Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Ақмылтық 14849 30 пікір 9 Наурыз, 2021 сағат 15:11

Асқар Жұмаділдаев: Қазақ – жетектегі ел...

Жуырда академик, қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев журналист Нартай Аралбайұлының «You tube» каналына сұхбат берген еді. Біз академик Жұмаділдаев мырзаның сонда айтқан кейбір ойларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.


Өзімді академикпін деп айтуға ұяламын...

Қазіргі академия бұрынғы Сәтпаевтың академиясы емес. Қазір академик деп айту кішкене ұяттылау маған. Өйткені кім көрінген академик болып кетті. Не көп? Академик көп! Не көп? Доктор, профессор көп! Бәрі сұйылып кетті. Сондықтан бұл менің дұрыс саясатым деп есептеймін. Өзімді ешқашан академикпін деп атаған емеспін. Ешқандай атақ-даңқ, лауазымымды айтпаймын.

Жастарға реализм жетпейді

Соңғы кезде Қазақстандағы үйлену статистикасы мен ажырасу статистикасын алып қарасаңыз 30% екен. Қазір 50%-ға жақындап қалған шығар. Солардың көбі жарты жылға шыдамай ажырасып кетеді екен. Бұл нені білдіреді? Теріс тәрбие. Теріс ұғымды білдіреді. Махаббат деген қасиетті ұғым. Ол түсінікті. Оны Абай да жазады, Пушкин де жазады. Бәрі де жазады. Бірақ, практика бар, прагматизм бар. Мен айтам: Егер адамның өзінің үйі болса, жалақысы болса, жауапкершілігі болса, махаббат баяндырақ болады.

Қазір жастарға жетпейтін нәрсе – реализм. Сіз жауапкершілікті болыңыз. Еңбекқор болыңыз. Қазір жастардың көбісінде 5-10 диплом бар. Бірақ, жұмыс жоқ. Жұмыс істемейді, істегісі келмейді. Бәрі қияли әңгіме айтып жүреді. Романтика. Айдың астында. Бірақ одан не шығады? Әңгіме нәтижесінде. Сөзінде емес, ісінде.

Поэзия мен математиканың түбі бір

Поэзия мен математиканың түбі бір. Екеуі ағайынды. Омар Хаям деген кісіні алыңыз. Ақын ба, математик па? Жұрттың бәрі ақын дейді. Ал, негізінен ол математик. Бірақ, оның атын шығарған математикалық еңбегі қайсы десеңіз, ол үшінші дәрежелі теңдеудің шешімін тапқан. Оны мен білем, бірлі-жарым адам біледі. Басқа ешкім білмейді. Ал, Омар Хаям айтыпты дейтін рубаяттарды бәрі біледі. Бірақ, бұл оның математиктігі кем деген сөз емес. Өйткені әр нәрсенің өзінің дәрежесі бар, саласы бар. Жұрттың бәрі поэзияны біледі, құмартады. Ол жақсы. Өйткені оны түсіну оңай. Ал, математиканы түсіну оңай емес. Бірақ, екеуінің ойлау, сезу әдісі бірдей.

Бізге ғылым совет одағында келді

Сәтбаевтың ашқан ғылым академиясын жапқанымыз асығыстық болды. Біз совет одағын жамандаймыз. Бірақ ол кезде де көптеген жақсы нәрселер болды. Соның бірі – ғылым. Бізге ғылым сол совет одағында келді, негізінен. Мысалы, қазір дүниежүзінде 200 ел болатын болса, соның 12 елінде ғана ковидтің дәрісін шығарады екен. Соның бірі Қазақстанда шығып жатыр. Сол ненің көрсеткіші? Ол совет одағынан қалған ғылымның көрсеткіші.

Қазір ғылым бар. Бірақ, бәрі инерциямен кетіп бара жатыр. Алайда, менің ойымшы академия тұратын болса, одан зиян болмас еді. Пайдасы көбірек болатын еді. Өйткені адамда, әсіресе жастарда ұмтылыс, әуестік деген болады. Біз кезінде ойлайтынбыз, Жәутіков секілді академик болсақ екен деп. Біз сөйтіп армандаған адамбыз, негізінен.

