РАХМАН НҰРЫ ШАЙҒАН КӨГIЛДIР КYМБЕЗ
"Мұндағылардың қаруы - Құран Кәрiм..."
"Мұндағылардың қаруы - Құран Кәрiм..."
Өркениеттi ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетiмен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдiк мәдениеттiң алтын қорына қосқан үлкендi-кiшiлi үлесiмен мақтанады. Бұл - бұлжымайтын, ешқашан бұзылмайтын және ешбiр парламенттiң қайта қарауына жатпайтын аксиома! Бiзге дейiн де осылай болған, бiзден кейiн де осылай мәңгiлiкке жалғаса бередi. Ал Ұлы даланың мәдениетiнсiз, сол мәдениеттi қалыптастырушы және оның бiрегей өкiлдерi - қазақтарсыз әлемдiк мәдениет жұтаң болары да сөзсiз. Қазақ халқының әлемдiк мәдениетке, сәулет өнерiне қосқан теңдессiз жауһар жәдiгерi - Қожа Ахмет Яссауи кесенесiнсiз әлемдiк мәдениеттi көзге елестету, ауыз толтырып айту мүмкiн де емес.
Сондықтан да ол дүниежүзiлiк мәнi бар тарихи-мәдени ескерткiш ретiнде ЮНЕСКО ұйымында тiркелiп, халықаралық туристiк маршрутқа енгiзiлген. Сандаған ғасырлар бойы оған қызығушылық бiр мысқал да кемiмей келедi, қайта зиярат етушiлер мен бiр көруге ынталанушылардың қатары жылдан жылға ұлғая түсетiнi де сондықтан.
Қызылордаға бет түзеген "Зетраға" тау iшiндегi сұлу Түлкiбастан сиыр сәскеде iлесе шыққан алағай да бұлағай қалың жауын қыр соңымыздан қалмай қуалауда. Көк аспан бар дымқылын бүгiн тауысуға бекiнген сияқты, құдды бiр. Жазира жазықтарда бауырын жаза жүйткiген автобус шелектеп құйған жауынды баса озып, күн сәулесiне шомылып жайнаған жап-жасыл алаптарда көңiлдi уiлiн одан әрi үдеткенмен көп ұзамай-ақ танауды кернеген майса шөптiң жұпарын жаңбырдың иiсi - су тиген жапырақ пен дымқыл топырақтың иiсi басады. Адым аштырмай қуып жеткен қуатты жел жол жиегiндегi биiк ағаштардың арбиған бұтақтарын ерсiлi-қарсылы тынымсыз шайқап, опалаң-топалаң боп желкiлдеген жапырақтарын үзiп-жұлып алардай. Тiптi, ауыр автобустың да өн бойын дiрiлдете шайқағанда "Зетраның" гүжiлi құлақты жарады. Әйнекке дүсiрлей тиiп, үлкен терезелердi тоқтаусыз шайған жаңбыр тамшылары айналаны бұлыңғырландыра тұмантып жiберген. Әп-сәтте ымырт жабылғандай әсерден арыла алмайсың. Қарсы алдыдан гүжiлдеген өзге көлiк ұшырасқанда ауа ағынымен автобус одан әрмен шайқалақтайды да, қызылордалықтар шыбын жанын шүберекке түйедi жүздерi қуқылданып...
"Дәп осылай туризмдi дамытамыз деп алқын-жұлқын боп жүргенiмiз бос әурешiлiк, - деп қамықтым iштей. - Кiрпияз туристер ешқашан поезбен ел араламайды. Оларға ұшқыр, жайлы ұшақтар немесе ыңғайлы автобустар қатынайтын сапалы жолдар қажет. Мынадай тар жолдарда қу жанын қатерге тiгiп не қылсын?!" Ұялы телефондарын құлағына тығып, туған-туыстарымен қауқылдасқандардың ләмiне қарағанда Түркiстанда күн шайдай ашық, тiптен ыстықтан қарғалардың миы қайнап кеткен сияқты.
Жөн, кеңкелес қарғаны көру де бiр арман!
...Жүйрiк "Зетраның" қыр соңынан қалмай қуалаған нөсер қасиеттi қалаға бiзбен жарыса жеттi. Әлдеқайдан жеңiл тозаң көтерген желемiк бiр сәтке ғана дамылдап, демiн iшiне тартқаны сол-ақ екен көктем жаңбырының майлы ауыр тамшылары тас жолдар мен алаңқайларға тырсылдай тамып, өз салмағымен мыңдаған ұсақ түйiршiктерге бөлiне жан-жаққа маржандай шашырасын. Әп-сәтте сумен шайылып, қарауытып кеткен алаңдарда қолдарындағы жеңiл заттарын төбелерiне қалқа қылған жүргiншiлер пана iздеп безек қағып барады естерi шыға... Беу, осыдан сан ғасырлар бұрын да мынау қалада ғұмыр кешкен қарапайым жандар осындай көктемгi нөсерде жауын құйған қара сұр бұлттарға жалтақ-жалтақ қарағыштап, мынау алаңдар мен иiр-иiр тар көшелерде осылайша безек қаққан шығар-ау. Сонда... сол сәтте олар осындай жауынға - рахман нұрына жүрегi жарыла қуанды ма екен, а?! Әлде шелектеп құйған жауынды, түбi тесiлген мынау мәңгiлiк аспанды қарғап-сiледi ме?! Кiм бiлсiн... Бүгiнде бәрi де беймағұлым ғасырлардың терең қойнауында қалған белгiсiздiк. Әйтеуiр сол кезде де мұнда өмiр, қарапайым тiршiлiк қайнап жатты: адамдар бiрде қуанды, бiрде мұңайды, жастар үйленiп, дәм-тұзы таусылғандардың сүйегiн қасиеттi жердiң қойнына арулап жерлеп жатты. Сымбатты жiгiттер сұлу қыздың маржандай күрек тiсiне сиқырлы айдың күмiс сәулесiн шағылыстырып, қызыл ернiнен құмары қанбай сүйдi-ау бiр... Қуанышты күндерде қаланы шаттыққа толы күлкi кернеген шығар.
ХIV-XV ғасырлардағы алас-күлес кезеңнiң оқиғаларына сәуле түсiретiн баяннамалардан "Иасы қорған-бекiнiсi" жайлы деректердi молынан ұшырастыруға болады. Қаһарлы Ақсақ Темiрдiң тарихын баяндайтын Шараф ад-дин Иездидiң "Жеңiс кiтабында" ("Зафар-наме") 1397 жылдың қоңыр күзiнде Темiр Моғолстан билеушiсi Қызыр Қожа ханның қызы, айдай сұлу Тәуекел ханымға үйленгенi кеңiнен баянат етiлген. Қалыңдығын кернейлетiп, сырнайлатып қарсы алуға шыққан Әмiр Темiр жолшыбай Иасыға соғып, Ахмет Яссауидың мазарына мiнәжат етедi әрi кесененi қайта салуға шұғыл жарлық бередi. Қатаң бұйрықта құрылыстың жалпы жоспары, негiзгi өлшемдерi, бөлмелерiнiң қызметi, сәнделуi т.б. түгел айтылады. Орасан зор бойлық-өзектiк өлшемде ғимараттың орасан зор порталы әлемде теңдессiз архитектуралық және одан қалыспайтын бiрнеше күмбездер адам қиялын асқақтатады. Оның орталық залының айналасында түрлiше бел-гiленген 35-тен астам бөлмелер бар. Ғимараттың орталық залындағы қазандық деп аталған күмбездiң ең жоғарғы нүктесiне дейiнгi биiктiгi 37,5 метрге тең. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 1,8-2 метрдi, қазандықтың қабырғасы - 3 метрдi құрайды. Енi 50 метрлiк арканы екi жағынан қоршап тұрған биiктiгi 18,2 метрлiк мұнаралар адам қиялын асқақтатып, ерiксiз тәнтi етерi сөзсiз. Бөлмелердегi қола құстар және балықтармен безендiрiлген есiктер сандаған ғасырдың табымен қарайған. Сағанадағы үлкен жылтыраған таста жатқан Қожа Ахмет әулиенiң сүйегi бүкiл түркi жұрттары үшiн аса қасиеттi.
Киелi кесененiң жұмбақ сырын жазушы А.Брагин "Үшiншi рет өмiрге келу" хикаятында төгiле жырлаған. Ол: "Ғимарат дәл менiң алдымда оны бiрiншi көргенiмдей болып тұрды... Тура желiлер дөңгелектерiмен үйлесiмдi үндеседi. Кiре берiс биiк қақпа өзiнiң жоғарғы бөлiгiнде күмбездiң силуетiн қайталайды, ал күмбез көк аспанды қайталайтын сияқты... Мен ескерткiштiң тұтастай және жекелеген бөлшектерiнiң үндестiгiне, жалпы еркiн ойдың эпикалық батылдығына және өңдеуде ювелирлiк тартымдылығына таңырқана қараймын. Орталық кiре берiске аялдамасқа болмайды. Сүйекпен безендiрудiң iзi бар екi жобалы оюлы есiк өзiне тартады. Шағын темiр ысырмаға шебер-суретшi арыстандардың, топ құстардың және тiптi әлдебiр көбелектердiң миниатюралық бейнелерiн сыйыстырған", -деп таңдай қаға тебiренедi. Өмiрде талайды көрген, небiр ғажайып ғимараттардың куәсi болған өзге ұлт өкiлiнiң өзiн осылайша тәнтi еткен ғимаратқа қазақ қалай мақтанбасын, неге қастерлемесiн?!
Құрылысты жүргiзуге пәрмен етiлген әмiрлiктегi қайырымдылық iстердi жүргiзетiн мәулен Убайдулла Садыр аса iскер жан болғанға ұқсайды, әлде әмiрдiң қаһарына ұшыраудан қорыққан шығар. Әйтеуiр, бiзге жеткен деректерге қарағанда, осыншалық алып кешен айналасы 3-4 жылдың iшiнде салынып бiткен. Әйтсе де, бiлiктi ғалымдардың айтуынша, кешен құрылысы толық аяқталмағанға ұқсайды. Жерасты қабатында әлi де табылмаған нысандар болуы мүмкiн деседi ғалымдар. Бiр ғажабы, кесененi қалпына келтiру жұмыстары кезiнде ғана жаңалықтар мен өнертабыс жөнiндегi КСРО комитетi берген жиырмаға жуық авторлық куәлiк қорғалғанын бiреу бiлсе, бiреулер бiлмейдi. Белгiленген жобалар толық жүзеге асырылғанда қазiргi "Әзiрет Сұлтан" мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайы бұдан да көркем, көз сүйсiндiрген ғажайып бола түспекшi екен. Сол замандарда әлгi Убайдулла Садыр мырза қазiргi шенеунiктерше мемлекеттiң қаржысын мақсатсыз жұмсап, талан-таражға салды ма екен, кiм бiлсiн?! Сыбайлас жемқорлық сол кезде де ушығып тұрды ма екен, ә!? Әсiлi, хас шеберлер қаржыдан қысылмаған секiлдi. Көреген Темiрдiң кесене шырақшыларына берген тарту пәрменiнде ("Вакуфнаме") Иасы қаласы маңынан ағып өтетiн оман арықтар, сыңғырлаған бұлақтар мен күмiс өзендер жайлы айтылып, өңделетiн жерлер мен керуен жолдар да сөз болған. Жiңiшке арығы суландыратын алқаптардың "екi көштiк жерiнен", өзге де арықтар мен өзендердiң осындай егiн танаптарының түсiмi әулиеге тиесiлi екендiгi тайға таңба басқандай тiзiлген. Ұлан-байтақ Қазақстанның ғана емес, жалпақ Орталық Азияның аса маңызды стратегиялық нүктесiне айналған Түркiстанға түрлi мақсатпен келушiлердiң қатары жылдан-жылға өсе түскенi күмәнсiз.
