Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5910 0 пікір 30 Сәуір, 2012 сағат 08:38

ГЕР-АҒАНЫҢ ЖАЗБАЛАРЫНАН...

Менiң қолымда Герағаңның, Герольд Бельгердiң екi кiтабы жатыр. Бiрi - «Записки старого толмача», яғни «Қарт тiлмәштiң жазбалары». Екiншiсi - «Өтедi өмiр осылай»... Екеуiнде де Герағаңның көңiлге түйгендерi, ойлары, естелiктерi, сырлары, мұңдары жазылған. Қаламгердiң өзi де: «Адамның есте сақтау қабiлетi соншалық нәзiк те талғампаз, кiрпияз келедi. Сондықтан да өткеннiң барлық оқиғалары жадыңда қала бермейдi. Осы ретте күнделiк ерекше жәрдемшi iспеттi. Сол күнгi қажет-ау деген ойларыңды, тебiренген сезiмiңдi түртiп қоясың» деп жазады. Герағаңның әр жылдары жазған, түрткен қымбат ойларынан маржан моншақтай үзiктерiн жинақтап, газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрген едiк.

02. 01.01 ж.

..Таңертең Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге серуендедік. Қартаңдығына қарамай, өңі жас, сымбатты, кісіге жанасқыш. Көп оқиды. Тоқуы да жақсы. Өмірлік әсер түйсігі көл-көсір. Таптырмайтын әңгімеші.

Менiң қолымда Герағаңның, Герольд Бельгердiң екi кiтабы жатыр. Бiрi - «Записки старого толмача», яғни «Қарт тiлмәштiң жазбалары». Екiншiсi - «Өтедi өмiр осылай»... Екеуiнде де Герағаңның көңiлге түйгендерi, ойлары, естелiктерi, сырлары, мұңдары жазылған. Қаламгердiң өзi де: «Адамның есте сақтау қабiлетi соншалық нәзiк те талғампаз, кiрпияз келедi. Сондықтан да өткеннiң барлық оқиғалары жадыңда қала бермейдi. Осы ретте күнделiк ерекше жәрдемшi iспеттi. Сол күнгi қажет-ау деген ойларыңды, тебiренген сезiмiңдi түртiп қоясың» деп жазады. Герағаңның әр жылдары жазған, түрткен қымбат ойларынан маржан моншақтай үзiктерiн жинақтап, газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрген едiк.

02. 01.01 ж.

..Таңертең Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге серуендедік. Қартаңдығына қарамай, өңі жас, сымбатты, кісіге жанасқыш. Көп оқиды. Тоқуы да жақсы. Өмірлік әсер түйсігі көл-көсір. Таптырмайтын әңгімеші.
... Кешкілікте М.Симашконың Нобель лауреаты Жорес Алферовқа жазған соңғы хатын оқып шықтым. Бастан-аяқ еврейге тән қынжылыс пен үрей. Морис Давидович бәрін де сезген сыңайлы. Шынында да, антисемиттік ауан белең алулы ғой. Бір жерде көп, бір жерде аз дегендей. Бәлкім, бұған экран төрінде Познерлермен қосылып алып, қайдағы-жайдағыны өршелене көкуден талмайтын Гусинский, Березовский, Смоленский, Ходорковский, Абрамович, Фридман, Вексельберг, Невзлин, Овенлей еврейлер мен Гайдар, Явлинский, Чубайс, Немцов, Кириенко секілді толып жатқан жартылай еврейлердің өздері кінәлі шығар. Осынау тобырдың Ресей мен оның еліне, қала берді күллі орысқа үздіге жауығатындай соншама не әкелерінің құны бар екен десейші! Ештеңе өнбейтін жосықсыз қылықтары енді барып тұрған пасықтық, өздеріне өздері ор қазудан бөлек түк те емес. Осы хақында Эдуард Тополь жазған мейлінше айқын да парасатты пайымдаулар ойға оралады. Дегенмен кім білсін?! Мұндай мәселеде сайтанның да сағы сынуы мүмкін... Мәселен Жванецкий төңірегіндегі үгіт-насихатты алайық. Жванецкий деген кім? Ортақол сықақшы. Интермедия, пародия, ұсақ-түйек сатиралық әжуа әңгімелердің авторы. Бір Қазақстаннан Жванецкий деңгейінде кем дегенде 10-15 сықақшы табылады.
Ал Жванецкийді еврей жұрты асқақтата дәріптейді. Оның төрт томдық шығармалары жарық көрген бойда бір еврей оны Достоевскийге теңеді. Екіншісі, іле-шала «Достоевскийің не, тәйірі! Ол Арыстан Толстойға парапар» деді. Үшіншісі одан бетер бөсті: «Достоевский мен Толстой екеуі қосылып, біздің бір Жванецкийімізге татымайды». Оны аз десеңіз, Владимир Познер деген «білгіш» «Времена» бағдарламасынан аузының суы құрып, бүкіл Ресейге Жванецкий Салтыков-Щедринмен, Гогольмен қатар, бір деңгейде тұр деп жария етті. Ал не дейсіз? Бұл орыстың намысына тимей ме? Бұл орысты, орыстың ұлы мәдениеті мен әдебиетін ашықтан ашық қорлау емес пе? Осындай астамшылыққа бишара орыс қашанға дейін төзе бермек?!
Осының бәрін жан-тәнімен, бүкіл болмысымен түсінген Америкада тұратын ресейлік «жөйіт» Эдуард Тополь еврей байларына ашық хат жазып («Аргументы и факты»), «ұрлаған ақшаларыңыздың тым болмаса жартысын орыстың кедейлеріне қайтарып беріңіздер, әйтпесе мұның аяғы сөз жоқ, бір шатаққа әкеліп ұрындырады» деді.
Солайы солай. Бірақ «дәндеген қарсақ» мұны түсіне ме?!..

***

17.01.01 ж.

«Қазақ әдебиетінде» шыққан менің толғау-эссеме орай Амантай Дидар бүгін былай деді: «Қазақ жөнінде жазуды тек Бельгерге тапсыру керек. Сонда ешкім өкпелемейді».
Әй, қайдам! Менің қазақ жайындағы ой пікірлерім қазақтың бәріне жағады деген бекер. Оны ішім сезеді. Базбіреулер тіпті намыстанады да. «Ей, осының бізде несі бар?! Жайына жүрмей ме? Кім ол сонша бізге ақыл айтатын?!» дейтіндер бар. Баяғыда Мұқағали менің бір әңгімемді оқып: «Әй, Гера, маладессің! Қазақты жақсы білесің. Бірақ қазақты білемін деп, сен оның артын аша берме» деп кеңес бергені бар-тын. Мен мұны жақсы түсінемін.
Әлбетті, қазақтың ақылы өзіне жетеді. Менен ақыл сұрап жүрген және де ешкім жоқ. Бірақ мен кейде қазақ емес екенімді ұмытып кетемін де, өзімді қазақ болып сезінетінім бар. Түсініспеушілік осы жерден туады. Сонда мен өзіме тыйым саламын. «Ей, Бельгер, айналаңа қара. Бұратана халықтың өкілі екеніңді ұмытпағайсың»...

***

08.05.01 ж.

Таңертеңнен қаралы хабар жетті. Мәскеуде Қалтай Мұхамеджанов қайтыс бопты.
Оны мен қырық жылдай уақыттан бері білетінмін. Әртүрлі жағдайда ұшырасып, қуаныш-қайғы, ыстық-суықты бөлісіп келдік. Тапқырлығын айтпай-ақ қояйын. Нағыз қиып түсер қырғи тілдің өзі. Әрі ақылды данагөй. Ғажап білімдар. Қайырымды. Адамдарды жақсы түсінетін. Өзі хақында да, шығармашылығы жайлы да айта беруге болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіне тән қалжыңымен: «Ретін тауып, бір күні мен де өлем ғой», - дегені бар-тын. Мұнда («ретін тауып») бүкіл Қалтайдың болмысы тұр. Міне, енді «ретін тапты».
Шамасы, оны көргеніме бір жылдан асқан шығар. Жаңа пәтеріне бір рет те бас сұқпаппын. Бірақ телефонмен сан рет арқа-жарқа сөйлесетінбіз. Сөзінің соңын «келінге сәлем айт» деп тәмамдайтын үнемі. Кейде ортақ таныстарымыз турасында ешкімге айтпаған сырларын жайып салатын. Амал не, жарқын тұлға еді, оның қазасы мен үшін де орны толмас өкініш. Қалтайды көп жұрт жақсы көрді. 70 жылдық мерейтойы жадымда. Менің 60 жылдығымда тебірене сөйлеген-ді. Германияда тұратын Нина Паульзеннен хат алдым. Райнгольд Франктың қайтыс болғанын жазыпты. Ол екеуміз соңғы жылдары ғана хат алмаса бастап едік. 6 кітабын оқыған соң жазған шолу мақалама риза болған-ды. Мақаланы бір-екі басылымға жолдап ем, жарыққа шыға ма, жоқ па, білмеймін. Жақсы жан, адал әдебиетші, өмірде қарапайым, парасатты-тын.
...Владимиров телефон соқты. Армансыз әңгімелестік. Ертең Д.Ф.Снегиннің бақиға аттанғанына 40 күн. Алты айдың ішінде төрт халық жазушысы қайтпас сапарға аттанды: М.Симашко, Қуандық Шаңғытбаев, Д.Снегин, Қалтай Мұхамеджанов...

***

11.05.01 ж.

Қалтайды соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатысу үшін ардагер Бүркіт Айдарханов екеуміз Қазақ драма театрына бардық. Халық ығы-жығы. Көбі студенттер және олар - кейіннен көзім жеткендей - марқұм туралы ештеңе білмейді де екен. Қазақ зиялыларының (актерлер, суретшілер, жазушылар, журналистер, қайраткерлер мен бастықтар) басым бөлігі де осында. Астанадан бір қауымы жетіпті (Мұхтар Құл-Мұхаммед, Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров, Ерлан Сатыбалдиев т.б.). Қызылорда мен Түркістаннан келгендер тіптен мол. Көбі таныс. Қарауылға тұрдым. Көңіл айтуға Фарида мен Жәмиланың қастарына бардым. Олар орындарынан тұрып көрісті. «Ой, Гера, Гера... Гера ағай...» - десіп егіледі. Мен де бірдеңелерді айтып жатырмын.
Әйтеуір шын жүректен. Қалтайды қалтқысыз жақсы көретінмін.
Онан соң біреулер теледидардан («31-канал») - қазақша, орысша - сөйлеуімді өтінді. Бірдеңе-шірдеңе айтқан болдым, бірақ теледидар қызметкерлерінің (жас адамдар) Қалтайдың кім болғандығынан мүлде хабарсыздығына қатты түңілдім. Апырмай, бірде бір шығармасынан хабары жоқ, олар мені де жөнді біле қоймады. Тіпті, фамилиямның өзін қате жазыпты. Оларды таңдандырған жалғыз нәрсе, менің қазақша сөйлегенім болды. Қандай сорлылық!
Талайлармен жүздестім, сөйлестім, базбір шаруа жайлары да қозғалмай қалған жоқ. Қаралы жиын болды. Шыңғыс Айтматов мықты сөйледі. Әбең қағазға жазғанын оқыды. Онан соң біраз қауым зиратқа кетті. Арқам сіресіп, тұла бойымнан жан кеткендей болған мен пақыр жаман аяғымды сүйретіп үйге әрең жеттім. Үш сағаттан астам тікеден тік тұрудан асар азап бар ма? Жүрекке де оңай емес. Валидолға жүгінуге тура келді.
Енді бұдан былай Қалтай жоқ. Оның орны қазақ әдебиеті емес, жалпы қазақ арасында үңірейіп қалды.

***

30.04.01 ж.

Әр күні кеш сайын жаным жабырқап, мұңға батамын. Үнемі Бунин есіме түседі: «..Әйтеуір, әр қарағай өз орманына қарап шуылдайды», - дейді ол. Ал менің орманым қайда? Кіммен бірге кімге қарап шуылдаймын? Менің зарым осы. Оны ешкім білмейді де, түсінбейді де. Тек Асқар Сүлейменов қана біршама сезуші еді. Қазір ол да жоқ. Тургеневтің мына бір сөздері ойыма орала береді - «бөтен ұяға бауыр бастым». Ол Полина Виардоны меңзегені, әрине. Менің бауыр басқаным басқа ғой... Мені жегідей жеп келе жатқан - өз ұясынан құлап түскен бейбақтың бебеуі емес пе?

***

09. 09. 02 ж.

«СолДат» газетінде зиялы қауым хақында көлемді мақала жарияланыпты. Мен жөнінде: «Герольд Бельгер ілгерішіл, озық ой пікірлерін анда-санда болса да білдіріп, демократия мүддесіне адалдығын аңғартып жүретіні құптарлық», - депті.
Қазақтарға оңай. Қалай десе де, «өздері ғой». Қанша бұлтақтаса да, жөндеп кіріге алмайтын атасы бөлек мені айтсайшы. Маған қазақтың ішкі мәселелеріне тым сұғына беруге болмайды. Әдеп керек. Әрдайым он ойланып, жүз толғанып, не айтсам да орнымды біліп, сақтана сөйлеуім қажет.
Өз тұрғымнан алғанда, әрине, қазақтарға да, өкіметке де ешқандай қисынсыз талап, өкпе-назым жоқ. Болуы да мүмкін емес. Бірақ айналада болып жатқан оқиға-болмыстарға, базбір құбылыстар мен жекелеген адамдарға қатысты дұрыс, не бұрыс пайым көзқарастарым болатынын жасырмаймын және де олар жайында мейлінше өлшеп-таразылап, «бірдеңені бүлдіріп алмау» принципін қатаң сақтай отырып, сөйлеуге тиіс екенімді де ұғамын. Өйткені, еліме де, қоғамға да, билік басындағы белгілі адамдарға да ешқандай жаманшылық тілемеймін. Рас, кейде өзімді туды бітті қазақ сезініп, неміс екенімді мүлдем ұмытып кететін сәттер ұшырасады. Алайда, артынша-ақ тәубеме кеп: «Байқа, бала. Германияда жүрген жоқсың. Шаңыраққа қара!», - деп басу айтамын өз-өзіме. Әлбетте, біздің қоғамымызда мені де бейжай қалдырмай, жүйкені қажайтын келеңсіздіктер жеткілікті, оларға әдебиетші ретінде үн қатпау (өкінішке қарай, аузын буған өгіздей жүре беруге төселіп алған көптеген жазушылар солары арқылы қаскөйліктің одан әрі үдеуіне үлес қосатынын сезінбейді) мүмкін емес. Қайткен күнде де қоғамымызда күн санап апатты жағдайда өршіп бара жатқан жегі құрт жөнінде бекзаттық және байыптылық көрсетпей болмасы тағы аян. Кейде ойлаймын: бәлкім, менің қазақ достарым да осылай пайымдар ма екен деп. Олар да бәрін көріп, естіп отырса да, үнсіз ұғып, жақ ашпайтындары қызық. Жағдай осылай болған соң, пәлекет пәлек жайып, жауыздық жағадан алмай қайтеді, сайтандар сықылықтап, жын перілер қарқ-қарқ күледі, ақыл-парасатқа, тіптен қарапайым адамшылықтың өзіне сілкіне түкіреді. Ал гогольдер мен щедриндердің ауыздарына құм құйылған. Таса-тасадағы «зиялы қауым» өкілдері де солай. Шеттерінен әйтеуір бірдеңе күтеді. Бірақ не күтетіндерін өздері де білмейді. Мәссаған! Айтпақшы, сендер ше, Горький айтқан «мәдениет шеберлері?». Кімнің жағындасыңдар? Жә, қой, «шеберлер» ешкімнің де жағында емес. Немесе бәріне қол сілтеп қоя салған. Әлде, түкке тұрмас тұлдарларға бола жандарын жалдап, ар-ұяттарын саудаға салып, азып-тозып кетті ме көбісі? Бағдар деген бар емес пе? Сол өңдері түгіл, түстеріне кірер ме екен? Бағдар (позиция) жоқтықтың зардабын түптің түбі тек өз қара бастары емес, күллі үрім бұтақ, бала-шаға, немере-шөберелері тартып жүрмесе неғылсын. Ой, құдайым ай!...

***

24.03.03 ж.

Саддам Хусейн ар-ұяты кем, ұждансыз диктатор. Буш - агрессор. Сорлайтын - халық. Гитлердің билікке келуіне кеңестік немістердің ешқандай қатысы болмаса да, жазықсыз жапа шекті. Ирак халқының да басым бөлігі Саддамның жауыздық іс-әрекеттері үшін кінәлі емес. Бірақ зардап шегуші солар. Буш әлемдегі бейбітшілік пен демократия үшін соғыс қимылдары, яғни қайғы-қасірет, зорлық-зомбылық, қантөгіс арқылы күресуде. Бұл деген нағыз есуастық. Жазығы жоқ қаймана қауым құрбандыққа шалынуда.
Әлемді сансыратқан осынау темір құрсау қалай өзгереді? БҰҰ және басқа құзырлы орындар қайда қарап отыр? «Күштінің арты диірмен тартып» тұрған кезде толассыз у да шу шерулер мен бұқаралық жиындардан не үміт, не қайыр?
Қарадай жаның күйеді.
Ал енді, біздің депутаттарымыз болса, жер туралы заңды бірінші оқылымда-ақ артық ауыс сөзге бармастан, ың-шыңсыз, ұрлықы тәсілмен (жалпақшешейлікке салынып) қабылдай салды. Солай болары әлімсақтан белгілі-тін. Өйткені ту-талапайға түскен құйқалы жерлерді өзара бөлісіп, не жымын білдірмей сатып жіберген жарылқаушы жаппар иелер екі қолын мұрындарына тығып қалған ұрпақтарының болашағына баяғыда-ақ балта шауып қойған жоқ па? Бұл биліктегі қара басының қамын ойлайтын қазақтар жарлы-жақыбай қазақтардың басым көпшілігіне ажал қақпанын құрды деген сөз. Жерінен айрылған қазақ қазақ емес, бұдан былай оның соры арылмаған маңдайына жазылғаны жалшылық қана. Мен, неміс осы бір жосықсыз құбылысқа түңіліп, жүрегім ауыра қиналғандықтан солай деуге мәжбүрмін. О, құдай, неткен қасірет, неткен қайғы еді бұл?! Жалпы, мен қазақтардың өздері ардақтап, кие санайтын, салт-сана, әдет-ғұрып, тектілік, тіл, мәдениет, өзіндік ерекшелік, ата-баба рухы, тіпті жеріне шейін жоғалып бара жатқан апатты ахуалына куәгермін. Осынау күйзеліс пен күйреуге дара жаратылысты нағыз қазақтар ғана қарсы тұра алар еді, бірақ ондайлар азайған үстіне азаюда.

***

19.08.04 ж.

«Жұлдыз» журналынан Мұхтар Мағауиннің «Ұлтсыздану ұраны» деген аса көлемді зерттеу мақаласының 20 бетін оқып шықтым. Күйінішпен өткір де нық жазған. Осы тақылеттес нәрсені бір жазушы қазақ қашан айтар екен деп көптен күтіп жүруші едім. Әбең айтатын шығар деп те қатты үміттенгенмін. Бірақ оның қолынан келмейді. Демек, өз халқының қасіреті жайлы дәл осылайша қарымды қалам сілтеген жалғыз Мағауин болғаны да. Ұлттық рух хақында әрі егіліп, әрі оны биікке көтере сөйлеу қолынан келетін де одан бөлек бірде бір қазақ қаламгерін білмеймін. Не дейін? Жарайсың! Оттылығы мен уыттылығы жағынан Мағауиннің жазбалары Достоевскийдің «Жазушы күнделігімен» қатар қоюға татиды. Көсемсөздің үздік үлгісі! Әттең, ақсақалдардың ешбірінің бұлайша айта алмайтыны жанды жейді.

***

19.10.04 ж.