Әрине, совет кезінде репрессия болғаны, коммунистік идеологияның әсерінен халықтың жартысы қырылғанын мойындаймыз. Мен оны мақтап отырған жоқпын. Мен ғылымға қатысты бір ғана саласын айтып отырмын. Ғылым бар ма, жоқ па? Бар. Өркендеді ме, өркендеді. Бұл факті емес пе? Факт. Ал, мен фактіні қалай дұрыс емес деп айтам.

Сондықтан, совет кезін мақтағанның да, даттағанның да реті болуы керек. Әр нәрсені жеке-жеке қарастырған жөн. Ойлап қарасаңыз мен репрессияны мақтадым ба? Ондай сөз жоқ еш жерде. Менің айтарым: Совет одағы кезінде оқу жүйесі, ғылым жүйесі дұрыс болды. Өкінішке қарай, біз қазір сол жүйеден айырылып қалдық.

Артық информация иллюзия тудырады

Қазіргі проблема – информацияның жетіспеушілігі емес, тым көптігі. Информациядан миың айналып кетеді. Менде қазір интернет жоқ. Бәрін өшіріп тастадым. ТВ-ны тіпті көрмеймін. Ештеңені де көрмеймін. Өйткені информация артық. Қазіргі проблема – артық информациядан құтылу. Оның зияны не десеңіз, ол иллюзия тудырады. Қазір жұрттың барлығы реалды өмірде емес, виртуалды әлемде өмір сүргісі келеді. Бірақ, беті жылтырақ болғанымен, сәл ойлансаңыз бәрі көбік қой. Біз өтірік өмірді, виртуалды өмірді идеалға айналдырып бара жатырмыз. Әсіресе, біздің жастарымыз осындай жылтыраққа, өтірік өмірге әуес болып барады. Бұл қауіпті.

«30 ел», «50 ел» дегеннің бәрі көбік сөз

50 ел, 30 ел, 40 ел, бірдеме ел дегеннің бәрі «көбікшілердің» ойлап тапқаны ғой. Қазақта өзі жанр бар. Біріншіден не жаман, екіншіден не жаман, оныншыдан не жаман дейтін. Сол сияқты әңгіме ғой бәрі. Қазақтың басы әйтеуір бірдеңеге толып тұрсын, басқа жаққа бара бермесін деген әңгіме. Бірақ, оны жұрттың бәрі қабылдай бермейді ғой. Мен мысалы қабылдамаймын ондай сөздерді.

Қазақ – жетектегі ел...

Менің теориямда елдің екі түрі болады: бірі - жетекші ел, екіншісі - жетектегі ел. Жетекші елдің мысалы – Америка, Қытай. Қазақ – жетектегі ел. Мәңгі бақи жетекте жүруге болмайды. Жетектегі ел жаман деген сөз емес. Мысалы, Қытайда жетекте болған. Совет одағы таратылардың алдында, біздің Қазақстанның ең жаман костюмдерін, пальтоларын Қытайға апарып сататын. Сол кезде бізде өтпей қалған костюмдер Қытайда өтетін. Қазір керісінше. Қытай қатты дамып кетті. Олар Американың жаңа технологиясын тез үйреніп алды. Оны өзінің еліне әкелді, жағдай жасады. Мысалы, қазір сіздің компьютеріңіз Қытайдан шығады. Америкада емес. Оны Трамп түсінді де, бәрін қайтадан Америкадан шығаратын қылды. Бірақ, Қытайдың ақылдылығы – жетекте жүріп, жетекшінің ақылын үйреніп алды. Сөйтті де, қазір өзінен озып кетті. Біз де сондай болуымыз керек.

Мәңгілік ел деген поэтикалық ұғым. Ал, шын мәнінде мәңгілік ел болу үшін қазақ технократтық елге айналуы керек. Ең болмағанда өзін-өзі қамтамасыз ететін жағдайға келуі керек. Мәселен, біз қазір Еуразиялық одаққа кірдік. Қарасам, қазақтың 40%-ы импорт екен де, қалған 60 пайызы бізге экспорт екен. Сонда біздің шығаратынымыз бес нәрсе: мұнай, уран, газ, бидай, ет. Басқа ештеңе де жоқ. Қазақстан маскадан бастап, өзіне қажетті өнімді өзі шығаруы керек. Екіншіден, оның бәрі жаңа технологияға негізделуі керек.

Бренд деген сөз бар. Қазақтың бренді не? Мысалы, Жапонның бренді – Тойота, немістікі – мерседес, Американың бренді – Apple. Ал, қазақтың бренді жоқ... Домбырамен әлемді жаулап аламын деген қиялы бар.

Қазақ Бораттың елі болмайын десе, әлемдік деңгейдегі соңғы өнімді өзі шығаруы керек. Ол үшін қазақта жаңа технология болуы керек. Оны істей алатын адам болуы керек. Оны жасайтын завод болуы керек. Оны ұғатын басшы, істей алатын қосшы болуы керек. Менің айтып жүргенім осы. Осы дүниелер болмай тек қана сөзімізбен, өнерімізбен, өтірігімізбен әлемді мойындатамыз деу – күлкілі нәрсе.

Қазақта сөз бен істің арасы қанша шақырым?

Қазақта сөз бен істің арасы мың шақырым. Өйткені, ойлап қараңыз, мысалы бізде Елбасы да әңгіме айтып жатыр. Бірақ сол әңгімелер жүзеге асып жатыр ма? Біздің басшыларымыздың бәрі дұрыс әңгіме айтады. Өндіріс жасайық, жемқорлықты тоқтатайық, жұрттың бәрінің қарнын тойғызайық дейді. Сондай әңгімелері мен істің арасы бір-біріне сәйкес келмей тұр ғой. Осы әңгімені немістер айтса, ертесі бірден іске кіріседі. Мысалы Жапондар метро салайық деп 2 жыл талқылайды. Талқылап бітті, бірден салып бітеді. Біз метро керек дегенді бір жыл айттық па, екі жыл айттық па? Қазір 20 жыл емес, 40 жыл болды әлі бітетін түрі жоқ.

Тағы бір мысал – ЭКСПО-ны алайық. ЭКСПО келе қалса бізде жаңа технология дамиды, жұрттың барлығы электронды машиналармен жүреді. Желден энергия алынады деген әңгімелер болды, есіңізде ме? Осыған қателеспесем, ресми түрде 3-4 млрд доллар кетті. Бейресми 7 млрд-тай доллар кетті. Әблязов қашып кетті 7 млрд доллармен, біз 7 млрд доллармен ЭКСПО жасадық. Қандай энергияның түрін ойлап таптық? Қандай электромобильді машина ойлап таптық? Комосқа ұшатын қандай кеме ойлап таптық? Қазір жеке адамдардың өзі космосқа ұшатын кеме ойлап тауып жатыр. Илон Маскты алып қараңыз. Ол бизнесмен. Бірақ арманшыл адам. Арманшыл болғанда, біздің арманшылдықтан айырмашылығы не десеңіз, бұл кісіде бәрі конкретный. Армандау өнерін білетін адам.

Әблязов гений адам, бірақ біз үшін ұры

Әблязов негізінен өте мықты физик. Оның ойлау жүйесі өте дұрыс. Өкінішке қарай ол теріс бағытқа кетіп қалды. Сол теріс бағытты оң бағытқа аудару керек еді. Минусты плюске. Өкінішке қарай осыны істей алмады. Оның кемшілігі осында. Ал, бірақ оның менеджерлік қасиетінде, заңды біліп, ненің қайдан шығатынын білуі жағынан ол өте гениальный адам. Әйтпесе 7 млрд долларды алып шығу жай адамның қолынан келе ме?

Мысалы, Ньютонның кезін алып қараңыз, оның кезінде осы сияқты талай адамдар болған. Кембридждің бір бөлігі, Ньютон оқыған департамент. Қазір Англияның ең бай колледжі. Соның байлығы қайдан келген? Осы Әблязов сияқты түлектердің көмегімен келген.

