Самарқанды су алды ма, самаурынның суы ақты ма?
Самарқанды су алып кетті ме, самаурынның суы ағып кетті ме?
(немесе І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында қолданылған өлең жолдарының аудармалары қандай?)
І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының аудармаларын сараптай отырып, көзіміздің жеткені, мұнда кәдуілгі кез-келген аударма мәтінін талдау барысында сөз болатын қандай да бір лингвистикалық факторлар жөнінде әңгіме қозғау қиын. Оған себеп, көз алдымызға көлденең тұрып алған «ғаламат» экстралингвистикалық факторлар тілдік мәселелер тұрғысынан қандай да бір сөз қозғауға мүмкіндік бермейді. Нақтылай айтсақ, түпнұсқада қолданған автордың шеберлігін, өзіндік стилін айшықтайтын амал-тәсілдері – стилистикалық көріктеу құралдары аударма мәтіндеріне қалай өтті екен деген мәселе ойға да келмейді, тым алыста қалады.
Аудармаларда түпнұсқаға кұрметпен қарау жоқ. Мағынаны түпнұсқа мәтініне мейлінше жақын беруге ұмтылыс жоқ, тек осындай бір тақырып төңірегенде көпсөзділікпен емін-еркін көсілу бар. Кейде тақырыптан да алыс кететіні соншалық, «мына оқиғаның аудармасы бұл емес, енді қайда болды екен?» деп бір кітаптың ішінде ұзағынан адасып жүре беруге тура келеді. Өлең жолдарының аудармаларын «түгелдеуді» қолға алғанда да «мына өлеңнің аудармасы бұл емес» деп, аударма мәтіндерінің басқа тұстарынан да көп іздеуге уақыт кеткен жайттар болды. Мән-мағына, мазмұнды іздеумен отырғанда өлең атаулының ұйқасы пен ырғағы деген ең басты сипаты да ұмыт қалады екен.
Бір өлеңнің аудармасын ел назарына ұсынып, бірге талдап көрейік.
Асан Қайғының Әбілқайыр ханға айтқаны:
Трилогияның аудармалары бүгінгі күнге дейін баспалардан қомақты қаржыларды сарп етіп, ауық-ауық тоқтау көрместен үлкен таралымдармен шығарылып жатқаны мәлім. Біз бірізділікті сақтау мақсатымен бұған дейінгі жазылған зерттеулерімізде қолданылған дереккөзге сілтеме жасап отырмыз («Көшпенділер», Ілияс Есенберлин атындағы қор. Алматы қ. 1998 ж.; «Кочевники», фонд имени Ильяса Есенберлина, г. Алматы, 1998 г.; 'The Nomads', The Ilyas Yesenberlin Foundation, Almaty, 2000).
Көпшілікке белгілі, трилогия алдымен орыс тіліне, одан соң орысша нұсқасынан ағылшын тіліне аударылған. Орысшаға аударған белгілі қазақстандық жазушы Морис Симашко, ағылшын тіліне аударған Олег Чоракаев (https://www.youtube.com/watch?v=jLdMJqHpA4Y, https://www.ulstu.ru/main/view/article/17995 ғаламтор көздері ағылшын тілін меңгерген ресейлік, техника ғылымдарының кандидаты деген мағлұмат көрсетеді). Ағылшын тіліне орысшадан жасалған аударманың сапасына салыстырмалы түрде «өте жақсы» деген баға беруге болады:
Асан Қайғының өлең жолдарының аудармаларын талдауға көшейік.
Аудармалардағы әрбір сөз тек қана бір мақсатпен, жағымсыз әсерді еселеу үшін іріктеледі. Бұл бір қарағаннан назарға ілігеді, мысалдарға қараңыз:
Ұлғайттың жаным жарасын – И болит душа старого певца‑жырау…
Жолын, ханым, таппасаң, бүлінеді барлық жұрт! – Кривые пути, мой хан, ведут во мрак…
Құрыштан берік елімді ала ауыздықпен жасытпа! – ...хочешь поджечь родной дом!..
«Құрыштан берік елімді» деген жердегі елбірлігі деген ұғымның аудармалардан көрініс таппайтынын алдын-ала біліп отыруға болады. Бұған қоса, трилогияның аудармаларында горький (-ая, -ое, -ие), горе, кровь, убийство, смерть т.б. осындай кісінің зәре-құтын қашыратын сөздер шамадан тыс көп қолданылады. Оның дәлелі осы бір ғана өлең жолдарының аудармаларынан да көрінеді:
Кеселдімін жазылмас – И близка моя смерть;
Тұрсың жалғыз қалғалы! – Горькое одиночество ждет.
Бір атаның баласын екіге бөліп барасың! – Не вноси же раздоры и братоубийство в единую семью!..
«Намазыңа асықпа» дегенде, ханның намазы бар еді, «не торопись замаливать грехи» деу арқылы ол да өшіріледі.
Лингвистикалық және экстралингистикалық факторға бір мысал: «Бітеу өскен қауынды Тұрсың босқа жарғалы» дегенді «На две части желаешь рассечь Единый живой плод» деп аударғанда аударма тәжірибесінде кездесетін жалпылау (генерализация) деген тәсіл қоданылған екен делік. Орыс тілінде нені меңзегісі келсе де, плод сөзі семантикалық өрісі кең лексема болғандықтан, ол жеміс-жидек мағынасын да қамти алады. Сөйтіп, орысша нұсқасы «плод» сөзін жұмбақ күйінде қалдырса да, сөз алдына «единый живой» деген анықтағышты қосып, «нысананы» адам бейнесіне жақындатады. Адресанттың «аманатын» сол қалпында қабылдап алған адресат – ағылшын тіліндегі аудармашы «живой плод»-ты living foetus (көбіне fetus болып жазылады) сөзтіркесімен береді. Нәтижесінде адамзат атаулыға тән емес, қолмен жасамақ түгілі, адам баласының естуге де дәті, айтуға да аузы бармайтын «жатырда жатқан нәрестені жарып тастау, екіге бөліп тастау» деген мағына пайда болады. Себебі ағылшын тіліндегі foetus (fetus) көп мағыналы сөз емес, ол – термин, бір ғана пішім-пормасы қалыптасқан жатырда жатқан тірі ағзаны білдіреді.
Осылай «Самарқанды су алып кетті» деп үлкен-үлкен кітаптар миллиондаған тиражбен әлемнің жетекші тілдерінде тоқтаусыз жазып жатса, миллиондаған бейкүнә оқырман оның мүлдем шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат екенін, шындығында бар болғаны «Самаурынның суы ағып кеткенін» қайдан білсін?!
Бұдан бұрынғы зерттеулерімізде көрсеткеніміздей, аудармаларда қазақ деген сөздің өзі «тұншықтырылып», бір жерден қылтиып көріне алмай, қиналып жатады. Сол «қатаң ережеден» аттап шыға алмай, бұл өлең жолдарындағы «Ұмыттың қазақ даласын» деген қатар да «Забыл ты родную степь» – «You’ve forgotten your native steppe» болып аударылады.
Бір ғана өлең жолдары аудармаларда осындай «соққы» көреді. Әрбір жолынан түпнұсқаға жасалған әділетсіздікті көріп көзі жеткен кісінің жаны күйзеледі.
Кітап деп аталатын аты да, заты да қасиетті дүниемен де, сол кітапты кітап ететін қалам деп аталатын киелі затпен де тұтас жатқан бір ұлтқа осыншама жауыздық жасалуы мүмкін деп кім ойлаған?!
P.S.: Біз жазудан жалықпадық, 15 жыл болды, ел есінеп әлі отыр.
Нұрсәуле Рсалиева,
филология ғылымдарының кандидаты
Abai.kz