Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5331 6 пікір 3 Сәуір, 2021 сағат 12:48

Ералы Тоғжанов: Жер шетелдіктерге берілмейді!

Бүгін Жер комиссиясының екінші отырысы өтіп жатыр. Комиссия жұмысына ҚР Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов төрағалық етуде.

Ол бүгінгі отырыста: «Жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөнінде нақты шешім қабылданды», - деп мәлімдеп, арнайы заң жобасының Мәжіліс қарауына өткенін айтты.

«25 ақпанда Ұлттық кеңестің бесінші отырысында президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толық тыйым салу туралы саяси шешімі арнайы заң жобасы ретінде Парламенттің (Мәжілістің) қарауына енгізілді. Заң жобасының бірінші оқылымы 7 сәуірде өтеді», - деді Тоғжанов.

Вице-премьердің айтуынша, ел ішінде, әсіресе әлеуметтік желілерде жердің шетелдіктерге берілуі һәм берілмеуі мәселесіне қатысты түсініспеушіліктер мен жалған ақпарат таратушылар әлі де бар.

«Жалған қауесетті әдейі таратушылар да жоқ емес екенін айтуымыз керек. Сондықтан, тағы бір нақтылап айтамын: Жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөнінде нақты шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам тарапынан көтеріліп отырған негізгі мәселелер бойынша түйінді шешімін айтып, нүктесін қойды. Қазіргі таңда комиссия алдында ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастарын дамыту мәселесі бойынша ұсынымдар әзірлеу міндеті тұр. Енді осы мәселелерді жан-жақты ақылдасқанымыз дұрыс», - деді ол.

Айтпақшы, Жер комиссиясының өткен аптада өткен алғашқы отырысында комиссия мүшелері тарапынан ұзын-саны 55 ұсыныс айтылыпты.

«Жер комиссиясының алғашқы отырысында 55 ұсыныс айтылды. Оның ішінде 15-і - құқықтық сипатта, 29-ы - экономикалық сипатта, 11-і ұйымдастыруға қатысты сұрақтар болды. Барлық ұсыныс жұмыс тобында комиссия мүшелерінің, жауапты мемлекеттік органдардың, сала мамандарының қатысуымен жан-жақты қаралды. Бірқатар сұрақтар бойынша нақты шешімдер жобасы әзірленді. Бүгін жүргізілген жұмыстың қорытындысын талқылаймыз», - деді Тоғжанов.

Жер ресурстарын басқару агенттігі құрылады

Бұл туралы Жер комиссиясының экономикалық жұмыс тобының жетекшісі Ақылбек Күрішбаев айтты.

«Экономикалық жұмыс тобының отырысында 6 мәселе қаралды. Отырысқа жұмыс тобының 33 мүшесінің 30-ы қатысты. Қазіргі уақытта ең өзекті мәселенің бірі – жер ресурстарын бақылау бойынша бірыңғай мемлекеттік жүйені құру. Қазіргі уақытта ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқаратын комитетінде тек орталық аппарат қалған. Ол жерде 38 адам жұмыс істейді. Барлық аймақтық жер инспекциялары 2014 жылы әкімдіктердің құзырына берілген. Яғни, әкім өзі жер береді, жерді өзі бақылайды. Осыған байланысты бірінші қараған мәселеміз - әкімдіктерден жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына мемлекеттік жер кадастрын жүргізу функцияларын бере отырып, жер ресурстарын басқару агенттігін құру», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, бұл бастаманы жұмыс тобына қатысқан 30 адамның 27-сі қолдаған. 3 адам қарсы болған.

Әрі қарай:

«Елімізде А/Ш жерлерінің құнарын бақылайтын зертханалық базаны дамыту керек. «Азаматтарға арналған үкімет» МК топырақтық-геоботаникалық зертханалар желісін, сондай-ақ, АШМ-дан «Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістеме орталығы» мекемесін жер ресурстары саласындағы уәкілетті органға беру керек. Қазіргі уақытта комитеттің өзіне бағынышты ешқандай зертханасы жоқ. Сондықтан екі мекемедегі зертханаларды тікелей жер ресурстары комитетінің немесе жаңадан құрылатын жер ресурстары агенттігінің құзырына беру туралы ұсыныс айтып отырмыз», - деді Күрішбаев.

Бұл ұсынысты жұмыс тобының 30 мүшесінің 25-і қолдап, 5-еуі қарсы болған.

Жалға берілетін жер учаскелерінің шекті өлшемі бекітіледі

Ақылбек Күрішбаев жетекшілік ететін жұмыс тобының әзірлеген тағы бір ұсынысы Қазақстан азаматтарына жалға берілетін жер учаскелерінің шектік өлшемін бекіту болды.

«Жұмыс тобымыздың отырысында ҚР азаматтарына жалға берілетін А/Ш мақсатындағы жер учаскелерінің шекті өлшемін бекіту туралы ҚР Үкіметінің қаулысын қабылдау мәселесі қаралды. Бұл – өте өзекті мәселе. Бұл ұсынысты жұмыс тобының барлық мүшесі қолдады», - деді Күрішбаев.

Оның айтуынша, тағы бір мәселе – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болғызбас үшін сауда-саттықсыз жер беру кезінде инвестициялық жобаны айқындау тәртібін белгілеу керек.

«Біздің жұмыс тобында А/Ш мақсатындағы жерлерді тек Қазақстан азаматтарына беру мәселесі қаралды. Бұл мәселе күн тәртібінен алынып тасталды, себебі ол бойынша Мемлекет басшысының нақты саяси шешімі бар. Бұл проблема заң шеңберінде шешіледі, яғни А/Ш мақсатындағы жерлер тек қазақстандық азаматтарға беріледі», - дейді Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, А/Ш жерлерін пайдаланбағаны үшін салықты көтеру мәселесі де күн тәртібінен алынып тасталды.

«Себебі бұл мәселе бойынша 2020 жылғы 10 желтоқсанда салық мөлшерлемесін жиырма еселенген мөлшерде көтеруді көздейтін тиісті заң қабылданды.

Сондықтан аталған мәселені Мұхтар Тайжанның ұсынысымен комиссияның қарауынан алып тастап, кейін біріңғай аграрлық салықты қарастыру аясында талқылау ұсынылды.

Бұл ұсыныс жұмыс тобы мүшелерінен қолдау тапты. Қазіргі уақытта жер мәселесіне қатысты көп сұрақ келіп жатыр, оны қарауға ұзақ уақыт қажет. Қазіргі уақытта бірінші кезекте Жер кодексінің тек мораторийге қатысты мәселелерін қарасақ деген ұсынысым бар. Өйткені жаңа заң жобасын қабылдауға үлгермей қалуымыз мүмкін», - дейді ол.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ:

Министр жер дауын «телефон шалып» шешпек пе?

Жер комиссиясына бұл жолы кімдер кірді? 

Алғашқы отырыста қандай ұсыныстар айтылды?

Жерден айырылсақ, мемлекеттен де айырыламыз!

Ералы Тоғжанов ескеруі керек!

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351