Әблязов Қазақстанның заңы бойынша қылмыскер. Қазақстанның ақшасын ұрлағандықтан мен үшін ұры, сіз үшін ұры. Бірақ, Швейцарияның заңы бойынша қылмыскер ме, білмеймін. Мысалы, Францияда Әблязов кім? Ол министр. Ол Қазақстанның 7 млрд долларын ұрлады да, оны Англияның және Францияның экономикасына құйды. Ал, дүниежүзінің бәрі инвестор іздейді. Біз инвестор іздейміз. Инвестор үшін пайдалы қазбаны береміз. Мысалы, мұнайға инвестор алып келеміз, оның ең сүбелі бөлігін сол инвесторға береміз. Англияда ондай мұнай жоқ. Францияда ондай мұнай жоқ. Бірақ, осы Әблязов сияқты инвесторлар келеді. Ол сіз үшін ұры, олар үшін ұры емес. Мысалы, Әблязов Англияның заңын бірнеше рет бұзды. Бірақ, оны неге ұстамады?

Жалпы, дүниежүзіндегі саясат мынандай, Черчильдің сөзі бар: Мәңгілік достық деген ұғым жоқ, мәңгілік біздің мемлекеттің мүддесі деген ұғым бар.

Саят Ыбырай - ар-ожданның тұтқыны

Саят Ыбырай шын мәнінде ар-ожданның тұтқыны болған. Ол ғалым адам. Оның ғылымнан басқа ештеңесі жоқ. Террорист емес ол. Кезінде мен айтқам: «ол террорист болса, мен Бен-Ладенмін» деп.

Екіншіден Саят Ыбырайды қолдаймыз деген Еуропадан сөз келген жоқ. Ешқандай еврей айқайлап айтқан жоқ. Мен олардың құқық қорғау ұйымдарымен сөйлесіп көргем. Мұсылман ба, онда керегі жоқ дейді. Протестант болса, басқа болса шығарар еді. Ол бостандыққа шықты деген аты болмаса, қазір ғылыммен айналыса алмайды, жалақы ала алмайды. Ол дінге ғылыми тұрғыдан барып отыр. Мен оны ғалым ретінде қатты құрметтеймін. Сөзіне тұрақты адам ретінде құрметтеймін.

Тоқаевпен жас кезімде араластық

Қасым-Жомарт Тоқаевпен жас кезімізде араластық. Мен МГУ-да оқыдым, Қасекең МГМИ-де оқыды. Мен жұмысымды қорғап шет елге ерте шықтым. Бірде маған Гонконгқа бару керек болды. Ол кезде совет одағы бар. Виза алу мүмкін емес. Сосын біреулер айтты, Қытайға барып бірақ аласың деді. Сөйтіп, Пекинге виза алуға барғам. Сонда жататын жерім жоқ. Елшіліктен ешкім көмектеспеді. Қытайдың бюрократиясы сұмдық екен. Сонда мен виза күтіп бір апта жаттым Қытайда. Ақыры түк болмаған соң қайтып кеттім. Сонда алғашқы күндері осы Қасекеңнің қасында жүрдім. Үйіне бір-екі күн қондым ғой деймін. Сөйтіп бір-екі рет араласқанымыз бар. Одан кейін аралас-құралас болған ештеңеміз жоқ. Одан кейін ол кісінің ұлы 56 мектепке барды, менің де қызым сол мектепке барды. Сол кезде кездескеніміз бар.

