Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4082 0 пікір 27 Наурыз, 2012 сағат 06:25

Талғат Қатауов. Билік басындағылар ел басқаруға лайық па?

 

Тәуелсіздік алған жылдары Үкімет басына келгендер «жекешелендіруді» желеу етіп, халық мүлкін талан-таражға түсірсе, ел-жұртқа қажетті ғимараттарды қиратып, соғыс өрті шарпығандай ауыл-аймақтарды жермен жексен етті. Одан соң «бартер» деген пәлені шығарып, елдің жетпіс жыл бойы тырнақтап жинаған төрт түлік малын аз ғана уақыт ішінде жойып жіберді. Кейін, инвестицияны сылтау жасап, шетел алпауыттарымен  ауыз жаласып, кен және өндіріс орындарын арзанға сатып жіберді. Стратегиялық маңызы бар нысандар ұстағанның қолында, тістегенің аузында кетті. Жер асты қазынамызды игеруден түскен өнімнің көпшілігін өздері алса, аз ғана үлесі жергілікті жерге тиесілі еді.

 

Тәуелсіздік алған жылдары Үкімет басына келгендер «жекешелендіруді» желеу етіп, халық мүлкін талан-таражға түсірсе, ел-жұртқа қажетті ғимараттарды қиратып, соғыс өрті шарпығандай ауыл-аймақтарды жермен жексен етті. Одан соң «бартер» деген пәлені шығарып, елдің жетпіс жыл бойы тырнақтап жинаған төрт түлік малын аз ғана уақыт ішінде жойып жіберді. Кейін, инвестицияны сылтау жасап, шетел алпауыттарымен  ауыз жаласып, кен және өндіріс орындарын арзанға сатып жіберді. Стратегиялық маңызы бар нысандар ұстағанның қолында, тістегенің аузында кетті. Жер асты қазынамызды игеруден түскен өнімнің көпшілігін өздері алса, аз ғана үлесі жергілікті жерге тиесілі еді.

Әлбетте, инвестицияның экономикамыз үшін маңызы өте зор екенін білеміз. «Сол қазба байлығымызды өзіміз игеретін мезгіл жетті емес пе? Неге шетелдіктерге әлі күнге дейін жалынамыз? Оларды ұлттық кадрлармен ауыстыруымыз қажет» деген сауалдарға Үкіметтің айтар жауабы дайын «Қазір Қазақстанда техникалық мамандар тапшы. Отандық өндіріс орындарында техникалық инновациялар өте аз». Десекте, 1993 жылдан бері  8 мыңнан аса жастарымыз мемлекет бюджетінен «Болашақ» бағдарламасы бойынша дүниежүзінің дамыған 26 елінде білім алды. Сонда деймін-ау, әлемнің әйгілі оқу орындарының мұнай-газ,  басқару мен инженерия саласын тәмәмдаған мамандар қайда? 19 жыл бойы оқығандар ішінен қазіргі заманауи технологияны жетік білетін және инженер-техника саласын жақсы меңгерген мамандар шықпағаны ма?» деген ойлар еріксіз мазалайды. Өкініштісі сол, өркениетті елдерден білім іздеп барған өрендеріміздің жартысынан астамы жат жерге бауыр баса қалып қойған. Не үшін сонда біз халық қаржысын босқа шашып жатырмыз?..