Фазаллах ибн Рузбехан 1509 жылы жазылған "Михман-наме-и Бұхара" атты еңбегiнде Иасы қаласы осы кезде "Түркiстан өлкесiнiң астанасына" айналды деп қана қоймай, мұнда келушiлер туралы: "Со стороны узбекских (казахских) областей, которые чуть севернее стороны, и путями, ведущими из Андижана до границ Китая... привозят в город Иассы товары и драгоценные изделия. Там происходит торг. Он (город) является перевалочным пунктом для купцов и местом отправления путешественников в (разные) стороны", - деп жан-жақты сипаттайды. Арада екi жүз жылдай өткен соң да Түркiстан өз маңызын жоғалтпаған. 1695 жылы Тәуке ханның ордасында болып қайтқан орыс елшiсi В.Кобяков сан ғасырлар бұрынғы жазба деректерде жиi жазылғандай "кең де жасыл желекпен көмкерiлген" Түрiстан жайлы: "В районе города хлеба у Тевкихана родится многое число, пшеница и ячмень, и просо, и хлебы сеют озимые и яровые", - деп қазақ жұртының көктемде ғана емес, күздiк бидай егетiнiне де айран-асыр таң қалған. Қарай гөр, "бұратана", "өркениеттен тыс қалған" менiң бабаларымды! Құдайым-ау, бүкiл Кеңес империясы болып жабылып салған, 40-50 жылда-ақ қирап қалуға шақ қалған Қаратау мен Жаңатас секiлдi шағын қалалардың тағдырымен салыстырсаң мәңгiлiк қала - Түркiстан қандай бақытты! Бiлiктi тарихшы мамандар Е.Смағұлов пен М.Тұяқбаев "Түркiстанның ортағасырлардағы тарихы" кiтабында: "Керуен жолдары ХIII-ХV ғ.ғ. қайнап жататын, Орта Азияның егiншiлiк аудандары мен Оңтүстiк Қазақстанның көшпендiлерiнiң өнiмдерi Иасыда кездесiп, айырбасқа, саудаға түсетiн. Әсiресе, базар күндерi далалықтар жылқы, iрi қара, ұсақ мал, жүн мен терiсiн алып келсе, Орта Азиядан егiн шаруашылығы мен қолөнер бұйымдары ағылып жататын. Алыс шет елдерден жiбек, мақта маталары, сүйектен, металдан аса жоғары шеберлiкпен жасалған әсемдiк заттар мен керамикалық ыдыстар саудаға түсетiн", - деп пiкiр түйiндеуi де орынды.
Беу, Түркiстан ақ шаңқандай алыстан көз сүйсiндiрiп, шулы базардың дабыры құлақ тұндырып, жан-жаққа бет алған бай керуендердегi түйелер ыңырана боздаған болар. Аса таяқ ұстаған дәруiштер саудагерлердiң етегiнен тартқылап, аппақ сәлде орап, қолдарындағы қасиеттi кiтап - Құран Кәрiмдi тастамайтын қожалар мен дiндарлар, жалаңаш құлдар мен қолөнершi шеберлер алыстан көз тартып, таңқалдырған керемет - әлемде теңдесi жоқ кесененiң көк аспанмен үндескен көгiлдiр күмбездерiне ауыздарын аша қараған шығар. Дүниеқұмарлар мен көрсе қызарлар да аз емес-тi. Олар Шайбанид Искандар хан соқтырған күмiс теңгелердi сырт көзден жасырып, күн сәулесiмен қызған топырақ астына тығуды әбес санамайтын. Осы уақытқа шейiн киелi кесене маңынан он шақты рет мыс, күмiс теңгелердiң қоймасы табылуы сол "Қарынбайлардың" өзге түгiлi, өзiнен де қызғанған қазыналары шығар, бәлкiм... Бүгiнде қалай жорамалдап, сан-саққа жүгiрткенмен, "Шайбани-наме" кiтабында жазылғандай бұл жерге аңсары ауып тұратындар аз болмаған. "Шайбани намен" кiтабында: "Сұлтан Махмұд хан... Түркiстан аймағына, ең әуелi Иассыға моғолдардың жау жарақты, жасанған әскерiн аттандырды... Олар желе-жортып жеткен соң Бұрындық хан әмiрлер мен моғолдармен келелi кеңес құрған: "Иассы қорғаны ешкiмге алдырмайтын берiк қамал, Алланың шарапаты жауған падишаның (Махмұд Шайбани хан) хазiрет өкiлi де осында... Ең дұрысы бiз әуелi Отырарға аттанып, оны тартып алған соң Иассы қорғанына қайтып оралғанымыз орынды", дестi", - деп жазылғанын оқығанда, сол аумалы-төкпелi замандарда Түркiстан осы бiр құтты өлкеге жол ашатын алтын қақпа болғанына титтей күмән қалмайды.