Діндарлардың ақылын тыңдамаймын

Дін жағына көп барғым келмейді. Өйткені қазір жұрттың бәрі діндар. Жұрттың бәрі ақылман. Халтурщик дегенім не? Кешегі арақ ішкен адамның бәрі бүгін молда болып отыр. Кешіріңіз, мұны екіжүзділік дейді. Қазір қарасаңыз біреу ана дінге, мынау басқа дінге кете салады. Ыңғайына қарай. Ол болмайды. Оданда тыныш қана өзіңнің жұмысыңды істеп жүре бер. Мысалы мен діндарлардың арасына барып ақыл үйретіп отырған жоқпын ғой. Олар маған ақыл үйретеді. Бірақ, мен олардың ақылын тыңдамаймын, ешкімге ақыл айтпаймын. Бұрын арақ ішіп, қазір елге ақыл айтса, олар халтурщик. Сосын, қазір жаназа дегеннің соңы банкет болып кетті. Жұрт тамада сайлайтын болды. Сосын молдасымақ біреу жұртқа ақыл айтады. Оның не керегі бар?

Техника дамымай тіл дамымайды

Ғылым дамымай, техника дамымай тіл дамымайды. Біреуді мақтауға, даттауға келгенде қазақта сөз табылады. Бірақ, компьютерге келгенде, транзистерге келгенде сөз табылмайды, регистерге келгенде сөз табылмайды. Менің арманым – транзистер мен регистер Мұқағалидың жырындай төгіліп шығуы керек. Сол кезде қазақтың тілі шын тіл болады.

Филологтар жасаған алфавитпен формула жазылмайды

Мен латын әрпі туралы Қазақ әдебиетіне мақала жаздым. Соны бір-ақ адам оқыды ау деймін, Қасекең. Мен Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенде осы туралы сөйлестік. Қабылдауына барғанда бір ғана шартым бар: Тақта іліп қойыңыз дедім. Сосын екеуміз қатар тұрдық та, әрбір әріпті талқыладық. Екеуміз айтыстық...

Алфавит деген не? Ол екі нәрсе: Бірінші – әріп, екінші – цифр. Біздің осы уақытқа дейінгі алфавит туралы әңгімеміз 100 пайыз әріп туралы болды. Цифр туралы бір әңгіме жоқ. Қазақ клавиатурасында цифр жоқ. Дүние жүзінде 200 ел болса, 5 мың тіл болса, соның барлығында цифр бар. Қазақ тілінде цифр жоқ. Мысалы, қазақша клавиатурада 4 деген санды бассаңыз Ң шығады. Қазақтың өзіне тән 9 әрпінің үстіне цифр қойылған. Бұл қате. Цифрлы қазақстанды цифрсыз жасап жатыр. Бірақ, мұны ұғатын адам жоқ.

Алфавитті өзгертетін болса – цифр өзінің орнын табуы керек. Әріп бір бөлек, цифр бір бөлек болуы керек. Егер екеуі бірге тұрса, ешқашан банк жүйесі қазақшаға көшпейді. Ешбір компания, ешбір завод қазақшаға көшпейді. Цифр болмаса қалай көшіресіз? Сондықтан менің айтқаным: Егер цифрды орнына келтіретін болсақ қана латынға көшуге болады. Егер алфавитке цифр кірмесе, Бораттың квадраты боламыз.

Түптеп келгенде кириллицада тұрған ештеңе жоқ. Мен одан қауіп көріп тұрған жоқпын.

Біздің алфавитті жасағандағы ең үлкен кемшілігіміз – оны тек қана филологтар жасады. Олардың өздерінің бір-бірімен басы піспейді. Олардың арасында математикалық формуламен жұмыс істеген адам жоқ. Олар жасаған нұсқамен әдемі өлең жазуға болады, әдемі роман жазуға болады, бірақ, формула жазуға болмайды.

Ғылым іздеп шет елге кеткен жастарды қолдаймын

Жастардың шет елге кетуінен трагедия жасаудың керегі жоқ. Әл-Фараби ғылымын қайда жасаған? Қазақстанда тұрған, бірақ ғылымды Мысырда араб жерінде жасады. Бұл нені білдіреді? Демек, ғылымның басқа жерге баруы, ғылымның тереңдік іздеуі заңдылық. Ғылымға ғылыми орта керек. Ғылымның сөзін түсінетін адам керек. Оны Абай да айтады. Одан қазақ кемиді, әрине. Бірақ, қазақта не кемімей жатыр?

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5840