«Ел болмайтын жігіт елін ұрлап құртады», демекші мемлекет қазынасын тонап, әбден тойынған жемқорлар нағашысының үйіне барғандай өзге елдерге барып тығылуды әдет қылған. Оларды ұстап әкеліп, жауапқа тартуға Сыртқы істер министрлігі мен заң органдарының (Бас прокуратура, ҰҚК, Қаржы полициясы) құзыреттері жетпей, дәрменсіздік танытып отыр. Жазаға тартылмағасын олардың істерін дұрыс санайтын және үлгі-өнеге алған көптеген ел болмайтындар қалтасын қампайтқасын қашуға әзір жүргендері де белгілі жағдай. Қазақстанға басқа мемлекеттің қанішер қылмыскерлері және діни-секталық бағыттағы ұйымдар мен экстремистік-террористік топтар жетекшілері бой тасаласа да, өз елінің байлығын тонаған шетелдік лауазымды адамдардың бізге паналап тығылғанын естімептік. Соған қарағанда, шетел шенеуніктері мен олигархтарының намыстары өте жоғары, ел мүддесін  жеке қара бастарынан биік қояды деген тоқтамға келуге әбден болады. Ол сөзіме «ENRC» компаниясының акционері, елшіл еврей Александр Машкевич, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының акционері, ұлтшыл индус Лакшми Митталдың, «Қазақмыс» кенішінің бас директоры, патриот кәріс Владимир Кимнің басшыларымызды «жақсысың» деп, арқаларынан қаға мақтап қойып, байлығымызды сүлікше сорып, туған жерлеріне жіберіп жатқан әрекеттері дәлел. Ал, біздің министрлер мен әкім-қарарлар  шетел компаниясында демалыссыз таңнан кешке дейін, «құлдарша» ауыр қызмет жасап, бірақ аз ғана табыс тауып немесе  жылдап ақшасын ала алмайтын қазағымның құқықтарын қорғауға тіпті ниеттері де жоқ. Жуырда Қызылорда облысы аумағында халықаралық маңызды жоба «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолын салып жатқан түрік мердігерлерінде еңбек етіп, 6 ай бойы жалақыларын алмау себепті жанұясына қайта алмай жүрген таудың тасындай жігіттердің ең бер жағы тамағы, шұлығы пен іш киімдеріне қаражат таба алмағандарына өкініш білдіре, жанарларына жас алғандарын көріп жүрегіміз ауырды. Тек асқар тау әкесі мен аяулы анасынан айрылғанда ғана көзіне жас келетін ер азаматтарымызды айдың-күннің аманында жылатып не көрінді соншама?!. Тіпті  жұмысшылардың санитарлық-гигиеналық талаптарға мүлде сай емес, лас, тар жалғыз бөлмеде (өздерінің сөздерінше «биттеп-құрттауға» шақ қалыпты) тығылысып жатқандарын телеарналардан көргенде жанымыз түршікті. Сонда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, жергілікті әкімдер мен заңды қадағалау органдары қайда қарап отыр?! Биліктегілер қасиетті жеріміздің қойнауы арқылы байып, көздерін шел басқан жат жұрттықтардың қарамағындағы қандастарымыз бен қаракөз қарындастарымызға «қырғидай» тиетін әрекеттеріне тосқауыл қою орнына, керісінше, оларды «қызғыштай» қорғап, мемлекеттік жоғары наградамен марапаттап, есімдерін ұлықтап көшеге аттарын беруді бастағанын қайтерсің. Оған бір ғана мысал: БҚО, Бөрлі ауданының атқарушы және өкілетті органдары Ұлыбритания азаматы,  «Карачаганак Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы КПО  бас директоры Роджер Фокске алдымен  II дəрежелі «Достық» орденін ұсынды. Одан кейін Ақсай қаласының үлкен көшесіне есімін  берген-ді. Алайда, тұрғындар ол әрекеттеріне наразылықтарын білдіріп,  шешімдерін қайта бұзуға мәжбүр болып, ойлағандары жүзеге аспаған-ды. Құдай бетін әрмен қылсын, әгәрәки, жерімізге біреу көзін алартса, инвесторлар Отанымыз түгіл, берісі өздерінің кеніштерін де қорғамас. Себебі, олардың түпкілікті атамекені бар.

Ресейдің қылмыс әлеміндегі Америка, Колумбия, Азия мен Қытайда жүрген қылмыстық топтары да, түскен өнімдерінің біразын еліндегі жетім балалар және қарттар үйіне, сондай-ақ, қайырымдылық шараларға аударып тұратынын ақпарат құралдарынан оқып, елшілдік істеріне риза болдым. Ал, біздің ел тізгінін ұстағандар Үкімет қазынасына қол салып, қараша халықты жылатып, жат жұрттқа барып ұлтан болғандарына мәз. Қазақтың бір байшыкеші Шешен республикасының «Терек» футбол командасына үлкен ұшақ сыйлап, төріне қазіргі талапқа сай зәулім аурухана салып берген еді. «Ел болатын жігіт елінің намысын жыртады» дегендей егер, сол азаматтың рухты болып, ақшасы қалтасына сыймай жатса, дүниежүзі бойынша ауру-сырқауы көп  елімізге емхана салып, Алланың сауабын алып, көпшілік қауымның алғысын арқалап, Қазақстан Республикасының беделін көтеруге атсалыспай ма?!

Осыдан кейін, билік тұтқасын ұстағандар ел басқаруға лайық па деп айтуға ауыз бара ма? Оны көзі қарақты оқырман өзі бағамдар.

 

Орал қаласы

«Абай-ақпарат»

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279