...Дәп терезенiң түбiнен футбол ойнаған балалардың тынымсыз шуылдаған дабысы құлақ тұндырып тұр. Адам аяғы баспаған аралдағы қиқулаған құс базарындай, құдды бiр. Алақандай көгалда доп қуалаған көк өрiмдердiң ойнағанынан айқайы мен шуылы әлдеқайда басым. Ә дегенде қайда екенiмдi ұға алмаған қалыпта, мең-зең күйде әлгi терезеден көз алмай ұзақ жаттым. Жалқаулық та адамды алыс жолда иектейдi.
Батар күннiң шапағымен күмiстей сәулеленген аппақ мұнаралар - ұшарлығы шорт кесiлгендей мұқылданып көрiнген орасан зор қос мұнара перде тасасынан терезеден биiктеп қылтияды. Айран асыр қалпымда мұнаралардан көз айыра алар емеспiн. "Япыр-ау, кесененiң күмбездерiне мүлдем ұқсамайды ғой, - деп ойладым керенау қалпымда әрi түкке түсiнбеген күйi. - Бұлар қайдан пайда болған!? Зады, бұл терезе жақта ешқандай мұнара жоқ та болатын". Маужыраған күйi үнсiз бақылаймын қос мұнараны. Кенет... күмiс мұнараларға жан бiткендей ақырын қозғалып, ауа ағынымен елеусiз ғана сырғып кеттi де, сүт пiсiрiмнен соң баяу ыдырап, мүлдем басқа кейiпке ендi: көк зеңгiрде салмақсыз қалқыған күмiс бұлттарға айналып сала берсiн. "О-о, құдырет! - деп ойладым бойымды ұры күлкi қысып. - Түркiстанда бұлттар да мұнара боп қалқиды екен ғой". Iркес-тiркес бұлттар терiскей батыстан тоқтаусыз ағылуда. Кейде бiр-бiрiне мiнгесе қоюланып, етек жағы қарауыта түссе, iлкiде аппақ күмiстей қайтадан жұқалана желбiреп, ойдым-ойдым тұстарынан нiлi көкпеңбек аспан мөлтеңдеп, мөлдiреп сала бередi.
<!--pagebreak-->
Ымырттың қараңғылығы қоюланғанша алакөбең сәулемен өшi кеткендей доп қуғандардың шуы басылған жоқ. Баламысың деген... Әлдеқандай сағыныш, белгiсiз бiр тәттi мұң жүрегiмдi сыздатады. Қамсыз-мұңсыз балалық шағымды сағынам ба?! Алқын-жұлқын ойнайтын күндер тым алыста қалды-ау... Бiз де осылайша дүниенiң бәрiн ұмытып, тесiк өкпе боп теңбiл доп қуатынбыз... Бiрақ, мынадай көк майса қайда-а, баябан құмның жиегiндегi бiздiң Үшаралда қылтиған шөп атаулы әлдеқашан сарғайып кеткен шығар-ау. Құласаң тiзеңе шөгiрдей кiрш етiп қадалар... Құлаққа ұрғандай тыныштық адамды ерiксiз елегiзiтедi екен. Ерiншек күйде сыртқа беттедiм.
Жаңбырдың ауадағы дымқыл лебi әлi тарқап үлгермей, алыстағы кең жазықтардан жусанның қышқылтым иiсiн желпидi. Сызды ауаның салқыны бойды әп-сәтте сергiтiп, төрт қақпалы Түркiстан жұпар аңқып тұр. Қайран қазақтың кең даласының иiсi, саф ауасы! Түркiстан өркениетi жалғыз қаланың мәдениетi, тұрмыс-тiршiлiгiн емес, орта ғасырлық, тiптi одан да арғы Қазақстан өмiрiн, қаймағы бұзылмаған нағыз қазақтың еркiн, азат кезеңiн қамтиды. Ол ол ма, мұнда адамдар тұнжыраған тас дәуiрiнде - жоғары палеолит кезеңiнде кеңiнен қоныстанған. Жосылған жан-жануарларды қолға үйретiп, анау көсiлген жазықтарда жалы желбiреген жабайы жылқыларды бас бiлдiрген. Бәрi де тым ұзақ тарих... Қадам бассаң төгiлген тұңғиық шежiре...Қаратаудан Арысқа келiп құятын Қараүңгiр өзенiнiң бойынан бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 5 мың жыл бұрын адамдар мекендеген ғажайып үңгiр табылған. Осыдан 7 мың жыл бұрын да адамдар тас қашапты, жұмсақ терiден бойға жарастықты әдемi тiгiп киiптi-ей. Қазiргi қоңыраттың сұлу қыздарындай сәнқой әйелзаты жалт-жұлт еткен әшекейге құмар болыпты. Беу, замандар өзгередi, өмiр дамиды, бiрақ... бiрақ жылтыраққа әуес, сәнге құмар әйелдер ешқашан өзгермейдi. О-ей, осындай терең тарихымызға неге мақтанбаймыз!? Қолдағы алтынымызды нелiктен мейлiнше қадiрлей алмаймыз?! Тiптi, ХI ғасырдағы Шойтөбе қаласының орнынан табылған сауыт қапсырмаларын құятын қыш қалыптың өзi-ақ адамзат тарихын асқар шыңға көтерген жауһар жәдiгер емес пе?! Барлық батырлар жырындағы оқ өткiзбейтiн бадана көз сауыттардың дөңгелек шығыршықтарын бабаларымыз дәл осылай оңай әрi аса жеңiл құйғанын кiм бiлген!? Қарапайым ғана тәсiлдiң түбiнде ұлылық жатыр...
...Кiшi күмбез алыстан ерекше көз тартады. Күндiзгi көгiлдiр бояуы түнгi жарықпен - жан-жақтан әрi төменнен құйылған шам нұрымен мүлдем басқа реңге ауыпты. Көгiлдiр шыңылтыр қаптамасы аппақ сүт түстенiп, бағанағы жаңбыр - рахман нұрының дымқылымен ақ шаңқандай боп жанарды арбайды. Түнгi киелi кесене мүлдем ғажап, әрi алып, әрi мүлдем нәзiк. Алыстан-ақ елеусiз пенде екенiңдi мәңгiлiкпен салыстырғанда түкке тұрмайтындығыңды ерiксiз сезiнесiң, сонымен бiрге жұмсақ линиялар, емiс-емiс жылтылдап бұлдыраған қабырғадағы өрнектер адам қиялын одан әрмен қанаттандырады. Адам боп, ең әуелi қазақ болып туғаныңа мақтаныш сезiмiн оятады. Қожа Ахмет Яссауидiң күмбезiнен көз айыра алмай келемiн. Жұмсақ шөптердегi дымқыл әлi кеуiп үлгермей, қадам басқан сайын жұпар иiс кеуденi кернейдi. Кесене айналасына биыл көктемде отырғызылған 2 мыңға жуық балапан ағаштар жаппай желектенiп, әлдеқандай самалмен жеңiл ырғатылып, сиқырлы сезiмдi одан әрмен үстемелей түседi. Оң қол жағымдағы Түркiстан қаласында 2002 жылы өткен Қазақ қауымдастығының 2-құрылтайының символы - иiлтiп жасалған шаңырақ, бесiк пен алтын таға жұмсақ сәулелермен жанарды сүйсiндiрiп тұр. Сол жылы әлемнiң сандаған елдерiнiң өкiлдерi, Пәкiстан, АҚШ, Германия, Канада, Венгрия, ТМД елдерi елшiлiктерi отырғызған ағаштардың жапырақтары түнгi самалмен сыбдыр қағады.
Мiне, Маңқыстау облысы атынан егiлген жасыл желек. Мiне... әттең-ай, жасыл желектер арасынан екi ақ қайың боп-боз болып, аруақтай боп арбияды. Мүлдем жансыз, тiптен әлдеқандай өкiнiш, аяныш туғызады. Дәп түбiне "Зиялы қауым атынан" деген тақтайша iлiнiп қойған. Қураған ағаштардың алдында iштей егiлiп ұзақ тұрдым. Табиғаттың қаталдығын ойладым, ағаш та жас нәресте сияқты мәпелемесең, күтiп-баптамасаң солып, қурап қалатынына көзiм жеттi.
"Оппа! - деп ойладым iштей қамығып. - Қоғамда онсыз да "зиялы қауым ба, зиянды қауым ба?" деген кербақ пiкiрталастың күн сайын өршiп келе жатқаны аян. Ендi олар отырғызған ағаш та қурап қапты ғой қас қылғандай. Зиялы қауымды тағы да сан-саққа жүгiртетiн болды-ау... Әттең, бәрiнен мына қайыңдарға обал болғанын қарасайшы, әлде, осы ағашты отырғызғандардың ниетiнен бе екен осы?!"
