Ақ желеңділерге араша қажет!..
Бүкіл әлемді әбігерге салған тәжді тажал біздің балғын мемлекетіміз үшін де үлкен сын болып тұрғаны жасырын емес. Мемлекет қоржынынан қыруар қаржы бөлініп, келелі шарауалар жасалынып жатқанымен, ауру ауыздықтауға көнбей келеді.
Бүгіндері мамандар: «Бұл коронавирустың екінші толқыны!» – десе, енді бірі: «Біріншісінің жалғасы!...» - дегенді айтып жүр. Қалай десек те, коронавирусқа шалдыққандар мен одан қайтыс болғандардың қатары еселеп арта түсуде. Осы орайда тажалмен бетпе-бет келіп, күн сайын өмір мен өлімнің арпалысында жүрген дәрігерлер қауымына артылар жүк ауыр екені түсінікті. Алайда, қоғамда олардың еңбегін бағалап, алғыс айтудың орнына, қарғыс жаудырып, бар ауыртпалық пен жауапкершілікті ақ желеңді жандардың мойынына жүктеп қою белең алғандай көрінеді. Енді олай деуіме не себеп барын айтып өтейін...
Коронавирус жұқтырғандардың саны неліктен көбейіп келеді? Иә, індеттің бірінші толқыны кезіндегідей қатаң шектеулер қойылмағаннан кейін халық көпшілік орындарда еркін жүріп, сақтық шараларын сақтамайтын болған. Базарлар мен сауда орындары негізінен бұрынғыдай жұмыстарын жалғастыруда.Кафелер мен асханалар алаңсыз қызметтерін көрсетіп келеді. Тойханалар да жасырын түрде жұмыс жасап жатқанын екінің бірі біледі. Оған жергілікті билік пен құқық қорғау органдары көзжұмбайлықпен қарауда. Қоғамдық көліктерде жолаушыларға бетперде киюді талап етіп отырған бір жанды кездестірмедік. Міне, осындай жүгенсіздіктің салдарынан індеттің іркусіз таралатыны түсінікті. Карантин мен локдаун шараларын бұлжытпай орындап, тәртіпті талап етудің орнына әкім-қаралар: «Неге науқастар көбейіп жатыр?!» – деп дәрігерлерді кінәлауды әдетке айналдырған. Әрине, қатаң шектеулер қойып, онысыз да жүйкесі жұқарған халықтың ашу-ызасын туғызбаған дұрыс. Дегенмен жергілікті билік тәртіпті қолға алмаса – жағдай түзелмейтіні ақиқат!
Біз сонау кеңес үкіметі кезінен көрсеткіштерге жұмыс жасап үйренген қоғам емеспіз бе. Сондықтан «қызыл аймаққа» кірген өңір басшылары өзгелерден жақсы көріну үшін қалайда «сары» әйтпесе «жасыл» аймаққа өтуге тырысады. Ол үшін – науқасқа шалдыққандардың санын азайту қажет екені түсінікті. Осыны желеу еткен жергілікті билік дәрігерлерден қалайда коронавирус жұқтырғандардың санын азайтуды талап етуде. Бұйрықты орындамаса жаза алатынын білетін дәрігерлер қауымы көрсеткішті жасанды түрде төмендетуге мәжбүр болып, кесел жұқтырғандардың бірқатарын үйлерінде емделуге жіберуде. Есепке алынып, шектеу қойылмаған мұндай науқастар ел аралап, той тойлап, аурудың таралуына үлес қосып жүргені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, көрсеткішке жұмыс жасауды тоқтатып, індет жұқтырғандарды шектеусіз ауруханаларғы жатқызуды жолға қойған жөн деп есептеймін.
Енді үйлерінде емделіп жатқандарға қойылатын талаптарға келейік. Кейбір ағайындарымыз ПЦР тесті оң нәтиже көрсеткеніне қарамастан дүкен аралап қыдыруды, туыстарының қуаныш-тойларына баруды тоқтатпай келеді. Сондай жандардың жауапсыздығынан тәжді тажалға тап болғандар саны еселеп арта түсуде. Билік мұны да дәрігерлерден көріп, аурулар неге қыдырып жүр деп жазғыруда. Онысыз да мамандар тапшылығын тартып отырған медициналық мекемелер әр үйдің алдына бір қызметкерін қоя алмайды және тұрғындарды жауапкершілікке шақырып, қажет болғанда шара қолданатын құдіреті де жоқ. Ол міндет ауыл әкімдері мен учаскелік полиция бөлімінің құзырына кіреді емес пе?! Алғашқы төтенше жағдай кезіндегідей ауру анықталған отбасыларын бақылауға алып, үйлерін оқшаулау, тіпті болмағанда ара-тұра тексеріп отыруды жергілікті билік өз мойнына алу керек деп есептеймін. Оны айтпағанда, ауыл әкімдері дәрігерлердің арнайы жедел бригадаларын жеткізіп тұратын автокөлікпен қамтамасыз етуді де қажет деп есептемейтін болған. Мүмкін, барлық жерде бұлай емес шығар, дегенмен осындай жайлардың орын алып келе жатқанын көріп келеміз!
Алғашында сылбыр басталғанымен, екпе жүмыстары бүгіндері біршама жолға қойылған сияқты. Дегенмен, ғаламтордан вакцинаның «қауіпті» екенін оқып алған қайсыбір азаматтарымыз екпе алудан бастарын ала қашып келеді. Олардың басым бөлігі оқыған-тоқыған, білімді адамдар екені де жасырын емес. Медицина қызметкерлері қауіпті аймақта жүргендіктен, әрі басшыларының тоқпағымен біршама вакцина алды десек, мұғалімдер мен халықтың өзге бөлігі үзілді-кесілді бас тартуда. Президенттің талап етуінен кейін қозғала бастаған жергілікті билік бұл шараның да баяу атқарылуын дәрігерлерге жүктей салуды қолайлы көріпті. Бұл жерде медицина мекемелері екпе кабинеттері мен мамандарды, өзге де құрал жабдықтарды сақадай сай етіп қойғанын сала басшыларының өздері айтуда. Ал енді, дәрігерлер халықты вакцина алуға қалай мәжбүрлемекші? Олардың құзырында мұндай билік қайдан болсын. Демек, бұл жерде де әкім-қаралар өз қызметтеріне жауапкершілікпен қарап, қарауындағы ұжым-мекеме басшыларын осы жұмысқа жұмылдыруы керек емес пе?! Және, бұл бағытта халыққа түсіндірме жұмыстары, үгіт-насихат өз дәрежесінде атқарылмай келе жатқанын аңғарып келеміз. Медицина қызметкерлері вакцина алу үшін қажетті жағдайдың бәрін жасап, оларды тұрғындардың белсенділігімен қамтамасыз етуді жергілікті билік тікелей өз мойнына алмайынша бұл маңызды шара алға жылжиды деу әбестік болар еді!...
Осылайша, дағдылы аурулармен қатар, дүниені дүбірге бөлеген тәжді тажалмен бетпе-бет күресіп жатқан дәрігерлер қауымы биліктен де жөнсіз айыптаулар естіп, өздеріне тән емес жұмыстар үшін жазаға ұшырауда. Мұның сыртында, жақыны індеттен ажал құшқан тұрғындар бәрін ақ желеңді жандардан көріп, балағаттап, қарғап кететінін де жиі ұшырастырып келеміз. Жұқпалы аурулар емханасында еңбек ететін бір таныс дәрігер: «Биліктен де, науқастар мен олардың туыстарынан да айыптау сөздерін ести-ести адамдардан қашатын болғанмын. Қарсы келе жатқан жан көрсем өзіме тап беретіндей сезінемін!...» – деген болатын. Тағы бірі: «Мұндай көтерме жалақысы бар болсын, бәрін тастаймын да кетемін!» – деген еді таусыла сөйлеп.
Мемлекет тарапынан індетпен күресуге барынша жағдай жасалып келе жатқанын көріп келеміз. Үкімет пен жергілікті билік те қолдарынан келгенін жасауда. Алайда, жеме-жемге келгенде барлық міндетті медицина қызметкерлерінің мойнына жүктеп қоймай, жұрт болып жұмылсақ қана тәжді тажалды ауыздықтай алатынымыз ақиқат. Бұл жерде ел мен жердің иесі – жергілікті билік басты жауапкершілікті өз мойнына алуы қажет деп есептеймін. Онысыз да өз бастары мен отбасын қатерге тігіп, өмір мен өлім күресінде жүрген ақ желеңді абзал жандарға араша түсейікші, ағайын!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz