«Қазақстанда АЭС салуға қарсымыз!»
Күні кеше Ресейдің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин «Комсомольская правда» басылымына сұхбат беріп, «Росатом Қазақстанға АЭС салуға дайын», деген пікір білдіріпті.
Елшінің айтуынша, Қазақстанға қажетті таза энергия тапшылығын шешудің бір жолы - АЭС салу. Ал, мұны іске асыруға Росатом сақадай сайланып отырған көрінеді.
Алексей Бородавкин, Ресейдің Қазақстандағы елшісі:
- Қазақстанға әлемдегі басқа елдер сияқты таза энергия қажет. Осы саладағы ең тиімді шешімдердің бірі - атом электр станциялары. Электр энергиясының тапшылығын ескере отырып, АЭС салу Қазақстан үшін өзекті тақырыпқа айналуда. Росатом зауыттың қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына кепілдік бере отырып, бұл жобаны қабылдауға дайын. Кейбір ақпарат құралдарында таратылған орыс атомы туралы фобиялардың шындыққа жанаспайтынын атап өткім келеді. Ресейлік АЭС-тарда қолданылатын ең заманауи технологиялар құрылыс кезінде де, осы объектілерді пайдалану кезінде де қауіптің болмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, АЭС жобасы электр энергиясынан басқа Қазақстан экономикасының көптеген салаларына серпін береді, білікті жұмыс орындарын ашады және ядролық физика саласындағы жоғары білім сапасын арттырады,- депті Ресей елшісі.
Жалпы, Қазақстан жеріне Ресейдің атом стансасын салу туралы бастама бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейін, яғни 2018 жылы да дәл осы Бородавкин: «2019 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстан бұл мәселе бойынша өз ұстанымын анықтауы тиіс»,- деп сөйлеген.
Одан кейін, 2019 жылдың 3 сәуірінде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ресей технологияларын қолдана отырып атом электр стансасын салуды ұсынды. Келесі күні сол кездегі ҚР Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мирзағалиев АЭС салу үшін Алматыдан 300 шақырым қашықтықта орналасқан Алматы облысының Үлкен ауылы тиімді екенін айтқан.
Бұған қоғам тарапынан көптеген қарсылықтар болды. Нәтижесінде, президент Тоқаев халықтың пікірі ескерілмей Қазақстанда атом электр станциялары салынбайтынын айтты.
«АЭС құрылысы тақырыбы қоғамда үлкен резонанс пен пікірталас тудырды. Бұл проблема өте күрделі. 2030 жылға қарай Қазақстан электр энергиясының тапшылығына тап болады. Сондықтан, бұл мәселені қазір шешу керек. Сонымен бірге, елдің пікірін ескермей, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданбайды», - деді ол.
Ал, күні кеше Ресей елшісі Бородавкин бұл мәселені қайта көтерді. Сонымен, Ресейдің АЭС-і Қазақстанға қажет пе? Біз осы жөнінде қоғам белсенділерінің пікірін білген едік.
Марат Байділдәұлы, журналист: Ресей Қазақстанға АЭС салса, бізде АҚШ-тың санкциясына ілініп кетеміз...
- Біріншіден, Қазақстан аумағына АЭС салудың мүлде қажеті жоқ. Өйткені, қазір бүкіл дүниежүзінде атом электр станцияларынан бас тартып, жұмыс істеп тұрғандарын тоқтатып жатыр. Соңғы он жылдықта жаңа станция салу жөніндегі жобалар мүлде қабылданған емес. Себебі, АЭС-тің ауаны, экологияны, суды ластайтын зияны жылдан-жылға артып келеді. Ал, Фукусима 1-дегі апаттың өзі атомдық технологияның адамзат баласы үшін өте қауіпті екенін көрсетті.
Мен осы мәселе жөнінде әлемдегі жағдайларды зерттеп көргем. Түсінгенім - Қазақстанға АЭС салудың еш қажеті жоқ. Өйткені, Қазақстан әлемде жалпы жер аумағы жөнінен 9-орын алса, оның ішінде күн сәулесі түсетін аумақтары орасан зор. Қазақстанның картасына қарап отырсаңыз, Орталық Қазақстан, оның оңтүстік жақтарындағы қаншама аумақ, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарындағы адам қоныстанбаған үлкен аумақтарға үлкен күн стансаларын орнатуға болады. Сол сияқты үнемі жел, боран соғып тұратын аймақтар бар. Сол жерлерге желдің қуатынан электр энергиясын өндіретін қондырғылар жасауға болады. Одан бөлек, желден электр энергиясын өндіретін құрылғылар ойлап тауып, соларды патенттей алмай жүрген қаншама адамдар бар. Бізде осыған қарай бетбұрыс жасалуы керек.
Екіншіден, шамамен соңғы 40 жыл ішінде Ресей Федерациясы дүниежүзінде бірнеше АЭС салыпты. Оның ішінде Иран мен Африка елдері де бар. Бірақ, Ресей техникалық, технологиялық тұрғыдан мүлде артта қалған. Ілерілеу жоқ. Ол жақта да коррупция деген нәрсе бар. Сондықтан, Ресейге АЭС салуға тапсырыс берсеңіз, олар ақша үнемдеу үшін Қытайдан немесе басқа елдерден сапасы төмен материалдар алып пайдаланады. Ал, өздерінің пайдаланатын құрал техникалары ескірген. Тағы бір фактор - олардың мықты, озық ойлы ғалымдары өздеріне ыңғайлы орта жоқ екенін байқаған соң, көбісі шет елге кетіп қалды. Қазір олар Америкада, Францияда, Германияда тұрады. Ал, Ресейдің өзінде интеллектуалдық қуаты мықты адамдар азайған. Ондағы жастардың өзі шет елге кетуге асық. Сондықтан, осындай қалыптасып отырған жағдайда РФ-ға АЭС салуға тапсырыс беруге болмайды.
Тағы бір айта кетерлігі – АҚШ әкімшілігіне Байденнің келуі Ресейге қиын тиеді. Себебі, ол сайлау алдында сөйлеген сөзінде: «АҚШ тың бірінші қарсыласы - Ресей», деді. Яғни, Ресейдің Қырымды тартып алуы, Донецкті, Луганскі облыстарының жартысын басып алуы Ресейдің агрессиялық саясатын көрсетеді. Демек, агрессиядан беті қайтпаған бұл елді экономикалық жағынан тұншықтыру үшін АҚШ-тың санкциясы көбейеді. Ал, қазір Ресей Қазақстанға АЭС салса, онда біз де АҚШ-тың санкциясына ілініп кетеміз. Ол бізге экономикалық жағынан өте қауіпті.
Жалпы, дүниежүзінде 600-ге жуық АЭС бар дегенді көзім шалған. Кезінде олардың пайдасы болды. Бірақ, Чернобль атом стансасының 4-блогында болған апат, одан кейін басқа жерлердегі жарылыстар, әсіресе соңғы Жапониядағы Фукусима 1 АЭС-індегі апаттар қалай десек те, адам шығыны болатынын, атом стансаларының қауіпсіздігіне кепілдік жоқ екенін көрсетті.
Ал, Қазақстанның Конституциясы бойынша, ең құнды нәрсе – адам өмірі мен денсаулығы. Сондықтан, бізге энергетикалық пайдасы тиеді екен деп адамдардың өмірін құрбан етуге болмайды.
Азаматхан Әміртай, эколог: АЭС-тің артында лоббистер мен олигархтар тұр
- Біз радиацияның зиянын тартқызып отырған Семей полигонының қиындығын көрдік. Одан кейін, Чернобль апатынан да хабардармыз. Осылардан соң, біздің халық қорқып қалған. Сондықтан, психологиялық, менталитеттік тұрғыдан халық АЭС салуға қарсы.
Екіншіден, бұл экономикаға да айтарлықтай үлес қоса алмайды. ЖІӨ-ні көтеріп жіберетіндей әсері жоқ.
Үшіншіден, экологиялық мәселе. Бұл тұрғыда Жапония, АҚШ жасап жатқан АЭС-тердің экологиялық тиімділігіне сенуге болар. Бірақ, Ресейдің экологиялық стандарттарды сақтайтынына күмәнім бар.
Әрине, АЭС салу Ресей үшін өте тиімді.Ресей сол арқылы Қазақстанды бақылай алады. Бұл да бір әскери орынға айналады деуге болады. Және бұл Ресейге коммерциялық жағынан өте тиімді. Өйткені, сол үшін Қазақстан оларға ақша төлейді. Олардың бизнес компаниялары сол арқылы ақша табады. Ол ресейлік олигархтар мен Мемлекеттік Думадағы, Кремльдегі лоббистерге пайда әкеледі. Сондықтан, олар АЭС салуға барынша құлшынып отыр. Бірақ, біз бұған түбегейлі қарсы болуымыз керек. Себебі, оның жарылу қаупі 1 пайыз дегеннің өзі үлкен қорқыныш. Онсызда Семей полигонының зардабын әлі тартып жатырмыз.
Егер билік осыған рұқсат беретін болса, қатты қателеседі. Сондықтан, Президент нақты шешім қабылдап, бұл мәселені тоқтатуы керек. Ресейдің ескі технологиясын қоямыз деп халықты қатерге итермелеуге болмайды!
Мұхтар Тайжан, қоғам қайраткері: АЭС-те жарылыс болса, XXI ғасырдағы ең үлкен трагедия болады
- Ресейдің бірде бір атом электр станциясын Қазақстанға кіргізбеу керек! Чернобыльдегідей бір жарылыс болса, Қазақстанда XXI ғасырдағы ең үлкен трагедия болады. Мұның шығыны Ашаршылық апатынан да зор болуы мүмкін.
Бұл мәселеге - таулардағы демалыс орындары мен дәретханаларға баруға үзілді-кесілді қарсы болып жүрген «экологтарымыз» не айтар екен? Олардың да тегеурінді қарсылықтарын күтеміз...
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz