Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 38116 29 пікір 25 Ақпан, 2021 сағат 13:36

Олар қазақша сөйлейді дегенге сенесіз бе?..

Ranking.kz аналитикалық сайты Қазақстан министрлерінің тіл білу деңгейі бойынша зерттеу жүргізіпті. Ол бойынша, Үкіметтегі 18 министрдің 17-сі мемлекеттік тілді білетін көрінеді. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол.

Ал екі министр бақандай бес тілді меңгерген екен. Олар: Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

Тілеуберді мырза: қазақ, орыс, ағылшын, корей және жапон тілдерін білсе, Ермекбаев мырза: қазақ, орыс, ағылшын, қытай және португал тілдерін меңгеріпті.

Сонымен бірге, қазақ және орыс тілдерін білгенімен, ағылшын тілін білмейтін 7 министр бар екен. Олардың қатарында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева және Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтар бар.

Олардың ағылшын тілін білмеуінің бір себебі - отандық оқу орындарында оқығаны деседі. Себебі, бүгінде Қазақстанда ағылшын тілін үйрену өте төменгі деңгейде. Мәселен, 2020/2021 оқу жылында мемлекеттік тілде оқитын ЖОО студенттерінің үлесі 64,9% болса, орыс тілінде - 29,6%, ағылшын тілінде - 5,5%-ды құрапты. Ал, еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында ағылшын тілінде оқитындардың үлесі - 0,3%-ды ғана құрайды екен. Сондай-ақ, Қазақстан ағылшын тілін білу деңгейі «өте төмен» 10 елдің қатарына кірген.

Әрі қарай... Үкіметтегі 4 министр 4 тілде сөйлей алады. Мысалы, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзагалиевтер қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін білетін болса, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерін меңгеріпті.

Бір қызығы, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин орыс тілінен басқа тіл білмейді екен.

Мемлекеттік тілді мүлде білмейтін Юрий Ильин қалай министр болып жүр деген әбден жауыр болған сұрақты, сол Ильинді министр етіп тағайындаған Ақордаға және бір мәрте қоюға тура келеді.

Десе де, осы 18 министрдің ішінде жалғыз Ильин мырза қазақша білмейді дегенге сенудің өзі қиын. Дәлірек айтсақ, мемлекеттік тілде сөйлемейтін жалғыз Ильин емес екені әмбеге аян! Мәселен, осы уақытқа дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мырзаның қазақша сөйлегенін көрген емеспіз. Қайсыбір жылы Әділет министрі Марат Бекетаев та мемлекеттік тілді білмейтінін мойындап, тіл үйрену үшін сіз бен бізден уақыт сұраған. Министр лауазымына өткенде ғана тағайындалған Әсет Ерғалиев Мәжілісте қазақша қойылған сұрақтарға орыс тілінде жауап беріп, депутаттардың сынына қалған. Айта берсең, Ақорда таңдаған ақ жағалылардың ана тілін білмей, ақсаған жері аз емес...

Бұл туралы журналист Жарқын Түсіпбекұлы желідегі парақшасында: «Мына 18 министрдің алтауы ғана қазақша ойланбай (іштей орысшадан аударма жасамай) сөйлей алады. Қалғанын қазақ тілін біледі деп санап, тұсына туымызды жапсырып қою сәл ұяттау. Тілді қойшы, саласын білсе екен деп келе жатқанымызға да 30 жыл болады екен», - деп жазыпты. Алып-қосары жоқ!

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300