Сары тiс темекiнi тұтатып, құмыға сорғым келсiн. Бiрақ киелi кесененiң маңында қолыңа шоғын жылтыратып шылым ұстау, түтiнiн бұрқыратып темекi тарту әбес. Бiлгенге - ауыр күнә!
Жұқа, жалпақ сарғыш тастар төселген жолмен ақырын аяңдаймын. Кесене алдында егiлген раушан гүлдерi жақтан ерекше хош иiс-кеуденi жұмбақ сырға толтырған жұпар аңқыды. Айналаға мейiрлене әрi таңдана қарап, отырғышта әңгiмелесiп отырған екi егде кiсiнiң сөздерi құлағыма емiс-емiс естiледi.
- Ғажайып екен,- дедi әлдебiрi үзiлген ойын қайта жалғастырып. - Бәрi де тамаша! Осыншама сұлулықты мұра етiп қалдырған ата-бабаларымыз шынымен ұлы екенiн мойындадым осы жолы.
- Мен де соны айтамын. Жетi-сегiз мұражайды араладық. Бәрi де тамаша! Бiрақ, өзiң байқадың ба, мұнда бiрде-бiр қару-жарақ мұражайы жоқ екен. Соған таңқалдым...
- Ә-ә, оның рас. Сiрә, сандаған ғасырлар бойы мұндағылардың қаруы рухани бiлiм, қасиеттi Құран Кәрiм болғандығынан шығар...
Селт етiп, тоқтай қалдым. Расында да "Әзiрет Сұлтан" мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық мұражайының аумағанда ешқандай қару-жарақ сақталған орын жоқ. Барлық таныстырмалық ақпараттарда мұражай құрамында 114 тарихи-мәдени, дiни-рухани, археологиялық және архитектуралық ескерткiштер бар екенi айтылады. Оның 65-i археологиялық, 35-i дiни-рухани, 14-i архитектуралық ескерткiштер. Тарихи-мәдени есrерткiштердiң 1 халықаралық, 50 республикалық, 63 жергiлiктi маңызға ие. Кесене орналасқан қаланың тарихи орталығында орналасқан 8 тарихи ескерткiш мұражайға айналдырылған. Олар:
1. Қожа Ахмет Ясауи кесенесi мұражайы. ХIV ғасыр.
2. Қылует жер асты мешiтi. ХII ғасыр.
3. Жұма мешiтi. ХIХ ғасыр.
4. Шығыс моншасы. ХVI ғасыр.
5. Түркiстан тарихы мұражайы. ХIХ ғасыр.
6. Археология және этнография мұражайы ХIХ ғасыр.
7. Рабия Сұлтан бегiм кесенесi. XV ғасыр
8. Түркiстан көшесi мұражайы. ХIХ ғасыр.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң әлi бiз ашпаған құпиялары көп-ақ. Тiптi, кесененi салған хас шебер Әбдiл Уақап алты қырлы кiрпiшке өз атын арнайы құралдармен өрнек түрiнде терiс жазғанын көпшiлiк онша бiле бермейдi. Бiр қарағанда айналасындағы ою-өрнектерден еш айырмасы жоқ өрнек, бiрақ күмбезге құйылған сәулелер белгiлi бiр деңгейден түскенде айна жақындатса Әбдiл Уақаптың атын анық оқуға мүмкiндiк ашылады. Сонау бiр есте жоқ ескi замандарда - XIV ғасырда шебер бұған қалай қол жеткiзгенi беймәлiм. Қандай құралдар пайдаланды, не үшiн жасағанын бүгiнде ешкiм ашып айта алмайды. Тiптi, бүкiл Еуропа мақтанатын әйгiлi Леонардо да Винчи де мұндай сынақтарды көп жасағанын жақсы бiлсек те, оның бұл әрекеттерi жүздеген жылдардан кейiн қайталанғанына назар аудара бермеймiз. Осынау құпия жазу алғаш рет шығыста - ең әуелi қазақ даласында дүниеге келдi ме екен?! Тiптi, сол Леонардо да Винчи мұндай құпия жазулармен өмiрiнiң соңғы жылдарында - шығыстың мәдениетi, өнерi мен құпиялары жөнiнде белгiсiз бiр кiтап қолына түскен соң түбегейлi айнfлысқанын да елеп-ескермеймiз-ау. Бәлкiм, сол құпия кiтап адамзаттың ұлы шеберлерiнң бiрi Леонардо да Винчи қиялына қанат бiтiрген шығар... Адамзат ойлап тапқан ұлы жаңалықтар iз-түзсiз жоғалмасын деген шығар.
Соңғы жылдары ұлтымыздың саналы өкiлдерi өздерiне жиi қоятын: "Бiз кiмбiз? Қайдан шықтық, қайда барамыз? Бiз таңдауға тиiс жол қайсы?" деген қиын да күрделi сұрақтың жауабын Қожа Ахмет Яссауи кесенесiнен тапқым келгендей ғимараттан көз айыра алар емеспiн. Мәңгiлiкпен сырласқан ұлы ескерткiш үнсiз. Түнгi жарықтармен еңсесi биiктеп, бұрынғыдан да асқақтай, көркемдене түседi. Көздi арбайды. Тек, жан-жақтан таяп келiп қалған үйлердiң жарықтары айналадан қоршап, бұйрық берiлсе лап қоюға дайындалған әскердей. Бұйрық күтiп бiр сәтке қимылсыз қалған қалың қолдай сестенiп түксиедi...
1988 жылы Шымкент облыстық атқару комитетiнiң 22 қарашадағы № 628 шешiмi бойынша "Түркiстан қаласының орта ғасырлық орталығын Қорғау аймағы" небары 88,7 гектар көлемiнде ғана анықталып бекiтiлдi. Қорғау аймағының шекарасын анықтау үшiн патша үкiметiнiң Түркiстан гарнизонында қызмет еткен әскери картографтардың 1875 жылы түсiрген план-схемасы ғана негiзге алынған. Бiр сөзбен айтқанда, патша офицерлерi сол кездегi әскери гарнизон және соған таяу жерлердi ғана аса маңызды нысандар деп санағанын сөзсiз. Сол картографтар да, кейiнiрек аса маңызды шешiм қабылдаған құзырлы комиссия да еш талассыз тарихи жағдайды қаперге алмаған. Ортағасырлық қалалардың қамал-қорғандарының сыртын қоршап тұратын және қала халқының басым бөлiгi мекендейтiн "рабад" деп алатын бөлiгiн қорғау аймағына енгiзбегендiгi қазiр сандаған қиындықтар, түсiнбестiк туғызуда. Аталмыш комиссияның шешiмiмен оңтүстiк және оңтүстiк-шығыс беттегi 140 гектарлық бөлiгi "Қорғауға алынған табиғи ландшафт" категориясына ғана жатқызылғаны осы жерлердiң басым бөлiгiне жаңа ғимараттар салуына әкелiп соғуда. Киелi кесене өзiнiң қасиеттi кеңiстiгiнен бiржола айырылудың алдында пұшайман күй кешуде. Аман қалғаны небары 40 гектардай жер ғана, ал 2003 жылдан бастап әлгi 40 гектар бос жерге де үлкен қауiп төне бастады. Қазақ халқының тарихына тиесiлi сол пұшпаққа тоғышарлар қаптатып үй, түрлi ғимараттар салуға дайын. Анау жарығы жылтыраған үйлер сол ниеттiң алғы шебi: әзiрге амалсыз iркiлiп қалған барлаушылар. Бос жер сияқты көрiнетiн алаңға анталауға дайын пенделердiң мәңгiлiкке қарсы дайындаған құжыралары...
P.S. Қазақ даласының ұшы-қиырына көз жетпейдi. Шексiз. Бiрақ әрбiр қала, елдi мекендерде тоқымдай жер үшiн аяусыз талас-тартыс үздiксiз өршуде. Ендi мәңгiлiктiң - "Әзiрет Сұлтанның" еншiсiндегi жерге де көз аларта басталды. Мәңгiлiк мұрамыздың есебiнен кемдi-күнгi несiбе-нәпақамызды айыруға да дайынбыз. Сiрә, бiз мәңгiлiктiң еншiсiне ештеңе қалдырмайтын шығармыз, түбi...
Жаңабек ШАҒАТАЙ
«Түркістан» газеті» 2 шілде 2009 жыл