Одақтағы «ортақ» санкция. СІМ не дейді?
Осыдан бірнеше күн бұрын Ресейдің «РИА Новости» агенттігі «ЕАЭО Батыс санкцияларына ұжымдасқан түрде жауап дайындап жатыр» атты мақала жариялады. Онда Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкиннің Петербордағы экономикалық форумда сөйлеген сөзі жазылған.
«Үшінші елдердің ЕАЭО-ға (одаққа мүше елдерге) қарсы санкциялық іс-әрекеттеріне жауап шаралары туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Бұл мәселе қарастырылып жатыр және алдағы уақытта да қарастырылатын болады. Бірақ біз бұл тақырып осындай санкциялардың нақты түрлерімен, масштабымен, көлемімен, келтірілген зиянымен және ДСҰ және басқа құралдар тұрғысынан заңды болатын мүмкін шаралармен байланысты болуы керек екенін түсінуіміз керек», - депті Паникин.
Ресей Сыртқы істер вице-министрінің бұл айтқандары - шын мәнінде Қазақстанды Батыс пен Ресей арасындағы санкция соғысына мәжбүрлі түрде араластыру әрекеті екені айдан анық. Сол үшін де вице-министр Панкиннің мияулап айтқан мәңкілі қазақ қоғамында қызу талқы болуда.
Аталған мәселеге қатысты Abai.kz ақпараттық порталында «Ортақ одаққа "ортақ санкция" ма?» және «ЕАЭО-дағы көп «ортақ» - Тәуелсіздігімізге қарсы шабуыл!» атты екі бірдей мақала жарияланған.
Онда: «Қазақстан атынан мұндай қауіпті келіссөзді кім жүргізіп отыр? Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі неге үнсіз», деген сауалдар төтесінен қойылған еді. Әлгінде Мұхтар Тілеуберді мырза тізгінін ұстаған Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей шенеунігінің ортақ одақтағы ортақ санкция туралы сөздеріне жауап беріпті.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесі:
2014 жылғы 29 мамырда қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес бірлестікті құрудың мақсаты тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, өз халықтарының әл-ауқатын арттыру мүддесінде мүше мемлекеттер экономикаларының тұрақты дамуы үшін жағдайлар жасау болып табылады.
Қазақстан ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық процестер тек экономикалық сипатқа ие деген ұстанымды қолдайды. Еуразиялық интеграция органдарына тән емес функцияларды беруді қабылдауға болмайтындығын дәстүрлі түрде атап өтеміз және бірлестікті саясиландыруға қарсымыз.
ЕАЭО туралы шартты реттеу мәселесінің шеңберінен шығатын, оның ішінде үшінші елдердің санкциялық әрекеттеріне жауап шараларын қолдану жөніндегі бастамаларды талқылау мәнмәтінінде Батыстың санкциялары өзінің негізінде, ең алдымен, саяси себептері бар және бүкіл ЕАЭО-ға емес, жекелеген мемлекеттерге қарсы бағытталғанын атап өтеміз.
Қазақстан Республикасы ЕАЭО елдерінің «шоғырландырылған шаралары» туралы басқа мемлекеттердің санкцияларына жауап ретінде ешқандай келіссөздер жүргізбейтінін атап өтеміз. Еуразиялық интеграция бойынша әріптестермен жүргізілетін жұмыста мұндай санкциялардың біздің мемлекеттеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына теріс әсерін болдырмау бойынша бірлескен іс-қимылдар туралы ғана айтуға болады.
Abai.kz