Жыршы көрсеңіз төрге шығарыңыз
Қазір бәрі тұйыққа тұмсығымен тірелді. Ата-ананы айтам. Мектеп, ол болса да болдырып әрең тұр. Универ жайлы жақ ашпаймыз. Гәп оқу жүйесінде боп тұр. Үй мен оқу орындары бүкіл күшті білімге салып-ақ жатыр. Бірақ модерн заманның ғылымын пісте сияқты шағатын ұрпақ ЖАТТАНУ (alienation, отчуждение) деген дертке демде шалдығады. Жасы 14-15-ке жетер жетпестен білімді баламыз кісікиік боп шыға келеді. Дәстүрден мақұрым қалған олар кәдімгі кентавр болат та қалады. Әке-шешесі оларды той-томалаққа ертіп апара алмайды. Ешкімге жұғымы жоқ, өзге түгілі өз өзіне бөтен боп кеткен кісікиік бала абыройыңды айрандай төгеді. Жаназада ел сапқа тұрып жатса, ол бір шетте сағыз шайнап, рэп тыңдап тұрады. Негізі адамды мұндай бишара жағдайға құлатпай ұстап тұратын аса қымбатты бір сословие бар болатын. Олар - жыршылар!
Жыршылар шетке ығысқан сайын бала-шаға да тоза береді. Себебі адамның ЭЙГЕНВЕЛЬТ деп аталатын ішкі әлемін жырдың мазмұны қалыптастырады. Ал, жастар жыр тыңдағысы келмейді. Неге? Себебі жырды жыр қып ұстап тұрған мазмұн - Құран қиссалары! Ата-аналар қиссадан бейхабар. Болса да, оның маңызы зор деп ойламайды. Тезірек ұлының миына шет тілі мен математика құйғысы кеп асығып тұрады. Бірақ бұл білім ЭЙГЕНВЕЛЬТКЕ бармайды. Баланың өзегі қуыс боп қалады. Сосын өсе келе іштей солу басталады.
Бала жастан қисса естіп өскен бала, жырды еш қиналмай тыңдай береді. Себебі жырдың бүкіл мазмұны көкірегінде сайрап тұр. Жыршы көсілген сайын адамның тұла бойы солқылдап, қаны қыза бастайды. Мұндай сезімді бастан кешетін бала ЖАТТАНБАЙДЫ, керісінше елдің ұйытқысына айналады. Әулеттің құты боп шыға келеді. Сондықтан жыршы көрсеңіз төрге шығаруға дайын жүріңіз. Олар елдің құнары!
Санжар Керімбайдың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz