер хабарласып, келіп көріңдер», - дейді ол. Ал керек болса! Біреулер алақандай жерге жете алмай жүрсе, енді біреулер жерді атасынан қалған меншігіндей гектарлап саудаға шығарып қойыпты. Тағы бір дәлел ретінде Астанадан оншақты шақырым жерде орналасқан Қоянды елді мекенінде болған жағдайды айтуға болады. Осыдан біршама уақыт бұрын көші-қонның мамандары «Жаңа қадам» бірлестігін құрып, Қояндыдағы жалғасып жатқан 20 га жерді заңсыз жекеменшікке алған және оралмандарға бөлінген жер телімдерін 2000 доллардан 5000 долларға дейін сатқан. Қайдан келгені белгісіз, сол жолы Мұстафина деген азаматша жерлерді он шаршы метрден бөліп, әрқайсысын 3000-3500 доллардан үлестірді. Мұның арты кейін үлкен дауға айналғанын көпшілік біледі. Жалпы келер жылдан бастап еліміздің тұрғындары жаппай табыстарын жариялайтыны белгілі болып отыр. Осыған байланысты қазір кейбір байлар қарпып қалған жерлерін ресми жарнамаға шығаруға қорқып, халық арасындағы делдалдар арқылы арзан бағаға да сатып жатқан көрінеді. Бұған жақында өзіміз де куә болдық. Бір танысымыз Астананың төңірегінде сатылатын арзан жер телімінің бар екенін айтып, ұсыныс жасады. «Жер өте жақсы, әрі арзан, көршілерің небір керемет адамдар болады», - деп үгіт-насихатты үйіп-төккеннен кейін, «не де болса көрейік» деп шештік. Жер Ақмола облысы, Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында екен. Астанадан таяқ тастам ғана қашықтықта. 20 минутта зулап жеттік. Расында да бірнеше гектарға созылған жер бос жатыр. «Осының барлығы да сатыла ма?», - дедім. «Мен саған бір шындықты айтайын, бұл бір дөкейлердің жері. Осы маңнан үй тіксең, Марат Тәжинмен көрші боласың. Анау - соның жері», - деді серігім. «Өзіңе қандай жер керек, маған айт. 10 сотық дейсің бе, жоқ, 10 гектар жер алам дейсің бе, тауып берем. Қаланың ішінен керек десең де, сыртынан керек десең де табылады. Шүкір, жер комитетіндегілердің барлығын танимын», - деді. Айтпақшы, әлгі жер базар, жеке бизнеске арналған екен. Тұрғын үй салуға арналмаған. Бірақ жер иесі саспады. «Үй салам десеңіз, үй салуға арналған деп өзгертіп береміз, анық алатын болсаңыз, 2 ай күтесіз», - деді. Нобай-нұсқасы сауда-саттық кешенін салу үшін деп жасалған жердің жоспарын өзгерте салу түк те емес сияқты, байқасақ. Бұл тірлік әлгі, әзіл-сықақ театрында айтылатын: «Жұмақ десең жұмаққа жібереміз, тозақ десең де ерік өзіңде, тек ақшасын төлесең болды, ол жақта да таныстар отыр ғой», - дейтін әзіл әңгіме есімізге түсіп кетті. Мұндайларға салсаң, Құдайды да сатып алуға бар.
Айтпақшы, кезінде Парламент «Жер кодексі» туралы заң қабылдағанда атқамінерлеріміз халыққа тиімді болатын ұсыныс-пікірлерді елеусіз қалдырды. Есесіне, кейіннен қазақтың пайдалануға жарамды жерлерінің біразы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Ал қарапайым ауыл қазағы «баяғы жартас, сол жартас» дегендей, әлі күнге дейін баспанаға зар болып, көрінгеннің есігін сығалаумен күн кешіп жүр. Сірә, қазақтар «жер дауы, жесір дауы» дегенді бекер айтпаған. Жермен ойнауға болмайды. Әкім-қаралардың осыны түсінетін кезі болған шығар!
«Халық сөзі» газеті