Қош, мен сонда неге шетелдік қазақтарды тарихи Отаны - Қазақстанға тезірек қайтару керек деп есептеймін? Мені мұндай идеяға жетелеген көптеген өзге халықтардың тағдыры екенін жасыра алмаймын.
Гитлердің он екі жылдық сойқанынан кейін бұрын Германиядан қуылған немістер (әсіресе шығармашылық және саяси саладағы зиялылар) Отанына оралғанда (біреу батыс, біреу шығыс бөлікке), бөтенси қабылдаған жергілікті немістер оларға тыжырына қарап, салқын қабақ танытты, қоқилана тұлданды, менсінбестік, сенімсіздік білдірді. Біздер қиналған кезде бұлар Мәскеу, Швейцария, АҚШ, Латын Америкасы, Данияға барып бас сауғалап, жан сақтады, енді түк болмағандай қайта келді және бізге беттері бүлк етпей ақыл үйреткісі келеді деп күстаналады. Иә, мұндай да болған.
Немесе кәрістерді алсақ. Қазіргі Қазақстан мен ортаазиялық кәрістер (дұрысы олардың ата-бабалары) Корей түбегінен Ресейдің Қиыр Шығысына сонау 19 ғасырда қоныс аударған. Кейін Қазақстанға күштеп әкелінді. Біздің кәрістер «коре сарам» деп аталады. Оңтүстіктің кәрістері «ханчук сарам», солтүстіктің кәрістері «часон сарам» делінеді. Яғни, «біздің» кәрістердің бірнеше ұрпағы мен негізгі кәрістердің арасында едәуір өзгешелік пайда болып, аражіктері ажырады. Сөйтіп, коре сарам іс жүзінде ана тілінен айырылып, өздерінің байырғы ұлттық тілі олар үшін қытай, жапон тілдері сияқты шет тілдерге ұқсайтын болады. Қазір «біздің» кәрістерде бәрі басқаша. Ежелгі қандастарымен генетикалық этномәдени және тарихи тұрғыдан ғана жалғастық бар. Оның өзінде де болар болмас. «Біздің» кәрістерді қазір олардың ежелгі отанындағы солтүстіктің де, оңтүстіктің де кәрістері мойындамайды. Тіпті, керек те қылмайды. Өздерінің жат, қажетсіз, қай жақтан да ешқандай бәсекеге жарамайтынын түсінетін «біздің» кәрістер ол жақта баяғы ата-бабалары құсап өмір сүре алмайды, өйткені байырғы атамекенінен барынша алыстаған, жеті-сегіз ұрпақ алмасу кезінде ұлттық бейнеден жұрнақ та қалмаған.
Шамамен, о бастағы ата-қонысымыз деп Ресейге көшіп жатқан «біздің» орыстар да дәл сондай ахуалға ұшырауда. Онда олар мүлдем бөтен, құшақ жайып қарсы алып жатқандар жоққа тән, кей аймақтарда, тіпті, отырса опақ, тұрса сопақ етіп, «қазақ», «өзбек», «азиат», «кулак» деп кемсітеді. Ал «біздің» орыстардың ұлттық сипаты ол жақтағы орыстардың болмысынан едәуір өзге екені айдан анық. Ұрыс-керіс, кикілжіңнің көбі содан туындайды.
Қош, мен бұларды неге айтып отырмын? Дәл сондай күйге қазақтар да ұшырауы ықтимал немесе ұшырап жатқан да болуы ғажап емес. Бүгіннің өзінде там-тұмдап болса да отандарына оралған шетелдік қазақтардың мұндағы туыстармен әмпей-жәмпей боп жатқандары шамалы. Қалайда, араларында әлдебір айырмашылық білінбей тұрмайды, әрі ол нәрсе уақыт өткен сайын дендеп, бөліну мен жатсыну ушыға түсері де сөзсіз. Солайша, түптің түбі ортақ аспанның астында бірлесіп, ғұмыр кешу қиынға соғып жүрмесе неғылсын. Сондықтан жоғарыда ащы болса да ашық айтқандай, бұл мәселені енді ұзын сонарға сала бермей, осы бүгін, тап қазір шешу керек деген пікірімді орынды деп есептеймін. Темірді қызған кезде соқ дегендей, әзірге қазақ халқы қалайда өзін шетелдік бауырларынсыз селдір сезініп отырған шақта қимылдап қалу керек. Әйтпесе, бүгінгі табиғи көштің алда ешкім күтпеген кедергілер мен кесапаттарға тап болуы түк те қиын емес.

***

13.08.05 ж.

Аурудан бас көтере алмай, сүлесоқ жатырмын. Медбике келіп дәрі екті, системасын қойды. Қан қысымым өте жоғары. Кардиограмма да көңілге күдік ұялатқандай. Қаным қоюланып кетіпті. Қантым да жоғары. Сау жерім жоқ. Ауруханаға жатпаса болмайтын секілді. Аздап болса да септеседі ғой әйтеуір.
Өзімді өзім зорықтырып, бүкіл организмді тоздырыппын.
І.Есенберлинді еске аламын. Ол да өзін өзі зорықтыра күштеген адамның бірі. Бірақ артында қыруар мұра қалдырды. Ерекше суреткер болғанында дау жоқ. Қозғаған тақырыбын айтсаңшы! Қазақтың рухын аспанға көтеріп тастаған жоқ па!
Ғ.Мүсірепов керісінше нағыз ақсүйектің өзі еді. Өмірде де, әдебиетте де кірпияздығынан таймай кетті. Ол күш қуаты мен қабілет қарымының көп болса төрттен бірін ғана жұмсап, жұмыс істеді. Әдебиетке алпыс жыл қалам тербегенімен, артында шынын айтсақ, бір-жар пьеса мен ондаған әңгімесі ғана қалды. Ол әдебиетке аса қиналып көп тер төккен жоқ, қолға ұстайтын таяқшасын жонып, қарындашын ұштады, жүрегіне салмақ түсірмей, әсемдіктен нәр алды. Бұл оны жамандап отырғаным емес, жазушы ретінде бар күш-қуатын әдебиетке арнап, жанын аса қинамағаны анық. Өз басым әдебиетке ден қойған соң, соның көшін өгізше сүйреп, ерінбей еңбек ету керек деп ойлаймын. Мәселен М.Әуезов секілді. Қазіргі әдебиетшілер арасындағы нағыз еңбекқор, бейнетқорлар Қадыр Мырза Әли, Мұхтар Мағауин, Дүкенбай Досжан. Бұларға Әбіш Кекілбаевты да қосуға болар еді, бірақ өкінішке қарай, ол шығармашылық, тіршілігі мен талантын мемлекет қызметіне сарп етті. Оның трагедиясы да міне, осы.
Оның М.Әуезовпен шендесерлік қабілет қарымы бар еді. Бірақ өзін-өзі күнделікті күйбең тірлікке құрбан етті.

***

09.02.05.

Кешкісін шамалы уақыт «Суперстарды» тамашаладым. Қазақтарды жанын қинағандай ауыр рок айтуға мәжбүрлепті. Мүлде ақылға қонбайтын дүние! Неге керек? Қазақтың төл мәдениеті болмаған секілді. Не болып барамыз өзі! Жас ұрпақтың жан-дүниесін әдейі улап жатқандаймыз. Тым өкінішті-ақ! Көрінгенге еліктеу - ұлттық мәдениетті көрге тыққанмен пара-пар.

***

15.01.09

Түнде жатып ойлаймын ғой: қазақ тіліндегі сұхбаттарымның өзі бір кітапқа «жүк болғандай-ау» деп. Бірақ оны кім басады? Ондаған газет-журналдардағы көл-көсір мақала, рецензия, интервьюлер өзінше. Шіркіндерді жиып-теріп, бастарын біріктірер ме еді...
«Литер» газетінен телефон соқты. Орыс міскін, шамасы, «қазақстандық ұлт» деген сандырақты менің құптайтыныма иманы кәміл болса керек, «қолдайсыз ғой» деп қаңғыр етеді. Бірақ мен «қазақстандық ұлт» дейтін жоқ деп сарт еткіздім. Мен - Қазақстанда тұратын неміспін. Және біздер американдықтар емеспіз. Жаңа паспорт жайлы бәдік қазақты ұлт ретінде жоюға бағытталған. Тілші бәсең үнмен: «Демек, Сіздің пікіріңіз осы ғой?» деді. «Иә, осы!».
Л. Толстойдың «Тәубесінен» көшірмелер жасадым.

***

19.03.10 ж.

Өткен жылы Алматыда атын менің құрметіме Герольд деп қойған қазақ нәресте өмірге келді. Бүгін оған - Герольд Өтемұратовқа - аталық ақ тілегімді жазған кітабымды сыйладым. Онда былай делінеді:
Аттасым Герольд, Гера, Геражан!
Герольд - Батыстың көне, киелі де қасиетті сөзі. Мағынасы: жаршы, ақиқат хабаршысы дегенге саяды. Осы атқа әрдайым лайық бол, қазақтың Герольды! Ақиқат нұрына шомылып жаның әрқашан пәк, таза, рухың асқақ болсын. Өмірің жарық жұлдыз болғай. Жүрегің қазақ деп соқсын. Есейіп, ержетіп, жігіт болғанда, милләті неміс Герольд атаңды да анда-санда еске түсірерсің. Сол кезде менің рухым да бір сілкінер. Мәңгі рух үндестігі де осы болар.
Аман бол! Мықты бол! Өркенің өссін! Таудай азамат бол!
21 наурыз күні. 2010 жыл. Алматы.
Осылай деп жаздым да, менің қадірменді аттасым Геражан бүгінгі туған тілі бар екеніне мән бермей, бөтен тілде сөйлеуді «мәртебе» санап, өзге ел-жұртқа күлкі боп жүретінін сезінбейтін кейбір мырқымбай қазақсымақтардай бола көрмесе екен деп жаратқан иеден жалбарына тілек тіледім. Қабыл болғай, лайым!
Дайындаған
Гүлзина БЕКТАСОВА
«Түркістан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036